Д. П. Қожамжарова, Р. Н. Темірбекова бауыржантануға кіріспе



бет2/11
Дата31.12.2019
өлшемі0,93 Mb.
#54012
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Бауыржан Момышұлының «Қазақ тілі туралы пікірінің» өзектілігі неде?

  2. Бауыржан Момышұлының тіл байлығы және тіл тазалығы жайындағы пікіріне сенің көзқарасың қандай?

  3. Бауыржан тіл бұзушы азаматтар мен азаматшаларды қалай сынға алады?

  4. Бауыржанның тіл туралы пікірін негізге ала отырып, өз қалауларың бойынша «Қазақ тілі: кеше, бүгін және ертең», «Авторға хат», «Депутаттарға хат», «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақ-стан», «Үзінді, пікір және түйін» тақырыптарының біріне шығарма-эссе жазыңдар.

  5. Тіл мерекесіне орай «Бауыржан Момышұлы тіл мәселесі туралы» деген тақырыпта сыныптан тыс шара ұйымдастырыңдар.

3-сабақ

ҰШҚАН ҰЯ

ПОВЕСТЕН ҮЗІНДІ
Дәмді, дәстүрді сыйламай өскен балалардың қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға даяр!

Бауыржан Момышұлы
Тапсырма: Үзіндіні түсініп оқыңдар. Жазушының суреттеу шеберлі-гіне назар аударыңдар.
Менің бабам Имаш мың да тоғыз жүз он бірінші жылы тоқсан екі жасында дүние салған. Орта бойлы, орақ мұрын, от жанарлы сол шымыр шалдың төртінші перзенті – менің әкем Момыналы екен. Оны жұрт Момыш деп кеткен. Әжемнің аты Қызтумас еді. Қартайғанда сары кемпір атанған. Жарықтық, аса ажарлы, ақ дидарлы кісі екен. Ондай ару ол кезде ел арасында некен-саяқ. «Ұл біткеннің бәрі қазанның түп күйесіндей әкесіне тартып қара болды, қыз жағы өзіме тартып, аққұбаша ажарлы шықты», – деп отыратын еді жарықтық. Әжем өзінің ұлдарына өңшең аққұбаша аруларды айттыруға ынтық болған. Соның кесірінен менің әкем Момыш отыз үш жасына дейін салт басты, сабау қамшылы жүріп, Байтана руынан Әбдірахманның Рәзия атты қызына үйленіпті. Ол менің шешем еді. Ол кісі мен үш жасқа толар – толмаста қайтыс болған. Анамның қандай кісі болғанын тек әжем мен әкемнің әңгімелерінен ғана білемін.

Қайран әжем өле-өлгенше Рәзия келінінің қазасына қайғырып өтті. Мезгіл-мезгіл тоқаш қуырып, ас пісіріп, әруағына бағыштап құран оқытар еді.



– Жатқан жерің жаннат болсын, маңдайыма сыймай кеткен періштем Рәзия! – деп өзінен-өзі отырып, көзіне жас алып қайғыратын. Сөйтіп, Рәзиядан қалған немерелерінің басынан сипап, маңдайымыздан сүйетін.

Рәзияның тұңғышы Үбіш, онан кейінгілер Үбиан, Салима, Әлима кілең қыз бала болады.

Момыш әкемнің айтуынша, мен мың да тоғыз жүз оныншы жылдың қысында, ескіше декабрьдің жиырма төртінде туыппын. Әкем ол күні Әулиеата шаһарында екен. Мен туған соң Имаш бабам жан-жаққа кісі шаптырып, әкеме де хабаршы жіберіпті.

Біздің ауылдың Байтоқ деген кісісі алпыс шақырым Әулиеатаға ат сабылтып жетіп, әкем жатқан үйге кіріп келіп, бір ауыз сөз айтуға дәрмені келмей Момышты құшақтап жылай беріпті. Әкемнің қарындасының үй-іші үрпиісіп, бір жаманат хабар жеткен екен деп қорқып қалады. Ақыры бәрі Байтоқты жұлмалай, «не боп қалды, айтсаңшы» деп тақақтағанда ғана, Байтоқ:

– Жеңешем ұл тапты, – депті.

Үрейден үрпиіскен жұрт енді мәз-мәйрам болып, қуаныштары қойнына сыймай, Байтоққа сүйіншісін беріп аттандырыпты.

Әулиеатадан әкем қайтып келгенде, ағайын-жекжат құтты болсынға жиналып қалған екен.


  • О, Момыш, балаңның бауы берік болсын!

  • Ақментей бабасындай батыр болсын!

  • Ақмолда батыр бабасындай мәрт болсын!

  • Бәйдібек батырдың әруағы қолдасын!

  • Домалақ-анамыз жар болсын! – десіпті.

Сөйтіп, шілдехана тойға ұласыпты. Той соңында Имаш атам алақан жайып ел қарияларынан бата сұраған екен.

– Төл немерең, бел немерең ғой. Бата жөні де өзіңдікі, – десіпті ақсақалдар. Сонда Имаш бабам былай деген екен:


Алатаудың қыраны мол еді –

Қырағы болсын, құлыным –

Қойнауы суға мол еді –

Бұлағы болсын, құлыным.

Елінің тілегі зор еді –

Шырағы болсын, құлыным.

Ата тілегі оң еді –

Құмары болсын, құлыным.

Бұл жер батырлар төрі еді –

Сыңары болсын, құлыным.


Жарық дүниеге келгеніме екі-үш ай болғанда, шешем мені күн көзіне шығарып, Имаш атамның алдына әкеліпті. Атам ерте көктем алдына ағаш отырғызып жүр екен.

– Атасының қолын ұзартып, қолқабыс беруге келді, – депті шешем ізетпен иіліп.

Атам еміреніп мені алақанына алыпты. Қолыма жас бұтақ ұстатып:
Құрық деп берсем – құл болма,

Шыбық деп берсем – шіл болма.

Бәрінен де, шырағым,

Баяны жоқ ұл болма, –


деп, келініне мені қайтарып берген екен.

Атасымен алғашқы дидарласуының құрметіне деп, өсиеті өмірлік өнеге болсын деп, әкем сол күні кешке мал сойып, ауыл ақсақалда-рының басын қайта қосыпты.

Мен туғанда әкем елуді еңсеріп қалған кісі екен. Әжем жарықтық әкемді балаларының ішіндегі еті тірісі осы болды деп отырар еді. Әкем өз бетінше талпынып жүріп ескіше сауатын ашып алыпты. Өз жанынан өлең шығарып, жиын-тойда айтысқа да түсіп жүріпті. Ескі ақын-жыраулардың термелерін, қиссаларын жақсы көріп тыңдайтын. Бірақ жатқа айта алмаушы еді.

Момыш әкем ат жалын тартып мініп, бозбала халге жеткенде Имаш бабам шаруа билігін соның қолына беріпті. Ағайын-туған арасындағы алыс-беріс, көші-қон мәселесі, ас-той, дау-дамай – бәрі-бәрі Момыштың араласуынсыз шешілмеген. Әлдеқалай ол жол жүріп кетсе, сапардан қайтып келгенше тірлікті соған қаратып, жолын күтіп отыратын болған. Имаш бабамның көзінің тірісінің өзінде біздің шағын ауылды – Момыш ауылы дейді екен.

Шаруамыз шап-шағын еді. Біздің үйдің іші қартайған Имаш бабамнан бастап, есін енді-енлі біліп келе жатқан баласына дейін жеген нанын табан ақы-маңдай терімен тапқан. Ешкімді жалдамаған, ешкімге жалданбаған.

Жас кезінде әкемді әйелдер жағы «Молда бала» дейді екен, кейін «Ұста бала» дейтін болыпты. Ал, әжем оны «Қара қатпа» деуші еді. Әкем орта бойлы, арық қара кісі еді. Сол арықтығына қарамай, керемет күшті болатын. Әжем оны «Тарамыс» деп те атайтын.

...Әкемді жиырма сегіз жасында ауылдың старшыны сайлапты. Он жеті жыл старшын боп тұрып, он сегізінші жыл дегенде бұл дәрежесін өз ықтиярымен құрдасы Ереш деген кісіге берген екен. Әкем жарықтық өмірінің ақырына дейін ел арасында «Тура Момыш» атанып кетті. Қанша жыл аз ауылдың кішігірім әкімі болса да бүйірі томпайып, мал біткен емес. Бар байлығы жалғыз аттан артпапты.

Әйтсе де кедейдің қолы жомарт. Әкемнің қызғаншақтық, бақталастық дейтін қу мінезі жоқ, қолы ашық кісі болған. Бары болса, кісі шақырып, той-томалақ өткізуге құмар болып тұрар еді. Дүние, мал жиюды жек көретін.

Әкем базардан қайтқан күні біздің үйде кіші-гірім жиын-той сияқты болатын. Қоржынның екі басы базарлыққа толып келеді. Сонда өрік-мейізге бір тойып қаламыз.

Әкем менің сондай кісі еді, жарықтық.

Бала біткен сондықтан әкемді жақсы көретін. Асылы, істеген жақсылығыңды бала тәуір біледі. Кейбір үлкенге істеген жақсылығың зая кетеді. Қолдан келсе баланы қуанту керек. Ол қуанса – шын қуанады. Ал ересектердің арасында «сырты жылмаң, іші арамдары» кездесетінін, құдайға шүкір, көріп жүрміз.

Қайран, балалық-ай десеңші! Алыста қалған арайлы адал таңдарым менің. Онда мен кіп-кішкентай сәби едім. Ал айнала таулар да, үйлер де, қойтастар да, жылқылар да – бәрі-бәрі үлкен болатын. Адамдардың бәрі «айналайыннан» басқа сөзі жоқ, кілең мейірімді жандар болып көрінетін ... Қария кісілердің сақалдарынан қасиет – қадір белгісі көрініп тұрар еді маған.

... Баланың бақытты шағы сол кереметке сенгенінде шығар. Кейін есейе келе әлгі бұлттың су екенін, күннің қызуымен бу болып ұшатынын білу қандай қатал. Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері, не шешелері ертек айта бермейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең боп қалмаса деп қорқамын.

Ал, менің кәрі апам Қызтумас маған ертекті көп айтатын, әлди әнді көп айтатын. Арада неше заман өтті, Қызтумас апамның сүйегі әлдеқашан қурап кетті, ал әлди ән айтқан үні әлі тұр құлағымда. Бөстекте отырып алып басымды бауырына қысып, кәрі алақынымен арқамнан томп – томп қағып қойып:



    • Балам менің қайда екен?

    • Қыздарменен тауда екен.

    • Тауда нағып жүр екен?

    • Алма теріп жүр екен, – деуші еді-ау.

Кейде қиястықпен қыңқылдап мазасын ала берсем, алдына алып отырып:
Жылама, бөпем, жылама,

Жілік шағып берейін.

Жілігінің майы жоқ,

Жіпке тағып берейін, –


деп мәпелейтін еді. Сол кезде әдемі әнге елітіп жатып, балбырап ұйықтап кетер едім.

Қайран, сол балалық қайта келермісің, сен! Біздің кейде өткенді еске алсақ тұтас тұлға іздеп, бүтін бір жүйелі оқиға іздеп, кесек – кесек кереметтер іздеп, ерекше мән беріп қарайтынымыз бар. Көзге ыстық көне суреттерді қайта қарағандай, соның бір-екеуін келтіре кетейін...

...Әкем базардан келе жатқан. Үлкен әпкем мені әкемнің алдынан алып шықты. Әкем қоржынды түзулеп, ерге мені отырғызды. Жалма –жан ердің қасынан шап беріп ұстай алдым. Әкем ат тізгінін жетектеп келеді. Үйге дейін отыз шақты қадам болса да мен ердің екі жағына алма кезек ауытқып, қоржын ішіне сырғып түсе бердім. Әкем рахаттана күліп алып, қайтадан ерге отырғызды. Әпкем болса қатарласа жүріп: «Қорықпа, қорықпа! Берік отыр!» – дейді.

Бұл менің ат жалына алғашқы қол артуым еді.

Тағы бір жай ойыма оралады... Киіз үйдің төрінде бір топ ауыл ақсақалдары жамбастай жайғасып баппен қымыз ішіп отыр екен... Әкем дастархан шетінде қымыз құйып отыр. Ол мені ымдап шақырды да құлағыма: «Сен немеге аталарыңа сәлем беруді ұмытпа дегенім қайда?» – деп сыбырлады. Мен қатты қызарақтап, үйден шыға жөнелдім. Сыртта біраз тұрдым да, нық басып үйге қайта кірдім. Көпшілікке қол қусырып тұрып:

«Ассалам алейкум, аталар!» – деп әр сөзді қадап-қадап айттым. Бұған, әрине, бәрі күлісіп жатыр. Әйткенмен мені араз етіп алмас үшін бәрі де бір ауыздан «Әлейкум салам!» десті. Сонан соң әрқайсысы мандайымнан сыйпап мақтайды. Жақсы сөзге мәз болып мен әкемнің тізесін ала жайғасамын. Ол басымнан сипап отырып: «Жарайсың, балам! Үйге кіргенде әрқашан үлкендерге сәлем беруді ұмытпа. Әдепті бала сүйтеді» – дейтін.

Әкем маған ата – тегімізді үйретуші еді.


  • Кімнің баласысың? – деп сұрайтын ол.

  • Мен – Момыштың ұлымын.

  • Момыш кімнің баласы?

  • Момыш – Имаштың баласы.

Осылайша жеті атаға дейін жетелеп отырып санатады.

Ал келген қонақ ең алдымен атымды сұрайтын. Сонан соң менің жеті ата жөніңдегі білімімді тексеретін.

Ел танудың басы, ең алдымен, осылай басталатынын ол кезде кім білген?

Әжем малдың «тілін» ұғуды үйретуші еді. – «Қозы маңырайды, бұзау мөңірейді, құлын кісінейді, бота көзі мөлдіреп аңсайды, қодық ақырады...»

Әжем маған зұлым қасқыр, жымысқы түлкі, дәрменсіз қоян, сүйкімді құс, сұрапыл сұңқар жайлы ертегілер айтатын.
Сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Үзіндіде отбасындағы және ауыл адамдары арасындағы сыйластық пен қарым-қатынас қалай суреттелген?

  2. Шығармада ұлттық салт-дәстүрлер қалай дәріптелген?

  3. Бауыржанның ат тізгінін ұстау, сәлемдесу, мал тілін ұғу сынды ұлттық дәстүрлерді айрықша баяндауының сыры неде?

  4. Бауыржанның «Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек» деген нақыл сөзі төңірегінде пікірталас ұйымдастырыңдар.

  5. Текті тергеу, жеті атаны білу туралы пікірлеріңді ортаға салыңдар.


4-сабақ

ӘЖЕ ЕРТЕГІЛЕРІ
«Біздің қазіргі балаларға әжелері не шешелері ертек айта бер-мейді. Содан қорқам».

Бауыржан Момышұлы
Тапсырма. Мәтінді пайымдап оқыңдар. Халқымыздың салт-дәстүрі мен қол өнеріне байланысты жайттарға назар аударыңдар.
Әкем маған жастайынан қазақша жыл қайыруды, күн мен ай аттарын, жыл аттарын жаттатты. «Тышқан жылы, сиыр жылы, жылан жылы, жылқы жылы, мешін жылы, тауық жылы, доңыз жылы, қоян жылы, барыс жылы, ит жылы, ұлу жылы» деп жаттаушы едім. Алайда әкем сол жылдардың мәнін, неліктен осылай аталатынын түсіндірген емес.

Бірде әкеме жаттағандарымды жаңылмай айтып бердім. Ол мені мақтап арқамнан қақты. Осы мақтауға масаттанып, әжем отырған үйге жүгіріп жөнелдім. Сондағы ойым – білгенімді тақпақтап, олардан да құптау сөз есіту еді...



Үй іші қоңыр салқын екен. Әжем қос сабаумен тулақты кезек-кезек тарсылдатып жүн сабап отыр. Сабау даусына құлақ тоссаң, әлдебір әуен сазы ойнағандай сезіледі. Екі әпкем мен жиен қызымыз біреуі жүн тасып, екіншісі тулаққа төсеп, үшіншісі ұршық иіріп көмектесіп жүр... Мен дүниені көшіріп жіберердей ентелей келіп әжемнің иығынан сілкілей беріппін:

  • Әже, әже, тоқташы! Не үйренгенімді айтып берейінші!

  • Құлыным-ау, сабыр етші. Мен жүнімді сабап болайын. Сонан соң асықпай тындаймын ғой, – дейді әжем еркелетіп.

Сөйтіп өзі ортаға отырып алып әдемі аңыз айтып еді-ау.

– Балаларым, құлақ салып тыңдаңдар, көңілге түйіп, ұғып алыңдар. Жаппар ием жарық дүниені, Күн мен Айды, жарық пен қараңғыны жаратарда, күнге, аптаға, айға және жылға ат қоюды ұмытып кетіпті... Жер бетіндегі тірі дүниенің бәрі, жан-жануар күн санауды, уақыт өлшеуді білмей бейберекет жүре берген екен. Ақыры дүниенің сапырылысқаны сонша, тіптен кімнің үлкен, кімнің жас екенін ажыратудан қалыпты. Жасты бойға қарап өлшейтін болыпты. Кімнің бойы ұзын болса, сол үлкен деп есептеліпті. Қытымыр қыс қашан түсіп, көгілдір көктем қай кезде келерін, жадыраған жаз мөлшерін, берекелі күз кезеңін ешкім де ажырата алмайды екен. Сондықтан қой мен түйенің жүні түлемей сабалақ болып жүріпті. Адамдар болса қойдың өлі жүнін, күзем жүнін қырқуды да білмепті. Жаратушы ием, осы сан-сапалақ сапырылысқан тірлікке зер сап тұрып дүниеге көңілі толмайды. Сондықтан да адамдарды саналы тірлікке үйретпек болады. Адамдар уақытты өлшей білсін, ол үшін айды аптаға, аптаны күндерге, ал жылды он екі айға бөлу керек деп түйіпті тәңірі. Сонда адамдар мал төлдеп, аққа аузы жетер кезді біледі; жүн қырқып, киіз басатын уақытты біледі; жаз жайлауға шығатын шақты сезетін болар депті. Сөйтіп тәңірі әр айды жыл мезгілімен айтатын болыпты. Ал Айға адамдардың көмекшісі бол, жүзінді ашып-жауып тұрып есеп жүргізуге көмектес депті. Жұлдыздар күн райының хабаршысы болады деген екен.

... Әжем өзінің кейбір көңілсіз сәттерінде бізді қасына отырғызып алып, аңыз-ертегілер айтушы еді. Бәлкім, осындай әңгімемен көңіліңдегі көмескі, көлеңкелі сәттерді қуатын шығар. «Балаларым, құлақ салыңдар!» – деп бастайтын әжем.

– Бұл тәңірінің жер бетінде тірлік орнатқаннан кейін болыпты. Ол кезде жаратушы адамзатты жарылқап, топан суынан да сақтаған екен, – дейтін әжем. – Адамдар «тәңір жарылқасын» деген сөзді, алғыс айтуды білмесе керек. Күннің жылуын, самалдың шипасын, айдың ақ сәулесін, жер жемісін керегінше пайдаланғанымен бірде-бір іш жылытар ықыласты сөз айтпапты... Сондықтан қажыған Күн Алла тағалаға арыз айтыпты:

– О, жаратқан ием, дамылдауды білмей, сабырлауды білмей, ұйқы көрмей, күлкі көрмей тірлік үшін қызмет етем. Дүниенің түпкір – түпкіріндегі кеудесіне жаны бардың бәрін шуағыммен қыздырам. Бір тал шөбінен бастап жер бетінің бәріне шұғыла төгем. Таң сәріден арай шашып ғаламды түнектен арылтамын. Бәріне нұр беремін. Жарқырап көрінгенімде тірліктің бәрі жадырайды, күледі, қуанады, жұбанады...

Бірақ осыншама баға жетпес еңбегімді елеп, бірде-бір тірлік иесі алғыс айтқан емес. Мұндай әділетсіздікке шыдар шама қалған жоқ. О, тәңірім, сондықтан мені бұл азабыңнан босат. Тыным бер, аздап тынығайын!

– Бара бер. Баяғы қызметіңнен танба, – депті Алла тағала Күнге, – мен сенің баға жетпес еңбегіңнің алғысын немен өтеуді ойланайын...

Күн кеткен соң Алланың алдына Ай келіпті. Жадырай күліп, жарқын сөйлепті:

– О, тірліктің тірегі, бар әлемнің жүрегі – жаратушы ием! Өзіңе тілекпен келіп тұрмын...

– Неден тарықтың, неден түңілдің, түн еркесі – алтын Ай!

– Айналайын, тәңірім! Сен маған көмескі нұр беріпсің. Суық сәуле сыйлапсың. Күн көзі жұмылған соң зіл қараңғы түннің бар тұңғиығын жарық етем деп мен келем! Қара аспанның қақ төрінде тұрып төңіректі мамық сәулеге бөлеймін, адасқанға нысана боламын... Бетімнен сәукелемді бірте-бірте ысырып, күн санауға, апта мен ай санауға көмектесем. Ал жүзім толған күні аспанның ақ еркесіндей ашық кейіппен күлгенімде торғын сәулемен тояттамай бар әлем үнсіз рахатқа батады. Ай сәулесі түнгі ұйқыны күзетіп, бақытқа бөлейді. Осы уақытқа дейін менің ұзақ жылғы адал да айнымас, жайлы да жағымды еңбегімді бағалап, бір тірі жан алғыс айтқан емес... Бұдан артық қорлық, бұдан артық мазақ бар ма маған?... Енді шыдай алар емеспін. Бұл қызметіңнен босата гөр, тәңірім!

Осылай деп Ай бұлт арасына кіріп алып, ықылық атып жылаған екен. Сол кезде жаңбыр жауыпты...

– Күмістей таза көзіңе жас алып жабыға берме, аппақ Айым, – депті тәңірі, оны жұбатып. – Онан да қызметіңнен жаңылма. Мен тілеуіңнің орайын ойланып көрейін.

Осы кезде өкпек Жел құтырынып, жан-жағына жалынып Аллатағаланың алдына жетіп келіпті. Тәңірдің тағына қонған шаң- тозаңды үрлеп жіберіпті де, аяғына оралып жатып алыпты.

– Мен дамыл көрмей тау кезем. Ел асам, бел асам, орларды үңгимін, орманға сүңгимін, даланы шарлаймын, теңізді барлаймын. Өлкемді төтелеймін, желкенді жетелеймін, толқынды ойнатамын. Бұлтты қуып, жерге жауын сыйлаймын, елге зәуім сыйлаймын. Бірақ алғыс алған күнім жоқ, сондықтан да мұным көп. Болдырдым, тынығайын, мұрсат бер, тәңірім!

Бір шеттен сылдырап Су келіпті. Алланың аяғына бас ұрып, тілегін айтқан екен.

  • Менің де күнім күн емес, тәңірім. Ой қырын кезіп даланың, дамыл көрмей ағамын. Жердің шаңын жуамын, елдің тәнін жуамын. Сусаған шөлін басады, бір жұтып демін ашады. Соның бәрін, тәңірім, көтере берем қашанғы.

Сонда Алла тағала ойға кеткен екен. «Иә, тіршілік біткен, шынымен-ақ алғысқа сараң екен; жақсылыққа жалаң екен. Мен бұларды жазғырайын, жазалайын!» – деп түйіпті. Сөйтіпті де бар мақұлық біткенді, адамзат атаулыны жинапты.

  • Ей, жамағат-жарандар, бәрін бері қараңдар! – депті, жаратушы жиналғандарға. – Күн мен Ай, Жел мен Су сендерге өкпелі екен. Сондықтан да бұдан былай қызмет етуден бас тартпақшы. «Еркімізге жібер, ендігі жағдайды өзімізше қарастырайық» деп тілек етеді. Тыныққысы келеді... Сендерді шақырғанымның мәнісі осы еді. Бұдан былай қалай тірлік етпексіңдер, не амал таппақсыңдар? Соны айтыңдаршы, кәне!..

Бұл жайсыз хабарды естігенде Адам шошып кеткені сонша, өңі қуарып сала берген екен. Аузына сөз түспей абдырап Күн мен Айға, Жел мен Суға жығылып тағзым ете берген екен.

Жаратушы ием жиналғандарға сұрақ беріпті.



  • Кімнің қандай ойы бар?

Бәрі үн қатпапты.

Жалғыз ғана жарғанат ыршып шығып, шоршып ұшып безілдей жөнелген екен:



– Жаппар ием, жайымызға құлақ сал. Пендем десең біздің де тілегімізді тыңда. Егер Күніміз сөнсе үніміз өшпей ме? Жарымыз бітпей ме? Адамзат жер сипап, аң біткен адаспай ма? Құс бағдарынан жаңылып жарға соқпай ма? Гүл қуарып, жер су алмай ма? Ай батса ше? Жыл мезгілінен адасып, теңіз ретсіз тасымай ма, көл ретсіз көлкімей ме? Сапырылысқан тірлік орнап, саналы сәттен қол үзіп қалмаймыз ба? Су тартылса не болмақ? Пенделерді аяй гөр, жаратушы ием!

Осыны айтып, жаратқан тәңірінің алдына топ ете түсіпті.

«Мынау шыбындай неме шыжгөбек боп шындықты айтып тұр ғой! Расында да өмірдің астаң-кестеңі шығады екен-ау!» – деп ойлапты Жаратушы. Сөйтіп қайтадан жарлық береді:

– Күн мен Ай, Жел мен Су баяғыдай қызмет етсін. Сендерді тірлікке тірек болсын деп жаратқам әуелі. Содан танбаңдар, – депті. Бұған қатты ашуланған Күн өзінің сәулесімен жарғанаттың көзін ағызып жіберіпті.

– Енді көзіме түссең, күл етіп күйдіріп жіберемін, – депті Күн.

Жел бұрқана долданып:



– Маған тап болсаң, пәрше-пәршеңді шығарып, жүнше түтермін, – дейді.

– Мен сені тұншықтырып өлтіремін, – депті Су.

Ал Ай өзінің жарқын күлкісін төккен күйі үнсіз қалған екен.



– Енді қайттім мен сорлы? Жазығым жоқ бишара едім ғой! Өзім үшін емес, бүкіл тіршілік үшін тілек білдірдім бе, тәңірім? – деп зарлапты жарғанат.

Сонда жаратушының жарғанатқа жаны ашып жарлық беріпті.



– Күн көкжиектен көрінбей, көз байлана бастағанда; Айдың жүзі әлі де шыға қоймаған сәтте; Жел тынып, желкен жапырақ ұйыған сәтте ұшып шығасың. Ал күндіз, Күн көзінен жасырынып, қуыс-қуыс жырада, тастүнек сынада, үйдің жәрегінде жатасың. Аштан өлмес үшін қос емшек беремін. Бірінде сүт, бірінде су болады. Осылай тірлік етесің енді.

Содан бастап жасқаншақ адам Күн мен Айды, Су мен Желді сыйлайтын болған деседі, төртеуіне табынатын болған деседі. Жарғанат болса адамның абыржып, үрейі қалмағанын көргені үшін адам атаулыдан талай-талай қорлық көретін болыпты.

Адам да жарғанаттан жасқанып, қорғанып жүретінді шығарыпты.

Міне, балаларым, жақсылыққа жамандықпен жауап бермеңдер. Жақсылықтың өтеуі де жақсылық болсын.



Біз осылай үлкендерден ғибрат алып өсіп едік. Ал үлкендердің әр өсиеті – өнер мен өнегенің ең шыңы ғой.
Сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Бауыржан Момышұлының Қызтумас әжесінің ертегілерін қаз-қалпында баяндап беруінің сыры неде деп ойлайсыңдар?

  2. Халқымыздың жыл қайыру, табиғаттың тылсым сырының қасиетін бағалау жайындағы наным-сенімдері туралы не айта аласыңдар?

  3. Әже айтқан халық ертегілерінің негізгі түйіні неде?

  4. Қызтумас әженің «Жақсылықтың өтеуі жақсылық болсын» деген пікіріне өз ойларыңды білдіріңдер.

5-сабақ

ҰЛАҒАТ ҰЯСЫ
Т. Иманбекұлы

Пьесадан үзінді
І-КӨРІНІС

Момышқа қыз таңдау
«Халықтың ізгі дәстүрі – біздің асыл мұрамыз».

Бауыржан Момышұлы
Тапсырма. Пьесаны рольге ену арқылы оқыңдар. Топқа бөлініп, шағын сахналық көрініс көрсетіңдер.
Той. Бір үйде ауыл әйелдері. Арғы жақтан жастардың көңілді сәті, ән естіледі.

ҚЫЗТУМАС. Той – тойға ұлассын. Тойдан кенді қылмасын.

І-ӘЙЕЛ. Айтқаныңыз келсін, сары шешей. Айтпақшы келіннің босаға аттары мен отқа май құярын кімге тапсырар екен, ә?

І-ӘЙЕЛ. Айтсам, келін түсірген үй кесірленіп, егер сіз босаға аттатып, отына май құйғызсаңыз, кейін етегіне ерген бала өсе келе біздің Сомыш қайнымдай көпке дейін сопиып жүріп қалар деп ырым етсе қайтеміз деп қалжың айтқаным ғой.

ҚЫЗТУМАС. Қара бассын ондай қалжыңынды. Менің Момышым сен айтқандай сопиып жүрген жоқ, өз ортасының гүлі мен нұры боп жүр.

ІІ-ӘЙЕЛ. Бәсе десеңізші-ау, әйтпесе сері атана ма қайным.

ҚЫЗТУМАС. Серінің әнін сен қайдан түсіне қалып ең. Онан да тыңдайық. (Бәрі бас шұлғып үнсіз тыңдап қалады. Арғы жақтан «Сылдыр бұлақ» әні естіледі).

МОМЫШ (ӘН АЙТЫП ТҰР):

Көлдің беті тұнып жатыр,

Көңілімді бұрып жатыр.

Өзің жоқта өзек өртеп

Өкінішім ұлып жатыр.

Қайырмасы

Сылдыр – сылдыр, сылдыр бұлақ ағады-ай,

Тырс – тырс тамшы тасқа тамады-ай.

Сен жоқ жерде жаным жаралы-ай!

Жарды ойлап жүрек жанады-ай!

Шуақ шашқан шырайлым-ай,

Аңсап сені мұңайдым-ай.

Оңашада ойға түссең,

Жұбана алмай жыладым-ай.

Қайырмасы

І-ӘЙЕЛ. Япырай – ә, мына қайным қайтеді – ей, а? Тұла бойды ұйытып, жүрегіңді үйітіп, жандырып бара жатқан не деген ынта- ықылас еді, тегі.

ІІ-ӘЙЕЛ. Сары шешей – ау, ендеше осы қайнымды боздатып қоймай, бойына лайық жар тауып берейік те, жағын тындырайықшы, тегі.

ҚЫЗТУМАС. Мен сол қара құлыма ай көрікті ақ перизат жолықтырғай деп құдайдан тілеп жүр емеспін бе. Қыз біткенді жақтырмай, аққұбасын іздеп сарсылтып қойған өзім емеспін бе.

ІІ-ӘЙЕЛ. Бәсе, деп ем-ау. Әйтпесе, қайныма қарамайтын қыз бар дейсің бе, тегі.

Әйелдер жастар отырған үйге беттеп, есіктерінен ентелейді. Жастар жағы түгел тұрып, орын береді.

І-ҚЫЗ. Төрлетіңіздер, апалар.

ҚЫЗТУМАС. Бақытты бол, шырағым.

МОМЫШ. Сіздер де келдіңіздер ме, апа? (қызарып). Келіннің беташары болғанша, өзіміз думан қыздыра тұрайық деп едік.

ҚЫЗТУМАС. Қысылмандар, айналайындар, соларынды біз де қызықтағалы отырған жоқпыз ба.

МОМЫШ. Ендеше, қыздар еркін жайласқанша ән айта тұрайын.

Өзің едің таң болып арайланған, еркем-ай,

Мен жалын ем алаулап, талай жанған, еркем-ай,

Мен емес пе ем саған теңдес,

Сен көнсең де, әкең көнбес,

Әттең, тонның келтесі-ай.

От жағарсың, шай қайнатып,

Отырарсың бала ойнатып,

Әттең, тонның келтесі-ай.

ЖАСТАР. Па, шіркін-ай.

ҚЫЗТУМАС. Не деп кетті құлыным-ау!

1-ӘЙЕЛ. Әбден қиналып жүр екенсің-ау, қайным! (Жұрт ду күледі).

МОМЫШ. (ыржалақтап) Бұл ән ғой, әншейін, апа-ау! Тағы да біреуін айтайын ба?

ҚЫЗТУМАС. Айта ғой, құлыным!

МОМЫШ. (домбыра тартып)

Тілегім саған талпынар,

Жүрегім саған алқынар,

Көңлімнің күмбез көгінде,

Жұлдызым едің жарқырар.

А-ха-хау, жалған-ай,

Сағындырған,

Сағым қуған,

Арман-ай!

ДАУЫСТАР. Пай – пай, шіркін-ай! Ай, арман-ай!...

ҚЫЗТУМАС. Әй, айналайындар-ау, қырғи тиген торғайдай қым – қуыт шырылдамасаңдаршы, түге. Менің Момышымды арманын таппаған деп айтуға ауыздарың қалай барады, тегі. Қой әрі енді. Айтысқа құлақ тосайық онан да (айтыс басталады).

МОМЫШТАР.

Кездесіппіз, құдаша, той ішінде,

Көңіл ауып кетті ғой, көрістімде-ау,

Құдашалап тұсыңнан өлең айттық-ау,

Тағат қалмай-ау тұрғандай сең үстінде-ау,сең үстінде-ау.

І-ӘЙЕЛ. Әй бәрекелде, қара қайным, қысылып отырмай-ақ, қаршығадай шүйліктің-ау!

ҚЫЗТУМАС. Айналайын, қыздар-ау. Көп күлген де көңілге күдік туғызады. Онан да бастаңдар!

ҚЫЗДАР.


Тағат таппай тұрасыз сең үстінде-ау, түрленді заман-ай,

Мүшкіл екен қаліңіз, келістің бе, жалған-ай.

Сең қозғалып орнынан ауып кетсе-ау, түрленді заман-ай,

Ауылы алыс қалады-ау жеңістің де, жалған-ай.

Қайырмасы:

Біз отырмыз құрдас деп,

Сіз отырсыз сырлас боп.

Жайды білер жан болсаң,

Алаңсыз көңілді-ау, бұрмас па ек.

І-ӘЙЕЛ. Қайтеді-ей мына Шанышқылының қыздары!

ҚЫЗТУМАС. Елпілдемеңдер, елден ұят-ты. Тыңдайық. Жастар-дың аяқ алысын байқайық.

МОМЫШТАР.

Шаң бермейтін-ау шабысым, енді қыздар-ау,

Сүңгі емес пе ем-ау сүзгілеп сеңді бұзар-ау, сеңді бұзар-ау.

Уәдеңді-ау өзіме бермеймісің-ау,

Еткеніңше-ау осынша елді құмар-ау, елді құмар-ау.

І-ӘЙЕЛ. Бәсе, біздің қайын осылай сілтесе керек еді!

ҚЫЗДАР.


Қасыма алып отырар баламысың-ау, түрленді заман-ай,

Жалын десем, жарқырап жанамысың, жалған-ай.

Апама да сөздерің жақпай отыр-ау, түрленді заман-ай

Әй, білмедік, әлі де шаламысың, жалған-ай.

Қайырмасы.

І-ӘЙЕЛ. Әне, қыздар сізді арқа тұтып бел алып кетті, шешей-ау! (Бетін шымшыды).

ҚЫЗТУМАС. Әй, не деп отырсың-ей, сен. Немене, солар солақай қалжындасады екен деп тойдан айтыс көрмей аттанады деймісің.

МОМЫШ (қызарақтап): Апа қойыңызшы.

ҚЫЗТУМАС. Қоятын түгі де жоқ. Айт кәне, жауабыңды.

МОМЫШТАР (абыржып, белгілі өлеңмен кесе бұру рәсімін бастайды).

Қара батыр-ау, құдаша, қара батыр-ау,

Жау қайырар-ау жасқанбай дара батыр-ау, дара батыр-ау.

Тәңір айдап-ау өзіңмен бос қосыппыз-ау, осы кесе-ау жаққа бара жатыр-ау бара жатыр-ау.

І-ӘЙЕЛ. Уйбуй (күңк етіп бетін шымшып) қайнымның қара басып, бозаның өлеңін айтқаны несі.

ІІ-ӘЙЕЛ. Сары шешей ғой, дегбірін кетіріп біткен. (Момыш ілгерілеп қолындағы қымыз толы кесені қыздар жаққа ұмсына береді. Осы сәт әлдегіден бері тақылдап отырған тәмпіш орнынан тұрып кесеге қолын созады.)

ҚЫЗТУМАС (даусы ашудан булығып шығады). Әй, Тарамыс қайт бері. Өзің қара, сөзің шала боп тұрып, тапқан теңің осы тәмпіш пе еді. Жарытады екенсің, балам. Үздігіп өлең айтып, үзіліп ән салып жүргеніңе дәмеленіп, кім екен десем, мына тақылдап тұрған тайпақ қара ма еді?

МОМЫШ (абыржып). Ой, апа, оныңыз не?

ҚЫЗТУМАС. Доғар сөзді. Шық үйден. Ендігі билік өзімде. Сенің таңдауыңды да, талғауыңды да танып болдым.

МОМЫШ. Түу, осы апамды-ай (үнінде әрі еркелік, әрі реніш сезіледі. Аяғын сүйрей басып шығып бара жатады.)

(Қыздар сықылықтап күледі).

ҚАРА ҚЫЗ. Би апам-ау, балаңызға сонша аспандағы айды алып бермейтін шығарсыз (күледі).

ҚЫЗТУМАС. Әдірем қалғыр, әйтеуір сені әпермейтінім анық.

ҚАРА ҚЫЗ (сықылықтап күледі). Өзім де барайын деп тұрған жоқпын. Момыш біздің жиен емес пе? Апатайым-ау, төркіндеріңізді ұмыта бастапсыз ғой. Мен Тезекбай атаның ауылынан емеспін бе? Сіңіліңізбін ғой!

ҚЫЗТУМАС. Е-е, қу шұнақ, манадан сөйлемедің бе?

ҚАРА ҚЫЗ. Жөн айтуға шамамызды келтірдіңіз бе, апа! Момыштың мойнына су құйылып, ол кетті. Енді мені қуғалы отырсыз (еркелеп).

ҚЫЗТУМАС. Қумағанда сен кімнің шікәрәсі едің соншама? Момышымнан әулие емес шығарсың?

ҚАРА ҚЫЗ (күліп). Қусаңыз, қуарсыз, апа. Бірақ балаңыздың баутағар құсы кім еді? Соны біле кетейін де!

ҚЫЗТУМАС. Немене, білгенде сүйінші сұрамақ па едің?

ҚАРА ҚЫЗ. Сұрасақ, сұрармыз, апа.

ҚЫЗТУМАС. Тақақтап қоймадың-ау сен шұнақ. Байтанадағы Әбдірахманның қызын әперем. Ата-анасы текті еді. Тектінің қызынан теріс қылық шықпайды.

ҚАРА ҚЫЗ (сықылықтап күліп). Апатай-ау, көрмей-білмей келін етуге келісе саласыз ба? Танитын ба едіңіз ол қызды?

ҚЫЗТУМАС. Ата-анасын танысам, қызы қайда қашар дейсің. Тұлымы желбіреген жас кезінде көргенмін.

ҚАРА ҚЫЗ. Бәсе, деп ем-ау, апа. Ендеше сол қызыңыз емес пе еді, балаңыздың тұсына кеп айтысқан. Мен шашбауын көтеруші серігі едім.

ҚЫЗТУМАС. Не дейді айналайын. Рәзиям талшыбықтай толысып қалған екен-ау. Келе қойшы! Құшағымды ашайын, құштарымды басайын!

ҚАРА ҚЫЗ. Жо-жоқ, апа, аңсарыңыз ауса, ауылына барарсыз.

ҚЫЗТУМАС. Менің жөнімді сен түзерсің, енді қу шұнақ (үнінде қамқорлық байқалады). Айналдым-ау, танымасын сыйламайтын болыппын-ау, мен бейбақ. Айыбым алдарыңда. Міне, менің таққан танам, тескен теңгем, салған сырғам! (Білезік, сақиналарын ағытып қыздарға береді.Рәзия төмен қарап қызарып, иіліп орнынан тұрады.)

ҚАРА ҚЫЗ. Ойбай, апа, сіз тегі той үстінде той жасағалы отырсыз ғой. Қой, ауылына аман-есен жеткізейін.

ҚЫЗТУМАС. Барыңдар, айналайындар, барыңдар соңдарыңнан мен де жетермін.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет