Д. П. Қожамжарова, Р. Н. Темірбекова бауыржантануға кіріспе



бет10/11
Дата31.12.2019
өлшемі0,93 Mb.
#54012
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Бауыржан халқымыздың ұлттық ою-өрнектерін қалай бағалаған?

  2. Ахметова атасының кішіпейілдігін, даралығын, қазақ өнеріне деген көзқарасын қалай суреттеген?

  3. «Жемісті ағаштың басы жерге иіледі» деген сөзді негізге ала отырып, батырдың мінезі мен адамгершілік қасиеттеріне сипат-тама беріңдер.

32-сабақ
Дәстүр-салтқа беріктік Ұлт-тық рух – ұлы адамның және тұтастай алғанда ұлттың да асыл қасиеті.

Бауыржан Момышұлы
Тапсырма: Үзіндіні пайымдап оқыңдар. Жазылған жайттың түпкі мән-жайына назар аударыңдар. Өмірдегі жағдайлармен салыстырыңдар.
Әр халықтың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүр-салттары бар. Ұлттық ерекшелікті айқындай түсетін белгінің біреуі сол ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптар екені белгілі. Әрине, бәрі бірдей біздің социолистік қоғамымызға, коммунистік моральға сай келе бермейді. Кері тартанын жағымсыздары қалып, өнегелі өмірлері замана талабына сай кеңейіп, көркейіп жаңа түр, жақсы мазмұнмен күнделікті тіршілігіміздің мәніне айналып жүр. Бір тұтас іргелі ел болған соң біздің қазақтың да талай салт-дәстүрлері өзіне жетерлік. Озғаны да, тозғаны да, кейін қосылғаны да баршылық. Осыған орай, атаммен арада болған бір әңгіме маған көп ой салып еді.

Жақсы араласып жүрген бір жолдасымыздың әкесі қайтыс болды. Сол кісінің жетісіне барып келгенімде атам:



  • Иә, балам, қалай барып қайттың, – деп әңгіме сұрады. Мен кісіллердің көп келгенін, дастарханның мол болғанын, үй иесіне жұрттың риза екенін айтып бердім.

  • Адам өлген соң көмусіз қалмайды, әйтеуір жүзі жабылады, дегенмен «орнында бар оңалар» дегендей баласы артында қалып, жөн-жоралғысымен жақсылап жөнелткені дұрыс болған екен. Шындап келгенде марқұм үшін енді бәрібір, бұның барлығы тірілер үшін жасалатын нәрселер ғой, – деді.

Кейде өзің күтпеген нәрсені топ еткізіп айтып салатын әдетін білсем де өлім туралы салқын қандылықпен жайбарақат сөйлеп отырғаны бір түрлі денемді түршіктіргендей болды, бірақ үндемедім.

  • Дастарқандары таза болды ма? – деді атам.

  • Иә, өңкей аппақ крахмалданған дастарқан жауыпты, – дедім сөзді тура мағынасында түсініп, әрі неге олай сұрағанына таңданып қалдым.

  • Ақымақтанба! Нені сұрағанымды білесің, – деді көзінің оты жарқ етіп.

  • Кешіріңіз ата, шынымен түсінбей қалдым .

  • Дастарханда ішімдік болды ма деп отырмын.

  • Е-е, болды. Неше түрлісі болды, –дедім сөз мәнісін енді түсініп.

Атам ештеме демеді, әңгіме осымен бітіп қалды ма деп ойладым. Бірақ меніңше, атам жайдан-жай, текке әңгіме болсын деп бас-аяғы жоқ сөзді қозғамайды. Бастаған екен, қайткенде бір түйін түйіліп жатады. Атамды әрі қарай сөйлетпекші болып:

  • Қазір молшылық кез ғой, елдің бәрі осылай істейді, дәстүр болып кеткен, – дедім атам ондайды көрмей жүргендей білгішсініп.

  • Дәстүр дейсің бе? Қай жеті атаңнан қалған мұра еді бұл дәстүрің? – деп даусы ызғарланып шыға келгенде тілімді тістедім. «И-и сорлы басым-ай, жайыма қарап отырмай арыстанның торына кіріп нем бар еді, «құйысқанға қыстырылап» басыма бәле тілеп алдым ба», – деп бетіммен жер басқандай төмен қарап, саусақтарымды сытырлата бердім. Үнсіз өткен бірнеше минуттың салмағы еңсемді басып барады, одан да ұрысқаны-ақ жақсы еді.

  • Дәстүр дейді ғой, дәстүр емес жұқпалы ауру, егер түсінсең, – деді атам. Әйтеуір, үнсіздік бұзылып, әңгіме тізгінін атаның өзі алғанына сәл жеңілденіп, басымды көтеріп, жүзіне қарадым.

  • Қабағының жоғары қарай көтерілгенін байқап отырмын, өзі ішімдікке кет әрі емес адамның бұл сөзі қалай! – деп таң қалып отырсың. Мен өзім жақсы білмейтін нәрсені айтпаймын. Ішпе, жеме деп біреуге тыйым салудан тағы аулақпын. Қайда, қалай, неге ішуді өзім білем. Бұны түсінетін уақытың болды. – осы арада мұртының бір жақ ұшын тістелеп бір сәт кідірді де, қайтадан сөйледі.

  • Өлім – жаратылыстың бұлтартпай бұғаулайтын тұзағы. Біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Уақыт шіркін мидың ине көзіндей тесігінен құм сағаттай сырғып өте шығады. Смерть – это приговор природы, не подлежащий обжалованию! Соны анық біле жүріп өмір сүру-азаматтың ұлылығы. Қалай десең де өлімнің аты ызғарлы, тіпті асарын асап, жасарын жасап, немере, шөбере, туажат сүйіп өлсе де, тіршіліктен адам қайтады. Қурай сынды дей алмайсың. Суық қара жерге, қараңғы көрге мәңгі жалғыздыққа аттанады. Айналасындағыларды дір еткізіп, бір сәт алды-артына көз жіберуге мәжбүр етеді. Күйкі-күйбеңмен қоқыс дүние үшін кеткен асыл уақытына өзегі өртене өкініп, алдағы күнін басқаша барлайды. Той үстінде өкпелескен, өлім тұсында татуласады. Жүз көріс-пейтін ағайын арасындағы араздық осындайда ымыраға келіп, жымда-сады. Тірілер тірілігіне іштей тәубе етіп, жарық дүниенің қадіріне жетуге тырысады. Міне, не үшін құрметтеу керек өлімді! Марқұмды ақ жауып, арулап көмген соң, артын күтеді. Бұл деген қара жамылып кешке дейін қамығып, тіршіліктің берекесін алу деген сөз емес. Қайтқан адамның үйіне жетісі, қырқы, жылы, асы деп туған-туысқан, жегжат-жұрат, жанашыр жолдас-жоралары жиналады. Жақсы қасиеттерін еске түсіріп, өнегелі істерін үлгі етеді. Міне, өлімнің артын күту деген осы. Оның дінге ешқандай қатысы жоқ, – деп асықпай темекі тұтатты.

Атам әңгімесін баяу дауыспен жайлап айтты, алайда естір құлаққа суық тиетін «өлім» деген сөздің жиі қайталануынан сызды топырақтың игісін сезгендей төбе құйқам шымырлады. Қозғалмай бақырайып отырған менің сұрым тым ұсқынсыз көрінді білем, атам маған қарап.

– Не болды? – деді.

– Ештеңе, – дедім. Бұл өзімнің сөйлей алмайтын жерде қолданатын үйреншікті жауабым еді, соның өзін естілер-естілмес әрең айттым. Әңгіме осымен бітсе екен деп іштей тілеп-ақ отырмын, бірақ атамның әлі нүкте қоймағанын да сезгендеймін. Шынында, атам қайта сөйледі:

– Сен жаңа «молшылық заман, қазір елдің бәрі сөйлейді, дәстүр болып кеткен» дедің. Молшылық екені рас, халықтың өз еңбегі өз қолымен жасаған берекесі. Ал осы тоқтық бұрын біздің салтымызда болмаған әдетті істетіп жүр. Жақсы екенін білмегеннен емес, «пәленше сөйтіпті, мен неге асып түспеймін» деп, кейбіреу өлімнің дастарқанын тоғышар жарысқа айналдырып алыпты. Кейде «аттыға ілесемін деп, жаяудың таңы айырылып» жатады, сонда да қоймайды. Өйткені тоқтай алмайды, қатардан сонда да қоймайды. Той-томалақ, жақсылықта ішімдік дегендердің емен үстелді майыстыратынына баяғыда-ақ көз үйренген. Қазір жас өлсін, кәрі өлсін марқұмның жүзін топырақ жасырмай жатып саусылдатып тізіп қояды. Қойылған соң ішіледі, ішілген соң кейбіреудің көзіне түйенің екі өркеші төртеу болып елестей бастайды, – неге бұлай-ей, дейді, біреу жылайды, біреу күледі, енді біреу даурығып көпе-көрнеу өтірік мақтауға кіріседі. Сөйтіп, қаралы үйде артық ауыз сөз туып та кетеді. Барлық жерде кездеседі демеймін, бірақ өз көзіммен көрмесем айтпас едім. Бір компазитордың (атам ол кісінің атын атаған болатын) қырқында еске түсірейік деп оның шығарған әндерін айтып, содан кейін тірі композиторларды еске қоса түсіріп, аяғы концертке айналды. Это неуважение к памяти человека! – деп ақырып қалғанда онсыз да зорға отырғам, шошып кеттім. Атам тісін сықырлатып бір сәт үндемей қалды. Осы кезде жартылай ашық тұрған есіктен Бақытжан көрінді.

– Не болып қалды? – деді кіре беріп.

– Әй, тұра тұрғын! – деп баласына қолын сермеді, Бақытжан үндемей есікке сүйеніп тұрып қалды.

– Мен ішпеймін десем ит те сенбейді. Ішпе деп ешкімге ақыл да айтпаймын. Әркімнің өз ақылы өзіне. Бірақ бөтелкені мөлтілдетіп тізіп, ән салып ата-бабам өлім жөнелтпеген. Осыны ұмытпаңдар, – деді саусағын шошайтып.

Бақытжан әңгіменің неден шыққанын білмеген соң үндемеген сияқты. Мен арбалған адам секілді міз бақпай атама қарап қалыппын.

– Доклад окончен. Благодарю за внимание! Тамағым құрғап кетті, ашыған көжеңнен сұйықтау ғып әкелгін, – деді атам сөзін маған арнап.

Мен сол күні – 1974 жылы февральдың тоғызында үйдегілер ұйқыға жатқанда, атам айтқан әңгіме желісін күнделігіме түсіріп, «әке өсиеті аталы сөз», деген осы емес пе деп ойға батып едім.



Сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Бауыржан Момышұлы халықтық салт-дәстүрлерді қалай құрмет-теген?

  2. «Дастархан тазалығы» туралы айтқан пікірінен нені аңғардыңдар?

  3. Батыр бабамыз ұлттық салт-дәстүрімізге жат қылықтарды қалай сынға алады?

  4. Бүгінгі жақсылық заман, той-томалақ туралы пікірлеріңді ортаға салыңдар.



33-сабақ

АҚЫЛДЫ ШЕШІМ
Коллективке үйренбеген бала эгоист, өзімшіл болып өседі, өзін басқалардан ерекше, артық екенмін деп санайды. Ал ондайлардан шынайы азамат шықпайды.

Бауыржан Момышұлы
Тапсырма: Берілген үзіндіні оқыңдар. Батыр бабамызға мейірімді ата, отбасының қамқоры тұрғысында мінездеме беріңдер.
...Бақытжан түнде таңға дейін жұмыс істеген. Қазір ұйқыдан өшін алып жатыр. Ояу болса да оған шағына алмайсың, көмек күтуге болмайды. Мен кінәлі болайын, болмайын басын кесіп алса да арашаға түсіп, араласпайды. Бөлмесіне кіріп есігін жауып, машинкасын тықылдатып отыра береді. Кейде дәл осылай атамның қаһарына ұшырап, сыбағамды алып жатсам да, жұбайымның от шығармайтын осы бір әдетін азаматтыққа санаймын.

Түскі асты сылтауратып, неде болса кірейін деп тұрғанымда, атаның өзі шақырды, даусы әрең естілді. Сөйтсем, Ержан атасының қолтығына басын сұғып ұйықтап қалыпты.



  • Апарып жатқыз. Өзің қайтып келгін, – деді бағанағыдай емес, жүзі жұмсарған сияқты. Ержанды апарып дұрыстап жатқызып, атамның қасына келдім, нұсқаған жеріне отырдым.

– Мына Ержанды балалар бақшасына беру керек. Екі жылға жетпей мектепке барады. Балаларға үйреніп, тіл табысуы оңай болмайды. Өйткені жалғыз өсіп үйренген бала ешкімге қосыла алмай таяқ жейді. Көп баланың тобы жат болып көрінеді де, мектепке барғанда баланың психикасына жаман әсер береді. Балалардан қашқақ-таған соң олар да бұны қабылдамай, көпке дейін араларына сіңдірмей, түрпектейді. Балалардың қарым-қатынасының өз заңдылықтары бар екенін ұмытпаған жөн. Мүмкін, мектеп бітіргенше, көптің ішінде жүріп жалғызсырап, мектепті жат көріп кетуі ғажап емес. Сонда қандай білімнің нәтижесін күтпексіңдер? Коллективке үйренбеген бала эгоист, өзімшіл болып өседі, өзін басқалардан ерекше, артық екенмін деп санайды. Ал ондайлардан шынайы азамат шықпайды. Сондықтан, мұны ойластыру керек, кейінге қалдыратын жай нәрсе емес, – деді.

– Балалар бақшасы, туралы біз де ойлағамыз, – дедім атам сөзін аяқтағанда. – Бірақ реті келмей жатыр.

– Қандай реті?

Көршілердің балаларындай емес, Ержан қазақша таза сөйлейді. Кейін қазақ мектебіне берейік дегенбіз. Үйдің қасында 204 – қазақ балалар бақшасы бар. Бір-екі жыл болса да соған барса деп едік, орын жоқ деп жолатар емес. Осы мәселе жөнінде РайОНО-ға да барғанмын, олар да орын жоқ деп отыр. Орысшаға мүмкіндік болып қалар, бірақ қазір емес дейді. Уақыт өтіп жатыр, орын табылғанша қашан. Оның үстінде қазақ мектебіне баратын баланың кейін тілі бұралып, екі ортада шалағай болып қала ма деп ойлаймыз, – дедім мән-жайды ұқтырып.

– Өз ана тілінде тілі шықпаған баланың соры қайнайды. Қазіргі заманда қала тұрмақ ауылдың балаларын орысша білмей қалады деу ақылға сыймай қалады. Ал енді қаланың қазақша оқыған баласы екі тілді де жетік білетін болады. Кейбіреулер қазақтың баласының қазақша сөйлегенін таңсық көргенде намыстанып жарыла жаздайсын. Өзге тілді білу-артықшылық, ана тілді білу-міндетің. Өз тілін сезбеген бала ана сүтін татпаған жетіммен бірдей.

Мына Бақытжан Алматыда туып өсті. Орысша мектепте оқыды. Күрделі ойларын жеткізе алмай, сөздерін шашыратып жіберетіні сондықтан. Бірақ өзімен бірге оқып, тең өскен жолдастарына қарағанда көп артықшылығы бар, оны көріп жүрсің бұның тілі қазақша шықты, мамасы мен апасының ортасында тәрбиеленді. Олар орысша жақсы білгенімен, үйде тек қазақша сөйлейтін. Содан кейін, «Лениншіл жастың» жігіттерінің әсері көп болды. Олай дейтінім, мамасы ұзақ жылдар сонда істеген. Бақытжан тура редакцияның баласы сияқты болып кеткен. Жәмке марқұм өте кішіпейіл, көпшіл, ақжарқын, ешкімге жаттығы жоқ кісі еді. Әке-шеше, туыстары ауылда, өздері қалада қызмет істейтін талай жастарға есігін ашып ұстап, қамқор көңілін аямаған. Қазір ойлап қарасам, Бақыттың тек тіл жағынан емес, жазу жағына ауғаны, журналистерді етене жақын, жақсы көруі солардың әсері болса керек. Сен байқайсың ба, өзінің қазір алпамсадай денесімен оларға бала сияқты еркелеуден қымсынбайды. Өйткені туған інісіндей көз алдарыңда өсті, – деді атам өшкен темекісіне бір қарап. – Ал сендердің Ержан туралы ойларыңды мен құптаймын. Ақылды шешім, – деді.

Атам қабағы қарс жабылып, темекісін үсті-үстіне сорып түтіндетіп, үндемей отыр. Үнсіздік созылған сайын көңіліме бір қауіп кірді. «Мені пайдаланғалы отырсың ба» дегенді ойлап қала ма деп сескене бастадым. Егер Ержан туралы әңгімені өзі бастамағанда, балалар бақшасы жөнінде аузымды ашпас едім. Атам өз атын пайдаланған адамды оңдырмайды, білмесе амал жоқ, біліп қалса, екі туып бір қалғаны болса да тәубесін есіне түсіреді. Өз басым, бір жолғы жағымсыз жағдайдан кейін, тіпті «кімісің?» дегенде жауап беруден аяғымды тартатын болғанмын. Ол былай болып еді. Атам бірге тұрған жылдардың алғашқы қысында базардан қолдың қымызын әкелетінмін. Қысты күні қымыз сатушылар да аз, алушылар көп. Қария кісілер ала таңнан барып күтіп жүреді, солармен мен де жүрем. Бірақ жақсы қымызға жете алмай тигенін алам, кей күні құр қайтамын. Оның үстіне, қымыз құмарлардың сөзіне қарасаң кейбіреулердің қымызы биенің таза сүті емес көрінеді. Сондай бірдеңе қосылған қымызды әкеліп, онсыз да денсаулығы жоқ атамның асқазаның бұзып жүрермін деп ойладым. Сонда барып жүргенімде бір байқағам нәрсем: Үсті-басы жинақы, салмақты келген орта жастағы апайдың қымызын күтушілер ылғи көп болады, лезде талап алады. Қайтсем де осы апайды айналдырмақ болып, ол кісі үйіне қайтқанда артынан жүріп отырдым. Ілескеннен ілесіп аялдамаға дейін келдім де:

– Апай, мен қымыз алушылардың бірі едім, бірақ сізге жете алмай -ақ қойдым. Қымыз өзіме емес, қайын атама керек еді, Момышұлына. Үйіңізге өзім барып алып тұрайын, әйтпесе сізден қымыз алатындар өңкей үлкен кісілер, таласып-тармасуға ыңғайсыз, – деп өтініш айтым.

– Шырағым, қасиетті кісінің келіні екенсің, сөзіңді жерге тастамаймын. Үйге барып әуре болма, қаланың сыртында алыс тұрамын. Өзім күн ара келем, сен базардан емес, осы жерден ертеңгі 7-де күтіп ал. 7-8 литрден артық әкелмеймін, соның жартысын құйып беріп жіберейін, – деді.

Апай уәдесінде тұрып, айтқанын орындады. Бара-бара арамыз тіпті жақсарып кетті. Атам мен Бақытжан қымызды ұнатып отырып ішіп алады. «Басқа бәле қызыл тілден» дегендей жақсы қымызға қолымның қалай жеткенін бір күні мақтанып айтып қойғаным...Жартылай қымызы бар кесені атам жерге бір періп күл-талқанын шығарды да, үндемей бөлмеден шығып кетті. Ол аз дегендей, Бақытжан айқайлады:

– Ты хоть понимаешь, как подло отца утопила в рублевом кумысе?!

«Ойлап жүргенім осылардың қамы емес пе? Бұлар неге сонша шала бүлінеді, судың орнына сүйсініп ішсін дегеннен басқа жазығым не?» – деп мен де іштей ызаландым.

Атам қайтіп мен әкелген қымыздан татпайтын болды. Мінекей, атамның атын пайдаланғанымның алды – арты осы болды. Алғашында жәбірленіп,ренжігенім рас, бірақ болашақта өзімше ауа жайылмауыма, Момышұлы үйінің бір мықты ережесін қайтіп бұзбауыма үлкен сабақ болды. Тұмсық көтере шіреніп, атын сыртынан пайдалануға, өзге тұрмақ, балалары біздің адамгершілік қақымыз жоқ. Кез келгенге араластыру-төрдегі басын есікке сүйрейтін ұят әрекет, оны бір сәтке де ұмытпау міндет екен. Ойлап қарасаңыз атамның даңқына, сіңірген еңбегіне біздің ешқандай теріміз төгілмеген. Момышұлының баласы, келіні, немересі, жиені, құдасы, тағы «біреулері» деген тек жақындық атаулар ғана.

– Сонымен, – деп атам гүр еткенде селк ете қалдым. Себебі, атам біраз үндемей қалған аралықта осындай өткен-кеткенді ойлап кетіп едім.

– Не болды?!

– Жай, ештене, – дедім.

– Баяғыда қазақтың бір атақты шонжарбайы Меккеге барыпты. Араптардың жерін көргенде: «Япырмай, Мұхамбет пайғамбарды құдайдың қимас досы деп дәріптеуші еді, сонда жарығаны осыма? Алақандай ірге жаяр, тәуір қоныс сұрап ала алмаған соң, құдайдың тамырымын деп несіне пайғамбар болып қоқырайып жүрді екен депті», – дегенде күліп жібердім.

– Әй, балам, неге күлесін? Сонымен, жалғыз немереге бақшадан бір орын таба алмасам, несіне қоқырайып жүрмін, – деп өзі де күлді.

Ертесінде ертеңгі астан кейін:

– Киімдерді әкел! Өзіңде киін! – деп бұйырды.

Қайда баратынымды білгім келсе де сұрамадым, өзі айтпай тұрып қазбаласаң ертпей кетіп қалуы мүмкін. Біздің жиналып жатқанымызды көрген Бақытжан:

– Қайда барасындар? – деп сұрады.

– Қайда баратынымызда шаруаң болмасын. Ержанмен ойнап отыра тұрғын, – дегенде күліп жібере жаздадым.

– Жарайды, – деді Бақытжан. Атамның көзін ала берін «қайда» деп маған ымдады, мен білмейтінімді сездіріп иығымды қозғадым.

Біз далаға шығып, Комсомол көшесінің бойына түскен соң, атам өзін қолтықтап жүруді бұйырды, сөйтті де:

– Жығылсам нардан жығыламын, аттан жығылмаймын: Мен шабандозбын. Ал, есегіңді мініп көргем жоқ, – деді.

Сонымен, атам екеуіміз горкомнан бірақ шықтық. Жоқ деген орын бар екен, бүгіннен бастап балаңның керекті қағаздарын дайын-дайтын болып үйге қайттық. Жұмысымыз біткенмен атам күрсініп, үндемей келе жатты. Себебін сұрауға батпадым бір кезде атам:

– Ақымақтар! Звонок деген бәлеге үйреніп алған, төбелерінен нұқымаса ханға сәлем бермейді. Заңды нәрсені қиындатып сасық қулық істейді, қашан қалар екен бұл сұмпайы індет?!

– О не, ата? Кімді айтасыз?

– Бюрократ, таныстық, жең ұшынан жалғасу дегенді білесің бе? Білсең сол, – деді. Ашуының төркіні не екенін түсіндім де үндемедім.

Ержанның балалары бақшасына баратын болғанын естігенде Бақытжан:

– Қарайгөр бұл жаманды! Жасым отыздан асқанша туған әкемнің атын бір пайдаланбадым. Бесіктен белі шықпай жатып таныстықпен орналасады, – деп Ержанның төбесінен шертіп қалды.

– Әй, Черновик! Оттамай жайыңа тұр! Это место по праву принадлежит ему. Толко ты за себя постоять уже сможешь, а он – нет, по малости своей дети являются единственным привилегированным классом в нашем обществе, в нашей стране. Это сказал не я, это говорит партия! Ал сен өзің адам болдың, әрі қарай да менсіз жүре бер.

Бақытжан желкесін қасып, басын шайқап, үндей алмай тұрып қалды.


Сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Б. Момышұлы бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлген?

  2. Баукең бюрократ, таныстық, жең ұшынан жалғасу дегенді қалай сынға алған? Өмірде жиі кездесетін осындай жайттармен қалай күресіп жүрсіңдер?

  3. «Таныстықтың зияны» тақырыбында ой өрбітіңдер.

  4. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» тақырыбында шығарма жазыңдар.



34-сабақ

МӘҢГІ ТІРІ МОМЫШҰЛЫ
«Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде», –

Деп жылар қайран қазақ мен өлгенде,

Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді,

Тарихтың түкпірінен сөз келгенде

Бауыржан Момышұлы
Тапсырма: Берілген өлеңдерді және оқыған шығармаларды негізге ала отырып, Бауыржан Момышұлына жан-жақты мінез-деме беріңдер. Батырдың даралық, даналық, азаматтық және шығармашылық қасиеттерін топтастырыңдар.
М. Мақатаев
БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНА
Аға,

Саған, білмеймін не айтарымды,

Қай қырыңнан білмеймін байқарымды.

Көңілдегі ой көмейге кептелді де,

Түрмесіне кеудемнің қайтарылды.

Қайтерімді, білмеймін не айтарымды?

Жасқануды білмеуші ем, жалтаруды,

Неге көңіл, білмеймін, аңтарылды?!

Ақ тұлпарым бар еді саған деген,

Алып ұшпай ол неге қаңтарылды?!

Сен зәру емессің-ғой құрметке,

(Сырлы аяқтың сыны бар сыры кеткен..)

Тонға емес, орамал жолға жарап,

Сый тартуды атамыз ырым еткен.

Тартар сыйым өзіңе болмағасын,

Белгілі ғой қасыңа жоламасым.

Ақсұңқарым бар еді, ұшпай қойды.

Алсам-дағы басынан томағасын.

Қылышымды суырып қынабынан,

Қыл қапқан жүзін көріп, жыладым-ау...

Жетімдердің кегі мен жесірлердің

Суарып ем суалған бұлағына.

Қайрап едім зауалдың шарығына,

Қақтап едім қан майдан жалынына.

Қынабына оны да жасырдым мен,

Керек болып жүрер деп халығыма.

Қынабына салып қойдым үмітпенен,

Оның несін жасырам бүгін сенен.

Саған, аға, сақталған бір сый бар-ау,

Назарына ешкімнің ілікпеген.

Алтын да алмаста емес жалтылдаған!

Бір сый бар, аға, саған, тартылмаған!

Ұрпақтар аңыз етіп айта жүрер,

Сыйдан да он есе артық даңқың маған.

Ешкімнің назарына ілікпеген,

Саған бір сый тартам деп үміттенем.

Жүрегімнің тапсырған аманатын

Бере алмай кетем бе деп күдіктенем.




Ә. Айтоқов
БАУЫРЖАНҒА
Бар әлемге танытып сен қазақтың.

Мәртебесін, жұлдызын жарқыраттың.

Жуалының ұлы едің, қазір міне,

Аяулысы боп кеттің адамзаттың.

Дұшпанды қан майданда жағаласқан.

Қаһарың мен айбының, мысын басқан.

Қол бастап қара құрым жауды бұзған,

Ерлігін елің ұшін дана дастан!

Қайтпадың қаһарлансаң шайқастарда,

Бүгілмей белің жаумен айқасқанда.

Айбарлы арыстандай ұмтылсаңыз,

Ұқсайды бүкіл әлем жай шашқанға

Намысың жан-арыңды найзалай ма.

Шағылды жанарыңда – от, найзаң – айға.

Жауына сермегенде алдаспанын,

Ұқсайтын қылыш емес найзағайға...

Жарасқан тал бойыңа ерлік,өнер.

Өнегең мол халыққа ұрпаққа егер.

Бәйге алған оза шауып Ақтангерім

Еңбегің ұшан теңіз елге еленер.

Өзің боп өмір бойы жаттар әнім,

Мен бүгін жүректен жыр ақтарамын.

Сен өнген топырақта туғаныма,

Жеткендей төбем көкке мақтанамын.



«Айналған аты аңызға Момышұлы» жинағынан
Кәкімбек Салықов
БАТЫР ҰЛ-БАУЫРЖАН
Біреуді асау дейді, тентек дейді,

Біреуді қыз мінезді еркек дейді.

Әркімді өз орнына әділ қойып,

Бәрібір уақыт әжем жетектейді.

Жаманды біржолата құлыптайды,

Жақсыны ел әлпештеп ұмытпайды,

Кеудесін кейбіреулер көтергенмен

Ақымақты ардагерге жуытпайды.

Туған ел: бүгінгі салт-сәні жақсы,

Қуанам-айналамның бәрі жақсы!

Көрсетер шаңырақты шартарапқа

Батыр ұл-Бауыржандар бары жақсы.

Терең ой, меруерт сөз табындырар,

Солардай болғай-ақ бір ағындылар.

Жүргенде ортамызда ардақтайық,

Бір күні бәрімізді сағындырар.



Мүтәліп Ережепбаев
БАУЫРЖАННЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ
Күн туғанда алған еді батаңды

Қан майданда қорғап еді Отанды.

Қуан халқым, ақиқат жеңіп ақыры,

Бауыржаның бүгін батыр атанды.

Қайтпаған ең қара боран дауылдан,

Сен ең бірақ тағдыр жолы ауыр жан.

Қабыл болды халық ниет-тілегі,

Мәскеу сені мойындады Бауыржан.

Сұмжүректер көре алмаған бағыңды,

Сындырмақшы болды-ау сенің сағыңды.

Алтын жұлдыз бұйырмаған тіріңде,

Өр кеудеңе өзі келіп тағылды.




Тұрар Молдабаев
БАУЫРЖАН
Жаралған туған елдің мерейі үшін,

Сипатың, сырың бөлек нендей ұлсың?

Халқымның тұлғасындай тұрпаты бар

Бар қазақ туар болса сендей тусын.


Көргенім алғаш саған тақап барып,

Бойыңа шақ екен бар атақ-даңқ

Жау түгілі дос алдында жарасады,

Екен-ау саған біткен тәкәппарлық



Ғафу Қайырбеков
ЖАЛҒЫЗ ҚОЛ
Еліне атақ-даңқы кеткен асып

Бір кезде аласапыран көкке басып

Жорықтың жойқын жолын бастан кешіп,

Өлімнен жеңіп шыққан көп таласып


Айналған ертегі-аңыз, өлең-жырға,

Тасыған абыройы нелер жылға,

Ер еді ол анда-санда бір жарқ етіп,

Туатын тұтас тұлға біздің қырда


Каталог: rus -> all.doc
all.doc -> Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы: Библиографиялық көрсеткіш/ Құраст. Д. Искакова. Тараз: ТарМУ. Ғылыми кітапхана, 2013. 63б. «Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы»
all.doc -> Өмірбаяны байбатша Ә. Б
all.doc -> Ғылыми кітапхананың 2011-2012 оқу жылы маусым айына жоспарланған іс-шаралар кестесі
all.doc -> Ғылыми кітапхана
all.doc -> Библиографиялық құралдар құрастыру Кеңес Библиографиялық құрал
all.doc -> 1. Кітапхана туралы жалпы мәлімет
all.doc -> Литература на электронных носителях Научной библиотеки Таргу им. М. Х. Дулати
all.doc -> Анықтамалық- библиографиялық ЖҰмыс
all.doc -> Қазақстан Республикасының мереке (демалыс) күндері


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет