Д. П. Қожамжарова, Р. Н. Темірбекова бауыржантануға кіріспе



бет9/11
Дата31.12.2019
өлшемі0,93 Mb.
#54012
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Сұрақтар мен тапсырмалар


      1. Б. Момышұлы Павел Вахаловтың қандай ерекшеліктерін атап көрсетеді?

      2. Бауыржан П. Вахаловты қандай қасиеттері үшін бағалайды?

      3. Талап ету мен мейірімділік, тәртіп пен сыйластық туралы не айтар едіңдер?


29-сабақ

НЫСАНАНЫ КӨЗДЕУ
Тәуекелсіз жеңіс жоқ.

Бауыржан Момышұлы
Тапсырма: Әңгімені оқып шығып, мергендік өнері туралы әңгіме-леңдер.
...Атыс шебіне Чистяков Петровты ертіп келді. Сөйтіп өз тобымызбен бақылаушылардан алыстағы атыс шебінде төрт адам қалдық.

Менің мылтығым тазаланған еді. Пәкене бойлы, арық келген, қысық қара көзді Петров болса сүмбісіне құрғақ шүберекті орап тұрып «менімен жағаласасың ба?» дегендей маған кекесін қарап күлді.

Тірексіз атқан оқ зая кетеді. Мен орныма жаттым да, жерден тірек іздедім. Екі шынтағымды ары-бері тірек боласың ба деп сынадым. Қолымдағы кішкентай күрекшені алып, екі шынтағым үшін шұқыр қаздым. Шұқырға екі шынтағымды тіреп, мылтығымның дүмбісін иығыма тіреп, нысананы көздедім. Шынтақтарым, қолым орнында... «Е, атуға болады екен» деп ойладым орнымнан тұрып.

– Мен дайынмын, жолдас полковник, – деп баяндадым Вахаловқа. Ол үн қатпастан қолыма үш оқ ұстатты. Орныма жатып саусақтарымды сампылдатып, нысананы көздеп үш оғымды бірінің ізімен бірін жібердім.

Вахалов маған наразылы көзбен қарап: «Неге асықтың, заң бойынша екі минут ату керек еді. Сен отыз секунд ішінде ұшқалақтық істедің» – дегендей бұрылып кетті.

Алыста біздің топтан менің ұшқалақтығымды сезген біреу: «Әй, сен де асығып-аптыққан сабырсыз ит екенсің ғой» дегендей жұдырығын көрсетті (Мен снайпер мектебін бітірген кісі едім. Оларға бұл сырымды бұрын білдірген жоқ едім. Сол себепті Вахалов та, менің жолдастарым да менің шапшаңдығыма түсінбепті).

Вахалов: «Осылай асықпай ату керек еді ғой» дегендей маған кінәлай ала көзімен қарады.

Сынаушылар келді.

Брилев топтарды нысанаға апаруға рұқсат берді.

Петров оң нысананы, мен сол жақтағы нысананы атып едік. Нысанаға он метрдей қалғанда сынаушылардан, Вахалов пен Чистяковтан және жарысқан екеуімізден басқалары тағатсыз күтіп тұрып қалды.

Петров 24 ұпай (7, 8, 9 шеңберге тиген) алыпты ортаңқолдай мергеннің ұпайын көргенде Вахалов сасқалақтап түкірігін жұта беріп, маған ашулы көзбен қарады. Менің нысанама келгенде бәріміз таңырқап қаппыз. Үш оқ та қатар қара моншақтай тізбектеліп бір сызықтың бойына топталыпты – 8, 9, 10-дық шеңберге тиіп 27 ұпай жинаппын. Егде тартқан полковниктің ашуы тарқап:

Жарайсың, Момышұлы! – деп серпіліп кетті. Брилев менің нысанама қарап үн қатпай тұрды.

Шынымды айтсам, жолдас комдив, бұлай болады деп ойлаған жоқ едім, – деді Чистяков Брилевқа қарап. Қолын сермеп алып – автоматтан атқандай-ақ тарылдатып еді, отыз секунттың ішінде үш оқты нысанаға тамаша тигізді дегенге таңырқап тұрмын. Жолдас комдив, Павел Васильевичтің шәкірті – мергенді құтықтауға рұқсат етіңізші, жолдас комдив, – деді.

Сабыр етіңіз, кейін топ алдында айтарсыз сөзіңізді, жолдас майор, – деді де. – Бәсекенің аты бәсеке деп, қарқ-қарқ күлді Брилев.

Мен жеңілдім ғой, жолдас комдив, – деді Чистяков.

Ағаңнан жеңілгенге намыстанба, інім. Павел Васильевич ағаң болады, – деп Брилев тағы күлді.

Құп, жолдас комдив. Жеңілгенімді мойындап тұрмын ғой, – дегенде Вахалов ақсақ аяғын сылти басып келіп:

Мен сені әрқашан да азамат деп ойлаушы едім, қателеспеппін. Рақмет, інім, қарағым, – деп құшақтап Чистяковтың бетінен сүйді.

Күш әкесін танымайды демеуші ме еді халық, ағатай. Жеңілгеніме, сіздей ағаға жеңілгеніме намыстанып тұрған жоқпын, мақтанып тұрмын. Осыған дұрыс түсініңіз, ағатай.

Брилев бәрімізді жинап, сап алдында сынаудың қорытындысы жайлы қысқаша талдау жасады:

– Жолдастар, біз сіздерді оқытқанымыз жоқ, біз сіздерді машықтандырған жоқпыз. Сіздерге сабақ берген, сіздерді машықтандырған менің қасымда тұрған полковник Павел Васильевич Вахалов пен майор Чистяков. Біз сіздерді тексергелі, біз сіздерді сынағалы келген кісілерміз. Сыннан өттіңіздер. Жарыстыңыздар... Мен сыншылардың бастығы ретінде алдымен сіздердің командиріңіз – ұстаздарыңыз Павел Васильевич пен майор Чистяковқа рақмет айтам. Әскер қызметі оңай қызмет емес. Оған сіздер түсінесіздер. Таң атпастан тұрып, түн ортасында бастарың жастыққа тиіп, сіздер өздеріңіздің азаматтық міндеттеріңізді Отан алдында ақтағанда-рыңызға көзім жетті бүгін. Сіздер сияқты інілерімнің барына мен мақтанам. Сол себепті сіздердің адал ниеттеріңізге шын көңілімнен рақмет айтам... Әрқайсымыздың бала-шағамыз бар, өмірлік жолдас жұбайларымыз бар. Менің жасым сіздердің барлығыңыздан үлкенге ұқсайды. Менің ақниетті тілегім сіздерден жұбайларыңызға, балалары-ңызға біздің сынаушы тобының атынан сәлем айтуларыңызды тілеймін (қол шапалақтау). Ертең өздеріңіздің ауыл, қазан-ошақтың басына қайтасыздар. Сәтті сапар, жолдарыңыз болсын, жолдастар (қол шапалақтау), – деп сөзін бітірді комдив...

Нысана сызығынан қайтарда сап түзеген жоқпыз. Топтанып жүріп келеміз. Кімнің ойы екенін білмеймін, біздің топтың қуанышы қойнына сыймастан, күтпеген жерден мені бастарына көтеріп, нысананың алдынан мен жатып атқан жерге дейін көтеріп келді...

Мен биыл елу сегіздемін. Сол өмірімнің 25 жылын әскер қатарында өткізген кісілердің біреуімін. Комдив Брилев айтқандай әскер өмірі оңай өмір емес. Әр өмірдің азабы да аз емес. Түсіне білген кісіге рахаты да көп... Әскер қатарында жүріп менің бірінші көрген рахатым осы еді.
* * *
Арада бес ай өтті. Ол кезде Қазақстандағы промбанктің аға консультант-экономисті кезім еді. Күтпеген жерден мені Казвоенкомат шақырды. Ұзын бойлы, ат жақты қара торы жігіт:

– Сізді Ташкентке шақырып жатыр. Билетіңіз мынау, қағазыңыз мынау. Ақшаңызды бухталтериядан барып алыңыз, – деп бұйырды.

– Не боп қалды? – деп, мен шошына кеңсеме қайттым...
Сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Берілген үзіндіні оқып шығып, Ә. Нұршайықовтың «Қиыр Шығыстағы шыңдалу» әңгімесімен салыстырыңдар. «Жігітке жеті өнер де аз» тақырыбында ой бөлісіңдер.

30-сабақ

АРМИЯҒА АТТАНУ
Ержүректілік пен батылдық жүректен шығуы тиіс.

Бауыржан Момышұлы
Тапсырма: Мәтінді оқыңдар. Бауыржанның армияға аттанар алдындағы жүрексіну, толқу сезімін суреттеңдер. Әке өсиетіне назар аударыңдар.
...Ташкентте округтің штаб үйінде алдымен кездескенім Вахалов болды. Ол мені ағалық ретінде қуана қарсы алды. Мен онымен ренжіп сәлемдестім.

– А, Момышұлы, келіп қалдың ба? – дейді қол алып амандасып. – Сіздің бұл жерге келуіңіздің себепкері мен едім.

– Ойланбай істегенсіз, ағатай, – деп мен қабағымды түйдім.

– Жоқ, мен ойланып істедім. Қазір штабта жиналыс өтіп жатыр. Сені ешкім қабылдамайды. Жүріңіз асханаға, бірге дәмдес болайық. Сізге арналған анау-мынау жаңалықтарым да бар. Соны тыңдай біліңіз, – деп Вахалов мені қолтықтай жөнелді.

Ташкеннің күні күйіп тұр. Асханада мен ашуым тарамастан пиджагіме сыймай шешініп отырдым. Вахалов маған таңырқай қарап, сұрақ бере бастады.

– Демек, әскери қызметке шақыртқанымызға ренжисіз бе?

– Ия, қатты ренжіп отырмын. Сізден мен мұны күтпеп едім.

– Неге?


– Павел Васильевич, сізге мен өте наразымын. Сіз менің жағдайымды білместен сыртымнан билепсіз. Сол себепті наразымын... Бес қыздан кейін әкем елу үшінде көрген екен... Менің жасым биыл жиырма алтыда. Елу үш пен жиырма алтыны қоссаңыз қанша болады?

– Ойбай, әкең жетпіс тоғызға келіп қалып па еді, – деп таңданды Вахалов.

– Иә, менің әкемнің жасы сексенге кетті. Кейінгі шешемнен туған бір інім бар. Оның жасы бестен алтыға ғана кетті... Мен осы уақытқа дейін бойдақпын... Сіз осы жағдайлармен санаспастан сыртымнан билепсіз. Сол себепті мен сізге өкпелімін... Қарт әкемді, жас інімді қор етпеймін ниетте едім. Осы ниетімді сіз бүлдіріп отырсыз. Сол себептен ашығын айтсам, мен сізге қатты өкпелеп отырмын. Менен басқа жігіттер құрып қалды ма? Қартайған шалдың жалғыз баласын, жалғыз тірегін қайда жұмсап отырғаныңызды сіз түсінесіз бе, түсінбейсіз бе, – деп қатты сөйлеппін.

– Кешір, қарағым, шынында мен бұл жағдайларды білмеппін. Бұрын неге айтпадың... Болар іс болды. Оны қайтаруға рұқсат жоқ... Ал енді бір – бірімізге түсінейік...


* * *
Қолыма жолдама қағазды алып, Вахаловпен қоштастым да, жолшыбай машинаның біреуіне мініп Шыршыққа жол тарттым. Кешкі асқа мен су жаңа лейтенант формасымен келдім. Бәрі үйренбегендіктен бе: қырым етік аяғымды қысып барады, жаңа портупея сықырлайды, қабындағы наган, офицер сөмкесі әр қадамымды тұсаулағандай болады. Кездескен жанға ебетейсіз қырланып, мен асханаға келдім.

Шынымды айтайын, мен Коваленкодан мұндай қабылдауды күткен жоқ едім. Бірден «армияның арбасына» жегеді ғой деп ойлап едім. Мен қуана – қуана ауылға аттандым.



Біздің меңгерушіміз Борис Бархан көз нұры кеміген қарт кісі еді. Менімен әңгімелескеннен кейін лезде шағын жиналысты ашып та үлгерді. Мен жайлы, менің абыройлы қызметкер болғанымды жылы лебізбен айтты:

Міне жолдастар, өз ортамыздан ең таңдаулы қызметкерле-ріміздің біреуін сүйікті армиямыздың қатарына аттандырғалы отырмыз. Қымбатты Бауыржан абыройлы болғайсың. Отан даңқын, Отан салтын, Отан шебін қырағы күзете біл. Өз қарауыңдағылардың кемістігіне төзбес бол. Біздің айтар өсиетіміз осы. Қызыл Армияның қатарында қызмет ету – Совет азаматы үшін ең бір елеулі құрмет. Осы құрмет біздің ортамыздан сенің еншіңе тиіпті...

Осы жиын үстінде Бархан маған екі айлық демалыс қаражаты мен айлық жалақы мөлшеріне сыйлық та берді.



Коллективімнің осыншама жылы лебізін есітіп, мейірбан сөздерінен нәр алып, кешкі поезбен Алматыдан ауылға жүріп кеттім.

Ауыл менің армияға шақырылғанымнан бейхабар екен. Кәрі әкемді кемсеңдетпейін деп хат жазған жоқ едім. Командашымыз өтінішімді ескеріп ауылға босатар деген үмітпен жүргенмін.

Мен поезда вагон-ресторанға кіріп, оның директорынан тәттінің әр түрінен екі қорап толтырып, менің купеме жібертуін өтіндім.



– Тойға барасыз-ау, жолдас командир? – деп ақтарыла күлді дөңгеленген төртбақ грузин.

– Ауылдың қарттары мен балаларына сізден базарлық ала кет-пекпін. Мен Әулиеатаның жағындағы Бурное станциясынан түсемін, – дедім мен.



– Жақсы, жолдас командир. Қарттарды сыйлап, жастарды сүйген жақсы ғой. Өзім таңдап, тәттілерді іріктеп, буып-түйіп, жайыңызға апарып беремін, – деп директор жайдарыланып кетті.

Қолтығымда қос түйіншек, қолымда қолсандық, иығымда шекпенімді көтеріп станция баспалдағымен көтерілгенімде поезд де орнынан қозғалып еді.

Мен базар алаңына бет алдым. Станциядан базарға дейін кездескен жұрттың бәрі маған, маған емес-ау әртүрлі әбзелі бар менің әскери киіміме таңырқай қараумен болды. Мен оларға басынан бақайшағына дейін қаруланған атмандай көрінсем керек. Өйткені үстімде жаңа ғана тәртіпке енген әскери киімдер еді. Жұрттың бәрі орағытып өтіп, ойқастай қарап, жол береді. Ал мен болсам ауылға бірге барар таныс біреуді кездестірем бе деп жүрмін ғой. Уақыттың өзі де «той тарқарға» жақындап қалған екен. Базардағы жұрт сиреп қалыпты. Ауыл адамдарынан ешкімді көре алмадым.

... Мен аяңдап теміржол көпіріне қарай беттеп келем. Бірінде қызып алған, енді бірінде жайбарақат отырған адамдар толы көліктер өтіп жатыр.

– Др – др – р!

Байқасам сатысынан асыра сықита тиелген жоңышқалы арба сықырлап келіп тоқтаған екен.

– Мына су толған шұқанақты амалдап айналып өтпесе болмас. Мә, сен тізгінді ұстай тұр. Мен қарап көрейін, – деп жүре сөйлеп, ұзын бойлы тарамыс сары жігіт арбадан секіріп түсті. Жылтырақ күнқағары бар жаңа картуз киіп алыпты. Маған көңіл аудармай, жайылып жатқан жайпақ лайсаңның айналасын бағдарлай бастады.

– Василь, – деп айқайлап жіберіппін.

Василий Гончаров менің құрдасым еді, әкемнің тамыры қырылдақ шал Кузьма Гончаровтың кенже ұлы болатын. Балалық кезде бақташы боп жүріп табысқан досым еді. Ол да мені бірден танып:

– Бауыржан! – деп дауыстап жіберді... – Жерден шықтың ба, көктен түстің бе. Қайдан келдің өзің? А?

– Мен сені күтіп отырғаныма көп болды, Василь. Жүктерім Сашко ағайда қалды. Сен енді үйге жеткізіп саларсың.

– Ол оңай ғой. Маня, мұнда Бауыржан келіп тұр! Арбаны оңға бұр да күте тұр. Біз жүктерді әкелейік...

Арбамыз үйдің қасына келіп тоқтағанда Василь секіріп түсіп, әкемді шақырды:

– Ата! Біз келіп қалдық!

Әкем шекпенін желбегей жамылып сыртқа шықты. Қуана сөйлеп қалбалақтап жүр:

– Оу, сенбісің, Уәсілжан? Әкелгенің шөп пе, жоңышқа ма? Малдарымыз ашығып тұр еді. Жақсы болды ғой. Көзма тамыр жіберді – ау? Рахмет, балам...

– Ата! Мен Бауыржанды да ала келдім.

– Не дейсің, балам? Кәне, кәне?

– Мен мұндамын! – деп арбадан секіріп түстім.

Қарт әкем өзіне-өзі сенбеді ме, әлде көзіне сенбеді ме, жеңімен жасаураған жанарын сүртіп, біресе Василийге біресе маған қарайды. Сонан соң тәңіріне жалбарынғандай күбірледі.



        • Өңім бе, мынау түсім бе, Аллам-ау!?

        • Әке! Бұл мен ғой!

        • Даусыңды танып, түріңді ажырата алмай тұрмын ғой.

        • Ата, Бауыржан енді командир емес пе! Қараңызшы, мықынында наганы да бар... – дейді Василий алып ұшып...

Мен әкемнің қажып, қартайып, көзінен нұр тая бастағанына қынжылып тұрмын. Осы екі арада ауылдың адамдары тұс-тұстан аңыздап келіп те қалған еді. Жапырласып, шұрқырасып мені ортаға алып жатыр. Әкем бір шетте қуанғанынан не істерін білмей қалтиып тұрып қапты. Кенет өзіне-өзі енді келгендей:

  • Шырағым-ау, үйге кірсеңші. Тап бүгін келер деп ойлаппын ба? Қуанышым қойныма сыймай кетті ғой. Сендер де жүріңдер, айналайындар, – деп ауыл адамдарын ішке қоса шақырды. Өзі қалбалақтап бастай берді...

Үнемі асығып-аптығып жүретін, қуақы да адал Василий қазақша сөйлеп, үйдегілердің бәрінен де асып түсіп отыр. Сәлден соң ауыл ортасына келгенін енді еске алғандай ізет сақтап тұтығып қала берді. Ақыры шешеме тіл қатты.

  • Апа! Дастарханды мол жайсаңызшы. Сараң боп кеткенсіз бе?

  • Сабыр етші, шырағым! Қазір самауыр қойып, қой алдырамыз, қуырдақ жасап, бауырсақ пісіреміз... сонан соң шай ішіп ет жейсіңдер. Ақымағым-ау қайда асығасың? Атаң солай ретімен жасауды тапсырмады ма.

Қазақша білмейтін арамызда жалғыз Маня екен. Мен мән-жайды Маняға сыбырлап түсіндіріп отырдым. Төр ағасы мен ауыл адамдарының әзіл-оспағын, жарасымды қалжындарын аударып жеткізген боламын.

Әкем жөткірініп, мұртын сипап, салалы бурыл сақалын тарап қойды. Кебісін қоңылтаяқ сұғынып:



  • Қап, сорлы малдарды ұмытып кетіппін-ау. Соларды суарып, жайғастырайын. Алдарына бір шөкім шөп шашайын. Көкке аузы тигенше қалтылдай тұрмаса болмас, – деді.

  • Ата! Мен сізге көмектесейін. Мен де аттарымды суарып, жемдеп алайын, – деді Василь.

  • Отыра бер, балам. Сен біздің қонағымыз емессің бе. Адамдар бар ғой, сенің де аттарыңды жайғастырамыз...

  • Жоқ, ата, мен қонақ емеспін. Сіздің қонағыңыз Бауыржан мен есігіңізді алғаш көрген Маня ғой.

  • Иә, иә. Мұндай қонақтарға қалай қуанбассың. Ал, онда жүре ғой, шырағым. Қараңғы түскенше жайғастырып алайық.

Василий әкемнен бұрын үйге қайтып оралды.

  • Арбаны түсірдік, жоңышқаны қора төбесіне жинап та үлгердік. Ата қуанып жатыр, – деді Василий.

  • Ал пұлы қайда? –деп қалды Маня.

Мен қатты абыржыдым.

  • Иә, базарға сатамыз ба деп алып шығып еді. Бес сомға да алмады ғой. бес сом деген тегін бергенмен тең ғой. Мейлі енді...

  • Менде ақша бар, – дедім мен.

  • Жо-жоқ. Атам жаңа шабықтан шөптей немесе жоңышқа күйінде қайтарамын, – деді.

  • Сендер мұны қаржы қажет боп сатуға шығардыңдар ғой.

  • Иә, солай. Енді шыдай тұрамыз да.

  • Қанбазардың бағасы қанша еді?

  • Өткен базарда он сомға да алып кетіп еді.

Мен он сомды суырып алып, Васяға ұсындым.

    • Жә, жә, мұның не. Өз адамдарымызға сатқанға, оның үстіне қымбатына бергенге бетім шыдамайды, – деп қарсыласты Вася.

Осы кезде әкем де үйге еніп еді. Істің мәнін айтпай-ақ түсініп, әкем мені қолдады. Вася көнетін емес. Болмаған соң әкем бір ұсыныс жасады.

  • Мейлі, айтқаның-ақ болсын, Уәсіл. Сен бізге жоңышқанды қарызға бер, біз ақшаны қарызға берейік! Әжетке жарап, бір-бірімізге қол ұшын бергеніміз болсын. Келістік пе?

  • Онда сөз басқа, ата, – деп келісті Вася. Сөйтіп менің қолымнан ақшаны алды.

Кешкі ас үстінде мен жиналғандарға өзімнің әскер қатарына шақырылғанымды айттым. Жұрт әскер жайын білгісі кеп сұрақтарын алдыма тосады. Мен сауалдарына жауап бердім.

Астан кейін қонақтарымыз Василий мен Маняны ауылына шығарып салдық. Өзіміз қалып шүйіркелесіп отырмыз.



  • Алғашында мен сені орыс келін әкелген екен деп қалып ем. – Әкем жымиып езу тартты. – Ал енде мән-жайыңды айтшы, шаруаңа қанықтыршы. Не болды, қайда бет алдың.

Мен әкеме бар жайды бастан-аяқ баяндадым. Ол ұйып тыңдап отыр. Мен сөмкемнен бір бума ақша алып, өзіме жүз сомын қалдырдым да, өзгесін әкемнің қолына ұсындым. Ол асықпай санады.

  • Мынауың бір жарым мың ғой, солай ма еді?

  • Иә, солай болуы керек.

  • Мұның бәрін бізге неге беріп жатырсың?

  • Полковник солай ет деген.

  • Ол сенің ақшаңа да билік ете ме?

  • Жоқ, әншейін ағалық ақылын айтқаны ғой. Бәлкім алысырақ барып қызмет етерміз деген болатын.

  • Біз осындамыз. Ағайындардың ортасындамыз ғой, сен болсаң алыста жалғыз өзің ақшасыз жүрмекпісің, өзің қалтаңа сала кет онан да.

  • Жоқ, әке. Мен жүз он сом жалақы аламын ғой. Оның үстіне тегін киім, тегін тамақ.

Әкем ақшаны бір шаршыға мықтап түйді де, сандықтың түбіне тастады:

  • Мейлі, аса қысылып бара жатпасақ, бұл ақшаңа қол тигізбеспіз. Өзіңе керек бола қалса, аялдамай, алаңдамай хабарлас.

  • Жо-жоқ. Қайта, өзім қаржы сап тұрармын.

  • Демек, әскерге ұзақ уақыт кетеді екенсің ғой, шырағым, – деді әкем. – Сөз саптауыңа қарағанда, сенің басшыларың өзіңе де, бізге де қамқор біреу ғой деп шамалап отырмын. Сондай жанашыр адамның қарамағында қызмет ететініңді жанымызға медеу тұтамыз да. Солар айтып, сол екі бастығың да ақыл-кеңес берсе, біз туралы толғанса, өзіңді де іштартқаны ғой.

Құлақ сал, балам. Есіңде жүрер бір жай болсын. Ертеде бір бишара кемпір өлер алдында жақындарымен арыздасып-қоштасып жатады. Осы сәтте ардың-гүрдің, әумесер ұлы сырттан кіріп келіп көзіне жас алып анасының тізесін құша қалыпты. Кешірім сұрай жылапты. Сонда ашулы ана былай деген екен: – Найза алып жауға бармадың, қамшы алып дауға бармадың, қос айдап егін екпедің; қан сасып бір көрден шығып ең; мен сенің неңе мақтанбақпын; мен сенің неңді кешірмекпін? – деген екен. Әз ана соңғы демі біткенше баласының ынжық боп, қор боп қалып бара жатқанына күйініп айтқаны ғой.

Өзің үлкен сапарға шығарда мен саған бар үмітімді арнадым, ұлым. Жаман атың шыққан жоқ еді. Сол жақсылығыңнан танба. Ақ жүрек болып жолдасың, адалдық сені қолдасын. Жақсылық үшін тірессең, жаныңда арың қорғасын. Арынды болсын шабысың, алымды болсын табысың, найзадай болсын намысың. Ер жігітке бәрі сын. Қиындық көрсең мұқалма, ауырлық көрсең жұқарма, қамқоршы бол кішіге, үлкенді үлгі тұт алға. – Әкем осылайша бар тілеуін алдыма үйіп-төгіп, бауырына басып, маңдайымнан сүйіп қоштасты.


Сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Бауыржан армияға баратынын білгенде ең алдымен кімге қатты алаң болды?

  2. Бауыржан мен Гончаровтар отбасындағы сыйластық туралы не айтуға болады?

  3. Бауыржан әке батасына қалай жігерленді?

  4. Бауыржан Отан алдындағы, ел алдындағы, ата-ана алдындағы борышын қалай өтеді?

31-сабақ
ШУАҚТЫ КҮНДЕР
Бауыржан ойған оюлар Өнер ертеден-ақ халықтың өмір-тір-шілігін, күресі мен жақсылыққа деген арман-үмітін бейнелей отырып, сана-сезімін дамытуда ерекше мәні болған.

Бауыржан Момышұлы
Тапсырма: Үзіндіні түсініп оқыңдар. Батырдың ұлттық өнерге деген көзқарасына сипаттама беріңдер.
...Тегінде, терлеп еңбек етпегеннің тілегіне жеткенін көргенім жоқ. Сөйтіп маңдай терімнің арқасында Мұқаңның мадақтауына ие болғанмын, – деп атам жан-жағына желпіне қарады.

Топты жарып бәйгеден аты келген баладай қуана масаттанған осы бір қарапайым да кішіпейіл бейнесінен сол сәтте көз алмадым. Өзінің бір беткей қайсарлығымен әйгілі болған қатал адамды әдеттегі «қарапайым» деген сөз қалпына сыйғыза қою бір қарағанда мүмкін емес секілді. Бірақ «Жемісті ағаштың басы жерге иіледі» дейді халқымыз. Менің атам баладан да кішірейер кішіпейілділігімен дара болатын, шынайы биіктік алдында тәкаппар басын июді ешқашан төмендеу санамаған. Осының өзінде тек атама тән ұлық бар еді.

...Шай жабдығы салынған ыдысымды көтеріп атамның бөлмесіне кірдім. Үстел үстінен кәдімгі шақпақ жолды қалың дәптердің бетіне ойылған әдемі оюды көрдім. Көлденең шетіне жазу жазылған. Алып қарағым келгенмен, атамның рұқсатынсыз қол жүгіртуге батылым жетпеді.


  • Ата, мына өрнекті көрейін десем қасында жазуы бар екен, – дедім.

  • Е, алып қарай бергін. Түнде ұйқым келмей жатқандағы әншейін ермегім ғой, – деп дәптерді мен жаққа қарай сырғытты.

Дәптердің беті жыртылмаған, түбінен босатылмаған, сол бүтін күйі өрнекті түсірген. Қалың дәптердің ортасындағы параққа қайшымен әсем өрнектің мінсіз ойылуы мені таң қалдырды. Өзі рұқсат етті ғой деп жазуын оқып шықтым.

Өткендерді еске алып ойға толам,

Сұрыптап, тезге салып көп ойланам,

Ой түбіне жете алмай титықтасам,

Қолыма қайшы алып, ою оям.

Осы қарапайым өлең жолдары жүрегімді шаншып өткендей болды. Жұмыр басты пенденің аяушылық сезімі көзіме еріксіз жас үйірді. Асыл атам! Түнімен нелерді ойлап, қандай тұңғиықтарға батады екен? Оймен, елеспен арпалысу азаптың азабы шығар?.. Менің ойымды Бақытжан бөліп жіберді.



– Қара бұларды, маған айтпай өздері «ысқырып» отырып шай ішеді. Менен жасырып тағы не көріп жатырсыңдар, мен де білейін де, – деп қасымызға отырды. Бақыттың өкпесінің жөні бар, шынында, біздің талай әңгімемізден сырт қалып жүргені рас. Шайым Шаваев деген ұйғыр жазушысының, әрі өзінің жолдасының «Кестелі тақия» кітабын орыс-шаға аударып, Москвадағы «Советский писатель» баспасына дайындап жатқан. Өздігінен шықпаса бөгет болмайық деп мазаламайтынбыз.

– Мына оюды қарашы, – дедім дәптерді көрсетіп.

Бақытжан қызығып қарады, бұл да атамның ою оятын өнерін алғаш көрген сияқты.


  • Папа! Мынауың керемет. Патент алып «Түскиіз» фабрикасының атақты шебері болуға тұратын өнер ғой бұл деген, сөйтсек қайтеді, а, папа?

  • Момышұлдарына ендігі жетпеген атақ сол еді, – деп атам мырс етті. Содан кейін көзі қуланып:

  • Тәуекел деп көрейік, мүмкін байып кетерміз, шікірейіп машина мінерміз, – деді.

  • Ең бай адам қарызы жоқ кісі, біздің жеке адамдарға ақшалай да, заттай да қарызымыз жоқ, – дедім, әкелі-балалы Момышұлдары баю жолына түскелі жатқандай.

Атам мен Бақытжан бір-біріне қарап, уәделескендей күліп жіберді. Ортадан қыстырыла ақылгөйсіп шыға келгеніме ұялып-ақ қалдым.

– Оюды ғой көрсеттіңдер, – деді Бақыт. – Ал мына иректеріңнің не екенін оқып бермейсіңдер ме?

Ол араб әріптерін танымайтын; мен оқып жіберейін дегенімде атам:

– Тұра тұрғын, – деді маған қолымен белгі беріп, сөйтті де домбыра ұстаған адамдай қолын мәнерлеп қозғап «домбырасын» шерте бастады.


Е – е – ей, інісі Жартыбайдың Бауыржанмын.

Зейнеп пен Бақыттан тәуір жанмын.

Батыр деген атақты халқым берген,

Аржақ – маржақ ұйқасын өздерің шығара беріңдер, ау аха – аха – ау! –


деген жазу еді. Біз көзімізден жас аққанша күлдік. Осы Жартыбай деген кісінің кім екенін күні бүгінге дейін білмеймін, әйтеуір, ұйқас қуып жазған өлең болса атам «Жартыбайский» дейді.

Сол күні Ержан апасына кеткен болатын, ертесіне оюды оған көрсетіп қойып едім, бәлеге қалдым. Кез келген қағазды атасына апарып «жасап беріңіз» деп қылқиып тұратын болды. Тіпті қиюға келмейтін, алақанның жартысындай қағазды апаратынды шығарды. Содан, атасы оған басқаша жол сілтеді:

– Ереке, сен мазаны көп алатын болдың. Сондықтан екеуіміз былай келісейік. Мен темекіні тартып болғанда қорабы босайды. Соның ішіндегі жылтырақ қорғасын қағазына мен ою оям, сен оны альбомға жинағын. Әйтпесе қайта-қайта сенің әкелген қожалақ қағаздарыңмен айналыса берсем, кітапты кім оқиды, жазуды кім жазады? Солай ма, балам? – деді атам мен жаққа қарап.

– Мен сізден өтінуге бата алмай жүр едім, бұл шешіміңіз өте жақсы болды. Менің бір тілегім, әрқайсысының сыртына өз қолыңызбен мезгілін жазып отырыңыз, – деп өтініш айттым.

Одан бері талай таң атып, талай күн шықты. Үлкен қоңыр альбомның іші толған ою. Сонау бала кезімдегі терезе әйнегіне түскен сиқырлы суреттер сияқты бірін-бірі қайталамайтын бір-біріне ұқсамайтын нәзік өрнектер. Табиғат өзі жаратқан төл таланттың қолынан шыққан сұлулық пен тапқырлықтың бір куәсіндей. Күні бүгінге дейін қайран қалатыным, атам ешқашан алдындағы ойған оюына қарамайтын, ұқсақ болып қалмасын дегенді ойына да алмайтын. Темекісін аузынан түсірмей-ақ немесе сөйлеп отырып қайшыны жорғалата беретін.

Атамның саласы ұзын, етсіз саусақтары қарасаң көзің тоймайтын ғажайып ұлттық өрнектерді немересі үшін ойып еді. Енді әкенің асыл мұрасы, үлкен адамның теберігі болып көзіміздің қарашығындай сақтаулы тұр. Бір кезде бәріміз ұнататын кешкі тыныш шақтарда, көгілдір сәулелі шамның жарығында альбомды алып қараймыз. Ержан сындырып алмайын дегендей альбом беттерін аса ұқыптылықпен аялай ашады. Ұзақ-ұзақ қарап көріп, үнсіз отырып қалады.

Өмірдің талай соққысын жеп, отқа күйіп, мұзға тоңып болаттай шыңдалған қайсар да қатал адамның жүрегінің нәзіктігі мен шынайы сұлулық талғамына басыңды иесің. Келмеске кеткен, зымырап өте шыққан сол бір шуақты күндердің нұрлы шапағы күні бүгінгідей көңілді баурап, жылытып сала береді...



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет