Д. П. Қожамжарова, Р. Н. Темірбекова бауыржантануға кіріспе



бет6/11
Дата31.12.2019
өлшемі0,93 Mb.
#54012
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Бауыржанның «Ал қазақ үшін атқа міну – аспанда құс боп самғау екенін өзің де білесің ғой» деген сөзінен нені аңғардыңдар?

  2. «Жаужүрек аттың үстінде жаужүрек жігіт қана отыруға тиіс. Ордан орғыған, биіктен қарғыған ат үстінде тастай қатып, тапжылмай отыру үшін де жігер, қайрат, ұстамдылық керек! деген қағидаға түсінік беріңдер.

  3. Ұлы Отан соғысы кезінде ат спортын игерудің жеңіс туын желбіретуге қаншалықты үлесі болды деп ойлайсыңдар?


Қырғыз ақыны Сүйінбай Эралиев

Ақбоз ат мінген қолбасы
Княжий Клин селосы,

Жайладық жетіп төрін біз,

Майданнан жырақ жер осы.

Бұл бірақ күзет шебіміз.

Осында тоқсан жол-торап,

Ұмытпа жалғыз міндетті:

Мандатын тексер, тұр қарап, –

Кім келді, бұдан кім кетті?

... Ойқастап міне, Ақбоз ат

Жарқ етіп алдан көрінді.

Аспаннан әлде нақ сол сәт

Ақша бұлт оқыс бөлінді.

Құйғытып келеді адырдан

Құрбыма айттым: «Бауыржан!

Тоқтатам құдай болса да,

Уставқа бәрі бағынған!»

Сол, Момышұлы! Есіттім,

Аңыздай атын көптенгі.

Полкымен жолын кесіпті

Мәскеуге шапқан көп қолдың.

Болсам да қанық даңқына,

Көрмеп ем өзін өмірі.

Ойнайды желмен шалқыма

Бурканың екі өңірі.

Келеді зулап командир,

Майданда сондай ер екен!

Көрінді қызық маған бұл

Тоқтатсам ол не дер екен?

Еріне жағар әрбір ат,

Қасиетімен әрқандай.

Ал мына Ақбоз арғымақ,

Ақ сүтке малып алғандай.

Арқырар ақбоз ұрыста,

Айқастың қызып дуынан.

Жарқылдар қиғыр қылыш та,

Сыңғырай шығып қынынан.



18-сабақ

Ә. Нұршайықов

АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ

(үзінді)

«Жақсыгүл» әңгімесі
Біздің жерімізде еркек – діңгек, әйел – гүл.

Әйел – құнарлы топырақ, онда адамзат дәні өсіп, жетіледі. Біз сол дәннің жемі-сіміз.

Бауыржан Момышұлы
Тапсырма: Әңгімені оқып, Бауыржанның адами қасиеттеріне талдау жасаңдар.
Мен ауруханада сексен күн жатып, марттың аяқ жағында үйге қайттым. Бауыржан жүз жиырма күн жатып, менен кейін шықты. Менің жүрегім, Баукеңнің аяғы ауырды. Көп уақытқа дейін біз жүздесіп, тілдесе алмай, бір-бірімізге қасымыздағы сырқат серіктері-мізден сәлем айтысумен болдық. Сөйтіп біздің диалогтарымыз жолдастар арқылы жалғасып жатты. Әсіресе Баукеңнің әйелі Кәмәш екі этажда серейіп жатқан екеуіміздің арамызда үлкен хабаршылық қызмет атқарды.

ІІІ
– Бауыржан екеуіміздің жаңа қосылған алғашқы күндеріміз еді, – деп бастады Кәмәш әңгімесін. – Бір күні біреу үйге телефон соқты. Онда Дзержинский көшесіндегі үйде едік. Телефон дәлізде болатын. Трубканы мен барып алдым. Ар жақтан бір жас қыздың даусы келді.

– Кім керек сізге?

– Маған Бауыржан керек. Мен Жақсыгүлмін. Шақырып жібері-ңізші, – деді қыз.

«Мұның Жақсыгүлі кім?» деп іштей ойлап Бауыржанға бардым.

– Сенің Жақсыгүл дегенің бар ма еді? – дедім оған.

– Жоқ, – деді бұл бірден.

– Трубкаға шақырып тұр, бар сөйлес, – дедім мен оның «жоқ» дегеніне сенбей.

– Мен ондай адамды білмеймін, – деді бұл. – Барып трубканы жауып қой.

Сенер – сенбесімді білместен трубканы жаптым. Сонша бақыруы жаман, бір пәлесі бар ғой деп ішімнен күдіктеніп қалдым.

Екінші күні тағы телефон шырылдады.

– Бауыржан жоқ, – деп сарт еткізіп, трубканы жаба салдым.

– Ол кім? – деді Баукең кабинетінен.

– Сенің Жақсыгүлің, – дедім булығып. Ішім өртеніп қоя берді. Осының бір пәлесі болуы керек. Бұл бетіме бір қарады да:

– Ә, Жақсыгүл ме? – деп жұмысын істеп отыра берді.

Бір күні қызуым көтеріліп қатты ауырып, төсектен тұра алмай жатып қалдым. Түс кезінде дәліздегі телефон шырылдады. «Дәуде болса Жақсыгүл шығарсың» деп, ауырғанымды ұмытып, басымды төсектен тез көтеріп алдым. Кабинетінен шығып Баукең трубканы көтерді. Бұлар не сөйлесер екен деп, бір демімді ішіме тартып тыңдай қалдым.

– Иә, мен Бауыржанмын, – деді Баукең. – Ә, Жақсыгүлмісің? Жақсымысың? Келейін деп едім дейсің бе? Келсең кел. Әдіріс пе, әдіріс мынадай, – деп үйдің әдіресін айтты да трубканы жапты.

Лезде есік шылдырады. Кабинетінен шығып Баукең сыртқы есікті ашқан кезде жататын бөлмеден жай оғындай мен де шықтым дәлізге. Шықсам:

– Сәлеметсіздер ме? – деп үріп ауызға салғандай бір жас қыз табалдырықтан аттап келе жатыр.

– Сәлемет пе, шырағым, – деді Баукең өз кабинетіне қарай кетті. Қызбен бетпе-бет дәлізде жалғыз мен қалдым. Бас – аяғына қарасам, кісі жаманшылыққа қиятын бала емес. Мен оны бөлмеге алып кірдім.

– Отыр қалқам. Кімсің?

– Жақсыгүлмін.

– Бауыржан керек еді, апай.

– Бауыржанды көріп пе едің өзің, білесің бе?

– Білемін, көргенмін.

– Қайдан келіп едің? Қайда оқисың? – дедім.

– Ешқайда оқымаймын, апай. Былтыр ауылдан оқуға келіп, институтқа түсе алмадым да, қазір сатушы боп жұмыс істеп жүрмін.

– Ал, Бауыржан керек болса, бар, жаңағы шал Бауыржаның. Бұрын кездессеңдер, танып тұрған шығарсың, – дедім даусым дірілдеп.

Қыздың көзі бақырайып кетті.

– Ол...емес, апай, – деді дыбысы әрең шығып.

– Алғашында аңғармай қалған шығарсың. Қараңғыда кездесіп пе едіңдер? – дедім сонда да сенбей.

– Жоқ, сонша қараңғы емес болатын... Ол жасырақ болатын... Екеуіміз танысқаннан кейін, менің ауылдан келгенімді білді де, өзін Бауыржан Момышұлымын деп айтты. Менің бұрын Бауыржан туралы естігенім болатын. Сол кісі осы екен ғой деп ойладым... Ол менімен ажырасарда: әдіресім телефон справочнигінде бар, «М» әріппен қарасаң табасың деді. Үйде аға-жеңгем бар. Өзім болмасам, телефонды сол екеуінің біреуі алады деді де кетіп қалды.

– Қай жерде кездесіп едіңдер?

– Максим Горький паркінде...

– Бойы қандай еді?

– Ол кісі сұңғақ бойлы, арықша келген қара сұр жігіт болатын.

– Басқа қандай белгілерін білесің?

– Ешқандай белгісін білмеймін, апай. Екі көзі жылтырап тұратын сияқты еді. «Қалқам, айналайын» деп кісінің асты үстіне түсіп өліп кете жаздайды екен. Парктің аузында таныса сала:

Жүр, қалқам, ресторанға кіріп, сусын ішіп шығайық, айналайын, – деді... «Айналайын» деген сөзді ылғи созып айтады. Мен содан бері осы үйге күнде телефон соғып жүрмін.

Қыз қызарып, бұл сөздерді жыларман болып айтты. Қыздың алданғанын біліп, енді оған жаным аши бастады.

– Қарағым – ау, өзің ойламайсың ба: соғыстағы жас Бауыржан осы күнге дейін жас қалыбында жүр дейсің бе? Бауыржан бұл күнде сенің әкең құралпы кісі болған. Жаңағы өзі есік ашқан-нағыз Бауыржанның өзі. Көремін десең жүр, ертіп апарайын, – дедім.

– Жоқ, апай. Менің енді ол кісіні көрер бетім жоқ. Менің кетуіме рұқсат етіңіз, – деп қыз орнынан тұрды.

Мен есікті ашып, қызды қоя бердім.

– Әй, ол кім екен? – деді Баукең дауыстап.

– Жақсыгүл.

– Жақсыгүл ме! Жаңа барамын деп әдірісті сұрап алып еді, не шаруасы бар екен?

Мен Жақсыгүлдің жайын айттым. Мынау шала бүлінді де қалды.

– Неге қазақтың жас жігіттері ауылдан келген қыздарды алдайды? Ұят, ар, намыс қайда? – деп маған зірк-зірк етеді.

– Оны жігіттерден сұра, маған несіне күжілдейсің? – дедім.

– Жігіттің аты– жөнін біле ме екен өзі?

– Бауыржан деп тұр ғой.

Бұл маған ала көзімен қарады да, ештеңе демеді.

– Түрі-түсін біле ме екен өзі?

– Ұзын бойлы дейді, – дедім де ар жағын айтпай қоя қойдым. Қыздың айтқан белгілерімен Баукең бет алды біреулерге тиісіп, ұят болып жүрер деп ойладым. – Байтақ қалада бетіне қарап кімді танушы едің?

Бұл сөзге Баукең бөгеліп қалды.

– Сұрқиялар алдымен жұртқа қиянат жасайды. Содан кейін сыртыңнан сенің атыңды сатады. Мұндай сұмдарға бір зауал жасау керек, – деп Баукең біраз бұрқырап алды да, артынан сабасына түсіп, істеп отырған жұмысына кірісті.
Сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Бауыржанның: «Неге қазақтың жас жігіттері ауылдан келген қыздарды алдайды? Ұят, ар, намыс қайда?» деген сөзінен батырдың қандай қасиетін байқауға болады?

  2. Әңгімедегі Жақсыгүлге мінездеме беріңдер.

  3. Жақсыгүлдің баладай сенгіш, аңғалдығы туралы не айтар едіңдер?

  4. Қазақ халқы қыз баланы ерекше қадірлеп, ертеңгі ел анасы ретінде бағалаған. Қазіргі кезде кездесетін кейбір жігіттердің опасыздығы мен ару бойжеткендеріміздің аңқаулығы, бір күндік қызығын ғана ойлайтын жеңілтектігі туралы пікірлеріңді ортаға салыңдар.


19-сабақ

Ә. Нұршайықов

АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ

(үзінді)
«Таксист» әңгімесі

Өмірден ар қымбат.

Бауыржан Момышұлы
Тапсырма: Әңгімені пайымдап оқыңдар. Бауыржанның адамгершілік қасиеттері туралы әңгімелеңдер.
– Апырау, Баукеңнің атын сататын да батырлар бар екен ғой.

– Бар-бар, – деді Кәмәш басын тез-тез изеп. – Мен Сізге мына бір оқиғаны айтып берейін.

– Бір күні Бауыржан екеуіміз қала араламақ боп такси шақырдық. Шоферіміз ұйғырдың бір жас жігіті екен. Баукең соның қасында, мен артта отырмын. Бір кезде мен:

– Бауыржан, мына магазинге кіре шығайықшы, – дедім.

Мен Бауыржан дегенде, таксист жігіт Баукеңнің бетіне жалт қарады. Содан кейін де қайта – қайта қарағыштай берді.

Біз магазиннен шығып, Баукең қасына жайғасқаннан кейін таксист жігіт машинасын жүргізуден бұрын Баукеңнің бетіне қарады да:

– Аға, Сіз шын Бауыржансыз ба? – деп сұрады. – Момышұлы Бауыржансыз ба?

– Ол не керек саған? – деді Баукең қатқылдау үнмен.

Шофер жігіт күлді де, осыдан бір жыл бұрын өзінің бір жолаушыны тасып, қаланы күні бойы аралатқанын айтты.

– Мен одан бір тиын ақша алмадым, – деді жігіт. – Өйткені ол «Мен Бауыржан Момышұлымын!» деді. Атақты Бауыржаннан ақша алып не болыпты маған?

– Неге алмайсың? – деп сұрады Баукең.

– Себебім бар.

– Қандай себеп?

– Менің әкем Ұлы Отан соғысында Бауыржан полкының жауынгері болған. Әкем Бауыржанның батырлығын, солдаттарға деген қамқорлығын аузынан тастамай айтып отырушы еді.

– Әкең тірі ме? – деді Баукең оған сәл бұрыла түсіп.

– Бертінде қайтыс боды, – деді таксист. – бірақ мен оның Бауыржан екеніне бір сөзінен шүбәланып қалып едім. Өйткені біз микроауданға қарай бара жатқанда бір «Запорожецті» басып оздық. Сонда ол:

– Мен де осындай бір «запорожец» алсам деп жүрмін, кезекте тұрмын, – деп қалды.

Ол сәл қолайсызданып қалды да, содан соң күліп:



– «Волгамның» бары бар, оны өзім мінемін, «Запорожецті» балаларға алып берейін деп едім, – деді.

Мен солай болса солай шығар дедім де қойдым. Сонымен міне, бүгін екінші Бауыржанды алып келе жатқаныма таң қалып отырымын.



– Екінші емес, бұл – номері бірінші Бауыржан, – деді Баукең шоферға даусын көтеріп.

Таксист «қайдан білейін» дегендей, басын шайқады.



– Тоқтат! – деді Баукең қатуланып.

Таксист те, мен де сасып қалдым. Ол дереу машинасын тоқтатты. Мен Баукең түсемін деп әлек салып жүрмесе екен деп қылпылдап барамын. Жоқ өйтпеді. Қалтасына қолын сұғып, паспортын суырып алды да:



– Мә, оқы, – деп шофер жігітке ұсынды.

Ол паспорттан Баукеңнің аты-жөнін оқып шығып, қуана бас изеді. Содан кейін қайтадан ілгері қозғалдық. Мен де ішімнен «уһ» дедім.

– Анау Бауыржан қанша ақшанды бермей кетті? – деп сұрады бір кезде Баукең таксистен.

– Көп емес, ағай. Он сом ғана.

– Өзіңнің балаларың бар ма?

– Бар, ағай, екі балам бар.

Біз баратын жерімізге жеттік. Таксистің счетчигіне қарап едім, бес сом екен. Соны төлейін деп сумкамды ашқалы жатыр едім, Баукең:



– Маған жиырма сом бер, – деді.

Мен оны не қылады деп ойладым да, сумкамнан алып алдымен оның сұраған ақшасын бердім. Одан кейін таксистке бес сом ұсынғалы жатқанымда, Баукең:



– Қарағым, мынау былтырғы, жалған Бауыржан алдап, төлемей кеткен он сомың. Мынаның бес сомы мына счетчигің көрсетіп тұрған біздің жол ақымыз. Қалған сомына менің атымнан балаларыңа базарлық апарып бер, – деп жаңағы менен алған жиырма сомды тұтас таксистке ұсынды.

Шофер сасқалақтап:



– Мен Сізден бір тиын да алмаймын! – деп еді, Баукең:

– Молчать! – деп ақырып қалды да, ақшаны оның алдына тастай салды. – Бұдан кейін алданушы болма.
Сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Жүргізушінің әңгімесі қандай ойға қалдырды?

  2. Бауыржандай батырымыздың атын пайдаланып, жалғанды жалпағы-нан басып жүргендердің ар жазасы туралы не айтуға болады?

  3. Бауыржанның такси жүргізушіге артық ақша беруін қалай бағала-дыңдар?

20-сабақ

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ:

«КӨЗ АЛДЫМДА БӘРІҢСІҢ»
Тапсырма: Мәтінді оқыңдар. Бауыржан Момышұлының ұлы жазушы Мұхтар Әуезовке деген ыстық ілтипатына назар аударың-дар.
Мұхтар аға
Мен Мұхаңның атын бала кезінен білетіндердің біреуімін. Мен шетте өскен қазақтарлың бірімін. Ол кісіні сыртынан ғана білетінмін. Ұлы Отан соғысының бас кезінде менің атағым ел аузына ілінді. Менің даңқым Мұхаңның да құлағын еліртіпті. Ол кісі майданда жүргенімде маған сегіз хат жазды...

Мұхаңның хатына мен уақтылы жауап қайтарғам. Кешікпей ол кісіден мен екінші хат алдым. Менің бұрынғы хатта айтқан пікірлерімді ұнатып хазыпты. «Абай» романының бастама кітабын жіберіпті. Кітапты оқып шығып, мен кешікпей, өзіме қалай әсер еткенін, өз пікірлерімді талдап үлкен хат жаздым. Ол хатты Мұхаң көп адамдарға көрсетіп те, оқып та беріп жүргенін бірнеше жолдастар маған ризалық ретінде жазды да. Содан бастап хат алысуымыз жиілей бастады...


«Абай жолы» романы туралы пікірі
... «Я очень недоволен. М. Әуезовтің «Абайы» ұлы шығарма, бірақ кейбір жерлерімен келіспеймін. Неге? Ол кісі Абайды көтеремін деп, Құнанбайды кемітеді. Бұл үлкен қате деп білемін.

«Иттен ит туады боқ жейтұғын,

Малдан мал туады шөп жейтұғын», – дейді.

Осы принципті Мұқаң саясатқа бейімдеуге барды.

Құнанбай-ол қазақтың Грозныйы. Иван Грозный мақсатына жетті, бірақ Құнанбай ойына жете алмады. Мұхаң осыған түсінбеді. Мен бұл ойымды Мұхаңа да айтқанмын. Құнанбай қазақ мемлекетін жасауға ұмтылған еді. Қытай шекарасында наймандар бар. Құнанбай найманға тілін алдыра алмаған.

Ертеде ер екен қалың найман,

Қалың найман Қытайға қанат жайған,

Қазақтың бағаналы руында, Бақсы асқан жоқ Қойлыбайдан, – дейді Мағжан.

Мұхаң әкесі мен баласын қарсы қойған».

Б. Момышұлы: «Көз алдымда бәріңсің».



Екінші хат
«Намыс гвардиясы» деген пьесасын Мұқаң

маған жіберді. Оны мен шұғыл оқып

шықтым. Маған ұнамады. Ол туралы

мен ол кісіге ашық та, ащы жаздым...

Бауыржан Момышұлы
Мен сізге қазіргі заманғы соғыс мушкетерлері мен пикатерлердің соғысы емес және де Ұлы Отан соғысының офицерлері (мундир киген кез келген пендені емес, нағыз офицерлерді айтып отырмын) – Сізге ХVI ғасырдың рыцарлары емес деп жазған едім... Олар негізінен үш категорияға бөлінеді: жақын қашықтықтағы офицерлер, тактикалық ойлау мен тактикалық мақсаттағы офицерлер, стратегиялық ойлау мен стратегиялық мақсаттағы офицерлер. Бұл соғыста ұрыс даласында қызу қанды гладиатордың қара күшінен гөрі ақыл сын таразысына түседі – адамдар ақылмен, ептілігімен соғысатын болады.

Сіз қалайша «Намыс гвардиясына» байланысты бейғамдыққа, тым аңғал сенгіштікке жол беріп алғансыз, сіздің көркемдік қуаты күшті, өте бай, орамды, ұтқыр, шебер, тұшымды да терең ойлы, айшықты талантыңызға білімсіз, тар өрісті, парасатсыз қосалқы авторыңыздың қосарласуы жасанды, өкінішті, анайы болып шыққан екен.

Өйткені құдайдың суретін салушылар (богомазы) кез келген суретшіден жақсы салғанымен, ешуақытта суретші болып саналған емес, яғни құдайдың суретін салушының қыл қаламынан ешуақытта нақты өмірдің суреті шыққан емес ...

Әттең хас суретшінің білімсіз адаммен бірлесе жұмыс істеймін деп ойламаған жерден құдайдың суретін салушы болып шыққаны қандай өкінішті, қынжыларлық-ақ.

Пьесада тәртіп, әскери және күнделікті өмірдегі мінез – құлық пен әдептілік нормалары мүлдем көрсетілмеген, порногарфиялық жүгенсіз-дікке дейін жеткен, орынды да, орынсыз да кез келген сәтте ернін тоса беретін, өзінің ішкі сезімін тежей алмайтын ана ақымақ Нина деген кім?

Валентинаны, оған әр түрлі болмаған нәрселерді таңып мадақ-таудың керегі не?

Бұйрықтың күші, оның мүлтіксіз орындалуы, әмір етуші қатал командир ойының нақтылығы қайда?



Жауынгерлік тапсырманы орындау жөніндегі неғылған әңгіме, бос мылжың, кімнің саптың басында жүруіне байланысты неғылған саудаға салушылық, неғылған еркіне салушылық пен жалынып-жалбарынушы-лық?

Табан тіресе қарсылық көрсетпей, қысылшаң жағдайсыз, кейде, уақытша жеңіліске ұшырамай-ақ тымақты аспанға ататын жеңісті қайдан алдыңыз? Неғылған парықсыз, жүрек айнырлық айқай – шу, ура?

Сіз өз еркін қарамағындағы жауынгерлерге ғана емес, сонымен бірге дұшпанға да таңатын билікті толық қолына алған офицерді қайда жібергенсіз, тіпті Панфиловты қоян-қолтық ұрыстың шебері ретінде көрсетіпсіз. Тактика мен стратегияның не екенің шынымен түсінбе-геніңіз бе?

Жұрттың бәріне бірдей қолына найзалы винтовка ұстаған солдаттай қарауға әсте болмас.

Біздің әскери ғылымымыз, оперативтік – тактикалық ойларымыз, операциялардың тактикалық – стратегиялық маңызы мен қарама-қарсы жақтардың қалыптасқан жағдайдағы жай – күйі қайда?

Елгезек солдатты, мойынсұнғыш, өте әділ, айбынды, ержүрек, қарапайым жауынгерді қайда жібергенсіз? Сіздің Төлегеніңіз ұрыс даласының солдатынан гөрі сахна сайқымазағына айналған.

Достарыммен қарым-қатынаста тік әрі дөрекілеумін – бұл менің кемшілігім. Сіздің ағаттығыңызға тек жазалаумен ғана көмектесе алатыныма өте өкініш білдірмекпін.
Аса құрметпен

өзіңіздің

Бауыржаныңыз

17.11.1942 ж.
Ой қозғау

Өйтпесе, Бауыржан бола ма?
Бауыржан Мұхтар Әуезовті сынаса, екеуінің арасы жақсы болмады деген ой туындамауы тиіс. Өйткені Б. Момышұлының Мұхтар Әуезов жайлы естеліктері де, дерек көздерінен белгілі болғандай, екеуінің қарым-қатынастары да шынайы достыққа, таза, адал сезімге құрылған. Батыр бабамыздың М. Әуезов дүниеден өткен шақтағы жасаған ерекше әрекетін Баукең болмаса кім жасар алар еді?

Мұхаңның қайтыс болуы туралы суық хабарды естіген Баукең «Қазақтың арысы өтті дүниеден, бауырым-айлап ат қойып барамын» деп қала шетіндегі колхоздардың біріне ат дайындатқызып жатады. Ол кездерде қазақтың салтындағы қаралы үйге бір-екі шақырым қалғанда бауырым-айлап, аттың басын қоя беріп, атты ұстауға тұрған жігіттерге де қарамай, аттан домалап-домалап түсіп, ет жақындарымен өкіріп көрісіп жататын салт қала түгілі ауылда да жойыла бастаған кез-тұғын. Баукеңнің бұл дайындығын әлдебіреулер Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа шошына жеткізсе керек. Қандай істі де түбінен, тереңнен ойланатын Димекең сәл ойланып тұрады да: «Тимеңдер, солай барса, барсын. Тек сол уақытта көшедегі техниканы түгел тоқтатыңдар» депті. Айтқан уақытта Алматының орысын да, қазағын да таң қалдырып, көшені қақ жарып, бауырым-айлап бір қазақ күркіреп, дүркіреп қала көшесін тасырлатып шауып бара жатты. Ол Баукең еді...
Маржан Рақай

«Арай» газеті, 2008 жыл.

25 желтоқсан.
Сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Б. Момышұлының айтқан сынын Мұхтар Әуезов қалай қабылдады деп ойлайсыңдар?

  2. Өткір сын айту үшін биік талғам, асқан байқампаздық, зейін мен зеректік қажет десек, Баукең бойындағы осындай қасиеттерді атап түсіндіріңдер.

  3. Қазақ халқының талантты ұлдары – Мұхаң мен Баукең арасында қандай достық және шығармашылық үндестік болды?

  4. Баукеңнің Мұхтар Әуезовтің қазасына «ат қойып» баруы нені аңғар-тады?

  5. Қосымша әдебиеттерді пайдалана отырып, «Шынайы достық пен сыйластық» тақырыбында шығарма жазыңдар.


21-сабақ

МАЙДАННАН ЖАЗЫЛҒАН ХАТТАР

Қазақстан КП (б) Орталық Комитетінің насихат

және үгіт бөлімінің меңгерушісі Әбдіхалықов жолдасқа

Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады

(қазақ халқының мәтелі)


Тапсырма: Хатты зейін қойып оқыңдар. Бауыржанның жан тебіренісіне көңіл аударыңдар.
Осы хатымды тиісті иелеріне ықыласпен табыс етуден бас тарт-пассыз.

Коммунистік сәлеммен гвардия подполковнигі Бауыржан Момыш-ұлы.

18.10.1942 ж.

Қазақстан жазушыларына, журналистерге, баспагерлеріне.

Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады.

(қазақ халқының мәтелі)

Ақын болу шарт емес,

Азамат болу міндетің

(Некрасов)

Мен қазір адам жан дүниесіне арналған үлкен агрегатты конструкция жасаумен, көлемі де, іргелі көркем туынды жазумен (оны біз әділін айтсақ соғыстың аяғына дейін көре алмаспыз) қолдары тимей жүрген қазақ жазушылары мен журналистерінен осы хатым арқылы олардың ісіне араласып, көңілдерін алаңдатқаныма өте кешірім сұраймын.

Жауынгер де сүйек – еттен жаралған. Ол да өмір, махаббат туралы ойланып, толғанады, сүйіктісінің іңкәр сезімі мен ерке назын, кішкентай қара домалағының былдырлаған бал даусын, бұйра шашты бүлдіршін қызын сағынады, өйткені ол – ер азамат, ол әке!

Оның жүрегін жауынгерлік ерлік қуанышты, махаббат қуанышы, әкелік сезім қуанышы кернейді, оны әсем табиғат тамсандырады. Гүлдердің жанға жайлы жұпар иісін сіміре жұтқанды ұнатады. Мол сәулесі күн нұрының жылуын жаны сүйеді, ол түнде көгілдір, бұлтсыз, жұлдызды аспан күмбезіне қызыға қарайды. Бұл өмір ғой, ол тірі адам емес пе.

Ол оққа ұшқан жауынгер жолдасын жер қойнына беріп тұрып үнсіз егіледі. Туыстары мен достарының, жан жолдастарының кірбің қабақ көрсеткеніне ызаланып, ашуланады, қайғырып ренжиді. Кейде ол қалжырап, күйзеледі: оған кес-кестеп алдан шығатын жанды жұлмалайтын, жан-тәнінді бірдей боршалап, жаншып тастайтын, еңсені езіп, бой алдырмайтын әр түрлі ойлар оралады.



Ұлы Отан соғысы майданында кемінде жүз мыңдаған жауынгер қазақтар бар. Олардың басым көпшілігі орыс тілін білмейді. Сіздерден, жауынгерлер мен командирлерден (өкінішке орай Соғыс және еңбек майданында бір сапта бола алмағандармен) мен мынаны сұраймын:

  1. Сіздердің қайсыңыз әдебиет майданының қандай бөлімі мен қандай қару түріне (поэзия, проза, дараматургия және т.б.) жатасыз? Бұл неғылған бөлім мен қару түрі және Сіздер солдат ретінде соғыс және еңбек майданында не істеп жатырсыз?

  2. Сіздердің қайсыңыз жауынгердің жанын жадыратар, оған поэзияның кеудені жарар хош иісін жұтқандай күйге бөлейтін қолда өсірілген раушан мен гүл дестені айтпағанның өзінде, солдатқа ең болмағанда бәшешек пен тау қызғалдағын сыйладыңыз?

  3. Сіздердің қайсыңыз солдаттың жан дүниесі мен жеңіске жетуге оқ, найза және басқа да қару-жарақ сияқты соншалықты қажет ішек-сілені қатыратын, қыран-топан күлкіні айтпағанның өзінде жауынгердің сұсты жүзін жадыратып еріксіз езу тартқызатын әзіл-сықақ әңгіме жаздыңыз?

  4. Сен жауынгердің жан дүниесін ыза-кектің от жалынымен өртейтін, солдатты аяусыз, кекке-кекпен, жанға-жанмен, қанға-қанмен кек алуға үндейтін халықтың мұң мен шерін, қайғы-қасіретін, жауға деген ыза қаһарын, өшпенділігін, соғыс тақсіретін толық көрсететін очерктер (немесе сіздерге әдебиетте не деп айтатын еді) жаздыңыз? (Қосымша: Сағындықов қазақша аударған К. Симоновтың «Өлтір оны» өлеңі).

  5. Сен жауынгерді адамзаттың барлық адамгершілік қасиеті, мақтанышы мен абыройы туралы ойландырып толғандырып, ұят, опасыздық пен масқара болу сезімнен өз бойын аулақ ұстап, қорқыныш сезімін жеңуге ықпал ететін әдемі, қысқа, қарапайым, ұғыныңқы, көркемдік қуаты күшті, солдаттарға түсінікті тілде өмір, бақыт, махаббат, семья, ар-ождан мен абырой, данқ, айбыныдылық, ерлік туралы шығарма жаздыңыз?

  6. Сіздерге солдат ұрысқа өлуге барады деп кім айтты? Жалған! Солдат ұрысқа өлу үшін бармайды, ол да Сіз сияқты өмірді сүйеді, сол үшін де ұрысқа барады.

  7. Сіздерге қорқыныш жоқ деп кім айтты? Қорқыныш бар және әрбір тіршілік иесіне тән нәрсе барлық кезде де кездеседі. Қорқыныш сезімін парыз бен адамгершілік борышты терең сезіну арқылы жеңеді. Адам сезімдегі осы ақиқат фактіні жасыруға, оны шынайы да айқын етіп, қорқақ пен байбаламшылдық, жүрексіз бен қарақан басын ойлаушылықты масқаралап сипаттамауға кім право берді?

  8. Сіздерге ерлік – табиғат сыйы деп кім айтты? Жоқ. Ерлік – табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі, Отан алдындағы қасиетті парызынды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезіммен жігерленіп, өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі.

  9. Сіздерге солдат жасаған ерлікті, қаһармандықты тиісінше бағаламай, нағыз шынайы фактіні, әсерлі тарихи шындықты, бір өзі билік жүргізуші офицер мен бұйрықты тапжылмай орындайтын солдатты толық бейнелеп көрсетудің орнына жазушының қиялына беріліп, кемтіп немесе әсірелеп қағазды көркем шимай шатпақпен білдіруге кім право берді?

  10. Сіздерге орыс жазушыларының кейбір жақсы шығармаларын түпнұсқаның мән-мазмұнын дәл орыс тіліндегідей қуатпен қазақ тіліне еркін, жеңіл, түсінікті етіп жеткізуді автордың талап етудің орнына, қазақшаға жолма-жол, сөзбе-сөз (ешкімге түсініксіз орыс сөзін қазақша айту) аударуға кім право берді?

  11. Соғыс аяқталғанға дейін күтіп отыру позициясын ұстануға, қол қусырып, жазбай, әзірше кездейсоқ материалдарды жинап, әдебиет тосқауылында отыруға Сіздерге кім хұқық берді?

  12. Абай қариядан, оның лирикасы мен данышпандық, даналық ойларын үйде тұтқындап, шығармаларын шағын кітапша етіп бастырып майданға жіберуге кім рұқсат бермеген?

  13. Дана Жамбылды күнделікті болып жатқан оқиғалардың барысымен үнемі әрі толық хабардар етіп отырмауға, оған сауатсыз, білімсіз, орысша газеттің өзін буындап оқитын хатшы бекітіп, сөйтіп ақсақалды Ұлы Отан соғысының қызу күндерінде оқшау қалдырып, бұл даналықтың қуатты агрегатына «іркіліс» жасауға кім право берді?

  14. Сіздерге жүздеген мың жауынгерлерді (орысша түсінбейтін немесе нашар түсінетін) – қазақтарды өз ана тілінде шығатын газет пен әдебиетсіз, ескерусіз (мүлдем) қалдыруға кім право берді?

Мен солдат ретінде, осы сұрақтың бәріне жауап талап етемін. Тағы да біраз нәрселер айтайын деп едім, бірақ уақытым тапшы болды. Қаламым шындықты жазып отырғандықтан да хатымды қайталап «кешірім сұраймын» деген сөзбен аяқтағым келмейді.

Бүгінгі күннің тақырыбын игеруде жемісті творчестволық еңбек ете беріңіздер деген шын көңілден шыққан тілегімді қабыл алыңыздар. Өйткені «Сөз адамды ғана емес, сонымен бірге сол дәуірдегі қоғамды да сипаттайды».

(Н. Гоголь)
Сіздерге деген құрметпен гвардия подполковнигі Бауыржан Момышұлы.

РС. Эпиграф пен эпистрофты олардың авторларының шығарма-лары қолымда болмағандықтан еркін, есімде қалғаны бойынша кел-тірдім.

Қосымша: Қазақ тіліндегі қалтаға салып жүретін әскери әдебиеттің бірінші беттерінің үлгілері – 6 түрлі атау.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет