Сұрақтар мен тапсырмалар
Б. Момышұлы сөзінің артықшылығы мен құндылығы неде? Ол көркем шығармаға қандай талаптар қояды?
Баяндамашының «Кітапты жазып жатқан соғыс деп қайталап айтамын. Александр Федорович, жазушы ретінде – автор, мен материалмын, оның көмекшісімін. Біз адал жұмыс істеп жатырмыз» – деген сөзін қалай түсінесіңдер?
Батыр соғыстағы жауынгерлердің ерліктерін қалай бағалаған? Бауыржан Момышұлы: Баяндаған істерді,
Мен істедім демеймін,
Мен істедім дегенше,
Мың істеді дегеймін, – деген сөзінде кімдердің мәртебесін асқақтатуды мақсат тұтады?
Майдангер жазушының «Басқа жазушылар сиямен жазса, біз қанмен жазамыз» деген сөзінің мәні неде?
Шешеннің сөйлеу әдебіне, тіл байлығына және мәдениетіне өз тарптарыңнан баға беріңдер. Оның айтқандарын «Шешендік сөзге қойылатын талаптар» тұрғысынан талдаңдар.
«Ерліктің атаусыз кетуі – халықтың трагедиясы» тақырыбында шағын шығарма жазыңдар.
А. Бектің «Волокалам тас жолы» кітабын сыныптан тыс бірігіп оқыңдар. Батыр бейнесінің сомдалуына назар аударыңдар.
27-сабақ
Отаншылдық – әр адамға керек қасиет. Ал, Отаншыл-дық өз үйіңнен басталады.
Бауыржан Момышұлы
19-гвардия полкінің командирі гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының 8-гвардиялық атқыштар дивизия-сының құрылғанына екі жыл толуына арналған салтанатты жиналыста жасаған баяндамасының тезистері.
25.7.1943 жыл Беззабочье поселкесі
(Калинин облысы)
І
Жаңа социалистік қоғам құрып жатқан елімізге фашистік Германия опасыздықпен тұтқиылдан шабуыл жасаған кезде біздің бүкіл көп ұлтты совет халқы Ұлы Отан соғысына көтерілді.
Генерал Иван Васильевич Панфилов Алматы қаласының маңындағы Қазақстан мен Қырғыстанның ұлдарынан өздеріңіз сияқты, көбісі бұрын әскери қызметте болмаған адамдардан, қарапайым жұмысшылар, қызметкерлер, колхозшылардан жасақталған 316 – атқыштар дивизиясының командирі болып тағайындалды.
Нағыз шынайы іскери басшы, жоғары мәдениетті командир ретінде генерал Иван Васильевич Панфилов дивизия жасақталған алғашқы күннен бастап-ақ бөлімдер мен бөлімшелерде ұйымшылдық, әскери әдет, темірдей тәртіп пен жауынгерлік дағдыны қалыптастыруға, жауынгерлік тұрақтылыққа, жұмыста, жаттығу мен әскери өмірде мақсатқа ұмтылушылық пен табандылыққа тәрбиеледі. Қысқа мерзім ішінде генерал өзіне сеніп тапсырылған дивизия толық жауынгерлік дайындықтан өткізіп, ұрысқа қабілеттілігін шыңдауға қол жеткізді, сөйтіп Жоғарғы Бас командование ставкасының бұйрығы бойынша майданға аттанды.
Майданға жақын маңда, мүгілген қалың орман ішінде, аяққа жабысып қалатын мүк басқан батпақты жерлерде, көптеген таяз көлдердің жағалауларында, суы сарғыш Мста өзенінің жағасында да генерал орманды – батпақты жер жағдайында әскерді ұрыс жүргізуге практикалық тұрғыдан үйретуге қызу әрі мықтап кірісті.
Генерал қатал, әділ, ұқыпты командир болды, ол үшін, ең алдымен, шындық басты нәрсе еді. Сонымен қатар ол жоғарғы мақсаттар мен Ұлы Отан соғысының игі міндеттерінің қарапайым да жалынды жаршысы болды,. Генерал әрбір сөзін солдаттың санасына шегемен қаққандай сіңіретін, ол нағыз шынайы қолбасшы ретінде жауынгерлердің жағдайын, жай күйін жақсы түсінетін. Панфилов қарапайым сөйлейтін әрі шындықты айтып, жауынгерлерге құрғақ уәде бермейтін.
Бірде Иван Васильевич менің батальоныма келді. Далада жаңбыр сіркіреп жауып тұр, азық-түлік уақтылы жеткізілмей кешікті, көп жұмыс атқарып, әртүрлі шаруашылықпен айналысып жатқанбыз. Ол ефрейторша қарауыл деп өзіне сәлем берген кезекшінің жанына тоқтап, жауынгерден:
– Қал-жағдайың қалай, солдат? – деп сұрады, кезекшінің «солдат» деген сөзді көңіліне ауыр алып қалғанын байқаған ол, сол сәте-ақ – солдат дегеніміз ұлы сөз, біздің бәріміз де солдатпыз деп сөзін жалғастырды. Ал, айта ғой, қал-жағдайың қалай?
– Жақсы, жолдас генерал, – деп жауап қатты жігерлі үнімен кезекші.
– Солдаттардың қал-жағдайы қалай? – деп сұрады генерал менен.
– Нашар, жолдас генерал... – Ол менің сөзімді аяқтатпай, үзіп, кезекшіге бұрылып:
– Дұрыс айтады сендердің командирлерің, жағдайымыз нашар, – жай ғана жымиып қойып, – әрине, нашар, сірә соғыс кезінде жағдайымыз жақсы болар қояр ма екен? – деді.
– Қал-жағдайымыз жақсы, жолдас генерал, – деп үн қатты дегенінен қайтпаған кезекші.
– Жоқ, жаман! – деп көзін жеткізді генерал! – жағдайымыз нашар. Үш күн бойы тұзсыз отыру да жақсы болып па? Екі күн бойы етсіз отыру жақсы ма екен? Жармасы аз сұйық сорпаны талғажау ету де жақсы болғаны ма? Бір апта бойы махоркасыз отыру жақсы ма екен? Аяқ киімдерінің тұмсығы ашылып ботқа сұрап тұрғаны да жақсы болып па? (Кезекші күліп жіберді). Жаман, әрине жаман, – деп сөзін сабақтай түсті генерал, – соғыста, бауырым, жақсылық аз, сондықтан да оның аты – соғыс. Бірақ жақсы дегеніміз сол, біздер, солдаттар, ата-бабаларымыз сияқты жауынгерлік өмірдің ауыртпалығы мен қиындығын жеңе отырып, жауды жайпап барлық қиыншылықтарды көтере білуімізде. Суықпен, аштықпен, қиындықпен күресе білу – бұл да соғыс, бұл да ұрыс, бұл да қолма қол соғыс кезіндегіден ерлікті кем көрсетпеуді талап ететін ұрыс.
– Кінәлімін, жолдас генерал, мен сірә ойламаған екенмін, – деді кезекші.
– Ойлау қажет, солдат та ақылмен соғысуы керек, – деп күліп, генерал кезекшілікте тұрған солдаттың арқасынан қағып-қағып қойды. Біздер ілгері жүріп кеттік.
– Солдат өмірі ауыр, – деді маған бұрылып генерал, – сөз жоқ, ауыр, солдатқа үнемі шындықты айту керек, ал егер ол өтірікті сықпыртып тұрса, сол жерде-ақ оны түзеткен жөн, көзін шындыққа жеткізу қажет...Қиындық әлі алда еді...
ІІ
Ия, қиындық әлі алда болатын.
1941 жылдың бірінші октябрінде дивизия 16 армияның құрамына кіре отырып, дұшпан өзінің басты соққыларын беріп, біздің қорғанысымызды Вязьма – Ржев линиясынан бұзып жарып өтіп, еліміздің жүрегі – Москва қаласының жан жағынан құрсауға алуға әрекет жасаған басты бағыттардың бірінде, үлкен аймаққа созылып жатқан майданның Волоколамск қаласы түбінде қорғанысқа көштік.
Бұл позициялық қорғаныс емес, маневрлік қорғаныс еді, оның басты мақсаты дұшпанның адам күші мен техникасын Москва іргесінде тас талқан ету болатын. Генерал Панфиловтың басшылығымен 316 – атқыштар дивизиясы осы бағытта жаудың екпінді тобының бүкіл ауыртпалылығын өзі көтерді. Фашистер астанаға бұзып жарып өту үшін барлық күш-қуатын жұмылдырды, бірақ әр уақытта тегеурінді қарсылыққа, панфиловшылардың қарсы соққысына ұшырады, дұшпан күші біздің жауынгерлердің табандылығы мен батылдығы, соғыс тәртібінен, оғынан тас қабырғаға келіп ұрған толқындай кері соғылды.
Дивизия атысып және шебер маневр жасап – жаудың тықсыруын тоқтатып қана қоймай, әр біреуі бақайшағына дейін қаруланған фашист дивизиясының бесеуіне қарсы ұрыс жүргізе отырып, адам күші мен техникасын ауыр шығынға ұшратты. Күш жағынан тең емес бұл ұрыстарда 316-атқыштар дивизиясы жаудың 30 мыңнан астам солдаты мен офицерін және 150-ден астам танкісін жойып жіберді. Бұл шайқастарда дивизияның адам құрамы жаппай ерлік жасаудың үлгісін көрсетті. Есімі өшпес 28 батырдың Дубосеково темір жол разъезі ауданында 50 сауытты темір тажалмен айқастағы ерлігін еске ала кетсек жеткілікті.
Сол күні басқа да учаскелерде жауынгерлер мен командирлер жаппай ерлік көрсетті. 28 батырдың қаһармандығы біздің дивизиямызда бірлі жарым оқиға емес, мысалға, 17 ер жүрек жауынгердің Мыканино деревнясы ауданында, 11 сапер Строково деревнясында ұрыс жүргізді, жаудың жаяу әскер батальоны мен сегіз танкісі қоршауға алған 80 атқыш 231,5 биіктік ауданында дұшпанға қарсы батыл шабуылға шықты және басқа да осындай деректер жаппай ерлік көрсетудің көрінісі болды.
Жауынгерлік ерлігі, ұйымшылдығы, темірдей әскери тәртібі, табандылығы мен тегеурінділігі, үлгілі жауынгерлік өнегесі үшін Қызыл Армияны Жоғарғы Баскомандованиесінің ставкасы 1941 жылы 17 ноябрьде 316 – атқыштар дивизиясын 8 – гвардиялық атқыштар дивизиясы етіп қайта құрды.
ССР Одағының Жоғары Советі Президиумы дивизияны және оның ержүрек командирі генерал-майор Панфиловты «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградтады.
Москва қаласынан 30 километр жерде Крюково станциясының түбіндегі жеті күнге созылған шайқаста біздің дивизия басқа да бөлімдермен бірге немістердің тегеурінді шабуылын тойтарып, тарих бетін күрт бұра, жауды батысқа, Москва түбіндегі Истра өзенінің жағалауларына дейін тықсырып тастады.
1941 жылы 18 қараша күні халық батыры, дивизияның даңқты командирі генерал-майор Иван Васильевич Панфилов қаза тапты. Дивизия командирі Панфилов ұлы шайқас тарихына заманымыздың ең таңдаулы қолбасшыларының бірі болып енді.
Жауынгерлердің, панфиловшылардың, командирлердің қанымен жеңіп алынған гвардиялық Қызыл туымыз мәңгі өшпейтін жауын-герлік даңқа бөленді.
Москва түбіндегі қорғаныста қаза тапқан батырларды орындары-мыздан тұрып еске түсіріп құрметтейік, жолдастар!
1942 жылы дивизия 2-гвардиялық атқыштар корпусының құрамында генерал-майор Чистяковтың командалық етуімен Ильмен көлінің оңтүстігіне таман тұстан майданды бұзып өтіп, Калинин және Ленинград облыстарының қақаған қатал қысында 230 километр жер бойында жау тылына тереңдеп еніп, ұрыс қимылдарын жүргізіп, командованиенің алға қойған міндетін: дұшпанның Демьян тобын қоршауда қалдырып, Солтүстік – Батыс пен Калинин майдандарын қосуды абыроймен орындап шығады.
Бұл ұрыстарда дивизия 10 мыңнан астам солдаты мен офицерін жойды, 20-дан астам дұшпан танкісін, 10 мыңнан астам авто-машинасын, көптеген қару-жарақтары мен оқ-дәрілерін қолға түсіріп, жойып жіберді; неміс басқыншыларының тепкісінен 50 елді мекен, Совет елінің жүз мыңдаған азаматы азат етілді.
1942 жылдың қысқы науқанында қойылған міндеттерді үлгілі орындап шыққаны үшін біздің дивизия жоғары наградамен – Ленин орденімен наградталды.
ІІІ
19 (1073) – гвардиялық атқыштар полкі дивизия құрылған алғашқы күннен бастап – ақ оның құрамына негізгі күш артатын полк ретінде кірді. Ол 1941 жылы 15 шілдеде Алматы облысы Талғар қазақ станцисында жасақталды. 1941 жылы 31 шілдеде полктің бүкіл адам құрамы Қызыл Армияның даңқты семьясының құрамына жауынгерлік тактикалық бөлік (единица) ретінде кірді. Қысқа уақыт аралығында жасақталған жерінде полктің бүкіл адам құрамы жауынгерлік жаттығудан өтіп, ұрыс жүргізуге қабілетті бөлім ретінде ұйымдасты-рылды.
Полк 1941 жылдың октябрь айының алғашқы күндері Высоково – Новиково – Татарники – Козлова – одан әрі созылып өте үлкен аймақты алып жатқан майданның алғашқы қорғаныс шебінде лейтенант Рахимов пен кіші саяси жетекші Жолмұхамед Бозжановтың командалық етуімен біздің 1073 – полктің 1-атқыштар батальонының барлаушы отряды дұшпан басып алған Середа ірі елді мекеніне түнде батыл шабуыл жасап, жаудың жүздеген солдаттары мен офицерлерін, 15 автомашинасын жойып жіберді, солтүстікке Шаховскіге алып баратын жолдың көпірін жарды, Дор – Максимоваға апаратын жолды миналады, бір унтер-офицерді тұтқынға алды, қару-жарақтар мен бағалы документтерді қолға түсірді. Жауынгерлер дұшпанға оқ атып, найзамен шаншып, фашистердің де аждаһа емес, олардың да біз сияқты адам екеніне көзі жетті.
Капитан Лысенконың батальоны 60 танкісі бар неміс жаяу әскер полкінің қоршауында қалып шайқасты.
1941 жылы 21 октябрьде лейтенант Каюм Гарипов басқарған 9-атқыштар ротасы танкіге қарсы қолданылатын гранаталармен жаудың танкі легіне (колоннасына) қарсы батыл шабуылға шықты. Жаудың 60 сауытты тажалына қарсы күш жағынан тең емес шайқаста гранатамен рота дұшпанның 20 машинасын істен шығарды. Осы ұрыста лейтенант Гарипов ерлікпен қаза тапты. Лейтенант Донских тоғыз жерінен, аға сержант Волков жеті жерінен жарақаттанса да, ұрыс даласынан кетпей, өз топтарының атысына басшылық етеді.
1941 жылдың 17 ноябрі полктің айрықша жаппай ерлік көрсеткен күні болатын. Лейтенант Угрюмов пен саяси жетекші Георгиев басшылық еткен 17 ержүрек жауынгер Мыканино деревнясы ауданында дұшпанның 20 танкісіне қарсы шайқасып, 4 машинасын күйретеді, ал қалғандары жаужүрек атқыштардың гранатасынан қашады.
Ержүрек кіші лейтенант Исламқұлов Мұхаметқұл мен лейтенант Огуреевтің басшылығымен 20 атқыш 2-атқыштар батальонының тылында қарудан дүркіндете жаппай оқ атып, жау батальонының шабуылын тойтарды.
... 26 қараша күні Соколоко деревниясында (Москва облысы) лейтенант Исламқұлов пен аға лейтенант Жуковтың басшылығымен 200 гвардияшы дұшпанның үш есе басым күшімен төрт тәулік бойы ерлікпен шайқасып, өжеттілікпен қарсы батыл шабуылға шығып төрт рет жаудың солдаттары мен танкілерін шегіндіріп тастады.
Москва түбіндегі шайқаста полктің жауынгерлері барлығы 10 мыңнан астам басқыншыны жер жастандырады. Дұшпанның табан тіресе көрсеткен қарсылығын жаншып, қуатты соққылармен майданды бұзып-жарып, жау тылына тереңдей еніп қимылдап, 83 елді мекенді азат етеді, 5 мыңнан астам басқыншыны жояды, тұтқындар алып, көптеген қару-жарақтарды, соның ішінде 80 әр түрлі автомашина, 29 түрлі калибрлі зеңбірек, 6 миномет, 12 станокты және 28 қол пулеметін, 7 радиостанцияны және басқа қару, оқ-дәрі, әскери жабдық пен мүліктерді қолға түсіреді.
Су тасып, адам жүре алмайтын батпақта, азық-түлікпен жем-шөп, оқ-дәрімен қамтамасыз ету мүлдем қиын жағдайда полк бір сүйем де жер шегінбеді. Осы шайқастарда полк жауынгерлері 2600 басқыншыны, олардың 22 пулеметті ДЗОТ-ын, әр түрлі калибрлі 13 артиллериялық және минометті батареясын, 6 автоматты зеңбірегін, 10 танкісін, 4 самолетін, 55 автомашинасын жойып жіберді.
Екі жылдың ішінде полк 18 мың жау солдаты мен офицерін жойды, 84 елді мекенді жаудан азат етті, дұшпанның 58 танкісін, 180 автомашинасын, 26 әр түрлі калибрлі зеңбірегін, 137 пулеметін, 40 минометін, 13 самолеті мен басқа да әскери мүлкі мен қару жарақтарын қолға түсіріп, жойып жіберді.
Командованиенің жауынгерлік тапсырмаларын үлгілі орындап, ерлік пен батылдық көрсеткені үшін 590 жауынгер үкімет наградаларымен наградталды. Жауынгерлік ерлігі үшін біздің Талғар полкі Монғол Халық Республикасының Құрмет Қызыл Туымен наградталды, бұл награданы мен Монғол Халық Республикасының Президенті Бума – Цэндэден 1942 жылғы 13 декабрьде алдым.
Жеңіс өздігінен келмейді. Жеңіске жету бөлімшелердің ұрысқа әзірлігіне, әрбір жауынгердің ұрысқа әрдайым дайын тұруына байланысты.
Біздерді Талғар полкінің панфиловшылары деп айтады. Талғар полкі деген сөзді айтқанда жорық пен ұрыстың бүкіл ауыртпалығы мен азабын, ерліктің қуанышын, жеңістің қуанышын өз басынан өткерген нағыз гвардияшыны ұғынамыз. Бұл сөзді жауынгерлер ерекше мақтанышпен айтады, әрі өздерінің барлық күш-қуаты мен абройы мен даңқын жаттығу кезінде, күнделікті әскери өмір мен ұрыста бұрынғыдан да жоғары көтере беруге жұмсайды.
28-сабақ
ӘҢГІМЕЛЕР
ОЛАР МЕНІҢ ЕСІМДЕ
Павел Вахалов – командир-жеңістің тұтқасы, табандылық-тың жан-жүйесі, коллективтің абыройы.
Бауыржан Момышұлы
Тапсырма: Мәтінді пайымдап оқыңдар.
Мен Ленинград финанс академиясының жанындағы мамандық жетілдіру курсын аяқтағаннан кейін СССР өнеркәсіп банкінің Алматыдағы қазақ конторында экономист-консультант болып қызмет атқардым.
1935 жылдың ноябрінде Орта Азия Соғыс Округінің Ташкентегі машықтандыру орталығына запастағы командирлер шақырылды. Соған келгендердің ішінде мен де болдым. Біздің топтың командирі орта бойлы, арықша келген, ойлы қоңыр көзі, сопақ бет полковник Павел Вахалов болды. Екі Қызыл Ту ордені, азамат соғысында экскадронның алғыр командирі болған кісі еді ол. Павел Вахалов сияқты қос орденді командирлер ол кездерде бүкіл Орта Азия мен Қазақстанда үшеу-ақ еді. Қалған екеуі полковник И.В. Панфилов пен қазақ азаматы Жармұхамедовтер ғана болатын.
Азамат соғысынан алған ауыр жарақаттың салдарынан Павел Вахалов сылти басып жүретін. Ол қызу қанды, жылдам кісі. Әдетте аяғының кемістігін ұмытып кетіп, бізге сап түзеудің жолдарын, қару ұстаудың тәсілдерін, гимнастикалық жабдықтарда жаттығудың әдістерін, кедергіні алу амалдарын өзі қызбалықпен құмарлана көрсетуші еді. Мүгедектің аты мүгедек қой. Атты әскердің әдеттегі дәстүр сабаздығын сақтап, ол жаттығуларды қаншама ынтасымен көрсетсе де, кемістіктің аты кемшілік екенін көрсетіп тұратын.
Соны көре тұрып «менің аяқ-қолым сау ғой, бұл кісіден мен жаспын ғой, не бетіммен мұның тілін алмаймын, үйреткенін үйренбеймін» деген ой жан тербетіп, қара терге салып бізді жұмсайтын...
Павел Васильевичті біз жолыққаннан-ақ аға тұттық. Ол мейірімді, кішіпейіл, өзінен үлкенге ізет етіп сыйлай білеті, өзінен кішіге қамқорлық жасап, керек болса, мәпелеп еркелете білетін, керек болса құжғыра білетін совет командирі екеніне біз түсінуші едік. Қанша ашуланып, қанша ұрысып, екі аяғымызды бір етікке тығып қуырып алған кеде де, ол біздің арымызға, намысымызға тиіп кеміте сөйлеу дегенді білмейтін.
– Сен де адамсың, саған бағынып тұрғандар да адамдар, олардың ар-намысы бар, кемітпей, мұқатпай билегін, – деген сөзін Павел Васильевич бізге бірнеше рет қайталап айтып беретін.
Ол кісі бізге керекті сабақтарын бергенде ешнәрсені оқымайтын. Қалжың-әзілдерін араластырып, бізді күлдіріп сөйлейтін. Бірақ та қалжыңы да, әзілі де негізгі ой шеңберінен шықпайтын. Мен өзім егде тартқанда қазір есіме алып, қазір ойлап отырмын. Ол кісі табиғатынан ақын кісі еді.
Тұйық мінез әдепті жауынгер түркпен жігіті інілік ретінде ақалтеке тұқымының әсем торы сәйгүлігін Вахаловтың алдына көлденең тартады, қолтығынан сүйеп аттандырады. Командир бізбен қоштасып, әзірліктерің сәтті болсын деп арғымағын тақымдап шаба жөнелетін... Егде тартса да ерден түспеген командиріміздің соңында екі көзіміз төрт боп біз қалушы едік.
Вахалов таң сәріде, біз оянбастан келуші еді. Таңертеңгі дене шынықтыру жаттығуын көзімен көріп, өзі басы-қасында болып, сонан соң арғымағына мініп, азанғы шайын ішу үшін үйіне қайтып кетуші еді. Содан мащықтану алдында бес минут қалғанда қайтып келетін.
Сонан соң Вахалов бүгінгі сабақты қайсымыз қандай тақырыпта өткізгенімізді хабарлайды да:
– Топтарды сабақ өтетін орындарына апарыңдар, – деп бұйрық беретін.
Өзі әр топтың арасында болып, машықтануымызды сынап жүретін. Ол кісі ешкімнің сөзін бөліп зіркілдеп ескертпе жасамайтын. Машықтану соңында «Бүгін біз бірнеше оғаш қате жібердік. Оны мен де, сендер де сезіп отырсыңдар. Бүгінгі қаталығымызды ертең қайталау бізге жараспайды. Әр жөннің жігін таба білейік, жолдастар», – дейтін.
– Дұшпан сырын айтпайды. Бірақ та тамырын ұстап, сырын білу –командирдің негізгі міндеті. Шахмат ойнай білмейтін командир, командир емес... Шахматты ойнай білу үшін терең ой керек... Мен бүйтсем, бұл қайтер екен деп ойламаған ойыншы, ойыншы емес... Түбін ойлап ойнау керек шахматты. Шырақтарым, соғыс-шахматтың бір түрі.. Ойламаған командир соғыста опырылады... Өз обалы өзіне бірақ та соның қарамағындағылар қырылады... Командирдің бір оқыс ойы халқымызға қымбат түседі. Өмір жағынан қымбат түседі... Сол себепті біздің маңдайалды міндетіміз: ел десе еңіреген ерлері қан майданда орынды жеріне жұмсай білу... Сол себепті командирдің міндеті – ауыр міндет. Осыған түсінулеріңізді сұраймын...
– Мен де бала болғам бір кезде, мен де жас өсіпірім жігіт болғам бір кезде... Сендер де бала болғансыңдар бір кезде, сендер де жаңа өспірім жігіт болғансыңдар бір кезде... Ақ сүтін берген ана, адал күшін жұмсаған ата біздің қарамағымызға бөпелеген, мәпелеген ұлдарын солдат етіп беріп отыр... Сеніп беріп отыр. Отанның арын, бостандығын, тәуелсіздігін қорғасын деп беріп отыр... Солдатыңды аялай білгін. Бастықпын деп маңғазданба. Шеніңе құтырма... Ақылың болса, шенің мен шекпеніңнің қадірін біле біл... – Вахалов соңғы сөздері қолын сермеп көтеріңкі дауыспен айтты.
Мен жайлы да жылы лебіз білдірді. Екеумізден жолдастардың бізге қойған әзіл атын көңілімізге ауыр алмауын сұранды. Сөзінің соңында Вахалов толғанып тұрып, баршамызға ой тастай сөйледі:
– Халқымыз «Сақтықта қорлық жоқ» дейді. Сақтансаң сақтаймын деген сөз бар. Сіздерден несін жасырайын, егер алдағы кезде соғыс бола қалса, біз соған барынша дайын болуымыз керек. Осы жиналыста Чистяковтың тобы бізді социалистік жарысқа шақырғанын хабарлады. Біз қабыл алдық. Бәйгеде кімнің артта қалғысы келеді. Әркім шамасы келгенше намысқа тырысады. Ең үлкеніміз Вахаловтан бастап, ең кішісі маған дейін қобалжуымыздың себебі осы еді.
Мен турникте айналудан сүріндім.
– Момышұлы, неге жаңылдың? Сізге не болды? – деп шыдамын жеңе алмай «сенгендегім сен болсаң...» деген көзқарасымен зекіді маған Вахалов.
– Бұлай болады деп өзім де ойлаған жоқ едім, – дедім мен ентігіп, тұншыға жауап қатып.
– Қайтала!
– Павел Васильевич, асықтырмаңыз, өзі де ұялып қалды ғой. Кішкене дем алып, етек-жеңін жинап алсын. Содан кейін көрерміз, – деді комдив Брилев Вахаловтың сөзін бөліп.
Мен қызара бөртіп бір шетке ығысып барып, жерге төмен қарап отырып қалдым.
– Әй, саған не болды! Өзіңді-өзің ұстай білмейтін жігіт екенсің ғой. Сенің сасқалақтығыңның кесірі күллі біздің топтың намысына тиіп отыр, – деп зекіді Бусин. – Мен үн қатпадым.
– Момышұлы! – деп шақырды Вахалов. Мен орнымнан ұшып тұрып жүгіріп бардым.
– К снаряду! – деп қатал бұйырды Вахалов.
Мен аяғымды нық-нық басып турниктің астына келдім... Құжырланып екі қолымды сермеп, турниктің белдеуіне қолымды қапсыра жабыса кеттім де, барлық денемнің салмағын салып, аяғымды сермеп, шыр көбелек айналдым. Оны әскер тілінде айтқанда «крутил солнце» дейді. Дәрменімді біраз басып, турниктің белдеуінен қолымды босатып жерге ырғып түстім. Вахалов жымиып күліп, «дұрыс, балам» деген көзбен маған мейірлене қарап тұрды. Комдив Брилев:
– Дұрыс, қарағым. Сен спортсмен екенсің. Әрине, мына қимылыңа бес қойып, баға беруге болар еді. Бірақ та алдымен сүрініпте алдың ғой, жігітім. Сол себепті төрттен артық баға бере алмаймын.
– Жолдас комдив, – деп Вахалов жалынғандай сұп-сұр болып кетті.
– Павел Васильевич, мен осылай шешімге келдім. Менімен таласпаңыз, – деп тастады комдив.
– Құп, жолдас комдив, – деп Вахалов қалт тұрды алдында.
– Мен инспектормын, Павел Васильевич. Мен қалыстығымды ғана айтам. Кешіріңіз.
– Әділеттігіңізге рахмет, жолдас комдив, – деп Вахалов қайтадан қалт тұрды.
Машықтану нысана атумен аяқталуы тиіс еді. Күн жарқыраған ашық болатын. Таңғы сағат онда екі топ та гарнизонның атыс алаңында сыналу үшін салтанатты сапқа тұрды. Әскер тілінде оны тир дейді.
Брилев Вахаловтан рапорт қабылдағаннан кейін әр тобымызды өз орындарымызға апаруды бұйырды. Оның көмекшілері нысананың жайын, оқ-сайман қорамсағы мен қару-жарақтың атыс-тартысқа дайындығын тексеріп жүр. Кезектесіп нысанамызды атқылап жатырмыз. Көз алдымыздағы нысана – дөңгелек қара қағаз, қашықтығы жүз-ақ метр. Екі минут ішінде үш оқ атуымыз керек. Алтылық шеңберден оғыңды жібермей атып, 18 ұпай алсаң – қатардан қалмадың деген баға, 20 ұпай алсаң – әжептеуір атқыш екенсің деген баға, жиырмадан асып кетсе – ортан қолдай мерген екенсің деген баға.
Мен атқанда 23 ұпай алдым. (Оқ нысананың жоғарғы оң бұрышына топтанып 7, 8, 8 шеңберіне тиіпті.)
Қасымызға ақсаңдап сылти басып Вахалов келді. Ол қорытынды шығарғанда екі топтың да көрсеткіші барлық жағынан бірдей боп шыққанын хабарлады. Брилев бірінші орынды ешкімге қимай-ақ, екі топ та тепетең деп актіге жазбақшы екен. Оған майор Чистяков:
– Жолдас комдив, мен өз тобыммен полковник Павел Василь-евичпен бәстесіп жүрген кісімін, не жеңіп беріңіз, не жеңілтіңіз, мына билігіңізге мен көне алмаймын, – депті.
– Мен де шыдадым, інім, арпалысып көрейік, – депті Вахалов. – Ұсынысыңды өзің айт. Мен көндім.
Чистяков екі топтан бір-бір үздік атқышты таңдап сайысқа салайық. Қайсысы жеңсе сол сенікі, – депті.
– Мен сайысқа дайынмын... Таңдамаңды шығар майданға. Мен де құры қол емеспін. Чистяков өз тобынан Петровты таңдап шығарып отыр ... Оның бүгінгі атыстағы көрсеткіші 23 ұпай ...
Бізде Пашковский жолдастың 25 ұпайы бар. Әрине ортаңқол көрсеткіш екеніне дау жоқ. Бірақ та Бауыржан Момышұлының оқ тобы маған зілдей ауыр түсіп отыр. Орысша айтқанда «он стреляет не в бровь, а в ресницу». Сол себепті Пашковскийдің қадірін білсем де, мына қазаққа сеніп тұрмын. Ал, қарағым, сені айтыс-тартысқа салдым... Сеніп салып отырмын. Бар орныңа, – деп толқи аяқтады сөзін Вахалов.
Мен Вахаловпен бірге атыс шебіне бара жатқанымда, соңымнан жігіттер «сапарың сәтті болсын» деп шуылдасты.
Достарыңызбен бөлісу: |