Д. П. Қожамжарова, Р. Н. Темірбекова бауыржантануға кіріспе



бет7/11
Дата31.12.2019
өлшемі0,93 Mb.
#54012
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Хаттан Бауыржанды қай қырынан таныдыңдар?

  2. Батырдың Абай мен Жамбыл туралы айтқан пікірінің астарынан қандай мағына ұқтыңдар?

  3. Бауыржанның ұлт мүддесі туралы айтқан сөздеріне өз көзқарастарыңды білдіріңдер.


22-сабақ

ҚАЗАҚ ССР ХАЛЫҚ КОМИССАРЛАРЫ СОВЕТІНІҢ ПРЕДСЕДАТЕЛІ ОҢДАСЫНОВ ЖОЛДАСҚА
Тәрбие-адам бойында жақсы мінез-құлық қалыптастырады.

Бауыржан Момышұлы
Тапсырма: Хатты пайымдап оқыңдар. Жастарға ұлттық тәрбие беру жөнінде айтқан пікірлерін ой таразысынан өткізіңдер.
100-ден астам ұрыстарға қатысып әрі басшылық етіп бақылаған-дықтан, мен сәтсіздіктің жанға батар ауыр қайғысы мен жеңістің қуанышын, жеке өзімнің және біздің солдаттардың жауынгерлік ерлігінің қуаныш сезімін басымнан өткердім.

1942 жылдың февралында-ақ «Жауынгерлік қасиеттерді тәрбиелеу туралы ойлар» деген жалпы тақырыпта жеке басымнан өткен ауыртпалық пен қиыншылдықтардың, басқаларға жүргізген бақылауларымның, қару түрі бойынша, ұрыс жүргізу түрі мен басқа да психологиялық ерекшеліктер бойынша жеке солдат пен тұтас жауынгер коллективтерінің ұрыс қимылдарының қорытындыларын жинақтап жазуға әрекет жасадым.

Өзімнің пайымдауларымды аздап қана қағазға түсіруге мүмкіндігім болғанымен, бірақ уақыттың тапшылығынан бастап қойған істі осы уақытқа дейін аяқтай алмай-ақ келемін, тікелей жұмысымнан қолым сәл қалт етсе болғаны бұл ойлар жанымды тынымсыз мазалаумен болады.

Мен өзімнің ұрыстағы тәжірибемнен солдаттардың басынан өткен жауынгерлік жолдары мен ұлттық дәстүрлердің маңызы аса зор екеніне көзім жетті.

Өзімнің қолжазбамның жазылмаған тарауларының бірін жоспа-рымда: «Жігітті жауынгерлік қасиеттерге тәрбиелейтін қазақтың игі дәстүрлері» деп атадым. Сізге жазған хатымда жолы үлкен аға ретінде сізбен бұл тараудың жоспары жөнінде пікір алыссам деймін.

  1. Әдет және әдеп.

«Ұяда нені көрсе, ұшқанда соны алады».

«Ұлың өссе ұлы жақсымен, қызың өссе қызы жақсымен ауылдас болғын».

«Тексізден тезек артық»

«Жаным арымнан садаға».

«Өлімнен ұят күшіт».

«Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді».



Бұл мақалдардың түбірі мен мән-мағынасын баяндағым келеді. Сырын ашсақ, тәрбиелік (әдеп) ана сүтімен бірге сана-сезімге сіңіп дағдыға (әдетке) айналуы қажет. Үлкенді сыйлау, парыз бен ар ұятты қасиет тұту, қоғамдық тәртіпті мүлтіксіз сақтау, заңға мойын ұсынушылық, адамды бәрінен де ардақтау адам бойында адамгершілік, Отанға, елге, халыққа, үй-ішіне, адамға, өмірге деген сүйіспеншілік сияқты жақсы қасиеттерге тәрбиелейді. Өнегелі тәрбие алған адам Отанға берілгендік, әділдік, тәртіптілік сияқты жауынгерлік қасиет-тердің негізін бойына сіңіреді.

2. Асық, шілік, жасырынбақ ойнау, жарыс, күрес, ақсүйек ойнау жастарды ептілікке, шеберлікке, айлакерлікке, көздегіштікке, ширақ-тыққа, табандылыққа, сондай-ақ және ұрыста солдатқа ауадай қажет басқа да жақсы әскери (жауынгерлік) қасиеттерге тәрбиелейді.

Соғыс тәжірибелері әдіссіздік-әлсіздік, ептіліктің ерлік екеніне көзімді жеткізді.

Қазақ халқының өткен тарихындағы барлық жақсы дәстүрлер бүгінгі таңда қайта салтанат құруға тиіс. Халық даналығының алтын қазынасы біздің жетістігімзге айналып, біліміміз бен тәжірибемізді байытып, істерімізге қолқабыс жасауға тиіс.

Тарихымызда даңқы қазақ жігіттері – Исатай, Махамбет, Амангелді және тағы басқалардың ерлік істері біздің қазіргі заманғы жігіттеріміздің дәстүріне айналуы керек – жастарымыздың оларды нашар білетіні қандай өкінішті десеңші.

3. «Сөз тапқанға қолқа жоқ».

Бәдік айту, той, атыс – тез ойлауға, тапқырлыққа тәрбиелейтін өнер саласы. Айтыстай адамды аңдаусызда күтпеген, ұрымтал жерден төпеп тастарлық бірде-бір өнер сайысы жоқ. Айтыста, бәдік айту, тода жасөспірімдер мен қыздар өлеңді суырып салып айтуға машықтанады, ауыз әдебиеті мен музыкаға сүйіспеншілігін арттырады, олардың ой-өрісін кеңітеді, тапқырлық пен ептілікке үйренеді.

Ал ұрыста күтпеген оқыс жағдайлар көп. Тапқырлық пен пайымдағыш қасиет солдаттың бойында үнемі болуға тиіс, ол кейде тұйыққа тіреліп шығар жол жоқтай көрінген жағдайда жеңісті қамтамасыз етеді – білек бірді, айла, ақыл мыңды жеңеді.



4. Көкпар, бәйге, аударыспақ батылдыққа, ептілікке, бұлшық етті шынықтыратын, құмарлықты оятар, есеппен тәуекелге бел байлауға, тіпті өзінің ары мен атағы үшін өлімге бас тігуге дейін баратын дәстүрлі ұлттық спорттық ойындар. Бұл ойындардың игілікті екендігіне ешқандай күдік болмауға тиіс. Бұл ойындар ер жігіттің бойында, Қызыл Армия солдатына соншалықты қажетті игілікті рыцарлық қасиет тәрбиелейді.

Әлі жазылмаған бұл тараудың қысқа тізбегі міне осы.

Біздің «шоқығандар» бұл игі дәстүрлерді «күні өткен» нәрсе деп қарап жауынгерлік қасиетті тәрбиелеу ісіне қолдануға менсінбей, елемей, тіпті күні бүгінге дейін өткен мұраға қарсы «бүліншілік» жалпы тасқынында председательдің столына отырған мемлекеттік тұрғыда ойлай алмайтын адамдар қудалап келеді.

Мұның өзі сөзсіз, артын ойламағандық, ақылсыздық іс еді. Осы жерде қазақтың көне мақалы «Шала молда дін бұзарды» айтса орынды.

Тәрбие жұмысындағы осындай сорақы жаңсақтықтың салдарынан, жастардың кейбір бөлігі адам танымастай әдепсіз, жеңіл ойлы, нашар, епетейсіз, қопал болып өсіп келеді, тіпті су жүрек, қажырсыз, бас қамын ғана ойлайтындар ұшырасады.

Кейбіреулері атқа мініп жүре алмайды, жылқыдан қорқады – оңдайларды тіпті қазақ деп айтуға ұяласың – әлдебір шетелдің азаматының тіліне ұқсап қазақша бірдеңелерді былдырлайды.

Мен тек жастарды тәрбиелеуде өзім байқаған кемшіліктерді тізіп көрсеттім, жігіттерді игі қасиеттерге тәрбиелеудегі біздің заманымыздың тәрбиелеу жүйесі жұмысының оңды жақтарының алдында сенімді түрде басымды қара жерге жеткенше иемін.

Қызметтік парыз бен азаматтық ар-ұятым жігіттерді – солдаттарды тәрбиелеу мәселесі жөнінде Сізге арнайы жеке хат жазуға міндеттейді, өйткені, өзімнің жеке пікірім бойынша, жастарды тәрбиелеу жүйесін өзінің үлесімен байытатын біздің халқымыздың игі дәстүрлерін қайта жаңарту – сіз сияқты мемлекет адамның араласуынсыз шешілуі мүмкін емес.

Осы хатыммен Сіздің ұзақ уақытыңызды алғаныма кешірерсіз.


Гвардия подполковнигі

Бауыржан Момышұлы

18 март 1943 жыл
Сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Бауыржан Момышұлының «Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр» деген даналық қағидасының астарын түсіндіріңдер.

  2. Батыр бабамыз ұлттық спорттық ойындардың маңызын қалай бағалаған?

  3. Халқымыздың ұлттық ойындары: көкпар, бәйге, аударыспақтың жігітттерді батылдыққа, ептілікке, рыцарьлық қасиеттерге баулиды деген пікіріне өз көзқарастарыңды білдіріңдер.

  4. Данагөй бабамыздың : «Қазақ халқының өткен тарихындағы барлық жақсы дәстүрлері бүгінгі таңда қайта салтанат құруға тиіс», – деген қағидасын басшылыққа ала отырып, «Салт-дәстүрімізді, ұлттық ойындарды білеміз бе?» деген тақырыпта академиялық дау-дамай ұйымдастырыңдар.

  5. «Ұлың өссе ұлы жақсымен, қызың өссе қызы жақсымен ауылдас болғын», «Тексізден тезек артық» деген нақылдардың тәрбиелік мәнін талдаңдар.


23-сабақ

ӘБДІХАЛЫҚОВ, ПАНКРАТОВА ЖОЛДАСТАРҒА

09.1943 жыл
Қисынсыз жолдар кітаптың құндылығын төмендетеді.

Бауыржан Момышұлы
Тапсырма: Автор қозғаған мәселеге назар аударыңдар.
Сіздің редакцияңызбен шыққан «Қазақ ССР тарихы» сөзсіз, мәдениетімізге қосылған құнды үлес болып табылады, оңда біздің халқымыздың өткен тарихы алғаш рет ғылыми тұрғыдан жинақталынып шынайы жазылыпты.

Мен кітап авторларының – құрастырушыларының, тарихымызды тарих пен біздің ұлтымыздың қоғамдық-саяси, шаруашылық-мәдени қалыптасуы мен дамуындағы жеке адамның ролін соншалықты тұрпайыландыруға дейін барған жалған ғылымилық, жалған марксшілдік, ойдан шығарылған және байыпсыз бұрмалаушылық қоқысынан тазартқан, өткен замандардағы мемлекет, қоғам қайраткер-лерінің тарихи прогрессивті қызметін әділетсіз түрде теріске шығарған және кейбір бейшара-зерттеушілердің хандар, сұлтандар мен байлардың және тағы басқалардың марксист емес парасатсыз көзқарастарына зығырданы қайнап, сөйтіп олардың қызметінен өз заманының өнегелі адамдары емес, «халықтың қанын сүліктей сорған» жауыздардан басқаны көре алмаған, бір жақтылықтан тазартқан ақ ниетті, ыждағатты еңбектерін ерекше ілтипатпен атап өтемін.

Лайықты бағасын бере әрі кітаптың авторлар коллективіне шын көңілден алғыс білдіре отырып, сонымен қоса кітаптың ХХХІ тарауының 84 параграфы бойынша сіздердің назарларыңызды төмендегідей кемшіліктерге аударуды өзімнің міндетім деп білемін, меніңше бұл бөлімді автор ықылассыз, мәселені терең зерттеп жанын қинамастан, жай ондаған мың соғысып жатқан адамдардың жауынгерлік істерінің – оқиғаның, ұрыстың, соғыстың барысына ықпал ететін әрі ауыртпалығы бар терең тактикалық-стратегиялық маңызы бар соғыс операцияларының мәні мен маңызын көрсете алмайтын асығыс түрде жазылған тілшінің шимай-шатпағын жинақтаумен ғана шектелген. Әйтпесе, таптаурындылық пен жалпы айтылған сөйлемдерден аяқ алып жүре алмаушылықты, адам қаны селдей аққан ұрыстардың қорытындыларын, жеңістің қиындығы мен қуанышын, сәтсіздіктердің ащы дәмін, соғыстың қанды тәжірибесінің сабағын, командирлердің қолбасшылық жасаудағы жеке адам ролінің маңызын, солдаттардың ерлігін, ақырында жаппай ерлік көрсетудің мән-маңызын жинақтай алмаушылықты тарихи фактілерді шынайы баяндай білмеушілікті немен түсіндіруге болады?

Менің ойымша:

1. Дивизияның ұрыс қимылы жалпы ахуал мен ұрыс жүргізіп жатқан екі жақтың да майдандағы жағдайымен байланыстырылмаған. Демек майдан учаскесіндегі жалпы жағдайда дивизияның жауынгерлік ұрыс қимылының мәні мен ықпалы ашылып көрсетілмеген.

2. Осыдан келіп дивизияның тактикалық міндеттерді шешудегі жауынгерлік ерліктері, сіңірген еңбегінің мәні мен маңызы және оның жалпы «...сан жағынан күші әлденеше ең басым жаудың шабуылын тойтарып тастады»... деп басқа оперативті міндеттерді шешудегі орны шынайы әрі сауатты түрде баяндалмаған.

3. Иван Васильевич Панфиловтың күш жағынан тең емес соны ұрыстарды жүргізуші командир, ұйымдастырушы әрі басшысы, әскери ойдың тактиканың батыл жаңашылы, солдаттарды тәрбиелеуші – методист ретіндегі нағыз әскери портреті берілмеген. Тіпті оның жеңістерінің негізгі себептері туралы тұжырымдар: дұшпанның генералдарынан Панфилов тактикасының басымдылығы айтылмаған. Ол өзінің еркін дұшпанға батыл түрде еріксіз таңды, соғыс тәртібі осал буынға дәл соққы берді, дұшпанның ірі күшінің маневрлілігін аз күшпенен тырп еткізбей ұстады, батыл, сонымен бірге өз полктерімен дәл есеппенен маневр жасай отырып, шешуші сәтте, шешуші учаскеге соққы берді. Оның ақыл-ойы, ерік-жігері, шеберлігі мен оның шәкіртерінің – офицерлерінің икемді тактикасы – дивизияны даңқа бөлеген жеңістерге бастады. Ол жеңісті ұйымдастырушы тұлға болды.

4. Жақын қашықтықтағы ұрыс, тактикалық ойлау және тактикалық мақсаттағы офицерлер көрсетілмеген: ерлік ең алдымен офицерлердің батыл түрде қабылдаған шешіміне, көрегендікке, жағдайды және күштердің ара салмағын дәл есептей білушілігіне, менімділік пен іс-қимылға, творчестволық ойға, қабылдаған шешімді жүзеге асырудағы қайтпас жігерге, ұрысты, оқ жаудыруды, солдаттардың сезімі мен психикасын басқарудағы терең ойластырылған іс-әрекетке, бөлімдер мен бөлімшелердің шебер, ақылды әскери басшысына, олардың кез-келген жағдайдағы, ұрыстағы роліне байланысты. Ал оны жалпы сөйлеммен «...пәленшенің басшылық етуімен» деп шектеу жөн емес.

5. Қарапайым, үлгі етер жауынгер, батыл, ойланып әрекет ететін, епті тапқыр солдат – азамат көрсетілмеген.

6. Жаппай жасалған ерліктің мәні, маңызы мен ауыртпалығы, жауынгерлердің жеңіске жетуінің себептері мен заңдылығы көрініс таппаған.

7. Автор өзінің сөйлем құрылымына көңіл аудара бермейді, тіпті ерсілеу лепірме, терең ойластырылмаған, шындыққа үйлеспейтін сөйлемдер, кез келген әдеп шеңберінен шығып кететін – барып тұрған шылқыған өтірік, Мысалға: «Полковник Капровтың басшылығымен соғысқан полк табандылық пен ерліктің жарқын үлгісін көрсетті, бұл полк жалғыз өзі бес іріктелген неміс дивизиясының шабуылына тойтарыс берді»?! – Мұндай оқиғаны күні бүгінге дейін соғыс тарихы білген емес, мен тірі куәгер ретінде, әскери ғылымға және ұрыстың қарапайым тәжірибелеріне сүйене отырып, алдағы уақытта да соғыс тарихында мұндай полктардың болмайтынына сендіре аламын. Шамасы тактика да математика еместігін, соғыста шама өзінің тұрғылықтығын сақтай алмайтынын автор ойламаған сияқты, қандай да болмасын ұрыста ойламаған, күтпеген оқиғалар болып тұрады, бірақ олар белгілі заңға – соғыс тәжірибесі мүмкіндігінің шегіне шектеледі.

Мұндай қисынсыз жолдар кітаптың құндылығын төмендетеді.



8. Москва түбіндегі маневрлі қорғаныс пен 1942 жылғы қысқы шабуылға шығу Отан соғысы барысындағы олардың әр қайсысының оқиғалары, жағдайлары мен уақыттары және ұрыс жүргізу жағдайлары бір-біріне ешқандай ұқсамайтын ерекшеліктерімен жеке тарихи кезең болып табылады. Осы екі тарихи бетбұрыс кезңдерде дивизия ар-намысты жоғары ұстап және басқалардан айрықша қойылған міндеттерді абыроймен орындап шықты.

Даңқты жауынгерлік істердің бұл екі кезеңі кітапта жеке-жеке көрсетілмеген.

9. Панфиловтың лайықты ізбасарлары мен оның ісін сенімді түрде жалғаструшылар туралы, зерделі әрі шебер командир, дивизия қолбасшысы генерал Иван Михайлович Чистяков жөнінде кітапта бірде-бір сөз айтылмапты. Чистяковтың қолбасшылығымен дивизия шабуылдағы ұрыстарда өзінің даңқты тарихының келесі бетін жазып, Ленин орденімен наградталды.

10. Соғыс сабақтары жинақталына алмаған, қайнаған ұрыстағы жауынгердің өсуі мен оның тәрбиелік мәні айқындалып жазылмаған.

11. Ұрыс кезінде туған творчестволық ой, халық даналығына – соғыс жағдайын өте бай тұрғыда бейнелейтін көпшілікке белгілі қызыл әскер мен халық творчествосына көңіл аз бөлінген.
Сіздерге деген терең құрметпен Гвардия подполковнигі Бауыржан.
Р.S. бұл тарауды екінші басылымында түзету үшін мүмкін болса Сіздердің қызметкерлеріңіздің біреуі дивизия тарихын ұрысқа қатысқан басшылардың (олар әзірше тірі, тіпті асығыс түрде жазылған штабтың оперативті документтерінің өзінде барлық қазіргідей байланыс құралдарының жетіспеушілігі жағдайында осыншама тым кең аумақта жүріп жатқан майдандағы шын жағдай мен істің жай-жапсарын толық әрі егжей-егжейлі бейнелене бермейді) тиісті ақыл-кеңес біреумен жергілікті материалдар негізінде зерттеу мақсатында бір айға келгені жөн болар еді.

Р.S. Егер аман қалған жазбаларымның көшірмесін түсіріп алатындай бақытты жағдай туса, онда әлі жазылып бітпеген, асығыс түрде қағаз бетіне түсірілген әсерлердің арасынан кейбір пайдалы ойларды алуларыңыз мүмкін деген үмітпен Сіздердің назарларыңызға ұсынудан бас тартпаймын.



Бауыржан
Сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Бауыржан Момышұлының оқулық туралы пікір айтуы оны қай қай тұрғыдан танытып отыр?

  2. Жазушы хатта айтылған жайттардың маңыздылығын қалай дәлелдеген?

  3. Бауыржан генерал Панфиловтың, полковник Карповтың ерліктерін қалай дәріптейді?

  4. Соғыс кезіндегі ерліктің мәні, маңызы мен ауыртпалығы туралы оқыған шығармалар немесе көрген кинофильмдер бойынша эссе жазыңдар.

  5. Бейбіт өмір кезіндегі ерлік туралы не айтар едіңіздер?



24-сабақ
Ұлттық рух – бұл асыл қасиет.

Бауыржан Момышұлы
Тапсырма: Мәтінді пайымдап оқыңдар. Хатта айтылған жайттарға түсініктеме беріңдер.
Қаныш Сәтбаевқа хат
Қаныш аға!

Қазақ халқында соғыс майданы жөнінде көз ашып танытарлық көркем әдебиет жоқ.

Ондай көркем әдебиет біздің халыққа осы кезде өте керекті екені айдан айқын. Отан соғысынан алған тәжірибеміз ата-бабамыздан қалған халқымыздың жауынгерлік дәстүр-мұралары ондай әдебиетті жазуға аумақты, көлемді, сіңімді қорек бола алады. Бірақ та ол зерттеп қыр соңына түсіп, кебегінен дәнін елгезермен елеп алатын нысаналы, ұғымды, әсіресе соғыс, армия, әскер дәстүр-мұраларымен психология жағынан толық зеректік ғылыми тәжірибесі барлықты керек ететіні де даусыз.

«Талабы таудай болса да» жүз мың қырлы соғыс тақырыбын жалғыз жазушы үлгеруі мүмкін емес болғандықтан құлашы жетпеске құшағын жаю болып шығатындығын еске ала отырып, әр жазушымыз сол үлкен әдебиет минаретіне «... Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп Абай айтпақшы, қолдарынан келгенше, шеберліктері жеткенше, кірпіш болып қалануы көбіне сүндет, азына ғана парыз-міндетті борыш.

Менің ойымша, осындай өте керекті соғыс, майдан жөнінен халық ағартарлық көркем әдебиет (әскери-ағартушылық әдебиет) қазірше төменгі салалармен жиналған материалдарға сүйене отырып жазылуы керек деген ұсыныс қатарында мына жоспарды қалдырып отырмын:

1. Стихия молодости. 1. Жастықтың салдарында.

2. Стихия тайги. 2. Түлейдің опатында.

3. Стихия преступности. 3. Қылмыстың салдары.

4. Стихия нравов. 4. Салт-сана, мінез-мерзім.

5. Стихия Альпийская. 5. Асқар таудың шың-құзында.

6. Перед бурей у нас тихо. 6. Ысырап алдындағы бейғамдық.

Бұлар біздің жігіттердің, халықтың Отан соғысына дейінгі келбетін, мінез-құлқын, тәрбие-өнерін сипаттай шындықпен көрсете-тін жауынгерлік дәстүріне арналып жазылса.

7. Личность воина. 7. Жауынгердің тұлғасы.

8. Боевая артель. 8. Жауынгерлік тобында.

9. Стихия разума или Войны: 9. Соғыс опатының толғағында:

а) страх; а) қорқыныш

б) бой; б) соғыс

в) 2-й тур; в) 2-ші екпін

г) повторный пункт; г) беті қайтты.

е) пика и наконечник; е) жау додасын бұзғанда.

д) кобляки; д) тартпа шалшық.

ж) нудная тоска; ж) мұңды күндер.

з) на Псков. з) Псков бет алысында

10. Мы потомки Меча и стрелы. 10. Біз батырлар ұрпағынанбыз.

Барлық аты аталған кітаптарда Пушкиннің «Гордиться славой своих предков не только можно, но и должно. Не уважать о ней постыдное молодушие» дегені ерекше еске алына отырып, қазақ жігіттерінің батырлығы – ел қасиеті, қазақтың қазақшылығында екені айқындала «менен бұрын жақсы қазақ тумапты» деушілердің аузына құм құйыла дәлелдене жазылса.

Айтылған тақырыптардың дәйекті нұсқасын мен өзімше орыс, қазақ тіліндегі қолжазбаларымда қалдырдым.

Мәліктің және басқа ойлап жазып жүрген қазақ жігіттерінің жазбаларында да көбі табылды.

Біздің жазбаларымыз көбінесе «Мышление в понятиях» болған-дықтан, оларды «Мышление в образе» етіп елге жеткізіп, көптің орта-сына салу жазушылардың міндеті.



Бауыржан

7.3.44 жыл
Сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Тіл тазалығына байланысты өз ойларыңды ортаға салыңдар.

  2. «Менен бұрын жақсы қазақ тумапты» деген сөзді қалай түсіне-сіңдер?

  3. Б. Момышұлының ата-баба дәстүрін сақтау жөніндегі пікіріне өз көзқарастарыңды білдіріңдер.


Елін сүйген жауынгер ер болады.

Бауыржан Момышұлы
Құрманбек Сағындықовқа екінші хат
Тапсырма: Хаттың мазмұнына назар аударыңдар.
Құрметті, жан досым Құрманбек!
Д.М. Снегин жүріп кеткеннен кейін Қазақ ССР Халық Комиссар-лар Советінің ауруханасында қазақша жазылған қолжазбаларымды қайта қарап, баспасөзге жариялауға 4 очерк, 7 әңгіме және 1500 жолдай өлеңдерімді әзірлеп қойдым. Алдын-ала пікір айтқан жолдастардың бағасы өте жақсы (олар жалған айтты деген ойдан аулақпын) әрі биыл бастырып шығармақ ойдамын. Прозалық шығар-маларымды альманахтың бірінші санында жариялауға уәде етті. Қазақ тілінің қазіргі кезеңдегі даму жайы туралы 20 беттей мақала жаздым. Мұхамеджан кеңес шақырды... Көптеген шаралар белгіленіп отыр. Тамаша документ болып шықты (тағдыр жазса оларды оқып шығарсың) мен бізде әскери-ағартушылық әдебиеттің негізін салу үшін қолдан келгеннің бәрін істедім.

«Досыма» деген өлеңді көптеген түзетулер жасап қайта өңдеп шықтым, ал сендегі бастапқы жазылған күйде, түпнұсқа қалпында қала берсін. Мысалыға (үзінді):

Қолбасшы болсаң сондай бол,

Жосылып жатқан жолдай бол,

Қайрат етер мезгілде,

Жүк көтерген нардай бол.

Ақыл айтар мезгілде,

Мың жасаған шалдай бол.

Қатал болар мезгілде,

Жарқырап жанар шамдай бол.

Мейірім түсер мезгілде,

Ағарып атқан таңдай бол.

Жауды бөгер кезеңде,

Көлденең жатқан ордай бол.

Жауға төнер мезгілде,

Басатын ауыр сордай бол.

Сенсін қолың баладай,

Сүйсін сені анадай.

Отқа түссе бір түссін,

Шыбын жанын аямай.

Майданға бірін кіргізбе,

Біреуін мыңға баламай...

Кешегі өткен Панфилов.

Қолбасшы еді осындай,

Заманға туған данадай!
Өлеңнің жолма-жол аудармасын Снегинге салып жібердім, содан алып оқырсың.

Кеткелі бері ешкімнен ешқандй да хабар алған жоқпын, жаңалықтан бейхабармын. Сіздерден хат-хабардың болмағанына еріксіз іштей мазасызданып жүрмін. Мұнда 27 марттан бері жатырмын, өздеріңе баруға сұранып едім, сессияның шешімдерін дәлел етіп рұқсат бермеді.

Мәселе шешілгенге дейін бас штабтың қысқа курсын тыңда-мақпын-аяғына дейін қатыса аламын ба, жоқ па білмедім.

Алматы мен ауылдан үзбей хат-хабар алысып, менен гөрі жай-жапсарына қанығырақ боларсың, сондықтан жазбай отырмын. Шәріповке барлық өзгерістерді айтып хат жазарсың.

Мадиярға, Ақайға, Мұзапарға, Ізтілеуге, Макеевке және басқа да жолдастарға тегіс сәлем айт. Егер даңқты талғарлықтарда болсаң, сәлемімді жеткізерсің.

Тағдыр тәлкегіне ұшыраудан аман бол, құрметтім.

Өзіңнің Бауыржаның

Р:S. Үй-ішімнің суретін салып отырмын.

10.04.1944 жыл

Сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Хаттың құндылығы мен маңызы неде деп ойлайсыңдар?

  2. Бауыржанның «Досыма» өлеңін негізге ала отырып, досына деген адал жүрегіне баға беріңдер.

  3. Өлеңді жаттап алыңдар.



25-26-27сабақтар

СӨЙЛЕГЕН СӨЗДЕРІ
Баяндаған істерді,

Мен істедім демеймін.

Мен мыңдікі болмасам,

Ер елдікі болмаса,

Кім істеді дер едім?

Бауыржан Момышұлы
Гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының Совет Жазушылары клубында А. Бектің «Арпалыс» повесін талқылауда сөйлеген сөзінің стенограммасы
8.ХІІ.1944 жыл

Москва қаласы

Жолдастар! Осыдан тура үш жыл бұрын біздің Қызыл Армияның басқа бөлімдерімен бірге Панфилов дивизиясы Москва түбіндегі аудандардың тірек пункттерінің бірінде – Крюково станциясында жүргізген жеті күнге созылған қиян-кескі ұрыстан кейін Жоғарғы бас қолбасшының бұйрығы бойынша маневрлі қорғаныстан қарсы шабуылға көшіп, 1941 жылы

8 декабрьде Крюково станциясы мен деревнясын азат етті. Бұл оқиғаға бүгін үш жыл толып отыр.

Мен ол кезде лейтенант шенінде едім. Қызыл армия қарсы шабуылға шыққан кезде, алғашқы ұрысқа қатынасты. Бұл датаның еліміз бен дивизия үшін ерекше маңызды болатын себебі бар, сол кезде соғыс тарихында бетбұрыс болды, яғни біз қорғаныстан қарсы шабуылға шыққан едік.

Біздер Крюковоға қарай шабуылға шыққан кезде, аға тейтенант Бауыржан Момышұлы, үш жыл өткен соң өзін повесть қаһарманы, әдеби тұлға, кітап кейіпкері боламын деп әсте ойлаған жоқ еді (күлкі). Мен жүргізілген жүздеген ұрыстардан кейін панфиловшылардың ішінен тірі қалғандығым үшін де, бүгін сіздердің алдарыңызда полковник шенінде сөйлеу құрметіне ие болып отырғандығым үшін де тағдырға разымын.

Мен мұнда сіздердің алдарыңызға бой көрсетуге келген жоқпын, өз сөздеріме жауап беруге келдім. Мен кітап авторы емеспін, кітаптың материалымен, мен әңгіменің авторымен, және әрбір адам сияқты өз өзіме жауап беруге тиіспін. Мен бой көрсетуге келген жоқпын, өз өзіме жауап беруге келдім деп айтып отырған себебім сондықтан. Өзімнің қатысып отыруыммен жолдастарға қолбайлау болғым, оларды ұялтқым келмейді, мен ашық әңгімеге, тіпті өткір пікір таласқа қатысуға шақырамын. Кеше Дайреджиев жолдас Печорин жөнінде айтты. Сіздің пікір таласқа шақыруыңызды құптаймын, сізбен шайқасуға әзірмін.

Мен өзімді қаһарман, совет офицерінің бейнесі деп, мені Наполеонмен, Багратионмен және т.б. салыстырған кезде (тіпті мұндай данышпандар да шықты) белгілі дәрежеде қолайсыз сезінемін. Мұнын бәрі әрине, күлкі. Мен қолбасшы емеспін, мен ең алдымен, жақын қашықтықтағы ұрыс офицерімін. Тіпті сіздерге өзімді тактикалық тұрғыда ойлайтын нағыз офицер деп те айта алмаспын, себебі тактика – бұл ұлы іс. Сондықтан мені Багратионмен, Наполеонмен салыстырған жолдастар – соғыс жайынан бейхабар адамдар. Егер жолдастар бұл салыстыру менің көңілімді толқытады деп ойлаған болса, олар қателеседі, бұл белгілі дәрежеде тіпті менің ашу-ызамды келтіреді.

Кейбіреулер – бұл қаһарман негі неге тірі деп қынжылады. Егер де оны өлтірген болса, ол жөнінде айту да жеңіл болар еді ғой (күлкі).

Біле білсеңіздер, жолдастар, мен мүлдем пайдасыз да адам емеспін. Мен тірі қалғым келгендіктен аман-сау қалған жоқпын, сірә, тағдырдың жазғаны солай болса керек. Сондықтан бәріміз де тағдырға, бақытты кездейсоқ жағдайға ризалық білдірейік те. Бәлкім, алда өзімнің әңгімелеріммен және армияда қызмет етуіммен де бірсыпыра пайда келтірермін, сондықтан да ең жақсысы мен өлмей-ақ қояйын, бұл жолдастарды қынжылтпай-ақ қойсын, бұл жөнінде өкінбей-ақ қойсын. Мен біздің барлық жауынгерлер мен сіздерге бақытты өмір мен аман-саулық тілеймін.

Нақты қаһарман жөнінде тоқталайын. Бүгін өткен күндерге көз саламын. Мен аға тейтенант Бауыржан Момышұлынан едәуір алысқа кетіп қалыппын. Аға лейтенант Бауыржан Момышұлы – енді маған да өздеріңіз қабылдағандай бейне, әдеби қаһарман. Мен өзім туралы емес, өз бойымда соғыстың бейнесін, біздің уақытымыздың бейнесін, Ұлы Отан соғысындағы біздің совет адамдарының бейнесін бейнелеп көрсететін совет офицерлерінің бірі болған аға лейтенант Бауыржан Момышұлы туралы айтпақпын.

Тірі қаһарман туралы әңгіме таралып жатыр. Содан кейін газеттерде менің кейбір мақалаларым басылып, оқырмандар Момышұлының тірі болып шыққанын әрі жазатын адам екенін білді. Кеше баяндамашы тіпті осы жерде мен туралы қосалқы автор ретінде сөйледі. Өткен жылы сөйлеген сөзім кейбір жолдастардың есінде болар. Сондықтан да, менің ойымша, кейбір адамдар біздің әдеби майданның белсенді әрі адал ниетті солдаты Александр Федоровичке «сіздің авторлығыңызға байланысты аздап күдіктенуге тура келеді» деп жөнсіз кінә тағатын сияқты. Бірінші повесть туралы Александр Федорович «Бұл кітапта мен әңгіме айтушының айтқандарын небәрі адал да үлгілі жазып алушы ғанамын» деп ағынан айтқаны естеріңізде болар. Кітапты жазып жатқан соғыс деп қайталап айтамын. Александр Федорович, жазушы ретінде – автор, мен материалмын, оның көмекшісімін. Біз адал жұмыс істеп жатырмыз.

Өткен жылы мен екінші повесті талқылау әлі ерте деп санайтынымды айтқан едім. Биылғы жылы мен үшінші повесті талқылау әлі ерте деп санайтынымды қайталап айтуға мәжбүр болып отырмын, өйткені түпкі ой аяқталған жоқ, алда әлі екі кітап тұр. Александр Федоровичтің панфиловшылар туралы төрт повесі қорғаныс соғысын комплексті жалпы түрде, Панфилов дивизиясының жауынгерлік қимылдары мысалында беруді мақсат етеді.

Біздің нақты болмысымыз – шындық. Шындықты суреттеп жазу кемістік емес, керісінше дұрыс түсіндіре алмаушылық бір нәрсенің кемістігі болуы ықтимал. Егер осылай бейнелеп айтуға келсе, біздің цензура органымыз, юстиция органымыз шындықты айтқанымыз үшін емес, оны дұрыс түсіндіре алмағанымыз үшін соғады және де шығарманы онда шындық жазылғаны үшін емес, онда шындық бізше түсіндірілмегендігі үшін жібермейді.

Мен мұны кейбіреулер түсіндіріп беруге шамасы жетпейтінін сезіп, шындықты орағытып кетуді артық көретіндіктен, яғни болған оқиғаны сол күйінде суреттеп жазбайтындықтан да айтып отырған жоқпын.

Біздің заманымызда бейнелерді авторлар жасамай, уақыттың қатал да трагедиялық жағдайы сомдайды. Бәлкім менің айтып отырғаным дұрыс та болмас, бірақ мен өзіме өзім дұрыс айтып отырмын деп ойлаймын. Шын мәнінде болған оқиғаны сол күйінде суреттеу немесе көрсету керек, бұл тұрпайылық емес, суреткер-автордың өнері, шеберлігі болмақ. Егер де бұл бейнелер бір ғана характермен көрсетілетін және авторға үлкен жауапкершілік жүктейтін әдеби-тарихи әрі әскери өмірбаяндық документтер болады деп көзделіп, жазылатын әдеби документтерде тек бір қырынан ғана бейнелейтін болса, онда өте өкінішті-ақ болар еді. Осындай жауапкершілікті сезініп, осындай ізгі ниетпен Александр Федорович Бек «Панфиловшылар» повесіне кірісті. Оның парасаттылығы, ыждағаттылығы туралы, шынайылығы мен автор еркіндігі, ойлаған мақсатына жетуге жетістіктері мен кемшіліктері жөніндегі пікірді өздеріңіз айтарсыздар.

Кеше кейбір жолдастар екінші повестің кемшіліктері жөнінде айтып өтті және ол жөнінде әлі де айтылар. Біздер ол кемшілікті білеміз. Бұл – соғыстың алғашқы кезіндегі кемшіліктер. Бұл аға лейтинант Бауыржан Момышұлының алғашқы он күніндегі кемшіліктері. Бірақ біз кемшіліктерді сылап-сипап, тігісін жатқызып, өңдеп, жылтыратып боямауға, дәрігерлік косметиканы қолдануға өсуін көрсетуде документтілікті сақтадық. Бейненің өсу кезеңін көрсетуде документтілікті сақтамаушылық совет жазушысының, совет офицерінің бойына жат нәрсе. Мұның өзі шындықтың алдында опық жеу болар еді. Біз ешқашан да оның кемшіліктері, оның абройы болғанын, ол жөнінде сол кезде шын мәнінде жаман немесе жақсы да демей, өмірде қандай болса, солай айтса дейміз. Аға лейтенант капитан емес, аға лейтенант. Капитан аға лейтенанттың қателіктері мен кемшіліктерін түзейді.

Шкловский жолдас аға лейтенанттың сыпайы еместігін мін көрсе, онда ол тұп-тура үш жылға кешіккені. 1941 жылы 28 октябрьде аға лейтенант қойын дәптеріне өзін сөге мына бір жолдарды түсіріпті.


Мақтанбағын мас болып,

Абырой алсаң табысқа.

Қоян болма тығылып,

Жау көргенде қамысқа.

Арыстанша ақырып,

Данышпансыма ақылдан.

Ілмей көзге жалпыны,

Айырылып қалма жақыннан,


Бұл аға лейтенант сыпайы болу керектігін міндеттеп, өзінің сыпайы еместігін жазғырды.

Осында бір жолдас, «мен, мен, мен» деп өзеуреді. Бұл да сондай – ақ сыпайы еместікті меңзеу. Аға лейтенант полкке басшы болған кезде, 1941 жылы декабрьде тәжірибесінен екінші тағылым алды:


Баяндаған істерді,

Мен істедім демеймін,

Мен істедім дегенше,

Мың істеді дегеймін.

Мың істеді дегенше,

Ер істеді дегеймін,

Ер істеді дегенше,

Ел істеді дегеймін,

Мен мыңдікі болмасам,

Ер елдікі болмаса,

Кім істеді дер едім?

(Қол шапалақтау)
Кеше бір жолдас ызаланып, Бекке «поэтикаландырылған бейне» туралы кінә тақты.

Бектің шығармасы кейбіреулерге белгілі дәрежеде өзінің шынайылығымен анайылау көрінетін сияқты, тіпті мұның өзі тым анайылау ғой деген әңгімені құлағым шалып қалды. Мейлі, анайылау-ақ болсын. Бірақ та біздің өтірік айтуға қақымыз жоқ, өйткені шындық жолында қанымыз төгілді. Шындық бізді соғыс тақырыбына етене етті, бой ұрдырды. Шындық бізді біріктірді, шындық бізге ақ жол ашты, шындық біз үшін құдіретті күш. Ол құрбандықты және бас июді талап етеді. Шындық ақиқатты түсіндіруші. Шындықтың алдында бас иеміз. Ұрыс даласында шындық үшін шайқасып, сол үшін өмір сүрдік және жан қидық. Шындық – бас шабатын айбалта.

Мен бастан кешкендерін жазып жүретін жауынгерлердің бірімін. Көргендерін хатқа түсіріп жүретін менің қарулас жолдастарымның бірі, осында қатысып отырған Совет Одағының батыры Ғабдуллин. Оның жазғандары 10-ға жуық дәптер болады.

Біздер не туралы жазып жүрміз? Біздер өзіміз туарлы, совет офицері жөнінде, совет адамы хақында, соғыс жайында ойланып толғанудамыз. Аса сәтті болмаса да, алайда бәрібір жазып, бәрібір толғаныста жүрміз. Ұрыс толастаған сәтте зіркілдеген зеңбіректің дүмпуінің астында, әскер тұрмыс пен қызметті атқару үстінде жеке тәжірибенің, жеке бақылаулардың нәтижелері жөнінде жазамыз. Жүргізілген ұрыстарды, майдандағы тұрмыс тіршілік пен қызмет етуді жинақтап, қорытындылауға тырысамыз.

Біз жазып отырмыз немесе сондай-ақ мен бәрін дұрыс жазып алдым деп дәлелдеу, әрине, адам қабілетін тым асыра бағалап жібергендік болар еді. Егер рұқсат етсеңіздер мен өзімді достарымның алдында тексеру үшін және үйретуге ұмтылмай, пікір алу тұрғысында өздеріңіздің көмектеріңізді пайдалана отырып, дұрыс талқылаудың ақиқаттығын түсіну үшін сіздерге совет офицері мәселесі жөнінде осы жерде, Москвада емес, блиндаждың, окоптың ішінде жазған қойын дәптерімнен үзінділер оқып берейін.

Әлде бір көркем шығарманы оқымақ ойым жоқ, тақырыптың мәні – офицердің бейнесі жөнінде творчестволық қызметкерлердің нені ойлайтындығы, солдаттың нені ойлайтындығын айтпақ ниетім бар. Жақында мен өзінің жазайын деп жүрген «Комиссар» деген романның творчестволық жоспарын бөліскен бір қазақ жазушысымен әңгімелестім. Мен оған мынадай сұрақтар қойдым:



    • Сіз соғыстың не екенін білесіз бе?

    • Білмеймін.

    • Сіз ұрыстың не екенін білесіз бе?

    • Білмеймін.

    • Сіз солдаттың, командирдің кім екенін білесіз бе?

    • Білмеймін.

    • Сізден «Комиссар» шықпайды, сондықтан жазуды қолға алмай-ақ қойыңыз.

Офицердің бейнесіне байланысты, офицер онсыз офицер бола алмайтынын, ол онсыз өмір сүре алмайтынын әрі офицер деп айтуға келмейтін мәселелерді көзден таса етуге болмайды. Бұл – парыз сезімі. Біздер парыз туралы көп айтамыз, әрі ол жөнінде әркімнің өз түсінігі бар.

Менің жалпы мәселелерге – совет офицерінің бейнесіне, оның тұлғасының қандай болу керектігіне және офицерді офицер етіп көрсететін иығына асынып, беліне тағатын белдігіне дейін егжей-тегжейлі ұзақ тоқталған себебім сондықтан.


Каталог: rus -> all.doc
all.doc -> Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы: Библиографиялық көрсеткіш/ Құраст. Д. Искакова. Тараз: ТарМУ. Ғылыми кітапхана, 2013. 63б. «Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы»
all.doc -> Өмірбаяны байбатша Ә. Б
all.doc -> Ғылыми кітапхананың 2011-2012 оқу жылы маусым айына жоспарланған іс-шаралар кестесі
all.doc -> Ғылыми кітапхана
all.doc -> Библиографиялық құралдар құрастыру Кеңес Библиографиялық құрал
all.doc -> 1. Кітапхана туралы жалпы мәлімет
all.doc -> Литература на электронных носителях Научной библиотеки Таргу им. М. Х. Дулати
all.doc -> Анықтамалық- библиографиялық ЖҰмыс
all.doc -> Қазақстан Республикасының мереке (демалыс) күндері


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет