— Ағай, сіз ақын екенсіз, - деді қыз осы кезде.
Мен селк ете түстім. Селк екенім: «мен қате естіген болармын. Қыз: «Ағай, сіз ақын екенсіз» демей, «ағай, сіз ақымақ екенсіз» деген шығар деп ойладым. Одан сайын ұнжырғам түсіп кетті.
— Ағай, сіз ақын екенсіз деймін, - деді қыз тағы да. Бұл жолы ол көңілді көзіндегідей әр сөзін соза, әндетіп айтты. Мен «ақын екенсіз» деген сөзді дұрыс естігеніме сенбегендей, екі көзім жыпылықтап, Меңтайдың бетіне қарадым. - Иә, ақын екенсіз, нағыз ақынсыз, - деді ол басын изеп, тағы да жымия түсіп.
Үш күннен бері тартқан қасіретімнің телеуіндей болған бұл жымиыс маған соншама қымбат еді.
Жүрегім жаңа орнына түскендей болды. Меңтайдың маған ұрыспайтынына, жұрт алдында масқараламайтынына енді көзім жетті. «Уһ!» деп, арқамнан ауыр жүк түскендей терең бір дем алдым да:
— Рақмет, Меңтай! Ақындық қайдан келсін, әншейін... - деп міңгірледім.
— Жоқ, «Қызыл көрпеңіз» жақсы өлең, - деді Меңтай. - Оны Зайкүл де, Қанипа да, Майра да, басқа қыздар да оқыды. Бәрі де жақсы деп тапты. Менің сізге ол көрпенің тарихын да айтып бергім келді.
— Әй, Ербол, - деді Зайкүл мені қолымнан жұлқылап, төрге қарай сүйреп. - Осы сенің мына Меңтаймен не пәлең бар? Бұдан басқаны кезге ілмейсің де, мұның төсегіндегі көрпесіне дейін өлеңге қосасың. Саған қызыл керек болса: менің көйлегім де қызыл, пальтом да қызыл, тіпті аяғымдағы етігім де қызыл. Айта берсең, өзім де қып-қызыл от емеспін бе жайнап тұрған. Сен осы мені неге өлеңге қоспайсың?
Қыздар ду күлісіп жатыр. Осы кезде жүгіріп Жомартбек жетіп келді.
— Шұрқ етпе, Зайкүл, - деді ол кеудесін басып. - Саған деген асыл сөз мына алтын сандықта сақтаулы жатыр.
— Ал, айт ендеше, - деді Зайкүл қырланып.
Жомартбек тамағын кенегі, Зайкүлге жалынып, жүрек шерін ақтарғандай боп әндете жөнелді:
Қара көз, имек қас,
Қараса жан тоймас.
Аузың бал қызыл гүл,
Актісің кір шалмас.
Зайкүл көзін құбылтып, ернін бүрістіріп, мәз боп қалды. Жарқ еткізіп әсем ақ тістерін және ақситып үлгірді. Жомартбек «өлеңін» одан ары жалғастырды:
Иісің гүл аңқыған,
Нұрың күн шалқыған.
Көргенде бой еріп,
Сүйегім балқыған...
Жомартбек өлеңнің әр жолының мазмұнына қарай бірде мойнын созып, бірде екі құлашын кең жайып, одан соң балқып, еріп, ақырында бу боп ұшып бара жатқандықты танытып, неше алуан нәзік қимылдар жасап барып тоқтап, Зайкүлге басын иді.
— Бис! Бис! - деп қыздар қол соқты. Зайкүлдін өзі де мәз болып, алақанын қоса шапалақтады.
— Әй, мынауың жап-жақсы өлең ғой өзі, - деді Зайкүл Жомартбекке разы боп. - Басқа біреудікі емес пе?
— Жоқ, Зайкүл! - Жомартбек кеудесін соқты.
— Қарғаншы өзімдікі деп.
Жомартбек шұбырта жөнелді.
— Егер осы өленді Зайкүлге арнап өзім шығармаған болсам - аяқтағы суға ағылып өлейін, құрғақтағы киттерге қағылып өлейін, тумаған ту асаудың құйрығына тағылып өлейін! Оллаһи! Беллаһи!
Осылай деп Жомартбек зірк-зірк еткізіп сөзін аяқтап, екі қолын бірдей аспанға көтерді.
— Сендім, сендім, - деді Зайкүл Жомартбектің «ант» ішкеніне разы боп. - Онда сен бұл өлеңді жақсылап ақ қағазға көшіріп, басына «Зайкүлге» деп жазып, менің кітабымның арасына әкеп салып қой.
— Құп болады, Зайкүлжан, - деп арық Жомартбек сұрақ белгісіндей иіліп қалды.
— Әй, Зайкүл, сен Жомартбекке рас сеніп отырсың ба? - деді Майра. - Бұл Абайдың «Көзімнің қарасы» деген өлеңі емес пе?
— А, не дейді? Мен расында әзіме арналған өлен екен деп қуанып едім. Осы ақындар «С-ға», «Қ-ға», пәленшеге, түгеншеге деп жазып жатады ғой. Маған да біреу өлең арнасашы, шіркін! - деп Зайкүл дағдарып қалды. - Ал мен Абайдың «Айттым сәлем, қаламқастан» басқа әлеңін естіген емеспін.
— Естігенің не, оқымайсын ба? - деп күлді Майра.
— Жоқ, мен өлең оқымаймын, - деді Зайкүл басын шайқап _ Өйткені мен қызбын. Ал қыздың өзі өлең. Ендеше мені жігіттер оқысын.
— Рас, өзге қыздар өлең болса, біздің Зайкүл поэма ғой, - деді Жомартбек жымындап. - Поэманың әр бетін ақтарғаның сияқты...
Осы кезде үзіліс бітіп, профессор аудиторияға қайта кірді. «Мен саған көрсетермін кісі алдағанды» дегендей, Зайкүл арт жаққа бұрылып, Жомартбекке жұдырығын түйді. Мен бұл сабақта бұрынғы орнымда, Меңтайдың қасында отырып қалдым. Меңтайдың маған ренжімегеніне шаттанып, көңіл алаңы басылғандықтан болар, бұл жолы Әуезов лекциясын тағы да бұрынғыдай сүйсіне тындадым. Бұл сағатын профессор Абайдың «Қақталған ақ күмістей кең мандайлы» дейтін көпке мәлім өлеңін талдауға арнады. 1884 жылы жазылған бұл өлеңнің тақырыбы қазақтың бойжеткен қызының сырт көрінісін, мүсін келбетін суреттеуге арналғанын, жас атаулы қызығарлық, сүйсініп, тамаша етерлік ерекше сұлу қыздың пәртретін ұлы ақын қалай жасағанын, сол портретті сомдау тәртібін санамалап айтты. Қыздың сырт мүсінін суреттеуде төл әдебиетте теңдесі болмаған бұл өленді Пушкин, Лермонтов, Байрон, Гейненің қызға арнаған өлеңдерінің жатқа айтқан үзінділерімен салыстырып бір етті. Қалай дегенмен де бұл өлеңде Абайдың әлі де әлеуметтік шындықты, халық басындағы ауыртпалықты сыншылдықпен жырлайтын қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілмегендігін, «Қақтаған ақ күмістей» өлеңінен көбінше сұлулықты, жарастық келісімді ғана жырлайтын эстет ақынның лебізі аңқып тұрғандығын профессор бір түйіп тастады.
Осыдан кейін ол осы өлеңнің бойындағы өзінің кемшілік, мін табатын жайларына тоқтады. Оның айтуынша, ақын бұл өлеңінде тірі адамды, оның жан күйін бейнелеудің орнына жансыз сурет берген. Қасы қандай, шашы қандай, кезі қандай, мұрны қандай деген сияқты анкеталық сұрақтарға жауап іздеп, тек қана паспорттық сипаттау жасаған. Мұның себебі, ақынның әйел жынысына қазақы көзбен қарап, қыз көре келген жігіттің немесе келін айттыра келген құданың көз қарасынан аса алмауында деп тағы да пайымдау жасады. Бұдан кейін профессор Абайдың «Аттың сыны» дейтін өлеңің еске алды. Анықтап қараған кісіге «Қақтаған ак күмістей» мен осы өлеңнің арасынан айқын композициялық ұқсастық танылатынын айтты. «Ат сынында» жүйрік аттың сырт мүсіні мүше-мүшесімен реттеле баяндалады. Әрине, атты солай суреттеу орынды. Ал адамзатты сипаттауда мұндай әдісті қолдану қонымды емес деген қорытынды жасады профессор.
Абайдың еш өлеңінде ешқандай мін бар дегі ойламаған біз оған арналған мынандай сындарды естігенде екі көзіміз ба-қырайып, профессорға сенерімізді де, сенбесімізді де білмегендей тесірейіп отырып қалдық. Әрине, сөнбеске болмайды. Бар дәлелімен тайға басқандай өтіп көрсетіп отырған бұл кемшіліктерді еріксіз мойындауға тура келеді.
Бұл аз дегендей профессор енді сол өлеңнің композициялық шалағайлығын ашады. Өлеңнің бас жағы бір тақырыппен басталып, аяқ жағы өкінші тақырыпқа ауысып кететінін, әуелде іс пен мінез жоқ, тек сырт болса, кейін сырт жоқ, тек мінез ғана айтылатынын, сөйтіп алғашқыда мақтаған нәрсесіне ақын кейін ұрысқа жақын сөздер қолданатынын көрсетеді. Атап айтқанда ақын алғашқыда қыздың күлкісі «бұлбұлдай», «іш қайнатады» деп мақтаса, соңынан сол күлкіні «жыртақтап», «тыртақтаған» деп жаратпай шыға келеді.
Осыдан кейін Әуезов ақынның екінші бір өлеңін талқылауға көшеді. Бір талдаудан бір талдау қызық боп, ол бізді Абай өлеңдерінің қатпар-қатпар шатқал, шыңдарына қарай жетелеп бара жатқан тәрізденді. Әуезовтың өзге оқытушыларда жоқ бір өзгеше дағдысы бар еді. Ол әрқашан да сондай қызықты лекциялардың соңынан міндетті түрде бес минуттай уақыт қалдыратын. Осы бес минутты ол жеке студенттің жай-күйімен танысуға жұмсайтын. Күн сайын бір студентті орнынан тұрғызып алып, өзі оған әр түрлі сұрақтар беретін.
Бағана менің аудиторияға кешірек келгенімді көзі шалып қалған соң ба, бұл жолы ол мені орнымнан тұрғызды.
— Ербол, сен осы соғыста неше жыл болдың?
— Төрт жыл, Мұхит аға.
— Сонда кітап оқи алдың ба?
— Оқыдым.
— Қане, айтшы, қандай кітаптар оқыдың? - деп профессор менің оқыған кітаптарымды санау үшін сол қолының саусақтарын ыңғайлай бастады.
— Шекспирдің «Король Лирін», Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатын», Гетенің «Жас Вертерін», - осы кезде Меңтай жалт етіп, менің бетіме бір қарап қалды. - Анатолий Виноградовтың «Паганиниді ғайбаттау» деген кітабын, Александр Бектің «Волоколам тас жолын» оқыдым.
— Пәлі, - деп профессор рақаттанып қалды. - Өзің көп кітап оқып тастапсың ғой. Мен соғыс солдаттарының кітап оқыр хал-мұршасы болмайтын шығар деп ойлаған едім.
— Мұхит аға, - деді Зайкүл осы арада профессордың аузындағы сөзін қағып әкетіп, - бұл сіздің «Ақын» романыңызды да оқыпты. - Осы арада Зайкүл өз-өзінен сықы-лықтап күліп алды. - Сыртын далба-дұлба қылып алып келіпті. Әсіресе Тоғжанды адтқанда аузының суы құриды мұның.
Әуезовтің өңі күреңітіп, қозғалақтап қалды. Содан соң, сүйінші сұрағандай боп, өз қолының қос саусағымен тыныш тұрған ет жеңділеу келген қыр мұрнын жебей сауып, жұлқып-жұлқып жіберді. Бұл оның қатты сүйсінгендегі немесе ерекше күйінгендегі әдеті еді.
— Пәлі, не айтады мына Зайкүл, рас па, Ербол? - деп профессор менің бетіме қарады.
Мен тез басымды изедім.
— Сіздің «Ақыныңыз» біздің күндік нанымыз, артық патронымызбен бірге арқамыздағы зат қапшығында жүрді.
— Пәлі, не дейді-ау? Ал оқи алдыңдар ма оны?
— Жорықта келе жатып та, окопта отырып та оқыдық, Мұхит ағай, - дедім мен студент болғалы бірінші рет «ағай» деген сөз аузымнан шығып. - Ол кітаптың көп көмегі болды бізге.
— Пәлі, не көмегі болды? - Әуезовтың екі беті нұрланып, көзі күлімдеп, жүзі бұрынғыдан да жыли түсті. - Қай қаһарман басым көмек көрсетті?
— Бәрі де. Әсіресе Тоғжанның көмегі көп болды. Ол бір емес, бірнеше медсестра, санитарка қызметін жалғыз өзі атқарды десем, артық болмас деймін.
— Пәлі, не дейді-ау! Шын ба осының? - деп профессор мол денесін тез қозғап, ілгері ұмсынды.
— Шын, Мұхит аға.
Әуезов сәл шалқайыңқырап, тағы да мұрнын сауа, сипалап қалды.
Осы кезде лекцияның біткенін хабарлап, қоңырау соғылды. Бірақ профессор асықпады.
— Ербол, сен өзің мені қуантып тастадың ғой, - деді ол алдында жатқан папкасын бір сипап қойып. - Ал енді өзің осы айтқандарынды қағазға түсіре алар ма едің? Тоғжанның жаңағы өзің айтқан майданда талай медсестраның қызметін атқарғанын дәлелдеп, оқушыны иландыратын етіп жазуың керек. Осы қолыңнан келер ме еді?
— Келеді, Мұхит аға, - деді Зайкүл мен үшін жауап беріп. - Бұл өзі акқн, «Қызыл көрпе» деген өлең жазған.
Мен ұялып, Меңтай жаққа қарай жүзімді бұрдым. Байқасам ол да қызарып кеткен екен.
— Жазып көрейін, - дедім мен.
— Өзің өлең де жазушы ма едің? - деді профессөр орнынан тұрып жатып.
— Жоқ, жай әшейін...
— Шын, шын, Мұхит аға! - Зайкүл қасы қанжардай дір етіп, одан сайын әзеурей түсті. - Өзі өзге сабаққа да жақсы. Соғыстан қайтқалы әлі үйіне де барған жоқ. Профессор Зайкүл сөзінің бас жағында күлгенімен, аяқ жағына назар аударып, менің әлі елге бармағаным анық па екен деп сұрады. Мен оқу басталып қойғаннан кейін бір жылым босқа өлмесін деп осында қалып қойғанымды айттым.
— Жарайды, онда тіпті жақсы. Ал енді сен жаңағы айтқанды менің алдағы дүйсенбідегі келесі сабағыма дейін жазып әкел, - деді профессор. - Одан соң әлгі Зайкүл айтқан кітапты да ала кел.
Мен басымды изедім.
Келесі лекцияның оқытушысы жоқ болып шықты. Сөйтіп студенттер «терезе» деп атайтын бос екі сағат сопаң етіп шыға келді. Студенттер «терезеге» қайғырмайды. Бұл екі сағатта бірсыпыра жұмыстар бітіріп алады. Соның негізгілерінің бірі Совет көшесі мен Карл Маркс көшесінің бұрышындағы «Алатау» кинотеатрына бару.
Бұл жолы да бірін-бірі еліктіріп, қыздардың бірсыпырасы киноға кетті. Аудиторияда бес-алты қыз бен Жомартбек екеуміз ғана қалдық. Біраздан кейін киноға кіргісі келмегенін айтып, Меңтай қайтып келді.
Меңтайдың ұрыспасына анық көзім жеткеннен кейін, бағана өзі айтқан қызыл көрпеніңтарихын білгім келді. Жомартбек екеуіміз жағалап, Меңтайдың қасына бардық. Жомартбек қыздан бағанағы «Қызыл көрпе» деген өлеңдеріңді көрсетіңдерші деп өтінді. Меңтай кітаптарының арасын ақтарып, алдыңғы күні тастап кеткен қағазды тауып алып, «Оқыған соң өзіме қайтарып бер», - деп Жомартбекке ұсынды. Меңтайдың «өзіме қайтарып бер» деген сөзі менің жүрегіме майдай жақты. Ол менің сұрауым бойынша, маған «күндес» боп көрінген қызыл көрпенің тарихын баяндауға кірісті. Меңтай Лениногорск шахтерінің қызы екен. Шешесі бастауыш мектепте мұғалім болыпты. Әкесі оның сәби шағында шахтада төбесіне тас құлап, дүниеден қайтқан. Қыздың кішкене ағасы Жүніс сегізінші сынып бітіргеннен кейін жұмыскер боп, семья асырауға кіріскен. Соғыс басталар жылдың Бірінші майында оған жақсы жұмысы үшін сыйлыққа бес метр қызыл жібек тиеді. Бұған шеше байғұс қатты қуанады. Ұлынын бұл алғашқы табысын ырым етіп, өз алдына отау болып шыққандағы бірінші жасауы болсын деп, арасына түйе жүнін салып, мектептен қолы бос кездерінде көрпе қабиды. Сөйтіп ұлын үйлендірмек болады. Сол екі арада соғыс шығып кетіп, ол көрпені етіне бірақ күн жамылып, Жүніс майданға кетеді. Содан кейін шеше ол көрпені ешкімнің етіне тигізбеген. Ұлына сақтаған. Ал ұлынан «өлді» деген қара қағаз келген. Жалғыз ұлының жаманатына шыдай алмай, шеше сорлы сол хабарды естіген жерде, сынып ішінде өзі де дүние салған.
— Соғыста ағайым оққа ұшты, - деді Меңтай күрсініп. - Соның күйігіне шыдамай апам өлді. Апамның өлгенін көзіммен көрдім, ағайымның өлгенін көргенім жоқ. Сондықтан Жүйкем өлді дегенге көпке дейін сенбедім. Жүніс ағатайымды Жүйке деп атайтын едім, - деді ол Жомартбекке түсіндіріп. - Соғыс біткен соң, осы өткен күздің басында Жүйкенің қасында болған бір. кісіден ауызба-ауыз естігенде ғана сендім. Ол кісі терең етіп зират қазып, ағайымды жақсылап тұрып өз қолынан қойыпты. Жақын жердегі деревняның ұста дүкеніне барып, зиратқа темірден қоршау шарбақ жасатып орнатып, оған «Жүніс Ербосынов» деп мәңгі ешпейтін етіп жаздырып кетіпті. «Ағаңның жатқан жерін көрем десең ертіп апарайын, әйтпесе кейін барып көрерсің» деп әдірісін берді. Өзім қазір қайдан іздейін, кейін оқу бітіріп, қызмет істеп, ақша тапқан соң барармын деп ойладым.
Меңтай ағасына мұнша жақсылық жасаған адамның еңбегін сонша сүйсіне бағалап айтты.
— Сол көрпені биыл өзіммен бірге ала келген едім, - деді қыз күрсініп қойып. - Ол маған аса қымбат ескерткішпен пара-пар: ағайымды да, анамды да есіме түсіреді. Кеше кітап арасынан ағайдың өлеңін тауып алып оқығаннан кейін сол көрпені бауырыма қысып, өксіп-өксіп жылағанымды айтсаңшы менің!
Байқаймын, Меңтай әңгімесінің Жомартбекке онша әсері болған жоқ. Меңтай сөзін аяқтап, мұңайып, төмен қарап калған кезде ол: «Мен мына өлеңді көшіріп ала қояйыншы», деп жымыңдап, өз орнына қарай жүгірді. Ал маған бүкіл бір отбасының тағдырын баян еткен бұл қысқа новелла дүниедегі ең қайғылы, қасіретті жырдай танылды. Не айтарымды, қызды қалай жұбатарымды, жүрегімдегі аянышты қалай жеткізерімді білмей, абдырап отырып қалдым. Оның көңілсіздігі біртіндеп маған ауа бастады.
Студенттік өмірдің бейқам, сонымен бірге аққан судай ағынды күндері өзінің сылдыр-былдыры мол қызық, қуанышымен бірін-бірі қуалап өтіп жатты. Мен Әуезовке берген уәдемді орындауға бар күшімді салдым. Алматыдан соғысқа кетерде мен магазиндерге жаңағана түскен «Ақын»романының бірінші кітабын тауып алған едім. Сол кітап бүкіл майданды менімен бірге аралап шықты, талай солдатты тамсандырып, оқып беріп жүрдім. Бірақ бұл естелікті мақтанғандай боп өз атымнан жазбайын, басқа жолдастарым оқыған етіп баяндайын дедім. Сөйтіп мен ол кішкентай естелікті төрт күн жаздым. Естелігім Әуезовке ұнамай қалар ма екен деп, жаным мұрнымның ұшына келді. Жазып біткен соң оған «Тоғжан» деген ат қойдым. Зайкүл айтқандай, жазушылардың өз шығармаларын жақсы көретін адамдарына арнап жататыны ойыма түсті. Менің бұл ең алғашқы естелігімді Әуезовке арнағым келді. Оң жақ шекесіне «Осы образды жасаған жазушы Мұхит Әуезовке арнаймын» деген сөздерді қолымның қалай тез жазып жібергенін де байқамай қалдым. «Қой, мұным тым бадырайып кетті және жазушыға жасаған жағым-паздық сияқты боп көрінер» деп ойладым да, оны қайтадан түзеттім. «Осы образды жасаған кісіге арнаймын» деп қана қойдым. Жексенбі күні үйде табан аудармай отырып, жазғанымды жақсылап көшіріп шықтым.
Дүйсенбі күні отыз үшінші аудиторияға бірінші лекцияға келген профессор Әуезов бұрынғы әдетінше, самай шашы бұйра-бұйра, Сократ маңдайлы үлкен қасқа басын студенттерге мол ілтипат, ықыласпен изеп, оқытушы столының басына барып отырды. Профессор есіктен кірісімен-ақ менің жүрегім өз-өзінен лүпілдеп қоя берді. Орнына отырғаннан кейін Әуезов маған қарай бұрылды да:
— Ал, Ербол, уәде орындалды ма? - деді.
Мен Әуезов оны лекциядан кейін сұрайтын шығар деп, жайбарақаттау күйде отыр едім. Профессор бірден соны сұрағанда не дерімді білмей, сасқалақтап қалдым. Әрең дегенде ес жинағандай болып:
-Өзімше орындадым, Мұхит аға, - деп орнымнан тұрдым
— Пәлі, жөн. Әрине, сенің өзінше орындағаның керек бізге, - деп профессор бірден бейілденіп қалды. - Ал оқып беруіңе лекция аяғында қанша уақыт қалдырайын саған?
— Терт-бес минут қана, Мұхит аға, - дедім мен дәптер бетіне жазылған он шақты бетті оқуға қанша уақыт керек екенін ажырата алмай.
— Жоқ, онда мен он минут қалдырайын. Сен оқығаннан кейін оны біздің талқылауымыз бар емес пе?
Мен «жарайды» дегендей, басымды идім.
— Ал онда алдымен кітабыңды көрсет, Ербол, - деп профессор маған қарай қолын созды.
Мен шапшан қимылдап, сумқамдағы сырты жыртылып, жан-жағы жемтір-жемтір боп кеткен «Ақын» кітабын алып, Әуезовке қарай аяңдадым.
Әуезов бағынышты командирден рапорт қабылдайтын генералдай боп, орнынан көтерілді. Демобилизацияға жатып, еліне қайтатын солдат бөлімнен кетер алдында қай жерінде қандай белгісі барын бес саусағындай білетін кәрі винтовкасын жүрегі толқи дірілдеп, рота старшинасына өткізер еді. Мен де сол солдаттай болып, осыдан бес жыл бұрын Алматыдан майданға ала кеткен осынау асыл кітапты енді, міне, аман-есен иесіне тапсырдым.
Профессор сәл сұрланғандай түспен кітапты үнсіз қолына алды да, орнына отырды. Кітаптың сыртына көз жүгіртіп, жыртық мұқабаны қайта-қайта сипалап, ішін ашты.
— Рас, біздің кітап, - деді басын ықыластана изеп қойып. Содан соң бір-бірлеп, беттерін ақтарып қарай бастады. Бір кезде кітапты көтеріп, бетіне тақады. - Пәлі, өзінен дәрі иісі шығады, иіскендерші...
Әуезовтың қасына ең алдымен Зайкүл жүгіріп барды. Ол кітапты ала салып, дұғалықтай етіп бетіне басты да:
— Рас, мүңкіп тұр, - деді оқ-дәрі иісінің қандай болатынын сезбесе де.
Бұған басқа қыздар мырс етіп күліп жіберді.
— Сен маған баға жетпес ғажап дүние сыйладың-ау, Ербол, - деді Әуезов екі көзі жасаурап, тебірене үн қатып. - Өзім майданға бармасам да, бұл кітап менің бір перзентім болып, соғысқа қатысыпты. Сол перзентті сен аман-есен ертіп әкеліп, қолыма тапсырдың-ау менің. Соғыс деген өрт болса, өртке жанбай шықкан бұл кітаптың жаңа бір бағасын және таныттың сен. Рақмет, қарағым.
Аудитория сілтідей тынып қалған еді. Профессор бойын тез жинап, кезекті лекциясын бастады. Әуезов лекциясының екінші сағатының соңында бағанадан бері толассыз буырқанған теңіз үні тоқтап, аудитория ішінде әлдебір әлсіз бұлақтың болымсыз сылдыры естілгендей болды. Естелігімнің заголовогі мен оның оң пұшпағындағы арнауды даусым дірілдеп, сүрініп-қабынып, әрең айтып шықтым да, тамағымды кенеп, сәл тыныс алғаннан кейін тексті оқуға кірістім.
«1942 жылдың ортасында Алатау бауырынан эшелон-эшелон әскер майданға шеру тартты. Бұл Алматыда құрастырылған атқыштар бригадасы еді. Жарты жылдай астана айналасында лагерь-лагерь болып, әскери өнерге жаттыққан жауынгер бөлім тұтас көтеріліп, «Отанға тиген жау, қайдасын?» деп, батысқа қарай бет түзеген болатын. Соңғы эшелондардың бірінде артиллеристер дивизионы кетіп бара жатты.
Соғыс кезінің паровозы жаңғырығы жер жарып, қатты жүйткиді. Жолда кездескен станциялардың, разъездердің тұсында ащы бір айғайлайды да, гүрс-гүрс етіп, тарта береді. Су алу, көмір тиеу қажет болмаса, басқа жерге көп тоқтамайды. Толассыз жүйткіп, зырлап ағады.
Қызыл вагондардың екі жақ есіктерін бірдей шалқайта кең ашып тастап, көлденең-көрме тақтайға асыла иін тіресіп, майданға кетіп бара жатқан жауынгерлер туған жерге жүректері елжірей көз тігеді. Қарт атадай ақ бас тау, жас анадай жасыл желек жамылған орман, сары бел, салқын қол - бәрі самаладай болып, бірінің соңынан бірі ұзап қалып барады. Өз алдына бір шолақ эшелонға ұқсап, шеткі үйінің түтіні будақтаған ауыл, тепең-тепең қаққан салт атты жолаушы, обадай қақшиып, қалың қойдың шетінде тұрған шопан жалт етіп бір көрінеді де, ғайып болады.
Күн батқанша дала бетіне үңіліп, көзі жасаурап, талғанша көп қараған адамның бірі салпысары, жез мұртты кәрі солдат, Талдықорған облысының Ақсу ауданынан келе жатқан Сәттіғұл Осенов болды. «Сапта жүруге жарамаймын, кеп тұрсам, аяғым талады, белім ауырады» деп, Осенов зеңбірек атына мінуші болған. Осыған орай бір солдат бағана: «Сапта тұрса, аяғы ауыратын козелдің күн бойы қозғалмастан қызыл вагон есігінің алдында какшйюын» деп бір қағытып өткен. Оны естіген өзге жұрт қатты бір ду күлісіп алған болатын. Жолдасының ажуасына да, жұрттың күлгеніне де қарамастан Осенов вагонның босағасына сүйенген күйі далаға қарап тұра берген. Енді, міне, жер бетін түннің қара мақпал шапаны бүркеп, вагон ішінде май шамның жалғыз көзі сығырайғаннан кейін, Осенов артына бұрылып, шамды қоршай отырған жолдастарының қасына келді.
- Әттең, шіркін, қалды-ау, қайран туған жер! - деді ол отыра беріп, вагон ішіндегілердің бәріне естірте. Аузынан қызыл жалын атқығандай шермен, күрсіне айтты.
Шам айналасында, вагонның бұрыш-бұрышында, қара көлеңке жерде, төрт-бестен бірігіп алып, әр жайды коңыр әңгіме етісіп отырған жұрт Осеновтің мына сөзін естіген шақта тым-тырыс болысып, бір сәт үндеспей қалысты. Ат айдаушы шалдың: «Қалды-ау, қайран туған жер!» деген шер сөзі майданға аттанып бара жатқан осынау сұсты солдаттардың жүрек қылын басып қалғандай болды. Шал айтқан туған жерде әркімнің жанашыр жақыны, жақсы көрер жандары қалып барады. Біреу қарт әке, қадірлі анасын еске алады, біреудің көз алдына жақсы жар, жас баласы келеді. Енді біреудің жүрегіндеғі жар етем деген жанына қосыла алмай кеткен арман-зары ащы запыран болып ақтарылады. Шал сөзі әр жүректіңтүкпірінде жатқан осындай мұнды сырдың пернесін басады.
Әлден уақытта:
- Жоқ, қалған жоқ. Ол бізбен бірге! - деген, саңқ еткен бала бүркіт үніндей, жігерлі жас дауыс естілді. Бұл зеңбіректің екінші кездеушісі Құсайынов Айтқали деген жауынгердің үні еді. Айтқали қараңғы бұрышта отырған орнынан тұрып, шамға таман жақындады. - Туған жер мына кітаптың ішінде.
Ол жұртқа сол кезде баспадан жаңа шыққан, өзі Алматыдан аттанар алдында вокзал басында сатып алған «Ақын» романының алғашқы кітабын көрсетті. Жауынгерлер тез, қуатты, үлкен магнит тартқан көп, ұсақ шегедей болып, Айтқалидың айналасына жиылды. Вагондағы жалғыз жарық соның алдына қарай итерілді. Бір табадан ыстық күнде шүпірлей су ішкен ақ үрпек балапандай болып, қара көлеңке вагон ішіндегі қайратты жастардын басы сол кітаптың үстінде түйісті. Ішіндегі жандарды жылауық баланың бесігіндей үздіксіз шайқай тербеген үлкен вагонньщ қабырғасына түскен үйме-жүйме көлеңке үздіксіз қозғалып тұрды.
Солдаттардың «Ақын» романын оқуы осылай басталды. Алматыдан аттана аққан жұлдыздай зымырап, шұбала созылған ұзын қызыл эшелон Москваға келді де, қазақ бригадасы астана түбіндегі Бабушкин деген қалада поездан түсті. Мұнда біраз жатып, тыныққаннан кейін, жауынгерлер қалың тоғайлы, көкшіл көлді Калинин облысының жеріне қарай жаяу тартты. Өне бойлары мұздай көк қарумен құрсанып, күн демей, түн демей, ерлер етікпенен су кешіп, аттары ауыздықпен су ішіп, суыт жүріп, ұзақ сапар шекті. Артиллеристер майдан жерінің батпағын белуардан кешіп, ер қаруы - ұзын тұмсық, көк болат зеңбіректерді тынбастан алға қарай сүйрейді. Ол батып қалған жерде: «Раз, два - взяли!» деп, орман ішін жаңғырта айғайлап, оның қалқанынан, стволынан итереді. Доңғалақтары күшпектерінен батпаққа батқан ауыр қаруларды ауыр азаппен алға тартқан мұндай қиын, қысталан шақтарда екі етегін белге түрінген жаяу әскер зеңбірекшілерді басып озып, оларды артқа, алысқа тастап кетеді.
Алдыңғы шепке тақаған сайын колоннаның бас жағынан: «Во-о-здух!» деген зәредей ащы үн жиі естіле бастайды. Ирелеңдеген жыландай етіп, созылтып, шұбалта айтқан осы бір үрейлі сөзді ести сала солдаттар жолдан шығып, тым-тырақай қашып, жол шетіндегі орманның қойнына тығылады. Қанатында қара бүйісі бар сары ала самолеттер ырылдап кеп төбеден төнеді... Міне, осындай жорық кездерінде он бес-жиырма минуттық үлкен бір дамылдау шағы болады. Он екі мүшесі сау кісілер қас қаққанша қолынан айырылып, шолақ, аяғынан айырылып ақсақ боп шыға келетін, жаңа ғана қасқая күліп тұрған немесе құлындай ойнақтап жүрген жолдастарың лезде жан тапсырып, мәңгіге жоқ боп кететін, адам өмірі түнгі үлкен оттан ұшқан ұсақ ұшқындай сөніп жататын майдан өмірі үшін он бес-жиырма минут қысқа ғұмырлы солдат қауымы дамылдап, жан шақырып, талай қызық күлкілерге кенелетін, естеліктер айтысып, ес жиып қалысатын өзінше бір ұзақ уақыт. Колоннаның алды тоқтап, сол жерден біреудің аузынан біреу қағып әкетіп, артқа қарай дауыстап жеткізіп жататын «Привал!» деген команда шыққанда теңіздің жиегіне қарай жанға рақат берер таудай толқындар лықсып, бірін-бірі қуалап, бар ләззат, қызығымен өзіне қарай жақындап келе жатқан сияқтанады. «Привал!» Сен де бар даусыңмен қуана дауыстап, өзіңнен кейінде келе жатқан жұртқа жар саласың да, жол шетіне шығып, сызды жерді салулы төсектей көріп, жолдастарыңмен бірге жантая кетесің. Бойыңдағы солдаттың ауыр жүгінен арылып, құрыс- тырысыңды жазып, рақаттана керілесін. Таңертеңгі ауылдың мұржаларынан жарыса будақтаған түтінді еске түсіріп, қомағайлана бұрқылдатып темекі сорасың. Дем аласың.
Достарыңызбен бөлісу: |