Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат, қызық мол жылдар?



бет10/28
Дата26.08.2017
өлшемі3,96 Mb.
#28198
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   28

— Оны... - деп Меңтай күмілжіп қалды. Содан соң менің көңіліме бірдеңе келіп қалды деп ойлады ма, ренжір деді ме, сезін қайта жалғады. - Лайықты десеңіз, айтыңыз.

— Айтсын, - деді Зайкүл жаны кіріп. - Ондай әңгіме қызық болады. - Ол Меңтайға қарай бұрылды. - Сен, Меңтай, Ерболды иектеп алып, аузынан қаға беретінің не осы? Әлде өзіңе өлең шығарғаннан кейін өзімдікі деп жүрмісің?

Зайкүлдің Меңтайға айтқан сөзінің ішінде «Ерболды иектеп алып» дегенінің жаны бар деуге де болар еді. Менің Меңтай қасында әлдебір мінімді тауып, сөгіп немесе орнымнан түсіріп кете ме деп жоғарыдан келген үлкен бастық алдында итей діріл қағатын кіші бағыныштыдай, ол маған атымды атап, жөнімді жендеп ештеңе айтпаса да, қылық-қимылымнан бірдеңе ұнамай қала ма деп, өз-өзімнен қысылып, қымсынғандай күйде отыратыным барды. Қу қыз соны аңғарып айтты.

Зайкүл өз сөзіне өзі риза болып, сықылықтап күліп алды. Меңтай қызарып кетті.

— Сен де жоқты айтасың-ау, Зайкүл, - деді ол сабырлы қалпын бұзбастан сәл ғана күлімсірей түсіп. - Ағайды иектеп маған соншама не болыпты?! - «Жоқ, олай емес, иектесем иектеймін, онда сенің не шаруаң бар?» десең етті» деп ойладым мен ішімнен. - Әшейін, бұрын естімеген әңгіме болған соң...

— Естімесең, естисің, білмесең, білесің, - деді Зайкүл қайтадан сықылықтап. - Есту үшін тындау, білу үшін үйрену керек.

— Еститін де, естімейтін де, білетін де, білмейтін де нәрселер бар ғой... - Меңтай маған қарай сәл ғана мойын бұрып, бас изегендей болды. - Айта беріңіз, ағай.

— Иә, Зайкүл шырағым, осы сен тақымдамай тыныш отыршы, - деді Майра. - Бір нәрсенің шеті құлағыңа тиіп еді, құнжыңдап кеттің ғой біржола.

— Күн жыңдамағанынды көрермін қазір, - деді Зайкүл оған шамданбастан.

Өзге қыздардың үндемегендерімен, күлімдеген көздеріне қарағанда көбінің менің айтпақ әңгімемді тыңдағылары келіп отырғанын аңғарғаныммен, ол әңгімені Меңтай алдында ай-туға лайықсыз көріп, бөгеле бердім.

— Ал, бастасаңшы, Ербол, - деді Зайкүл дегбірсіздене түсіп. - Қай жылы? Неше күн құшақтап жаттым дейсін қызды?

Мен басымды шайқап, қашқалақтай бастадым.

— Қырық төртінші жылдың күзінде бұл майданнан елге делегат боп келген, - деді Жомартбек Зайкүлдің құмарлығын одан сайын қоздырып. - Сонда, алдымен Алматыға соғып, содан соң өз ауылына барған. Ауылында өзің сияқты бір сұлу қызбен...

— Соғыс жүріп жатқанда ма? - деді Зайкүл көзін бақырайтып.

— Иә.


— Алла-ай, сен қандай бақыттысың, Ербол, соғыс кезінде елге келіп жүрген!

— Иә, қоя тұрсаңшы, Зайкүл, - деді оған Майра, - Ағайдың әңгімесін айтқызсаңшы.

— Әй, сендер дәл осыны «ағай» дегендеріңді қойыңдаршы қылымсып, - деді Зайкүл қыза сөйеп. - Қайдағы ағай бұл, өзіміз сияқты студент қой. Көп болса 4-5 жас қана үлкен шығар. Соған бола соншама кәртейте бермесеңдерші бұл байғұсты.

Зайкүл аяған болып менің басымды сипады. Басқалар оған ду күлді. Зайкүлдің өзге сөздерін жарата бермесем де, осы сөзін ұнатып, мен де күліп жатырмын.

— Жоқ, оны емес, басқа бір әңгіме айтайын, - дедім мен күлкімді тоқтатып.

— Жоқ, соны айт, - деді Зайкүл тақымдап.

— Соны, - деді Қанипа сықылықтап. - Зайкүл, ер болсаң, дәл осы әңгімені айтқызбай қойма.

— Ендеше, - деді Жомартбек менен оқшаулана шетке қарай ығысып, - Зайкүл, сен Ерболды мықтап ұстап отыр. Мен оның күнделігіне жазған осы әңгімесін бәріңе дауыстап оқып берейін.

Жомартбек менің қасымда жатқан қалың дәптерімді қолтығына қыса кеткен екен. Шетке шығып, соның беттерін ақтара бастады. Зайкүл шап беріп менің мойнымнан құшақтап алды.

— Ал, оқи бер, Жомартбек. Мен мұны тырп еткізбеймін, - деді Зайкүл маған кенедей жабысып. - Қанипа, жақын отыр, мынау тыпырлап тұрып кетіп жүрмесін.

Жұрт тағы бір ду күліп, басыла бергенде Жомартбек менің күнделік дәптеріме жазған естелік әңгімемді судыратып оқи жөнелді:

«Менің ауылым - «Ақбота» колхозы темір жолдан тоғыз шақырымдай жерде болатын. Ауылдың өкпе тұсында «Оныншы» деп аталатын разъезд барды. Ауыл поселкеге айналып, поселке қала болып үлкейіп жатады. Бұл дүниеде еспейтін разъездер екен ғой. «Оныншы» біздің бала күнімізде разъезд еді. Жігіт болып, соғыстан келгенімде де сол разъезд қалпында алдымнан шықты. Бірақ маған ол шетелдің сәнді қалаларынан әлдеқайда қымбат, әлдеқайда артық еді. Күн бата разъезге болар-болмас қана кідіріп өткен поездан қарғып түсіп, мен қарсы алдымдағы қызыл шатырлы екі ағаш үйте қуана қарап, орнымнан қозғала алмай, қалтиып қалыппын. Ол сәтте өзімді Петергофтағы патша сарайының алдында тұрғаннан бір де кем сезінсем бұйырмасын. Айырмашылық сарай алдында фонтан суына шомылып тұрған жалаңаш әйелдер мүсіні жоқтығында ғана сияқты. Оның орнына менің көз алдымда өзге суреттер көрнеді.

— Заман менің жан досым болса, сенің де жан досың еді. Тек дос қана емес, жан жарың еді, Тана. Мен де саған көңіл айтамын, - дедім қыстығып отырып.. Сәлден соң көзімнің жасын тежеп, бойымды жиғандай қайта сөйледім. - Әкемнің жаманатын үйден естідім. Заманның суық хабарын хат арқылы сен жеткіздің, Тана. Екеуінен де маған үзбей келіп тұратын үшкіл хаттар пышақ кескендей тыйылып қалды. Көзбен көріп, қолмен қоймағандықтан ба, қайдан білейін, әкем мен Заманнын өлгеніне әлі күнге дейін өнерімді де, сенбесімді де білмеймін.

— Алғашында мен де сенбедім, - деді Тана екі иығы дірілдеп. - Заманнан хатты апта күттім, ай күттім. Жарты жыл бойына оны жаным жаманатқа қимады. Ақыры сендім. Сенбесіме не шара енді?!

Қыстыға жылаған Тананың дыбысы шығып кетті. Мен оған сабыр айтып, шашынан сипадым.

Өткінші жаңбырдай боп, қыздың жасы тез тыйылды. Орамалымен шапшаң сүртіп, көзін құрғатты. Біздің оңаша отырып, жылап-сықтап алғанымызды ешкім де сезген жоқ. Тана-ның сүйген жігіті майданда өліп еді деп тәтеме де айтпадым. Айтпағаным, қазақтың ескі дәстүрінде некелі жары немесе басқа бір ет жақыны болмаса, оң жақта отырған қыз бөтен жігіт үшін жұрт көзінше жылауға тиіс емес, Тана екеуміздің кешке дейін әңгімеден аузымыз босамады. Мен соғыс жайын, ол ел жайын айтты. Екеуміз бір-бірімізге Заманнан алған соңғы хатымызды баян етістік. Тана маған Заманның өлімі жайында келген «қара қағазды» көрсетті. «Лейтенант Заман Әлімбетов неміс фашистерімен күресте ерлікпен қаза тапты» деген он шақты сөздің әріптері мені жан-жағымнан ысқырып, ыстық тіл мен жалап өтіп жатқан қып-қызыл оқтай тітір етті.

Кешке тәтем қонақ қыз бен екеумізге ақ ірімшік жасап берді. Жаңа сауған сүтті ірітіп, үстіне сары май салып әкелген мұндай ақ ірімшік ет жоқта ет орнына жүреді. Сондықтан оны біздің жақ кейде «Ақ лақ» деп атайды. Ауылдың тәттілігі тіл үйірген бұл тамаша асы шынында да ақ лақтың уыздай былбыраған жұмсақ етінен бір де кем болмайды.

Тәтемнің «ақ лағына» ауылдың бірсыпыра кемпір-шалы қоса жиналған еді. Ас ішіліп болғаннан кейін олар маған соғыс жайында әңгіме айтқызып тындады. Одан кейін ауылдастарым маған үсті-үстіне сұрақтар жаудырды.

— Немістер қандай болады екен?

— Китлерді өзің көрдің бе?

— Өзіңе мына күміс теңгелерді не үшін берді?

— Ортасында Кремлі бар мынау күміс жұлдыздарың не?

— Ал енді бұл соғыс қашан бітеді?

— Өзің келдің, өзгелер қашан келеді?

Қарттардың барлық сұрақтарына мен білгенімше жауап қайырдым.

— Ал мына қонақ бала кім? - деп сұрады одан соң кемпірлердің бірі.

Бұл сұраққа тәтем жауап берді.

— Бұл баланың аты Тана, ауданның мұғалімі, - деді тәтем. - Осы күнгі оқыған балалар бірін-бірі дос тұтып жүрмей ме? Тана мен Ербол екеуі соғыстан бұрын қалада бірге оқыған екен. Ерболдың хабарын естіген соң, сәлемдесуге әдейі келіпті.

— Бәле!

— Жөн-ақ!



— Көп жаса, шырағым! - деп қарттар риза болып қалысты.

— Ал, қалқам, - деді кемпірлердің бірі, - сен бір ән айтып жібер. Жассың ғой.

— Е, сөйтсін, - деді тағы біреу. - Ерболдың арқасында қонақ баланың лебізін тыңдап қалайық.

Тана сәл ойланып отырды да, менің домбырама қол созды. Үйге келгеннен бері мен домбырама ішек тағып, пернелерін жендеп, күмбірлетіп қойған едім. Тананың саусағы тиісімен қоңыр домбыра лыпып, сайрай жөнелді.

— Е, өзі домбыра да біледі екен ғой.

— Уа, бәле, - деп шалдар көтеріліп қалды. Домбыраны құлақ күйіне келтіріп алғаннан кейін оны алдына қойды да, Тана көпке қарады.

— Қарт ақын Сапар Әлімбетов дейтін кісіні бәрілеріңіз де білетін шығарсыздар, - деді қарттарға. - Ол кісі биыл қайтыс болды ғой.

— Е, неге білмейік?!

— Сапекенді әбден білеміз, - десті қарттар. - Сол кісінің Заман дейтін жалғыз ұлы бар еді, - деді Тана. - Сапар атамның сол баласына арналған екі өлеңін өз әнімен айтып берейін.

— Айт, шырағым.

— Құлағымыз сенде.

— Ол байғұстың жалғыз баласы соғыста қайтыс болып, соның күйігінен көп кешікпей, өзі де өлді деп естігенбіз.

— Рас, - деп Тана басын изеді. - Мынау ақын атаның қырық бірінші жылы шығарған өлеңі. - Содан соң Тана мұнды бір әуенмен қарт әкенің жалғыз ұлына арнаған жан жырын аңыратып қоя берді. Заманым, қиын тиді-ау осы жолың, Үйренген жалғыз қозым жастан қолым. Сен барда алдымнан ай, артымнан күн, Толысып тұр екен ғой оң мен солым.

Онда мен бар да екенмін, бай да екенмін. Бір мұңсыз, өте жақсы жайда екенмін. Белге соққан жыландай енді болдым, Біле алмай сол жалғыздың қайда екенін.

Жанымның жарық таңьлтып тұрған. Егінім, жаңа дәнін татып тұрған. Аузым аққа тигенде алып қойып, Қабағым сол емес пе қатып тұрған.

Не керек, үңірейіп қала берді, Орныңнан айналайын жатып тұрған, Алды-артында қарайған қалмап еді, Жаныма сол жерің ғой батып тұрған.

Көзіме терезе мен шам да күңгірт. Олар күңгірт емес қой, мен ғой ымырт. Төр үйдің төрт қанаты құлазып тұр, Кеткендігін білдіріп иесі сырт.

Өзің аман келген соң орнамаса,

Базар тарқап кеткендей болдым жым-жырт.

Ағаруға айналды сақал мен мұрт. Көздің жасы көл болып, суалды ұрт. Жалғызға қандай уақыт кез болды деп, Кеудені жеп жатыр ғой қарабас құрт.

Қайтейін жалғыз ғана мен емес қой. Мен сықылды мұңды ғой бүкіл ел-жұрт. Тағдырдың сонда мені жеткізгені. Тілегім: көз жасымды өзің кеп сүрт.

Баруға құс боп ұшып қанатым жоқ. Ойымнан кеткен жоқсың қалатын боп. Сағынып менің жаным жүдеді ғой, Жүрегім ауық-ауық жанатын боп. Су болсамшы алысқа ағатын боп, Жел болсамшы жер түбін табатын боп. Арқар, құлан сықылды аң болсамшы, Айшылықты алты аттап шабатын боп.

Ол емес, екі аяқты жан болған соң, Отырмын ойдың отын жағатын боп. Өзіңнің сәлем жазған хаттарынды Бойыма бойтұмар ғып тағатын боп.

Ұзын сөздің кысқасы, сені тағдыр Сақтасын жанған оттан қағатын боп.

Тәңірім, соның дәмін халқынан жаз, Өз көліне келгендей үйрек пен қаз. Көпті сақта, көппенен бірге сақта, Сөйлейтін сонан басқа сөзіміз аз.

Тана бұл бірінші өленді айтып болып тоқтап, көзінің жасын сүртті. Жалғыз Тана емес, үй ішіндегілердің барлығы егіліп жылап кеткен еді. Шалдардың көздерінен аққан жас тарам-тарам болып, сақалдарын жуды. Кемпірлер жаулықтарының ұшымен беттерін басып, иықтары селкілдеп, бұршақ соққан егіндей жапырылып, тәмен салбыраған бастарын көтере алмай қалды. Әркімнің көз алдына өз жалғыздары елестеді. Ақын өлеңі барлық ата-ана жүрегінің қылын шертіп, олардың өз жүректерінің мұңын ағытты. Әлден уақытта шалдардың бірі бас көтерді.

— Сапекеңнің қалай өлгенін білесің бе, қарағым? - деді Танаға.

— Білемін, - деп бас изеді Тана. - «Қара қағаз» келгеннен кейін ақын ата нәр сызбай жатып алды. Бұрынғыдай ел де араламады, өлең де айтпады. Күндіз-түні төсегінен тұрмады. Бір күні түсте мені шақыртты. «Отыр, қарағым», -деп қасына отырғызды да, ең соңғы өлеңін жаздырды. Біздің үй ақын атаның үйімен көрші болатын. Ақын атам баласына арнаған бар хатын маған жаздыратын. Өзінің жаңа шығарған бар өлеңін маған көшіртетін. Осы өлеңін айтып, жаздырғаннан кейін ақын ата үш күннен кейін дүние салды.

— Е, жарықтық-ай.

— Байғұсай, жалғызымен бірге кетейін деген де.

— Қайтсін, ет жүрегі қан боп езіліп кеткен ғой сорлының, - десіп қарттар бірінің сөзін бірі құптады.

Сапекенді соғыстан бұрын менің де көргенім бар еді. Заманның қонағы боп жатып, ақынның бірсыпыра өлендерін тындағанмын. Шоқша қара сақалы бар, әр сөзін сабырмен айтатын, кесек тұлғалы қарақоңыр кісі еді.

— Шырақтарым, екеуің дос болыпсындар, - деп еді Сапекең мен ауылға қайтарымда Заман екеумізді екі жағына алып отырып. - Достық қарызы - ауыр жүк. Адал жар азбайды, адал дос алдамайды. Екеуің де бір- бір үйдің жалғызы екенсіндер. Біріңе бірің ақ дос, айнымас серік боп өтіңдер. Әрқашан да адал болыңдар. «Адалдың арқаны ұзын» деген сөз шын сөз. Осыны естеріңнен шығармандар!

Бұдан кейін мен қарт ақынды көргемін жоқ. Заман маған хат жазған сайын «әкемнен сәлем» деген сөздерді жиі қосатын. Ол Сапекенді «әке» дейтін. Өйткені Заман әкесінің егделеніп қалған кезінде, қырықтан асқанда көрген жалғыз баласы еді. Жаңа, Тана өлеңді әндете айтқан кезде менің көз алдыма ақынның Ақжал тауының іргесіндегі аласа үйі елестеді. «Төр үйдің төрт қанаты құлазып тұр» деген жол сол үйдің төргі белмесінде оты-рып, ақынның бізге айтқан мәслихатын есіме түсірді.

- Айт, қарағым. Енді ақынның екінші өлеңін айт, - деп қарттардың бірі Тананы қайтадан қолқалады.

Тана домбыранын құлағын қайтадан бұрап, жаңағы ырғақтан өзге, басқа бір мұңды үнмен әндете жөнелді.

Жанымның жарық күні - жалғыз Заман! Бұл жолдан қайтар деуші ем есен-аман. Қайтады деп жүргенде қара жер ғып, Бір қағаз келді-ау сенен түсі жаман.

Қағаздың оқығанда бетін ашып, Суыды тұла бойым, сұрым қашып, Батқандай боп көрінді күн көзіме Әлемге жарық берген, нұрын шашып.

Көрінді ай тұтылып тұрғандай боп, Көрінді бетін жалған бұрғандай боп. «Басыңды, кәне, бәлем, көтерші» деп, Басымнан шой балғамен ұрғандай боп. Бір қалдым қара тұман басқандай боп. Бір қалдым қасқыр шауып, сасқандай боп. Көзіме айтқан жандар жек көрінді, не атып, не дарға асқандай боп.

Солар қалай айтты деп аузы барып, Қалай мені қылды деп кернеу ғаріп. Өмірге жазылмайтын жара таптым, Дүниеден өтпек болдым ашып-арып.

Әлгі ай да, әлгі күн де қаз-қалпында. Қос жарық - бірі күндіз, бірі түнде. Өзімнің жарық күнім батып кетіп, Өмірге менің жаным жанған мүлде.

Жер жүзін тұман да жоқ шалып тұрған. Мұнартып, тауды бүркеп алып тұрған. Жалғыз-ақ өз басыма мұнар түсіп, Жалғаннан менің көңілім қалып тұрған.

Бағанағы қағазды біреу жазып, Жіберсе, айтушыда қандай жазық. Жанымның желі арқаны үзілген ғой, Сынған ғой жазым тауып, жалғыз қазық.

Ендеше онсыз маған өмір арам! Сөз арам сөйлеп жүрген, ойым қарам! Кірермін қара жердің қойынына, Сел болып көздің жасы тарам-тарам.

Малым деп кімнің малын жүрмін бағып?

Үйім деп кімнің отын жүрмін жағып?

Кімім бар «менікі» деп, ие болар,

Бір күні мені кетсе ажал қағып?.

Сол күні менің атым өшті-дағы.

Іштегі шемен дертім өсті-дағы.

Таныған Қазақстан Сапекеңнің

Дүниеден із-тозы жоқ көшті-дағы.

Әйелдер қайтадан өксіп, шалдар еңкілдеп, үйде отырғандар тегіс бордай босап кетті. Мен карт ақынның қазасын көз алдыма елестеттім. Өз шешемнің де соғыс салған құсадан өлгенін ойыма алдым. «Адам оқтан ғана өлмейді екен ғой, - дедім ішімнен. - Қасірет пен қайғы да улы газдай тұншықтырып, өлтіретін болғаны ғой адамды. Соғыста Замандай жалғыз-жалғыз боздақтар жау оғынан опат болып жатса, елде соғыс жіберген қаралы хабарлар қарт әке, қадірлі шешелерді оқтай құлатып және жатыпты-ау. Оны кім білген? Майданға келген хаттар ішіндегі: «Аз ауырып, анаң қайтыс болды» деген сияқты қысқа хабарлардың ар жағында қандай қасіреттер жатқанын болжамаппыз ғой». Тана оқыған осынау екі шерлі өлең маған өзім үш жылдан бері күн сайын көріп келе жатқан соғысты жаңа бір қырынан танытқандай болды. Ол соғыстың адамдарды майданда ғана емес, үйде де өлтіріп жатқандығы еді.

— «Бір қағаз келді-ау сенен түсі жаман» дегенге қарағанда хатты Заманның жолдасы жазған ғой, - дедім мен Танаға.

— Иә, алғашқы хат жолдасынан келді. Ол «бір шегініс кезінде адам көп опат болды. Заманнан айырылып қалдым. Тірі болса, бері шығар еді. Опат болғандардың ортасында қалды деп ұқтым» деп жазған еді. Артынан іле-шала командирінен «неміс фашистерімен күресте ерлікпен қаза тапты» деген машинкаға басылған екінші қағаз және келді.

— О, пақыр-ай десеңші, - деді қарттардың бірі.

Осыдан кейін ауыл адамдарының бәрі үйді-үйлеріне қайтты. Арқаларына бір-бір қап тас арқалағандай боп, белдері бүгжиіп, біздің үйден әрең шығысты. Таяқтары жерді үнсіз түрткілеп, үнсіз тарасып жатты.

Жатар алдында далаға шығып, Тана екеуміз біраз серуен жасадық. Орта көшедегі мектепке дейін барып қайттық.

— Сәлима осы мектепте ме? - деп сұрады Тана.

— Осында болар, басқа мектеп жоқ қой мұнда.

— Кездестің бе?

— Жоқ.


— Көресің бе?

— Білмеймін.

XI

Біздің үй, барша ауыл үйлері сияқты, «ауыз үй», «төр үй» және «қазандық» деп аталатын кухнясы бар екі бөлмеден тұру-ы еді. Өткен түнде бәріміз төр үйде,- тәтем-балаларымен еденде, мен төсекте жатып шыққанбыз. Біз қайта келсек, тәтем төргі бөлмедегі түнде мен жатқан екі кісілік темір кереуетті Танаға дайындап, маған еденге жер тесек салып қойыпты. Өзі балаларымен ауыз бөлмеге жайғасыпты.



Тана - төсекте, мен - жерде, екеуміз тағы да ұзақ сөйлесіп жаттық. Есігі жабық тұрған ауыз бөлмеден тәтті ұйқының қорылы естілді.

— Тана, - дедім мен сол кезде ақырын.

-Әу.

— Бері келші, бірге жатайық.



Тана үндемеді. Бұл сөзді қалай айтқаныма өзім де қайран қалдым. Шыным ба, әлде Тана қайтер екен деп сынамақ болдым ба - алғашқы сәтте оны өзім де аңғара алмадым.

Ақырын төсек шықырлап, Тана жерге түсті. Терезеден түскен көмескі ай сәулесімен ақ балтыры жарқылдап, ішкөйлегі ағарандап Тана қасыма келді. Еңкейіп, тізе бүкті де, көрпенің шетін өзі ашып, қойныма кірді.

Әлгінде Тана үндемеген кезде ол менің қасыма келмейтін шығар деп ойлап едім. Тана келіп, бір көрпенің астына кірген соң енді оған не айтып, не істерімді білмей қалдым. Бағана, күндіз аяп, басынан сипағаным есіме түсті де, тағы да оны мандайынан, шашынан сипай бастадым. Қыздың мандайынан қақ жара тараған жылтыр шашын сипалай сырғып барып, қолым оның тоқпақтай, жуан жалғыз бұрымына тиді. Алақаным ауға шырмалған алабұғадай боп, бұрымда бір сәт бөгеліп қалды да, одан сытылып шығып, ішкөйлектің жоғарғы, ашық жағындағы қыздың жұп-жұмсақ жалаңаш етіне тиді. Осы кезде Тана қойныма келіп кіргеннен бері тулай бастаған жүрегім шапқа түрткен тайдай мөңкіп, шапшып, кеудемді тынымсыз тепкілей жөнелді. Қырынан жатқан Тана да маған үстіңгі, сол жақ қолын созып, басымды өзіне қарай сәл икемдеп алып, тағы да жылап қоя берді. Қыздың ыстық жасы жылы жаңбырдай боп, менің жүзімді қоса жуды.

— Жыламашы, Тана қалқам, - деп мен оның жас сорғалаған қос көзінен кезек сүйдім. Көзден шыққан ащы жастың кермек дәміне де қарамадым. Тана менің оны аяғаны-ма ішінен рақмет айтып, разы болғандай қалып танытып, жұмыр, жұмсақ саусақтарымен бетімді сипалады. Әлде менің жүрегімнің дүрсілін сезді ме, әлде сол дүрсіл әлін азайтып жіберді ме, білмеймін, өзінің торғындай жұмсақ мойнының астында жатқан менің сол жақ қолымды босатып берді.



-Қолың талған шығар, ала ғой, - деді ол басын сәл көтеріп. Даусында жат адамның ресми ибалылығы емес, жас жардың жас күйеуіне жасаған ыстық лепті, мол ықыласты үні бар тәрізденді. Содан соң өзі шалқасынан аударылып жатып, оң иығымен оған қарап қырынан жатқан менің кеудеме қарай сұғына түсті. Осы кезде менің көңілімді әлдебір тәтті тілек кернеп, тамырларымда қан лықси тасып, Тана екеуміз жатқан кішкентай бөлменің алақандай тері шыр көбелек айналып, дөңгелей жөнелген сияқтанды. Жұмсақ бұғақты жұмыр мойнын маған қарай бұра түсіп жатқан Тананың ыстық демі бетіме соққанда күні бойы оттай лепті аңызақ желдің өтінде жүргендей таңдай кеуіп, тән қаталап, өзгеше бір шөлге душар болдым. Осыдан кейін жамбасымда жатқан оң қолымды қайта көтеруге оңтайландым. Сол сәтте ұйтқыған жел мұржаға тыққан түтіндей шалқып, демім ішіме тығылып, тынысым тоқтап қалған тәрізденді. Бұл жай бір минутқа созылды ма, бір сағатқа барды ма, оны білмеймін. Әйтеуір өз қолымды өзім әрең дегенде көтеріп, қыздың кеудесіне салғанымды білемін. Осы бір өмірі көрмеген, қолым ешқашан да тимеген жұмсақ, жылы, рақаттай тәтті кеудеге алақаным желімделіп қалғандай жабысып, қозғалмастан жатып алды. Екі шекемді қан теуіп, өне бойымда өзендей тасыған әлдебір отты толқындар лықсып, кемерінен аса кернеп бара жатқан іспеттенді. Мен қыздың қарсылығын күткендей едім. Бірақ қыз қарсылықтың нышанын да білдірмеді. Мен енді не істер екен дегендей, кеудесі бір жоғары көтеріліп, бір төмен түсіп, үнсіз, дыбыссыз қатты да қалды. Содан соң барып мен ақырын қолымды қозғадым. Осы кезде қыздың ішкөйлегінің астынан сәл ғана діріл білінгендей болды. Ондай діріл менің өз қолымда да бар еді. Сол сәл дірілмен келіп менің қолым қыздың оң жақ алмасының үстінен шықты. Алма ашық емес, сыртын қол тайғанататын сырма жібекпен тырсылдата қаптап қойғандай боп көрінді. Екінші алмасы ашық болар деп ойлап, ақ мамасын іздеген ашқарақ баладай шыдамсыздықпен қолымды солға қарай жылжыттым. Ол да жабық екен. Саусақтарымның жалынғандай боп діріл қаққан сабырсыз, шапшаң қимылы әсер етті ме, қыз кеудесін кеудеме тигізе, ыстық демімен бетімді шарпып, маған қарай бұрылды да, сол қолын арқа жағына қарай созып, әлдебір нәрселерді тырсылдатып, ағытып жатқандай болды. Бұл кезде мен оның атлас иығын қайта-қайта емірене сипағанымды білемін. Тананың кеудеме тірелген аршын төсі мен бетіме соққан ыстық лебі жағадан толқындай шегініп, алыстап кеткендей болды. Сөйтсем, қыз қайтадан шалқасынан жатқан екен. Менің қолым ашқарақтанып, тағы да жаңағы жерді сипалады. Арқадан ағытылып, бос қалған бюстгальтер астынан топ-томпақ, тып-тығыз қыз алмасы қолыма ілінді. Менің уысыма ғана арналып жасалғандай шап-шағын, бірақ адамның өне бойына бірден электросварка отының жарқылындай ғажайып ұшқынды діріл шашатын ғажап дүниені қайта-қайта сипай бергім келді. Ағаш басында тұрған алманы жұлып алардан бұрын оның қатты, жұмсақтығын білу үшін адам уысына салып, ақырын қысып көрмейтін бе еді. Меніңде сөйткім келді ме, білмеймін (тегі мен оны өз бағымның алмасы деп ойлап қалсам керек), бір кезде қыздың алмасын құшырлана қысып жібергенімді өзім де байқамай қалдым. Қыз да сүйсініп кетті-ау деймін, «Іһ!» деп қалды. Содан кейін тек алмасы ғана емес, бар денесін менің алақанымның астына салып, тұла бойын тұтас менің уысыма бергісі келгендей, сәл ыңырсыған ләззатпен барша денесін менің алақанымның астына қарай жиырып, кішірейіп, бір уыс боп, бүктетіліп бара жатты. Алмасын қысқан қолымның сыртынан қайта-қайта сипалап, Тананың да аса бір тәтті құмарлықтың ырқына беріле бастағанын аңғарғандай болдым. Бұрын жалаңаш қызды құшақтап кім көрген, шіркін! Танамен бір төсекте жатқан сол сәтте ажалға арналып, бір арқанмен маталған Еңлік пен Кебек сияқты тас қамау, берік шырмауда қалғандай, қазір екеуміз шыңнан шыңырауға құлайтындай күй кештім. Биіктен бүтін дене боп лақтырылғанмен, етекке түскенде парша-парша шығатынын білсем де, сол шыңырау түбіне тез құласам екен деген жүрегімде жалғыз жалын тілек барын аңғардым. Бұл сәт маған аса тәтті де, асқан үрейлі де көрінді. Мен шыңнан шыңырауға қарай тар-тылған әлдебір құпия күштің арнасында тұрғандай болдым. Ақ көбікті аузын ашып, толқын-толқын болып, суылдаған дыбысы білініп, кемерден аса лықып келе жатқан сол күш қазір мені жаңқадай жұлып әкетіп, құздан төмен қарай құлатып қоя беретін сияқтанды. Осы соңғы сәтте ойымда айдаладан, алыстан - сонау шыңырау түбінен шыққан атты үндей болып, әлдебір қарсылықтың әлсіз лебі білінді. Бара-бара ол үн күшейіп, күшті бір әннің әуеніне айналған сияқтанды. Бұл әуен жаңағы мені құздан құлатуға асығып, айдаһардай жүз бүктеле лықып келе жатқан белгісіз күштің суылдаған үнін өшіріп, оны еңсере жеңіп, теріс аққан судай етіп, кері қуып бара жатқанға ұсайды. Мен оның мұншама екпінді не ән екенін ұққым, білгім келгендей, құлағымды тосып, бүкіл жер шарын уыстағандай боп, қыздың алмасы үстінде жатқан қолым сәл босап, қалттындап қалған іспеттендім. Ақыры мен ол әнді де, оны шырқаушыны да таныдым.

Сол сәттен төрт жыл бұрын, 1940 жылдың жазында осы ауылға, маған қонаққа педучилищеде бірге оқыған жалғыз жан досым Заман келіп, осы үйге қонды. Заман бұрын бұл маң естімеген жаңа бір жақсы әнді өзімен бірге ала келді. Әннің аты «Зәуреш» екен. Мазмұны: оба жалмаған отыз ұлдан қалған жалғыз қызын іздеп келген сорлы әке қызының да өлігі үстінен, қабыр басынан шығадьң Сондағы әкенің құран орнына зарланып айтқан аза әні тыңдаушыны еріксіз егілтіп жібереді. Мол дауысты, ашық үнді, жайдары мінезді, қою бұйра шашы маңдайына түскен, жұмсақ нұр шашатын қоңыр қой көзді жас Заман біздің осы үйдің қасында отырып, сол әнді шырқағанда оның үніне бүкіл ауыл жиналған еді. Сол күні түнде Заман екеуміз біздің үйдің төрінде, дәл осы арада, Тана екеуміз жатқан жерде айқара құшақтасып ұйықтаған едік. Сонда ол маған өз ғашығы Тана жайында сыр шерткен еді. «Ер мінезді, ер көңілді менің Танамдай қыз жоқ», - деп қуанған еді. «Ол екеуміз тірі болсақ, қайтсек те қосыламыз» деп ант еткендей де болған. Енді міне, сол жерде төрт жылдан кейін мен Заманның өзін емес, сүйген қызын құшақтап жатырмын. «Апырау, менің мұным жөн бе? Заман қайда? Қазір құшағымда жатқан сол досымның кеше бір-бірінен ыстық ләззат татысып, бірімен-бірі қосылуға ант етісіп, уәде байласқан қызы емес пе еді? Ол тірісінде мені бүйтіп Тананың қасына жатқызбас еді-ау. Ол Тананы көктегі күннен де, жердегі желден де, көлденең көзден де, гулеген сөзден де, мен тұрғай өзінен де қызғанар еді-ау! Ендеше менің мұным оны өлді деп басынғаным ба? Мен құмарлық қысып, ләззаттың осынау өзім сипалаған қос шыңының төбесіне көтерілсем, әзіз досым Заманның зиратын таптағандай болмаймын ба? Таптағаным емес пе. Жоқ, олай болмайды. Жаным тірі тұрғанда мен досымнын атына кір келтіруге тиіс емеспін. Танадан ләззат ұрлап, дос қарызы, дос аруағы алдында қарабет болуға хакым жоқ.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет