Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат, қызық мол жылдар?



бет11/28
Дата26.08.2017
өлшемі3,96 Mb.
#28198
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   28

Осылай деп ойлаған маған Тана екеуміз жатқан төбесі аласа, тастай қараңғы тар бөлме көрдей қорқынышты боп кетті.

Тананы құшақтап жатып, саудыраған сүйек үстінде ләззат ойнағын салғандай көрініп, төбе шашым тік тұрып, жаным тітіркене түсті. «Арсыз, абыройсыз, адамгершіліктен азған - ит екенсің» деп өзімді-өзім кінәладым. Биік төсекте бөлек жатқан Тананы азғырғандай боп, қасыма шақырып алғанымды сұмдықтай сезіндім. Содан кейін қолымды Тананың кеудесінен тартып алмақ болып, қозғай бастап едім, Тана оны шап беріп ұстап алып, «Тағы да қысшы, тағы да!» дегендей, кеудесіне қатты басып, босатқысы келйегендей ыңғай танытты. Әлде Тана менің алма қысқан қолым сәл босатса болды, кеудеден төмен сырғанап, жүгенсіз жүйріктей лағып, басқа жаққа кете ме деп кқорыққандықтан сөйтті ме, оны аңғара алмадым. Қылмыс істегендей боп сасқалақтаған мен қолымды күшпен тартып алуға шамам жоғын сездім де, енді қайран досымның өзін көмекке шақырдым.

— Осыдан төрт жыл бұрын, - дедім мен Танаға даусым дірілдеп, - қазір сен екеуміз құшақтасып жатқан осы жерде егіз қозыдай болып Заман екеуміз жатып едік...

Заман атын естігенде Тананың менің қолымды қысып жатқан қос алақаны ортасынан үзілген серіппедей босап, сусып, сырғанап жерге түсіп кетті. Осы кезде мен қыз кеудесінде тұтқында қалған қолымды босатып алып, қыздан бойымды бөлектей түсіп, Заманның біздің үйге сол жолғы келісін ұзақ әңгіме етіп айттым. Заман аты аталғаннан бастап, Тана қайта жылап, солқылдап келіп, сан рет маған бетін басты.

Екі дос бір-біріне сыр айтады.

Әкесі баласына шын айтады. Айрылып, Зәуреш, сенен қалғаннан соң,

«Көке!» деп енді мені кім айтады?! -

деп Заман көкірегі қарс айрылғандай боп шерлене шырқағанда біздің ауылдың кәрі-жасының көзінен жас парлағанын баян еттім.

— Сонда өзінің осындай күйге душар боларын біліп жылаған екен ғой Заман, - деп Тана қатты күрсінгенде аузынан шыққан отты жалын менің бетімді ғана емес, барша жанымды жалап, жайпап, күйдіріп барып тынды.

Өстіп екеуміз ұзақ жаттық. Әңгімені айта-айта екеуміз де шаршадық. Екеуміздің де тамырымызда тулаған бағанағы ыстық қан салқындап, сабасына түскендей болды.

Бір кезде қасымда үнсіз жатқан Тананың ішінен бір нәрсе үзіліп кеткенге ұқсады. Оның менің иығымда жатқан сол қолы сылқ ете түсті де, қорғасындай салмақпен сырғып келіп бетіме тиді. Мен оны ептеп көтердім де, илікпейтін ағаштай икемсіз боп қалған қыз қолын жайлап қана жанына салдым. Ұзақ жылап, қайтадан маған қарап қырындап жатқан қыз шалқасына аунап түсті де, танауы пыс етіп, тәтті ұйқыға кетті.

Ертенінде, түске таман, Тана үш күнге сұранып келгендіктен оны Ақжалға жібермей, үйде қалдырып, өзім ауыл аралап, кемпір-шалдарға сәлем берейін деп көшеге шықтым. Алдымнан соғысқа бармай, ауылда қалған, кішкентайдан бірге өскен құрбым Төкеш кездесе кетті. Колхозда бригадир екенін ол алдыңғы күні түнде, алғаш кездескенімізде айтқан болатын. Екі бұты талтақ, үш бұрышты саржан ағашын иығына салып алып, бүкендеп келеді екен.

— Ереке, батыр, сәлем бердік. Кеше қайда барып келдін, неге ат сұрамадың? - деді ол қос қолын бірден ұсынып.

— Солдаттың аты екі аяғы ғой, - дедім де, ауданға, военкоматқа барып, тіркеліп қайтқанымды айттым. - Сен ерте жер басына кетіп қалған екенсін, көлік сұрап Бүркітбайға барғым келмеді, - дедім.

— Айтпақшы, құсың кұтты болсын, - деді Төкеш екі көзі күлміндеп, екі танауы қусырыла түсіп.

— Қайдағы құс?

— Кеше кешке қарай Ақжал жақтан бір ақ сұнқар құс ұшып келіп, сенің қолыңа қонды деп естіп едім. Сонау соғыстан елге келгенде еңбегің еш, құшағыңның құр болмағанына қуанып жатырмыз.

Текештің Тананы сөз қылып тұрғанын енді түсіндім. Көктемде мұз үстінен жүрген қызыл судай болып, ауылға Тана жайында өсек жайылып қалғанын да жаңа сездім. Сондықтан түсімді бірден суыққа сала бастадым.

— Батыр, шынынды айтшы, қалындығың ба бұл қыз? - деп Төкеш қайтадан қылмыңдады.

— Жоқ, досым, - дедім мен.

— Қой, оны түнде қасыңа оңаша алып жатыпсың ғой. Қалындығың болмаса, ол не?

— Бөлек жай болмаған соң, бір бөлмеде жатпағанда қайтесің? Ал оны кім айтты саған?

— Ел құлағы - елу деген емес пе? Жұрт сенің кішкентай жиендеріңнен естіпті.

— Балалар не біледі, - дедім мен салмақты түрде. - Ел де бала сияқты естігенін айта береді. Бірақ сен сенбей-ақ қой оған.

— Мен неге сенбеймін, - деді Текеш қылмыңдай түсіп. - Мен елден артықпын ба сонша? - Содан соң кешеде екеумізден басқа ешкім көрінбесе де, құлағыма көп сыбырлады. - Қыз деген қызыл гүл сияқты емес пе? Шырынын шашып, сыбағаңды алып кет одан. Сонда ол тырп ете алмайды. Шырыны бар ма екен өзінің?

Осылай деп ол өз-өзінен мәз болып, қарқ-қарқ күлді. Мен ыза боп кеттім.

— Мен соғыстағы солдатпын! - дедім даусым қаттырақ шығып. - Бүркітбай екеуін сияқты елдегі қыз- келіншектің шырынын тексеріп жүргенім жоқ. Білмеймін несі бар, несі жоғын.

— Койдым, қойдым, батыр-екесі, қойдым, - деді ол екі қолын бірдей төбесіне көтеріп. - Бірақ есінде болсын, келін-шектің шырмауығы болса да, шырыны болмайды. Ал жаңағы «білмеймін несі бар, несі жоғын» дегенің Байбала қыздың Сабырбай ақынға айтқанына ұқсап кетті.

«Ақын» деген сөзге құлағым елең ете қалды. Ол не әңгіме екенін білгім келді.

— Ол қандай сөз? - дедім ажарымды сәл жылытып.

— Білгің келсе ,айтайын. Кейін соғысқа қайта барғанында солдаттар арасында да айтып жүруіңе болады. Қызық, - деп Төкеш мені ынтықтыра түсті.

— Ертеректе, мына Сыбанның бір елінде он жеті ақын болыпты, - деп Төкеш ашаршылық жылдары ауып келген ауылдағы екі үй жақты иегімен нұсқады.

— Сыбан-мыбанда шаруаң не, «осы елде» деп айта бермейсің бе? - дедім мен Төкештің ру қуалай сөйлегенін ұнатпай.

— Жарайды. Сол елде Сабырбай деген ақын жігіт, Байбала деген ақын қыз болыпты, - деді ол саржан ағашына винтовкадай-ақ шірене сүйеніп тұрып. - Сол екеуі он жеті ақынның ішінде өмір бойы өзара қатысып, айтысып өткен екен дейді. Бірақ қанша андыса да бірін-бірі жеңе алмапты. Бір күні Сабырбай Байбаланың күйеуге шыққалы жатқанын естіп, енді оны жеңетін жерім келді деп ойлайды. Кешке ол өзіне той хабарын жеткізетін бірнеше жас жігіт, келіншектерді сайлап қойып, атын шылбырынан ұстап, той болған ауылдың сыртында отырады. Бір кезде той тарқап, женгелері Байбаланы күйеудің қойнына салу үшін отауға қарай алып жүреді. Хабаршы келіншектердің Сабырбайға жетсін деп сықылықтаған күлкісі, шолпы сылдыры ақынға айқын естіліп тұрады. Қыз шолпылары сылдырап күйеу жайғасқан төсектің алдында шешініп жатыр дегенді естіп, Сабырбай атына мінеді. Ақын айлы түнде, ақбоз аттың үстінде, ақ домбыра қолында, түнгі тыныштықты бұзып, дүбірлете дүңкілдетіп, ақ отаудың жанына жетіп келіп, өлеңдетіп қоя береді. Күйеу құшағында жатқан Байбала оның әніне ән, әзіліне әзілмен жауап береді.

Сонда Сабырбай қызға қайта айтатын сөз таба алмай, «Болмас, Байбалаға дауа жоқ екен» деп, атын борбайға бір салып, жөнеле берген екен дейді. Жаңағы сенің сөзің осыған ұқсады дегенім ғой, - деді Төкеш әңгімесін аяқтап, қайтадан қылмыңдап. - Байбала айтқандай, «Той болған жер төмендеп, ой боп» қалса деп жатырмын да баяғы.

— Жоқ, - дедім мен қабағымды қайта түйіп. - Ешқашан да олай болмайды.

— Жарайды, ал қайда беттеп барасың? - деді Төкеш.

Мен ауыл аралауға шыққанымды айттым.

Осы кезде қасымызға жас жігіт Тұрсын келді. Ол трактор бригадасында учетчик екен. Төкеш екеуі ақылдасып, Тұрсын бүгін ауылда менімен бірге қалатын болды. Төкеш екеуінің жұмысын қоса атқармак боп, ертең өзі маған серік боп ауылда қалу үшін жер басына қарай кетті.

Тұрсынды ертіп жүріп, ауылдың үлкендеріне тегіс сәлем беріп шықтым. Соғыста тұл қалған, жесір жеңгелеріме амандастым. Кірген үйімнің өлгендеріне көңіл айтып, соғыста тірі жүргендерін осы мен сияқты боп, аман-есен қайтып келеді деп жұбаттым. Үйден үйге ілесе жүріп Тұрсын кімнің үйінде қандай хал-ахуал бар, ауыл соғыс кезінде қандай қиындықтар көріп жатыр, қай үйге қара қағаз қашан келді - соның бәрін жақ жаппастан баяндаумен болды. Менен алты жас кіші, мен соғысқа кеткенде төртінші класта оқып жүрген бала Тұрсын енді ширақ, пысық, елпек жігіт болыпты. Үлкенге қызмет етуге даяр тұратын жылпостығы және білінеді.

— Мынау Бүркітбай ағайдың үйі, кіресіз бе? - деді Тұрсын колхоз председателінің үйінің тұсына келгенімізде. Мен ол үйдің кімдікі екенін Тұрсын айтпаса да білуші едім. Қу бала мені қайтер екен деп, әдейі айтты-ау деймін. Өйткені менімен уәдесі бар Сәлиманы бұзып, Бүркітбай алып отырғанын бүкіл «Ақбота» ауылы білгенде, ол білмеуші ме еді?

— Ол кісі өзі қайда екен? - дедім мен Тұрсынға осы кезде өз көңілімнің алай-түлей боп кеткенін сездірмеуге тырысып.

— Кеңседе шығар, - деді Тұрсын.

— Жүр, онда кеңсеге барып, Бүкеңе де сәлем берейік. Ол кісі менің бұрынғы бригадирім ғой. Тұрсын бетіме қарады. «Қу бала, күйімнің қандай екенін білгің келеді-ау, тегі» дедім ішімнен. Балаға бәрібір сыр бермеуге бақтым.

— Жарайды, жүріңіз, кеңсеге барайық онда, - деп Тұрсын қайтадан лып ете қалды.

Колхоз председателі Бүркітбай Тұтқышевпен кенсе алдын-да кездестік. Ол іштен сыртқа қарай шығып келеді екен. Басында қызыл пүліштен тысталған түлкі тымақ, аяғында сап-тама етік. Сақал-мұрттан қылтанақ жоқ, бет-аузы жып-жылмағай, бөшкедей сары шал бізді көргеннен кейін, жылан көзін маған қадап, маңғаздана тоқтап қалды.

— Ассалаумағалейкүм, Бүркітбәді аға, - дедім мен елдің үлкендерге құрметпен осылай сәлем беретін дәстүрі бойынша, өзімнің оған деген наразылығымды сездірмеуге тырысып.

Әрине, Бүркітбай менің келгенімді әлдеқашан естіген болуы керек. Көргеніне танданбады. Аузындағы насыбайын таяқтай жуан сұқ саусағымен алып, жерге тастап, бір түкірді де:

— Уағалейкүмүссәләм, қашан келдің, бала? - деді.

— Алдыңғы күні.

— Ойбай-ау, содан бері неғып кеңсеге келмей жатырсың?

— Кеңсеге келетін уәкіл емеспін ғой мен, - дедім өзімді өзім зорлай күліп. - Кеше военкоматқа барып қайттым. Бүгін ауыл аралап, үлкендерге сәлем беріп жүрмін.

Бүркітбай кекжиіп қалды. Мен де үндемедім. Менің көзім оның басындағы түлкі тымаққа қайта түсті. Шашақты екі құлағы пілдің құлағындай үлкен сары тазы көз алдыма елестеді. Ол Бүркітбайдың қасына керіліп келіп тұра қалып, бірден пілдей боп үлкейіп, Бүркітбай қандендей кішірейіп кеткен сияқтанды. Содан соң Лашын оқтиген пілдей шөгіп, басын алдыңғы екі аяғынын үстіне салып, тас болып қатып қалған іспеттенді...

Мен тістеніп, басымды шайқадым. Бүркітбайдың көзі менің оң жамбасымдағы пистолетіме түсіп кетті де, дір еткендей болып:

— Ой, Ербол, өзіңнің мылтығың бар екен ғой, - деді.

Өне бойымды ыза буып тұрған мен де қырыстана қалдым.

— Бар. Жау майданда ғана емес, елде де бар. Кездескен жауыңды жайратып кет деп әдейі берді, - деп қалың, қатты, сары былғарыдан жасалған кобураны сыртынан сықырлата сипап қойдым.

Мен қолымды мылтыққа қарай апарғанда Бүркітбай әлденеден сескеніп, қозғалақтап қалды. Бірақ мен мылтық суырмаған соң тез тыныштанды да:

— Қой, Ербол, елде жау қайдан болсын, - деді айтарын айтса да қайтадан қыбыжықтап. Содан соң, суға салған көндей болып, бірден жібіп, жұмсай қалды. - Керегің болса айт, Ербол. Немесе қасындағы Тұрсыннан үйге барған сон айтып жібер. Майдандағы жауынгерден не аяймыз?

— Рақмет. Ештеңе де керегі жоқ, бәрі де майданда бар. Сізден председатель еді деп бірдеңе сұрағалы келгенім жоқ, бұрынғы бригадирім еді деп сәлем бере ғана келдім, - дедім «бұрынғы» деген сөзді нығарлай айтып. Сол арқылы бүгінгіңнің маған бір тиынға қажеті жоқ дегенді де тұспалдап сездірдім.-

Мейлің, мейлің, - деді Бүркітбай қайтадан тәкаппарлана бастап. - Колхоздың далада шашылып жатқан малы жоқ.

— «Жаны да жоқ» деңіз, - дедім мен мырс етіп. Мұным оған өзімше атқан екінші оғым еді. Бұл Сәлиманы тұспалдағаным болатын. - Колхоздың мал-жанын кәрі қасқырлардан сақтай білген жөн.

Қу шал менің бұл сөзімнің де астарын түсінді. Бірақ ұқпаған, ұқса да тура мағынасында қабылдаған боп, үндемей қалды.

— Ал, сау болыңыз, - дедім мен тез кеткім келіп.

— Жолың болсын, - деп міңгірледі Бүркітбай.

Біз кете бардық. Бүркітбай сол орнында тұрып қалды. Ол мені үйіне шақырған жоқ. Сондықтан мен баруға тиісті емеспін. Сәлиманы несіне көремін. Адуын шалдың әйелі бо-лған соң ол енді мені неғылсын деп түйдім.

Сонымен кешке үйге қайттым. Қайтып келе жатып та, күні бойы үй арасында жүріп те Тананы есімнен шығармадым. «Апырау, түндегім теріс пе? Жоқ, дұрыс. Тананың маған деген айқын ықыласы бар емес пе еді? Болса, болар. Бірақ Заман өлді деп хабар алған соң, Сәлима менен кетіп қалған соң туған ықылас шығар ол. Сол ықыластан артықтың керегі не маған, қойнымда жатқан қызды құшып, құмардан шықпаймын ба бір? Жоқ, олай етуім дұрыс емес. Мен қыздың да, өзімнің де ертеңімді ойлауым керек. Ертең мен соғыстан аман келсем жақсы. Тағы да менің жаманатымды естіп, қыз байғұстың жүрегіне екінші рет қанжар сұғылмаса құба-құп. Бір күнгі нәпсіден емірлік өкініш тумасына кім кепіл?» Осылай деп күні бойы өзіммен өзім іштей сейлесіп, жауаптасып, ақыл қоры- » тумен болдым.

Кешке қыз төсекте, мен жерде, екеуміз екі бөлек жаттық. Мен қызды қасыма шақырмадым. Ол да үндемеді. Екеуміз екі жерде бірімізге біріміз білдірмей дөңбекшіп, танды атырдық.

Бұл күні Төкештің үйіне қонаққа барып қайттық. Төкештің қаладағы апа-жездесі таңдап әперген сұлу келіншегі Мәстураны көрдік. Алтын сырға, ақ білезік, алтын сақиналары жал-тылдаған, сұңғақ бойлы ақ келіншек колхозды ауылдың келіні болудан гөрі үлкен қаланың артисткасы болуға лайық екен. Тана екеуміз солай деп ұйғардық.

Сонымен, үшінші күні түнде, шам сөнгеннен кейін, қыз түнде жалғыз жатқан төсегінің алдына барып, сырт киімдерін шешініп болды да, төрде жатқан маған тіл қатты:

— Ербол.

— Ау.


— Ұйықтаған жоқсың ба?

— Жоқ.


*

— Онда құлақ сал.

Мен басымды көтеріп, жастыққа шынтақтадым.

— Жұрт соғыстағы жауынгерлерді қыран деп атайды ғой, - деп бастады Тана сөзін. Кездескеннен бері оның шешендігіне көзім жеткендей болған еді. Соны дәлелдей түскісі келгендей бүгін бірден тұспалдап сөйледі. - Осы өңірдің қыраны өзіңсің. Сонау майданнан шарықгап, туған жер аспанына келіпсің. Түсер тұғырың тайып кетті, досың өліп қалды. Қияда шарықтап жүрген қыранның көзіне төменде ілер ештеңе болмай құс алана ма деп, сені аяғанымнан, әрі жақсы көргенімнен, қызықсаң тоят алар қызылың болайын деп бел буып едім. Ендігісін өзің біл.

— Танажан, пиғылыңнан садағамын, - дедім мен даусым дірілдеп. Содан соң түрегеп, төсегімде отырып, бар сырымды ақтардым. Мен саған алғашқы түнде-ақ ынтыққанмын, Тана. Қазір де жүрегім лүпілдеп, құмартып отырмын. Өзімді қинап, үш күннен бері тежеп келемін. Тежейтінім: ертең мен соғысқа кетемін. Одан аман-есен оралсам жақсы. - Осы арада мен күле отырып, Текештің кешегі «сыбағанды» алып кет, сонда тыпыр ете «алмайды» дегенін айттым. - Тәкеш айтқандай «шырынынды шашып» кетіп, қайта оралмай қалсам, сенің Заман өлімі тілгілеп кеткен жүрегіңнің жарасы жазылмай жатып, мен оған екінші қанжар боп және қадалмаймын ба? «Ат аунаған жерде түк қалып» жүрсе, оны қайтесің? Ол жас жаныңа азап, жас басыңа және қасірет емес пе? Бүкіл Отанның бар халқын азап пен қасіреттен азат етісемін деп шыбын жанды шүберекке түйіп жүрген солдат мен ендігі ең жақын жандарымның бірі сенің басынды өзім азапқа душар етсем, онда менің нем солдат, өзгеге менің нем қорған! Одан да бұрын, майданда «өлді, хабарсыз кетті» дейтін адамдардың жаралы боп, жау қолына түсіп, өлмей, тірі қалатындары да кездеседі. Жасырын тапсырмамен жау тылына жіберілетіндері де болады...

Тана менің сөзімді төсекте, аппақ сирақтарын еденге салбыратып отырып тыңдаған еді.

— Аһ, ондай атты күн болмаса, мен бақыттымын ғой, Ербол, - деп қыз жастықты құшақтап құлай кетті. Әкем мен шешем жатқан ескі темір кереует Тананың көкірегіндегі күйікті ауырсынып, белі қайысқандай, бір сықыр етті де тынды. Мен ойымды жинақтап, сөзімді аяқтауға кірістім.

— Бүгін мен үш күн өзімді берік ұстай алмасам, ертең Заман тірі боп шықса, ел алдында сен екеуміз қарабет болмаймыз ба, Тана? Онда менің Бүркітбайдан, сенің Сәлимадан нең артық? Соғыстан кейін Заманмен жүз көрісер шақ болса, екеумізді ен алдымен Бүркітбай табаламай ма? Сыртына шығармағанымен іштей болса да Сәлима ойламай ма? Мен сондықтан шыдап жатырмын, шыдайын деп жатырмын, Танажан.

— Өлді деген адам тіріледі деген ойымда жоқ еді, - деді Тана даусы дірілдеп. - Онда менің үмітім үзілмеген екен ғой әлі. Заманым, жаным, барсың ба, тірісің бе? Кеш менің бір жолғы осалдығымды, - деп қыз аһ ұра дыбыстап барып, үнсіз қалды. Жастықты тістелеп, тұншығып, солқылдап жылай берді.

Сөйтіп ол қызбен мен осылай үш күн бірге жаттым. Сол үш күнде үш рет қыл көпірден өткендей болдым. Тізем дірілдеп, буыным қалтыраған сәттер болса да, құламай аман өттім. Төртінші күні таңертең Тананы жарты жолға дейін жаяу шығарып салдым. Айырылысар жерде екеуміз құшақтасып тұрып, бір-бірімізді қия алмай, құшырлана сүйістік те, тез ажырасып кеттік. Ол велосипедін жетектеп Ақжалға қарай , мен жаяу ауылға қарай қайттым. Қайта-қайта қол сермесіп, біріміздің сыртымыздан біріміз ұзақ қарасып тұрып, арамыз алыстай берді.

Түстен кейін, кешкі поезға отырып, Алматыға, одан әрі қайтадан майданға кетпек боп, ауылдан мен аттандым. Төкеш пен Тұрсын екеуі пар ат жегіп, мені «Акботадан» жиырма бес километр жердегі Біртөбе станциясына алып жүрді. Бірақ ауылдан бір аттанып кетіп, бес-алты километрден кейін ауылға қайта оралуға тура келді. Бағана, үйден шығарда Қарашекені қораға қамап, есікті бекітіп кетіп едік. Соның қалай босап, бізді қалай тауып келгенін білмеймін. Бір кезде ол бар * пәрменімен жүгіріп, тілі салақтап, біздің соңымыздан қуып жетті. Арбаны тоқтатып, үшеуміз бірдей: «Кет!» деп, итті үйге қарай қудық. Тұрсын жерден алып тас та лақтырды. Ит кетпей қойды. «Не атып өлтіріп кет, не қасыңнан қалдырмай алып кет» дегендей боп, анадай жерге барып, маған телміре қарап, жатып алды.

— Станцияға барса, не қаңғып кетеді, не поезд басып, өлтіріп кетеді ғой мұны, - деді Текеш.

Амалсыздан аттың басын ауылға қарай қайта бұрдық. Үйдің жанына барған соң Қарашеке ешкімге ұстатпай қойды. Тәтем шақырса да, балалар ұстайын десе де, үйден аулақтап, станция жақтың жолына қарай сытылып шыға берді. Ақырында қолыма шынжыр ұстап, Қарашекеге мен барып едім, ол қашпай, құйрығын бұлғандатып, төрт аяғын көкке көтеріп жата кетті. Екі көзі менде, «қалмаймын, тастама» деп жалынып жатқан сияқты. Мен оның қарғыбауына шынжырды тақ-қанымда иттің көзінен жас парлап қоя берді. Менің сол жер-де Қарашекеге жаным қатты ашып кетті. - Қой, Қарашеке, мен келемін, соғысты бітіріп, қайтып келемін, - дедім сасқанымнан.

Қарашеке: «Сөйт! Сөйт!» дегендей боп, құйрығын бұлғаңдатты. Иттің иесіне мұншама адалдығы көңілімді босатты. «Сәлимадан сен сенімді болдың-ау, Қарашеке» деп ойладым оны үй алдындағы қазыққа мықтап байлап жатып.

Біз арбаға қайта отырдық. Тағы да «Қош, кош!» деген дауыстар естілді. Жиендерім, жеңгелерім жылады. Апайым жаулығының шетімен тағы да көзін сүртті. Осының бәрі ауыр жүк болғандай қос ат жеккен арба тағы да орнынан әрең қозғалды. Мен енді Қарашекеге қарамадым. Адал достың ауыр қайғысын көргім келмеді. Арба үйдің бұрышынан станция жаққа қарай айнала бергенде иттің қыңсылап, қыстыға арс-арс етіп қалған ақырғы даусы естілді. Ауыл адамдарының менімен қоштасып тұрып күрсінгендері, жиендерімнің жылағаны, жеңгелерімнің менен жасқанып, үн шығара алмай сыңсығандары, Қарашекенің қатты кқңсылап, не шынжырын, не мойнын үзердей боп, арбаның соңынан қоса ұмтылмақ

боп, темір шынжыр босатпай, қылғына' «Қош, қош!» дегендей боп екі рет арс еткені - бәрі-бәрі, майданға қайта аттанған менің құлағымда кетті. Кешке жолаушы поезына ілігіп, Алматыға қарай бет қойдым.

Вагонда келе жатып, ауылда еткізген төрт-бес күнімді тағы да еске алдым. Еске алдым да, Танамен бірге болған үш күнгі ұстамдылығымды бір жолғы ұрыста жау танкімен жалғыз өзім жекпе-жек беттескен сұрапыл шайқаспен салыстырдым.

Ол ұрыста жау біздің жаяу әскерді кейін тықсырып, тура наводкада тұрған біздің батареяға танктер дүрсе қоя берді. Қарасам, бір зенбірек расчетынан бас көтерер адам жалғыз мен ғана боп қалыппын. Көздеуші мен октаушы екеуі де оққа ұшқан. Өзгелер жаралы боп кетті. Одан кейін маған зеңбіректі оқтап беріп тұрған жалғыз жауынгер бар еді. Танктен атылған снаряд жарықшағы оны да жалп еткізді. Оқсыз, отсыз зеңбірек жау танкінен жасқанғандай бүкірейіп, бүкжиіп, мойнын ішіне алып, үнсіз қалды. Оның доңғалағын құшақтап, жерге кіріп кетердей жабысып, окоп ішінде мен жатырмын. Біресе ұзын стволы қылқандай зеңбірек көмейінен күрк-күрк жөтеліп, біресе пулеметтердің тажал өңешінен шыққан ыстық қорғасын лебімен жолындағының бәрін жайпап, жарқ-жарқ еткен жыланбауыр тісін шақыр-шұқыр шайнап, бейне бір сені жалмауға жұтынып келе жатқан таудай темір құбыжықтың алдында оған қарсы шығуды былай қойғанда, жер-ден бас көтерудін өзі ешбір адам баласына оңай іс емес, сірә. Өне бойым жерге желімделіп қалғандай боп, басымды көтертпей, бір ауыр қол желкемнен нығарлай басып тұрған тәрізденіп, біраз үнсіз жаттым. Танктың тура маған қарай зымырап келе жатқанын, окопты ойрандап, оның ішінде үнсіз бұғып жатқан зеңбірек екеумізді жаныштап, жермен-жексен етіп кететінін біліп жатырмын. Білсем де танк таптап, жанышса жаншып-ақ кетсін, бірақ басымды көтермесем қайтеді деп ойлаймын. Бір кезде дүбір жақындап, айналам, астым дірілдеп бара жатты. Осы кезде танкке қарсы қолданатын гранатты қыса ұстап, орнымнан қалай атып тұрғанымды өзім де білмей қалдым. Қорқақтық етегімнен тартып: «Бұқ, бұқ!» деп босатпай жатқан соңғы сәтте жауға деген өшпенділік орнымнан көтерді-ау деймін мені.

Сол жолдан кейін мен солдат қабылдар шешімнің ең мәндісі соңғы сәттегі шешім екен-ау деген ойға келдім. Солдатты ер ететін де, жер ететін де сол соңғы сәт шешімі деп білдім. Кімде-кім соңғы сәтте бойындағы бар үрей, қорқынышты жеңіп, азаматтық борышын орындаса, ол - нағыз жауынгер. Тек солдат қана емес, адамның әр істің соңғы сәтіндегі ұйғарымы, сол сәтте өзін-өзі ұстай білуі оның адамгершілігін танытатын болуға тиіс.

Иә, сонымен, орнымнан тұрғаннан кейін мен де темір танктен бетер тістеніп, жағым қисая ашылып, бар қуатымды қос қолыма жиып, шоқпардай гранатты танкке қарай сілтеп кеп қалдым. Содан кейін жалп етіп, өз окобыма қайта құладым. Танктың «жан бергені» сондай қиын болады екен. Алдымен сұрапыл бір дыбыс шықты да, дүние солқ ете түскендей болды. Жер төңкеріліп кеткенге ұқсады. Содан соң қарамай, бензиннің иісін тарата лап еткен қара жалын қолымды, желкемді жалап жіберген сияқтанды. Артынан аман екенімді бір-ақ білдім. Екі құлағым тас керең боп қалыпты...»

- Ой, мен мұны жүрек жұтқан батыр деп жүрсем, өзі қорқақ та болған екен ғой, - деді Зайкүл бір қолымен мені иығымнан баса ұстап, екінші қолымен кеудемді нұсқап.

Зайкүлдің әлде әзілдегісі келді ме, әлде мені әжуалағысы келді ме, оны білмеймін. Бірақ мен оған шынымды айттым.

— Мен ұрысқа кірер алдында әрқашан да қобалжушы едім, Зайкүл, - дедім жайлап. - Бірақ қобалжыған сайын, не ғажап екенін білмеймін, жауымды жеңіп шығатынмын. Сонда осы қобалжудың өзінде де жеңімпаз күш бар емес пе екен деп таңданатынмын. Сол жолы жау танкін қиратқаным үшін мен Жомартбектің кеудесіндегі анау даңк орденімен наградталған едім.

Осылай деп мен қыздарға Жомартбек кеудесіне тағып жүретін өзімнің орден, медальдарымды нұсқадым. Жомартбек менің наградтарымды әсіресе асханаға барғанда тағып алатын. Өйткені майдангер студенттер кассаға кезексіз жіберілетін. Мен соғыстан келгенімді пайдаланып ас алу үшін алға қарай ентелемей, кезегімді күтіп тұра беретіндіктен, Жомартбек менің тумбочкада жатқан медальдарымды тағып алып, кассаға қарай ұмтылатын. Фанермен қоршалған тар кассада отырған әйелге студенттердің омырауы көрінбейді. Жомартбек ондайда кеудесін шайқап, медальдарын сылдырата қояды.

— Қазір, қазір, - дейді кассир әйел оның майдангер екенін «танып». Содан кейін оған сұраған чектерін жазып береді. Ұзын чекті ашы ішектей шұбатып, қораздана басып ол менің қасыма келеді де, өзімен ілестіріп, үстелге қарай алып кетеді.

Түскі тамақтың уақыты тақап қалғаннан кейін Жомартбек бүгін де сол «кәсібін» істеп, қазір, қолындағы дәптер сөздерін оқығаннан кейін, тайраңдап жатақханаға қарай жүгіре жөнелуге әзір отыр еді. Мен өзің нұсқағаннан кейін Жомартбек қоқилана түсіп, кеудесін қозғап-қозғап жіберді. Күміс медальдар сыңғырлап қоя берді. Оған қыздар күлкісінің сыңғыры және қосылды. Жомартбек дәптерді әрі қарай оқыды. «Сөйтіп, ол үш күнді ерлікке пара-пар-ау деп ойладым өзімше. Олай ойлайтыным, баяғыда қазақтың бір батырынан өміріңізде өзіңіз сүйсінген неше ерлігіңіз болды деп сұрапты-мыс. Сонда: «Өмірі есімнен қалмайтын үш ерлігім бар» деп батыр мына төмендегілерді айтыпты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет