— Жоқ, - дедім мен.
— Ендеше мұны газетке басудың қажеті де жоқ, - деді әдеби қызметкер.
— Сонда да алдымен өзіңіз оқып көрмейсіз бе? - дедім мен дағдарып.
— Тоқта, тоқта, - деп ол бейне бір мені қылышпен шауып түсетіндей сұстанып оң қолын көтерді. - Сен өзің газет қызметкерлерін кім деп ойлайсың, аһ? Жұмысы жоқ, сандалбай деп білесің бе? Біздің бәлімге сенің мынауың сияқты, - ол менің қағаздарымды дудырата ұстап, жоғары көтерді, - күніне отыз өлең, он әңгіме келіп түседі, аһ! Біздің бөлім осы редакциядағы ең хат көп келетін бөлім. Өйткені қазақтың ең жоқ дегенде екі ауыз өлең шығармайтыны кемде-кем. Соның бәрі өздерін ақынбыз деп біледі. Газетке басыңдар деп оларын бізге жібереді. Ішінде іліп аларлық ештеңесі жоқ сол хаттардың бәрін, сеніңше, біз, Омаров екеуміз, басымызды қатырып, оқып отыруымыз керек пе, аһ? - Ол есік жаққа бір қарап қойды. - Омаров оқиды. Ол елден келген хаттардан ең жоқ дегенде сөз үйренуге болады дейді. Ал мен, - ол даусын сәл ақырындата сөйледі, - елден келген шала сауатты хаттардан ештеңе де үйренуге болмайды деймін оған. - Шалдуар даусын қайтадан қатайтты. - Сендердін бұл сияқты бытпырақтарыңды оқып біз отырып алсақ, онда редакцияның жұмысын кім істейді? Кім істейді, аһ? Егер сен біздің орнымызда болсаң қайтер едің? Оқыр ма едің соның бәрін, аһ? Оқымайсың. Ендеше басты қатырма: мұныңды оқуға уақыт жоқ. Және, сен біліп қой, газет тек актуальды мәселелерді ғана жазады. Сенің мұныңның газет үшін еш актуальдығы жоқ. Сен өзің «актуальды» дегеннің не екенін түсінесің бе? Ол злободневный вопрос деген сөз. Вот, біліп қой. Және сен өзің шүу дегеннен әңгіме жазамын деп ойлама. Ол - қиын жанр. Осы бөлмеде отыратын екеуміздің ішімізде әңгімені жаңағы Омаров қана жазып жүр. Саған қайда әңгіме жазу. - Шалдуар «қайда» деген сөзді мені белімнен соққандай ғып созып айтты. - Сен тұрғай осындай үлкен редакцияда қызмет етіп отырған мына менің өзім де әңгіме жазуға жүрексінемін. Мен өзім қазір очеркті боратып жүрмін. Сен біліп қой: очерк деген газеттің романы. Очеркті екінің бірі емес, журналистің төресі ғана жаза алады. Білдің бе, аһ? Ал артынан әңгімеге ауысамын.
— Менің мынауым да очерк, - дедім мен бағанағы айтқанымнан бір саты төмендеп, «очерк» десем, Шалдуар жібімес пе екен деп дәмеленіп.
— Очерк? - Ол маған үрке қарады. - Саған очерк жазу қайдан келсін?! Армиядан келген солдат студенттің мұрнына очерктің иісі қайдан барады? Жай, әшейін, қызбалықпен айтып тұрған шығарсын, жігітім.
Мен не дерімді, не айтарымды білмедім.
— Оқыңызшы өзіңіз, осы очерк, - дедім Шалдуарға жалынғандай болып.
— Оқымаймын. Бұл очерк емес, «Тоғжан» деген атының өзі очеркке келмейді. Егер аты «сауыншы қыз Тоғжан» деп тұрса, онда очерк деп ойлауға болар еді. Ал алда-жалда мұның кейбір жерлері очеркке ұқсай қалса, онда ешбір актуальдығы жоқ.
Осы бір «актуальды» деген сөз маған пәле болды. Шалдуар соны сойыл ғып сілтеп, шоқпар ғып сермеп, мені маңдайдан пергілеп, тобықтан ұрғылап, есімнен тандырды да отырды.
— Актуальды болмағандықтан мұның газетке қабылданбайды. Түсінікті ме? Аһ! - деді ол тағы.
— Газетке баспай-ақ қойыңыз. Тек маған оқып шығып, пікіріңізді ғана айтыңызшы.
— Осы саған редакцияға бар деп жүрген кім озі?
Шалдуар мені редакцияға бар деген адам қазір қолына түссе, түтіп жіберердей боп, сұстанып кетті.
— Мұны профессор Әуезов сіздерге апарып көрсет деген соң келіп едім.
Шалдуардың түсі қайта жұмсарды. Тіпті күліп те алды.
— Үлкен кісілер солай деп айта салады, - деді ол. - Сенің көңілінді қимаған ғой. Және ол кісінің мазасын алатын сен сияқты студент аз деймісің? - Шалдуардың түсі қайта суыды. - Ал Әуезов айтты екен, сол кісі жөн сілтеді екен деп сен малданба. Біз Әуезовтың жазғанының да бәрін баса бермейміз. Әкелгені актуальды болса ғана басамыз, түсінікті ме?
— Түсінікті, - дедім мен енді есім шығып, тезірек кетуге ынғайланып.
— Түсінікті болса, жүре бер. Мә, мынауынды ала кет.
Мен қолжазбамды алып, есікке қарай аяңдадым. Осы кезде оның есіне авторлардың күдерін үздірмеу керек деген журналистік қағида түсті-ау деймін, маған қайтадан дауыстап:
— Әй, әй, тоқта, - деді қолын шошайтып.
Мен тоқтадым.
— Егер актуальды бірдеңе жазсаң, тағы да келерсің. Енді жүре бер, - деп ол қолын сермеді.
Мен жүре бердім. Редакцияның босағасын алғаш аттауым осылай аяқталды. Кеше ғана Әуезовтың алдынан көңіліме қанат бітіп, іштей тасып, лепіріп шыққан мен Шалдуар Шал-ғынбаевтың алдынан жермен-жексен болып шығып, редакцияның биік баспалдағынан тәлтіректеп, жерге әрең түстім. «Өзіме де сол керек, - дедім былайырақ шыққан соң ішімнен. - Тұңғыш баласын ЗАГС-ке тіркетемін деп, туған күннің ертеңінде ала жүгірген жас анадай желпендеп, алды-артыма қарамай жүгіріп едім редакция қайдасың деп. Ал жүгір...»
Осыдан кейін бір күні тағы да редакцияға бардым. Баяғы бөлмеде Шалғынбаев жалғыз отыр екен.
— Бұл жолғым актуальды мәселе еді, - дедім мен Шалдуар иіле ме деп үміттеніп.
— Немене?
— Алда Жамбылдың қайтыс болған күні келе жатыр ғой. Біз соғыс кезінде Жамбылға хат жолдап, ол кісіден өлеңмен жазылған жауап алғанбыз. Соның тарихын баяндап және...
Қаншама шапшаң сөйлесем де Шалдуар менің сөзімді аяқтатпады.
— Оның да актуальды емес, - деп қолын бір-ақ сермеді. - Жамбыл туралы филология ғылымының кандидаты Тұрғанбаевқа мақала жаздырғанбыз. Филология ғылымының кандидаты, - деп қайталады ол. - Соны машинкаға бастырып, мына өз қолыммен апарып, осы жаңа ғана редактордың алдына қойып келдім. - Шынымды айтсам дәл сол сәтте редактордың үстеліне мақала апарып қоятын мынау Шалдуардай әдеби қызметкер болу маған қол жетпес бақыт сияқты көрінді. Шалдуар менің осы ойымды сезіп қалғандай, қайтадан кекете сөйледі. - Немене, Жамбыл туралы мақала жазып, қаламақы тауып, аяқ астынан бір байып қалайын дегенсің-ау, тақыр студент. Мен Шалдуардын бұл сөзіне шамданғаным жоқ. Студент екенім рас, студенттің көпшілігі тақыр кедей болатынына тағы да талас жоқ. Несіне ренжимін. Тек одан өзім бұрын естімеген, білмейтін сөзімнің мәнін сұрадым.
— Қаламақы дегеніңіз не? - дедім.
Шалдуар тағы дүрсе қоя берді.
— Өй, сен өзің қаламақының не екенін білмейсің, қалай журналист боламын деп жүрсің?! - Мен кінәлі адамдай басымды изедім. Сол түрімді аяды-ау деймін, Шалдуар жаңағы өз аузынан шыққан, оны білмеген адамның журналист болуы мүмкін емес сияқты сиқырлы сөздің мәнін маған түсіндірген болды. - Қаламақы деген гонорар деген сөз. Ал гонорар дегенің қып-қызыл ақша. - Шалдуар өзінен өзі тамсанып, сықап салған ақшасы сыймай тұрғандай, шалбары мен пиджагының қалталарын қайта-қайта басып, сипап қойды. - Түсінікті ме, аһ?
Шалдуардың осы бір «Аһ!» деген сөзі-ақ жүйкеме тиеді. Ол бұл сөзді «солай ма, рас емес пе?» деген мағынада айтады екен. Бірақ ол мұны өкпесін қабындыра аузынан қатты дем шығарып айтқандықтан, маған онысы кәперсіз келе жатқан адамға тасадан «ап!» деп әлдебір қорқынышты нәрсе тап берген сияқты боп сезіледі.
«Түсінікті» дегендей мен басымды изедім.
— Ендеше кете бер, - деп Шалдуар телефонға қарай қолын созды.
Сөйтіп тағы да Шалдуардан қайтып, адасып жүріп, тікенек, қалың қарағанның арасынан әрең шыққан адамдай қалжырап, қарын ашып, жүрек қарайып, бұрлығып, университетке, лекцияға келдім.
Университет алдында Меңтай кездесті.
— Ағай, сізге айтатын бір жаңалық хабарым бар, - деді Меңтай менімен сәлемдескеннен кейін балаша жымиып, қуана күлімдеп. Жүрегім өз-өзінен дүрсілдеп қоя берді.
Меңтай жайлап өзінің Пушкин атындағы кітапханадан келе жатқанын, онда жаңа ғана жазушы Әуезовтың оқырмандармен кездесуі болып өткенін айтты.
— Профессор оқырмандар алдында сөз сөйледі, - деді Меңтай. - Сөзінің сонында ол біздің университетте соғыстан қайтқан, болашақта үміт күттірерлік бірсыпыра әде-биетші, журналист жастар бар дей келіп, солардың ішінде сіздің де фамилияңызды атады. Мен сізді шын жүректен құттықтаймын, ағай.
Осылай деп ол кіп-кішкентай, жұп-жұмсақ қос алақанымен менің қолымды қысты. Күші солғын, күйдіруі күшті ақ саусақтар оң алақанымның іші-сыртын сәл ғана сипай ұстаған сол сәтте іште тулаған ыстық лептер дауыл күні теңіз жағалауындағы жалғыз жартасты сабалаған толассыз толқындай қаптап, жүректі соғып, шүйінші сұрақндай оның ұйқы-түйқысын шығарып, жұлқылап, жұлмалап жатты. Бал-бұл жанып, қуана жайнап тұрған Меңтайдың жүзі маған бұрынғысынан да сұлу, сүйкімді көрінді. Егер жұрттың бәрінде бірдей менің көзім мен жүрегім болса, онда Меңтайды бар студент, бүкіл ғалам жер үстіндегі ен сұлу, ең ақылды қыз осы ғана деп бағалар еді-ау, шіркін! Дариға-ай, дүниенің тұтқасы қолымда болса, бар жақсылықты осы қызға жасап, бар бақытты осының басына үйіп қояр едім мен. Бірақ кедей студент менің қолымнан махаббат пен тұрақтылықтан басқа не келеді десеңші.
Меңтаймен бірге ішке кіріп, ішімдегі осы ойды мазасыз баладай тербетіп, екінші қатарға көтеріліп келе жаттым. Алайда бүгін бірінші рет Меңтайды кәріп, екі қайтара оның қолын ұстауым, ол айтқан жаңағы жылы хабар маған күш, қуат берді. Қарным ашып, қалжырап, шаршап келе жатқанымның бәрі лезде ұмыт болды.
IX
Студенттердің қос өкпесіне найзадай теніп, жазғы емтихан да жақындап келе жатты. Найзадай төнетіні, студент сияқты жас желең қауымның ішінде желбас жігіттер мен желекпе қыздар аз болмайды. Қысқы семестрді қалт-құлт етіп өткеннен кейін олар: «Әй, жаз қайда, біреу қайда» деп қолды бір-ақ сермеп, кітап пен конспектіні жауып тастап, секеңдеп сауық іздеп, селкілдеп би билеп кетеді де, емтихан тақағанда естері кіріп, қыл көпірдің аузына келгендей қалтырайды екен. Соғыстан келген маған студенттердің емтихан тапсыруы әскерлердің ұзақ жатқан бекіністен көтеріліп, шабуылға шыққан шағымен пара-пар сияқты боп та танылады. Шабуыл шіркін жақсы-ақ қой. Өйткені шабуылға шыққан армия ілгері басады, жеңіске жақындайды. Бірақ дауысы құлақты тұндырып, жау шебін бауырдай тілгілеген артиллерия атысы - кононададан кейін окоптан көтеріліп, мылтығыңның найзасын ұмсына кезеп, уралай ұмтылған жауынгерлердің бәрі бірдей алға баспайды: біреу оққа ұшады, біреу денесінен қызыл қан саулап, жер құшады - жаралы болады. Ал емтихан тапсырғанда ешкімнің оққа ұшуы жоқ. Оның есесіне қан орнына көздерінен жас сорғалаған «жаралы» кеп болады екен.
Біздің курстан емтиханның найзасына бірінші түйрелген Сақила деген семіз сары қыз болды. XVIII-XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінің емтиханынан ол өкіріп жылап шықты.
— Не болды? Не болды? - деп жатырмыз отыз үшінші аудитория есігінің сыртында дәлізде ішке кіруге кезек күтіп тұрған біз.
— Құладым, - деді ол солқылдап келіп, алда тұрған қыздардың бірінің мойнына асыла кетіп.
Біз оны ортаға алып, өзімізше жұбатып жатырмыз. «Қандай сұрақ келді?» дейміз.
— «Бұхарды білесің бе?» деп сұрады оқытушы, - дейді Сақила солығын басып.
— Сен не дедің?
— Білемін, - дедім.
— Сонсоң?
— Білсең оның жаңалығы, ерекшелігі қандай? - деді оқытушы.
— Дұрыс, сен не деп жауап бердің?
— Мен ойланып тұрдым, тұрдым да: «Бұхардың жаңалығы самауыр мен ақ шәйнек қой, ағай» дедім.
Біріміз күліп, біріміз ренжіп жатырмыз. «Сейтіп кісі жауап бере ме екен» дейміз.
— Қайдан білейін, - дейді Сақила ексігін әрең басып, - Бұхар - сауда-саттық қаласы, қазаққа самауыр мен ақ шәйнек содан тарады дегенді бір құлағым шалғаны бар еді...
— Әй, әй, қуаттарым, айтсандаршы, - деп еңі құп-қу болып Зайкүл ортаға шықты. - Осы сұрақ келіп қалса, менің не деп жауап беруім керек?
— Алдымен, - деді Меңтай, - сен Бұхар жырау өлендерінің аттарын біліп ал.
— Иә, айтшы сол түскірлерді, - дейді Зайкүл елпілдеп. ,
— Бұхар жырау Абылай ханның тұсында өмір сүрген, - дейді Меңтай ол жайындағы мәліметтерді Зайкүлге қысқаша айтып түсіндіруге асығып. - Өлеңнің аттары мынандай: «Айналасын жер тұтқан...»
— Мұнысы не пәле «жер тұтқан» ба, «жер жұтқан» ба, қайсысы? - дейді Зайкүл екі көзі бақырайып.
— Өлеңнің аты - «Айналасын жер тұтқан», - дейді Меңтай оған ыждағатпен түсіндіріп.
— Ойбай-ай, Меңтай, менің миымда тұрады дейсің бе бұл пәлен. Одан басқаларын айтшы.
Меңтай шұбырта жөнелді.
— «Ай, Абылай, Абылай», «Керей, қайда барасың?», «Бірінші тілек тілеңіз», «Жал құйрығы қаба. деп», «Қалданмен ұрысып»...
— Ойбай-ай, Меңтай, қуатым-ау, мынаның қайсысы есте тұрады? Әне біреу, «Әй, қайда барасың?» дегені болмаса.
Біз бұған ішек-сілеміз қата күйіп жатырмыз.
— «Әй, қайда барасың?» емес, ол өлеңнің аты «Керей, қайда барасың?» - дейді Меңтай Зайкүлге бар ынтасын сала түсіндіріп. - Бұл - жыраудың Абылай ханнан жапа керіп, үдере көшіп бара жатқан қазақтың керей деген руына айтқан өлеңі.
Осы арада жұртты емтиханға біртіндеп кіргізіп, кіргендерді сыртқа шығарып тұрған Жомартбек мысқылға басты.
— Зайкүл Бұхар жырауды неғылсын, «Әй, қайда барасың?» деп маған айтып жатыр ғой.
Біз бұған ішек-сілеміз қата күліп жатырмыз.
— Әй, жүгірмек, тыныш тұршы, - дейді әшейінде Жомартбекке жұдырығын ала жүгіретін Зайкүл қойдан қоңыр жуастықпен. - Иә, Меңтай, одан соң не дейін?
— Бұхардың жаңалығы не деген сұрауға мынаны айтасың. Жыраудың өлеңдері сыңсыған шешендік сөздерге толы. Онын өлеңінің қай жолын алып оқысаң да ақыл, нақылға кездесесің. Мысалы, «Айналасын жер тұтқан айды батпас демеңіз. Айнала ішсе азайып, көл таусылмас демеңіз» деген сияқты. Осындай керемет шешендік - Бұхар өлендерінің ерекшелігі. Осы шешендік әдебиет тарихында «Бұхар сарыны, Бұхар үлгісі, оның жаңалығы» деп аталады. Енді ұқтың ба, Зайкүл.
— Үғуын ұқтым ғой, Меңтай. Бірақ мен көк мимын ғой. Қазір ұққанымды қазір ұмытып қаламын. Сақила, - деді ол әлі өксігін баса алмай тұрған серігіне қарап. - сенің екінші сұрағың не?
— «Махамбеттің романтизмін білесің бе?» деді содан соң оқытушы, - деп Сақила көзін сүрте бастады.
— Иә, сен не дедің?
— Білемін, - дедім мен.
— Білсең айт, - деді оқытушы.
Ары ойландым, бері ойландым. Ақыры оқытушы Махамбеттің оқыған романдарын сұрап тұрған шығар дегі ойладым да:
— Махамбет романдарды көп оқыған, - дедім.
— Е, қандай романдар оқыпты? - деді оқытушы жымыңдап. Ол жымындағанға мен ойындағысын дәл тапқан екенмін деп қуанып кеттім де:
— Алдымен «Жұмбақ жалау» романын оқыған, - дедім.
— Е, тағы қандай романдар оқыпты? - деді оқытушы.
— «Менің құрдастарым», - дедім мен.
— Иә, сонсоң? - деді оқытушы одан сайын күлімдеп.
— «Ақын» романын, - дедім мен дәу де болса күтіп отырғаныңыз осы болар деп.
— Зачет книжканды әкел, - деді оқытушы қолын созып. Мен кемі үш қоятын шығар деп ойладым. Ол қол қойып, қайтарып берді. Қарасам, екі қойыпты, - деп Сақила қайтадан еңкілдеді.
— Сағынова Зайкүл, - деді Жомартбек бір қолымен тұтқадан ұстап, дәліздегі бізге де, іштегі оқытушыға да естірте дауыстап. Өйткені оқытушы студенттерді өз емтиханына бөгелтпей, кезекпен кіргізіп тұруды Жомартбекке тапсырған болатын. - Сіздің кезегіңіз келді, емтиханға кіріңіз.
Зайкүл есік жанына жеткенде дар алдына келгендей құп-қу боп кетті. Оның кішкентай бөгеліп, жүрегімді тоқтатайын дегеніне Жомартбек қараған жоқ.
— «Шегінуге жол жоқ - артымызда Москва!» - деді де Зайкүлді қолды-аяққа тұрғызбастан есікті шалқасынан ашып, ішке еріксіз кіргізіп қоя берді.
Енді біз Зайкүлдің тілеуін тіледік. Есіктің кілт салатын тесігінен кезек-кезек сығалап, оның қандай күйде отырғанын байқаймыз. Содан соң тағы біраз тым-тырыс бола қаламыз. Осы кезде өксік қысып, солқ ете қалған Сақила дыбысы естілді.
— Саспа, Сақила, - дейді Жомартбек алақанын бипаздай сермеп. - «Бәрі өтеді, бәрі өзгереді» деп мен емес, Гераклиттің өзі айтқан. Ендеше бұл да өзгереді - сенің екің үшке түзетіледі.
— Қалай? - дейді Сақила көзін сүртіп.
*
— Былай. Қазір Зайкүл бес алып шығады. Содан соң...
— Иә, содан соң? - деді Сақила Жомартбекке, ол бейне бір өлімнен құтылудың жолын айтатындай-ақ жалбарына қарап.
— Содан соң Қанипа екеуі оқытушыға оңаша кіреді де, ортаға алады. Қанипа: «Ағай, Сақилаға үш қойып берсеңізші» дейді көзін құбылтып. «Иә, сөйтіңізші, ағай» дейді Зайкүл емініп. Екі қыз қиылып тұрған соң көңілшек ағай жібиді. «Сақила ерген келсін» дейді. Сөйтіп, Гераклиттің айтқаны болады да шығады.«Қойыныз, қойыңыз, жаман екен ойыңыз» деп Қанипа әндете өтірік күліп, көлгірсіп Жомартбекке қарап, сахнаға шыққан бишідей боп, мойнын қылқаңдатты.
— Иә, түк қоятыны жоқ, - деді Майра оған бұрылып, - шашын мен мойнынды Кербез ағайға босқа сипатқанша, Сақиланың бағасын түзеттіріп бер.
Бұл сөзді басқа қыздар да шуйлдап, қостап қалды.
— Зайкүл тапсыра ала ма? - деді Сақила Жомартбекке.
— Тапсырады. Ол тегін «Чеховтың қарындасы» аталған жоқ қой.
Бұған бәріміз мырс ете түстік. Оның мынандай мәнісі болатын.
Қыста XIX ғасырдағы орыс әдебиетінен емтихан өткізуге әзірленіп жүрдік. Бір күні үзіліс кезінде Зайкүл бәрімізге сұрақ қойды.
— Чехөвтың бір қарындасы туралы айтқаны бар еді ғой, сол сөз кімнің есінде?
— Қай қарындасы туралы? - дедік біз түсінбей. - Мария Павловнаны айтасың ба?
— Тілімнің ұшында тұр, өзінің бір қарындасы жайында айтып еді ғой.
— Не деп?
— Не деуші еді кісі өз қарындасы туралы. Соның бір жақсы қасиетін айтқан.
Біз Чеховтың әйел аттас шығармаларын атай бастадық.
— «Ниночка» ма?
— Жоқ, - дейді Зайкүл басын шайқап.
— «Ит жетектеген келіншек» пе?
Зайкүл сақылдап кеп күледі.
— Қойындаршы әрі, келіншек ит жетектеуші ме еді? Ол бір ауылдың аңшысы ма екен иттерін қасынан қалдырмай ертіп жүретін?
— Ойбай, Зайкүл, сен білмейді екенсің ғой, - дейді Жомартбек орнынан ұшып тұрып. - Келіншектердің керемет аңшылары болады.
— Өзгеге сенсем де, саған сенбеймін, Жомартбек, - дейді Зайкүл қолын бір-ақ сермеп.
— Онда «Апалы-сіңлілі үшеуді» айтасың ба?
— Жоқ, үшеу емес, біреу, - дейді Зайкүл біздің діңкемізді құртып. - Чеховтың сол сөзін жұрт айта береді ғой ылғи.
Өлдік-талдық дегенде, келесі үзілісте оны әрең таптық. Сейтсек, Зайкүлдің сұрап отырғаны Чеховтың «Краткость -сестра таланта» дейтін нақылға айналып кеткен атақты сөзі екен. Сол күні біз бәріміз ішек- сілеміз қата күле отырып, Зайкүлге «Чеховтың қарындасы» деген атты бір ауыздан бергенбіз. Жомартбектің еске алып тұрғаны осы оқиға болатын.
Біз күлкімізді тыйып үлгергенше іштен қойқан қағып Зайкүл шыға келді. Бәріміз оған қарай қоғадай жапырылдық.
— Не алдың, Зайкүл?
Ол бізге бес саусағын көрсетті.
Сенерімізді де, сенбесімізді де білмедік. Зачет книжкасындағы «5» деген бағаны көргенде ғана иландық.
— Не сұрақ келді өзіңе?
— Не сұрақ келгенін неғыласыңдар, мен ештеңені де жетістіріп айта алғамын жоқ. Бар бітіргенім мынау болды. - Қыздар Зайкүлге ентелей түсті. - Кербез ағай бетіме қарап отырды да: «Зачет книжкаңды әкел, Сағынова» деді. Байқаймын, екі қоятын түрі бар. Емтиханды мен емес, ол беріп отырғандай-ақ, екі иығы салбырап, ұнжырғасы түсіп барады. Аяп кеттім байғұсты. Содан соң қайдан шықса, одан шықсын дедім де, бастым тәуекелге. Зачеткамды қолыма ұстап, юбкамның өзі қыска етегін одан сайын көтеріңкірей түстім де, стол жанында Кербез ағайдың қарсысында тұрған орындыққа жалп етіп отыра кеттім барып. Ағайдың тышқан көзі жылтырай жайнап, менің мына оқтай түзу сирағыма, жұп-жұмыр тіземе қадалып, одан да жоғарылай берді. Мен оны сөзбеген болып, зачеткамды ұсынып былай дедім: «Мен не қойсаңыз да ризамын, ағай. Бірақ, сіз сияқгы теңіздей терең білімі бар ғұлама ұстаздан сабақ алып жүрген мені үш пен төртке оқиды деп ешкім де ойламайды». «Төрт» дегенді әдейі айтып отырмын. «Әттең, үш қойып берсе жарар еді» деймін ішімнен. Кербез ағайдың осал жеріне дәл тидім-ау деймін, книжкама қонжиып бесті қойды да берді.
Бұл оқытушымыз өте мақтаншақ кісі еді. Лекция үстінде ол екі сөзінің бірінде: «Мына мен нағыз қыпша бел, қыр мұрын, сымбатты жігітпін ғой» деп отыратын. Оның үстіне . өзін үлкен, ұлы адамдармен қатар қоя сөйлеп: «Кеше Мұхтар Әуезовпен екеуіміз театрға бардық» немесе «Бұл тақырыпқа байланысты менің мақаламды, одан сон Белинскийдің мақаласын оқыңдар» деп те бөсетін. Осы мінезі үшін қыздар оны сыртынан «Кербез ағай» дегі атайтын да, «Қыздар, тыныш отырыңдар, Кербез ағай келе жатыр», «Кербез ағайдың лекциясына барсам ба екен, бармасам ба екен?» десетін. Зайкүл қу оның осал жерін тап басыпты.
— Мынауың масқра екен, - деді Меңтай. Бұған дейін Меңтай аузынан мұндай қатал сөз шыққанын естіген емес едім. Ол жолдастарының кемшілігін кешіре біліп, ешкімнің көңілі қаларлық сөз айтпайгын еді. Сол сабырлы әдетін бүгін бірінші рет бұзғанына қысылды ма, кім білсін, Зайкүлдің сөзін естіп болғаннан кейін құлағының ұшына дейін қызарып, төмен қарады. - Мына сөзіңді бізден басқа ешкім естімесін.
— Енді қайтейін, - деді Зайкүл Меңтайдың алдында ақталғысы келгендей. - Жаңағы сен айтып бергеннің бәрін лезде ұмыттым да қалдым. Қысылғанда адам не істемейді. Ағайдын мақтаншақтығы, менің шашымды сипай беретіні ойыма түсті де, жаңағыны істедім. Енді қайтейін, бір семестр бойы басымды бекерге сипаттым ба мен оған. Басты айтасың, Кербез ағай жаңа менің бұғағымды да сипап салды. - Біз күліп жібердік. - Мейлі, сипаса сипай берсін, - деп Зайкүл сөзін аяқтауға ыңғайланды. - Оған менің нем кетті, бір бесті соқтым да алдым.
— Бес қана емес, сен бір түлкі соғып алған сияқтысың, Зайкүл, - деді Жомартбек жымыңдап. - Анада аңшы әйел болмайды деп таласып едің, нағыз аңшы әйел өзің боп шықтын ғой.
— Әй, Жомартбек, байқап сөйле: мен әйел емеспін, қызбын.
— Ә, ә, солай екен-ау, - деді Жомартбек мүләйімсіп. Содан сон түк білмеген кісідей әндете жөнелді. - «Етімді шал сипаған құрт жесін деп, жартастан қыз секірді терең суға» деген екен-ау Абай атамыз. Білген адамға жақсы сөз-ау бұл бір.
Қыздар мұның Зайкүлге арналып айтылғанын сезіп, біріне-бірі қарап жымыңдасты.
— Әй, неге жымыңдайсындар, қыздар? - Зайкүл әр қыздың бетіне кезек қарады.
— Жай, жаңағы Жомартбекгің «етімді шал сипаған» дегеніне күлеміз.
— Бұл маған айтқан екен ғой. Тілі тотияйындай осы жүгірмектен көрдім-ау, - деп Зайкүл жұдырығын түйіп, Жомартбекке қарай тап берді.
— Жоқ, жоқ, Зайкүл, - деді Жомартбек қашқақтай ақталып, - «Етімді шал сипаған құрт жесін деп» жартастан терең суға секіріп жүрген сен емес, феодализм заманының ескі қызы ғой ол. Сенің жөнің басқа, сен жаңа заманнын сұлуысың. Кербез ағаң да шал емес, қырықта ғана.
— Ә, солай десеңші одан да, - деді Зайкүл Жомартбектің сұлусың дегеніне жайылып түсіп қалып. Оның «Кербез аған қырықта ғана» деген сөзіне мән де берген жоқ.
Өстіп, Жомартбек «Шегінуге жол жоқ - артымызда Москва»деген Клочков сөзін Бас командашының бұйрығындай қайталаумен жұртты еріксіз ішке кіргізіп, есіктен аппақ боп енген қыздар қып-қызыл боп шығып, «Не алдың?» - «Төрт». - «Құттықтаймын». «Не алдың? - «Үш». - «Оқасы жоқ» деп; жылап-сықтап, күліп- қуанып, алысып-әзілдесіп жүріп, алғашқы емтиханды да өткердік.
X
Алғашқы емтихан маған бірсыпыра сабақ берді. Курстас қыздардың төрт-бесеуі ғана үздік жақсы, жеті-сегізі жақсы, он шақтысы орташа оқыса, алты-жеті қыздың үлгерімі мүлде нашар екен. Оның үстіне бұрын бұлар сабаққа жеке-жеке әзірленіп келген. Біреу емтиханға біліп кірсе, біреулер оқытушы алдына тек «құдайға тапсырып» қана баратын болған.
Мен қыздарға сабаққа бұдан былай бірлесіп әзірлену керектігін айттым. Әсіресе, нашар қыздарды жақсы оқитындарымыз екі-үштен өз тобымызға алайық дедім. Осыған келістік. Меңтай, Майра және мен үшеуміз Зайкүл, Сақила сияқтыларды қамқорлыққа алдық. Сөйтіп, осылай үш топқа бөлініп, кейде үш топ бірлесіп, бірігіп кетіп, таңертеңгі сағат төрттен тұрып алып. тынбастан даярланып жүрдік. Кейде бізге өз беттерімен әзірленетін әлді деген қыздар да қосылатын болды. Бірте-бірте қыздардың емтиханнан еңіреп шығуы тоқтала бастады.
Сондай емтиханға әзірлік күндерінің бірінде біз Калинин көшесі жақтағы жатақхана жанындағы төбешік басында, қалың ағаш көлеңкесіндегі көк шөп үстіне одеялдарды жай-ып тастап, кезектесіп конспект оқысып, білгенімізді бір-бірімізге ауызша айтысып, сарылып ұзақ отырдық. Бір кезде Меңтай ұсыныс жасады.
— Ағай, шаршап кеттік қой, дем алайықшы. Бізге көңіл сергітетін басқа бір әңгіме айтып беріңізші, - деді маған қарап.
— Не айтайын? - дедім мен сәл ойлана түсіп.
— Ойбай, қыздар, - деді Жомартбек жерден жеті қоян тапқандай ентігіп, сонысымен қыздарды одан сайын ынтықтыра түсіп, - мұның соғыс кезінде бір қызбен үш күн бірге жатқан әңгімесі бар. Соны айтсын, өте қызық.
Достарыңызбен бөлісу: |