https://ru.egemen.kz/article/sostoyalos-rasshirennoe-zasedanie-soveta-assamblei-naroda-kazakhstana Вчера в Астане состоялось расширенное заседание Совета Ассамблеи народа Казахстана. В нем приняли участие Государственный секретарь Республики Казахстан Гульшара Абдыкаликова, заместитель Председателя – заведующий секретариатом АНК Дархан Мынбай, депутаты Парламента РК, известные общественные деятели.
В своем выступлении Гульшара Абдыкаликова подчеркнула роль Ассамблеи народа Казахстана, обладающей огромным потенциалом созидания, в реализации поставленных Нурсултаном Назарбаевым задач политической, экономической и духовной модернизации страны. Государственный секретарь, в частности, отметила, что АНК и все ее структуры должны принять активное участие в выполнении задач политической, экономической и духовной модернизации страны. Важной задачей Ассамблеи является участие в совершенствовании законодательства по защите прав человека и поддержанию принципов правового государства, а также в устранении причин, способствующих нарушению конституционных прав и свобод граждан. Сегодня фактором успеха нации является конкурентоспособность человека. Ассамблея должна внести свой вклад в формирование культуры современного общества, в реализацию программы «Туған жер», проектов «100 новых лиц Казахстана», «Сакральная география Казахстана», являющихся основой формирования общественной культуры, воспитания патриотизма среди молодежи, сохранения культурно-генетического кода нации, укрепления национальной идентичности.
В ходе заседания в целях использования общественного потенциала в формировании антикоррупционной культуры был подписан план совместных действий по партнерству Ассамблеи народа Казахстана и Агентства по делам государственной службы и противодействию коррупции. Как отметил заместитель Председателя АНК Д. Мынбай, в реализации конкретных мер, предусмотренных в документе, примут участие все региональные структуры, Советы общественного согласия, научно-экспертные группы и этнокультурные объединения Ассамблеи.
- Ассамблея народа Казахстана вносит свой вклад в возглавляемую Президентом страны борьбу с коррупций, активизацию и широкую пропаганду этой работы в обществе. Глава государства в своей программной статье "Взгляд в будущее: модернизация общественного сознания" отметил: «Мы строим меритократическое общество, где каждый должен оцениваться по личному вкладу и по личным профессиональным качествам. Такая система не терпит кумовства. …Чтобы двигаться вперед, нужно отказаться от тех элементов прошлого, которые не дают развиваться нации». Это очень правильные слова. Поэтому общество должно принять самое широкое участие в формировании антикоррупционной культуры в стране. Верю, что подписание совместного плана действий позитивно скажется на борьбе с коррупций, - сказал Д.Мынбай.
Указанный план предусматривает организацию специальных концертных программ и театрализованных представлений, направленных на формирование антикоррупционной культуры, подготовку информационных листков, проведение разъяснительной работы, встреч с населением. Кроме того, на разных языках этносов нашей страны будут подготовлены тематические видео- и аудиоролики, которые будут распространяться в социальных сетях, выходить на телеканалах и радио.
Состоялась презентация серьезного научного труда «История межэтнических и межконфессиональных отношений в Республике Казахстан». Этот крупный проект реализован Академией государственного управления при Президенте РК. В нем исследована история межэтнических и межконфессиональных отношений в стране, история, культура и традиции наиболее крупных этносов. В исследованиях участвовали восемь докторов и девять кандидатов наук, пять магистров, представляющих такие разделы науки, как социология, история, философия и политология.
Возглавлявшая проект руководитель Центра по изучению межэтнических и межконфессиональных отношений Академии государственного управления при Президенте РК Айгуль Садвакасова рассказала, что данный труд объединил в себе несколько монографий. В книгу вошли такие работы, как «Ислам и православие в Казахстане», «История казахстанских этносов», «Казахские традиции и сегодняшний день», «Русские Казахстана», «Узбеки Казахстана», «Немцы Казахстана».
В ходе заседания Совета Ассамблеи обсуждены региональный опыт реализации новых направлений деятельности Ассамблеи, деятельность депутатской группы АНК в Мажилисе Парламента страны, работа Ассоциации общественных объединений узбеков Казахстана «Дустлик».
Совет АНК выдвинул на рассмотрение сессии АНК кандидатуры общественных заместителей Председателя Ассамблеи, одобрил предложение Секретариата об учреждении нагрудного знака «Жомарт жан» АНК и утвердил Положение об общественных наградах Ассамблеи народа Казахстана.
https://egemen.kz/article/assambleya-kenhesininh-kenheytilgen-otyrysy-oetti
Кеше елордада Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Алқалы жиынға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚХА Төрағасының орынбасары − Хатшылық меңгерушісі
Дархан Мыңбай, Парламент Мәжілісінің депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері қатысты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің саяси, экономикалық және рухани жаңғыруы бойынша алға қойған міндеттерін іске асыруда Қазақстан халқы Ассамблеясы жасампаздық әлеуетке ие. Кеңестің кеңейтілген отырысында сөз алған Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова Ассамблеяның рөліне осындай баға берді. – Биылғы жылы ҚХА активі мен барлық құрылымдары саяси, экономикалық және рухани жаңғыру міндетін іске асыруға белсене атсалысуға тиіс. Ассамблеяның алдында мынадай міндеттер тұр. Бірінші – жүзеге асырылған реформа адам құқықтары мен құқықтық мемлекет принциптерінің сақталу кепілдігін күшейтеді. Ассамблея тиісті заңнамаларды жетілдіруге, Конституцияда көрсетілген азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерінің бұзылу себептерін жоюға қатысуы керек. Екіншіден, заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің жаңа форматтарын назарға ала отырып, ҚХА Кеңесінің, Мәжілістегі ҚХА депутаттық корпусының, Қоғамдық келісім кеңестерінің және басқа да құрылымдардың өзара іс-қимыл үлгісі жасалуға тиіс,– деді Г.Әбдіқалықова. Мемлекеттік хатшы атап өткендей, бүгінгі таңда ұлт табысының негізгі факторы адамның бәсекеге қабілеттілігі болып табылады. Ассамблея қоғамдық мәдениеттің қалыптасуына, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің, ұлттық мәдени-генетикалық кодты сақтаудың, ұлттық бірегейлікті нығайтудың негізі болып табылатын «Туған жер» бағдарламасын, «Қазақстандағы 100 жаңа есім», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» сынды жобаларды іске асыруға үлес қосуы керек. Осы жиын барысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда қоғамның әлеуетін пайдалану мақсатындағы әріптестік туралы бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Д. Мыңбай айтқандай, құжатта қамтылған нақты іс-шараларды жүзеге асыруға Ассамблеяның барлық өңірлік құрылымдары, Қоғамдық келісім кеңестері, ғылыми-сараптамалық топтар мен этномәдени бірлестіктер атсалысатын болады. – Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасымыздың басшылығымен елімізде жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске, осы бағыттағы жұмыстарды ілгерілетуге, оны қоғамда кең көлемде насихаттауға өз үлесін қосуда. Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді. ...Алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек», деп айтқан болатын. Бұл − ақиқатында өте дұрыс сөз. Сол себепті, қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қоғам кең көлемде қатысуға тиіс. Бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте оң ықпалын тигізетініне сенімдімін,– деді Д.Мыңбай. Бірлескен іс-шаралар жоспары бойынша, еліміздегі этностық театрларда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған арнайы концерттік бағдарламалар мен театрландырылған қойылымдар ұйымдастыру, ақпараттық парақшалар әзірлеу, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, кездесулер өткізу жоспарланған. Сондай-ақ, еліміздегі түрлі этностардың тілдерінде тақырыпқа сай видео-аудиороликтер дайындалып, әлеуметтік желілерде таратылады, телеарналар мен радиоларда жарияланады. Осы жиында «Қазақстан Республикасындағы этносаралық және конфессияаралық қатынастар тарихы» атты сүбелі ғылыми еңбектің тұсауы кесілді. Бұл ірі жобаны Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы «Халық тарих толқынында» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырғанын айта кету керек. Аталған еңбекте еліміздегі этносаралық, конфессияаралық қатынастар тарихы зерделенген, ең ірі деген этностардың тарихы, мәдениеті мен дәстүрі зерттелген. Зерттеу жұмысына әлеуметтану, тарих, философия және саясаттану сынды ғылым салаларындағы сегіз ғылым докторы, тоғыз ғылым кандидаты, бес магистр атсалысыпты. Олардың арасында Ж.Артықбаев, А.Камалов, Г.Кан сынды тарих ғылымдарының докторлары бар. Жоба жетекшісі, Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының басшысы Айгүл Сәдуақасованың айтуынша, осы жоба аясында бірнеше монографиялық жұмыс топтастырылған. – Негізгі жұмыс этносаралық қатынастарды зерттеу әдістемесіне бағытталды. Кітапқа «Қазақстандағы ислам және православие», «Қазақстан этностарының тарихы», «Қазақ салт-дәстүрлері мен бүгінгі күн», «Қазақстан орыстары», «Қазақстан өзбектері», «Қазақстан немістері» сынды еңбектер енгізіліп отыр,– деді А.Сәдуақасова. Осылайша, алғаш рет Қазақстанның кейбір этностарына қатысты тарихи-этнографиялық мәліметтер жүйеленіп, салт-дәстүрлерін, ұстанатын діндерін, ғылым-білім саласындағы, әдебиет пен өнер саласындағы жетістіктерін көрсететін материалдар біріктіріліп отыр. Жиналған зерттеу материалдарды мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және білім беру мекемелерінің жұмысында пайдалану үшін тиісті ұсынымдар да әзірленген. Алқалы жиын барысында Ассамблея қызметінің жаңа бағыттарын іске асырудағы өңірлердің тәжірибесі, қоғамдық бақылау, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, мәмілегерлік бағыттағы жұмыстар қарастырылды. Парламент Мәжілісіндегі ҚХА депутаттық тобының атқарған жұмысы мен алдағы жоспары баяндалды. Қазақстан өзбектерінің «Дустлик» қоғамдық бірлестіктері қауымдастығының жұмысы ортаға салынды. ҚХА Кеңесі Ассамблеяның «Жомарт жан» төсбелгісін бекіту туралы Хатшылық ұсынысын мақұлдап, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық марапаттары туралы ережені бекітті.
https://egemen.kz/article/ilgerileu-zholyndaghy-ilkimdi-qadamdar
Ілгерілеу жолындағы ілкімді қадамдар
Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ғимаратында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын талқылау бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мәжілісі болды.
Отырыс барысында Президент Н.Назарбаевтың мақаласындағы негізгі аспектілер ортаға салынып, талқыланды. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25-сессиясында белгіленген міндеттер туралы Кеңес мүшелері өздерінің ойларын ортаға салды. Негізгі баяндаманың бірін Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының бұрынғы орынбасары, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Анатолий Башмаков жасады. Ол Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы алға қойылған міндеттерді іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі екенін ескерте келіп, алда тұрған жұмыстар жөнінде айтып өтті. «Бізді кеше ғана Президент Әкімшілігіне жинап, жұмыс топтарына бөлді. Мен өзім патриотизмді дамытумен айналысатын жұмыс тобының қатарына ендім. Туған жер бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің өзегіне айналу керектігін Елбасы атап көрсетті. Туған жерге деген сүйіспеншілік туған еліміз Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласуы керектігі де мақалада айтылған. Менің жүрегіме де осы бағыт жақын, сондықтан мен осы топтың қатарына енгеніме қуандым. Кез келген экономикалық реформа немесе мектептегі білім, саяси жүйегі жаңғырту адамның өзінің көзқарасын өзгертуден басталуы керек. Сондықтан, комиссияның базалық құрылымы болатын нақ осы топта жұмыс істейтіндерге насихатпен айналысқан білікті мамандар тобы қажеттігін мен отырыста айтып, өзімнің ұсынысымды жасадым. Біз аймақтарға барып сананы жаңғыртудың қажеттілігін халыққа жеткізуіміз керек», деді ол. Өзінің сөзінде Анатолий Башмаков сананы жаңғырту жұмысының оңай еместігін, «адамның санасын өзгерткеннен атомның құпиясын ашу әлдеқайда жеңіл» деген сөздің барын айта келіп, тек қана шешен сөйлейтін, ой-өрісі терең, парасаты биік ғалымдар ғана халықтың жүрегіне жол тауып, Президенттің алға қойған міндеттерін жеткізе алатынын айтты. Басқа да шығып сөйлеушілер осы пікірлерді жақтап, өз ойларын жеткізді. Соның ішінде ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі, философия ғылымдарының докторы Григорий Косяченко да болып, ол мемлекеттің діни және гуманистік құндылықтарын теңестіру қажеттігіне назар аударды. Сонымен қатар, ол Президенттің мақаласындағы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын орындау барысында ыңғайсыз бәсекелестік болмау жағын қарастыру керек екенін атады. «Сондықтан, жұмыс тобы осынау тізімге енгізілетін адамдардың критерийін алдымен анықтап алып, оны қатаң түрде іске асыруы керек», деді Г.Косяченко. Ал осы Кеңестің мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Қазбек Қазкенов Президенттің бұл мақаласы ХХІ ғасырдағы адамзаттық сын-қатерлерге қарсы қолданылатын өзекті мәселе екенін атады. «Біздің еліміз бәріне де қарсы тұруға дайын болуы керек. Тек экономикалық, саяси, құқықтық дайындықтар аздық етеді, ең бастысы, әрбір азаматтың ұлттық ұстанымы берік, Отанының қауіпсіздігі мен тәуелсіздігі жолындағы қадамдарға саналы түрде дайын болуы керек», деді ол. Филология ғылымдарының докторы Нұрсұлу Шәймерденова мақаланың мәдени аспектілеріне назар аударып, өзінің осы бағыттағы ойларын ортаға салды. «Бізде бәрі де бар. Ендігі міндет Елбасы атап көрсеткеніндей, тек ұлттық мәдени кодымызды, этносаралық келісім мен өзара түсіністікті сақтау ғана. Біздің жарқын болашағымыз осыған тікелей байланысты», деді профессор. Сонымен бірге, ол кездесудің тиімді болғанын да атап өтті.
https://egemen.kz/article/zhuktelgen-mindetter-zhuyeli-retteledi
Жүктелген міндеттер жүйелі реттеледі
Алматыдағы Достық үйінде «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясында берген тапсырмаларын жүзеге асырудағы этномәдени бірлестіктердің атқаратын міндеттері» тақырыбында отырыс өтті. Іс-шараға ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Дархан Мыңбай, ҚХА Төрағасының орынбасары Абилфас Хамедов, ҚХА Кеңесінің мүшелері, республикалық және қалалық этномәдени бірлестіктердің басшылары, жастар ұйымдарының өкілдері, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, ҚХА құрылымдарының жетекшілері қатысты. 11.05.2017 382 Facebook Twitter Google+ Pinterest Vkontakte Telegram Жуырда ғана елорда төрінде Елбасының төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясында елдің саяси-экономикалық, мәдени-рухани өмірінде Ассамблеяның алатын орны ауқымды екені кеңінен айтылды. Елбасы өз сөзінде: «Бірінші. Туған жер жобасы Ассамблея үшін зор мүмкіндіктерге жол ашып береді. Екінші. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына Ассамблея тікелей қатысып, басы-қасында жүруі керек. Біздің қаншама замандастарымыз, қаншама Ассамблея белсенділері ел игілігі үшін риясыз қызмет етіп жүр. Ұлтына, қай өңірден екеніне, жынысына қарамастан, біз олардың барлығын елге таныта білуіміз керек», – деген болатын. Бүгінгі басқосудың негізгі мақсаты – сонда айтылған ойлар мен жүктелген міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асырудың жолдарын іздеуге арналды. – Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясына зор сенім артып келеді. Сол сенімнің межесінен шығу үшін ел игілігі жолында адал қызмет атқарып, тәуелсіз Отанымыздың гүлденуіне бәріміз қалтқысыз қызмет етуіміз қажет. Тұрақтылық пен даму, татулық пен достық – бәрімізге ортақ қастерлі құндылықтар. Президентіміз Ассамблеяның әлеуетін арттыруда қалалар мен облыстар басшыларына бірқатар тапсырмалар беріп, бірнеше маңызды жобаны бірлесе іске асыруды тапсырды. 2018 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының көп функциялы мультимедиалық порталын ашуды, «Қазақстан халқы» интерактивті тарихи картасын жасауды қолға алу керектігін айтты. Кәсіпкерлер мен бизнес, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерін «Туған жер» жобасына қатысуға және өз ауылдастарын қолдау мақсатында күш жұмылдыруға шақырды. Әрбір Ассамблея мүшесінің көкейінде жүрген арман-тілектің тамырын тап басты. Сондықтан, алға қойған мақсат-міндеттерді, Елбасының тапсырмаларын орындауда табандылық таныта білейік. Сондай-ақ, жаңа орынбасарлар тағайындалып, оларға зор жауапкершілік жүктелді. Сол сенім жүгін талмай көтерейік, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Дархан Мыңбай. Шара барысында ҚХА-ға қарасты этномәдени бірлестіктердің басшылары да сөз алып, алдағы уақытта атқарылатын шаруалардың жоспарын ортаға салды. «Татулық пен бірлік біздің басты ұранымыз», деген Ассамблея мүшелері ортақ мақсат жолында күш біріктіру керектігін айтып, Достық үйінен жоғары көңіл күймен тарасты.
https://egemen.kz/article/tutastyqqa-tartqan-zhol
Тұтастыққа тартқан жол
Мен өзім осындай бірлік, бейбітшілік орнаған еліммен мақтанамын. Этностардың достастығы, халықтың бірлігі − еліміздің үлкен табысы. Достықты, туысқандықты ту етіп ұстағандықтан да Қазақстан халқы көпэтносты мемлекеттің мығымдығының үйренерлік үлгісі болып отыр.
Елбасымыз – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің таңсәрі шағында, егемендіктің елең-алаңында-ақ біздің еліміздің болашағы тек қана бірлікке байланысты екенін басын ашып айтты. Жас мемлекеттің алғашқы қадамдарынан бастап ұлттық саясатты сарабдал жүргізе білді. Адамдарды нәсіліне, тегіне, ұлтына қарап бөлуге ешқандай жол берілмейтінін салған беттен аңғартты, Қазақстанда әр адам өзінің іскерлігіне, біліктілігіне, парасаттылығына ғана қарап бағаланатынын мәлімдеді. Іс жүзінде дәл солай болды да. Сондықтан біздің еліміздегі қандай этностың өкілі де өзін Қазақстанның төл перзенті, патриоты санайды. Осы елдің қызығын бірге қызықтайды, қиындықтарын бірге еңсереді, табыстарына бірге қуанады. Шындығына келгенде, бүгінде бірлік, бірегейлік ұғымдарының аясына көп мағына сыяды. Оның негізінде халқымыздың мәдени сауа- ты, білімі, тағы басқа да ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Оған Ұлт жоспарындағы төртінші реформа төңірегінде қолға алынған жұмыстар дәлел. Мәселен, «100 қадам» негізінде Қазақстан халқы Ассамблеясы бірқатар қағидатты міндеттерді шешуді жүзеге асыруда. Біріншіден, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының қызметі «Мәңгілік Ел» Жаңа Қазақстандық Патриотизмді нығайтуға және дамытуға бағытталған. Елімізде билік институттарының тұрғындармен толыққанды өзара қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін мемлекеттік басқару жүйесі құрылуда. Екіншіден, еліміз үшін отбасы, бірлік, сондай-ақ, еңбексүйгіштік, адалдық, зияткерлік, үштілділік тәрізді құндылықтар насихатталатын еңбек және кәсіпқойлар қоғамын құру басымдықты болып табылады. Үшіншіден, Қазақстанның алдында ел дамуының стратегиялық мақсаттары үшін жұмылған, қазақстандық біртектілік пен бірлік, Жаңа Қазақстандық Патриотизм қағидаттарында тәрбиеленген «Мәңгілік Ел» ұрпағын қалыптастыру бойынша міндеттер тұр. Төртіншіден, қоғам алдында халықтың тарихи естелігі мен рухани-мәдени мұрасын нығайтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды, сондай-ақ, мемлекеттің қазақстандық қоғамның рухани бірлігі қағидаттарына негізделген зайыр- лылық сипатын дамыту бойынша шараларды сапалы түрде жүзеге асыру міндеттері бар. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сияқты бүкіл әлем таныған, мойын- даған Елбасымыз бар, тату-тәтті халқымыз бар, еңбекқор еліміз бар, жердің астын да, үстін де толтырған байлығымыз бар, ырыс қонған жұртпыз. Осы ынтымағымызды, осы бірлігімізді көздің қарашығындай сақтауымыз, балаларымызға, немерелерімізге, шөберелерімізге үлгі етіп, өнеге етіп айтуымыз, аманатқа қалдыруымыз керек. Солай ету арқылы біз елдегі әлеуметтік-экономикалық реформалардың ойдағыдай жүзеге асырылуына жағдай жасаймыз, өзіміздің берік те баянды болашағымызды қамдаймыз. Ұлы Даладағы Мәңгілік Ел болу асқақ арманымызға осылай жетеміз. Әскер ПИРИЕВ, ҚХА мүшесі, Астана қалалық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы
https://egemen.kz/article/alty-alashtan-%E2%80%93-assambleyagha-ki
Алты Алаштан – Ассамблеяға Сайып келгенде, Алты Алаш деген сөзіміз де – Ассамблея. Тек, мұнда түбі бір түрік жұртын ғана емес, алты құрлыққа жайылған адамзат ұрпағының барлығын алтын шаңырақ астына бір атаның баласындай біріктіре алатын ұлы бірлік бар. Осы сөзіміздің айғағындай, мереке қарсаңында Қарағанды шаһарын мекен еткен түрлі ұлттар мен ұлыстар «Достық үйіндегі» дөңгелек үстелде мәслихат құрды.
«Бірлігі бекем ел мықты!» деп аталатын жиын бүгінгі бейбіт өмір мен келісімнің бұдан әрі нығая түсуіне бар күш-жігерлерін жұмсайтынын жария еткен отандастар ойларын ортаға салуға мүмкіндік берді. Тұрақтылықты тұғыр етіп, елдіктің еңсесін тіктеуде Елбасы ұсынған рухани жаңғыру саясатын берік ұстанатындықтарын баршаға жария еткен қарағандылықтар іс-шарадан ілгері қадам алды. Аталған алқалы жиынға аймақ басшысы Ерлан Қошанов арнайы қатысып, Бірлік мерекесі алдында жиналған жұртшылыққа риясыз ықыласын білдірді. Аймақ басшысы қатысушыларды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлы ХХV сессиясынан кейінгі бұл басқосудың тарихи маңызына тоқталды. — Президент біздің қоғамның даму кезеңдерін айқындап берді. Елбасы жүйелі жаңғыру туралы айтты. Ол – үшеу. Яғни, экономикалық жаңғыру, саяси жаңғыру, рухани жаңғыру. Мемлекет басшысы айтқандай, осындай «жүйелі жаңғыру біздің бүкіл жұмыстарымыздың өзегіне айналды». Яғни, жаңғырудың негізі де, түп тамыры да – тұрақтылық, бірлік, келісім. Ассамблеядан кейін, қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның алғашқы отырысына қатыстық. Біз де өзіміз – облыста, барлығымыз бірігіп, осы орайда кешенді әрі жүйелі жұмысқа кіріссек деймін, – деді облыс әкімі Ерлан Қошанов. Сонымен қатар, облыс әкімі ұлттық мәдени бірлестіктердің келісімді, ұлтаралық татулықты нығайтудағы игі істерін де назардан тыс қалдырмады. Шараның да атауы соған негізделген. Бірлігі мықты елдің, рухы да күшті боларын тілге тиек етті. Осы жылдар аралығында еліміз ынтымаққа айрандай ұйыды. Бұл істе Қазақстан халқы Ассамблеясының үлесі зор. Елбасының бағдарламалық мақаласы Ассамблеяның рухани жаңғыруына да жол ашпақ. Бұдан соң бірқатар ұлттық-мәдени бірлестік өкілдері, кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына аймақ делегациясының құрамында қатысқандар ойларын ортаға салды. Өзара пікір алмасып, сессияның тың серпін, зор қуат бергенін атап өтті. Сессияда Мемлекет басшысының сөзінен ойларына шуақ алған қауым алдағы уақытта ел бірлігін арттыруға аянып қалмайтындықтарын айтты. Сөз алғандардың қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, ғылыми-сараптау тобының жетекшісі В.Молотов, Жезқазған қаласы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, білім меценаты Б.Алтынбеков, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ конвертор цехының жұмысшысы Д.Захаров, демократиялық күштер коалициясының мүшесі М.Ақәділова, «ЭКСПО&Women» халықаралық қоғамдық ұйымы Қарағанды филиалының жетекшісі А.Сахарова және тағы да басқа ұлттық бірлестік өкілдері, спортшылар, өндірісте еңбек етіп жүргендер бар. ҚХА ғылыми-сараптама тобының басшысы Вилен Молотов Лучанский айтқандай, біздің, яғни этно-мәдени бірлестіктердің, сарапшы қауымдастықтың алдында жаһандық идеологиялық бәсекелестікке қабілетті бола білуде тиімді әдістерді меңгерудің зор міндеті тұр. Сыртқы күштер жаңа ақпараттық технологияларды қолдана отырып қоғамды ірітіп-шіріту үшін неше түрлі соғыстар жүргізіп жатыр. Бұл біздің тұрақтылығымызға нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан Елбасымыз әр маңызды жиында осы жайттардың алдын алу қажеттілігін бізге міндеттеп отырады. Жиынға өң берген жайттардың бірі – өңірлердегі түрлі ұлт өкілдерінен құралған көркемөнерпаздар тікелей байланысқа шыққаны болды. Лебіздерін жеткізіп, оның соңын әнмен, күймен өріп отырды. Шараға қатысқан түрік қызы Расул Азами өзін «қазақпын!» деп, жастарды елді құрметтеп, оның тарихын білуге шақырды. Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын!» поэмасынан үзінді оқып беруі көпшіліктің жүрегіне шуақ ұялатты. Азамидің де айтқан лебізін айнытпай ұсынуды жөн көрдік: – Сонау 1944 жылы ата-әжем Қазақстанға келген. Содан бері қазақ жеріндеміз. Мен өзім түрік болсам да, «қазақпын» деймін. Мен Қазақстанда туғаныма мақтанамын. Сондықтан, жастарды елдің тарихын білуге, оны құрметтеуге шақырамын. Сонымен қатар, Ерлан Қошанов «Шағын Отан» жобасы бойынша өз ұсыныстарын білдірді. «Біздің қалалар мен көптеген ауылдарымызда жақсы дәстүр бар. Мектеп бітіріп кеткен түлектер, он жылдықта, жиырма, отыз жылдықта өздері білім алған оқу ордасында жиналып, ауылға көмек қолын созу, мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізу сынды игі істер атқарады. Ос дәстүрді бүкілхалықтық дәрежеге көтерсек қалай?» деді әкім. Кездесу соңында облыстық ҚХА мүшелері Мемлекет басшысының рухани жаңғырту жиынтығын міндеттерді іске асыру үшін барлық күш-жігерін салуға тұрғындары үшін Үндеу қабылдады. Кездесу соңында облыстағы түрлі ұлттық мәдени бірлестіктерге әкімнің арнайы сыйлықтары табысталды. Жиырма төрт этно-мәдени бірлестік 700 мың теңге көлемінде сыйақы алды. Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ
https://egemen.kz/article/taghattylyq-%E2%80%93-tanhdauymyz
Тағаттылық – таңдауымыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы халықтың көптен күткен, көңілінде жүрген мәселелерін көтерді. ҚХА-ның күні кеше табысты өткен сессиясы да сол мәселені талқылап, шығып сөйлеген әріптестеріміздің бәрі мақалада көтерілген мәселелердің орынды екенін, өздерінің ойларынан шыққанын айтты.
Осы күнге дейін Президент әлеуметтік-экономикалық саланың дамуын, жаңғыруын талап етіп, бағдарламалық құжаттардың бәрінде олар орнын тапты. Ал бүгін рухани саланың жаңғыру таңы атқаны көрініп тұр. Өз тарапымнан мен рухани жаңғыруды халқымыздың санасында сілкініс тудырып, патриоттық сезімге шоқ тастау деп білемін. Тек саналы адамдар ғана азаттықты бағалап, тәуелсіздіктің туын бекем ұстай алады. Президенттің бағдарламалық мақаласы әркімге де ой салып, біз тек өз Отанымыз, өз Қазақстанымыз үшін барлық игілікті жасауымыз керек деген пікір тудыратыны күмәнсіз. Әрине, ол үшін ішкі саясат қызметтері белсенді жұмыс істеп, Елбасының мақаласын түсіндіруге талмай кірісуі керек және бұл жұмыс бір реттік, науқаншылықпен шектелмей, үнемі жүргізіліп тұрғаны жөн. Өз тарапыңнан не істер едіңіз деген сұрақ қойылса, мен өз мүмкіншіліктерімді, өзімнің медиа-құралдарымды пайдаланып, мақаланың маңызын жерлестеріме түсіндіруге тырысып жүрмін. Сондай-ақ, мен Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты ретінде біздің Ордабасы ауданы мен Қарағанды облысының Ұлытау аудандарының арасында бауырластық қатынас орнату туралы ұсыныс жасайтын боламын. Өйткені, бұл екі аудан да Қазақ хандығының тарихында өшпес орны бар жерлер. Сөйтіп, мақаладағы туған жердің қадірін ұрпақтарға таратуда бір сүйекті шара жасаған болар едік. Дулат ӘБІШ, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты ШЫМКЕНТ
https://egemen.kz/article/turaqtylyq-%E2%80%93-tughyrymyz
Тұрақтылық – тұғырымыз Ең асыл қазыналарымыздың бірі – ел тыныштығы. Тәуелсіздігіміздің ширек ғасыр бедерінде бұл салада жинақталған тәжірибе мол. Соның жарқын бір үлгісі Қызылжар өңірін мекендейтін жүзден астам этнос өкілдерінің «бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» тату-тәтті жарасымды өмірі дер едік. Маңайына этномәдени бірлестіктерді топтастырып, жұртшылықты бүгіннен де нұрлы кемел болашақ құруға жұмылдырып келе жатқан Достық үйін тұтастық пен тұрақтылықтың құтты шаңырағы, киелі бесігі десе де болады. Біз толеранттылықты, ауызбірлікті баға жетпес басты байлығымызға балап, оған өз үлестерін қосып жүрген адамдарды сөзге тартқан едік.
Наиль САЛИМОВ, Солтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі: – Елбасының тікелей бастамашылығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында жұмыс істейтін достық үйлері тәуелсіздігімізге қалтқысыз қызмет етіп келеді. Егемендігіміздің елең-алаң шағынан бері түрлі саяси-мәдени шараларға белсене араласып, қоғам тұрақтылығын сақтауды, татулықты, бірлікті дәріптеуді, қазақ халқы мен өзге де этностардың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, мәдениетін, тілін насихаттауды басты мұрат тұтады. Осыдан жиырма жыл бұрын этномәдени орталықтардың саны бесеу ғана болса, бүгінде Достық үйінде – 13, аудандарда 106 құрылым жұмыс істейді. Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңару» бағдарламалық мақаласында туған жерді айрықша қастерлеу, өркендетуге үлес қосу шынайы патриотизмнің маңызды бөлігі екенін ерекше атап көрсетті. Осыған орай «Туған жер», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» бағдарламалары ұсынылып, Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімді қалыптастыруға шақырды. Бұл тұрғыдан сөз қозғайтын болсақ, достық үйлері тарапынан атқарылып жатқан шаралар қызықтылығымен, мазмұндылығымен ерекшеленеді. Олар ұйымдастыратын шараларға жастар үлкен ынта жігермен қатысып жүр. Мектептер жанынан этноклубтар ашылып, белсенді өкілдер тартылды. Колледждер жанынан құрылған «Бейбітшілік және келісім» орталықтары да өміршеңдігін танытты. Үлкен Ел – Үлкен отбасы», «Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» бүкілхалықтық акциялар барысында үш жүзден астам игілікті шаралар атқарылып, бірлік пен ынтымақтастың өнегелі үрдістері кеңінен түсіндірілді. Ләззат ЖАЛМҰҚАНОВА, №17 ұлттық өркендеу-мектеп кешенінің директоры: – Жаһандану үрдісі ерекше белең алып, түсініксіз құбылыстар көбейген тұста өскелең ұрпақ бойына Мемлекет басшысы белгілеп берген «Мәңгілік Ел» қағидаттарын ұялату өте маңызды. Жуырда баспасөзде жарияланып, жұртшылықтың ерекше қызығушылығын тудырған мақалада бұқаралық сана-сезімнің «отбасы, ошақ қасы» аясында қалуы салдарынан туындайтын көкейкесті жайттар ашық айтылып, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ тәрбиелеу жайына баса назар аударылды. Осыдан ширек ғасыр бұрын шаңырақ көтерген білім ұясында тоғыз этностық бөлім жұмыс істеп, екі жүзге жуық бала білім алады. Олардың арасында ана тілін еркін меңгеріп, төл мәдениетімен жете танысқысы келетіндер қатары көп. «Қазақстан – ортақ үйіміз», тағы басқа тақырыптар шеңберінде отаншылдыққа тәрбиелеу тағылымдары үзбей насихатталады. Бұл мәселелер оқу бағдарламасында да жан-жақты қамтылған. «Қайырымдылық керуені», «Жақсылық жаса!», «Шын жүректен» акцияларынан жиналған 4,5 миллион теңге сырқат балалардың мұқтажына жұмсалды. Достық үйлерінің Аналар кеңесімен бірлесіп өткізген шаралары да қолдауға тұрарлық. Мәселен, «Ақ орамал» акциясына 6500 адам қатысып, 14 елді мекен қамтылды. Рашбиль ЕВДАЕВ, «Еврей мәдениеті» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы – Достық үйлерінің этносаралық келісімді нығайтудағы рөлі өлшеусіз екенін күнделікті жұмыс тәжірибесінен айқын байқаймыз. Олардың қабырғаларында өтетін іс-шаралар ешкімді де бей-жай қалдырған емес. «Салт-дәстүр» этномәдени фестивальдары, «Алғыс айту» мерекелері адамдардың бір-біріне деген шынайы құрмет сезімін оятып, одан әрі жақындастыра түсті. «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін талқылау барысында ел бірлігін, ынтымағын сақтауға қатысты танымдық ойлар сабақталып, Елбасының ұлт пен ұлыстарды ортақ мақсатқа жетелеудегі жанқиярлық еңбегі ерекше атап көрсетілді. Біз қайырымдылық акцияларына да қатысып тұрамыз. Тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларға, аз қамтылған жандарға бірнеше мәрте қаржылық көмек көрсетілді. Отан– қастерлі де қасиетті ұғым. Мен Әзербайжанда тусам да, саналы ғұмырым Қазақстанмен тағдырлас. Аға ұрпақтың жақсы дәсүрлерін жас буын жалғастырсын десек, кез келген елдің қуаты – халқының бірлігінде, түсіністік тіні – бір шаңырақ астында топтасуында екенін жете ұғындыра білген абзал. Бүгінгі күні этностық төзімділік, сабырлылық ауадай қажет. Өзара сыйластық пен сенімге құрылған Қазақстанның таңдауы айқын. Достық үйлері бірлік қағидасын берік ұстанымға айналдырған. Ана тілді меңгеру, салт-дәстүрлерді үйрену, мерекелік шараларды ұйымдастыру барысында этномәдени бірлестіктерге үнемі қолдау көрсетіп, ұйытқы болып келеді. Бұдан былай да этносаралық қатынастарды топтастырушылық рөлі артпаса, кемімек емес. Иә, ынтымағы жарасқан елдің болашағы қашанда жарқын. «Бақыт бағалай білгеннің ғана басында тұрады» деп текке айтылмаса керек. Өңірдегі достық үйлері мен олардың белсенді қатысушылары да Елбасының «Тұрақтылық – біздің татулығымыз берік болуы үшін табан тірейтін тұғырымыз» деген сөздерін басты бағдар еткен.
https://egemen.kz/article/tatulyq-%E2%80%93-basty-baylyghymyz
Татулық – басты байлығымыз Татулық – біздің ең басты байлығымыз. Қаншама ұлттың баласына құшағын кең ашқан байтақ Қазақстанымыз – бүгінде тұрақтылық пен достықтың бесігі. Бұл туралы ҚХА-ның жақында өткен ХХV сессиясында да жан-жақты айтылды. Әрбіріміздің жүрегіміздің төрінде мемлекетімізге деген риясыз құрмет ең алдыңғы орында тұруға тиіс. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елдің тұрақты дамуын, ұлттардың татулығы мен достығын әрдайым басты назарда ұстап келеді. Елбасымыздың жуырда барша халыққа жол тартқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын бүтін бір мемлекеттің тамырына қан жүгіртіп, жан-жақты дамуымызға жол ашатын мәні терең тарихи құжат деп түсінеміз. Дамудың даңғыл жолын қалыптастырып, елдігімізді қуаттап, бірлігімізді бекемдейтін бір мақсат жолында жұмылып, ертеңгі күнге нық сеніммен қарауға бағыттайтын мәні терең мақалада айтылған әр бағдарламаның орны бөлек. Дамыған озық технологияларды игеріп, бірнеше тіл меңгерген, бәсекеге барынша қабілетті зияткер ұрпақ – мемлекеттің келешегі. Әлемнің әр түкпірінде дау-жанжал, түрлі қақтығыстар орын алып жатқан қиын шақта тұрақтылығымыз бен татулығымызды сақтап, бейбіт өмір сүріп отырғанымыз Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасы деп білеміз. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі ретінде ел тарихында орын алып жатқан елеулі мерекелермен барша қазақстандықты құттықтаймын. Ұйғыр этномәдени бірлестігі бірлік пен берекені, сенім мен ізгілікті, татулық пен тұрақтылықты әрдайым қолдайды. Еліміздің мерейі үстем болып, мемлекетіміз қарыштап дами берсін. Шаймардан НҰРЫМОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, Республикалық ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрағасы
https://egemen.kz/article/turaqtylyq-%E2%80%93-rukhani-zhanhghyru-kepili
Тұрақтылық – рухани жаңғыру кепілі Кеше Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Президент – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» тақырыбымен ҚХА-ның XXV сессиясы болып өтті. 27.04.2017 602 Facebook Twitter Google+ Pinterest Vkontakte Telegram Қазақстандағы этносаралық келісім мен бірлікке қызмет ететін осы аса маңызды қоғамдық институттың сессиясы жыл сайын өтіп тұрады. Биыл оның саны 25-ке жетіп отыр. Сессия жұмысына еліміздің барлық өңірінен 1500-ден астам делегат қатысты. Олардың ішінде Ассамблеяның барлық өңірден келген мүшелері мен ардагерлері, республикалық және аймақтық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялар мен ҮЕҰ басшылары, әдебиет пен өнердің, спорттың көрнекті өкілдері, шетелдік қонақтар болды. Жарқыраған көктем күнімен бірге келген сессияға қатысушылардың жүздері жарқын, көңілдері шат көрінді. Елбасы Н.Назарбаев сессия жұмысын ашқан соң, еліміздің Әнұраны орындалды. Осыдан кейін сессияны жүргізіп отырған ҚХА Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай баяндама жасау үшін сөзді ҚХА Төрағасы Н.Назарбаевқа берді. Өзінің сөзінде Елбасы 2017 жыл тәуелсіз Қазақстан тарихында ерекше жыл болып саналатынын атап өтті. «Жүйелі жаңғыру биыл біздің бүкіл жұмысымыздың өзегіне айналды. Біріншіден, экономикалық жаңғыруды қолға алдық. Екіншіден, саяси жаңғыруды бастадық. Үшіншіден, рухани жаңғыруға кірістік. Бұған мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаламды арнағанымды білесіздер», деді Мемлекет басшысы. Президент бағдарламалық мақаладағы негізгі міндеттерге назар аударып, Қазақстан қоғамының даму кезеңдеріне қатысты ойларын ортаға салды. «Мен ең алдымен болашақ қазақстандықтың болмысын айқындап, қандай болуы қажеттігін атап өттім. Біріншіден, ол – әлемдік бәсекеге қабілетті жасампаз тұлға. Екіншіден, алдына нақты мақсаттар қойып, соған ұмтылатын прагматик, әрі реалист. Үшіншіден, ұлттық бірегейлікті нығайтып, ұлтының дамуын тежейтін барлық нәрселерден бас тартатын адам. Төртіншіден, білімнің салтанат құруын ең маңызды іс санайтын, жаһандық білімнің шыңына шыққан жан. Бесіншіден, тек эволюциялық даму ғана халқының өсіп-өркендеуіне мүмкіндік беретінін жақсы түсінетін саналы азамат. Алтыншыдан, ол – түрлі тілдерді меңгерген, әлемнің үздік тәжірибелерін алуға және заман талаптарына сай өзгеруге қабілетті, сана-сезімі ашық адам», деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Сонымен бірге, Елбасы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның рөліне тоқталып, бағдарламалық мақалада көрсетілген жобалардың терең зерттелуінің маңыздылығын айтты. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының рухани жаңғыруға белсене атсалысатынына сенім білдіріп, Ассамблея мүшелеріне өз әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беретін бірқатар жобаға тоқталды. «Бірінші. «Туған жер» жобасы Ассамблея үшін зор мүмкіндіктерге жол ашып береді. Екінші. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына Ассамблея тікелей қатысып, басы-қасында жүруі керек. Біздің қаншама замандасымыз, қаншама Ассамблея белсендісі ел игілігі үшін риясыз қызмет етіп жүр. Ұлтына, қай өңірден екеніне, жынысына қарамастан, біз олардың барлығын елге таныта білуіміз керек. Мұнда қойылатын талап біреу ғана, ол – азаматтың Қазақстан дамуына қосқан үлесі. Үшінші. Ассамблея «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасына табысты атсалыса алады», деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, Н.Назарбаев жастардың сана-сезімін қалыптастыру үшін айрықша маңызы бар «Жаңа гуманитарлық білім» жобасын атап өтті. «Жоба әлемнің жетекші тілдерінен ең үздік оқулықтарды қазақ тіліне аударуды көздейді. Философия, әлеуметтану, экономика, мәдениеттану, шығыстану салалары бойынша ағылшын, орыс, француз, испан тілдерінде және басқа да тілдерде басылған тамаша оқулықтар бар. Оқу процесіндегі ғылыми айналымға олардың енгізілуі отандық білімді жаңа деңгейге көтеретініне сенімдімін», деді Мемлекет басшысы. Елбасы мемлекет пен қоғам алдында тұрған заманауи жаһандық сын-қатерлерге назар аударып, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға елімізде бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін ерекше шешімдер қарастыруды тапсырды. «Тұтас қоғам да, жеке азамат та бейбітшіліктің, тұрақтылық пен келісімнің өздігінен келе салмайтынын білуге тиіс. Мемлекет ұдайы этносаралық және конфессияаралық процестердің тамырын басып, жіті қадағалап отыр. Ұлттық бірлікті нығайта түсу үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы мен барлық мемлекеттік органдар тұрақты, күнделікті жұмыс жасауда», деді Қазақстан Президенті. Н.Назарбаев қабылданып жатқан шаралардың дұрыстығын және өз уақытында атқарылып жатқанын атап өтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен мемлекеттік органдар алдына жаңа міндеттер қойды. «Бірінші міндет. Жүйелі жаңғырудың мақсаттарына жауап бере алатын қоғамдық сана-сезім қалыптастыру керек. Бұл процеске мемлекет пен азаматтық қоғам, білім беру мен әлеуметтік сала, жеке бизнес пен масс-медиа, бәрі де тартылуы қажет», деп тапсырды Елбасы. Екінші міндет ретінде Мемлекет басшысы азаматтық бірегейлікті нығайтып, бірлік пен келісімді қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Осыған орай, Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді. «Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне облыс әкімдерімен бірлесіп, Ассамблеяның барлық деңгейдегі қоғамдық келісім кеңестерінің 2017-2018 жылдарға арналған діни экстремизмге қарсы тұру жөніндегі жоспарын дайындауды тапсырамын. Сонымен қатар, ҚХА қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысын реттеп, олардың қызметтерінің нақты критерийлерін жасауы керек. Бұдан бөлек, Үкіметке қайырымдылықты дамыту, оның ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері ҚХА жұмысының жаңа бағдарын – қоғамдық келісім кеңестері, қайырымдылық және медиация жұмыстарын күшейтуі қажет», деп міндеттер жүктеді Н.Назарбаев. Сессия барысында Мемлекет басшысы ақпараттық жұмыстарға ерекше мән беріп, 2018 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының көпфункциялы мультимедиалық порталын ашуды, сондай-ақ «Қазақстан халқы» интерактивті тарихи картасын жасауды тапсырды. «Ел иесі – қазақтың мемлекет құраушы ретіндегі айрықша рөлін ескере отырып жасалуға тиіс электронды карта ежелгі қазақ жерінде сан түрлі ұлт өкілдерінің ұйысу процесін көрнекі және толық көрсетіп береді. Білім және ғылым министрлігіне, ҚХА-мен бірлесіп, ғылыми негізде осы интерактивті картаны жасап, келесі жылы «Алғыс айту» күніне орай тұсауын кесуді тапсырамын», деді Елбасы. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті бизнес, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерін «Туған жер» жобасына қатысуға және өз ауылдастарын қолдау үшін күш жұмылдыруға шақырды. Баяндамадан кейін жарыссөзге алғашқы болып Шығыс Қазақстан облысындағы ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының төрайымы Нелли Краснобаева шықты. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясы деген сөздің өзі достық, сенім, бейбітшілік, бірлік ұғымдарының синониміне айналып кеткенін атап, сөзін бастады. Елбасының рухани жаңғыру бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттерге сәйкес ол жоғары оқу орындары үлкен белсенділікпен жұмыс істейтініне сенім білдірді. Сондай-ақ, жаңғыруды кеңістік пен уақыттың көп қырлы өлшемі екенін атады. «Қазақстанның рухани жаңғыруы – білім, дәстүр және жаңашылдықтан тұратын ұлттық кодымыз. Сондықтан Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы – ұлттың ХХІ ғасырдағы рухани гүлденуінің ғаламдық стратегиясы», деді шешен. Одан әрі Н.Краснобаева Жапония, Малайзия, Индонезия, Түркия елдерінің тарихында мемлекетті сапалы деңгейге көтерген дәстүр мен прогресті жалғастыру идеялары болғанын айтты. «Әлемді идеялар билейді», деген сөз бар. Сіздің мақалаңыз да өмірлік жаңа ұғымдар мен дамудың жаңа көкжиектерін ашатын идея. Онда жаңа сөздер мен философиялық парадигма ғана емес, нақты жобалар ұсынылған дей келіп, шешен Президенттің «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Қазақстандағы жаңа 100 есім», т.б. жобалар жас ұрпақтың бойына патриоттық рух егуде озық тәжірибелер болатынын жеткізді. Сондай-ақ, олар жастардың санасын жаңа сападағы деңгейге көтеретінін айтқан ол одан әрі әлеуметтік ғылымдар туралы өзінің ойларын ортаға салды. «Жаңа бағдарламалық мақаласымен Елбасы гуманитарлық ғылымдардың да беделін көтеріп тастады, сондықтан біз Елбасына ризашылығымызды білдіреміз. Бізге әлеуметтік-демографиялық дамудың республикалық зерттеу институты керек. Онда қызмет етуге лайықты кадрлар Қазақстанда жеткілікті, қазірдің өзінде «Болашақ» бағдарламасының шеңберінде «Демография» мамандығы бойынша 24 магистр мен 10 ғылым докторы бар», деді шешен сөзінің соңында. «Еуразия энергетикалық корпорациясы» АҚ бөлім бастығы Сергей Руссо өзінің молдован халқының өкілі екендігін айтты. Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы осы заманғы әлемнің бірден-бір табысты моделі – прагматизм екенін атады. «Егер басқаша болса орындалмайтын армандар, популистік идеологиялар туып, қоғамды апатқа қарай итермелейтін ахуал туады екен. ХХ ғасырдың 90-жылдарындағы Молдовадағы этносаралық кикілжіңдер нақ осындай себептерден орын алды. Мен оларды өз көзіммен көрдім», дей келіп, шешен одан әрі Президентке өзі отанынан босып кетуге мәжбүр болған көп молдованның бірі ретінде Қазақстанға келіп пана тапқанын айтты. «Қазір біздің елімізде мыңдаған молдован мен румын тұрады, олар Қазақстанды өздерінің Отаны санайды. Басқа жерлерден Қазақстанның артықшылығы сол, мұнда адамдар бір-бірімен соғыспайды, бейбіт өмір кешеді, балаларын жерлемейді, керісінше өсіріп, тәрбиелейді. Біз қолымызда бар осынау алтынды құнттай білуіміз керек», деді ол. Өзі Павлодар облысының Ақсу ауданындағы қазіргі мекенінде «Буковина» атты румын мен молдовандардың этномәдени бірлестігін құрған екен, сол арқылы Ассамблеяның мүшесі болғанын мақтанышпен жеткізді. «Президент айтқан бейбіт өмір мен прагматизм – ең үлкен құндылықтар. Ал қауіпсіздік пен тұрақтылық – жарық пен жылу. Бұлар болса, халықтың жүрегі орнында, ештеңеден қорықпайды. Бүгін Сіз бірлікті күнде қажет болатын формула деп атадыңыз. Біз оны аялап ұстап, ешқандай күрт қимылдарға жол бермеуіміз керек», деді ол Президент пен көпшілікке қарата. Осыдан кейін сөз кезегі «Ақтау халықаралық теңіз порты» Ұлттық компаниясы» АҚ докер-механизаторы Евгений Глатырьға берілді. «Мен өзім украин халқының өкілі болсам да Маңғыстауда туып-өстім», деп бастады ол өзінің сөзін. Одан әрі Президенттің бағдарламалық мақаласы жаңғырудың қажеттілігін жастардың алдына турасынан қойған талап екенін атады. «Біз, жастар, жаңашылдыққа, еңбек өнімділігін арттыруға әрқашанда ашықпыз. Еңбектегі жастар – Президенттің сенімді ізбасарлары. Сондықтан да бізге Елбасының прагматизм туралы айтқан идеясы әсіресе ұнайды. Менің түсінуімше, адам жұмысты құлшынып істесе, кез келген кәсіпті меңгере алады. Мысалы, мен өзім бұрын атын да естіп көрмеген докер мамандығын меңгердім. Бұл бір керемет жұмыс екен. Біздің Президент теңіз порттарының маңызы туралы бұрын айтқанда, біз оған онша мән бермейтін едік. Сөйтсек, Елбасы біліп айтады екен, қазір Қазақстан теңіз державасына айналды. Бір кезде түкпір болып саналатын Ақтау қаласы да қайта түледі. Ол қазір Қорғас арқылы Қытаймен, Түрікменстан арқылы Орта Шығыспен, теңіз арқылы Қап тауы және Еуропамен тығыз байланысып жатыр. Қазір қала көшелерінде ғаламшардың барлық тілдерінде айтылатын сөздерді естисіз. Жастар порттағы жұмыстарға қуана-қуана баруда. Өйткені, осы жұмыс арқылы олар отбасыларын асырап, жақсы тұрмыс кешіп, болашаққа сеніммен қарайды», дей келіп, докер сөзінің соңында Елбасының «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы тамаша идея екенін айтып, Ақтау докерлерінің осы тізімнің бел ортасында болғанын қалайтынын жеткізді. Осыдан кейін сөз белгілі ақын, Айтыс ақындары халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерманға берілді. «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақала жарыққа шыққанға дейінгі қазақ ұлтының көңіл ауаны бір бөлек, жарыққа шыққаннан кейінгі көңіл күйі бір бөлек дер едім. Қазақ қоғамының осындай бір түбегейлі өзгеріске зәру екенін әрқайсымыздың ішіміз сезуші еді. Осындай бір сілкіністі, серпілісті күтетін сияқты едік. Бұл аса күрделі де көреген бағдарлама күткенімізден де асып түсті», деп бастады ақын өзінің сөзін. Одан әрі шешен рухани жаңғыру қазақ қауымын түлетудің барлық кешенді шараларын соқырға таяқ ұстатқандай анықтап, қолға жарыққа шығаратын шырағдан ұстатқандай болғанын айтты. «Бүкіл зиялы қауым осы мақаладағы озық идеяларды қолдап, қоштап отыр деп нық сеніммен айта аламын. Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдардағы шешімін таппай келе жатқан ең күрделі мәселе осы рухани жаңғыру еді, енді ол халқымызды, ұлтымызды рухани азаттыққа бастаудың жолын көрсетіп беріп отыр. Енді, осы сындарлы шақта, Президенттің төңірегінен табылып, қолдау көрсету – ұлттың зиялы қауымына сын», деді ол. Елбасының мақаласындағы «Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деген қатал қағиданың өте әділ екендігін атай келіп, Ж.Ерман өзінің сөзінде: «Ұлы хакім Абай: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деген жоқ па? Дәл қазір әр қазақтың түбегейлі өзгеретін, ойын, жан сарайын жаңғыртатын шағы. Уақыттың ұтымды шағында уысымызға түсіп тұрған тарихи мүмкіндікті қос қолымызбен қолдап, заман көшіне ілесудің барлық шараларын қамтып қалу керек екенін біздер, шығармашылық адамдары әбден жақсы түсінеміз. Оның үстіне, рухани жаңғыру бізден ұлттық кодты сақтай білуді талап етіпті. Бұл – ұлт жанашырларының жүрегіне жететін сөз. Ұрпақтан ұрпаққа үзілмей келе жатқан тектілігімізге табыну, намысымызды ояту, ұлттық қадір-қасиетімізге жүгіну деген сөз. Көк түріктердің қара шаңырағында отырған текті халық өзінің тамырында бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерін қайта түлетуге құлшынатын шақ – осы! Осы тұста бір сілкінбесек, бір серпілмесек, халықтығымызға да, елдігімізге де сын», деп қорытты ойын. «Хабар» агенттігі» АҚ журналисі Руслан Ыдырысов өзінің чешен босқындарының ұрпағы екенін атап, әрбір қандасында қазақ халқына деген құрметтің сақталғанын айтты. «Қазір Чешенстанда тұратын әжеме мен жаңа Астананың суретін көрсеткенімде, ол жылап жіберді. Бұл біздің елге деген мақтаныш сезімінің қуанышты көз жасы еді. Өз тарапынан ондағы чешендер Қазақстан Президентінің суреті салынған «Қазақ үйін» көрсетеді. Чешендердің қазақтарға деген мұндай құрметін ешқандай ақшаға сатып ала алмас едің», деді ол. Ал Елбасының бағдарламалық мақаласы туралы айтқанда, Р.Ыдырысов оны АҚШ президенті Линкольннің елді жаңғыртуға арнаған атақты сөзімен салыстыратынын білдірді. «Бұл сөз Американы өзгертіп, жұртын біріктірген тарихи сөз болды. Елбасы сөзінің тиімділігі де сондай. Маған, әсіресе, сананың ашықтығы туралы ойлар ұнады. Шынында да, біз үйішілік тар шеңберге қамалып қалмауымыз керек. Әрқашанда үлкен әлемде не болып жатқанын аңдап, оған сәйкес санамызды жетілдіріп отырғанымыз жөн», деді ол. Одан әрі журналист өзінің Сирия мен Ауғанстанға барған сапарлары туралы айтып, онда қырғындарды, қираған үйлерді, Хомсе қаласында жайрап жатқан үйлердің арасында тұрмыстық техника сатып отырған кәсіпкерді көргенін еске алды. Ақтөбе қаласындағы «Аңсар» консультативті-оңалту орталығының директоры, дінтанушы Аңсар Сабдин қазіргі таңда діни экстремизм әлемдік дертке айналғанын, көптеген елдер лаңкестіктен жапа шегіп отырғанын айта келіп, экстремистер сананы улап, қоғамымызды бүлдіріп отырғанын жеткізді. «Дін адам өмірінде ерекше орын алады. Қазақстанда 18 конфессия татулық пен өзара келісімді ту етіп келеді. Таяуда ғана елімізде жүзеге асырылған конституциялық реформалар бойынша дінаралық келісімді бұзу заңға қайшы іс-әрекет ретінде танылды. Бұл – өте маңызды қадам. Біздің халқымыз үшін дәстүрлі дін қай уақытта болмасын жоғары мәнге ие. Дініміздегі Ханафи мазһабы Еуразия кеңістігіне кеңінен тарап, ол ата-бабаларымыздың санасына берік орнады әрі халқымызды біріктіре білді», деген ол бүгінде дәстүрлі дінімізді теріске балап, жат ұғымдарды санамызға тықпалауға тырысып жатқанын сөз етті. Оның айтуынша, біздің салт-дәстүрлерімізді, болмысымызды сақтауда ұлттық кодымыздың орны ерекше. Ұлттық кодымыз ғана біздің жанымыз бен жүрегіміздің құлпын аша алады. Сонымен қатар, ол Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған мәселелерді толық қолдайтынына тоқтала келіп, қазақтың, қала берді түркі дүниесіне ортақ ойшылдардың дінімізге, рухани құндылықтарға қатысты мұраларын қайта жаңғырту қажеттігіне назар аударды. Оның сөзіне қарағанда, дін саласына қатысты мамандарды дайындауда мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отыр. Мемлекет дінтанушыларды, осы салада магистрлер мен докторларды дайындау үшін гранттар бөлуде. Қазіргі таңда «Нұр Мүбәрак» университеті, 9 медресе, оның ішінде 4 медресе-колледж қызмет көрсетуде. Осындай мүмкіндіктер бола тұра, бізге жастарды дін саласы бойынша шет елдерде оқытудың қисыны жоқ. Солтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханасының нейфрология бөлімінің меңгерушісі Ольга Шумакова дәрігерлер әулетінің өкілі екен. Ол кезегі келгенде өз әулетінен шыққан дәрігерлердің жалпы еңбек өтілі 450 жылға жуықтайтынын айтты. «Біздің отбасымызда 14 дәрігер бар. Арамыздан терапевт, хирург, кардиохирург, нейрохирург, стоматолог шықты, 4 педиатр бар. Медицина саласы – біздің өмірлік таңдауымыз. Әулетіміз Қазақстанда 1849 жылдан бері, яғни 168 жыл өмір сүріп келеді. Арғы атамыз Евгений Филиппович Данилов орыс-жапон соғысынан оралғанда, сөмкесінде жаудан түскен бірде-бір олжа болмапты. Соған әжеміз ренжігенде: «Мен өзімнің ар-намысымды әкелдім, біздің немерелеріміз де, шөберелеріміз де солай ар-намысын сақтап өмір сүреді», деп жауап беріпті. Атамыздың осы сөзі біздің көкейімізде тұрады», деді ол. Шумаковтар әулетінің барлық мүшесі қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алған. Бүгінде отандық медицинаның өрлей бастағанына қуанышты, еңбек етуге әзір. Оның айтуынша, облыстағы балалар ауруханасы еліміздегі ең жақсы ауруханалардың бірі. Туабітті жүрек ауруларына шалдыққан балаларға операция жасауды, неврологиялық науқасы бар балалар үшін арнайы бөлім ашуды бірінші болып қолға алған. Ақ желеңді абзал жан Мемлекет басшысына ЖОО-ларда педиатрия бөлімінің қайта ашылғаны үшін алғысын білдірді. «Сіз қоғамдық сананы жаңғырту туралы бастама көтердіңіз. Бізге рухани ортаны сауықтыру керек, себебі, адамзаттың санасы «созылмалы» аурулармен ауырады. Әлемдік ақпараттық арналар, әлеуметтік желілер жеккөрушілік пен қатыгездікке толы. Экстремизм мен радикализм «эпидемиясы» таралуда. Оның барлығынан арылу үшін профилактика аздық етеді, оған хирургия керек. Сіз атап көрсеткен мәдениет пен дәстүр – рухани аурулардан айықтыратын басты дәрі. Біздер, дәрігерлер қауымы, өз міндетімізді адал атқаруға дайынбыз», деп сөзін түйіндеді ол. Келесі сөз кезегі «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ төрағасы Вера Кимге берілді. Ол Павлодарда туып, Алматыда жоғары білім алған, бүгінде Астанада еңбек етеді. Оның волонтерлермен жұмыс жөніндегі үйлестірушілер, тренерлер әзірлеу бойынша 12 жылдық еңбек өтілі бар. Ұлттық волонтерлік желі қалыптастыру туралы бастаманы да өзі көтерген. «Жақыныңа, тамыр-танысыңа өтеусіз, ерікті түрде көмек қолын созу ерте заманнан бері халықтардың салт-дәстүрінде болған, ол әртүрлі аталып келген. Бүгінде волонтерлер еліміз үшін аса зор әрі әлеуметтік маңызы бар жұмыстарды атқаруда. Олар жалғызбасты жандарға, қарттарға, балалар үйлеріне көмектеседі. Еріктілер су тасқынына ұшыраған елді мекендерге көмектесуге, жоғалып кеткен адамдарды іздеуге атсалысады. Өткен жылы волонтерлік ұйымдар 22 қалада Ұлы Отан соғысының 590 ардагеріне әлеуметтік көмек жасады. Шаруашылығына, үйдегі жөндеу жұмыстарына, дәрі-дәрмек сатып алуға, азық-түлік жеткізіп беруге және басқа да қолғабыс тигізді», деді В.Ким. Сондай-ақ, ол өзінен Қазақстанда қанша ерікті бар деп сұрайтындар көп екенін айтты. «Оларға ерікті түрде көмек көрсету – адамдардың жан қалауы деп жауап беремін. Адамдардың өздері айтпайтын қайырымдылық істерін қалай санап шығуға болады?! Менің ойымша, біздің жұмысымыз қоғамның санасын жаңғыртуға ықпал етеді. Адамдарды өзара көмек қолын созуға тәрбиелейді, бір-бірімізге қамқор болуға әсерін тигізеді», деді ол. Өткен жылы Мемлекет басшысы «Волонтерлік қызмет туралы» Заңға қол қойған болатын. Бұл оқиға еріктілердің жұмысын дамытудың жаңа парағын ашты. «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ төрайымы айтып өткендей, Қазақстанның барлық өңіріндегі 4 мыңнан астам волонтер «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін ұйымдастыруға да сүбелі үлес қоспақ. «Атырау агроөнімдері» шаруа қожалығының басшысы Владимир Розметов бүгінгі қоғамымыздағы еңбек адамы үшін жасалып отырған жақсы жағдайларға кеңірек тоқталды. «Кәсібім бойынша мен – теңізшімін, алған мамандығым бойынша – мұнайшы-құрылысшымын. 9 жыл мұхиттарда жүздім, «Теңіз» кенішін игеруге атсалыстым, трест басқардым. Осыдан 17 жыл бұрын құрлыққа оралдым. Мен – шаруаның баласымын. Адамдар маған «Өзің оқыған, жұмыс істеген Голландияға неге көшпедің?» деген сұрақты жиі қояды. Мен оларға үнемі «Бізде Отанды тастап кету деген жоқ!» деп жауап беремін. Халқымыздың ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап келгені, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанғаны мені қатты толқытады. «Жері байдың – елі бай», дейді қазақтар. 17 жылдың ішінде Атырау даласында біз жүзімдік өсірдік, омарта шаруашылығын қолға алдық, бекіре өсірумен айналыстық, көкөніс, бақша өнімдерін өсірдік, бірнеше мал фермасын аштық»,– деді В.Розметов. Осындай үлкен шаруашылықтың жұмысын жандандырып отырған ол өз ісінде су үнемдейтін технология қолданады екен. Мәселен, 150 гектар жерді алып жатқан алманың 32 сұрпы бар бақшаны суаруға израильдік тамшылатып суару әдісін қолданады. «АтырауАгроөнімдерінің» асыл тұқымды альпі ешкілерінің сүті өз елімізді айтпағанда, шет елде де сұранысқа ие. Асыл тұқымды еділбай қойларының салмағы 140 килоға дейін жетеді. Жалпы аумағы 11 гектарды алып жатқан 4 тоғанда 40 мыңнан астам бекіре өсіріледі. 2015 жылы Елбасы барған кезде шаруашылық басшысы Атырауда лимон өсіретінін айтып уәде берген екен. Бүгінде сол уәдесінің үдесінен шығып, лимон ағаштарын өсіріп жатыр, алғашқы жемісін алдағы жылы теруге ниеттеніп отыр. Аргентинаның Росарио қаласындағы Қазақстанның мәдени орталығының директоры Ирина Вагнер де алқалы жиынға қатысып, сөз сөйледі. Ол орыс, ағылшын және испан тілдерін меңгерген, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапатталған. Росарио қаласында тұрып жатқанына 17 жылға жуықтапты. «Мен туған жерім – Қазақстанмен байланысымды ешқашан жоғалтқан емеспін. Қазақстандық достарым маған «арғын» деп әзілдейді. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің туған жерге, мәдениетке, салт-дәстүрге патриотизмнің маңызды бөлігі ретінде қарау туралы айтқан сөздеріңіз маған үлкен әсер сыйлады. Шет елдегі қазақстандықтардың туған Отанын қолдауға деген ыстық ниеті бар деп сеніммен айта аламын. 2014 жылы осы залда отырған жолдасым Густаво Гутиеррезбен бірге Росарио қаласында Қазақстанның мәдени орталығын аштық. Ал 2015 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен орайластыра Орталық ғимаратының құрылысын аяқтадық. Бүгінгі таңда әрбір қазақстандықтың алыстағы Аргентинаның Росарио деген қаласында үйі бар», деді И.Вагнер. Росарио қаласындағы Қазақстанның мәдени орталығы еліміздің тарихынан, мәдениетінен, салт-дәстүрінен сыр шертетін түрлі жәдігерлердің көрмесін өткізетінін, халықаралық гуманитарлық жобаларға, көрмелерге қатысатынын атап өткен жөн. Қазіргі қазақ әдебиетін әлем тілдеріне тәржімалау туралы Елбасының айтқан сөздерін де Орталық басшылары қуана қабылдапты, себебі, қазақ қаламгерлерінің испан тіліндегі шығармалары тапшы. «Мәдени орталықты салуға атсалысқан аргентикалық достарымыздың баршасы Қазақстанды одан әрі насихаттауға әзір. Мен Қазақстанның шет елдегі достарына арнап Ассамблеяның Достық елшісі құрметті атағын бекітуді ұсынамын. Олар Қазақстанның мәдениетін насихаттаумен, инвесторлар іздеумен айналысады, өз елдерінде Қазақстанның туын биік ұстайтын болады», деді И.Вагнер. Қазақстанның мәдени орталығының директоры осы мүмкіндікті пайдаланып, алқалы жиынға қатысушыларды және Мемлекет басшысын Росарио қаласындағы Орталықтың құрметті қонағы болуға шақырды. Алқалы жиында елдің алдына шығып сөз алғандардың арасында ел ішінде «Жаужүрек мың бала», «Бауыржан Момышұлы», «Анаға апарар жол» сынды көптің көңілінен шыққан көркем фильмдердің режиссері, танымал продюсер, «SAТAIFILM» ЖШС директоры Ақан Сатаев та болды. Ол өз сөзінде осындай биік мінберден пікір білдіруіне мүмкіндік бергені үшін жиынды ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Сондай-ақ, Елбасына еліміздің киноиндустрия саласына ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін зор ризашылығын жеткізді. «Кино – кез келген елдің мәдениеті мен өнері өркендегенінің, экономикалық өсуінің бірден-бір көрсеткіші әрі ол идеологиялық құрал. Сол себептен де бұл жерде кино түсіруші авторлардың мойнына зор жауапкершілік жүктеледі. Өйткені, түрлі бағыттағы танымдық фильмдер арқылы біз қоғамды тәрбиелейміз. Нақты мысал ретінде мен «Анаға жол» картинасын атап өткім келеді. Біз бұл туындыға 40 жылдан кейін табысқан ана мен баланың тағдырын арқау ете отырып, XX ғасырдағы қилы-қилы кезеңдерді көрсеттік. Ұжымдастыру мен аштық, соғыс пен қуғын-сүргін оқиғаларын суреттей келе, кейіпкерлеріміздің өмір жолын бейнелеп, миллиондаған көрерменнің көңіліне ой салдық», деді А.Сатаев. Айтса айтқандай-ақ, фильм таңдай қағып тамашалауға тұрарлықтай туынды болатын. Олай дейтін себебіміз, бұл картина Халықаралық Таллин кинофестивалінің бас жүлдесіне ие болып, Мәскеу мен Америкада, Түркия мен Италияда өткен әрқилы еларалық фестивальдарда миллиондаған көрермен назарына ұсынылды. Сондай-ақ, Бішкекте өткен байқауда Орталық Азияның ең үздік фильмі деген атаққа лайық деп танылған болатын. Жиында Елбасының ерекше ықыласын аударып, елдің қошеметіне ие болған сөйлегендердің қатарында Оксана Волкова-Михальская болды. «Женский луч» қоғамдық бірлестігінің жетекшісінің шағын ғана кәсібі күллі Қазақстан экономикасына үлгі болатындығын Мемлекет басшысының өзі нықтап тұрып айтты. Олай дейтін себебіміз, 12 бағыт бойынша жүзеге асырып жатқан бірлестіктің жобалары әйелдер мен аз қамтылған отбасылардың тұрмыстық әлеуетін көтеруге негізделген. Әрине, өзіндік ерекшелігі сол – мұндағы барлық жоба су үнемдеу мен энерготиімділік технологиясымен жүзеге асырылады. Халықаралық донорлық қолдау бойынша қолға алынған жобалар бюджетті үнемдеуге де орасан зор септігін тигізуде. «Біз Астана іргесіндегі «Арнасай» жасыл технологиялар ауылында азаматтарды шағын кәсіпке баули отырып, жастарды жаңашылдыққа үндеп келеміз. Аршалы ауданына қарасты ауылымызда 11 этностан құралған 1 200 адам тату-тәтті тұрып, мамыражай тіршілік етуде. Қай-қайсымызға болса да бұл ауыл – біздің алтын ұя, ғажайып Отанымыз. Себебі, бұл жерде біздің өмір сүруіміз үшін қажеттіліктің барлығы 100 пайыз шешілген. Су мен жылу және жарыққа деген тәуелділіктен толықтай арылғанбыз», деді О.Волкова-Михальская. Өз кезегінде мұндай жарқын жобалардан бәріміз де үлгі алып, қажет болса, жер-жерде оның қолданыс аясын кеңейту керектігін айтқан Мемлекет басшысы «Арнасай» ауылындағы «жасыл» технологияларға өте жоғары бағасын берді. Өйткені, баяндамашының айтуынша, Арнасай ауылындағы орта мектеп 35 экологиялық инновациялық жобаны жүзеге асыру арқылы 3 млн теңге бюджет қаражатын үнемдеген. Сонымен қатар, Жасыл технологиялар орталығында жыл сайын республика бойынша 5 мыңнан астам азаматты оқытып, үйретуге мүмкіндік бар. Ал енді алдағы ЭКСПО-2017 көрмесі аясында аталған орталықта халықаралық «EXPO-CAMP» жастар лагерін ашқалы отырған көрінеді. «Осы жасап жатқан жоспар, жұмысымыздың барлығы да Елбасымыздың айқын бағыт, нақты тапсырмаларының нәтижесінде жүзеге асырылып отыр. Өйткені, Президентіміз жақында ғана жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – біздің ұзақ мерзімді стратегиялық мәні зор басым бағытымыз болып табылады. Сондықтан да, жарқын болашаққа жетелейтін бағыт-бағдар көрсетіп отырғаныңыз үшін Сізге алғысымыз шексіз», – деді О.Волкова-Михальская ел Президентіне қарап. Қазақстан халқы Ассамблеясы – халықтар татулығын үлгі етіп, ұлықтап қана қоймайды. Бұл ұйым ұлттарды ұйымшылдыққа, қалың бұқараны татулыққа шақыра отырып, бірге өсіп-өркендеуге үндейді. Осындай жолмен экономикалық әлеуетті жақсартуға жөн сілтейді. Оның ұшар басында, әрине, Мемлекет басшысы тұрғаны белгілі. Ол өзінің бәсекеге қабілеттілігімен-ақ көпке үлгі. Тіпті, жаһандық қатаң бәсекеде жинаған зор абырой, беделімен әлемдік деңгейде өзін сөзсіз мойындатты. Мінберге шығып осындай ой айтып, пікір білдірген азаматтардың бірі Вячеслав Попов болды. Балалық шағының басым бөлігі интернат үйінде өткен бұл жігіттің ұлты орыс бола тұра, қазақ тілін үйренуге деген ерекше ықыласымен ел ішінде абыройы асқақтаған. Біршама уақыт бұрын әлеуметтік желі арқылы Қазақстанда тұрып, осы елдің дәм-тұзын татып жүргендіктен, «Осы жерде кіндік қанымыз тамғандықтан, қазақ тілін ана тіліндей үйренуге міндеттіміз» деп ұран тастағаны елдің есінде. «Біздің негізгі мақсатымыз – үш тілде еркін сөйлейтін менеджерлерді дайындап шығару. Тіл білу – сенімділікті серік етіп, жетістіктерге жетелейді. Әсіресе, қазақ тілі. Сондықтан да мен біршама уақыт бұрын жауапкершілігі зор шешім қабылдап, әлеуметтік желі арқылы алты ай ішінде қазақ тілін толық меңгеріп шығамын деп жария салдым. Мен үшін осы мақсатқа жету үлкен олжа, мол табыс болмақ. Ендеше, мен алты айда қазақ тілін үйреніп шығамын. Айтқаным – айтқан! Артқа жол жоқ! Өйткені, менің осындай мәлімдемемді оқып, қолдап, қуаттаған, тілеулестік білдірген жандар саны бүгінде 2 миллионнан да асып түсті», деді В.Попов. Республикамыздың алыс өңірлері мен ауыл, аймақтарынан келген делегаттар бас қосқан жиында Ассамблеяның жаңа толқынымыз деп сөз сөйлеп, осы күнгі өмір жолын өзгеге өнеге еткісі келген жастар қауымы да болды. Соның бірі түп аталары ирандық болғанымен, өзі Оңтүстік Қазақстан облысында туған, бүгінде Солтүстік Қазақстан облыстық Кәсіби-педагогикалық колледжінде білім алып жүрген студент Саида Бекбуди еді. Ол өзін таныстыра келе, «Серпін» бағдарламасының қатысушысы ретінде аталған оқу орнында «Электрик» мамандығын меңгеріп жүргендігін атап өтті. Оқуға озаттығымен және белсенді әрекетімен Қазақстан халқы Ассамблеясының осы өңірдегі жастар қанатының құрамына қабылданған. «Жастарды индустрияға бастаған «Серпін-2050» бағдарламасы – оңтүстік пен солтүстікті жалғаған ұлы көш. «Серпін» бағдарламасы – халқы қалың, жұмыс орны тапшы облыстардың жастары үшін үлкен мүмкіндік. Бүгінде бұл бағдарлама бойынша солтүстік және орталық аймақтардың 22 университеті мен 54 колледжінде, 5 облыстан 13 этностың өкілі, 12 мыңға жуық жас білім алып жатыр. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында, Қазақ елінің екі басын жалғаған, «Қызылорда – Петропавл» бағытында жүретін пойыз жолға шықты. Тұрғындар оны «Құда-құдағи пойызы» деп атап кеткелі қашан?! Өйткені, «серпіндік» жігіттер солтүстіктің қыздарына құда түссе, ал қыздарымыз – солтүстіктегі жігіттердің арманына айналды. Бас қосқан бірнеше жұп тағы бар. Бұл жағынан да еліміздің бірлігі нығайып жатыр», деп сөзін әдемі әзілмен жұптаған Саида Рустамқызы бағдарламамен келген алғашқы кездері аздап қиындыққа кезіккенін де жасырып қалмады. «Бастапқыда сәл қиын болды. Солтүстіктің қысы қатал екен. Бірақ, бізді білім алу жолындағы жастық жалынымыз жылытты. Білген орысшамыз кейде жетпей жатты. Алайда, серпіндіктер – жаңа жағдайларға тез бейімделгіш зерек жастар болғандықтан, біз орыс тілін де меңгердік. Ағылшын тілін де меңгеріп жатырмыз. Ал жергілікті жастарды қазақ тіліне үйретудеміз. Осылайша, біз, үш тілді жетік меңгергендердің қатарын толықтырып келеміз», деді ол. Осылайша, ел мен Елбасының алғысын арқалаған ару өз ойын биылғы жылы іске қосылған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына қатысты да пікірімен аяқтады. «Бұл – 21 мыңнан астам жастың тегін кәсіби-техникалық білім алуына мүмкіндік беретін бағдарлама. Біз, Ассамблеяның жаңа толқынымыз. Елбасы жариялаған рухани жаңғыру бағдарламасы – ол біздің, ХХІ ғасыр жастарының бағдарламасы. Оны іске асыратын да біз. Сондықтан біз Қазақстанды жаңартатын, қанатын кеңейтетін, жетістігін еселейтін, бірлікті нығайтатын – алып күш болатындығымызға сенімдіміз», деп түйген Саида Рустамқызының сөзіне көрермен қызу қол соқты. Мемлекет басшысының қатысуымен өткен алқалы кеңес мейлінше еркін пішімде өрбіді. Әсіресе, мінберге шыққан сөз сөйлеушілер мен Елбасы арасында өрбіген әңгіме, үнқатысулар жиынның шырайын аша түсті. Мұндай жағдай көрермендер арасынан сөз сөйлеуге сұранғандардың көптігінен де байқалды. Қалың бұқараның қалауымен кезектен тыс мінбер ұсынылғанда, сөз сөйлегендер қатарында өз басынан өткізген тағдыр-талайы өзгеге сабақ болса екен деген төрт баланың анасы да болды. Бүгінде Әсел Базарбаева еліміздегі бақытты аналардың қатарында. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа кезінде дәстүрлі емес діни ағымның жетегінде қалай кеткенін айтып, қоғамды одан сақтаудың жай-жапсарын баяндады. «Қазір сол кезді еске алсам, жаным түршігеді. Дін арқылы ондай манипуляцияны жасауға болатынын ойлаған да жоқпын. Мен адамның ойына кірмейтін нәрседен өттім. Кемсіту, жәбірлеу, моральдық тұрғыда қысым көрсету – бәрі-бәрі болды. Алайда, мен үшін ең асыл адамдар – ата-анаңнан бас тартуың керек деп айтқанда, ол сенімнің діні емес екенін түсіндім. Сол тығырықтан шығуға батылым жетті», деді Ә.Базарбаева. Оның айтуынша, қазіргі кезде діни экстремизмнің құрбанына айналған азаматтарға көмек көрсетіп отырған жөн. «Бүгінде мен осы жұмыспен де айналысамын. Деструктивті идеялардан зардап шеккен әйелдерге моральдық жағынан көмек көрсетемін. Ондай адамдар аз емес. Мен діни ағымдардың жетегінде кеткен жүздеген адамды білемін. Алайда, олардың бірен-сараны ғана сол тығырықтан шығуға ниет білдіреді. Бізде «әрбір қазақ – менің жалғызым» деген сөз бар. Оларға да жалғызым деп қарайық. Ортамызға қайтуына көмектесейік. Ол үшін арнайы оңалту орталықтарын көптеп ашу қажет», деп атап өтті Ә.Базарбаева. Өз кезегінде мұндай ойды құп көретіндігін білдірген Президент бұл бастаманы бірден қолдады. «Ондай орталықтар көп болуы керек. Әр өңірде қолдау қажет. Әкімдер, министрліктер өз көмектерін беруі тиіс», деді Н.Назарбаев. Елбасы, сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің сөздерінде көптеген мәнді мәселелер көтерілгеніне тоқталып, БАҚ өкілдеріне оны терең талдау жөнінде ұсыныс айтты. Сессия барысында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ҚХА мүшесі, Ақтөбе облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сергей Вишнякты және ҚХА Кеңесінің мүшесі, «Әзербайжандықтар қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абилфас Хамедовті Ассамблея Төрағасының орынбасарлары етіп тағайындау туралы өкімге қол қойды. XXV сессияның қорытындысында Ассамблея қоғамдық сананың жаңғыруы заңды болып табылатыны және объективті түрде қажет екендігі, Қазақстанның бүкіл даму стратегиясына тұтастық беретіні атап көрсетілген Үндеу қабылдады. Сессияны қорытындылаған Мемлекет басшысы қазақстандықтарды алда келе жатқан 1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, бейбіт өмір, игілік пен бақ-береке тіледі. Осылайша, Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясы өз жұмысын аяқтады. Алқалы жиын мерекелік концертке ұласты. Қазақстан халқының бірлігін, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының беделін одан әрі көтеру мақсатында өткізілген бұл концерт «Отанға тағзым» тақырыбында ұйымдастырылды. Оны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұртшылықпен бірге тамашалады.
Қатысушылар лебізі Асылы ОСМАН, Алматы облысы Әзербайжан этномәдени бірлестігінің жетекшісі: – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы өте зор. Рухани құндылықтар әрбір адамның жүрегінен орын алады. Осы уақытқа дейін еліміздің әлеуметтік-экономикалық мәселелері өзінің жөніне келіп, Құдайға шүкір, іске асып жатты. Ал енді тарихы шалқар, даласы дастан, рухани қуаты күшті қазақ халқының тамырына терең бойлау керек екендігін Елбасы бағдарламалық мақаласында тамаша талдап берген. Сол мақаладағы талаптарды ел болып, жұрт болып жүзеге асыра білуіміз керек. Тұтас ұлт болу үшін, әсіресе, сананы қалыптастыру керек. Ұлттық мүдде мен мемлекеттік мүддені жеке бастың мүддесінен жоғары қою керек. Қазақ баяғыда былай деп айтқан: «Қора толы қой бер, бесік толы бала бер, ол балаға сана бер, сана бермесең ала бер». Сондықтан сана – адам қоғамында ең жоғары тұратын сезім. Президенттің мақаласынан кейін Қазақстандағы үлкен-кішінің бәрі істеген ісінде сананы бәрінен де жоғары қоятыны анық. Маған мақаладағы «Туған жер» жобасы қатты ұнады. Бұл өте ғажап идея екен. Ол – адамның елі мен жеріне деген сүйіспеншілігін іске асыруды талап еткен идея. Бүгінгі таңда туған жеріне саусағының ұшын тигізіп жақсылық жасамайтын бай-манаптар толып жатыр. Оларда мұндай түсінік те жоқ. Тек қарындары тоқ, қалталары қалың болса – соған мәз. Ал сол байлық туған жердің қойнынан табылғанын, оны өзінің туған-туыстары игеріп, қалтасына салып бергенін ойлауға санасы жетпейді. Елбасының мақаласы осындай бітеу жандардың жүрегін жібітер деген үміттемін.
Айваз ОСМАНОВ, Жамбыл облысы Меркі аудандық «Ахысқа» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы: – Қазақстан халқы Ассамблеясының мерекелік алқалы жиыны – XXV сессиясына қатысқаным үшін өте қуаныштымын. Ел бірлігін ту еткен, халықтың тыныштығын күйттеген, Елбасымыздың өзі басқаратын бұл институттың негізгі жиынын көзбен көріп, ондағы айтылған мәселелерді көңілге тоқудың өзі бір мәртебе емес пе. Қазіргі таңда Қазақстанның жетістіктері көңіл толқытпай қоймайды. Қоғамымыздағы қай саланы алып қарасаңыз өсіп, өркендеу үстінде. Мұның барлығы Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатының арқасы. Қарапайым халыққа, ең бастысы, тыныштық, бейбіт өмір керек. Ал осы тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету жолында атқарылған әрбір іс, қабылданған шешім халық үшін өте маңызды. Осы орайда, елімізде көптеген шаралар жүзеге асырылуда. Мұның барлығы ел-жұртымыздың игілігіне айналып отыр. Бүгінде әлемнің кейбір нүктелерінде небір жанжалдар, қанқұйлы оқиғалар орын алуда. Соларға қарап отырып, бүгінгі тіршілігімізге шүкіршілік айта білуіміз керек. Сондықтан, еліміздің қазіргі әрбір қадамына құт-береке тілеп қана қоймай, Елбасының ұстанған сарабдал саясатының қадірін білгеніміз абзал.
Белла ГАЗДИЕВА, Ақмола облысының Целиноград ауданындағы Родина ауылдық округінің әкімі: – Еліміздің ынтымағын тілеген отандастарым үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінгі сессиясы үлкен мереке. Құтты мекеніміз – Қазақстанымызды гүлдендіруде, дамытуда, ішкі бірлігімізді сақтауда өзіндік орны бар Ассамблеяның бұл сессиясында көптеген мәселелер айтылды. Оның барлығы елімізді рухани жаңғыртуға шақырған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсетілген маңызды мәселелермен үндестік тапты деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі таңда біздің ел бірлігін сақтау, қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету бағытындағы тәжірибемізге әлем халқы қызыға қарайды. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін, әлеуетін көрген кейбір мемлекеттер өздерінде осындай институттар құруда. Бүгінде Қазақстанда қолға алынған игі бастамалардың нәтижесінде ең өзекті мәселелер санатына жататын халық достығы нығайып келеді. Еліміздің ынтымақ, бірлігі жарасқан қуатты мемлекетке айналғанына талайлар көз жеткізді. Бұл ел Президентінің сара саясатының жемісі екені сөзсіз.
Даныш МАННАТОВ, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қалалық «Өзбек» этномәдени бірлестігінің төрағасы: – Қазақта «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген нақыл сөз бар. Өн бойына қаншама мағына сыйып тұрған осы бір ауыз сөздің ішкі мәніне үңілген халықты тек жақсылық күтеді. Қазақстан халқы бүгінгі жетістіктерімізге ынтымағымыз бен бірлігіміздің арқасында қол жеткізіп отырғанын терең түсінеді. Бұл түсініктің қоғамымызда берік қалыптасуы баршамызды қуантуы тиіс. Бүгінгі Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында Елбасы ел алдында тұрған ауқымды міндеттерді тағы бір рет нақтылап, бағыт-бағдарымызды айқындай түсті. Жалпы, Ассамблеяның қоғамымыздағы рөлі жыл сайын артып келеді. Оның әрбір сессиясында айтылған мәселелер халықтың көңілінен шығып жүргеніне өзіміз куәміз. Әсіресе, қарапайым еңбек адамын көтермелеу, жастарды қолдау, қоғамды жаңғырту бағытында айтылған мәселелер жанымызға жылы тиіп жататыны бар. Бүгінгі сессияда да ел игілігіне қажетті небір мәселелер қозғалды. Мұның барлығы дәл осы Ассамблеяның сессиясында айтылуының өзіндік мәні бар.
Сабри АСАНОВ, Жамбыл облысындағы «Күрд» этномәдени бірлестігінің мүшесі: – Еліміздегі берекелі істер көңіл марқайтпай қоймайды. Әрине, осынау жақсылықтардың барлығы оңай жолмен келіп жатқан жоқ. Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың үйренгені, көңіліне түйгені көп болды. Әсіресе, ел мүддесі үшін бірлесе қимылдау әдетімізге айналып келеді. Мұның жарқын мысалы ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының маңына топтасып, жұмыла тірлік жасап жатқан отандастарымның іс-әрекетін айтуға әбден болады. Бүгінгі сессияда Елбасы еліміздің болашағына, бүгінгі тіршілігімізге қатысты көптеген ой-толғамдарын әсерлі сөзімен жеткізе білді. Президенттің әрбір сөзі жиналған қауымның жан-дүниесіне жағымды тигені анық. Өйткені, еліміздің қамын, ұрпағымыздың болашағын ойлап айтылған сөздің өзіндік қасиеті болады. Халқымызға бейбіт аспан, тыныштықты өмір керек. Осы қажеттілік біздің қолымызда бар. Енді бұл берекелі өміріміздің шырқын бұзбай, тұрақтылығымыз бен ынтымағымызды ұстап тұру аса маңызды. Сондықтан, Елбасы ұстанған саясатты жан жүрегімізбен қолдағанымыз абзал. Ал бірлік бар жерде береке де болатыны айтпаса да түсінікті.
Ахмет МҰРАДОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Біз Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың таяуда ғана жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсеткен бағыттар бойынша ұлтаралық татулықты сақтау мақсатындағы жұмыстарымызды жалғастыру үстіндеміз. Айталық, күні кеше ғана біздер «Вайнах» ұйымының барлық өңірлердегі өкілдерімен арнайы бас қосып, жұмыс-жоспарларымызды тағы да бір пысықтап, нақтылап алдық. Бұл біздің Мемлекет басшысының бастамасын толық қолдайтындығымызды білдіреді және алдағы әрбір әрекетіміз бен атқарар шаруаларымызды өзара ақылдаса отырып, жүйелі жүргізетіндігімізден хабар береді. Осындай амал-әрекеттерімізбен біз өзімізді Қазақстанның бір бөлшегі, осы ел мен жердегі мақсат-мүддесі бір халықтардың бірі екендігімізді паш еткіміз келеді. Сондықтан да еліміздегі әрбір этнос пен өзге ұлт өкілдері өздерін жатсынбай, біздің мемлекетімізде ұлттық құндылықтарын сақтай отырып, өмір сүріп жатқанына дән риза деген ойдамын. Әрине, осындай бейбітшіліксүйгіш ел мен мамыражай тіршілікке себепкер болып жүрген Президентімізге қай кезде де зор сенім артып, үнемі қолдау білдіреміз.
https://egemen.kz/article/birlik-quaty
Бірлік қуаты Ел дамуының жаңа кезеңінде қоғамға серпін берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы экономикалық өрлеу мен конституциялық реформа бағыттарын айқындаумен бірге, ұлттық сананы сапаландырудың негіздері мен ұстындарын жүйелі атап көрсетті.
Қазіргі күрделі заманда дүниенің әр бұрышында жантүршігерлік оқиғалар белең алып, жалпыадамзаттық құндылықтардың қадірі қашып, гуманизм көмескіленген кезеңде, азаматтарымыздың санасын жаһанданудың жағымсыз үрдістерінен сақтау − маңызды міндет. Осындай сын сағатта Елбасы жамандық атаулыдан сақтандыратын елдік және ұлттық негіздерді ұсынып, көптің көкейіндегісін дөп басты. Сын-қатерлер кезеңінде тығырықтан шығар ой-пайымды естіген жұртшылық еңсесін тіктеп, аталы сөзге ұйып, осыған байланысты көзқарас-пікірлерін бұқаралық ақпарат құралдары жүзінде және әлеуметтік желілерде шынайы білдіріп жатыр. Талай қиындықты еңсеріп, тәуелсіздіктің ширек ғасырын табан ақы, маңдай термен жүріп өткен еліміздің санасы өсті, сапасы артты. Ешкімге есесін жібермейтін оразды мемлекетке айналдық. «Есті кісіге ақыл айтпа, жөнін айт» даналығын басшылыққа алған Елбасы туған халқына тағы да жөнін айтты, өз жолымызды – рухани жаңарудағы Қазақстан жолын көрсетіп берді. Тарихтан сабақ алмаса, өткенге баға бере отырып, өзгермесе сана сапаланбайды. Елбасы әз-Тәуелсіздікке қол жеткізген арайлы күндерден бері осыны айтып келеді. Соның ішінде «Дауылдармен алысып, тағдырымен қарысып, өсіп-өркендеп келе жатқан байырғы халықпыз» деген бір ғана тезисінен намысты да, шерді де, толғамды да, тоқтамды да аңғаруға болады. Рухани бетбұрыс жылдың сәуірін тәуір еткен тұжырымдамалы еңбектегі Елбасының ХХ ғасырдағы төңкерістерге тоқталып, салдарын жіліктеп бергені де әр азаматқа ой салғаны сөзсіз. Мәселен, қоғамдық формациялардың сырттан таңылуы, түрлі үдерістердің дамуды шідерлеуі қоғамның ой-өрісін тоқыратты, халықтың өсімін тоқтатты, ұлттық код – тілінен, дәстүрінен, мәдениетінен айыра жаздады. Өмір сүру дағдысынан жаңылдырды. Экологиялық қасіреттердің тепкінімен ғасырлар бойы мекендеген ата қонысынан бездірілді. Осының бәрі ұлт санасына салмақ салды. Дүниені астан-кестен етіп, бәрін әп-сәтте өзгерте саламыз деушілер әлі де бар. Президент мақаласында популизмнің де түрлерін тарқатып айтып берді. Бөтен пиғылдың салқынынан сақ болу үшін ұлтымыздың ұстамдылығы мен сабырлылығын еске салды. Естияр адам «өзгені емес, өзіңді түзе» деген сөзді әуелі ата-анасынан, өсе келе ұстаздарынан естіген болар. Оны айтудың да сан түрі бар. Аялап, іш тарта, абайлап, ескертіп немесе қорқытып-үркітіп, зекіп, қорлап жеткізу деген сияқты. Әлемдік деңгейдегі қаламгер А.П.Чеховтың жазуына қарағанда, «иә», яки «жоқ» деген сөздің өзін елу түрлі етіп айтуға болады екен. Қоғамға ой салған мақаланы оқыған әрбір азамат «елдің ертеңі үшін ғана емес, жеке басың мен ұрпағың үшін өзіңді түзе!» деген Елбасы даналығын ұғады. Елбасымыз осы жанашыр пайымын халыққа, әрбір азаматқа зор сенім артып, жауапкершілікпен жеткізіп отыр. Жалпы, Елбасы мақаласында сананы өзгерту – саяси реформа мен экономикалық жаңғыртудан да ауқымды, іргелі іс екендігі байыпталған. Бұл жерде дәйек те, дерек те, дәлел де жеткілікті. «Уәжге түйе де шөгеді» демекші, айтылған ойлардың маңызына «қит етсе қисая кететіндердің» де, ұсақ-түйекке үйірлердің де көзі жеткендей. Шындығында, сананы жаңарту – ұлттың сапасын көтеру деген сөз. Оның негізгі қағидаты – өзгені емес, өзіңді түзеу. Әдепсіздіктен, көзбояушылықтан, құлдық психологиядан құтылу. Адамгершілік қасиеттерді, имани құндылықтарды қастерлеу, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету. Ұлтына, дініне қарамай, қауым ішіндегі отандастарымыздың мәдениетін, салт-дәстүрін құрметтеу. Бойға сіңген таптаурын әдеттен арылу жайы. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген нақылды бала күннен айтудайын айтып келеміз, іс жүзіне келгенде қандаймыз? «Уайымсыз салғырттық деген нәрсе бар, ол Алланың, халықтың, дәулеттің, ғибраттың, ақылдың, ардың дұшпаны, бірі бар жерде бірі болмайды», дейді Абай. Заманында бұл сөз ата-бабаларымызды серпілту үшін айтылғаны даусыз. Тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрге атүсті қарамау туралы. «Уықты басқұр ұстайды, елді дәстүр ұстайды» деген мақал бекер айтылмаса керек. Қоғамдағы келеңсіздіктерге жалпыға бірдей заңнан өзге нені қарсы қоюға болар еді? Әрине, ғасырлар сынынан өткен, уақыт тезінде сұрыпталған әдет-ғұрып, дәстүрлерді сақтай отырып, көп мәселені шешуге болатыны – атқан таңдай ақиқат. Тал бесіктен жер бесікке дейін салт-дәстүрін сақтап, осыны ұрпағына жүйелі аманаттаған жұрттың адаспайтыны анық. Бүгінде халқымызға ауадай қажет прагматизмді, ұлттық бірегейлікті, бәсекеге қабілетті білімді, сергек сананы, зерек зердені жаңа заманның жасампаз дәстүріне балар едік. Мәселен, мақалада сөз етілген экологиялық өмір салтын алайық. «Жай жатқан жер жау шақырады» деген сөз бар. Жерді ұтымды пайдалану дегеніміз − оны жетімсіретіп, құнарын тауысу деген сөз емес, қайта оның тиімділігін арттырып, оңтайлы игеру. Қолдан келгенше суландырып-нуландыру, көгерту, құрылыс салғанда әрбір шаршы метріне үнеммен, жанашырлықпен қарау, ғылыми жетістіктерді қолдану. Күтіммен қарап, қадірлеген адам ғана Жер-Ананың мейіріміне бөленіп, берекеге кенеледі. Жердің қасиетін кетіру, тау-тасты қопару, өзен-суларды ластау, орта мен айналаны қоқысқа толтыру көз үйренген, қалыпты жағдайға айналғандай. Түптеп келгенде, бұл адамзатқа, ғаламға ор қазумен бір есеп емес пе? Қоршаған орта тазалығын сақтауға келгенде, ата-бабамыздың өнегесі тағылымды-ақ. Шыбын-шіркей ілеспеуі үшін мінген атын үй жанына байламайтыны, оттың күлін соңынан жерге көміп кететіні, қора-қопсыны әрқашан таза ұстайтыны – саламаттылықтың әліппесі еді. Дүниеде барлық жан-жануардың, мал-мүкаммалдың иесі де бар, киесі де бар. «Судың да сұрауы бар». Ендеше, Жаратқан үйлесіміндегі құбылыс арқауын бұзу мен бүлдіру – айналып келгенде, ең бірінші, адам баласының өзіне қауіпті. Ұлт дәстүрінде бұл жағы да шегеленіп парықталған. Елбасы көрсеткен тағы бір анық – «болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалатыны» туралы. «Құбылған әлем жарысы – Ақылды жанның табысы», − деп Шәкәрім ақын жырлағандай, бәсеке – бүгінгі заманның әрі тынысы, әрі жұмысы. Замана көшінің алдыңғы легіндегі озық технологияны үйрену, нарықтың сұранысына сай білім алу – жастардың жасампаздық мүмкіндігі. Шын ілім, нағыз білім адамдарды биік ізгілікке үйретеді. Ізгілік – бақуатты өмірдің бастауы, ұлттық сананың кемелденуі. Тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, т.б. пәндер бойынша заманауи білімге мол мүмкіндік туғызу мақсатында жоғары оқу орындарына қажетті «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынатын болды. Елбасы мұның мақсатын да таратып айтты: «Ең алдымен, жүз мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім бере бастаймыз. Содан соң, бұл – білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау деген сөз. Оған қоса, бұлар – ашық-жарқындық, прагматизм мен бәсекеге қабілеттілік сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаттарын қоғамда орнықтыратын басты күшке айналады». Істің көзін табу – мәселені шешудің алғышарты. Ұлт даналығы «Күн ортақ, ай ортақ, жақсы ортақ» дейді. Егер ғылым мен білім кілті – оқулық болса, неге әлем мойындаған классикалық оқулықтарды аудармасқа? Елбасы мәселеге осы тұрғыдан қарап, мүмкіндіктерді еселей түсетін Ұлттық аударма бюросын құру жөнінде тапсырма берді. Бұл – орайлы бастама және қайтарымы мол ізашар іс. Осы орайда шет елде «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген мамандар мен білікті аудармашылар күш біріктіріп жатса, нұр үстіне нұр. Реті келгенде айтайық, елімізде ғылыми және практикалық аударма ісі саласына кешенді көзқарас қажет. Тәуелсіздік жылдары жоғары оқу орындарын бітірген аудармашы мамандар сапасы қандай деңгейде? Жалпы, бізде қанша кәсіби аудармашы бар? Қазақ классикалық дүниелерін қанша елдің тіліне аудара алдық? Аударма қаламақысы мен ынталандыруы сын көтере ме? Бұл сұрақтарға жауап іздейтін мезгіл әлдеқашан жетті. Мемлекет басшысы латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшудің, оны жүзеге асырудың алгоритмін нақты баяндаған. Бұл басқа мемлекеттер тәжірибесінен сабақ алуға мүмкіндік береді. Шынтуайтында, бұл шара − елімізде 1929-1940 жылдары ресми қолданыста болған латын әліпбиіне қайта оралу. Латын әліпбиі – қазіргі технологияның әліпбиі. Дәл бүгінгі күнде ол қаріптер осы заманның құралы – смартфондар мен гаджеттер арқылы үлкенге де, кішіге де етене таныс. Нұрсұлтан Әбішұлының отаншылдық бағытта «Туған жер» бағдарламасын ұсынуын – «Мәңгілік Ел» мұратының құрамдас бөлігі деп қабылдаймыз. Бұл бағдарлама туған жеріне қолұшын беруге бейіл, жомарт азаматтарды ынталандыруы тиіс. Кезінде білім іздеп немесе басқа да себеппен қалаға кеткен немесе шет елге қоныс аударған жерлестерін мейірімді ауыл сағына күтеді. Туған жер әркімге де ыстық. Бұл жерде мәселе тек материалдық игілікте десек, қателесеміз. Ғалым дәрісі, маман кеңесі, тәжірибе жолы ауыл мен қала арасын жақындатып, туған жердің қадірін арттырады. Мұның да арғы жағында ұлттық код – дәстүр тағылымы тұр. Ауылды айтқанда, етекті жасқа толтырмай, нақты іспен айналысу, қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмек көрсету – азаматтық борыш. Қасиетті жерлер мен киелі мекендерді сақтауға және туризм инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік беретін «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының берері мол. Түптеп келгенде, бұл жоба ұлттық тұтастыққа, ел бірлігін арттыруға қызмет етеді. Біріншіден, тарихи, танымдық орындармен танысу – Отан танымалдығын арттырады. Бұл ретте зиярат етушілерге қолайлы жағдай туғызу, жол-көлік бағыттарын жетілдіру – нарық жағдайында қайтарымы мол жұмыс. Екіншіден, осы орайдағы шаралар кешені еліміз бен елдігімізге жат идеология элементтерін тыяды. Мемлекет басшысының сөзімен айтқанда, олар − «символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы». Әлем картасында ешкімге ұқсамайтын дербес ұлттық болмысымызды көрсететін «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру міндеті қойылды. Биыл қандай жетістіктерді көрсететініміз айқындалатын болады. Осы тізімге Елбасы негізін қалаған бірлік пен татулықтың қазақстандық үлгісін айшықтаған өнер туындылары әлемдік өркениетке, үйлесімге қосылған үлес ретінде енетініне сенімдіміз. Қазақстан халқы Ассамблеясы сол бағыттағы туындыларды іріктеуге, авторларын замана мақтанышы ретінде насихаттауға атсалысады. Түптеп келгенде, рухани жаңғыруды жүзеге асыратын «Мәңгілік Ел» идеясы төңірегіне айрандай ұйыған сан алуан этнос өкілі екені сөзсіз. «Қазақстандағы 100 жаңа есімді» анықтау мен ұлықтау – барша отандастарымыздың асыл борышы. Рухани жаңғыру негіздерін баяндаған бағдарламалық мақаласында Президент – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел алдына, сондай-ақ, Ассамблея алдына да, ауқымды және өзекті міндеттер қойып отыр. Біз барша азаматтарымызды осыны жауапкершілікпен іске асыруға шақырамыз. Бірлік қуаты – елдік қуаты, елдің қуаты. Елбасының «Үдеудің сыры – бірлікте, жүдеудің сыры – алауыздықта» деп тәуелсіздіктің елең-алаңында айтқан темірқазық сөзін ұмытпалық. Ассамблеяның мыңдаған белсенді мүшесі қоғамда жасампаздық рухтың орнығуына аянбай үлес қосып келеді. Түрлі деңгейдегі ассамблеяларда, этномәдени бірлестіктерде, қоғамдық келісім кеңестері мен аналар кеңестерінде, медиация орталықтары мен ҚХА-мен ықпалдас құрылымдарда жұмыс істейтін мемлекетшіл, отаншыл азаматтар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегін терең түсіністікпен, адами қасиетпен, кәсіби бағдармен қабылдады деп санаймыз. Ассамблея және этномәдени бірлестіктер мүшелері Мемлекет басшысы бағдарламалық мақаласының түйінімен үйлесетін халқымыздың «Бірлік бар жерде тірілік бар» даналығына иек арта отырып, бүгінгі күн міндеттері мен жаңа дәуір талаптарын жүзеге асыруға жұмылары сөзсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |