301
"Хасбуналлаһу уа ни'мәл уәкил (Аллаһ бізге жеткілікті, Ол қандай
керемет өкіл)",- деді қапаланып тұрып.
Құрайзалар саны жағынан да көп болатын, Мәдинаның сыртқы
жағында мықты қамалдарда тұратын. Мәдинаға сырттан қатер төнген
жағдайда мұсылмандармен бірге қаланы қорғауға қатысатындарын айтып,
Аллаһ Елшісімен тікелей келісім жасасқан-ды. Келісімшарт бойынша
пайғамбарымыздан хабарсыз ешқандай әскери қозғалысқа қатыспауға,
құрайыш мүшріктеріне және олардың жақтастарына қолдау көрсетпеуге сөз
берген.
Пайғамбарымыз естілген жайдың анық-қанығын білуге Зүбәйір ибн
Аууамды құрайзалардың мекеніне жолдады. Зүбәйір өз беттерімен
қамалдарын оңдап, әскери тағылым жасап жатқан құрайзаларды көріп,
хабардың растығын Пайғамбарымызға жеткізді. Сонда Пайғамбарымыздың
айтқаны:
"Әр пайғамбардың бір көмекшісі бар. Менің көмекшім болса -
Зүбәйір."
Кейіннен белгілі болғандай, яһуди Надрлардың басшысы Хуйәй ибн
Ахтаб құрайзаның рубасы Ка'б ибн Әсәдті алдап, ақыры өз дегеніне
көндірген.
Пайғамбарымыз әлі де істің ақырын бағып, құрайза яһудилеріне
насихат айтып, ақылға шақыру мақсатымен әустен Саад ибн Муазды,
хазраждан Саад ибн Убаданы, Абдуллаһ ибн Рауаха және Хаууад ибн
Жүбәйірді жолдайды.
"Барып көріңдер, құрайзалар туралы жеткен хабарды тағы бір
нақтылаңдар. Егер айтылғандар дұрыс болса, келген бойда халыққа түсініксіз
тілмен астарлы сөйлеп маған білдіріңдер. Мен түсінермін. Көрген-
білгендеріңді ашық айтып, қара халықты шошытып алмаңдар. Ал егер
олардың келісімді сақтау туралы ойлары болса, онда халыққа ашықтан ашық
жария етуге болады",- дейді Аллаһтың сүйікті құлы Мұхаммед (с.а.у.).
Сахабалар құрайзаларға барып, келісімді бүзудың келеңсіздігін айтып,
оларды ақылға келуге шақырады. Алайда яһудилер ендігі жерде насихат
айтудың мүлде орынсыз екенін білдіріп бәз біреулері Пайғамбарымызды
жамандап, келгендерді келемеждейді.
Мұсылман елшілер түк өндіре алмасын сезеді. Құрайза руының ескі
одақтасы Хазіреті Муаз ашуланып:
"Сендермен шайқаспасам Аллаһ жанымды алсын",- дейді.
Елшілер қайтып келіп мән-жайды Аллаһ Елшісіне астарлы сөйлеп
білдіреді.
Хазіреті Мұхаммед те (с.а.у.): "Бұл хабар құпия күйінде қалсын.
Айтсаңдар да сыр сақтайтындарға жеткізіңдер. Өйткені соғыстың өзі сақтық
пен алдаудан тұрады",- деп қатаң ескертті.
Мәдина жан-жақтан жау қоршауында қалды. Бұл жайт та Құранда
көрсетілген:
Достарыңызбен бөлісу: