39
"Жүктілігімнің алтыншы айында едім. Түсімде бір кісі "Ей, Әмина! Сен
әлемге қайыр-береке әкелетін сәбидің анасы боласың. Атын «Мұхаммед»
(с.а.у.) деп қойғайсың, бұл құпияны ешкімге тіс жарып айтушы болма" - деп
ғайып болған-ды.
Сөйтіп жүргенде босанатын уақытым да келді. Қайын атам
Әбдімүттәліп Қағбаны тауап етуге кеткен. Үйде отырғанмын. Құлағыма
біртүрлі дауыс жетті. Қорыққанымнан не істерімді білмей сасып қалдым. Дәл
сол сәтте бір ақ құс пайда болды, ұшып қасыма келді де қанатымен арқамнан
қақты. Сол-ақ екен қорқынышым сейіліп сала берді. Айналама көз
жібергенімде ақ кесемен ұсынылған шәрбатты көрдім. Қолыма алып іштім,
жаным мен тәнім нұрға бөленгенін сезіндім. Сонан соң Мұхаммед өмірге
келді."
Пайғамбарымыздың бір ерекшелігі - арқасында, екі жауырыны
арасында, дәл жүрек тұсында нәбилік-пайғамбарлық мөрі, яғни хатами
нүбууәт бар-тын. Қызғылт түсті, үстіне қыл өскен меңнің үлкендігі кекілік
жұмыртқасындай болған. Бұл белгі - ардақты Пайғамбарымыздың көптен
күтілген соңғы пайғамбар екендігінің тағы бір дәлелі еді.
Дүниенің сұлтаны - пайғамбарымыз туылған сәтте атасы Әбдімүттәліп
Қағбаның жанында құрайыштың ақсақалдарымен бірге әңгіме-дүкен құрып
отырған. Сүйінші хабар оған да жетті. Әбдімүттәліптің қуанышы қойнына
сыймай, үйіне қалай жеткенін де аңғармады. Торсық шеке немересін
құшағына ала салып емірене аймалады. Әлден уақыттан соң немересін ұлы
Әбу Тәліпке ұстатып тұрып:
"Осы баланы саған аманат еттім. Осы ұлымның мәртебесі биік, ерекше
құрметке бөленетін жан болады", - деді.
Шаранаға ат қою құрметі атасына берілді. Атасы ойланбастан:
"Мұхаммед болсын", - деді.
Арабтарда жаңа туған сәбиге ата-бабаларының атын қою рәсімі
ежелден бар. Көпшіліктің:
"Неге аталарымыздың бірінің атын қоймадың?" - деген сауалына атасы
"Ұлымның өмірінің ғибратты да баянды болып, Аллаһ тарапынан да, адамдар
тарапынан да мақтауға лайық болғанын қалаймын", - деп жауап берді.
(Мұхаммед (с.а.у.) -арабшада мақтаулы дегенді білдіреді — Д.Ө.И.)
Шынында да, Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар - Аллаһтың, барша адамзат
баласының, Тіпті періштелердің мақтауына ие болған бұл дүниедегі жалғыз
адам. Өйткені Ол осынша мақтанға, марапатқа, құрметке лайық жан.
Мұншалық мадаққа терең иманы, Аллаһ жолындағы ынта-ықыласы мен
жоғары әсем де көркем мінез-құлқы арқылы қол жеткізді. Бұл мәселеде оған
теңдесетін ешкім болған емес, болмайды да.
Достарыңызбен бөлісу: