Механикалық (органикалық) дислалия, оның себептері. Механикалық (органикалық) дислалия дегеніміз сөйлеу тілі аппаратының сыртқы органикалық және оның сүйегі мен бұлшық еттері құрылысы ақаулықтарының салдарынан сөйлеу тіліндегі дыбыстардың дұрыс айтылмауы.
Тіл астындағы сіңірдің қысқалығы механикалық дислалияның біршама жиі кездесетін себептеріне жатады.
Бұл ақаулықта тілдің қалыпты деңгейден нашар қимылдауы себебінен өте қысқа тіл асты желбезегі оның жоғары көтерілуіне мүмкіндік бермейді. Одан басқа, тілдің ауызға зорға сиып тұратын өте үлкендігінен, жөнді бұрыла алмауынан да дыбыс шығарудағы сөйлеу тілі мүшелерінің әрекеті бұзылады.
Жақ сүйектері құрылысының ақаулықтары үстіңгі және астыңғы тістердің ауытқуына себеп болады. Үстіңгі тістер астыңғы тістер мен қабысқанда дәлме – дәл тістер қиылысып, тістескенде тістену дұрыс болмай шығады. Тістенудің ауытқуларының бірнеше түрлері болады.
Кемиек (прогнатия) – үстіңгі жақ сүйегі алға қатты шығып тұрады. Осының салдарынан үстіңгі тістер астыңғы тістермен тістенбейді.
Опырауыз (прогения) – астыңғы жақ сүйегі сойдиып алға шығып кетеді де, қабысқанда тістенбей, аралары ашық қалады. Кейбір жағдайларда тістенбей қалу тек тістердің арасында болады. Азу тістердің тістенбеуі сол жақтың және оң жақтың қабыспауынан болады.
Тістердің орналасу құрылысы дұрыс болмай, қатарларының бұзылуынан сақаулық пайда болады. Мысалы, тістердің арасының алшақтығынан және ретсіздігінен сөйлегенде тілдің ұшы сыртқа шығып кетіп, сөздің анықтығы бұзылады.
Стомотолог – дәрігерлер арнайы шина қою арқылы тістерді және жақ сүйектерін реттейді. Сүйегі әлі қатаймаған 5 – 6 жастағы балаларға қойылған шинаның әсері өте күшті болады.
Сөйлеу тіліндегі дыбыстардың айтылуына дұрыс қалыптаспаған таңдай құрылысы да зиян тигізеді. Тар, өте жоғары немесе керісінше аласа, тегіс таңдай сөйлеу тіліндегі дыбыстардың көпшілігінің дұрыс айтылуына кедергі келтіреді.
Еріннің қалыңдығы, астыңғы еріннің солпиып тұруы немесе қысқа әрі қимылдайтын үстіңгі ерін, еріндік дыбыстардың айтылуына кедергі келтіреді.