"Денсаулық" білім беру саласы



Дата28.01.2020
өлшемі15,95 Kb.
#56647
Байланысты:
5 сала

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұны балалардың жас ерекшеліктері мен жеке ерекшеліктерін ескере отырып, жан-жақты дамуына бағытталып, «Денсаулық», «Қатынас», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеумет» білім беру салаларына негізделеді.

"Денсаулық" білім беру саласы.

"Денсаулық" білім беру саласы дене бітімі қасиеттерін дамытуды; негізгі қимыл түрлерін жетілдіруді; қимыл дағдыларын қалыптастыруды; қимыл ойындарының түрлерін ұйымдастыруды және өткізуді; спорттық жаттығуларды орындауды (шанамен, шаңғымен сырғанау, велосипед тебу, жүзу); спорттық ойындардың (футбол, баскетбол, бадминтон және басқалар) элементтерімен танысуды қамтиды.

"Денсаулық" білім беру саласының мазмұны баланың денсаулығын сақтауға және нығайтуға; тұрмыста, көшеде, табиғат жағдайларында қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға және балалардың қимыл-қозғалыс тәжірибесін негізгі қимылдарды жетілдіру арқылы байытуға; шығармашылық, танымдық және сөйлеу қабілеттерін пайдалана отырып, тәрбиеленушілердің қимыл белсенділігіне сұраныстарын жетілдіруге бағытталған.

"Денсаулық" білім беру саласындағы ұйымдастырылған оқу қызметі:



  •      дене шынықтыру;

  •      қауіпсіз мінез-құлық негіздері.

"Коммуникация" білім беру саласы.

"Коммуникация" білім беру саласы балалар әрекетінің әртүрлі нысандары мен түрлерінде ауызша және байланыстырып сөйлеуді, шығармашылық сөйлеу әрекетін дамытуды; тілдің дыбыстық мәдениетін тәрбиелеуді; белсенді сөздікті байытуды, тілдің грамматикалық жағын қалыптастыруды, балалар әдебиетімен таныстықты дамытуды, мәнерлеп оқуды және мазмұндауды; мемлекеттік, орыс, ағылшын және басқа тілдерді дамытуды қамтиды.

"Коммуникация" білім беру саласының мазмұны ересектермен және балалармен еркін араласу дағдыларын дамытуға; зейінділікке, сөйлеуге, балалар әдебиетіне қызықтыруға бағытталған.

"Коммуникация" білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:



  • сөйлеуді дамыту;

  • көркем әдебиет;

  • сауат ашу негіздері;

  • қазақ (орыс тілінде оқытылатын топтарда), орыс (қазақ тілінде оқытатын топтарда) және шет тілдерінің бірі;

  • драма.

"Таным" білім беру саласы.

"Таным" білім беру саласы қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыруды: жиынтық туралы түсініктерді, сандық есептеу дағдыларын жетілдіруді, геометриялық пішіндер туралы түсініктерді қалыптастыруды, кеңістікті және уақытты бағдарлауды; құрылыс, табиғи және қалдық материалдар және конструктордың бөліктерінен құрастыруды; тірі және өлі табиғат заттары мен маусымдық құбылыстар, өсімдіктер туралы білімін кеңейтуді, қазақ және басқа халықтардың әлеуметтік-мәдени құндылықтары, дәстүрлері мен мерекелері туралы, адамдардың ортақ мекені ретінде Жер планетасы, оның табиғатының ерекшеліктері туралы түсініктерін кеңейтуді қамтиды.

"Таным" білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:


  • қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру, бөбек жасы топтарында (1 жастан 3 жасқа дейін) – сенсорика;

  • құрастыру;

  • жаратылыстану.

"Шығармашылық" білім беру саласы.

"Шығармашылық" білім беру саласы сурет салу; мүсіндеу, жапсыру және өнер туындыларын қабылдау мен түсінуді дамытуды, қоршаған ортаға эстетикалық қатынасты қалыптастыруды; өнер түрлері туралы қарапайым түсініктерді қалыптастыруды; музыканы, отандық композиторлардың шығармаларын, ұлттық музыкалық аспаптарды, көркем әдебиетті, фольклорды қабылдауды; көркем шығармалардың кейіпкерлеріне жанашырлықты ынталандыруды; балалардың өзіндік шығармашылық қызметін іске асыруын қамтиды.

"Шығармашылық" білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:


  •       сурет салу;

  •       мүсіндеу;

  •       аппликация;

  •       музыка.

"Әлеумет" білім беру саласы.

"Әлеумет" білім беру саласы қоғамда өзін ұстаудың адамгершілік нормаларын, сондай-ақ жалпы адамзаттық құндылықтарды меңгеруді, баланың ересектермен және құрбыларымен қарым-қатынас жасай білуін; дербес болуын, өзінің қылықтарына жауап беруін, өзінің қимылдарының мақсаттылығы мен реттеуді; адамгершілік қасиеттерін: елгезектікті, жанашырлықты, өзінің туыстары мен жақындарына құрметпен қарауды, өзінің отбасын жақсы көруін дамытуды; салт-дәстүрлерді сақтауды, тарихты, қазақ халқының тұрмысын білуді және құрметтеуді; Қазақстан біздің ортақ үйіміз екені туралы түсініктерін кеңейтуді, сондай-ақ басқа халықтардың мәдениетін, дәстүрлерін құрметтеуді; еңбек пен шығармашылықтың әртүрлі түрлеріне қызығушылықтарын қалыптастыруды; тұрмыста, қоғамда және табиғатта қауіпсіз мінез-құлық негіздерін тәрбиелеуді қамтиды.



"Әлеумет" білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:

  • өзін-өзі тану;

  • қоршаған ортамен танысу;

  • экология негіздері.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет