ДӘРІС №1
АҚПАРАТ ЖӘНЕ ИНФОРМАТИКА ҰҒЫМДАРЫ.
АҚПАРАТТЫҢ ТҮРЛЕРІ, ҚҰРЫЛЫМЫ, ҚАСИЕТТЕРІ. ИНФОРМАТИКА ПӘНІ ЖӘНЕ ОНЫҢ МІНДЕТІ.
Жоспар
1. Ақпарат мәні, түрлері, қасиеттері.
2. Информатика пәні туралы түсінік.
3. Жаңа ақпараттық технологиялар.
МАҚСАТЫ:
Оқушыларға ақпарат және ақпараттық технология туралы мағлұматтар беру.
Оқушыларды информатика пәнімен және негізгі ұғымдарымен таныстыру.
Есептеуіш техниканың дамуындағы адамзат мүмкіндіктерімен таныстыру.
1. АҚПАРАТ МӘНІ, ТҮРЛЕРІ, ҚАСИЕТТЕРІ
Біз бәріміз ақпарат алмасу процесіне қатысамыз. Кітап, газет және журнал оқығанда, радио тыңдап, теледидар көргенде, ата - аналармен, мұғаліммен, достарымызбен әңгімелескенімізде де әртүрлі ақпарат аламыз. Адамның үйде, мектепте, жұмыста және көшеде бір-бірімен сөйлесуі де ақпарат түрлерінің: сөздердің, ойлардың, хабарлардың, мәліметтердің алмасуына мысал бола алады.
«Информация» термині латынның түсіндіру, баяндау, білу деген ұғымдарды білдіретін information сөзінен шыққан. Ақпаратты біз ауызша немесе жазбаша, қимыл немесе қозғалыс түрінде бере аламыз.
Ақпарат дегеніміз – белгілі бір нәрсе (адам, жануар, зат, құбылыс) туралы таңбалар мен сигналдар түрінде берілетін мәліметтер тобы.
Ақпарат алу дегеніміз - бізді қоршаған дүниенің құбылыстары мен объектілерінің қасиеттері, құрылымы немесе олардың бір-біріне қатысуы жөнінде нақты мәліметтер мен деректер алу деген сөз.
Ақпараттың негізгі қасиеттері:
Дәлдігі. Ақпарат істің ақиқаттық жағдайын толық ашатын болса, онда оның дәл болғаны. Дәлдігі жоқ ақпарат оны түсінбеушілікке және соған байланысты дұрыс емес шешім қабылдауға әкеліп соқтыруы мүмкін.
Толықтығы. Егер ақпарат түсінуге және белгілі бір шешім қабылдауға жеткілікті болса, онда оның толық болғаны.
Бағалылығы. Ақпараттың бағалылығы оны пайдалана отырып, қандай мәселелерді шеше алатынымызға байланысты болады.
Қажеттілігі. Қажетті (дер кезінде берілген) ақпарат жұмыс шарттары өзгерген жағдайда өте керек болады.
Анықтылығы және түсініктілігі. Егер ақпарат оны пайдаланатындар тілінде жазылса, онда ол түсінікті болады.
Ақпараттың негізгі түрлері: мәтін, сурет, фотобейне, дыбыстық сигналдар, магниттік жазба және т.б.
2. ИНФОРМАТИКА ПӘНІ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК
Информатика – электронды есептеуіш машиналары арқылы ақпараттарды жинау, сақтау, түрлендіру, тасымалдау және оны пайдалану заңдылықтары мен тәсілдерін зерттейтін ғылыми пән.
Информатиканы оқытудың негізгі маңыздылығы бұл ғылымның тек электронды есептеуіш машиналарды пайдалану мүмкіндіктері мен олардың жұмыс істеу принциптерін түсіндіріп қана қоймай, қоғамдық өмірде және адамдардың арасында ақпараттарды кеңінен қолдану заңдары мен тәсілдері туралы мәліметтер беретіні болып табылды.
Информатиканың негізгі объектісі, яғни оның шикізаты мен беретін өнімі ақпарат болып саналады. Ақпаратты өңдеудің ең негізгі құралы электронды есептеуіш машиналары болып табылады. Бүгіннің өзінде-ақ көптеген қызмет салаларында электронды есептеуіш машиналарды пайдалану адамдардың мәліметтерді жинау, дайындау және өңдеу жұмыстарын оңайлатып, жобалау және ғылым зерттеу жұмыстарын жылдам жүргізуіне мүмкіндік берді.
Компьютерлік сауаттылық деп электронды есептеуіш машиналарын пайдалана отырып оқу, жазу, есептеу, сурет салу және мәлімет іздеу жолдарын меңгеруді айтады.
Информатика жиі өзгеріске ұшырайтын ғылыми пән болып саналады, сондықтан ақпаратты өңдеу, жинау және беру тәсілдері де күннен күнге дамып келеді.
3. ЖАҢА АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР.
Кәдімгі ақпараттық технологиялар деп көбінесе қағаз жүзінде әртүрлі ақпараттарды дайындау, жинау, өңдеу және тасымалдау процестерін айтады. Жаңа ақпараттық технологиялар деп электронды есептеуіш машиналар мен олардың желілері арқылы - әсіресе дербес компьютерлер көмегі арқылы – ақпараттарды дайындау, жинау, тасымалдау және өңдеу технологияларын айтады.
Дербес электронды есептеуіш машиналар – жұмыста, үйде бір адамның пайдалануына арналған шағын компьютерлер.
Электронды есептеуіш машиналарға негізделген жаңа ақпараттық технологиялар – картотекадағы, каталогтағы, әртүрлі архивтердегі және кітапханалардағы ақпараттарды жинақтап, біріктіріп сақтай алатын, керектілерін жылдам іздеп таба алатын түрлі-түрлі мәліметтер базасы, әрі ақпаратық жүйесі болып табылады. Жаңа ақпараттық технологияның жан-жақтылығын дұрыс түсіну үшін «технология» ұғымының мәнін ашып алу қажет.
«Технология» ұғымына аз дегеннің өзінде үш компонент - өндіріске керекті жабдықтар, оны құру тәсілдері және оны ойдағыдай ұйымдастыру жолдары кіреді.
Кез-келген электронды есептеуіш машиналарымен жұмыс істеу оның программаларын оқып үйренуден басталады. Электронды есептеуіш машиналар жұмысында прогаммалар оның іс-әрекетінің реттілігі мен ережелерін және оған қосылатын құрылғылардың да қызмет ету ерекшеліктерін анықтауға жол ашады.
Қоғамымызды дербес компьютерлер, электронды есептеуіш машиналары, мәліметтер қорымен толық қамтамсыз етсек ақпаратты пайдалану, алу және тарату істерін ұйымдастыру жаңа сатыға көтеріледі.
Сабақты бекіту үшін қойылатын сұрақтар.
Ақпарат дегеніміз не?
Ақпараттың түрлері мен қасиеттері
Информатика нені оқытады?
Электронды есептеуіш машиналарын пайдалану нәтижелері қандай?
Компьютерлік сауаттылық дегеніміз не?
Жаңа ақпараттық технология дегеніміз не?
Дербес электронды есептеуіш машиналары дегеніміз не?
Технология ұғымын түсіндіріп бер.
Қолданылатын әдебиеттер тізімі.
В. Симонович «Информатикадан базалық курс» 11-18 беттер
«Информатикадан 30 сабақ» 16-25 беттер
Достарыңызбен бөлісу: |