Дәріс № 5
Дәріс тақырыбы: 1917-1930 жылдардағы қазақ балалар әдебиетінің дамуы
Дәріс мақсаты: 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейінгі кезеңдегі балалар әдебиетінің алға қойған міндеттері. Кеңес үкіметінің балалар әдебиетіне жаңа тарихи қоғамның жастарын оқыту, тәрбиелеу жұмысының маңызды құралы ретінде қарауы. Осы кезеңдегі көрнекті ақын-жазушылардың балалар әдебиеті тақырыбындағы шығармалары, қосқан үлестері
Дәріс жоспары:
1.1917 жылғы қазан төңкерісінен кейінгі балалар әдебиетінің жайы.
2. С.Сейфуллин балалар әдебиетінің негізін салушылардың бірі
3. Ш.Иманбаева өлеңдерінің балалар әдебиетінен алатын орны
4.Б.Майлиннің балаларға арнап жазған шығармалары
5. І.Жансүгіровтің балалар әдебиетін қалыптастыруда қосқан еңбектері
Дәріс мазмұны: 1. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін қоғамдағы үлкен дүбірлі өзгерістер әдебиетке, соның ішінде балалар әдебиетіне де елеулі қозғалыс пен жаңа серпін ала келді. Кеңес үкіметі балалар әдебиетіне жаңа тарихи қоғамның жастарын оқыту, тәрбиелеу жұмысының маңызды құралы деп қарады. Осы кезеңде қалыптаса бастаған кеңестік педагогика ілімі, М.Горкийдің балалар әдебиеті жайлы теориясының балаларға арналған шығармаларды коммунистік рухта тәрбиелеу мақсатында ғана іріктеліп алынып, пайдалануға келтірілді. Кеңес балалар әдебиеті теориясын дамыту жайында айтылған М.Горкий еңбектерінде социалистік құрылыстар тақырыбына және бұл жолдағы табыстар жайында жазылған көркем әдебиеттер өте жоғары бағаланды. Соның ішінде әсіресе, ғылыми-фантастикалық көркем әдебиеттер мен еліміздің көрнекті озат адамдарының өмірі жайлы жазылған шығармаларға көп көңіл бөлінді.
Балалар әдебиеті шығармаларының ықпалы, тәрбиелік күші жағымды кейіпкерлер образын жасау мәселесіне байланысты шешіледі. Жақсыны үлгі етіп көрсету, ардагер адамдардың отаны, халқы алдындағы қызметін суреттеу, солардың типтік образын жасап беру жасөспірімдердің еліктеуіне жол ашты. Қазан төңкерісінен кейін кеңес балалар әдебиетіне жаңа адамдар бейнесінің туа бастауы, еңбек адамдарының көрінуі балаларды тәрбиелеудің ең маңызды көркем құралына айналды.
Өмір шындығын жырлауда, шеберлікке үйренуде жас әдебиеттер озық тәжірибеге, әсіресе, орыс әдебиетіне сүйенді. Бұл тұрғыда М.Горкий мен В.Маяковский дәстүрінің әсері зор болды. М.Горкий шығармаларының адамды ардақтау идеясы, рухы биік адамды және оның жасампаздық қабілетін көтере жырлауы, кейде шығармаларының формалық үлгілері де С.Сейфуллин, С.Мұқанов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Ерубаев ізденістерінен ұшырасып отырады.
Қазақ ақын-жазушылары әрбір дәуірдің міндеттеріне үн қосу үстінде сол кезең үшін озық саналатын тәжірибелерге сүйеніп отырды. Осының өзі қазақ әдебиетін де профессионалды үлкен әдебиет етіп қалыптастыруға үлкен қадам жасады. Әрине, қазақ әдебиетіндегі осы серпін балалар әдебиетіне өз әсерін тигізбей қойған жоқ.
1927 жылы жарық көрген «Жаңа мектеп» журналында жарияланған «Жас балалар кітабына қойылатын шарттар» атты Қазақстан Оқу Комиссариатының нұсқау хаты жарияланды. Бұл құжаттың құнды жағы-балалар әдебиетін жасауда олардың жас ерекшелігін ескеру керектігі жөніндегі талаптарында еді. Осы аталған нұсқау хатты басшылыққа ала отырып жасөспірімдерге коммуналық мектептерде, сахнада, мерекелі жиындарда тақпақ етіп айтуға ыңғайланып, жазылған С.Сейфуллиннің «Октябрь күні», І.Жансүгіровтың «Оқимын» өлеңдері балалар әдебиетінің жаңа бет алысы, қоғамның эстетикалық идеясының көрінісі болып табылады.
Осы кезең әдебиетінде кедей балаларын оқуға тарту, оларға өнер-білім, техника пайдасын түсіндіруде Ғ.Ормановтың «Кітап», «Жолда», А.Тоқмағамбетовтың «Тапқаны ғылым емес пе?», Ш.Иманбаеваның «Біздің сәуле», «Жас ініме» т.б. өлеңдерінің мәні ерекше болды.
Еңбек тақырыбына жазылған С.Сейфулиннің «Бұлшық ет», І.Жансүгіровтің «Малта», А.Тоқмағамбетовтің «Оқушы», Қ.Әбдіқадыровтың «Еңбек», «Сырдария» және тағы басқа өлеңдері балаларды ұжым ортасында еңбекке тәрбиелеу, еңбек табысын түсіндіруге бағытталды.
Отызыншы жылдары Қазақстанда халық шаруашылығын жолға қоюмен қатар білім беру саласында елеулі өзгерістер болды. Бастауыш, орталау, орта мектептер саны арта түсіп, кітапханалар мен қызыл отаулар ашылды.
1930-32 жылдары БК(б)П Орталық Комитеті балалар әдебиетін көптеп бастыру жайлы қабылдаған қаулыларды республикадағы балалар әдебиетінің өсуіне үлкен әсер етті.
Кеңес жазушыларының бүкілодақтық I съезінде (1934) С.Маршаковтың балалар әдебиетінің жайы мен міндеттері туралы баяндама жасады. Осы аталған съезде М.Горкий жазушылар мен ғалымдарды, педагогтарды балаларға арналған әдебиет жасауға шақырды.
Қазақстан жазушыларының екінші съезінде (1939) балалар әдебиетін дамытуға арналған шаралар белгіленді.
2. С.Сейфуллин – балалар әдебиетінің негізін салушылардың бірі. Қаламгердің балаларға арналған шығармаларының дені оқу-білімге шақыру, еңбекке тәрбиелеу, Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастыру тақырыбын қамтиды. «Бандыны қуған Хамит» әңгімесі шебер құрылып, балалардың көркем шығарманы оқып-түсіну деңгейлеріне сәйкес жазылған. Шығарма кейіпкерлерінің бейнесін жасау жолдары, оларды тартыс пен күрес үстінде көрсету жолдары оқушыны қызықтырып отырады. Әңгіме қазақ балалар әдебиетінде жаңа тақырып, жаңа мазмұнды реализм әдісімен жазудың үлгісі болды.
Ақынның алғашқы өлеңдер жинағы «Өткен күндер»-1914 жылы Қазан қаласында басылып шығады. Жинақта жиырмаға тарта өлең басылған. Өлеңдердің көпшілігі қаладағы шәкірттер туралы, ақынның туып-өскен ауылға деген сағынышы, білім алу жолындағы талап-тілегі жырланады.
С.Сейфуллиннің «Бұлшық ет», «Балалар», «Пионерлер», «Ананың хаты», «Анаға жауап» өлеңдері өмір шындығын жан-жақты қамтыған реалистік күшімен ғана емес, ақындық, новаторлық шеберлікке жетілу жолындағы өзінің ақындық бетін айқындай түседі. Оның шығармашылығында еңбек адамы, жұмысшы образы елеулі орын алады. Жұмысшының дүниені қайта жасағыш күшіне, еңбекпен адам өмірін гүлденткен ерекше қасиетіне айрықша мән береді.
Қазақ кеңес балалар әдебиетінің негізін қалаушы,балалардың сүйікті жазушысы Сәкен Сейфуллиннің «Маузер», «Бандыны қуған Хамит», «Балалар», «Келіншектің бесік жыры», «Пионерлер», «Біз комсомол», «Ананың хаты», «Анаға жауап», «Совпарттағы қарындасыма» деген өлеңдері мен әңгімелері кезінде балалардың сүйіп оқитын шығармаларына айналған еді.
Қаламгер «Маузер», «Бандыны қуған Хамит» шығармаларында жас жеткіншектерге кеңес үкіметінің алғашқы орнаған жылдарындағы күрестерді суреттеп береді. Оның балаларға арналған шығармалары 1959 жылы «Маузер» деген атпен өз алдына жеке кітапша болып қайта басылады.
Кезінде қаламгердің бұл аталған шығармалары балалар әдебиетінің социалистік жолмен қайта дамыған жаңа дәуірінің беташары болған еді.
С.Сейфулиннің шығармалары қатарынан балаларды оқу-білім,еңбекке шақырып,әсем табиғат көркіне сүйсіну арқылы қоршаған ортаны сүю,адамгершілік абзал қасиеттерді бағалау сияқты тәлім-тәрбие бағытын ұстанған «Альбатрос», «Көкшетау», «Маузер», «Пионерлер» поэмалары, «Бандыны қуған Хамит», «Жер қазғандар» әңгімелері, «Ананың хаты», «Анаға жауап», «Балалар», «Біз комсомол», «Бұлшық ет», «Келіншектің бесік жыры», «Қырғыздың Алатауында», «Совпарттағы қарындасыма», «Тракторшы», «Балалар», «Бозторғай», «Қойшы бала» т.б. өлеңдерін атауға болады.
Ақын «Маузер» деген өлеңінде 1917-1922 жылдар арасындағы революциялық күрестерде ерлік, табандылық көрсеткен қазақ еңбекшілерінің жарқын бейнесін жас өспірімдерге әсерлі етіп суреттеп берген. Отаны,елі,өз халқының азаттығы үшін қан майданда ауыр жараланып, әл үстінде жатқан азамат өзінің ақтық сөзін анасына, жас жарына, баласына, еркіндік жолында күрескен майдандас достарына арнайды.
Анама сәлем дегейсің,
Егілмесін күйініп.
Тап үшін өлді баласы,
Болаттай болсын түйініп,-дегендері басты кейіпкердің сондайлық беріктігін, табандылығын көрсетеді.Кейіпкер одан әрі жарына, ұлына бөлек-бөлек арнау, аманатын жолдайды.Мұнда халық азаттығы үшін күрес үстінде ауыр жараланған азаматтың Отанға деген сүйіспеншілігі, өлім халінде жатса да жауға деген қаталдығы, оған берілмейтін қайсарлығы жастар санасына қозғау салатындай дәрежеде әсерлі суреттелген.Өзі өлсе де, өз ісін суытпайтын, оның ой-арманын болашақта іске асырып,ілгері дамыта беретін ұрпағына, өмірінің жалғасы кейінгі жас буын балаларға, жастарға тапсырады.
Ақын мұнда өзінің оқушыларын баласындай-ақ олардың алдына үлкен мақсат,мәселелерді қоя отырып,солардың өзіне зор сенім арта сөйлеудің үлгісін көрсеткен.
Өнер-білім алуға қолдары жетіп келе жатқан ұрпаққа оның пайдалы жақтарын айтып отыру ол кезде аса қажетті міндет болғаны белгілі. Сондықтан да Сәкен «Совпарттағы қарындасыма» деген өлеңінде өнер-білім жолынан бос қалмауға үгіттейді. Сонымен қатар, өнер-білімді аңсап шөліркеп отырған өз аулының адамдарына қолқабыс етуді, оларды сауаттандырудың қажеттігін де міндеттеп, естеріне салады. Осы міндеттердің бәрін де ертеңгі күн іске асыратын жасөспірімдер екенін, болашақтың тұтқасы солардың қолында болатынын осы бастан құлақтарына құйып, оларға үлкен сенім арта сөйлейді. Сенім арта сөйлеу – балалардың, жастардың патриоттық рухын көтереді.
С.Сейфуллиннің поэзиялық шығармаларына зер салғанда, оның өлеңдері жасөспірімдерді тәрбиелеудің, қызықтыру, қабілетін қалыптастырумен қатар, балалар әдебиеті тақырыптарына қалай жазу керектігін, қандай тақырыптарға жазуға болатыны өз кезеңінде бірден-бір жол салып берген бастаушы болғандығын аңғару қиын емес.
Қаламгердің балаларға жазған шығармалары оның поэзия саласындағы еңбектерімен ғана шектелмейді. Проза жанрында 1922 жылы жазылған «Бандыны қуған Хамит» атты әңгімесі бар.
Бұл әңгіменің композициялық құрылысында бір ерекшелік бар. Мұнда оқиға желісі салған жерден бірден басталып кете қоймайды. Болған оқиғаны толық түсіндіріп, оқушысының көз алдына елестетіп, айқын да дәл суреттеу үшін, Сәкен ең әуелі айналамен, оқиға болатын жермен, шығармада суреттелетін кісілермен таныстырады. Оқиғаның дәл өзіне жеткенше әңгімедегі кейіпкерлердің таптық көзқарасы, ұстаған мақсаттары, кәсібі, өздерінің кім екендігі бірте-бірте ашылып, айқындала береді. Оқиғаның қызықтығы бірін-бірі аңдыған екі көзқарастағы адамдардың қалай кездесетінінде болып, оқушы әңгіменің шарықтау шегіне жеткенше асығып, соған келе жатқан бағыттағы әр алуан суреттемелерге елігіп, зор әсер алып отырады.
Әңгімеде суреттелетін банды бастығы Кудря мен оның ізіне түскен Хамиттің жеке басына тән ерекшеліктері, мінез-кескіндері, жүріс-тұрысы, сырт тұлғалары, күш салыстырғанда екеуінің бір-бірімен тең түсетін қалпы оқушысын өзіне еліктіре тартады. Сайысқа түскен екі адамның тағдыры немен тынар екен деген тынымсыз ойға шомылдырады.
Жазушы банды бастығын суреттегенде: «Кудря жұрттың айтуынша және істеп жүргендеріне қарағанда, өзі балуан, жасаулы мылтықтан тайсалу дегенді бімейтін, талайларды өлтірген», - деп оған мүлде адам баласы тең келмейтін алыптай етіп суреттейді. Әрине, бұл арқылы жазушы жаудың да осал емес екенін көрсетеді.
Ал,Хамиттің өзімен қызметтес басқа адамдарға қарағанда ерекше екені әңгіме авторының көзқарасынан да көруге болады. Автор Хамитқа қызыға қарайды. Сондықтан автор өзінің негізгі кейіпкерінің ерекшеліктерін түгел көрсетуге, толық мәнді етуге тырысқан. Хамиттің портретін суреттеу арқылы еңбекке, істе төселген және дене шынықтырумен үздіксіз шұғылданып, күтініп жүрген азаматтың ер көңілді кейпін жастарға үлгі етерлік қалыпта көрсетеді. Хамиттің басқаларға ақылды, алғыр екендігі оның сөйлеген сөздерінен де, істеген істерінен де байқалып отырады. Оны өзімен бірге қызметтес адамдардың бәрі де сыйлайды. Оның ақылдылығын, күштілігін мойындап, оған ерекше тапсырмалар беріп отыратыны да осындай қабілеттілігін тануынан екендігі көрінеді.
Әңгіме оқиғасы шиеленіскен сайын оқырманын желпітіп, еліктіре тартады.
Жазушы оқиғаны жалаң баяндай бермейді. Оқушысын әңгімедегі басты-басты кейіпкермен таныстырып алған соң, енді бандылар жасырынатын калың тоғайларды, оларды іздеп шыққан сапарындағы Хамиттің бет алысын, сондағы жаратылыстың әсем көріністерін оқиғаға байланыстыра суреттейді. Жазушы мөп-мөлдір сәулелі күнді, таңертеңгі, түскі, кешкі мезгілдегі бұлттарды, айнала төңіректі көрнекі түрде суреттеп берген. Әңгіменің басынан аяғына дейін табиғатты суреттеген әсем көріністердің барлығында да күз айларының сұлулығына ерекше көңіл бөлінеді.
Табиғаттың әсем көріністерін суреттеген – бұл бөлімнің соңғы жолдарында табиғат бояулары туралы, жан-жануарлар туралы, ауа-райы, егіншілер мен шөп орған шалғыншылардың шаруашылығы жайлы суреттеу – әңгіменің негізгі түйіні, арқауы болып отырған оқиғаға байланысты алынған.
Табиғаттың адамды таң-тамаша ететін осындай сұлу да әсем болмысын әсерлі суреттеген әңгімедегі пейзаждық көріністер негізгі кейіпкерлердің мінезі мен типтік бейнесін аша түсуге қызмет етіп отырғанын байқаймыз.
Автор адам портретін беруде болсын, не жаратылыстың әсем көріністерін шаруашылық және өмір тіршілігімен байланыстыра мәнерлеп суреттеуде болсын түрлі бейнелі сөздерді, эпитеттерді, теңеулерді, метафораларды кеңінен пайдаланады.
Қорыта айтқанда, Сәкен Сейфуллин өзінің балаларға арнаған барлық шығармасымен жасөспірімдерге Отанға деген сүйіспеншілікті және оны көздің қарашығындай қорғай білуді, халқына адал қызмет етуді үйретуге тырысты. Сонымен қатар, өнер-білімге үйреніп, еңбек ету – адам баласы болашағының бақыты екенін түсіндіруге күш салды.
3. Шолпан Иманбаева – қазақ кеңес балалар әдебиетінде белгілі ақын. Оның жастар мен оқу-білім тақырыбына жазған: «Жеттік міне»(1922), «Пионерге»(1925), «Біздің Сәуле»(1925), «Жас қайратқа және жастарға» (1925), «Жас ініме»(1925), «Балмағамбетке» (1926) тағы басқа өлеңдері, мақалалары бар.
Шолпан Иманбаева балалар коммунасында жұмыс істеген. Балалар коммунасында төсек-орын, киім, оқу құралдары беріліп, жатақханалары мен мектептері жөндетіледі. Мектеп жанынан қабырға газеті шығады, оның редакторы Шолпан Иманбаева болады. Әдебиетке қабілеті бар балаларды газетке тартады. Коммунаның қасына көркемөнері үйірмесін ұйымдастырады, оны өзі басқарады. Тек басқарып қана қоймай өзі де соған белсене қатысады. Көптеген халық әндерінің мәтінін жаздырып, балаларға үйретеді. Оның «Жолаушы мен жұмыскер» деген өлеңін коммунадағы, басқа мектептердегі сауық кештерінде рөлге бөлініп, тақпақ етіп сахнада жиі орындалатын болған. Ақын балалардың мұндай өлеңдерді драмалы түрге айналдырып, рөлдесіп айтуға құмар келетіндігін жақсы түсінген. Сол арқылы балалар оның мазмұнына терең түсініп, өздеріне рухани азық алады. Сонымен қатар, балалар мұндай өлеңдерді айтқанда билейді, ойнайды, соның бәрінің эстетикалық тәрбие үшін зор маңызы бар. Жастарға, балаларға арналған ақын өлеңдерінің қайсысы болса да осындай өткір тартысқа құрылғандықтан, одан халық мүдделерінің ішкі толқыны, арман тілегі, талас-тартыстары көрініп отырады. Өз кезеңінде мұндай жақсы жазылған шығармалар балалар қабілетіне сай келіп, олардың оқып түсінуіне жеңіл тиіп, ой-санасына көңілді әсер береді. Болашақтан үміт еткен талабына жөн сілтейді, үйретеді.
Ақын «Жас ініме» деген өлеңінде жасөспірімдерді оқуға, өнер-білімге шақырады. Сондай-ақ, «Пионерге» деген өлеңінде де жас буындарға үміт арта сөйлейді, болашақ сендердікі деп үйретеді. Өлең шағын тақырыпқа жазылғанымен ұлы мақсаттар жүктейтін, бала санасына ой салатын, сонымен қатар оларға жауапкершілік артатын үлкен идеяға құрылған. Оның өлеңдеріндегі тапқырлық және бала санасын билеп алатын өткірлік қасиеті осындай жақтарымен көрініп отырады.
Бұл кездегі тарихи өзгерістер Шолпанның сана-сезіміне зор әсер етіп, оны ұлы өмір күресінің майданында бейтарап қалдырмай, соған үн қосуға үйретті. Ақынның әдеби өсу жолы осы ауыр жағдайда, қиян-кескі тартыс үстінде қалыптасты.
Оның балаларға арналған өлеңдерінің бәрі де өмір күресінің жемісінен туған әсерлі шығарма екенін мынадай өлеңдерінен көруге болады:
Үлгілі сөз,
Еңбектеніп қазбаса.
Болама кез,
Тіліңнен шығар,
Оқып, біліп жазбаса.
Басқалар ұғар,
Алтын мен жез
Көңілдің шерін қозғаса,-
Алынбас тез, деп оларға үлкен ой сала отырып, «Еңбек түбі – зейнет» деген халықтың даналық сөзін үлгі етеді. «Бұл – силлогизмге құрылған «уағыз, үгіт» қана емес, Шолпан поэзиясының «өмір кітабына» айналған өткірлігінің, оның жауынгерлік рухының көркемдік мәні әлі де болса зор» –деген ғалым Әуелбек Қоңыратбаев пікірінің осыған орай айтылғанын көреміз. Болашақты, алдағыны аңсап отыратын арман иесі көбіне жастар мен жасөспірімдер болғандықтан олар әрқашан осындай оптимистік шығармалардың идеясын жақтап отырады.
Жасөспірімдердің, балалардың түсінуіне жеңіл, олардың аса қызығып оқитыны балалар әдебиетіндегі салыстыра суреттеу тәсілі дейтін болсақ ақын поэзиясы ол талаптың биік деңгейінен көріне алады. Сондықтан да мұндай тәсіл балалар психологиясына жақын да тартымды. Шолпан Иманбаева өлеңдерінің балалар әдебиетінен алатын үлкен орны, тарихи маңызы, тәрбиелік мәні осындай ерекшеліктермен көрінеді.
4. Қазақ совет әдебиетінде көркем сөздің шебері деп танылған Бейімбет Майлин балалар әдебиетіне де мол үлес қосты.
Жазушының «Байшұбар» (1923), «Тәй, тәй, қаз, қаз» (1923), «Әлди – ана жыры» (1923), «Қағынғыр – ананың ашуы» (1926), «Жас қыран түлектер» (1929), «Октябрьдің ұлдары» (1926), «Қос жетім» (1933), «Почта», «Кемпірдің ертегісі» (1927), «Өтірікке бәйге» (1922), «Естегілер» (1928), «Ленин мектебі» (1929), «Бекберген мектебі» (1939) деген өлеңдері мен әңгімелері. Балалар әдебиетінен елеулі орын алды. 1913 жылы Уфа қаласындағы медресе Ғалияның негізгі бөлімінің 1курсына оқуға түскен Б.Майлин жас әдебиетшілердің үйірмесіне қатысып, «Садақ» қолжазба журналды шығарушылардың бірі болды. 1912 жылдан бастап өлең, шағын әңгіме жаза бастаған Бейімбет «Садақ» журналының редакторы болып белгіленді. Оның алғашқы өлеңдері де «Садақ» журналының бетінде танылады. 1914 жылы осы журналдың 3-санында «Шұғаның белгісі» атты повесінің алғашқы нұсқасы жарияланды. Медреседе оқыған 2 жылдың ішінде орыс тілін зейін сала үйреніп, орыстың классик жазушылары Л.Толстой, Н.Гоголь, А.Пушкин, Н.Некрасов, М.Лермонтов, А.Чехов, М.Горкий шығармаларымен танысады. 1914 жылы Троицк қаласында «Айқап» журналында қызмет етіп жүрген С.Торайғыров, М.Сералин сынды қаламы төселіп қалған жазушылармен пікір алысу жас талапкердің жазушылық қызметін өрістетуге үлкен әсер етеді. 1914-1916 жылдар арасында өз ауылында мұғалімдік қызмет атқарады да, жазушылық қызмет пен шұғылданады. Сол кездегі қазақ тілінде шығатын газет, журналдар беттерінде жастарды оқу-білімге шақырған, ауыл өмірінің ішкі қайшылықтары тақырыбына жазылған өлеңдері жарияланады.
1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісіне аттанған ел–азаматтарына оң сапар айтып, қанға боялған болысты халық кегінің құрбаны деп «Қанды тұман» өлеңінде жырлаған Бейімбет, 1917 жылғы қаңтар айында жазған «қара күн» дейтін өлеңінде ұлт-азаттық қозғалысы көп жерде сәтсіздікке ұшырағанына қынжылып, алдағы күндерге күдіктене қарайды. «Қырда» деген өлеңінде ақпан төңкерісі нәтижесінде патшаның тақтан құлағанын қуаныш етеді де,көптен күткен бостандық қазақ даласына енді келеді деп үмітенеді. «Кемпірдің ертегісі» атты поэмасында 1916 жылғы қанды оқиға суреттеледі. Бұл поэма балаларға саяси тақырыпта жазылған, тәрбиелік мәні күшті, эстетикалық әсері мол шығарма. Ал, ананың ашулы сөзімен айтылатын «Қағынғыр» өлеңі ерлікке салынып, шолжаң өскен баланың бейнесін суреттей отырып, оқушыны жаман қылықтан сақтандыруды көздейді.
1919-1921 жылдары ауылдағы совет жұмысына белсене араласып, далалық өлкенің төтенше комиссары Ә.Жанкелдин отрядында мәдени жұмысты басқарушы болады. Қызыл әскерден құралған сауықшылар үйірмесін басқарып, оларға жыр жаттатып, ән үйретіп, өзі жазған «Шапай», «Әмеңгер» тәрізді шағын пьесаларды сахнаға шығарады.
Б.Майлин 1922-1923 жылдары республикамыздың сол кездегі астанасы Орынбор қаласына барып, орталықтағы баспасөзге қатысады, өлеңдерінің жинағын бастырады. Бұл жылдары жазушы ондаған өлең, поэма, әңгіме, повестер жазып, республикалық газет, журналдар бетінде жариялайды. Қаламгер шығармашылығы қатарын «Байшұбар», «Таңдамалы шығармалары», «Шұғаның белгісі» атты кітаптармен қоса, көптеген жинақтар мен кітаптарға енген «Әлди», «Әміржанның әңгімесі», «Баран», «Берен», «Жас қыран түлектер», «Кемпірдің ертегісі», «Қағынғыр», «Қос жетім», «Ленин мектебі», «Он бес үй», «Октябрьдің ұлдары», «Өтірікке бәйге», «Почта», «Раушан коммунист», «Тәй тәй... қаз қаз», «Ыбыраймыз, Ыбыраймын» атты бастауыш, орта және жағарғы мектеп оқушыларына арналған әңгіме, өлең, ертегі, повестері толықтырылды.
Ол кезде кәріге де, жасқа да жаңа орнаған Кеңес үкіметінің «ұлы» қасиетін түсіндіру ақын, жазушылардың алдындағы басты міндеттердің бірі болып есептелінеді. Бұл саяси мәселе жазушыны шығармашылық жолында ізденуіне мәжбүрленді. Міне, Бейімбет Майлин балаларға арналып саяси тақырыптарға жазылған шығармаларды оңай түсіндірудің жолы балалардың ұғымына жеңіл тиетін және өздерін қызықтырып, үлкен ойға шомылдыратын, ойдан ой тудыратын бәр тәсіл сұрау жауап әдісін шығарды. Қалмагер өз шығармашылығында осы әдісті қолдана отырып «Кемпірдің ертегісі» 1916 жылдың қанды оқиғасынан бір сурет деген поэмасында жасөспірімдерге, балаларға үлкен саяси маңызы бар тарихи мәсклені өте қызықты да көркем етіп, оп-оңай жолмен тамсандыра айтып берген. Мұғалім бола жүріп бала психологиясын жақсы білген Бейімбет жас өспірімдердің қай нәрсеге болса да әуесқой болатынын ескеріп, алдымен жасөспірімдер өздері қызығатын мәселенің айналасында сұрақ қоя беретін ерекшеліктерінде де осы поэма жазу үстінде шебер пайдаланғаны көрінеді. Жыр әкесі Қайранбай қан майданда қаза тауып, әжесінің бауырында жетім қалған баланың қойған сұрақтары мен басталып, үлкен әңгімеге айналып кетеді. Соған байланысты жас баланың тілегін орындау үшін 1916 жылдың қанды оқиғасынан бір сурет басталып кетеді.
Балалар үшін қызықты етіп әңгіме бастаудың бір тәсілі осындай шеберліктен туады да, өзінің тындаушысын жалықтырмай әрі қарай жетектеп отырады.
Қаламгердің балаларға арналған шығармалары тек саяси тақырыптар төңірегінде шығарылмаған. Оның «Тәй тәй... қаз қаз», «Қағынғыр ана ашуы», деген өлеңдері ана қамқорлығы мен бала тәрбиесі арасындағы бір кездегі типтік жәйіттерді суреттейді. Сонымен қатар балалаық шақты еске түсіретін оған соншалық сүйсінетінде күлетін сәттерді шеберлік пен таба білген. Анасы баласының болашағынан үлкен үміт күтеді. Ол кезде балаларға лайықты қазіргідей неше алуан ойыншық та, жасаулы дайын тұрған қуыршақ та болмапты. Олардың ойыншығы өлеңде айтылғандай жіптен ноқта, талдан қамшы жасатып, әйтеуір бір нәрселермен алдандыра берген. Ананың ойнатуы, әлпешпен жұбату бір мезгіл баланы мәз-мейрам етерлік қуанышқа, шексіз күлкіге бөлейтіні оларға үлкен әсер қалдырды. Ананың «тәй, тйә, қаз,қаз» деген нәрестені аяғынан тік тұрғызып, апыл тапыл бастырғанның өзі балаға зор бақыт, үлкен қуаныш.
Өйткені соның өзі өмірге үйретудің, тәрбиенің алғашқы бастамасы, бірінші сатысы. Мектеп жасына дейінгі тіпті жөргектегі бала да осындай жылы сөздер мен адам ынтасын ұштай түсетін қабілетті ойды мейлінше қажет етіп отырады.
Бейімбет Майлиннің балаларға арналған шығармалары мұнымен шектелмейді.Бастан- аяқ қызықты оқиғаға құрылған оның «Байшұбар», «Өтірікке бәйге» деген поэмалары негізінен ақыл-парасатқа сүйенген тапқырлық пен батылдық, ерлік мәселесін әңгіме етеді. Тапқырлық, ерлік мәселесін жырлайтын Бейімбеттің «Байшұбар» атты өлеңі де балалар әдебиетінің алтын қорына қосылған үлкен үлесі деуге болды.
Өлең сюжеті – ат екен деп керуеншілер қосына шапқалы тұрған жолбарыстың үстіне мініп алған ұрының үрей тудырарлық алдағы тағдыры немен аяқталар екен деген мәселеге құрылған. Оқиға желісі өте шапшаң өріс алып, лезде өмір шайқасына араластырып жіберетіндіктен тыңдаушысын бірден–ақ еліктіріп алады. Өлең мазмұны қызықты болуымен күлкілі де. Мұның өзі бала алдына адам тағдыры немен бітер екен деген ойланарлық сұрақ қояды. Оқиғадағы жағымды, жағымсыз кейіпкерлер бірден дараланып көзге түседі де автордың оларға деген көзқарасы да айқындала бастайды. Мұның өзі балаларға арналған шығармаларға тән ерекше қасиет деп саналады.
Астына олжа етіп мінген атының шабысына, өзінің табысына мәз болып келе жатқан ұры таң ата Байшұбардың бейнесін танып, үреййлене төбе шашы тік тұрады. Халінің мүшкілдігін, ажалдың төніп тұрғанын енді ғана түсініп зар илейді. «Атсыз жаяу өтсе де, қайыр сұрап кетсе де» енді ұрлыққа жоламасын айтып, ант – су ішіп келеді. Адал еңбекпен күн көрмеудің арты міне қайда әкеліп ұрындырады. Ұрлық түбі қорлық деген сөздің мағынасы осыдан көрінеді. Бірінен бірі қашып келе жатқан екі қарақшының екеуі де қан сорпаға түсіп, екеуі де өздерінің жексұрын істерімен әшкере болады.
Керуендегі малға шауып, жемдік қылуды мақсат еткен жолбарыста «шықпастан жатсам еді терең сайдан» деп өкініп үстіндгі ұрыдан құтыла алмай жан ұшыра аласұрып келеді.
Оқиға желісінің осылай шапшаң өрістеуі балаларды мүлде еліктіріп, оның барлық ықыласын өзіне ерксіз баурап алады. Мұның тағы бір қызығы – оқиға кейіпкерінің екеуі де қылмысты, екеуі де керуеншілерді тонамаққа, соларды жәбірлеуге бет алған қарақшылар. Осындай оқиғаны суреттеу арқылы балалардың талқысына салып отырған жазушының мақсаты нені көздейді? Жазушының мақсаты осындай тартысты дұрыс түсініп, соның әділ шешімін табушы балалардың өздері болса дегенді алға тартады.
Мұнда жолбарыс жөнінде ешқандай сөз қозғауға болмайды, өйткені ол – санасыз айуан. Оның жаратылысындағы күнкөріс жолы сол. Басқа жолмен күнін көру оның табиғатына тән емес. Ал, жолбарысша – айуанша күн көру жолына түскен адамның ұрлық сапары ше? Бұл әрине адам үшін үлкен қылмыс. Өзінің адамдық қасиетін сыйлай алмайтын мұндай кісіні жолбарыс талап өлтірсе де обалы жоқ. Адал еңбегімен күн көрудің орнына, азғындық, опазыздық жолға түскен адамға осындай күлкі, мазақ болу ғана бар. Автордың мақсаты адам тағдыры не болар екен деп оған аяушылық көрсетуді көздемейді, қайта оны осындай күлкі мазаққа айналдырып, осындайлардан балалардың жиренуін, аулақ болуын тілейді.
Еңбексіз күн көріп осылайша азғындық жолға түсу ол – адам қасиетін қорлағандық, ол – саналы азаматтардың намысын қорлағандықпен бірдей. Сондықтан мұндай азғын адамдарды қоғам тәрбиесіне көнбеген жағдайда ондайларды осылайша мысқылдап күлуден, жазалаудан артық еш нәрсе жоқ.
Балалар ықыласын өзіне лезде баурап алатын өлең сюжетіндегі осындай драмалық тартыстар мен пікірінің тереңдігі балаларды үлкен ойға қалдырып, өздерінің көзқарасын, адал пікірін айтуға және өздерін белгілі бір қорытындыға келуге үйретеді. Адал өмір сүруге, өз бетінше ойлап, шын мағынасында еңбек етуге баулиды.
Қорыта айтқанда, Бейімбет Майлин қазақ балалар әдебиетін одан әрі дамыта беру саласында көп еңбек сіңірген қаламгер.
5. Қазақ кеңес балалар әдебиетінің өсуіне бар ықыласымен қатысып, ең көп үлес қосқан ақындардың бірі – Ілияс Жансүгіров. Ол өзінің 1931 жылы жазылған «Мен қалай жаздым» атты мақаласында: «Бізде балалар әдебиеті жасалмаған әдебиет. Сондықтан менің бір ойым-осы әдебиеттің бізде жасалуын көмектесу еді. Бұл туралы біраз еңбектерім бар. «Балаларға тарту», «Балаларға базарлық», тағы басқалар. Бізде, әсіресе, өнер, техника жайында шығармалар туған жақ. Енді бұл кетікке кірпіш қалауымыз керек дейміз», - дейді.
Балалар әдебиеті саласында Ілияс көп еңбек етіп, өз сөзін орындап шыққан жазушы. Атап айтқанда, оның балалар әдебиетіне қосқан мынадай күрделі еңбектері бар. «Жалпы жасқа» (1921), «Ағынды, менің Ақсуым (1921)», «Бұлт» (1922), «Жазғытұрым» (1922), «Жазғы шілде» (1923), «Күз» (1923), «Ақ сабан» (1923), «Жауында» (1923), «Жастар» (1924), «Желді қарағай» (1925), «Ленин тірі» (1925), «Сапты аяқ» (1925), «Оқимын» (1925), «Бөбек бөлеу» (1925), «Жетісу суреттері», «Тау суреті», «Жетісуда су суреті», «Жетісу жәндігі», «Жер түгі» (1925), «Тас шешей» (1926), «Ауылдың алды» (1926), «Күн шыққанда» (1926), «Заводта» (1926), «Аттанған азамат» (1927), «Баласынан анасына хат» (1927), «Қазақ қызы» (1928), «Қызыл әскер» (1929), «Кәне, шыдар қай майдан» (1929), «Қазақстан» (1929), «Домбыра», «Элеватор» (1934), «Шаттық жыры» (1934), «Шәркей», «Малта», «Одақ» тағы басқалар. Бұл сол кезең, қазақ кеңес балалар әдебиеті үшін айтуға тұрарлық елеулі еңбектер еді.
Қаламгердің әсерлі өлеңдері мен қызықты әңгімелері және мектеп сахнасына лайықтап ең алғаш, тұңғыш жазылған пьесасы қазақ кеңес балалар әдебиетінің алтын қорынан берік орын алды.
І.Жансүгіров балаларды баласынбай-ақ олардың алдына кәдімгі күрделі мақсаттарды қоя білу керектігін айтады. Соны оларға мүлде жас кезінен мектеп жасына дейінгі балдырған шағында-ақ ұқтыра беру керектігін құптайды. Ақын осы мақсаттарды тіпті бесікте жатқан бүлдіршінге де өлеңмен, әнмен жеткізуді шарт етіп қояды. Сол арқылы баланың көңіл күйі мен ойын сергітіп, тезірек жетілуіне, дұрыс өсуіне жәрдем етеді. Ол «Бөбек бөлеу» өлеңінде осы пікірді жақтайды. Өлеңде зор үміт, үлкен мақсат бар. Бөбегіне қойып отырған ана шарты жеке бастың қамын ойлау мәселесі емес, өткен еңбегінің ел игілігіне жұмсалуына ниет етеді. Бұдан кейінгі «Баласынан анасына хат» өлеңі осы «Бөбек бөлеу» өлеңінің жалғасы іспетті. Мұнда ана үмітін ақтаған бала сөзі айтылған. Ақын бала ойының дамуын, оның жаңа өмірді сезіне бастауын оның өз сөзімен, өз қуанышымен жеткізеді. Қорғаны болған анасы, қамқорына баланың мейірімін зор ықыласын суреттеуден бастайды.
Балаларға жазылған Ілияс өлеңдерінің қамтыған екінші бір үлкен тақырыбы – өз елі, өз жерінің байлығы мен сұлу табиғатының әсем көріністерін суреттеуге арналған. Бұл балалар үшін өте қызықты тақырып, өйткені ақын табиғаттың әсем көріністерін суреттеу арқылы жасөспірімдердің ойын конкретті материалдарға негіздеуге тырысады. Балалардың эстетикалық тәрбиесі үшін табиғат көріністерін суреттеуде бұл тақырыптағы өлеңдердің тигізетін әсері өте зор. «Жазғытұрым» өлеңінде көктемнің шығуымен байланысты табиғатқа жан бітіп, қандай өзгерістер, жаңалықтар болатынын суреттеп, айналадағы түрлі құбылыстарға зер салуды үйретеді. «Ойналық та, күлелік, қос басына мінелік» деп өмір тіршілігіне өздерін де араласып кетуге шақырады. Осының өзі оларды әуелі нақтылы, аумаған дәл фактінің өзімен танысуға үйретеді.
Ақын жаратылыстың бір ғана көрінісі көктемдегі құбылыстармен ғана таныстырып қоймайды, жыл мезгілдерін әр тоқсанда әр алуан жаңа құбылыстар болып отыруына байланысты соған орай тіршіліктер де өрбитінін танытуға тырысады. Бірақ, олар біріне-бірі ұқсамайтын құбылыстар екенін де айырықша суреттейді. «Күз» атты өлеңінде де жаратылыс суреттерін адам өмірімен, оның күнделікті тіршілігінен бөліп алмай, байланыстыра суреттейді. Оның жасөспірімдерге өлкетану жұмысын да жаратылыстың осындай көркем суреттері мен байлықтарын зерттеу арқылы түсіндіруге тырысқаны байқалады. «Жетісу суреттері» деген өлеңдерінде балаларға Жетісудің көркемдігінде, жәндігінде, әр алуан табиғи байлықтарында, бәрінде түгел суреттейді. Сол арқылы өз өлкесінің барлық байлығын алақанға жайып салғандай балалардың көз алдына келтіреді. Былайша айтқанда, балаларға әсерлі өлеңдерімен туған табиғатты терең патриоттық сезіммен түсіне алатындай етіп суреттеп береді.
Ақын балаларға өлкетаныту мақсатымен Жетісудің өзендері мен көлдерін, тау-тастары мен жәндіктерін суреттесе, «Жер түгі» деген өлеңінде ағаштар мен өсімдіктермен таныстырады. Сол арқылы балаларға жан-жақты толық білім беруге және олардың байқағыштық қабілетін жетілдіре беруге көмектеседі.
Ақын шығармаларына барлау жасағанда балаларға арналған поэзияға пейзаждық лириканы енгізгендігі көрінеді.
Балаларға жазылған Ілияс Жансүгіровтің шығармаларын қамтыған үшінші үлкен тақырыбы – еңбек тәрбиесіне арналған. Бұл оның 1929 жылы Ташкентте, Алматыда басылып шыққан «Малта», «Шәркей» деген суретті кітапшаларынан айқын көрінеді. Бұл кітапшалар мектеп жасына дейінгі балаларға арналған. Жазушы мектеп жасына дейінгі балалардың ойлауы өте айқын және нақтылы болатынын ескеріп, солардың психологиялық ерекшеліктеріне тән материалдарды таба біліп, оны аса қызықты да күлкілі етіп, өздеріне тарту еткен. Малтада, шәркейде еңбек процесінен шыққан еңбек жемісі екенін балаларға көптеген мысалдар келтірумен дәлелдейді. Еңбек процесінен шыққан жемісті балалардың өз қолдарына ұстатып көрсетуі, олардың санасына зор әсер етеді. Мұндай табысқа жеткенін сезу және соған рахаттануы баланың қуаныш сезімін тудырады.
Малтаның өзінен-өзі бірден жасала қоймайтынын, оның қиын процестері бары, оған апаларының көптеген еңбек сіңіретіне балаға жүйелі түрде айтылады. Автор соны барлық жасалу жолдарын баланың бақылап отыруына икемдейді. Бала өзі байқаған әрбір құбылыстың мән-жайын түсінгісі келеді, сонымен қатар, оның себептерінде ұғып алуға тырысады. Осы жұмыс кезеңінің бәріне де белгілі бір уақыттың кететінін, көп еңбек жұмсалып жатқанын да түсіне бастайды.
Мұндағы ақынның мақсаты құрттың жасалу жолын ғана үйрету емес, негізгі көздегені еңбек процестерін таныту.
Бұл өлеңді балалардың оңай түсінетін бір ерекшелігі мұндағы кездесетін «өре, саба, піспек, шике, шуда» сияқты қазіргі кезде қолданудан шығып бара жатқан атаулардың бәрі де көрнекі суреттерімен берілген. Осының өзі балаға дүниетанудың маңызды құралы болып саналады.
«Шәркей» әңгімесінде де балалардың еңбек әрекетіне тікелей араласып жүргендігі көрінеді. Әңгіме апасы Шәутенге шәркей дайындауға кірісуінен, яғни, марқа қозыны қырқып, жүнін әкелу сәтінен баланың тікелей еңбекке араласуымен қызықты басталған. Шәркей басылып шыққанға дейінгі бірнеше еңбек сатысын өткергені Шәутен жіті бақылап, қызықтап жандарында жүреді, көзімен көреді. Кәдімгі кішігірім фабрикадағы қайнаған еңбек деуге болады. Ақ марқаның жүнін қырқу, жүнін сабау, шиге тарту, су құйып сүйрету, білектеу, қарпу, пісіру бұлардың бәрі тек шәркей тігілетін материал, яғни, киіздің басылуы. Онан соңғы пішу, жіп шүйкелеу, жіп иіру, шәркейді сыру, ұлтару процестерін бастан өткізіп барып дайын болған аяқ киімді көзбен көріп, көңілмен тоқып тұрған бала еңбектің де, киімнің де қадірін бағалары анық. Осы әңгіме турасында ақын С.Сейітов «Ілияс Жансүгіровтің балаларға арналған шығармалары» атты мақаласында: «Әңгіме қалай тартымды басталса, солай қызықты аяқталған. Жазушы баланы балаша сезіндіріп, балаша ойландыра білген. Сөзінде де, мінезі мен ісінде де жасандылық жоқ», – деп нақты анықтама берген. Шынында да, жұмыстың бір жағын баланың өзіне істетіп, оны еңбек процесіне араластыруы және өзін сол жұмыстың тезірек орындалуына ынталандырып қоюы жазушының аса шеберлігін білдіреді.
Қаламгер балаларға арнап өлең де, әңгіме де, сонымен қатар пьеса да жазған. Қазақ кеңес балалар әдебиетіне пьеса жанрын ең бірінші болып енгізген де Ілияс Жансүгіров. Оған дейін бұл қазақ балалар әдебиетінде болмаған жанр. Балаға айқын әсер етіп, олардың өздерін де оқиғаға тікелей араласып жіберетіндей болатын және соны бастарынан өткізгендей етіп ықпал жасайтын оқиға желісі көбіне пьеса арқылы беріледі.
Балалардың дүниетану қабілеттігін жетілдіре беру мақсатымен ақын өз жазғандарынан басқа ауыз әдебиеті үлгілерімен 1930 жылы «Жұмбақ» деген суретті кітапша мен «Өтірік» деген жинақ бастырып шығарды. « Жұмбақ» суретті кітапшасы «Үй саймандары», « Жаратылыс құбылыстары», « Құрал-сайман» деген үш бөлімнен құралып, ондағы жұмбақпен айтылған заттардың шешімдерін суретпен көрсетіп қойған. Мұның өзі сол кезде-ақ кенңес балалар әдебиетіне қосылған зор үлес болып табылған еді.
Ілияс Жансүгіровтің қазақ кеңес балалар әдебиетінің дамуына қосқан үлесі көп салалы, көп тармақты болып келеді. Ол – қазақ кеңес әдебиетіне ең алғаш драматургия жанрын ендірген новатор болып саналады. Ілияс Жансүгіровтің жасөспірімдерге арналған әдеби мұралары балаларға үлкен білім беріп, тәрбиелеумен қатар, олардың көркем әдебиетке деген ықыласын арттырып, шығармашылық қабілетін оятуға және дамытуға септігін тигізеді.
Қорыта айтқанда, Қазан төңкерісінен кейін қазақ балалар әдебиеті жөнінде де сыншылар мен зерттеушілер, ғалымдар мен ақын-жазушылар және мұғалімдердің ықыласы ерекше болды. Балалар әдебиетінің ерекшеліктері жайлы әр кезде әр алуан пікірлер айтылды. Осы тұста балалар әдебиеті жайлы міндеттері туралы мақалалар жазған С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, С.Ерубаев, М.Әуезов, С.Мұқановтар балаларға арналған шығармалар жазуда жаңа жанрлық түрлер мен көркем әдістерді қолдануға зор ықпал жасады.
Достарыңызбен бөлісу: |