Дәріс №2
Дәріс тақырыбы: Балалар ауыз әдебиеті - балалар әдебиетінің алтын қоры.
Дәріс мақсаты: Балаларға арналған фольклор түрлерінің идеялық-эстетикалық табиғаты , атқаратын қызметі, бала психологиясына, ойын-сауық істеріне, сана-сезімінің оянуына әсер етуі. Балалар фольклорын жинап, шығару, зерттеу тарихы.
Дәріс жоспары:
1. Балалар ауыз әдебиетінің жиналу, жүйелену, бастырылу жайы
2. Балалар фольклорының бастауы – бесік жыры мен тұсау кесу жыры, эстетикалық әсері.
3.Төрт түлік мал туралы өлеңдердің танымдық-тәрбиелік мәні.
4. Мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаштар.
5. Ертегілер халық даналығының айнасы.
6. Балалар ауыз әдебиетінің көркемдік ерекшеліктері.
Дәріс мазмұны: 1.Балалар фольклоры – балалар психологиясын, көркемдік талғамын, шығармашылық мүмкіндіктерін танытатын халықтың ғасырлар бойы жасаған асыл мұрасы.
Қай халықтың болмасын рухани мәдениетінде өзінше орын алатын бұл сала зерттеушілер назарын ертеден-ақ аударған. Тіпті, ел кезген жиһанкездер жазбаларын былай қойғанда XIX ғасырдың екінші жартысындағы Еуропаға аттары мәлім Г.Спенсер, Э.Тэйлор, Д.Фрезер, З.Фрейд, М.Мид сияқты антропологтар өз еңбектерінде бұл мәселеге ықыласпен назар аударғандығы байқалады. Дегенмен, балалар рухани әлемінің жеке сала ретінде отау тігіп, өзінше енші иемденіп, «балалар фольклоры» деген атқа ие болуы үстіміздегі ғасыр үлесіне тиді. Бұл орайда 20-30 жылдар ішінде осы саланың негізін қалап, орыс балалар фольклоры жөнінде мол мәлімет жинап, қыруар еңбектер қалдырған Г.С.Виноградов, О.И.Капица сынды ғалымдар есімі атап айтуға тұрарлық. Тіпті, 1928 жылы О.И.Капица басшылығымен КСРО халықтары балалар фольклорының үлгілерін жинайтын арнайы комиссия да құрылған. Кейінгі жылдары бұл сала жүйелі жолға қойылып, белсенді дамытылып, бүгінде жеке мемлекет болған көрші елдер балалар фольклорының негізінде сала-сала болып өріс алуда. Олардың ішінде түркі тектес халықтар – татар, өзбек,қырғыз балалар фольклорына арналған еңбектер де бар. Міне, сондай үлкен арналы саланың бірі – қазақ балалар фольклоры.
Қазақ балалар рухани мұрасына зерттеушілер арнайы ден қойып, ала бөтен зерттемегенмен де дәстүрлі мәдениеттің ажырағысыз құрылымы ретінде қай кезеңде де назардан тыс қалып көрген емес.
Сондықтан да оның там-тұмдап жинала бастауы жалпы фольклорлық үлгілер тәрізді ертеректен басталады. Оның жүйелі жүйелі түрде зерттеле бастауы XIX ғасырдың екінші жартасынан басталады.
Қазақ фольклорын ден қоя жинаушылар ол кезеңде балалар фольклорына арнайы көңіл бөлген жоқ, халық мұрасының бір қыры ретінде бесік жыры, жұмбақтар, өтірік өлеңдер сияқты танымал жанрларды қағазға түсірді. Мысалы, В.Радловтың «Түркі тайпаларының халық әдебиеті үлгілері» деп аталатын атақты еңбегінің қазақ фольклорына арналған үшінші томында өтірік үлгісі кезігеді. Сол сияқты М. Ибрагимов еңбектеріне баланың тууына байланысты ырымдар мен қазақ жұмбақтарының хатқа түскен нұсқалары бар.
Қазақ балалар әдебиетінің атасы болып саналатын Ы. Алтынсариннің 1879 жылы жарық көрген «Қазақ хрестоматиясы» алғашқы оқулық ретінде ғана емес, жалпы қазақ балаларының рухани дүниесіне назар аударудағы алғашқы бетбұрыс еңбек болғаны белгілі. Төрт бөлімнен құрастырылған осы кітаптың бірінші бөліміне өлеңдер мен балаларға арналған ұсақ әңгімелер, ертегілер енгізілген.
Осыдан соң-ақ қазақ халқының алдыңғы қатардағы оқыған азаматтары, педагогтары қазақ балалар ауыз әдебиетін жинаумен шұғылдана бастады. С.Көбеев 1910 жылы бастырып шығарған «Үлгілі тәржіме» және 1912 жылы бастырып шығарған «Үлгілі бала» кітаптарына балалар ауыз әдебиетінен өлеңдер, ертегілер және Қожанасыр әңгімелерін енгізілген. Тайыр Жомартбаевтың 1912 жылы шыққан «Балаларға жеміс» деген кітабында да балаларға арналған көптеген шығармалар кездеседі.
Жалпы, балалар өміріне назар аударуда сол кезеңде елеулі еңбек болған Е. Покровскийдің «Детская игра преимущественно русские, в связи с историей, этнографией, педагогикой и гигиеной» атты еңбегінде біраз қазақ балалар ойындары қамтылған.
Қазан төңкерісінен кейін де, адамзат соғысы бітіп, ел экономикасы мен мәдениетінде біраз серпіліс кезеңі басталған жылдары фольклортану ғылымында да ілгерілеу қозғалысы жүріп отырды. Осы жылдары қазақ балалар ойындарына назар аударып, көңіл қойғандардың бірі – Н.А.Мелкова. Оның «Игры киргизов» деп аталатын мақаласында Торғай, Орал өңірінің балаларынан жиналған отызға жуық ойынға сипаттама беріледі. Жинаушы өзіне дейінгі бұл жөніндегі еңбектің тізбесін жасап, балаларға арналған қазақ және орыс тілдерінде анкета дайындап, бұл іске үлкен жауапкершілікпен қараған. Сол сияқты А.Л.Троицкая мақаласында да сәбилік ғұрып жырлары жөнінде көп мағлұматтар келтірілсе, М.Ф.Гаврилов қазақ балаларының репертуарларындағы жаңылтпаштарға назар аударады.
Қазақ балалары үшін көптеген жылдар оқулық қызметін атқарған М.Дулатовтың «Қирағат» (оқу құралы) кітабында да фольклорлық үлгілер аса мол қамтылған.
Бұл кезеңдегі қазақ балалар фольклорына ықылас аударудың тамаша бір көрінісі ретінде 1926 жылы шыққан «Балаларға тарту» атты кітапты ерекше атаған жөн. Бұл жинақта халық поэзиясының балаларға арналған үлгілері тұңғыш рет толығырақ топтастырылды. Мұнда бесік жырының, саусақ ойындарының, тақпақтар мен сұрамақтардың, арнау-тілек өлеңдерінің, қызықтамалардың, жаңылтпаштар мен жұмбақтардың үлгілері жинақталған.
Қазақ әдебиетінің классиктерінің бірі І.Жансүгіров құрастырған «Ел өтірігі» кітабы да осы жылдардағы бағалы жинақтардың бірі болды. Сондай- ақ, 1928 жылы Семейде жарық көрген «Ауылдағы жастар, жас ұландар үшін ойын» кітапшасында да балалар жыры мен ойындары топтастырылған.
Бұл кезеңде қазақ балалар фольклорының үлгілері жиналып, жарық көріп қана қойған жоқ, зерттеушілер назарына іліге бастады. Бұл орайда А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы» дәлел болады. Ғалым ауыз әдебиетінің жанрлық түрлерін кеңінен саралай отырып, олардың балалар репертуарынан алатын орнына да назар аударып отырады.
Х. Досмұхамедовтің «Қазақ халық әдебиеті» атты еңбегінде: «Халық балалар әдебиетін зерттеу бала табиғаты мен тілінің дамуы жөніндегі мәселені анықтауға мол сәуле түсіреді, бұған қазақ педагогтары баса назар аударуы керек» деп берілген.
Осындай астарында үлкен емеурін жатқан салмақты сілтеме ойларды М.Әуезовтің «Қазақ әдебиеті тарихы», С.Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» кітаптарынан кехздестіреміз. Әсіресе, қазақ фольклорын арнайы зерттеген С.Сейфуллин еңбегінде құнды барлау, бағалы толғамдар мол.
Бұдан кейінгі жылдары қазақ балалар фольклорының әртүрлі үлгілері «Балдырған», «Ақжелкен», «Ұлан» сияқты мерзімді басылымдарда жиі жарияланып, мектеп оқулықтарында кеңінен пайдаланылады. Сондай-ақ, «Балалар әңгімесі», «Бөбек жыры», «Толқын» тәрізді бірнеше жинақ та жарық көрді. Бұлардың ішінде балалар жырының халықтық үлгілерін кең қамтыған толымдысы – белгілі ғалым Б. Кенжебаев құрастырған «Бөбек жыры» атты жинақ болды.
Осы кезеңде жарық көрген Ә.Марғұлан, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайлов, Қ.Бекхожин сияқты белгілі зерттеушілер жазған еңбектерде де бұл мәселе белгілі дәрежеде сөз болды.
Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары қазақ фольклорын жинақтай тереңдей зерттеуге бет бұрған сүбелі еңбектерде балалар шығармашылығына да елеулі орын берілді. Сондай атап айтарлық еңбек әлі күнге пайдалы қызмет етіп келе жатқан белгілі фольклорист М.Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты оқулығы.
Қазақ балалар әдебиетінің тарихын жасауға елеулі еңбек сіңірген ғалым Ш.Ахметов те бұл мәселеге айрықша көңіл бөлген. Ол өз еңбегінің «Ауыз әдебиеті - балалар әдебиетінің алтын қоры» атты тарауында «балалар фольклоры» терминін алғаш қолданып, түсініктеме береді және оның ішкі жанрлық түрлерін өзінше саралайды. Бүгінгі ғылыми тұрғыдан қарағанда көптеген олқылықтары бола тұра бұл пікірлерден біз қазақ балалар фольклоры туралы ілімінің кезеңдік белеңін көреміз.
Қазақ балалар фольклорының музыкалық қоры Б.Г.Ерзакович еңбегінде де көрініс тапқан. Ол алғашқы еңбегінде музыкалық балалар фольклорын «Сәбилерге арналған өлеңдер», «Балалардың өлең ойындары мен ермектері» деп екі жікке топтап қарастырады. Сондай ақ, оның «Қазақ музыкатану ғылымының бастаулары» («У истоков казахского музыказнания») атты екінші кітабындағы ойындар мен ермектердегі балаларды еңбекке баулу («Трудовое воспитание детей в играх и забавах») тарауы да өзіндік тұжырымдарымен көңіл аудартады.
Балалар фольклорына соңғы кезеңде арнайы көніл бөлген ғалым Б.Уахатов болды. Ол өзінің «Қазақтың халық әндері» атты монографиясында балалар өлеңдеріне жеке бөлім арнаса, «Қазақтың тұрмыс-салт жырларының типологиясы» атты кітабында оның түркі тектес халықтар фольклорымен ортақ желілеріне тоқталады.
XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап там-тұмдап жинала бастаған қазақ балалар фольклорының үлгілері зерттеу ісіне берік тұғыр боларлықтай көлемді мөлшерге жетті. Бұған әр жылдары жарық көрген «Қазақ балалар поэзиясының антологиясы»(1977), «Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы»(1980), «Үйіміз ортақ, жырымыз ортақ» (1980), «Өтірік өлең»(1980), «Қуырмаш» (1983), «Түйе, түйе, түйелер»(1985), «Асыл сөз» (1986) сияқты жинақтар мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Ортақ ғылыми кітапханасының қолжазба қоры мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба бөлімінде, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университеті, облыстық педагогикалық институттар студенттерінің экспедициясы арқылы жинақталған мәліметтер дәлел бола алады. 1987 жылы жарық көрген «Ақ сандық, көк сандық» жинағы осы мәліметтерді сұрыптап, толығырақ топтастырған алғашқы көлемді жинақ болды.
2. Балалар әдебиетіндегі тартысты үлкен проблемалардың бірі – балалар фольклорының ішкі жанрлық классификациясын саралау. Бұл турасында зерттеуші К.Ісләмжанұлы қазақ фольклорының өзіндік табиғаты, болмыс бітімі, ішкі жанрлық құрылымы, эстетикалық нәрі, поэтикалық ерекшеліктері тұңғыш рет, кең түрде зерттелген «Рухани уыз» атты еңбегінде нақты ғылыми тұжырымдармен айқындап берген болатын. Ол аталмыш еңбегінде саралау шарттары былай көрсетеді: «Зертеушілер балалар фольклорын саралау кезінде көп жағдайда шығармалардың авторы мен орындаушыларына мән беріп, оларды «балаларға арналған үлкендер шығармалары», «үлкендер репертуарынан балалар аузына көшкен шығармалар», «таза балалар шығармашылығы» деп үш топқа бөліп қарастырып келеді.
Ауыз әдебиеті – балалар әдебиетінің де алтын діңгегі. Онда арнайы балалар үшін шығарылғандай көптеген көркем туындылары бар. Осы тамаша туындылар балаларды ғажайып көркем әлем, ғаламат ұшқыр қиял тіршілігіне жетелейді. Фольклор бала қиял, жаңа, жас танымда осындай үлкен міндет атқарады. Демек, фольклор кай халық, қай ұлт мәдениетінде болмасын, балалар әдебиетінің бастауы. Бастау болумен бірге фольклор балалар әдебиетін үнемі байытып отырар қуатты қайнар бұлағы.
Ауыз әдебиетінің асыл мұралары, үлгілері – адамзатты мәңгі рухтандырар көркем шығармасының кәусар бұлағы. Оның балалар әдебиеті ғана емес, жалпы көркем өнер, мәдениет атаулымен тығыз байланысы белгілі. Бұл көптеп зерттеліп келе жатса да, әлі құпиясы мол тақырып. Балалық шақтағы қабылдау мен кейінгі оқуда көп айырма бар. Себебі, балалық шақтың әсері мүлде бөлек. Өйткені, баланың дүниені қабылдауы, өмірге деген сенімі мен арман қиялы осы бастан қалыптасады.
Балалар ауыз әдебиетінде эстетикалық мазмұн, эстетикалық идеал әржақты, әралуан мол болады. Соның өзі балалар санасының дамуына үлкен мүмкіндіктер туғызады. Өйткені, балалар ауыз әдебиетінде халықтың болашақтан үміт еткен эстетикалық идеалы өте күшті сезіледі.
Адам баласы тарихында ауыз әдебиетінің алтын бастауы – жыр өлеңнің бастамасы бесік жыры. Бесік жырларында дүниеге жаңа келген жас нәрестенің болашағын ойлап, қолдан келер мүмкіндіктерін соның жолына бағыттауға тырысады. «Бесік жырының» мазмұнына тереңірек үңілсек, онда адамның бастан кешірген бар тағдыры көрінгендей болады. Баланы тербете отырып, ана кейде өз басынан кешірген қайғысын да, қасіретін де, өмірден көрген қуанышы мен рахатын да, эстетикалық идеалын да қоса жырлайды. «Бесік жыры» ғасырлар бойы ұзақ өмір сүріп, ұрпақтан ұрпаққа ұласумен қатар, оған бала жұбату, тәрбиелеуде заманы қойған тілек, мақсаттарға қарай жаңа мазмұнда, жаңа түрде айтылатын шумақтар да қосыла берген.
Сондай-ақ, қазақ халқы тек бесікте жатқан балдырғанды қалай тәрбиелеу керектігіне ғана көңіл бөліп қоймаған, олар сонымен қатар аяғын апыл-тапыл басып, қаз-қаз тұрған балаға қалай қарау керектігін өлеңге, әнге қосып айтып, оны да зор қуаныш көрген. «Тұсау кесу» деп айтылатын халықтың өлеңде бұл жайында мынадай терең ой бар:
Қаз-қаз, балам, қаз балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Күрмеуіңді шешейік,
Тұсауыңды кесейік.
Бұл балдырғанға қойылған бірінші шарт, бірінші тілек десек, бала сол тілекті орындауды өзіне зор қуаныш көреді де. Оған мәз болады. Оның қаз тұруы ата-ана тілегін орындағандықтан алғашқы адымы болып саналады. өлеңде ешқандай бұру жоқ, тек тілек қана бар. Ол тілек әсем сазды өлеңмен айтылады. Бала ілгері қадам басқан сайын, оның алдына қойылатын тілек-мақсаттар да, эстетикалық идеал да бірден-бірге ұлғая бастайды.
Өлең жолдары баланың жүруіне ғана байланысты емес, мұнда баланың өзін қоршап тұрған айналасына зер салуға үйрету де көзделіп тұрғаны байқалады. Көре жүріп үйренудің, білудің керектігін танытады. Балаға зор сенім арта отырып, қатаң талаптар қоя білуде оларды шынықтыра түседі.
3. Қазақ халқының негізгі кәсібі мал шаруашылығына байланысты болғандықтан, балаларын малмен, шаруашылық жұмыстармен таныстыруға зор мән берген.
Баланы кішіпейіл, рақымшыл, өзінен үлкенді сыйлай білетін адамгершілігі мол етіп тәрбиелеу үшін, жасөспірімдердің көңіліне қонымды болу үшін мал, жануарлар арасында болатын мейірімділіктерді де мысал етіп ұсынады.
«Мал бағып кәсіп еткен халық жастардың, жас балалардың есіне осы ойларын құя берген»,- дейді академик М. Ғабдуллин. «Малдың баласын сүюі» өлеңінде жануарлар өз төлдерін қалай сүйіп, қалай құрметтейтінін көрсету ғана емес, сонымен қатар, мал шаруашылығымен таныстыру, оны ардақтай және күте білуге шақыру бар.
Төрт түлік малдың ішінде қазақ халқының аса қадірлейтіні түйе болғандықтан, бұл жайында айтылған өлең, жыр, әңгіме, ертегілер, мақал-мәтелдер мен әсерлі сөздер өте көп. Түйенің барлық жақсы ерекшеліктерін, төзімділігі мен беріктігін, күй талғамайтындығын көрсетіп, жұмбақ тәрізді етіп, әдейі балаларға арнап айтылған өлеңдер де бар. Түйе ерекшеліктерін санамалай келіп, «бұл не?» деп сұрақ қойса, үш-төрт жастағы балдырғандар да «түйе» деп жауап бере алады. Немесе:
Мүйізі айдай иілген,
Мұрнын көкке шүйірген
Керілген желін, сала емшек,
Сауғанда жаның сүйінген.
Ірімшік пен құрт майы,
Жегенде тілді үйірген,- дегенде «сиыр» деп жауап беретіні анық.
Халық өлеңдерінде балаларына жас кезінен-ақ еңбекке баулудың бұдан басқа да сан алуан шебер түрлері бар. «Түйе, түйе, түйелер» атты өлеңде мал басын өсірудің, оларды азықтандырудың жолдарын, әдіс-тәсілдерін көрсетеді.
«Бөбектің тілегі» деген халық өлеңінде де жақсы үміт, игі тілек бар:
Тоқтышағым, тоғыз тап,
Саулық қойым, сегіз тап,
Сегізін де семіз тап!- деген сияқты жалғаса беретін тілектер жақсы тәрбиенің жемісінен туған игі істің, эстетикалық идеалдың көріністері екені байқалады. Бала да мал төліне мейірлене, сүйсіне, қызыға қарайды. Ата-аналарымен бірге олар да мал басының өсуіне, көбейе беруіне ат салысады, жақсы тілектер білдірумен қатар, аман сақтауға жан аямай еңбек етеді. Халық бала тәрбиелеу ісін өзінің күнделікті шаруашылығына, өмірге тығыз байланыстыра жүргізетінінің бұл айқын айғағы екенін біледі. Жақсы тілек, жақсы сөздерді баланың аузына салып, өздеріне айтқызу арқылы оларды мал шаруашылығы жұмысындағы еңбекке саналы түрде кірісуге жол ашып береді. Бұл халықтың педагогиканың тамаша табыстарынан туған эстетикалық асыл ойлар екенін танытады. Осыған жалғаса әр малдың өзіндік ерекшеліктерін, сүйкімді қасиеттерін танытатын өлеңдер туған. «Ешкі» өлеңінде оның толық сипаты бейнеленіп, балаға жас кезінен әр малдың өзіндік қасиеттерін танытуға тырысқан.
Мал мінезін, малдағы әр алуан өзгеше қасиеттерді балаға жас кезінен үйрету, ұғындыра беру – олардың малға деген қамқорлығын, сүйсінуін, мамандығын, тәжірибесін арттыра беру мақсатынан келіп шыққан. Мал күтудің қиындығын алдын ала ескерткен, соған жас кезінен төзімді болып өсу дағдыға айналса екен деген тілек білдіреді.
Халық өлеңдерінде төрт түлік малды бағу, күту, азықтандырумен қатар, оны азулы аңдардан қорғай білу керектігін де сондай бір қуақы тілмен әсерлі айту бар. «Қасқырдың қойшы балаға айтқаны» дейтін өлеңде аңқау, салғырт болудың салдарынан тұтқиыл жағдайға душар болмау жағын алдын ала ескертіп отыру жағы да ұмыт қалмаған.
Балаларға үйретілетін өлеңдердің кейбіреулерінен малды ауылдың өмірі көз алдыңа келеді.
Ертең ауылым көшеді,
Уық бауын шешеді.
Ақ сандық, көк сандық,
Арқан тарт, кілем арт.
Сондай-ақ, малды көшіп-қонуға байланысты әрқайсысына міндеттер жүктеу жағы да ұмыт қалмаған.
Сен тұр - қойыңа бар,
Сен тұр - қозыңа бар,
Сен тұр - жылқыңа бар,
Сен тұр - сиырыңа бар,
Сен тұр - түйеңе бар!- деп бала құлағына жас кезінен сіңіре береді.
Балаларды мал шаруашылығының осындай әр жақты салаларына үйретумен, баулумен қатар, оларды жас кезінен-ақ есепке, санай білуге үйрету жағынан да көп көңіл бөлген. Санның қайталана айтылуымен қатар, балаларының бұрын естіп білмеген жаңа зат атауларымен таныстырып отыруда ескерілген. Осы арқылы баланы санауға да, сөздік қорын байытуға да жаттықтыра берген.
4. Халық ауыз әдебиетінде ұсақ жанрлар деп аталатын жұмбақ, жаңылтпаш, өтірік өлеңдер мен мақал-мәтелдердің балалар фольклорынан алатын орны ерекше. Бала тәрбиелеуде бұл жанрлардың атқаратын үздік орны барлығына халық зор мән берген.
Халықтық шығармалар ішінде баланы дұрыс та айқын сөйлеуге үйрететін, тілін дамытуға жаттықтыратын жанр – жаңылтпаш. С. Сейфуллин жаңылтпаш туралы: «Жастардың бала-шағаның жиналып ойын-күлкі құрған орнында айтылатын айтыстың бірі – жаңылтпаш. Бұл да ертек, өлең, жұмбақ айтысу тәрізді жастардың, балалардың тілге ұстануларына, ойнақы, қырлы сөздерді қақпақылша атқылап билеп, еркін сөйлеуге төселулеріне өз әлінше әдемі сабақ, тәжірибе болатын ойын. Ойнақы, қырлы, қиын дыбысты сөздерді билеп еркін сөйлеуге төселу ретінде балаларға, жастарға жас басынан ойын болатын нәрсе, әсіресе, осы – жаңылтпаш» дейді.
Жаңылтпаш – көбінесе жас өспірім балалар мен бастауыш мектеп оқушыларына лайықты шығарма. Себебі, жеке дыбыстар мен айтылуы қиын кейбір сөздерді дұрыс сөйлеуге үйрету, көбінесе балаға тән нәрсе. Мұнда міндетті түрде оқыту арқылы ғана емес, баланы талғамы күшті эстетикалық әсер алатын қызық та көркем сөздерге әуестендіру, соған баланы еліктеу арқылы жаттығу жұмысын жүргізуге үлкен шеберлік керек.
«Жаңылтпаш жиналған жұртты күлдіру, тіл ұстартуды көздеумен қатар, ол өлең, ән білмейтін жастарға берілетін жаза есебінде қолданған» дейді академик М. Ғабдуллин.
Жаңылтпаш сөздер жайдан-жай айтыла салмайды. Оның да қоғамдық мәні бар. Баланы дұрыс сөйлеуге үйретумен қатар, оларды айналасындағы неше алуан көріністермен, өмірмен таныстыруға да жәрдем етеді.
Сөз мағынасын бұрмалап жібермеу үшін абайлап, байыптап, маңызды сөйлеуге жатықтырады. Жаңылтпаш сөздердің бірнеше сөйлемнен құралған күрделенген түрлері бар. Жаңылтпаштар жасалу жолымен бала тәрбиелеудегі өзіндік ерекшелігін танытады.
Жаңылтпаштардың құрылысы жағынан ықшам, жаттап айтуға жеңіл, ұйқасымы күшті, әуенді, сазды және мазмұны жағынан күлдіргі болып келеді.
Қорыта айтқанда, бала тәрбиелеуде, оған ана тілін үйретіп, анық та айқын сөйлеуге жаттықтыруда балалар фольклоры ішінде жаңылтпаш үлкен рөл атқарады.
Өтірік өлеңдер – қазақтың халықтық шығармаларында ертеден орын алған жанр. Мұның түп нұсқасы әзіл-оспаққа, өткір сынға құрылған. Сонымен қатар, қиыннан қиыстырылған тапқырлық және ойдың өткірлігі мен логиканың күштілігі арта түседі. Сөз еткен тақырыптардың бәрінде де адам күлерлік, бой сергітерлік әдемі, жарастықты әзіл-оспақтардың болуымен қатар, үлкен ойға шомдыратын, өмір танытарлық құбылыстар да қамтылып отырған. І. Жансүгіров: «Қазақтың өтірік өлең, өтірік ертегі дегендері расында кенеуі жоқ босқа өтірік емес, өте шеберлікпен, тілдің орамдылығымен өзгеше өңделген сөз... Өтірік өлеңде өмір көп. Салғастыру бар, сықақ мол. Әр жануардың, әр айтылған нәрсенің тұрмысқа байланысы бар» деген болатын.
Өтірік өлеңдерде өзінің көлемі жағынан үлкен, кішілігіне қарамай, бәрінде де елеулі рөл атқаратын кейіпкерлері болады. Сол кейіпкерлер арасындағы өмір құбылыстары мен қарым-қатынастарды бейнелеу, әсірелеу арқылы суреттеледі. Осындай ерекшеліктеріне қарай үлкен кісілермен қатар, мектеп жасындағы балалардың оқып айтуына, жаттап айтуына да лайықты баспада жарияланған. «Өтірік өлеңдер», «Кірпік шешен», «Бүркіт», «Кер бие, торы құлын», «Торы тай», «Шыбын», «Ағаш пен шөптің ажырасқаны», «Қамыстың жауабы» тағы басқа көптеген өтірік өлеңдер жинағы бар.
Бұрын халықтық шығармаларда өтірік өлеңдердің қамтыған тақырыптары көбіне шыбын-шіркей және жануарлар тіршілігіне байланысты айтылатын болса, қазіргі кезең әдебиетінде тақырыптар әлдеқайда зор мәселені көтере бастағандығын аңғаруға болады.
Ғылым, техника жаңалықтарына байланысты айтылып жүрген өтірік өлеңдер баспа беттеріне көптеп жарияланып жүр.
Ғалым М.Ғабдуллин: «Нақтылы деректерді мол шеберлікпен фантастикалық дәрежеге жеткізу, адамның ойына келмейтін «өтірік» әңгімеге айналдыру қазақ ауыз әдебиетіндегі өтірік өлеңдер түрінің негізгі бір ерекшелігі болып табылмақ» дейді.
Қорыта айтқанда, біздің заманымызда туған өтірік өлеңдер – адам қиялының, арманының өрісін кеңейтетін, қиыннан қиыстырып, көп болжаулар жасауға мүмкіндік беретін және ұтымды пікір тудыратын қызықты жанр.
Мақал-мәтел, жұмбақтар бір ғасырдың ғана жемісі емес, халық ауыз әдебиетінде ерте заманнан келе жатқан, өзіндік ерекшеліктерімен танылған халықтың асыл ойының көркем жинағы. Онда халықтың өмір сүру барысындағы барлық тәжірибенің өнегелі өсиеттері айтылған. Онда халық даналығы сақталған. Сондықтан да қазақтың мақал- мәтелдері мен жұмбақтарын жинау, қамтыған тақырыптарына қарай бір жүйеге келтіру, бастыру XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап қолға алынған. Бұл жөнінде алдымен Ш. Уәлихановтың, Ы. Алтынсарин, С. Көбеевтің еңбектерін ерекше атауға болады.
Қазақтың мақал-мәтелдері мен жұмбақтары көркем әдебиетте сөздің әрін келтіретін, айтатын деген ойдың мағынасын толықтыратын, сонымен қатар ұтымды да, ықшам қолданатын әдемі форма.
Мұнда адам өмірінің бастан кешірген тарихи-әлеуметтік іс-әрекетіне, тіршілік тірегіне байланысты барлық мұрасы толық қамтылып, түгел айтылады. Халық, отан, ерлік, батырлық, еңбек, кәсіп туралы, қоғамдық, таптық хал жайлар және адамгершілік, достық, ынтымақ туралы, туысқандық, жанұя, адамның өмірі туралы, төрт түлік мал туралы, әдет- ғұрып заң туралы, ғылым, өнер, тәлім-тәрбие туралы, денсаулық, тазалық, аңшылық, табиғат құбылыстары туралы жан-жақты жинақталып түгел айтылған.
Жұмбақтардың айтылуы, сөз құрамы, әдемі ұйқасы, құрылысы, жинақтылығы, аз сөзбен көп нәрсені қамтитыны балаларға көп эстетикалық әсер береді.
Жұмбақтардағы терең ой, терең мағынамен қатар ондағы көркемдік шеберлікті қиыннан қиыстырып келтіреді.
Профессор М. Ғабдуллиннің: «Жұмбақ – оқушы балалар мен жастарға білім берерлік тәрбиелік мәні бар құралдың бірі» деуі жұмбақ жанрының ой ұшқырлығы мен ақыл-ой зеректігін ұштай түсетіндігін көрсетеді.
Жұмбақ өмірдің поэтикалық жақтарын қамтиды. Адамға өмірдің өзін қоршаған ортаның, табиғаттың поэтикалық көркем көріністерін танытады да, қай заттың, қай нәрсенің болса да, баламалы көріністерін тауып айтуға жаттықтырады.
Жұмбақтың балаларға пайдалы жағы – өз бойындағы құпияны шештіру, айтқызу арқылы оларға өмірді танытады. Айнала төңіректе болып жатқан түрлі құбылыстарға зер салуға, соның себебін іздестіруге үйретеді. Соның шешімін өз жолдастарынан бұрынырақ табамын деп өзін-өзі іске, әрекетке, терең ойға, қабілеттілікке жұмылдыра түседі. Өзі де көрген, білгенін жұмбақ етіп айтуға, сол арқылы өз жолдасының қабілетін арттыруға жәрдемдесіп, іскерлікке, қызметтің шеберлігіне төселе береді.
Сонымен, жұмбақ балалардың ойлау қабілеттілігін арттыра түсумен бірге, олардың көрген-білген нәрселердің бәріне де ой жіберіп, себептерін, өзгешеліктерін айырып, ұқсастықтарын салыстырып, оны сондай бір екінші затқа теңеп отыратындай шеберлікке үйрету үшін қолданатын халықтың шебер тапқыштық құралы. Қорыта айтқанда, дүние тану жолында баланы ойға, қиялға шомдыратын, іске, әрекетке баулитын және ой, қиялдың шама шарқын білдіретін құнды жанр.
5. Халықтық ертегілер – халық өмірін бейнелейтін фантастикалық негізге құралған оқиғалы көркем шығарма. Онда еңбекшң халықтың ғасырлар бойы жасап келген өмір тәжірибесі, оның мәдениеті мен салты, әдеті мен ғұрпы, шаруашылық кәсібінің түрлері, тілінің шебер ерекшеліктері қамтылған. Табиғаттың адам баласына жұмбақ болып келген неше алуан қызметі айтылады. Жағымсыз кейіпкерлердің зұлымдық, қастандық әркеттері әшкере етіледі, күлкі-мазаққа айналдырылады.
Халық ертегісі ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа айтылып, әбден екшелініп, халықтың даналық, тапқыр ой-пікірлері жинақталып, әрі көркем, әрі жеңіл тілмен беріледі. «...Домбыра шертуге үйренбек балаға үлкендер алдымен «құлақ күйін» үйреткенде, ертек, жұмбақ, өлең үйреткенде балаларға алдымен ертектің, жұмбақтың, өлеңнің «құлақ күйлерін», бастау сөздерін үйрететін болған» деп С. Сейфуллин айтуындағы «құлақ күйлер» «бар екнде, жоқ екен», «ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде» деген тәрізді болып келеді.
Халық ертегілерінің балаларды қызықтыратын тағы бір ерекшелігі ондағы адам бейнелері барлық жағынан әбден жетілген. «Кейіпкерлердің ең терең, ең айқын және көркемдігі жағынан әбден жетілген түрлері, типтері фольклорда, еңбекші халық ауыз әдебиетінде жасалған. Геркулес, Прометей, Микула Сельянинович, Святагор сияқты толық бейнелер, онан кейін ісі оңай келе беретін аңқау Иван сияқты толық бейнелерді және докторды, попты, полициейді, шайтанды, тіпті өлімді жеңетін Петрушка сияқты көркем бейнелерді жасауға халықтың ақыл ойы, үлгі тәжірибесі, сана-сезімі бірдей тегіс қатынасқан» дейді М. Горкий. Ертек оқиғасындағы әр алуан толық кейіпкерлердің іс-әрекеттері, ол кейіпкерлердің тапқырлық, ерлік, айлакерлік, ісі оңынан келе беретін аңқаулық мінездері балаларды таң-тамаша қалдырып, сүйсіндіріп отырады. Ертегілердің осындай тамаша ерекшеліктері балалардың эстетикалық талғамдарын дамытуға зор әсер етеді.
Халық ертегілерінің ішінде кең тарағаны хайуанаттар жайындағы ертегі. Табиғат жайында ең бай түсініктер алғаш осы хайуанаттар жайындағы ертегілер арқылы берілген. «Бармақтай бала», «Қотыр торғай», «Мақта қыз бен мысық», «Арыстан, қасқыр, түлкі, түйе, бөдене», «Кім неден күшті?», «Күшік пен мысық», «Қоянның ерні», «Түлкі мен бөдене», «Түлкі мен қоян», «Түлкінің арыстанды өлтіргені», «Түлкі мен тауық» т.б.
Хайуанаттар жайындағы ертегілерде балаларды қызықтырып, ой салаларлық екі түрлі сипат бар: бірінші, олардың мінез өзгешеліктерін, сырт көріністерін, күн көрісін байқайды. Екіншіден, хайуанаттар тіршілігінен мысал көре отырып, адамдар арасында болатын тартыстардың сыр-сипатын байқалады.
Басты кейіпкерлері бала болып келетін және балалар ұғымына жеңіл де әсерлі тиетін тазшалар жайындағы ертегілер көбіне балалар фольклорына жақын тұрады. Көркем бейнелері мол тазшалар жайындағы ертегілер тапқыр ойға құрылған шешендікті білдіреді.
Қазақ ертегілерінің көбі қиял-ғажайып, хайуанат жайында айтылады. Ал, жер кәсібіне байланысты диханшылық, бау-бақша тақырыбындағы ертегілер мүлде аз. Соған қарағанда, «Ғажайып бақ» ертегісі беріректе, қазақ халқы отырықшылық өмірге араласа бастаған кезде шыққан болу керек. «Ғажайып бақ» ертегісі балаларды адал ниетке, кіші пейілділікке, адамгершілікке, эстетикалық идеалға, еңбекке баулуға арналған.
Қазақ ертегілерінің аса бай, ең мол түрі - халықтың тұрмыс-салтына байланысты туған шыншыл ертегілер. Бұған «Аяз би» ертегісі де жатады. «Аяз би» ертегісінің оқиғалары қиялдан гөрі өмірге анағұрлым жақын.
Шыншыл ертегілерде бүкіл қоғамға тән әлеуметтік мәселелерден бастап, адамның жеке басына тән қасиеттерге дейін сөз болады.
Ақылымен бүкіл халықты табындырған Аяз бидің данышпандығы балаларды таң-тамаша етеді. Қиын-қыстау кездегі тапқырлық ой - адамды ажалдан да, қайыршылық халден де алып қалады. Адамды үлкен ойға шомдыратын даналық сөздер балаларды елтең-селтең жеңілтек мінездерден арылтып, парасатты болуға үйретеді. Еліне еңбек сінген қадірменді кісілердің қатарына қарай баулиды.
«Аяз би» ертегісінің құрылысы мен мазмұны, басты идеялары баланы ақыл парасаттылыққа, терең ойға, сабырлы да салқын қанды болуға, айтылған сертте тұруға, ойнаса да ойлап сөйлеуге тәрбиелеуге бағытталған.
6. Балалар ауыз әдебиетінде көркемдік ерекшеліктері анықтау – әдебиеттану ғылымында үлкен мәні бар мәселе.
Балаларға арналған халық өлеңдері өте күрделі болумен қатар, оның өзі әр алуан. Балалар өлеңінің кейбіреулері белгілі сюжетке, қою оқиғаға құрылады да, өлең шумақтары біріне - бірі тығыз байланыста келеді. Кейбір өлеңдер белгілі сюжетке, қою оқиғаларға құрылмайды. Олар бір тақырыптан екінші тақырыпқа тез ауысады, тез өзгере береді. Өлең шумақтары бір-біріне байланыссыз тұрады. Мұндай өлеңдердің бір тақырыптан екінші тақырыпқа тез ауысып, тез өзгеру себептері баланың жас ерекшеліктері мен білім көлеміне байланысты. Екіншіден, баланы қоршаған ортаның әр алуан жаңалықтарына байланысты өзгереді. Үшіншіден, табиғат байлықтары мен ондағы түрлі құбылыстар себептеріне балалар фантазиясы, балалар қиялы, ойы беріліп, тез әсер алуына, тез ойлауына байланысты бір тақырыптан екінші тақырыптарға тез ауыса береді. Төртіншіден, өзін қоршаған ортаның және табиғат сырларын білуге ынталанғанбала көңілі тілі жаңа шыға бастаған кездің өзінде-ақ шамадан тыс көп сұрақтар қояды. Шамамен айтқанда бір бала ата-анаға бір күнде ең кемі 250-300-ге дейін сұрақтар қояды. Бала сөзі сұрақтан басталады. Баланың бір сұрақтан екінші сұраққа тез ауысып отыруы оның әр нәрсенің себеп-салдарын білуге тырысатынына байланысты. Сондықтан балаларға арналған өлең тақырыптары да әр алуан болып келеді. Мұндай өлеңдерде түсінікті болу үшін қайталаулар да жиі кездеседі. Суреттеу тәсілдеріне жататын: қайталау, өлең қайырмасы, өлең құрылысы, формасы, көлемі, өлшемі, нұсқалары, портрет, пейзаж, гипербола, кейіптеу балаларға арналған халық өлеңдерінен ерекше орын алады.
Қайталау. Халықтық шығармалардағы балалар фольклорына тән қасиет қайталау. Оның әсіресе балалар поэзиясынан алатын орны ерекше. Ой мақсатына, түсіндіру тәсілдеріне байланысты бала көңілін белгілі бір затқа, сол заттағы ерекшеліктерге аудару үшін бір сөзді, не бір сөйлемді, жеке дыбыстарды қайталап айтушылық болады. Бір сөзді не бір сөйлемді, кейде оқиға желісін, кейіпкерлердің жеңістен жеңіске жеткен батырлық, ерлік істерін қайталып айту арқылы танытады. Айнымалы қайталап келетін, еселеп айтылатын сөз, сөйлем айырмашылықтары болады: «Күндерден күн өткенде, күн артынан күн жеткенде, айлардан ай, жылдардан жыл өтіп, темір етіктен теңгедей, темір таяқтан тебендей қалғанда, өлдім-талдым, өштім-жандым - деп келеді»
Кейде:
Ертек, ертек, ерте екен
Ешкі жүні бөрте екен.
Қырғауыл жүні қызыл екен
Құйрық жүні ұзын екен,- деген, әлденеше қайталанған жетекші сөздер кездеседі. Немесе, «Жоғарғы дәуді басын ас, төменгі дәудің төсін ас, ортаншы дәудің өзін ас» деген батырлық, ерлік пәрменін асыра түсетін ойнақы сөздер айтылады. Еселене қайталанып, қайталанған сайын жаңа ұғым, көрікті ой тудыратын не үстеме мағына беретін өлеңдер жиі кездеседі.
Торта қойдым,
Орта қойдым,
Орта қойдым.
Жорта қойдым, - деген сияқты бас аяғы тұжырымды, белгілі мазмұнға құрылған осы өлеңде қайталау бар. «Орта»деген сөз екі рет, «қойдым» деген сөз төрт рет қайталанған. «Торта», «орта», «жорта» деген сөздерді орнын тауып қолдана білгендіктен, бала көңіліне ойнақы, эстетикалық сезім тудырып, өлеңнңғ көркемдік әрін де, мән - мағынасын да, мақсатын да арттыра түскен.
Қайталау – балалар өлеңдерінде ойнақылық, жеңіл серпін, ой сезіміне әсер етерлік эстетикалық күш-қуат туғызады. Балаларға арналған халық өлеңдерінің ұйқастары да, осы қайталауға тығыз байланыста өріс алады. сонымен қатар өлеңнің мелодиялық негізін құрады. Мелодиялық негіз ән сазын, әуен сазын тудырады.
Қаз-қаз балам, қаз балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Күрмеуіңді шешейік,
Тұсауыңды кесейік.
Жеті буынды осы өлеңдегі бастапқы екі жол өз алдына, соңғы екі жол өз алдына, соңғы екі жол алдына ұйқасып тұрғанмен, жалпы мақсаты бір-ақ нәрсені меңзейді. Онда әдемі ұйқас та, нәрсенің жас жанына, нәзік сезіміне эстетикалықи әсер етерлік әдемі әуен сазы да, оған қойылған талап, тілектер де қамтылған. Мұндай егіз ұйқасты өлеңдер баланы ойната, сергіте жүріп айтылады. Сондықтан осындай ұйқастарды көбіне балалар фольклорына тән ұйқастар, балалар фольклорына тән ырғақтар деп қараймыз. Олай дейтініміз, мұндағы ән сазы, әуен сазы, өлең ырғақтары тек бала жұбатуға, оларды қаз-қаз, тәй-тәй деп ойнатуға ғана бейімделген.
Редиф. Шығыс халықтарының поэзиясына өлең тармақтарына жалғас қайталанып отыратын жеке сөздер, сөз тізбектері, редиф көбіне балаларға арналған өлеңдерде жиі кездеседі. Редиф қосымша түрде ұйқастық қызмет те атқарады. Ұйқас ырғағын, өлең әуенділігін, мелодиясын толықтыра, күшейте түседі. Мұндай өлеңдер оңай жатталады, балалардың айтуына ыңғайлы келеді. Редиф өлең ұйқастарының соңында ылғи да қайталанып бөлініп қалмай айтылады. Өлең ұйқастары өзгергенмен редиф өзгермейді, өз қалпын сақтайды. Балаларға арналған ауыз әдебиеті үлгілерінің жазба әдебиет үлгілерінен бір айырмашылығы осы редиф арқылы байқалады.
Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем.
Қонақ келсе, қой,бөпем,
Қой тоқтысын, сой, бөпем,
Құйрығына той бөпем,-
дегенді өлең ұйқастарынан соң әлденеше рет қайталанып айтылған «бөпем» - редиф. Мұнда өлең ұйқасы «қой, сой, той»деген сөздерге аяқталған да, «бөпем» соған жалғас қосарлана қайталанған.
Немесе:
Айналайын балам-ай,
Айналсын сенен анаң-ай, -
дегенде де дәл солай. Мұндағы «бөпем», «ай» деген сөздер өлең ұйқастыру үшін қолданылған емес, көбіне әуен сазын, ән сазын, өлең мелодиясын толықтыру, қолданылған.
Портрет. Балалар өлеңінде портрет ерекше орын алады. Ол көбінесе хайуанаттар мен ұсақ жәндіктер жайында айтылатын өлеңдер мен сатиралық өлеңдерде жиі қолданылады. Хайуанаттар мен ұсақ жәндіктер портреттерінің суреттелуі өте қарапайым болғандықтан, балалар оған өте оңай түсінеді, тез ұғады, жеңіл қабылдайды. Өзін қоршаған айналамен танысады, сол арқылы олардың түс-таңбасын ажырата біледі, өзіндік ерекшеліктерін байқайды.
Маң-маң басқан, маң басқан,
Шудаларын шаң басқан.
Екі өркешін қом басқан.
Ала бұта теріскен,
Тілін тікен теспеген,
Мұрындағы келіскен,
«Шөк» дегенде «бық» деген,
Шешіп үйін жүктеген.
Осындай сыртқы белгілеріне, түс-таңбаларына қарап, бұл не?- десе, балалар бірден түйе деп жауап береді. Бұл өлеңде түйе портреті әдемі суреттелген. Ұсақ жәндіктер портреті бұдан да айқынырақ, бұдан да дәлірек суреттеледі.
Ат басты,
Арқар мүйізді,
Бөрі кеуделі,
Бөкен санды,- деген де шегіртке портреті тым әсерлі. Балаларға арналған халық поэзиясындағы суреттеу тәсілдері осындай ерекшеліктерімен де көп нәрсені аңғартқан, көп нәрсені еске салған, бала көңілін эстетикалық терең ойға шомдырған. Сол арқылы бала талғамы мен олардың байқағыштық қабілетін арттырған, содан эстетикалық нәр алдырған.
Достарыңызбен бөлісу: |