Кәсіби біліктілік – бұл кәсіби іс-әрекеттегі субъекттің үнемі өсу үстінде болатын өзін-өзі дамыту үрдісі. Осыдан келіп кәсіби біліктілікті іс-әрекеттегі субъекттің жеке интегративті қасиеттерінің мінездемесі ретінде қарастырудың өзектілігі туындайды.
Әдебиеттер мен нормативтік құжаттарда біз мынадай анықтамаларды кездестіреміз: “Оқытушының кәсіби біліктілігі ретінде оның педагогикалық қызметі, педагогикалық қарым-қатынасы, мейлінше жоғары деңгейде жүзеге асырылатын еңбегі, мұғалімнің жеке қасиеттерінің жүзеге асырылу көрсеткіштері, оқушыларды тәрбиелеу және оқыту ісіндегі биік нәтижелер мен жетістіктері ескеріледі”. Өз кезегінде “білікті маман – мамандыққа тән нормалауды меңгерген, өз бетінше кәсіби мақсаттарды жүзеге асыра алатын, мотивациясы мен өзін-өзі жүйелеудің жоғары деңгейін иемденген, өзін-өзі басқара білетін адам” деп көрсетіледі.
Кез келген білім беру мекемесінде кәсіби шеберлікті көтеру мәселесі, педагогикалық ұжымды қалыптастыру кезеңінен басталады. Оқытушының кәсіби шеберлігін, біліктілігін көтеру – білім беру сапасын көтерудің ең маңызды шарттарының бірі.
Кәсіби шеберлікті қалыптастыру – оқытушының шығармашылық жеке тұлғасын қалыптастыру, жаңаны қабылдауға деген дайындықты қалыптастыру, педагогикалық инновацияларға деген қабылдауларын дамыту.
Білік – игерілген білімдер мен өмірлік тәжірибе негізінде орындалуы тез, дәл, саналы теориялық және тәжірибелік әрекеттерге даярлығы. Жүйенің мазмұны мен мақсатын, әдіс-формаларын, ұстанымдарын, білім алушылар мен оны ұйымдастырушылар арасындағы қарым-қатынасты өзгерту жаңа нәтижелерге әкеледі. Бұл мәселені шешудің жолдарының бірі – осы дидактикалық жүйедегі негізгі бөлік оқытуды жаңаша ұйымдастыру немесе технологияландыру деп түсінеміз.
Орыстың белгілі педагог ғалымдары Н.Крупская, А,Луначарский, А.Макаренко, В.Сухомлинский, Н.Блонский, т.б. мұғалім даярлаудың негізін қалаушылар. Қазіргі ғалым педагогтар, психолог әдіскерлер В.Сластенин, С.Полянский, Л.Керімов, А.Қадыров, А.Щербаков, К.Әбдімажитұлы, Н.Кузьмина, т.б. жоғары оқу орындарын білім мен біліктілікті, кәсіби іскерліктерін жетілдірудің және мұғалімдерді мұғалімдік мамандыққа даярлаудың бірден-бір үрдісі ретінде дәлелдейді.
Біздің елімізде кәсіптік білім берудің екі сатысы бар: орта мамандар даярлайтын арнайы оқу орындары, жоғары мамандар даярлайтын оқу орындары. Кәсіптік білімнің негізі – жалпы және политехникалық білім.
Мұғалімнің жеке басының үлгісі – кәсібилікпен біте қайнасқан қасиет. Сонымен мұғалімнің кәсібилігі іс жүзінде жас ұрпақты өмірге әлеуметтік қажеттілік деңгейінде дайындап шығаруды қамтамасыз ететін оның психологиялық, педагогикалық және ғылыми-пәндік білімдері мен оларға сәйкес мәдени-адамгершілік бейнесі және имиджінің жиынтығының жоғары сатысы болып табылады.
Педагогикалық әрекеттің шыңына апаратын келесі баспалдақ – кәсібилік. Қоғамның жаңаруы мен қарыштап дамуы оның азаматтарының барлық саладағы кәсібилігіне байланысты. Осы мәселені терең зерттеген А.Маркова мұғалімнің кәсіби деңгейге көтерілуінің мына төмендегідей психологиялық критерийлерін анықтаған: Объективті критерийлер: мұғалімнің өз мамандығына қаншалықты сәйкес, әлеуметтік тәжірибеге қосар үлесі қандай екендігі. Жоғары еңбек көрсеткіші, әр түрлі мәселелерді шығармашылықпен шеше алу біліктері, т.б. жататындығын атап өтеді.
Субъективті критерийлер: адамның мамандығы қаншалықты оның табиғатына, қабілеттері мен қызығуларына сәйкес. Мұғалім еңбегіндегі субъективті критерийлерге, сондай-ақ, кәсіби-педагогикалық бағыттылық, кәсіптің маңыздылығын, оның құндылығын түсіну, маман иесі ретінде өзіне позитивті көзқарастың болуын жатқызады.
Нәтижелі критерийлер: мұғалім өз ісінде қоғам талап етіп оытрған нәтижелерге қол жеткізіп отыр ма деген мәселе. Бұған қатысты қазіргі уақытта әр түрлі түсінік бар екені белгілі. Біреулер нәтиже ретінде оқушылардың білімдерінің стандартқа сай болуын алса, енді біреулері олардың қарым-қабілетін дамытуды алады, ал кейбіреулері оқушылардың өмірге дайындығын басты назарда ұстайды.
Шығармашылық критерийлеріне: мұғалімнің өз кәсібінің шекарасынан шыға алу, сол арқылы өз тәжірибесін, еңбегін өзгерте алуы жатқызылады. Шындығында да шығармашыл мұғалім үшін біреудің тәжірибесін қайталағаннан гөрі өз жаңалықтарын, білгендері мен түйгендерін басқаларға ұсына алудың шығармашылық бағыттылықтың болуының мәні зор. Тек сонда ғана ол өз оқушыларының дамуына қол жеткізіп, өзінің кәсіп иесі ретіндегі ішкі сұраныстарына жауап бере алады.
Болашақ мамандардың кәсіби құзырлылығын қалыптастыру мәселесінің теориялық негізін айқындау “компетенция”, “компетенттілік” ұғымдарының бірлігі мен ерекшеліктерін қарастырумен тығыз байланысты.
Ғылыми әдебиеттерд бұл ұғымдарға әр түрлі бағытта анықтамалар берілген. “Компетенция” ұғымы латын сөзінен шыққан, ол адамның мәселелерге жақсы хабардарлығын, танымдар мен тәжірибелерді меңгеру аумағын білдіреді. Мысалы, Францияда “компетенция” мен “біліктілік” ұғымдары синоним болып табылады.
“Компетенция” латын сөзі, аударғанда адамның жақсы хабардар мәселелер шеңбері және танымдық пен тәжірибеге ие болуы деген мағынаны білдіреді. Белгілі бір саладан компетентті болу – осы салаға негіздемелік талдау жасау және ондағы тиімді әрекет етуге мүмкіндік беретін лайықты білім мен қабілетке ие болу дегенді көрсетеді.
Сондықтан мұғалімдердің сапасын арттыру ісімен айналысатын біліктілікті арттыру мекемелерінің негізгі мақсаттарының бірі – олардың кәсіби біліктіліктің шыңына шығуына жағдай жасау.
Шығармашылық деген шыңға түзу жолмен көтерілу мүмкін емес, ол жолдың соқпағы, сүрлеуі болады. Дегенмен, ізденімпаз, өзіне талаптар қоя білетін, кәсіби деңгейі жоғары, рухы биік, даралық сапалары жетілген мұғалімнің шығар тауының биік болу мүмкіндігі мол.