Дәрісті бекіту сұрақтары: 1.Орыстың қай ғалымына Доспамбет туралы
аңыз әңгімелер белгілі болды?
2.Доспамбеттің толғауларының тақырыбы не
жайында?
3.Толғауларының маңызы не?
Дәріс 6 ЖИЕМБЕТ ЖЫРАУдың өмірі, шығармашылығы
Дәрістің мақсаты: Бізге жеткен өте аз мұрасының өзі –ақ Жиембеттің халқы үшін қолына найза да алғандығын,ел қорғаған ер екендігін, әділетсіздікке,қарсы екендігне студенттердің көзін өлеңдерін талдау арқылы жеткізу.
Тірек сөздер:Еңсегей бойлы ер Есім,Алау батыр,әскербасы,би,шежіре т.б.
Дәрістің жоспары: 1. Жиембет Бортоғашұлының өмірінен мәлімет.
2.Жиембеттің тек жырау емес, Еңсегей бойлы Ер Есімнің,
Кіші жүздегі үлкен тірегі, яғни әскербасы батыры, ел
басқарушы биі қызметін атқаруы.
3.Жиембет туралы біршама деректердің барлығы.
4.Жиембеттің атын ескі шежірелер қорынан да кездестіруге
болатыны.
5.Жиембет өмір сүрген дәуір сипаты.
6. Жиембеттің есімін кеңінен танытқан «Есімге арнаған
толғауы екендігі».
7.Өмірінің ақырығы кездерінде Жиембеттің қуғынға ұшырауы.
8.Жырау шығармашылығының маңызы.
9.Бізге жеткен өте аз мұрасының өзі-ақ Жиембеттің халқы
үшін қолына найза да алғандығын, ел қорғаған ер екендігін
дәлелдейтіні.
Халқымыздың тарихында өшпес із қалдырған небір майталман ақын-жыраулар өздері өмір сүрген кездің жақсылығын да, келеңсіз мәселесін де кеңінен толғап, кемеліне келтіріп сөз еткен. Осы орайда Асан қайғыны, Қазтуғанды, Бұқар жырауды еске алсақ та жеткілікті. Халқымыз «тіл бас жарады, бас жармаса тас жарады, бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деп сөз өнерін соншама биік бағалапты. Осындай асыл сөз иесі – XVII ғасырдың аса көрнекті ақыны, ірі ойшыл, қырағы сардар Жиембет.
Мұхтар Мағауин Жиембет жырау шығармаларын «Алдаспан» жинағында жан-жақты талдай келіп: «Бортоғашұлы Жиембет жырау көшпенділердің әскери аристократиясынан шыққан. Халық аңыздарының және көне шежірелердің айтуынша, Жиембеттің арғы атасы – Ноғайлының қорғаны Алау батыр. Алау – XVII ғасырдың бірінші жартысында жасаған тарихқа белгілі адам.
Жыраудың қай жылы туып, қай жылы өлгендігі жайында нақты деректер жоқ. Тек біздің заманымызға жеткен шығармаларындағы кейбір сәттерден, халық жадында сақталған әңгіме, жырлардан, ескі шежірелерден жырау жайында біраз мәлімет ала аламыз.
Жиембет – Есім ханның әскербасы батырларының бірі, әрі жорықшы жырауы», – десе, бұл жағдай үлкен жыраудың өзінің өлең-толғауларында да әдемі айтылған.
Жыраудың барлық саналы ғұмыры Еңсегей бойлы Ер Есім ханның қасында өтіпті. Ол ұлы ханмен тең сөйлесіп, керек жерінде үзеңгі қағыстыруға дейін баратын сияқты... Кейде тіпті ханның жалғыз, қарашаның көптігін айтып, Есім ханның алдында иілмейтіндей сыңай да танытқан. Ақын өзгенің де, өзінің де қадір-қасиетін терең сезінетінін аңғартып, ешнәрседен сескенбей, хан алдында қаймықпай, қасқая толғайды:
Еңсегей бойлы Ер Есім,
Есім, сені есірткен
Есіл де менің кеңесім!
Ес білгеннен, Есім хан,
Қолыңа болдым сүйесін,
Қолтығыңа болдым демесін –дейді.
Бұл жерде Жиембет жай ғана жырау емес, жаужүрек батыр жырау ретінде де танылады. Соншама айбатты, соншама қайратты, арғы-бергіні толғай, жақсы-жаманды талғай білетін, данышпан да даңқты ел ағасына биіктен сөйлеу дегеннің қаншама ауыр екенін түсіну де, түсіндіру де қиын. Олай дейтін себебіміз, бірде Бұқар жырау Абылай ханға қатты реніш үстінде: «Сенен бұрын жеті ханды жебеледім, кеше Еңсегей бойлы Ер Есім ханға да жолдас болдым, сен оның бір түстігіне де жарамайсың, – депті. Ер Есімнің бағасын бұдан артық жеткізу мүмкін емес сияқты. Ал бүкіл қазақ «Еңсегей бойлы Ер Есім» деп ардақтап алақанына салса, Алтай мен Атыраудың арасын қалмақтан босатқан асқан жауынгер ханға Жиембеттің назы оңайға түсті деп айту қиын.
Жиембеттің Есім ханға шалыс келуі бір себептен Асан қайғыдан тамыр тартқан дәстүр жалғастығы сияқты. Ол – Асанның Әз-Жәнібекке айтты дейтін кең толғамы, терең пәлсапалық дүниесі. Жиембет Асан қайғының сол толғауларының түрі мен мән-мазмұнын дамыта түскен.
Жиембеттің жоғарыда сөз еткен «Еңсегей бойлы Ер Есім» толғауы хан мен екеуінің арасындағы келіспеушіліктен туған сияқты. Өйткені, жырау:
Ертеңгі күн болғанда,
Елің кеңес құрғанда,
Айналып ақыл табарға,
Есіктегі ебесін,
Сонда, ханым, не дейсің, –
деп, ханға ауыр салмақ сала отырып, сол салмақты көтеретін жөні бар екенін де тереңнен қозғап айтады.
Алайда, азуы алты қарыс ақын ары қарай тарата, тармақтата толғайды. Ол:
Мен жоқ болсам, Есім хан,
Ит түрткіні көресің.
Жиембет қайда дегенде,
Не деп жауап бересің?! –
деген жыр жолдарынан жыраудың өзінің ел алдында, хан алдында қадір-қасиетінің қаншалықты екенін өте жақсы білетінін көреміз. Бір жағынан ханға мен көппін, сен жалғызсың, «көп қорқытады, терең батырады» деген, сен де артыңды ойла дегендей сыңай танытады. Тіпті қыза-қыза ақын ханға дөң айбат та көрсетіп қояды.
Меніменен, ханым, ойнаспа,
Менің ерлігімді сұрасаң,
Жолбарыс пенен аюдай,
Өрлігімді сұрасаң,
Жылқыдағы асау тайыңдай.
Зорлығымды сұрасаң,
Бекіре менен жайындай,
Беріктігімді сұрасаң,
Қарағай менен қайыңдай.
Көруші едім, Есім хан,
Ханымды – күнім, сізді – айымдай, –
деп толғаған Жиембет жырау өрлігіне сүйсіне түсесің. Жыраудың осы өлеңде қолданған теңеу-эпитеттері жарасымды, қазақы пиғыл, қазақы психология. Ол өзінің ішкі-сыртқы портретін айнытпай салып тұр... Бір жағынан Есім ханға жырау ешкімнен сескенбейтін жаужүрек екенін, тіпті тұрысатын жерінде «жолбарыс пенен аюдай» ерлігі бар екенін де ескерте кетеді. Енді осы өлеңнің туу себебіне сәл тоқталсақ, Еңсегей бойлы Ер Есім – ақынның інісі Жолымбеттің ерсі қылығына наразы екен, енді Есім хан Жиембетке де қыр көрсетіп, өштесе бастайды. Бұл туралы «Жақсы үгітте» былай делінген: «Бұрынғы достық дұшпандыққа душар болды. Жиембет ойлайды: сырттан томырайғанша, бетпе-бет, ауыз-ауызбенен айтып, біржолата ат құйрығын кесіп, қайтып көрместей болып, көкірекке келген сөзді айтып шығайын». Бұдан Жиембеттің өр мінезін, биік парасатын танып білеміз. Көк аспан қақырап, қара жер қақ айрылып кетсе де, көкірегіндегісін жасырмай бетке айту – шынайы ерліктің нағыз кісіліктің ісі екені түсінікті. Тымырайып кек сақтау, үндемей аңысын аңду, ішінде иті өліп жатудан оңбаған тірлік бар ма, одан асқан зұлымдық бар ма?! Жырау бұл жолды қаламай, ақиқатын сардита айтқан.
Жиембеттің күші, жоғарыда айтқанымыздай, қаумалаған қалың ағайын-туысы мен ақынды аса қадір тұтатын елі-жұртында екені анық. Оны біз жыраудың өз толғауынан білеміз, ол:
Мені өлсе құнсыз кетер деймісің,
Кешегі өзіңнің ұрып өлтірген
Тілеуберді құлыңдай.
Тілеуберді құлың мен емес,
Мұның, ханым, жөн емес,
Менің ер екенімді көргенсің,
Әзілдеп бірге жүргенсің.
Дегенімді қылғансың,
Қайратымды білгенсің,
Ағбытпа, ханым, күннен соң,
Сіздің естен кеткенмен,
Біздің естен кеткен жоқ, –
деп, ақын тіпті Есім ханмен сырлас-мұңдас болып бірге жүріп, бірге тұрғанын да жан-жақты сөз етеді. Жырау өзінің талай-талай қанды шайқаста көзсіз ерлік көрсеткенін, жайшылықта жанына жалау, қолтығына демеу болып, бір туып, біте қайнасқанын да тереңнен толғайды. Ол «мен кісіден көрген ізгілігімді жақсылықпен қайтаратын адаммын, сен де бір кездері менен мол сыбаға алып едің, соны ұмыта көрме» дей келіп, ары қарай сонау бір алыстағы, ұмыт болып кеткен ескі «жараның» аузын ашып, ханның сасып, қарашаның қашқан, жаудың мысының басқан кезін нақты, шебер суреттейді:
Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,
Соқыр бурыл байталға
Сонда бір жайдақ мінгенсің,
Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,
Қаланың қасы бүлгенде,
Хандар қалаға қылаған,
Сұлтандар суға сылаған,
Қаз мойынды ханыша,
Қалада тұрып жылаған...
Тал шарбаққа мал сақтап,
Тас қалаға жан сақтап,
Тасқан екен мына хан!
Тіпті хан басымен «соқыр бурыл байталға» ер-тоқым, айыл-тұрмансыз мінгеніне дейін тәптіштеп, қорықпай-үрікпей салмақты сөз саптайды. Бұл – бұл ма, одан әрі Жиембет іс-әрекетін тереңдете, әріден қозғап, ханға зіл тастай отырып, оны екіншілей көрмеске, онымен мәжілістес, сұхбаттас болмасқа серт бергендей шымырлата, буырқана, ашына жырлайды:
Қайрылып қайыр қылуға,
Қылығың жоқ ұнаған.
Қайратым қанша қайтса да,
Мұныңа, ханым, шыдаман.
Арқаға қарай көшермін,
Алашыма ұран десермін,
Ат құйрығын кесермін,
Ат саурысын берермін,
Алыста дәурен сүрермін,
Қарамасаң, ханым, қарама,
Сенсіз де күнім көрермін.
Жырау қаншама күш көрсете сөйлегенмен, Есім ханды биік бағалап, оның ерлік істері мен парасатты ел басшысы екенін мойындап тұрғандай. Қалай дегенмен де ханның арғы-бергі, жақсы-жаманды жүріс-тұрысы мен көңілге қона бермейтін кейбір қыңыр қылықтарын есіне салып, құдай тәубасын аузына келтіргендей.
Бұл толғау осындай ерекше қасиетімен құнды, шындықты ірікпей-бүкпей, тура қасқая қарап бетке айтуымен қымбат. Сонау арғы ғасырлардан бері ұмытылмай ел есінде сақталып келуі де жұрттың көкірегіндегі көкейкесті айта алмай жүрген сөздерін жеткізуінен болса керек.
Дәрісті бекіту сұрақтары: 1.Жиембет жыраудың арғы атасы кім болды?
2.Жиембеттің атқарған қызметі қандай болды?
3.Есімге арнаған толғауының себебі не болды?
Дәріс 7 МАРҒАСҚА ЖЫРАУдың өмірі шығармашылығының
зерттелуі
Дәрістің мақсаты:Марғасқаның бізге жеткен жырларының тақырыбын
ашу,шығармашылығын,өмірін толық меңгерту.
Тірек сөздер:Қатаған, Шашышқылы,әмірші,қалмаққа қарсы жорық, жер
тәңірсіп т.б.
Дәрістің жоспары: 1.Марғасқа жыраудың өміріне тоқталу,
шығармашылығының зерттелуі.
2.Марғасқаның ел аузында «бүтін билікке Төле би жеткен,
бүтін хандыққа Есім хан жеткен»! деп атаққа шыққан
Еңсегей бойлы Ер Есімнің тұсында өмір сүргендігі.
3.Марғасқа жырау Есім ханның әрі батыры, әрі ақылшы
жырау болғандығы жайлы.
4.М.Көпеевтің «Ел аузынан жинаған әдебиет үлгілері»
атты қолжазбасындағы Марғасқа жырау туралы
айтылғандарға тоқталуы.
5.Біздің заманымызға жеткен Марғасқа жыраудың «Ей,
Қатағанның хан Тұрсын» жырының шығу тарихы.
Марғасқа жырауды қай жылы туып, қай жылы қайтыс болғаны әлі де белгісіз, не тарихи кітаптарда, не көне құжаттарда, немесе ескі шежірелерде мына жылы дүниеге келіп, мына жылы дүниеден өтті деген нақтылы дерек кездеспейді. Ғылымда Марғасқа XVII ғасырда өмір сүрді деп айтылады.
Жыраудың өз дәуірінде әлденеше ұзақ-ұзақ толғаулары да болған шығар. Алайда, соның көбісі бізге жетпеген, кезінде хатқа түспегендіктен ел жадынан шығып, бұл күнде ұмыт болған.
Марғасқа ел аузында «бүтін билікке Төле би жеткен, бүтін хандыққа Есім хан жеткен»! деп атаққа шыққан Еңсегей бойлы Ер Есімнің тұсында өмір сүріпті. Ал, осы атақты Ер Есім жайлы Қазанғап Байболов үлкен дастан жазған. Ол жыр Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасында (№513) сақтаулы. Осы аталған еңбекте Ер Есімнің қазақ халқын қырық жыл бойы басқарып, белдеуінен тұлпары кетпегені, білегінен қылышы түспегені, өмірінде бел шешіп тыныш ұйықтамағаны жан-жақты айтылыпты.
Есім ханның үлгілі істерін талай тарихшылар жазған да, айтқан да шығар, бірақ ол туралы XVII ғасырдағы Марғасқа толғауы ерекше бағалы екені даусыз. Өйткені, ол айбынды ханның әрі батыры, әрі ақылшы жырауы болғанға ұқсайды.
Ғалым-жазушы М. Мағауин Марғасқа жырау жөнінде былай депті: «XVII ғасыр әдебиетінен қалған нұсқалар өткен дәуірлермен салыстырғанда біршама аз. Бұл кезде жасаған қазақ ақын-жырауларынан біздің заманымызға шығармалары жеткені – Жиембет, Марғасқа жыраулар. Бұл екеуінің де аты XVII ғасырдың алғашқы жартысында билік құрған хан «Еңсегей бойлы Ер Есіммен» байланыстырылады.
Бір орталыққа бағынған күшті мемлекет құруға тырысқан Есім ханның өз мақсатын орындау жолында жеке ұлыс-тайпалардың хандары мен ірі феодалдарының қарсылығын тойтарып отыруына, кейде қантөгіске баруына да тура келеді. Есімнің жолына кесе-көлденең тұрғандардың бірі – Қатаған, Шанышқылы руларының ханы, Тәшкентті билеуші Тұрсын еді. Тәуелсіз әмірші болғысы келген Тұрсын Есімнің қалмақтарға қарсы жорыққа кетуін пайдаланып қазақ ауылдарын шабады. Көп жұртты харап қылады. Ұзамай-ақ кезек Қатағандарға келеді. Ызақор, дұшпанына мейірімсіз Есім жорықтан орала салысымен Тәшкентті шауып алып, Қатағандарды қырғынға ұшыратады. Тұрсын ханның өзін өлтіреді. Бұл оқиға Абылғазы баһадүр ханның айтуынша 1627 жылы болған.
Есім ханның батырларының бірі, әрі жорықшы жырауы Марғасқаның біздің заманымызға жеткен бір өлеңі осы оқиғаға байланысты туған». М. Мағауинның бұл деректері Марғасқаның өмір сүрген кезінен біраз мәліметтер береді.
Жоғарыда айтқанымыздай, XVII ғасырда өмір сүрген Марғасқаның бізге жеткен жалғыз өлеңі ғана бар.
Бұл шағын өлең небары 13 жол. 1627 жылдар шамасында Тәшкенттің сол кездегі әміршісі Тұрсын ханға байланысты туған. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының осы уақиғаға қатысты қолжазбасында былай делінеді: «Еңсегей бойлы Ер Есім Түркістанда қазақ ханы болып тұрған күнде Ташкентте Тұрсын хан Қатаған деген жұртты билеп тұрды. Тұрсын хан мен Тұрсын хан ант етісіп, бір-бірімен жау болмасқа бата қылысты. «Күнбатыс Бұқар, Қоқан, Самарқандпен жауласуға мен қарсы тұрайын. Сен күншығысқа қосын қылып аттан. Ұзын аққан Ертістің басынан кір, аяғынан шық», – деп Тұрсын хан кеңес берген соң, мың кісі қосын алып Есім хан күншығысқа бет қойды».
Есім ханның Ташкентті алуы өте шұғыл. Қаланы алу барысында көп қан төгіледі. Мұның себебі, біріншіден, Тұрсын ханның сөзінде тұрмауы болса, екіншіден, Есім ханның Тұрсын хан сілтеген жорықта көп қиындықты басынан кешіргендігі болса керек. Мәшһүр Жүсіп бұл ретте былай деп жазады: «Ол күнде Шу мен Сарысу асқан соң, Ертіске дейін елсіз, жыртылып айрылған аңнан басқа дәнеме жоқ екен. Елсіз-күнсіз далада кім жүруші еді деп Есім хандар аттарын қоя беріпті. Бұлар бейғам жатқанда, көліктерін түп көтере қалмақтар айдап кетіпті. Мың сарбаз шөл далада жаяу қалады:
Мінгені Есім ханның ала белді,
Бойында Шідертінің қара көрді.
Көрінген сол қараны кертағы деп,
Аттарын шідер салып қоя берді.
Есім ханның тобы алыстан көрінген жау жасағын аңдармен шатастырып тағы да алдауға түседі, әрі баспанасыз, әрі азық-түліксіз он күн бой құлан жортпас қу медиенде ауыр қиыншылықтарды бастарынан өткереді. Есім хан жасақтарына: «Азаматтар, шоралар, біз бүйтіп жатпайық. Мен жортар аттың он күнге баратын жеріне бір күнде барамын. Маған еругіе жарайтының бар ма?» – дейді. Хан он күндік жолды бір күнде жүре алмаса да, оның бұл сөзі еңсесі түскен сарбаздардың рухын көтереді.
Есім хан ақыры аттарын айдап кеткен жауды қуып жетеді. Алайда, ол өзінің Көкаласын таба алмай көп іздейді. Есім хан тұлпарының сырына қанық қалмақтар оның ер-тоқымын алмай, күндіз-түні қостың қасында, шылбырын қолдарынан шығармай ұстайды. Мұны көрген хан шылбырды жасырынып келіп, білдірмей кесіп жіберіп, атының үстіне қарғып мінеді де, «аттандап» айғайға басып, өз аттарымен бірге жаудың да аттарын айдап кетеді.
Дәрісті бекіту сұрақтары: 1.Ғалым жазушы Марғасқа туралы қандай
пікір айтты?
2.Марғасқа жыраудың хан Тұрсынға
арналған өлеңінің шығыуына не себеп
болды?
Дәріс 8 АҚТАМБЕРДІ ЖЫРАУдың өмірі, шығармашылығы
Дәрістің мақсаты:Ақтамберді жырларының азаттық,бостандық толғаулары
екендігін жеткізу.
Тірек сөздер:Күлдір-күлдір кісінетіп,балпаң-балпаң,Жүрек жота т.б.
Дәрістің жоспары: 1.Жырау ұрпақтарының айтқан деректері, әрі “Тауарих
хамса” бойынша Ақтамбердінің атақты Қаракерей
Қабанбаймен бірге Найманның бір көсемі, әскербасы
батыры, әрі төгілмелі жырау болғандығы туралы
мәлімет.
2.Ақтамбердінің жай жырау емес, жортуыл жыршысы,
әрі балуан, әрі батырлығымен халық арасында өте бетті,
беделді болғандығы туралы түсінік.
3.Өте жастай өлең шығаруы. Ерте есеюіне сол кездегі
жаугершілік заманның да әсері екеніне кеңірек тоқталу.
4.Ақтамберді елін, халықын жаудан қорғаушы, тарихи
оқиғалардың бел ортасында жүріп азаттықты,
еркіндікті, халық үшін “күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді
мінгені”, ерлікке, батырлыққа шақырған жауынгер
екендігіне ерекше назар аудару.
5.Ақтамберді толғауларының қайнар көзі-Шалкиіз,
Доспанбет сияқты өзінен бұрынғы аталар мұрасының
заңды жалғасы, көне қазақ поэзиясы екендігіне түсінік
беру.
6.Ақтамбердінің бейіті Семей облысы, Абай ауданының
Жүрек Жота төбесінің басында екендігінен хабар беру.
7.Өмірін түсіндіру барысында өлеңдерін дәлел ретінде
пайдалану.
Ақтамберді жаугершілік заманның әрқилы кезеңдерін басынан көп өткерген. Егер «Алдаспанға» сүйенсек, 93 жыл өмір сүріпті, яғни 1675-1768 жылдарда дәуір кешкен. «Ақындық даңқы жас кезінде шыққанына» қарағанда, бізге мұрасы молырақ жетсе керек еді, әзірше қолда бары шағындау. Немесе Ақтамберді өлеңдерінің біршамасы басқа жырауларда ауысып жүруі мүмкін, XV-XVIII ғасырлар поэзиясында ондай жағдайлар кездеседі.
Ақтамберді қазақтың көне жыраулық эпосының белді өкілдерінің бірі, аты әр жерде айтылғанымен, арнайы зерттелмеген авторлар санатында. Қолдағы қазынасына қарағанда, жырау жорық-жортуылдарға мүлдем ілесіпті. Егер ол «он екіде аттанып, қылыш ілдім білекке» десе, өмірінің тең жарымының көбісі басқыншылармен күресте еткен кісі.
Ақтамберді жарлылық пен жалғыздықтың тауқыметін көп көргенге ұқсайды, адамдыққа, адалдыққа, әділетке жүгінеді. Ауыз толтырып айтар байлығы болмағанын өзі жасырмайды. Тұрмыстың қыр-сырын, от басы, елдік, жерлік мәселелерін жырларында жақсы көрсетеді. Жырау ақиқатты айтудан тайсалмайды, шындық туралы шымыр шешендік сөздерді түйдек-түйдегімен тастайды. Бәрі де сол тұстың ауыр тұрмысынан, күрес шындығынан алынған тартымды тирадалар. Жырау баққа да, таққа да таласпайды, көкірек көзі халың даналығымен суарылған. Ақтамберді, асылы, қысқа нақлият сөздерінің шебері болса керек. Көңіліне түйгенін, піскен ойын шашыратпай, шиыршық атқан күйінде айтып кете берген. Эпикалық кең тынысты туындылары да болуы мүмкін. Бірақ, қолымызға әлі қомақты дүниелері түсе қойған жоқ.
«Ақтамберді жырау (1675-1768) эпикалық жанрдың ақыны болған. Өзінің жырларында ол батырлардың ересен ерліктерін асқақ береді.
Күмбір-күмбір кісінетіп,
Күреңді мінер ме екенбіз.
Күрек тісін ақситып,
Сұлуды сүйер ме екенбіз.
Күдеріден бау тағып,
Кіреуке тон киер ме екенбіз.
Жағасы алтын, жеңі жез,
Шығыршығы торғай көз
Сауыт киер ме екенбіз.
Сырттан сауыт киген соң,
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төске алып,
Қол қашырар ма екенбіз.
Ақын өзінің замандас жас ұрпағын табандылыққа, ерлікке шақырады. Ақтамбердінің бүкіл шығармасынан жауынгерлікке, ерлікке үндеу, жауға батыл аттану және оның алдында тізе бүкпеуге үндеу сарыны ерекше естіледі.
Жырау жырлары қарапайым қауымның ой, арманын, мінезін, өрісін айқындайды. Әзілмен, айтыспен, сынау-мінеумен, келелі кеңеспен жыраулар ел, жер, күн дауын шешуде зор рөль атқарған. Мәселен, ірілеу боп келсе толғауға түсіп кетіп, дала заңын өздерінше жасауға тырысқан. Кезінде Ақтам6ерді толғауы да осал қызмет істемеген.
Ақтамберді творчествосында басқа тұстастарына қарағанда «меннің» көріне бастауы анықтау секілді. Ол өзінің ғұмырнамасын жырларына толық түрінде болмаса да ептеп түсіре берген. Жалған айтып, жағымпазданып тәуір көрінемін деу онда жоқ, күйінгенін, көңілі қалғанын, алыс арманын айтады. Ал тап берген жауға қарсы жігерлендіруге, алға ұмтылдыруға келгенде одан өткір үгітші, трибун кездеспейді. Бала-шағасын ұмытуға, ат үстінде түн қатуға әзір. Исі қазақтың тұтастығын, іргесінің ыдырамауын ойлаған көсем шешендердің бірі.
Ақтамберді сияқты көреген жырау атамекенді тар мағынада түсінбесе керек, отырықшылдықты ойлауына қарағанда, біраз алысты қиялмен болжаған адам. Тақпақ-термелерінде ішіне сыймаған ойлары жатыр, соны сыртқа шығарған. Қынжыла толғанып шығарғандары ошақ басы емес, ерлікті, елдікті аңсаған зиялы зергердің келбетін танытады.
Көшпенді тіршіліктің де өзінше бір қуаты, романтикасы барын Ақтамбердінің афоризмдерінен байқау қиынға түспейді. «Көшпенді ақындардың өлеңдерінде өзара ұқсас бастау, кіріспе, риторикалық сауалдар, лепті көтермелер, дәстүрлі теңеу, салыстырулар қиялының көріне бастауы бой көрсетеді».
Өзге жырауларға қарағанда Ақтамбердіде қаратпа тіркеспен басталатын өлеңдер жоқтың қасы. Жаугершілік заманда өмір сүріп, ел батырларымен үзеңгілес бола жүріп, оларға арнау, толғау айтпауы қалай деген сауал туады. Соған қарағанда Ақтамбердінің әлі қолымызға түсе қоймаған, ел арасында жүрген шығармалары бар шығар.
Жырау – өз уақытының көрегені. Тарихи деректердің ар жағында не нәрселер жатқанын біз кейде бажайлап біле бермейміз. Хандардың ішіндегі қаныпезер, ел тонағыш, өз пайдасы үшін қарапайым халық өкілдерін құрбандыққа шалатын әділетсіздерін жыраулар аяусыз мінеп-шенеген. Олар тақта отырған хандардан тайсалмаған.
Меніңменен, ханым, ойнаспа,
Менің ерлігімді сұрасаң,
Жолбарыс пенен аюдай,
Өрлігімді сұрасаң,
Жылқыдағы асау тайындай,
Зорлығымды сұрасаң,
Бекіре менен жайындай,
Беріктігімді сұрасаң,
Қарағай мен қайыңдай, –
деп, Еңсегей бойлы Ер Есімге тап берген Жиембет жырау Бортоғашұлының жүрегінің түгі бар шығар деп ойлап қаласыз. Әніки, Жиембет пен Марғасқада болған батылдық Ақтамбердіде болмады деп айта алмаймыз. Ерлігімен де, сөзімен де Орта жүзді аузына қаратқан жыраудың ер үстінде өткізген жорық күндерін тізіп айта бермеуі де мүмкін. Қабанбай, Бөгембай, т.б. батырларды Ақтамберді білмеді деп және айта алмаймыз. 1728-1730 жылдары жорықтарға батырлар да, жыраулар да белсене қатысқан. Ақтамберді сол кезде елудің о жақ бұ жағындағы жігіт екен. Сыртқы жауға шапқанда бірігіп кететін де, ішкі жағдайдағы жесір дауында, ер құнының тұсында өзара шыж-быждасып та қалған.
Ғалымжан Мұқатовтың айтуынша: «Найманнан Қабанбай батыр мен Ақтамберді жырау жүз кісімен келіп, ерінің құнын, жесірін даулайды. Даугерден сөзді әуелі Ақтамберді жырау бастап:
Уа, қарт Бөгембай,
Құяр жауын аспаннан,
Қара бұлт торласа,
Бәлекет елде көбейер,
Жігітті жігіт қорласа.
Ақбөкен келіп жығылар,
Алдын қазып орласа.
Пенденің бағы ашылмас,
Маңдайы қалың сорласа.
Дұшпан қорлап не қылмақ,
Бақыт басқа орнаса.
Қынаптан қылыш суырмай,
Қарысқан жау бүлк етпес.
Жуылмай қастың қанымен,
Намысқа тиген кір кетпес.
Шабыссаң, кәне, шыдап көр,
Жау емессің күш жетпес.
Дарабоздай қолбасы
Абыройын кірлетпес.
Ұрын келген ер қайда?
Жесірім қайда тіл өтпес?
Жендетті көрсет көзіме,
Желіккен басты кім кеспес!
Еліңді жүндей түткізіп,
Қанды көбік жұтқызып,
Жайратамыз осы кеш! –
дейді сұстанып.
Сонда Қанжығалы атынан Үмбетей жырау буырқанып, тебірене тоқтау айтады». Екі жақ пәтуаласады. Бұл да жыраудың өсиетші, ақыншы, кеңесші болғанын көрсететін ерекше көрініс. Алғыр, орақ ауызды шешен, Ақтамберді мұндай ел ішіндегі бітімдерге аз араласпаған болуға керек.
Ақтамбердіден қалған мұра әзірше 300 жолдан аспайды. Ерліктің қалың ортасында жүрсе де, жырау қарапайым халық тұрмысын бейнелеуге көбірек бұрылған, тіршілікке көңілі толмай, мол армандағанын, жалғыздықтан, қолдың қысқалығынан жапа-зәбір шеккенін шығармаларынан танимыз. Түр, тақырып, объект жағынан Ақтамбердінің басқа жырауларға ұқсайтын да, ұқсамайтын да жақтары бар.
Ақтамберді жырау табиғатқа, адамдарға бір табан жақын. Шарықтап аспанға да шығып кетпейді, жерден, елден қуат алады, мұңын да, сырын да тыңдаушысынан жасырмайды, бастан кешкен ғұмырлық тәжірибесін қорытады, қиындық пен ауыртпалықтың момын халықтың иығына түскеніне күйінеді, ерлік пен өжеттігін және жасырмайды.
Ақтамберді өлеңдері жыраулардың ауыз әдебиетінен бөлініп, жеке отау тіге бастағандығына дәлел. Халық даналығын көркейтіп одан әрі жетілдіруші, сөз өнерін жаңа ерге апарушы ретінде көрінеді. Соғыс алаңы мен сөз майданында қатар көзге түсу екінін, бірінің қолынан келе бермейді. Әлгі есіңізде болар, «Ел күйінгенде күйінген батыр, ел сүйінгенде сүйінген батыр, ерегісте мыңға татыр» демекші, Ақтамберділердің өзі де, сөзі де мыңға татитыны рас. Халқына қымбат жыр сыйлаған жүйріктердің қашанда бағасы өлшеусіз болмақ. Өз уақытының қашанда озық ойлы кісісі болу жеңіл міндет емес.
«Атадан алтау туғанның» жүрегі қалай, немесе «Атадан жалғыз туғанның» халі қандай, Ақтамберді жырау сол жайды жақсы ұғындырады. Тақырыптың ішіне кірместен бұрын бес-алты ауыз, не одан да көп кіріспе жасайды, не табиғатты суреттеуден, не жыр арнаған адамның өмірбаянынан баяндаудан бастап кетеді. Мұндай әдіс, әдетте, жырауға желпініп, қанатын қомдап, қияға сілтерге қажет. Одан кейін мүдірместен жүйріктей сілтеп кетеді. Діттеген жеріне жетіп тоқтағанша жырау көркем сөзді барынша төгіп салады. Ақтамбердінің «Күмбір-күмбір кісінетіп» дейтін атақты толғауы сондай бір көркем шабыттың келісті көріністі сияқты.
Жырау көрген, білгеннің бәрін тізе бермейді, көкірегіне түйгенін салмақтап, саралап қана шығарады. Жыраудың халық үшін қадірі сонда жатса керек. Суырып салмаға да (импровизация) іштей дайындық қажет, ондай әзірлікті жырау ауыз әдебиетінен алады, халық шешендігінен үйренеді. Осындай жақсы үйренудің нышандарын Ақтамберді поэзиясынан көреміз.
Жырау толғаулары өміріне, жай-күйіне, қарапайым тұрмысына жақын тұрады. Негізінен дидактикалық сипатын сақтайды. Ақылды да жадағай, жалаң айтпай, аталық өре тұрғысынан толғап екшеп, өз басынан кешкенін қорытып береді. Сондықтан да Ақтамберді афоризмдері иланымды, сенімді сезіледі.
«Халық әдебиетіндегі адамгершілік пен ерлік, ел қорғау, кемтар қауым даналығын суреттеу, берекелі бейбіт өмірді іздеу идеялары – халықтық абзал дәстүрдің құлан иек атқан таңы, туу шағы болатын. Ол дәстүрдің өмірлік орнығуын, қалыптасу кезеңін XV-XIX ғасырлардағы тарихи жырлар мен ақын, жыраулар мұрасынан айқын көреміз».
Сол адамгершілік пен ерлікті, елдікті жырлаған жыраулардың бірі Ақтамберді толғаулары мен төрттағандарында осы ізгі бағытты берік ұстанған. Түбінде жақсылықтың жеңетіндігіне сенеді, келсе адамдық жаса, пендешілікке барма дейді. Жетім менен жесірді ішіп-жеп, оны қорлауға қарсы шығады. «Сөзі көпке өтпесе, жал-құйрықсыз жалғыздар» екенін анықтайды.
Ол өмір туралы көп толғайды, алуан ойларға батады. Қолымызда бар шағын шығармаларының денін Ақтамберді жасының ұлғайған кезінде шығарған шығар деген пікірге тірелеміз. Олай дейтініміз, көрген, білгенін, түйгенін жырау зерделі насихатпен, көңілге қонатын сөзбен табиғи жеткізеді, әшекейлеп, астарлап жатпайды.
Бір құбылысты екінші бір құбылысқа теңестіру, салыстыру арқылы әдемі, айшықтай ой тастайды, өз уайымының шеңберінде қалып қоймай, іштегі дертін сыртқа, сол кездегі кедей қауымның ауыр тұрмысына ортақтастырып шығарады. Тұрмыс, тіршілік күйі туралы түйіндері жеке болып келгенмен, өзара тұтас бір туындының келбетін береді. Ғибрат, нақылдары жарасымды, еркін, шебер күйде.
Тегі, Ақтамберді ерлікті де, шешендік өнерді де жастайынан аңсаған адам. Ауыз әдебиетінің озақ үлгілерінен өнеге алғанын жыраудың көркем тілі айтып танытады. «Кәрі ақсайды ақылдан, ер ақсайды жақыннан» десе, ащы шындықты аңғарамыз. «Жауласарға жау емес, дауласарға дау емес, жақынға қылман зорлықты» десе, адам қарым-қатынастарының күрделі, астарлы екенін шебер тілмен түйеді.
Жыраудың тұжырым-түсініктері өз ортасының қоғамдық түсініктерінен, әдет-ғұрпынан, салт-санасынан хабар береді. Ақтамберді айтпағын аса жұмбақтамай, ашық үнмен, қанық бояулармен береді. Ләззаттан гөрі, тұрмыстан жеген опығының молдығын жасырмайды. Жинақы, жұмыр шумақтарға терең ой сыйғызып жібереді. Ру мәселесіне емес, рухқа көңіл бөледі. Топшыларын өрнекті, таза тілмен жеткізе біледі.
Достарыңызбен бөлісу: |