Сұрақтар 1.Ежелгі Шығыстағы саяси ойлар. 2.Европалық ағартушылық дәуірдегі саяси идеялар.
1. Адамзат қоғамы сияқты, ғылым мен білім, мәдениет пен әдебиет біркелкі дами қоймайды. Олардың шарықтап шалқитын, құлдырап түсетін де кезеңдері болады. Тарихта белгілі ең алғаш өрелі өркениеттіліктің ошағы болып, құлпырып гүлдену Ежелгі Шығыс – Мысыр (Египет), Вавилон (Ирак), Үндістан, Қытай, Парсы (Иран) елдеріне келеді. ХV ғасырға дейін Шығыс мәдениеті Батыс мәдениетінен шоқтығы көш жоғары болып, өркениеттіліктің үлгісін көрсетті. Мұнда ең алдымен математика, геометрия, астрономия, медицина сияқты нақты ғылымдар басым дамыды.
Батыс елдерінің ішінде саяси идеялар Ежелгі гректерде қатты дамыды. Онда қоғам Шығыс елдерімен салыстырғанда көп жағдайда қарама-қарсы өрістеді. Греция ол кезде саяси бытыраңқы күн кешкен ел еді. Саяси ұйым түрін жеке мемлекет болып саналған қалалар (полистер) құрды. Патшалық өкіметтің орнына аристократиялық және құл иеленушілік демократия орын алды. Билеу түрі сан алуан болатын және жиі ауысып отырды. Саяси өмір қызу өрбіді, ол саяси сана теориясының терең дамуына әкелді. Сондықтан олардың саяси санасы мифтан теорияға тез ауысты.
Көне гректерде саяси ғылымға мол мұра қалдырған ойшылдар көп. Бірақ біз солардың ішінде ең көрнекті екі өкіліне – Платон мен Аристотельге тоқталамыз. Платон б.з.б. 427-347 жылдарда өмір сүрді. Шын аты Аристокл. Жасында спортпен көп шұғылданды, жоғары көрсеткіштерге де жетті. Жауырыны кең болды. Сондықтан оны Платон (кең жауырыңды) деп атап кетті. Сол атпен ол адамзат тарихында мәнгілік қалды.
Ол кезде әр ірі ғалымның мектебі болатын. Платон атақты фәлсафашы Сократттын мектебінде оқып, оның үздік шәкірті болды. Ол қаза болғаннан кейін қатты қайғырып, біраз елдерді аралады. Кейін Афиныға келіп өз мектебін – академияны ашты. Платонның екі жүздей еңбектері бар. Олардың ішінде біздің ғылымымызға тікелей қатысы бар шығармалары «Мемлекет», «Саясатшы», «Заңдар», «Софист», «Парменид» және т.б.
Платонның ойынша, адамдар қажеттіліктерін жеке-дара өтей алмайды. Олар өмір сүру үшін тамақ, киім өндірулері, үй салулары және т.т. жасаулары керек. Біреулерге егіншілікпен, екіншілері тігіншілікпен, үшіншілері құрылысшылықпен, төртіншілері етікшілікпен жіне т.с. айналысады. Сөйтіп, олардың бәрі бірігіп қана қажеттіліктерін өтейді. Осы бірігудің арқасында қоғам, мемлекет пайда болады. Мемлекет адамдарды алаламай, байына да, кедейіне де, азына да, көбіне де қарамай-бәріне бірдей әділ қызмет етуі керек. Бірақ бұдан Платон адамдардың бәрін теңдестірген екен деген ой тумауы керек. Керісінше, ол адамдарды үш үлкен әлеуметтік топқа (сословиеге): 1) әкімдер; 2) қорғаушылар; 3) өндірушілер етіп бөлді. Әкімдерге фәлсафашыларды жатқызды. Олар табиғатынан шындықты, ақиқатты, игілік идеясын саралап, танып-білуге қабілетті, икемді болуы керек. Қорғаушылар әкімдердің ой, ниеттерін іске асырады, мемлекетті қорғайды. Өндірушілер (егіншілер мен қолөнер) өмірге керекті қаржыларды тауып, мемлекетті материалдық жағынан қамтамасыз ететі. Олар билеу ісіне араласпайды. Әр топ өзіне тиісті қызметті атқаруы керек. Сонда ғана әділдік орнайды. Бір таптан екінші тапқа (әсіресе, төменгі таптан жоғарғы таптарға) өтуге болмайды. қай сословиеде тусаң, соның өкілі боласың. Адамдарды осылай жіктей келе, Платон оларды тым бай немесе өте кедейлікке жібергісі келмеді. Себебі, мұндайда қоғамда ортақ мүдде орнамайды. Сондықтан орта деңгейді ұнатты.
Платон мемлекетті құрылысты 5 түрге бөлді: аристократия, тимократия, олигархия, демократия және тирания. Бұлардың ішінде ең жақсысында аристократиялық мемлекетті жатқызды. Онда ақыл-естілік, парасаттылық билейді, оның принциптері – адамгершілік, абырой, ар-намыс деп санады. Ертедегі гректердің саяси ой-пікірлерін одан әрі дамытып, фәлсафасын шыңына жеткізген ұлы ойшыл Аристотель (б.з.б.384-322 ж.ж.) болды. Ол 17 жасында аты шыққан Платон академиясын іздеп келіп оқуға түседі. Оны үздік бітірген соң 20 жыл бойы сонда ұстаздық етті. Платон дүние салған соң біраз елдерді аралады. Б.з.б.342-340 жылдары Македония патшасы ІІ Филиптің шақыруымен оның баласы, болашақ император Ескендірді (Александр Македонскийді) оқытып, тәрбиелейді. Кейін Афиныға оралып, өз мектебін (лицейд) ашты. Осында ол бірінші рет саяси ғылымды пән ретінде кіргізіп, өзі сабақ берді. Аристотельді саясаттанудың әкесі дейтіні содан.
2. Саясаттануға қатысты «Саясат», «Афиналық полития», «Этика», «Риторика» деген еңбектері бар. Аристотель саясатқа кең мағына берді. Оған этиканы да, экономиканы да енгізді. Саясатты адам мен мемлекеттің жоғарғы игілігі, оның мақсаты – адамды, мемлекетті жақсы тұрмысқа, молшылыққа, бақытқа жеткізу деп білді. Сөйте тұра, ол құл иеленушілікті қолдады, құлдар мен ерікті кедейлерге саяси құқық бергісі келмеді.
Аристотельдің ойынша, мемлекет – қауымның дамыған түрі, ал қауым – отбасының дамыған түрі. Саяси ой тарихында орта ғасырлардағы феодалдық қоғамның орны ерекше. Батыс Еуропада феодализм мың жылдан артыққа созылды (V-XVI ғасырлар). Бұл дәуірде рухани өмірде дін түгелдей үстемдік етті. Христиан діні феодалдық қоғам көзқарасының өзегі, біртұтас христиан мәдениеттінің негізі болды. Бұл заманда христиан дініне көп еңбек сіңірген Аврелий Августин (354-430) еді. Ол христиан фәлсафасының негізгі қағидаларын зерттеп, жетілдірді. Оның саяси көзқарасттары «Құдай қаласы туралы» деген енбегіне баяндалған. Христиан дінінің саяси теориясын жасап, шыңына жеткізген монах Фома Аквинский (1225-1274) болды. Оның саяси көзқарастары «Билеушілердің басқаруы туралы», «Теологияның жиынтығы» деген еңбектеріне қаралды. Қайта өрлеу дәуірінің көрнекті өкілі буржуазиялық саяси ғылымның негізін салушы Никколо Макиавелли (1469-1527) болды. Оның атақты шығармалары «Патша», «Тит Ливийдің бірінші онкүндегі жөнінде ойлар», «Флоренцияның тарихы». XVII ғасырда буржуазиялық революция Еуропа көлемінде ең бірінші Англияда болды. Ол феодализмге күйрете соққы беріп, капиталистік қатынастардың тез дамуына жол ашты. Бұл дәуірдің көрнекті өкілдерінің бірі ағылшын ойшылы Томас Гоббс (1588-1679) еді. Оның ойынша, мемлекет қоғамдық келісімнің негізінде жалпыға бірдей бейбіт өмір мен қауіпсіздікті сақтау үшін пайда болды.