Әрбір көмірсутек үшін жоғары температура шегі бар, одан жоғары температурада оның карбамидпен комплексі ыдырайды. Сондықтан алкандарды неғұрлым толық бөліп алу үшін комплекс түзілу процесі төмен температурада жүргізілуі керек.
20 °C-тан жоғары температурада дизель отынының қату температурасы және оның шығымы артады, бұл комплекстің толық түзілмегендігін көрсетеді.
Карбамидтің : дизель фракциясына оңтайлы қатынасы - 1:1. Комплекстің түзілу толықтығы шикізат пен карбамидтің жанасуының толықтығына байланысты. Тұтқырлықты төмендету және жанасуды жақсарту үшін карбамидті де, қалыпты алкандарды да жақсы ерітетін еріткіштер қолданылады. Көбінесе изопропил және изобутил спирттері еріткіш ретінде қолданылады.
Әдетте дизельді дистилляттардың карбамидпен парафинсіздендіру процесі 20-35, май — 30-40°C температурада жүзеге асырылады.
Алкандарды бөліп алу тереңдігі шикізат пен карбамид ерітіндісінің жанасу ұзақтығына байланысты. Қарқынды араластыру жағдайында дизель отыны үшін комплекстің түзілу процесі 30-40 минутта аяқталады.
Процестің нәтижелеріне тазартылатын фракциядағы әртүрлі қоспалардың болуы үлкен әсер етеді. Мұнай өнімдеріндегі шайырлар комплекс түзілуін бәсеңдетіп қана қоймай, алынған өнімдердің сапасын нашарлатады. Күкірт-, оттегі- және азотқұрамды заттар комплекс түзілуіне теріс әсер береді. Қоспалардың теріс әсері - комплекстің үстінде адсорбциялану арқылы олар комплекс кристалдарының өсуін қиындатады. Осыған байланысты карбамидпен парафинсіздендіру процесіне ұшыратылатын фракцияларды алдын ала тазарту қажет, мысалы, гидротазалау процесінде.
Фракцияның қайнау температурасының жоғарылауымен карбамидті парафинсіздендіру процесінің тиімділігі төмендейді. Бұл жоғары қайнатын фракциялардың құрамында карбамидпен комплекс түзбейтін гибридті құрылысты жоғары температурада балқитын көмірсутектердің едәуір мөлшерінің болуымен байланысты, яғни фракцияның қайнай температурасы артқан сайын қалыпты құрылысты парафиндердің үлесі азаяды. Сондықтан карбамидпен парафинсіздендіру процесін тек дизельді және жеңіл май фракцияларының қату температурасын төмендету үшін шектеулі қолдануы түсіндіріледі.