Ақыл-ой кемістігі бар балаларды оқытудың арнайы жағдайлары. Ақыл-ой кемістігі бар балаларды оқытудың негізгі міндеттері оқушылардың танымдық қызметіндегі және эмоциялық-ерік өрісіндегі кемшіліктерді барынша еңсеру, оларды өздігінше өмір сүруге, өндірістік еңбекке қатысуға, қазіргі заманғы қоғам жағдайында әлеуметтік бейімделуге дайындау болып табылады.
Жалпы білім беретін мектепте ақыл-ой кемістігі бар балаларды оқытудың анағұрлым дәл келетін жағдайлары арнайы сынып жағдайы болып табылады. Арнайы сыныптар жеңіл ақыл-ой кемістігі бар оқушылар үшін жеке сынып және орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушылар үшін бөлек сынып құрылуы мүмкін. Бұл оқушыларды бір сыныпта біріктіріп оқытуға да болады.
Арнайы сыныпта «Олигофренопедагогика» мамандығы бар жоғары білімді дефектолог мұғалім жұмыс істеуі қажет.
Арнайы сынып жағдайында ақыл-ой кемістігі бар балаларды мектепте оқытудың ұзақтығы:
- бірінші сатысы – 0 (даярлық), 1-4-сыныптар;
- екінші сатысы – 5-9-сыныптар.
Егер мектепте бастауыш кәсіптік еңбекке дайындау үшін жағдай болса, онда 10-кәсіптік сынып ұйымдастырылуы мүмкін.
Даярлық сыныбына ұйымдастырылған мектепке дейінгі даярлықтан өтпеген 7-9 жастағы балалар қабылданады. Даярлық сынып белгілері жағынан ақыл-ой кемістігіне ұқсас басқа да бұзылыстары бар (психикалық дамуының тежелуі, әлеуметтік-педагогикалық қараусыз қалған, сөйлеудің ауыр бұзылыстары) балаларды қате қабылдаудың алдын алу мақсатындағы диагностикалық сынып ретінде де қызмет етеді. Едәуір даярланған оқушылардың оқуды 1-сыныптан бастауына болады.
Жеңіл ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған сыныптардың бірінші сатысында ақыл-ой кем оқушының тұлғасын жан-жақты психологиялықмедициналық-педагогикалық зерттеу, білім беру процесін ұйымдастырудың түрлері мен әдістерін әзірлеу мақсатында оның мүмкіндіктері мен жеке ерекшеліктерін анықтау жүзеге асырылады.
Екінші сатысында балалар жалпы білім беретін практикалық бағыты бар пәндер бойынша білім, әр түрлі бейіндегі еңбек дағдыларын алады.
Әлеуметтік бейімдеуге және кәсіптік еңбекке даярлауға назар аударылады. Оқу процесі оқушыларға сараланған және жеке тәсілдемені қолдана отырып, жүзеге асырылады. Саралау тәсілінің негізіне ақыл-ой кемістігі бар оқушылардың педагогикалық жіктелуі (В.В. Воронкова бойынша) алынған.
Бірінші, екінші, үшінші типологиялық топқа жататын оқушылар бір тақырып көлемінде оқиды, бұл ретте оқыту процесінде оларға сараланған тәсілдеме қолданылады. Ол, мысалы, вариативтілігінен көрінуі мүмкін:
- оқушылардың өзіндік дәрежесі;
- мұғалім көмегінің түрлері;
- көрнекілік-дидактикалық материалдың түрлері;
- орындалатын жұмыстың көлемі;
- оқу тапсырмаларының күрделілігі және т.с.с.
4-ші типологиялық топтың оқушылары көбінесе оқытудың жеке бағдарламасына сәйкес басқа оқу тақырыбының аясында жұмыс жасайды.
Педагог жеке-дара сипаттағы тапсырманы және жеке көмек шарасын ойластырады.
Төрт типологиялық топтардың оқушыларын оқытудың маңызды тұсы оқу жетістіктерінің әркелкі болу фактісі болып табылады, яғни әр баланың оқытудағы өз ісі болады. Мұны мұғалім оң нәтиже ретінде бағалауы тиіс.
Орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушыларды оқыту жеке оқу бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады. Олар баланы кешенді психологиялық-педагогикалық зерттеу негізінде сынып педагогімен және мектеп консилиумының мамандарымен жартыжылдықтан аспайтын мерзімге жасалады. Оқытудың жеке бағдарламасын іске асыру уақыты өткеннен кейін әрбір оқушының жетістіктеріне талдау жүргізіледі және келесі жартыжылдыққа арналған жоспарлау орындалады. Педагог әрбір оқушының жеке мүмкіндіктерін және оқу жетістіктері мен жеке жетістіктерінің мониторинг нәтижелерін ескере отырып, оқытудың мазмұнын, әдістерін, түрлерін, дидактикалық құралдарын өз бетінше таңдайды.
Орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушыларды оқытудың мазмұны мыналарды: өзі туралы түсініктерді; өзіне өзі қызмет көрсету және өз тыныстіршілігін қамтамасыз ету дағдыларын; қоршаған орта туралы және ортаға бейімделу туралы қолжетімді түсініктерді; коммуникативтік икемділіктерді;
заттық-тәжірибелік және қолжетімді еңбек қызметін; практикалық бағыттылығы бар және тәрбиеленушілердің психофизикалық мүмкіндіктеріне сәйкес келетін жалпы білім беретін пәндер бойынша білімді қалыптастыруға бағытталған.
Бірінші сатыда оқу процесі пәндік емес оқыту негізінде ұйымдастырылады: барлық сабақтар біріктірілген сипатта болады және оқушыларды жалпы дамытуға бағытталған (коммуникативтік, қимылдық, сөйлеу, сенсорлық). Оқушылардың жеке дамуындағы алға жылжуына қарай пәндік оқытуға көшу жүзеге асырылады.
Орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушылардың жетістіктерін бағалау кезінде білім беру процесін дараландырудың негізі болып табылатын сипаттамалық бағалау қолданылады (Ақыл-ойы кем оқушыларды критериалды бағалау бойынша әдістемелік ұсынымдарды Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА сайтынан қараңыз (www.nao.kz).
Орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушыларға арналған сыныптарда білім алушылардың психофизикалық даму ерекшеліктерін және мектеп ресурстарын ескере отырып, қарапайым еңбек түрлеріне (қолөнер) оқыту ұйымдастырылады.
Еңбекке баулудың бейіні баланың психофизикалық ерекшеліктерін, дәрігердің ұсынымдарын және мектептің мүмкіндіктерін ескере отырып, жекедара анықталады. Қажет болған жағдайда еңбекке баулудың бейіні өзгеруі мүмкін.
Контингенттің жеткіліксіздігінен арнайы сыныптарды құру қиындықтары бар өңірлерде 1-2 жеңіл ақыл-ой кемістігі бар оқушыны жалпы білім беретін мектептің қалыпты сынып құрамына қосуға болады. Бұл балаларды аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті мамандарының немесе психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі мамандарының түзету арқылы қолдауымен қамтамасыз ету керек. Оқытудың кез келген ұйымдастырушылық түрінде, ең алдымен, баланың мүдделері ескеріледі. Ол арнайы педагогтің (олигофренопедагог) көмегін алуы керек, оқытудың арнайы әдістері мен оқулықтары пайдаланылған арнайы бағдарламалар бойынша оқуы керек.
Ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған арнайы сыныптың оқушылары екінші жылға қалдырылмайды. Ақыл-ой кемістігі бар оқушыларға арналған арнайы сыныптардың түлектері мемлекеттік үлгідегі арнайы куәлік алады.
Арнайы оқу-әдістемелік қамтамасыз ету
Жеңіл және орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушыларға арналған арнайы сыныптардағы білім беру процесі Үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламаларының екі түрімен қамтылған. Олардың мазмұны ҚР МЖБС талаптарының орындалуына бағытталмаған.
Оқу жоспары мен бағдарламаларының бірінші түрі жеңіл ақыл-ой кемістігі бар оқушыларға бағдарланған. Оқу жоспары мен бағдарламаларының екінші түрі – орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушыларға бағдарланған. Оқытудың орташа ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған оқу бағдарламалары ұсынымдық сипатта болады.
Оқу процесі барлық оқу жылдарында орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдануымен болған танымдық қызметтің тұрақты бұзылуын ескере отырып, құрастырылған арнайы оқу-әдістемелік кешендер (оқулықтар, жұмыс дәптері, әдістемелік ұсыныстар, арнайы АКТ) көмегімен жүзеге асырылады.
Ақыл-ой кемістігі бар оқушылардың ерекше білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру Мектеп өз түлектерін өмірге, еңбек қызметіне тікелей қосылуға дайындайды. Ақыл-ой кемістігі бар оқушыларды оқытудың өзіндік ерекшелігі әрбір оқу пәнінің мазмұнына пропедевтикалық (дайындық) оқу материалын қосу болып табылады. Бұл материалдар оқу бағдарламаларының мазмұнын меңгеруге даярлауға бағытталған.
Барлық оқу пәндері бойынша оқыту мазмұнының практикалық бағыттылығы бар және ол оқушыларға олардың өзіндік заттық-практикалық әрекетіне, қоршаған өмірдің нысандары мен құбылыстарды бақылауларына сүйене отырып, ұсынылады.
Ақыл-ой кемістігі бар оқушылардың өзіндік оқу-танымдық ісәрекеттері қиын болғандықтан, мұғалім оқушылардың танымдық ісәрекеттерін ұйымдастырады және бағыттайды, оқу тапсырмасының ойдағыдай орындалуын қамтамасыз ету үшін оқушы әрекетінің жетілмеген бөлігінің қызметтерін өзіне алады. Ақыл-ой кемістігі бар оқушыларды оқыту процесін арнайы педагогикалық басшылыққа алудың психологиялық негізі П.Я. Гальпериннің ақыл-ой әрекеттерін кезең-кезеңімен қалыптастыру теориясы болып табылады.
Оқушылардың психофизикалық даму бұзылыстарын, өмірлік қажетті білім, білік, дағдыларды қалыптастыру қиындықтарын түзетудің арнайы міндеті арнайы түзету сабақтарында жүзеге асырылады:
1) «Түзету ырғағы». Бұл курс бойынша оқытудың мазмұны оқушылардың қозғалыс аясын жетілдіруге, олардың сөйлеуін дамытуға және эстетикалық сезімдерін қалыптастыруға бағытталған. Балалар музыка тыңдауды, ән айтуды, билеуді, белгілі бір ырғақпен қимылдарды орындауды үйренеді. Қарапайым музыкалық аспаптарда ойнауды үйренеді.
2) «Танымдық іс-әрекетін түзету». Осы курс бойынша сабақтар жеке және оқушылар тобымен жүргізілуі мүмкін. Олар ақыл-ой кемістігі бар оқушылардың бұзылған функцияларын дамытуға, олардың оқу және практикалық қызметке дайындығын қалыптастыруға бағытталған.
3) «Сөйлеу тілі дамуының кемістіктерін түзеу». Логопед өткізетін сабақтар ақыл-ой кемістігі бар балалардың дамуындағы бұзылыстарды түзету процесінде маңызды орын алады. Бұл балаларда сөйлеу тілінің бұзылуы өте кең таралған болып табылады және тұрақты сипатқа ие. Бұл сөйлеу бұзылулары баланың психикалық дамуына, оны оқытудың тиімділігіне кері әсерін тигізеді. Ақыл-ой кемістігі бар оқушылармен жүргізілетін логопедиялық жұмыстың ерекшелігі жоғары жүйке қызметінің бұзылыстарының сипатына, ең алдымен аналитикалық-синтетикалық қызметінің төмендеуі деңгейіне негізделген. Логопедиялық жұмыс сөйлеу тілі дамуының жеке кемшіліктерін жоюға ғана емес, сондай-ақ ақыл-ойы кем оқушылардың жалпы сөйлеу тілін дамытуға, сауат ашу, ана тілі, математика және басқа пәндер бойынша бағдарламаларды меңгеруде сөйлеудің алғышарттарын қалыптастыруға бағытталған.
4) «Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау». Бұл сабақтарда оқушылардың өз бетінше өмір сүруіне практикалық дайындық, әлеуметтік нормалар мен ережелерге сәйкес өз тұрмысын құру дағдыларын, қоғамның әлеуметтік және мәдени өміріне араласу дағдыларын қалыптастыру жүзеге асырылады.
Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау бойынша сабақтарда сынып 2 топқа бөлінеді.
5) «Психомоторика мен сенсорлық үдерістерді дамыту» (орташа ақылой кемістігі бар оқушылар үшін). Бұл сабақтарда оқушылардың сенсорлық аясын байыту және сенсорлық-естілім қызметін дамыту бойынша жұмыстар жүзеге асырылады: әр түрлі модальдық түйсінуді белсендіру; қабылдаудың барлық түрлерін дамыту; кеңістіктік-уақыттық бағдарлауларын қалыптастыру және графикалық дағдыларын дамыту; танымдық белсенділігін және дербестігін арттыру.
Білімді балдық бағалау түзету циклінің пәндері бойынша жүзеге асырылмайды. Оқушылардың жетістіктерін сипаттық бағалау пайдаланылады.
Ақыл-ой кемістігі бар оқушылардың еңбек дайындығына ерекше мән беріледі. Еңбекке баулу баланың ақыл-ой дамуын және оның адамгершілік тәрбиесін түзетудің қуатты құралы ретінде қарастырылады. Еңбекке дайындау түлектерге мектеп бітіргеннен кейін өндіргіш еңбекке тікелей
кірісуге мүмкіндік береді. Бастауыш сыныптардағы еңбекке баулу балаларда қарапайым еңбек тәсілдерін, жалпы еңбектік іскерліктер мен дағдыларды қалыптастырады, өз беттілігін және еңбек қызметіне деген оң уәждемесін дамытады.
4-6-сыныптарда алдағы уақытта окытылатын кәсіптік-еңбектік оқыту үшін пропедевтикалық, кәсіптік диагностикалық және кәсіптік бағдарлық болып табылатын «Жалпы еңбектік дайындық» курсы енгізіледі. Бұл курс сондай-ақ табысты әлеуметтік бейімдеу мақсатында енгізіледі. Жалпы еңбектік дайындық процесінде оқушылар тұрмыста әрбір адамға қажетті еңбек әрекетінің әр түрін меңгереді.
7-сыныптан 9-сыныпқа дейін еңбекке баулу кәсіби бағыттылықпен жүзеге асырылады. Еңбекке оқытудың бейіндерін өңірдің ерекшеліктерін және түлектерді жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін ескере отырып, мектеп әкімшілігі анықтайды. Еңбекке баулу бойынша сабақтарда сынып оқушылары 2 топқа бөлінеді. Топтарды жинақтау оқушылардың танымдық және психофизикалық ерекшеліктерін ескере отырып, дәрігердің ұсынысы бойынша жүзеге асырылады. Еңбекке оқытудың бейіні баланың психофизикалық ерекшеліктерін, дәрігердің ұсынысын және мектептің мүмкіндіктерін ескере отырып, жеке анықталады. Қажет болған жағдайда еңбекке оқытудың бейіні өзгеруі мүмкін.
5-6-сыныптарда еңбек тәжірибесі мектеп базасында, 7-9-сыныптарда мектеп шеберханаларының базасында жүзеге асырылады. Еңбек тәжірибесін өтудің мерзімі мен тәртібін жергілікті жағдайларды негізге ала отырып, мектептің педагогикалық кеңесі белгілейді.
Мектепте оқыту еңбекке баулу бойынша емтиханмен аяқталады. Білім алушылар бітіру емтихандарынан белгіленген тәртіппен босатылуы мүмкін.
Еңбек дайындығы пәндері бойынша бітіру емтиханын орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушылар тапсырмайды.