Дәрілік заттардың құрамына аурудың себептеріне, белгілеріне қарсы қолданылатын, белсенділіктері ғылыми тұрғыда анықталған (антибиотиктер, сульфаниламид препараттары және т.б.), жүрек-қан тамырлары жүйесінің қызметтерінің жеткіліксіздігін толықтыратын, қақырық түсіретін және т.б. қажетті дәрілік заттарды қосу керек. Бұл жерде оттегі патогенездік және орын толтыру емдеу тәсідеріне жатады.
Осындай әдіспен ауру малды емдеу үшін герметикалық түрде жасалған арнайы шатыр-палатка, генератор (САГ-1), балондағы қысымдағы оттегі және қысымды төмендететін редуктор қажет. Редуктор арқылы балоннан шығардағы оттегінің қысымын 3-3,5 атмосфераға дейін төмендетуге болады. Редукторға жалғанған жоғарғы қысымға арналған арнайы резина түтік арқылы оттегін шатырдың ішіне шашыратуға болады. Дәрілік заттарды шашырату үшін резина түтік арнайы генераторға жалғанады. Генератордың форсункалары қарама-қарсы орналастырылған екі тостағаншасына дәрілік заттардың ерітіндісі құйылады да, ол дәрілік қоспа оттегінің қысымы арқылы шатырдың ішіне ұсақ бөлшектерге ыдырап, шашыратылады.
Оқушы қауымға түсініктірек болу үшін бұл әдісті бронхопневмониямен ауырған бұзауларды емдеу үшін өзіміздің қалай қолданғанымызды толығырақ баяндай кетелік.
Ол үшін көлемі 12 м³ шатыр-палатка дайындадық. Оған 2-4 айлық 10 ауру бұзауларды (1 бұзауға 1,2 м³ көлемді есепке ала отырып) орналастырдық. Генератордың тостағаншаларының әрқайсысына 500 мл-ден төмендегідей құрамдағы дәрілік заттардың қоспасын құйдық:
Белсенділігі ғылыми тұрғыда анықталған антибиотик;
Суда тез және жақсы еритін сульфаниламид – норсульфазол;
Бронхылардың өзегін кеңейту үшін – эуфилин;
Жүрек-қан тамырларының жұмысына жақсы әсер ететін кофеин натрий-бензоат;
Қақырықты сұйылту үшін – медициналық пепсин;
Организмнің резистенттілігін жақсарту үшін – тетравит;
Дәрілік заттардың ұсақ бөлшектерін оттегімен байытылған ауада қалқытып ұстап тұру үшін – 10 % глицерин ерітіндісі.
Бұл дәрілік заттардың мөлшерін В.Н.Квятковскийдің ұсынған формуласы бойынша анықтадық:
А х С
Д = ----------- ;
Р
Бұл жердегі:
Д – дәрілік заттардың шашырату мөлшері, бірлік немесе грам ретінде;
А – дәрілік заттың барлық малдардың салмағына есептегендегі адсорбциялық мөлшері, немесе шамамен әр дәрінің еттің ішіне жіберетін мөлшерін алуға болады, бірлік немесе грамм ретінде;
С – 0,467-ге тең тұрақты коэффициент (бұзау үшін);
Р – бұзаудың 1 минуттағы 1 кг салмағына есептегендегі дем алатын ауасының мөлшері (ол көрсеткіш бұзау үшін 0,273 л-ге тең).
Егерде жоғарыда келтірілген деректерге сәйкес белгілі көрсеткіштерді орындарына қойсақ, онда мынандай нәтиже аламыз:
Д = А х 0,467 : 0,273 = 1,7 А.
Сонымен қолдануға ұсынылып отырған дәрілік заттың еттің ішіне жіберілетін мөлшерін анықтамадан тауып алып, оны 1,7 коэффициентіне көбейту керек. Мысалы, кофеин бензоат-натрийдің дозасы 5,0 г х 10 = 50,0. Олай болса,
Д = 50,0 х 1,7 = 85,0 г.
Осындай дайындық жұмыстары аяқталғаннан кейін редуктордың шүмегін ашып 3 минут уақыттай генератор тостағандарындағы дәрілік заттардың қоспасын оттегінің қысымы арқылы шашыраттық. Сонда шатырдың іші бірқалыпты қалың тұманға толады. Ауру малдарды осындай қоспа золімен дем алдыру уақытының ұзақтығы 60 минут. Шатырдағы малдардың дем алу барысында ондағы оттегінің концентрациясы да төмендейді. Оны 34-38 %-да ұстап тұру үшін әрбір 20 минут сайын редуктордың шүмегін 1,5-2,0 минутқа ашып отыру керек. Осының барлығы тәжірибе жүзінде тексеріліп, дәлелденген. Жұмыс жүргізілетін әрбір жағдайда қолданылатын шатыр-палатканың көлеміне байланысты белгілі бір режім кестесін күні бұрын анықтап алған дұрыс. Ол үшін қолданылатын шатыр-палатканың ішіндегі ауаның құрамындағы оттегінің мөлшерін білу қажет. Осылай болғанда ғана біз оттегі баллонындағы редуктордың шүмегін неше минут ашқанда шатырдың ішіндегі ауада оттегінің концентрациясы қанша болатынын біле аламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |