Дәріс мәтіндері 1- тақырып. Қазақ тілін деңгейлік оқыту әдістемесі: әдіснамалық негіздері Жоспары: Типтік оқу бағдарламасынан көшірме



бет25/34
Дата21.09.2023
өлшемі167,11 Kb.
#181935
түріБағдарламасы
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   34
Байланысты:
1 lektsiya kazak tilin ok tu adistemesi kurmanova a.k-1

Лекция мақсаты:
Лекция мәтіні (қысқаша):
Тыңдалым – «аудирование» деген терминнің білдіретін мағынасы – «есту арқылы түсіну». Бұл термин айтылған не техникалық аппараттарға жазылған аудиомәтіндегі сөздерді, сөйлемдерді тыңдай білудің нәтижесінде қабылдау және түсіну деген ұғымды білдіреді.
Тілді үйрету барысында тыңдалымның сапалы болуы екі факторға байланысты: 1. Объективтік фактор. 2.Субъективтік фактор
Тыңдалымды жете меңгеру үшін қойылатын алғышарттар:
1. Тыңдауға ұсынылатын мәтінде, әңгімеде, пікірде айтылатын басты ой түсінуге жеңіл болуы керек, үннің ырғағы мен әуені дұрыс естілу қажет.
2. Тілді жақсы үйрену үшін, тыңдалым бірінші сабақтан бастап, үздіксіз жүргізілуі тиіс.
3. Оқушының тілге қатысты білімі мен дайындығы ескерілгені жөн.
4. Тыңдалымға қатысты жұмыстардың бәрі бақылауға алынған дұрыс.
Объективтік фактор тілді меңгеруге қатысты үйренушіге берілген аудиомәтіннің ерекшелігінен және оны қабылдау үшін қамтамасыз етілген жағдайдан тұрады. Объективтік фактор - негізінен мәтінге байланысты факторлар.
Субъективтік фактор тыңдаушының, яғни тіл үйренушінің, тыңдалым процесін меңгеруге арналған дайындық деңгейімен және психологиялық ерекшелігімен анықталады.
Тындалымға арналған мәтін әр түрлі ерекшелігіне сай таңдалады:
1/ Үйренетін тілдің айырықша белгілері мен тілдік ерекшелігіне қарай;
2/ Тақырыбына қарай;
3/ Мазмұнына қарай;
4/ Қатысымдық тұлғалардың құрылымына қарай.
Жалпы аудиомәтіңді дұрыс таңдап алу - бүкіл тыңдалым процесінің сапалы өтуіне әсер ететін бірден-бір пайдалы алғышарт. Мәтін өте қиын болса, оқушылардың түңілуіне әкеліп соғады. Егер өте жеңіл болса, тіл үйренушілердің қызығушылығын жойып, жалықтырып жібереді. Мәтінмен жұмыс хабарды түсіну дәрежесіне қарай әр түрлі мақсатты көздейді:
1. Мазмұнды толық түсіну.
2. Ең басты ойды түсіну.
3. Бөлшектеп түсіну. Ақпаратты өз қажетіне қарай нақтылап түсіну.
Мәтіннің мазмұнын толық түсіну оның құрамында таныс емес күрделі лексика мен тіркестер болмауын қажет етеді. Мұнда мәтіннің мағынасы оқушыға тұтас ұғынықты болып, оқушы оны бүтіндей сөйлеу процесінде колданады. Мәтінді толық түсіну үшін арнайы тапсырмалар беріледі, ол тұтас оқылады, бақылау жүргізіледі, жіберген қателер түзетіліп отырады.
Тыңдалым мәтініндегі басты айтылар ойды толықтыру үшін берілген жекелеген деректерді нақтылап, талдап түсіну - бөлшектеп түсіну деп аталады. Мұндағы әрбір жеке ақпаратты оқушы қажетіне сай пайдаланып, сөйлесім әрекетінде колданады, жаттайды, жазып алады. Тындалым процесінде оқытылатын мәтін мазмұны мен композициялық құрылым жағынан жүйелі, тұтас түрде ұсынылуы қажет.
Мазмұңдық ерекшелігіне карай:
а/ берілген тақырып оқушыға таныс материалдан жинақталғаны жөн;
ә/ ойдың логикалык жүйесі сақталып отыру керек;
б/ мәтінге қатысты орындалатын жұмыстар нақтылы, анық болып беріледі;
в/ көмекші материалдар, көрнекілік қатар қолданылады.
Жалпы біз қарастырып отырған тыңдалым әрекеті мәселесін шетел және орыс ғалымдары әдістемелік жағынан ерте зерттеген. Бұл терминді алғаш енгізген американдық психолог Браун болатын. Кейін Д.Шпринберг тыңдалымды айтылыммен байланыстырып, тілді үйретудегі маңызды фактордың бірі екендігін дәлелдеді [1].
Оқу процесінде кеңінен орын алатын тыңдалым әрекеті – «аудирование» деген терминнен шыққан, ол «есту арқылы түсіну» деген мағынаны білдіреді. Десек те тыңдалымды тек есту деп түсінбеу керек, бұл ретте тыңдай білу нәтижесінде хабарды қабылдап қана қоймай оның маңыздылығын ұғып, қажетіне қарай жаратуды қалыптастыру басты мақсат болып табылады. Себебі тыңдалым әрекеті негізінен естумен тығыз байланысты. Ал есту сезімдерінің басты қызметі – ақпаратты есте сақтау. Ол жөнінде ғалым А.Панфилованың мына пікірі маңызды: «Есту мен тыңдау – бір нәрсе емес. Есту – бұл тура дыбысты қабылдау, ал тыңдау – кез келген дыбысты тыңдап ғана қоймай, сонымен қатар ұғынып қабылдау, қабылдаған ақпаратты түсіну» [2, 75]. Яғни тыңдалым дегеніміз – айтылған ойды түсініп барып қабылдау мен ұғыну. Ғалымның пікірінше, жұмыс кезіндегі тыңдалым әрекеті қырық пайыздық уақытты құрайды. Ғалымның бұл пікірін біз де құптаймыз. Тыңдалым үдерісін тілдік қарым-қатынастағы сөзді қарапайым есту құбылысымен алмастырмау керек. Негізінде сөйлесім кезінде қарсыласына ден қоя, бағыттап тыңдап, айтылған ойға көңіл бөлу 100%-10% – ғана көрсетеді екен. Оған мына мысал дәлел бола алады. Мәселен, Сократқа арнайы Афинаға алыстан бір жас адам шешендік өнерді үйренуге келіпті. Сонда Сократ оны тыңдай келе, шешендік өнерге үйрету үшін одан екі есе ақша сұраған екен. Таңырқаған шәкірт; «Бұл қалай?», – дегенде. Сократ «Сізді мен шешен сөйлеуге ғана емес, үндемей тұрып, тыңдауға да үйретуім керек», – деген екен. Бұл мысал осыдан 2000 жыл бұрын берілген. Ал кейініректе осы мысал мазмұнына үндес XX ғ. қорушысы Л.Зейхвангера: «Сөйлеуге, үйренуге 2 жыл керек, ал мұқият тыңдай білуге 60 жыл уақыт керек» десе, Француз ойшылы Лабрлойер: «Талантом собеседника отличается не тот, кто охотно говорит сам, а тот, с кем охотно говорят другие» - деп бұл ойдың мағынасы терең екендігін дәлелдеген [13]. Бұл туралы сөйлеу әрекетінің тыңдалым бөлімін зерттеуші американдық маман: Лаймэн Стил: «Адамдардың көпшілігінің тыңдау қабілеті ғана жоқ емес, сонымен бірге олар ықыласпен тыңдай да алмайды – тіпті кейбреулер мұны қалай істеуге болатынынан да бейхабар»- деп жазады (1 газеттен).
Шынында да, тыңдаушы мен айтушының сөзіне ықылас танытпаса, салғырт тыңдаса мұны айтушы бірден сезеді. Оның да әңгімені әрі қарай созғысы келмейді. Тыңдаушы тарапынан бұл – үлкен мәдениетсіздік болып табылады және ол өзі де көп нәрсе жоғалтады. Бұған тыңдалым мен айтылым мәселесін зерттеген ғалымдардың көпшілігі басты мәселе деп айрықша назар аударған. Мұны қазақ мақалы: «Ақпа құлаққа айтсаң ағып кетеді, құйма құлақа айтсаң құйып алады» - деп түйсе [14,209], ұлы ақын Абай: «Көңілсіз құлақ ойға олақ» [15,87], - деп мұқият тыңдай білудің түбінде адамның зеректігі, ойлылығы, аңғарымпаздығы жататынына меңзейді.
Мысалы, жапон сөйлеу мәдениеті айтушы рөліне басымшылық береді, сөйтеді де, оған мүмкіндігінше өзін сөйлеу барысында көрсетуге жағдай туғызады. Мұндай жағдайды айтушы өзін серіктесінің ықыласпен тыңдауынан көруге тиіс. Жапон лингвисі Х.Ямасита мынадай мысал келтіреді: «Бүгін күн суық» десе, оны күннің көзінде, жылы жерде тұрып, күннің едәуір жылынғанын сезіне тұрып тыңдаған жапондық: «Иә көктем айы болса да, күн әлі дұрыс жылынбай тұр»,-деп сөзге араласады. Бұл арқылы ол айтушы әңгімесін құптап қана қоймай, оның әрі қарай жалғасуына да ынталы екендігін аңғартады. Тыңдаушы өзін айтушының орнына қойып, оның ойын түсінетінін сездіріп қана қоймай, өз түсінігнің онымен сәйкес екендігін де жариялайды. Бұл сұхбаттастар әңгімесінің әрі қарай жалғасуын қамтамасыз етіп, серіктестер арасындағы қалыпты көңіл-күйдің сақталуына ықпал етеді. Егер осы әңгімеге еуропалық араласса, ол сөз жоқ өзінің ойын ашық айтып, айтушының жүрегін зырқ еткізуі мүмкін. Оның сөзі: «жоқ, суық емес, жып-жылы, сіз қалай суық деп тұрсыз, түсінбеймін?!» түрінде келуі мүмкін,- дейді ол [16,91]
Қазақтар бұл мәселеде жапондықтарға ұқсайды. Қазақ сөйлеу әдебінде де айтушы өз сөзінің тыңдаушысына түсінікті, ұғынықты болуын ойлайды. Тыңдаушы да өз сөзін үзілді-кесілді етіп, батыл айтпайды. Қайта екеуара түсінікті, ынтымақтастықта әңгімелерін өрбітеді. Айтушы «осылай жасасақ қалай болар еді....», «меңінше осы дұрыс-ау деймін.....», «сіз қалай ойлайсыз?...» деген формада тыңдаушысына қайырылады. Ал тыңдаушысы да «мен де солай ойлаймын...», «өзіңіз біліңіз, маған да осы дұрыс сияқты...», «меніңше былай деп едім, дұрысы сол шығар, сіз қарсы емессіз бе?...» түрінде келуі мүмкін. Басқаша айтқандай, бірін-бірі тыңдау, бірінің сөзіне екіншісінің құлақ асуы, сөзді тосып сөйлеу әдебі қазақтардың бірінен-бірі өткен шешендіктеріне қарамай жақсы сақталған. Сондықтан да қазақ даласында өткен ірі алқалы жиындарда, бірін-бірі тыңдамау, даурығу деген болмаған. Қайта «сөзге тоқтау» деп атаған. Сөйтіп, «аталы сөзге арсыз тоқтамас» деп түйген [17,156].
Осы тұста академик Р.Сыздықтың мына пікірін келтіре кетуді жөн көрдік. Ғалым былай дейді: «Сұхбаттасу - әңгімелесу. Әңгімелесу екі адамның арасында да, ортасында да болады. Әңгімелесудің мәдениеті де жалпы мәдениеттіліктің бір бөлігі. Мұндай мәдениеттілік тек сөйлей білуден ғана көрінбейді, тыңдай білуден де танылады. Не айтылса да, кім айтып отырса да, әсіресе жақсы кіші немесе лауазымы төмен адам сөйлесе, оның сөзің зейін қоя, ықыласпен тыңдай білу – үлкен ізеттілік. Бұл ретте тағы бір қазақтың ағымды ұлттық салты бар. Ол – сөзге қонақ бере білу. «Сөзге қонақ беру» образды фраза «айтқанға түсіну, өзінікінің дұрыс емес екендігін мойындау» дегенді білдіреді. Бұл тек тұрмыстағы сұхбаттасу ғана емес, сол сұхбаттың өнерлі түрі-айтыс үстінде де байқалады. Кәдімгі ұлтық дәстүр бойынша айтысқа түскен екі жақтың бірі сөзден жеңілсе, сол бойда айтыс тоқтауы немесе жеңілгенін өзі айтып аяқтауы тиіс» [18,156].
Жалпы адамдардың көпшілігі қалай айтқанына емес, не айтқанына назар аударады. Бұл айтушы тарапынан айтылған сөзді тыңдаушының дәл өзі сияқты қабылдап, түсінуі, айтушының өзіндей бағалауы үшін керек. Қазақ сөйлеу әдебі бойынша айтушы өзіне берілген еркіндікті толық пайдалана отырып, оны бағалайды да. Ол өз сөзінде «мен осылай деймін ...., меніңше, пікірім дұрыс...., немесе бұл айтылған мәселе талданбайды, тек қана мұнымен келісуге тиіссіз» деген сияқты, пышақпен кескендей шорт сөздерді айтпайды. Осылаша мәселені өз пайдасына қарай бұру қазақ тілдесу әдебі үшін жат. Қайта керсінше тыңдаушыға өзінің ойын білдіруге қиындық келтірмейтіндей етіп, оның сөйлеуіне мүмкіндік бере, жол аша сөйлейді. Қазақ сөйлеу әдебінде айтушыны толық тыңдайды, оның сөзін бөлмейді, дауласпайды, оның қателігін бетіне басып «мынауың дұрыс емес!» деп айғайламайды да. Егер әңгіме көп адам араласып отырған болса, айтылған ойды тыңдаушылар кезек-кезек әрқайсысы өз тараптарынан толықтыра отырып, өзгерте отырып, жалғастырып, талқыланып жатқан мәселе өзінің шешімін толық тапқанға дейін дамытады. Сөйтіп барып ешкімге зиянын тигізбейтін, ешкімді күштеп көндірмейтін шешім қабылданады. Сұхбаттасушыларға еркіндік бере отырып, оларға ең дұрыс деген нұсқаны әрқайсысына өздері көздерін жеткіздіре отырып, таңдауға мойындауға мүмкіндік береді. Десек те сөйлеу әрекеті түрлерінің көздейтін басты нысанасы – тілді оқып-үйрену барысында айтылған, жазылған, оқылған, тыңдалған дүниенің бәрін оқушының толық, дұрыс түсінуін қамтамасыз ету болып табылатыны белгілі. Ал соның іске асуы сұхбаттасушылардың іс-әрекетіне байланысты. Егер сұхбаттасу барысында адамдар бірін-бірі түсінбесе, онда олардың әңгімесі жүрмейді. Сондықтан айтушы сөзінің тыңдаушыға бағыттайтынын ұмытпауы қажет. «Тыңдаушы да айтылған сөзге зейін қоя ықылас танытуы тиіс. «Тыңдамаса сөз жетім», «Адам жақсысы аз сөйлеп, көп тыңдайды, жылқы жақсысы аз оттап, көп жусайды» [17,134] деген халық даналығы да осыны меңзейтін сияқты. Шынында да, тыңдаушының сөзді ықыласпен тыңдауы айтушыға өз ойын мүмкіндігінше шешіле айтуға көмектеседі. Сөз тыңдай білу үлкен мәдениеттілік белгісі болып саналады және бұл қазақ халқының сөз тыңдау әдебінде айрықша орны бар қасиет болып саналады. Міне бұл мәселенің өзі де тыңдалым әрекетінің оқытуда маңызды рөл атқаратын жұмыс түрінің бірі екендігі сөзсіз танылады.
Ол жөнінде педагог В.И.Ильина «Тыңдалым – бұл белсенді құбылыс. Өйткені, қабылдағанды ой елегінен өткізу де ойлау қабілетінің шығармашылығын қажет етеді» дей келе, тыңдалым әрекетінің басқа да сезімдермен, психологиялық әрекеттерімен байланысты екендігіне тоқталады. Әрі тыңдалым әрекетінің есту сезімімен тығыз байланысты екенін айтады [19, 50].
Бұл ретте Мағжан Жұмабаевтың есту сезіміне байланысты айтқан ойы маңызды болмақ. Ол «Есту сезімінің құралы – құлақ. Мидан шығып, құлақта есту нервтері бұтақтанады. Бір дыбыс осы есту нервтеріне әсер береді. Әсерді нервтер миға алып барып, оны оятып, мидан жан қабыл алып, жанда есту әсерленуі болады. Адамның дыбысы жан тұрмысына байлаулы. Жан жат болса, дауыста жат шығады жан күңгірт болса, дауыс та күңгірт. Жанның терең түкпірінде жатқан ыстық сырларды ашып, шешіп беретін адам сөзінен қымбат дүниеде не нәрсе бар? Міне бізді шет адамның жанымен шын табыстыратын нәрсе – осы есту сезімі», - деп, есту сезімінің жан тұрмысына керектігі туралы пікір білдіреді [20, 50].
Оқушыларға белгілі бір ойды, хабарды жеткізу үшін жазу немесе айту керек. Бұл әрекеттердің барлығы сөйлесім арқылы жүзеге асады. Сондықтан да тыңдалым сөйлесу әрекетімен тығыз байланысты, себебі тыңдалымсыз сөйлесім әрекеті жүзеге аспайды.
Тыңдалым мәселесін шет тіл ғылымы әдістемесінде қарастырған әдіскердің бірі С.Әбдіғалиев: тыңдалымға «тыңдап – түсіну - сөйлесумен, оқумен және жазумен байланысты сөз әрекетінің түрі» деген анықтама береді [21, 37]. Әдіскердің айтуынша ауызша сөз негізі екі сыңардан тұрады: оның бірі ауызша айтылған сөзді тыңдап-түсіну, екіншісі – сөйлеу. Ауызша сөздің бұл екі компонентінің бір-бірімен тығыз байланыстылығы соншалық, кейбір әдіскерлер бұларды бір-бірінен ажыратпайды. Олардың көзқарасы бойынша, ауызша сөзді игеру үшін сөйлей білсе жеткілікті. Ал ауызша айтылған сөзді тыңдап-түсіну – сөйлеудің серігі. Сөйлей білген адамға тыңдап-түсінуге арнайы дағдыланудың қажеті жоқ. Ол дағдылар өз-өзінен қалыптасады. Басты дағды – сөйлесу дағдысы. Олай болса, бір тілде сөйлей білген адам сол тілде айтылған ауызша сөзді тыңдап-түсіне алады. Міне, көпшілік әдіскерлердің пікірі бойынша, тыңдап-түсіну дағдыларының күні бүгінге дейін тиісті мөлшерде дамытылмай келуінің бір себебі осында. Мұндай көзқарастың қате екенін психологиялық зерттеулер де, шетел тілдерін оқыту теориясы мен тәжірибесі де дәлелдеп отыр.
Психологиялық зерттеулер бұл екі әрекет (тыңдап-түсіну және сөйлеу) бір-бірімен тығыз байланыста қарастырғанмен, олардың әрқайсысы мүлде басқа іскерліктер негізінде қалыптасады. Сөйлеуші де, тыңдаушы да тілді қолдана отырып, қатынас жасайды. Бірақ олардың әрқайсысы тілді әр түрлі жолмен қолданады. Сөйлеу үстінде адам белгілі бір ойдан шығады, яғни әуелі сөйлеушінің санасында белгілі бір ой туды да, ол сол ойды басқаларға жеткізу үшін тілдік форманы пайдаланады. Демек сөйлеу процесінде сөздің мазмұны алдын ала берілген, сол мазмұнды сөйлеуші тілдік форма арқылы өзгелерге жеткізеді. Сөйлеуші белгілі мазмұннан шығып оны тілдің әр түрлі элементтерін қолдану арқылы басқаларға жеткізеді. Іс-әрекет бағыты: мазмұннан тілдік формаға қарай. Тыңдау процесінде іс-әрекет бағыты мүлде басқа. Мұнда тыңдаушыға әуелі берілгені – тілдік форма. Соны қабылдау арқылы тыңдаушы тілдік формада кодталған мазмұнды ашады. Мұндағы іс-әрекет бағыты: тілдік формадан мазмұнға қарай. Ауызша сөздің бұл екі компонентін бір-бірінен ажыратудың маңызы өте зор. Бұлар сөз әрекетінің әр түрлі формаларына жатады: сөйлеу экспрессивтік формаға жатса, тыңдау импрессивтік формаға жатады. Бұлардың әрқайсысын әр түрлі жолмен оқытып, үйрету керек.
Тыңдап-түсіну қысқа мерзімдік және ұзақ мерзімдік еске байланысты. Қысқа мерзімдік ес келіп түскен хабарды қабылдаудың барлық сатыларында сақтап, оны ұзақ мерзімдік еске жөнелтеді. Ұзақ мерзімдік ес сөздер, сөз тіркестері мен синтаксистік құрылымдардың есту (артикуляторлық бейнелерін және олардың бір-бірімен тіркесу ережелері мен схемаларын сақтайды. Соның нәтижесінде сөйлемнің фразалық құрылымы мен коммуникативтік типін ажыратуға мүмкіндік туады.
Тыңдап-түсіну процесіне көру анализаторы да қатысады. Тыңдап-түсіну барысында көру анализаторы тыңдаған сөздің мағынасын түсінуге көп жеңілдік тудырады. Сөйлеу органдары, қимыл-қозғалыс сияқты көру белгілері тыңдауды, естігенін ішке сөзде қайталауды жеңілдетеді. Демек сөйлеушінің сөйлеу органдарының қозғалысын әр түрлі қимылдары мен бақылау тыңдаушыға естігенін түсінуді жеңілдетеді.
Естігенін түсінуді жеңілдетуде көру анализаторының тағы бір көмегі мынада: егер тыңдаушы тыңдап отырған мәтіннің (текстің) жазбаша нұсқасын көріп отырса, онда ол естігенін әлдеқайда жеңіл түсінеді. Бұдан тыңдап-түсінудің оқумен тығыз байланысы көрінеді. Оның үстіне тыңдап- түсіну мен оқу сөз әрекетінің импрессивтік түріне жатады. Яғни екеуі де сөзді қабылдап, оны түсіну болып табылады. Тек тыңдап-түсінуде ауызша айтылған сөзді қабылдап, түсіну керек болса, оқуда жазбаша сөзді қабылдап, түсіну керек. Сонымен тыңдап-түсіну сөйлеумен де, оқумен де, жазумен де байланысты.
Ғалым Н.В.Елухина болса, адамдар арасындағы қарым – қатынасты жүзеге асыратын тілдік тұлғаларды тыңдау, есту арқылы қабылдау және ұғу бұл – тыңдалым әрекеті, - дейді [22,17]. Тыңдалым сөйлеу әрекетінің өте күрделі түрі болып табылады. Сондықтан да тыңдалым арқылы орындалатын жаттығулар кез келген тілді үйрену барысындағы ең маңызды жаттығу болып саналады. Өйткені оқытудың бұл түрі есте сақтау қабілетін дамытып, логикалық ойлауды, дикцияны қалыптастырады, дұрыс тыңдауға үйретеді. Бұл жұмыс түрін оқушылардың ойлау әрекеттерін, белсенділіктерін, қызығушылықтарын ояту мақсатында пайдаланған тиімді. Сонымен қатар топпен жұмыс, өздік жұмыстар ұйымдастыруда да қолдануға болады. Сондай – ақ бақылау формаларын, қателерін түсіндіру мақсатында пайдалану өте тиімді, оның күнделікті сабақта өз жемісін берері сөзсіз. Десекте тыңдалымға жұмсалатын уақытты мөлшерлей қолданған дұрыс.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   34




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет