Дәрістің мақсаты: Педагогиканы оқу пәні ретінде және педагогика дамуының негізгі кезеңдерін түсіндіріп, даму жолдары мен жалпы сипатын ашу
Қарастырылатын сұрақтар: 1. Педагогика оқу пәні ретінде
2. Оқу пәні ретінде педагогика дамуының негізгі кезеңдері.
3. Педагогикалық білім беру мекемелерінде педагогиканы оқу пәні ретінде құру.
Негізгі ұғымдар:педагогика пәні, пәннің міндеттері, даму жолдары, жалпы сипаты, білім жүйесі
1. Педагогика оқу пәні ретінде Ғылымның биіктігін бағындыру оның негізін зерттеуден басталатындығы барлығымызға аян. Бұл негіздер оқу пәнінде жинақталған. Ғылым мен оқу пәні бір-бірімен тығыз байланысты.
Әдебиеттерде оқу пәні төмендегідей ретпен анықталады:
-білім жүйесі; білімді меңгерудегі оқу-танымдық іс-әрекет түрлерінің жүйесі; ғылымның негізін дидактикалық жүйелі түрде мазмұндау;
-білім жүйесіндегі белгілі сатының модулі, оның ішіне мақсаттылық, мазмұндық, қисындық-әдістемелік (технологиялық), нәтиже-бағалаушылық компоненттері енеді; өзіне сәйкес ғылым негізінде әлеуметтік тәжірибе әсерінен қалыптасатын модуль.
Оқу пәні – ғылымның ңфотосуретің. Оқу пәні жаңа білімдерді ашпайды, ол ғылымның дайын болған қорытындысын пайдаланады. ңҒылымң және ңоқу пәнің ұғымдарының мазмұндық талдауы олардың бір нүктеде түйісетінін көрсетті, бұл – білімнің жүйелілігі.
Жоғары оқу орындарындағы оқу пәнінің ерекшелігі ғылымның құрылымына жақын болғандықтан, онда ғылым теориясымен анықталған мәліметтер мен оларды танып білудің әр түрлі жолдары ашып көрсетілген.
Педагогика оқу пәні ретінде келесі компоненттерден тұрады:
білім беру, оқыту, тәрбие жайлы білім жүйесі;
білім, іскерлік, дағдылар мен құзыреттіліктерді меңгеруге бағытталған оқу-танымдық іс-әрекет жүйесі.
Оқу пәнінің құрылысын жасау кезінде бірнеше факторлар ескеріледі. Олар:
Егер ғылыми білімдер жеткілікті түрде жүйеленген және оны оқытудың әдістемелік аспектілері болса, сонда ғана олар оқу пәніне енеді.
Сәйкес саладағы студенттердің біліміне байланысты оқытушы оқу пәнін жобалай алады. Сонымен білім алушылардың қабілеттілігі, жас және жеке психологиялық ерекшеліктеріне тән оқу пәні әрқалай оқытылады.
Оқу пәні дәрістер, семинарлар, тәжірибелік және зертханалық сабақтар көмегімен оқытылады.
Кез-келген оқу пәні дидактикалық материалдар қорымен (нақты тапсырмалар, көрнекілік материалдар, бақылау сұрақтары, әдістемелік нұсқаулар) бекітіледі.
Оқу пәнінде белгілі теория, концепциялармен қоса оқытушының әдіснамалық көзқарасы да орын алады.
Педагогиканың оқу пәні ретіндегі педагогикалық ғылым және әлеуметтік тәжірибемен өзара қатынасы маңызды сұрақтардың бірі болып саналады. Бұны өзара байланысты мақсаттық және қорытынды-бағалық компоненттер мысалында байқауға болады.
Педагогиканың мақсаттылық компоненті ғылым пәнін ескере отырып, әлеуметтік факторлар әсерімен өзгеріп, қалыптасады. Мысалы, жуырда 2000-жылдың басында педагогиканы оқудың мақсаты – педагогикалық үдерістің типтік міндеттерін шешу үшін педагогикалық білімді, іскерлік пен дағдыны қалыптастыру болды. Ал қазіргі кездері педагогиканың оқу пәні ретіндегі мақсаты – әлемге деген этикалық қатынасының, дамыған дүниетанымдық көзқарасының мәдениеті мен инновациялық ойлау типіндегі кәсіби педагогты қалыптастыру.
Педагогогиканың қорытынды-бағалық компоненті де әлеуметтік практика әсерімен қалыптасады. Сонымен қатар, педагогикалық білім әлеуметтік практиканы ғылыми тұрғыдан түсіндіріп, болжалдап, жобалап отырады. Егер педагогикалық білім базалық ғылымның негізгі қызметтерін орындай алса, сонда ол сапалы болып саналады.
Оқу пәні өз кезегінде, педагогикалық ғылымға әсер етеді. Мысалы, педагогикада ғылым ретінде ңинновацияң секілді ұғымның жаңартылған түсіндірмесі ашылады. Әсіресе педагогикалық практика педагогиканы зерттеу саласында маңызды бағыттарды нұсқап, ғылыми концепциялардың қалыптасуына әсер етеді.
Оқу пәнінің мазмұны зерттелетін ғылым теорияларының үйлесімділігімен, оқу орындарының дәстүрлі, инновациялық тәжірибелерімен, оқытылатын ғылым саласындағы оқытушылардың және студенттердің жеке тәжірибелерімен анықталады.
Тарихи педагогикалық әдебиетке сүйенсек, танымал педагогтар педагогикалық пәндерді оқыту үшін арнайы кафедралар құру керек екендігін айтқан. К.Д. Ушинский: ңЕгер университеттерде медициналық, тіпті камералық факультеттер бар болып, бірақ педагогикалық факультеттер жоқ болса, онда бұл адамның әлі күнге дейін өзінің адамгершілік тұлғасы, үлгілі тәрбиесі жөнінде ойламай, тек денсаулығы мен қалтасының қалыңдығын, келешек ұрпағының бай болуын ойлайтындығын көрсетедің.
Педагогикалық оқу орындарында педагогика оқу пәні ретінде кеңес мектептерінің құрылу шартымен рәсімделген. Мысалы, В.И. Лениннің қолы қойылған халық комиссарлар Кеңесінің оқулықтар шығару тәртібі туралы (1921 ж.) қаулысы маңызды рөл атқарды.
1922-1924 жж. аралығында П.П. Блонскийдің ңПедагогикаң (1922 ж.), А.Г. Калашниковтың ңОпыт построения индустриально-трудовой школы ближайшего будущегоң (1922 ж.), С.И. Гессеннің ңОсновы педагогикиң (1923 ж.), А.П. Пинкевичтің ңПедагогикаң (1924 ж.) атты кітаптары жарық көрді.
С.И. Гессеннің ңОсновы педагогикиң кітабы өткен ғасырдағы педагогиканың ең танымал кітабы болды. Ол Петроградтағы көтеріліске дейін, көтерілістен кейінгі бастапқы жылдары Томскде дайындалып, автордың эмиграцияда жүрген кездерінде бітіп, жарыққа шықты. Ол кітапта әлемдік педагогиканың бірнеше ғасырлық тәжірибесі мен Ресейдің ең жақсы дәстүрлері қорытылып, ғасырдың бірінші жартысындағы Ресейдегі, Еуропадағы, АҚШ-тағы басты педагогикалық ойлар бағытына сараптама беріліп, педагогика идеяларының даму мүмкіндігі негізделді.
Жалпы алғанда, еңбектерде өткеннің педагогикалық идеялары түбегейлі баяндалып, еңбек мектептеріне және еңбек тәрбиесіне басты назар аударылды. Сонымен қоса кітаптардың құрылымы мен мазмұны оқу міндеттерінің іске асуына көмек көрсете алмады, педагогикалық идеялар дидактикалық жақтан баяндалмай, жалпылама жақтан баяндалып, автордың бір партияға, ғылыми мектепке тәуелділігімен анықталды.
Педагогиканың оқу пәні ретіндегі дамуына 1927-1930 жж. өткен педагогикалық пікірталастар үлес қосты. Пікірталастар барысында оқу пәні ретіндегі педагогиканың мазмұны анықталып, мақсатты түрде бағытталған, арнайы ұйымдасқан және басқарылатын үдеріс ретіндегі тәрбиенің негізі нақтыланды.
Бұл кезеңдері В.Н. Попов, А.У. Зеленко, А.Г. Вальнерлердің «Учебник педагогики: для краткосрочной подготовки педагогических кадров» (1931 ж.), А. Африканов пен П. Груздевтің «Педагогика: учебник для педагогических техникумов» (1931 ж.) және тағы да бірнеше кітаптар жарық көрді.
Ең бірінші педагогика бағдарламасы 1931 ж. жазылып шықты. Бағдарламада педагогиканың жүйесін оқу пәні мен болашақ мұғалімді кәсіби даярлау негізі ретіндегі педагогиканың жалпы курсын жасау талабы болды. Алайда бұл жылдары жарық көрген кітаптар мен бағдарламалардың сараптамасы педагогика курсының әдіснамалық негізі, мазмұны мен құрылымы біртекті болмағанын, 20-30 жылдардағы педагогикаға қатысты қателіктер мен адасушылықтардың бар екендігін көрсетті.
1933 ж. педагогика бағдарламасы бойынша педагогикалық жоғары оқу орындары мен педтехникумдарға арналған екінші бағдарлама мен оқулықтар сериясы шықты, олар: «Педагогика: учебник для высших педагогических учебных заведений», авторы М.М. Пистрак (1934-1935 жж.); «Педагогика: учебник для педтехникумов», авторы П.Н. Шимбирев (1934 ж.).
Оқулықтар анық құрылымда болып, оқу үшін арналған материалдарға түпкілікті таңдау жүргізіліп, педагогиканың негізгі жағдайы баяндалып, мазмұны бағдарламаға сәйкестендірілді.
Педагогика бойынша бағдарламалар келесі тараулардан тұрды:
1. Кеңес педагогикасының мақсаты, маңызы, негізі.
2. Халықтық білімнің жүйесі.
3. Оқу жоспары және бағдарламасы.
4. Политехникалық мектептегі оқытудың әдісі.
5. Мектептегі білім берудің ұйымдастырушылық формалары.
6. Оқулықтар.
7. Тәртіп.
8. Балалардың коммунистік қозғалысы.
9. Мектептен тыс жұмыс.
10. Оқытушы.
11. Мектептің ұйымдастырушылық-педагогикалық сұрақтары.
Бағдарламаны құру кезінде авторлар Коммунистік партияның Орталық Комитетінің үкімін басшылыққа алғанын көрсетеді. Бағдарламада Коммунистік партияның педагогиканы жаңа, социалистік өмірдің әсер етуімен пайда болған өзгерістермен қоса оқу талабы көрініс тапты. Осылайша, басты назар халықты оқыту жүйесіне, политехникалық мектепте оқуға, балалардың коммунистік қозғалысына аударылды. Педагогика курсы анық саяси бағытқа ие болып, марксизм-ленинизм қағидасына сүйеніп, социалистік құрылыс есептерімен санасты.
30-жылдардың ортасында бағдарламаға деген теориялық талаптар жасалды. Бағдарламаны жасауда авторлар мынандай жайттарды ескерулері керек еді:
-диалектикалық материализмнің қағидаларын бағдарламаларда шығармашылық түрде қолдануды;
-болашақ мұғалімдерді социалистік тәрбиеге бағыттауды;
-бағдарламаларда политехникалық білім беру идеяларын көрсетуді;
-жүйелілік принципін сақтауды.
Осы жылдары оқулықтарға да нақты және қатаң талаптар анықталды:
-педагогика мазмұның түпкілікті іріктеу;
-педагогика мен педагогикалық фактілердің маңызды жағдайларын баяндау;
-тарихпен байланыс жасау;
-педагогика мазмұның бағдарламаға сәйкестіру.
1939 жылдан бастап 1940 жылдарға дейін жоғары және орта педагогикалық оқу орындарына арналып жаңадан үш кітап жарық көрді. Жоғары оқу орындарына арналған оқулықтардың құрылымы қатаң қисынымен ерекшеленіп, мазмұнында тарихи-педагогикалық материалдар үлкен орын алып, оқулықтардың көлемі кеңейді.
1924-1940 жылдары құрастырылған педагогика оқулықтары педагогика курсы жүйесінің берік негізін қалады. Соғыстан кейінгі жылдары Б.П. Есипов пен Н.К. Гончаровтың «Педагогика: учебник для учащихся педагогических училищ» (1948 ж.); авторы П.Н. Шимбирев болып табылатын «Педагогика: учебник для студентов педагогических институтов» (1954 ж.), И.А. Каировтың «Педагогика: учебник для студентов педагогических институтов» (1956 ж.) үш оқулықтары жарық көрді. Бұл оқулықтардың құрылымы мен мазмұны «Жалпы педагогика негіздері», «Дидактика», «Тәрбие теориясы», «Мектептану» сияқты бөлімдерді оқытудың қисынымен және бірізділігімен ерекшеленді. Осындай оқулықтардың құрылымы қазіргі кезге дейін сақталған.
Педагогика бойынша жаңа оқулықтар шығаруға жоғары мектепке арналған кітаптар белгілі бір көлемде ықпалын тигізді. Мысалы, С.М. Василевскийдің «Лекционное преподавание в высшей школе: краткие исторические очерки, его психолого-педагогические основы и общие методики» (1959 ж.), М.В. Остроградский, А. Блюмнің «Размышления о преподавании» (1955 ж.) және т.б.
70-жылдардың басында педагогикалық жоғары оқу орындарына жаңадан психология-педагогикалық пәндердің және педагогикалық тәжірибенің жүйелері енгізілді. Педагогика курсы «Педагогиканың жалпы негіздері», «Дидактика» және «Тәрбие теориясы» деп аталатын үш бөліктен тұрды. Курстың осындай құрылымында өзіндік құндылығы мен жетіспейтін жақтары болды. Құндылықтар қатарына студенттерді алдын-ала педагогиканың кейбір мәселелерімен таныстыра алу мүмкіндігі, педагогиканы оқу-тәрбие тәжірибесіне жақындату жатқызылды. Тұтас педагогика курсын жоғарыда аталған үш бөліммен алмастыру, оқытушының педагогикалық дайындығының әлсіреуіне әкеп соқты. Бұл жағдай педагогикалық жоғары оқу орындарында тұтас педагогика курсын оқытуға мәжбүр етті.
Кеңес билігі кезінде педагогиканың оқу пәні ретінде дамуы педагогиканың мазмұны және құрылымын дамыту үшін көптеген жұмыстар жүргізілгенін көрсетеді. Осылайша келесі жылдары да педагогиканың жаңа оқулықтарында педагогика мен педагогикалық мектептер арасындағы жалпы сұрақтарының біріктірілуі қарастырылды.
Педагогика бойынша оқулықтар мен оқу құралдарын жасау кезінде тек қана оқу пәнінің мазмұны ғана емес, педагогиканы ғылым ретіндегі танытатын көптеген сұрақтар бойынша кең пікірталас пайда болды. Оларды талқыға салу педагогиканың әлсіз жақтарын анықтап, педагогикалық зерттеудің әдістемесі мен әдіснамалық негіздеріне ден қоюға мүмкіндік берді.
1960-1980 жылдары жоғары оқу орындарындағы оқыту мен тәрбиенің теориялық мәселелеріне, атап айтсақ, педагогика бойынша бағдарламалардың дидактикалық негізіне, педагогика курсына арналған оқу материалдарын таңдау принциптеріне, оларды оқу жылдарына бөлуге басты назар аударылды. Жоғары мектеп педагогикасында маңызды ғылыми жұмыстар пайда болды. Олар С.И. Зиновьевтің «Учебный процесс в советской высшей школе» (1975 ж.), С.И. Архангельскийдің «Учебный процесс в высшей школе, его закономерные основы и методы» (1980 ж.) және т.б. еңбектері шықты.
Бұл жылдары сапалы оқулықтарды жасауға ден қойылды. 1969 жылғы 11 тамыздағы КСРО министрлер Кеңесінің «Жоғары, арнайы орта және орта оқу орындарына арналған оқулық шығарушыларға төрт КСРО Мемлекеттік сыйлығын тағайындау» туралы үкімі осындай оқулықтардың дайындалуына көмегін тигізді. Осы кездері Б.П. Есиповтың «Основы дидактики» (1967 ж.), Ф.Ф. Королевтің, В.Е. Гмурманның «Общие основы педагогики» (1967 ж.), В.А. Сластениннің, И.В. Исаевтің, Е.Н. Шияновтың «Основы педагогики» (1974 ж.), Т.А. Ильинаның «Педагогика» (1977 ж.) еңбектері жарық көрді.
Бұл кезеңде педагогикалық ғылымдар Академиясында педагогикадан оқулықтар мен оқу құралдары, сонымен қатар «Советская педагогика», «Школа и семья», «Народное образование», «Воспитание школьников» журналдары басылып шығарылды.
80-жылдары педагогикалық институттардың студенттеріне арналған М.Н. Скаткиннің (1982 ж.), Т.А. Ильинаның (1984 ж.), Ю.К. Бабанскийдің (1988 ж.) оқулықтары мен оқу құралдары жарық көрді. Оқулықтардың құрылымы «Жалпы педагогика негіздері», «Дидактика», «Тәрбие теориясы», «Мектептану» деген төрт тараудан тұрды. Мұндай құрылым негізделген және қисынды түрде зерттелген еді.
90-жылдар педагогика ғылымының әдіснамалық негіздерін белсенді зерттеумен ерекшеленді. Оның қорытындысы И.Ф. Харламовтың «Педагогика» (1990 ж.), И.П. Подласыйдың «Педагогика» (1996 ж.), И.П. Пидкасистыйдың «Педагогика» (1996 ж.), Б.Т. Лихачевтің «Педагогика: курс лекций» (1997 ж.), В.И. Сластениннің, И.Ф. Исаевтің, Е.Н. Мищенконың «Педагогика» (1997ж.), Б.З. Вульфовтың, В.Д. Ивановтың «Основы педагогики в лекциях, ситуациях, первоисточниках» (1997 ж.), Т.А. Стефановскаяның «Педагогика: наука и искусство» (1998 ж.) деген еңбектерінен көрініс тапты.
ХХІ ғасыр «Жаңа ғасыр оқулығы» атты оқулықтар сериясының пайда болуының бастамасы еді. Бұл серияның басты мақсаты педагогикалық жоғары оқу орындарының және педагогикалық колледждердің студенттерін жаңа шағын және жоғарғы ақпараттық оқулықтармен қамтамасыз ету болды. Бұл серияға келесі авторлардың басылымдары кірді: Н.В. Бордовская, А.А. Реан «Педагогика» (2001 ж.), А.В. Хуторской «ңСовременная дидактика» (2001 ж), С.Д. Смирнов «Педагогика и психология высшего образования: от деятельности к личности» (2003 ж.), В.В. Краевский «Общие основы педагогики» (2003 ж.), В.И. Сластенин, И.Ф. Исаев, Е.Н. Мищенко «Педагогика» (2006 ж.), А.М. Столяренко «Общая педагогика» (2006 ж.), И.П. Пидкасистый «ңПедагогика» (2008 ж.), В.И. Загвязинский «Общая педагогика» (2008 ж.), В.Г. Виненко «Общие основы педагогики» (2009 ж.), О.Ю. Ефремов «Педагогика» (2010 ж.) және т.б. Аталған оқулықтар базалық педагогикалық білім берудің мемлекеттік стандартына сәйкес дайындалып, жоғары оқу орындарының студенттеріне ұсынылды.
Қазақстанда шығарылған педагогика саласындағы оқулықтар мен оқу құралдарын екі топқа бөлуге болады: бірінші топ – кеңес заманында шығарылған оқулықтар және оқу құралдары, екінші топ – кеңес заманынан кейін шығарылған оқулықтар мен оқу құралдары. Бұл оқулықтар мен оқу құралдарының мазмұны қоғамның нақты бір кезеңінің идеологиялық ұстамдары мен әлеуметтік қажеттіліктеріне негізделгендігін айта кеткен жөн.
Бірінші топқа Т.Т. Тәжібаевтің «Абай Құнанбаевтың педагогикалық, психологиялық, философиялық көзқарастары» (1957 ж.), «ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы Қазақстандағы ағартушылық-педагогикалық ойлардың дамуы» (1958 ж.), Р.Г. Лембергтің «Дидактические очерки» (1960 ж.), Ә. Сембаевтің «Қазақ совет мектебінің тарихы» (1967 ж.), Н. Көшекбаевтің «Оқыту теориясы» (1967 ж.), М.М. Мұқановтың «Ақыл-ой өрісі» (1980 ж.), К.Б. Жарықбаевтың «Аталар сөзі-ақылдың көзі» (1980 ж.), К.Б. Бержановтың, С.М. Мусиннің «Педагогика тарихы» (1984 ж.) және т.б. авторлардың еңбектері кірді.
1990 жылдары Ж.Б. Қоянбаевтың «Педагогика» (1992 ж.), М. Жұмабаевтың «Педагогика» (1993 ж.), К.Б. Жарықбаев пен С. Қалиевтың «ңҚазақ тәлім-тәрбиесі» (1995 ж.) кітаптары жарық көрді. Бұл кітаптар педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттеріне арналып, көптеген жылдар бойы негізгі оқу құралдарының қатарында болды.
Екінші топқа профессор Н.Д. Хмельдің редакциялауымен ңПедагогикаң (2003 ж.), Ж. Әбиевтің «Педагогика» (2004 ж.), Ж.Б. Қоянбаев, Р.М. Қоянбаевтың «Педагогика» (2004 ж.) оқулықтар мен оқу құралдары кірді. Педагогика ғылымдарының докторы, ресейлік ғалым П.И. Пидкасистыйдың «Педагогика» атты оқулығы отандық ғалымдар Г.К. Ахметова, Ш.Т. Таубаевамен қазақ тіліне аударылып (2006 ж.), Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министірлігімен педагогикалық жоғары оқу орындарына және педагогикалық колледждерде оқылатын оқулық ретінде ұсынылды.
Жалпы алғанда, оқулықтар мен оқу құралдары құрылымы мен мазмұны бойынша педагогикалық білімнің мемлекеттік базалық стандартына сәйкестендірілген. Бұл оқулықтар мен оқу құралдарында педагогиканың тарихи және әдіснамалық мәселелеріне, мектеп мұғалімінің педагогикалық іс-әрекетіне көп көңіл аударылған. Сонымен қатар оқыту теориясы мен тәрбие теориясының басты сұрақтарын толық ашып көрсеткен. Оқулықтар мен оқу құралдарының жақсы жағы – бағдарламалық материал құрылымдық-қисындық сұлбалармен бекітіліп, педагогикалық тәжірибеден мысалдар келтіріліп, жаттығулар, шығармашылық тапсырмалар, тестер берілгендігі. Осының барлығы студенттерге педагогика пәні бойынша білімді меңгеріп, тәжірибеде жетік қолдана алуына септігін тигізеді.
Айтылғандардың негізінде мынандай қорытынды жасауымызға болады: педагогика ғылым ретінде зерттеушілерге бағдарланған болса, ал оқу пәні ретінде білім алушыларға арналған. Өзіндік жеке мақсаттары, жеке ерекшеліктері, өзіне тән қорытындылары болса да, ғылым мен оқу пәні диалектикалық түрде өзара байланысты болады.
Осылайша, жаңа білімдерді ашу – ғылымның міндеті, ал білімді жүйелендіру мен меңгеруге ұсыну – оқу пәнінің міндеті болып табылады.