Сабақтың түрлері. Қай пәнен болса да сабақ - білім беру формасы болғандықтан, оның мақсатына байланысты құрылымы өзгеріп отырады. Соның бірі ретінде "Дүниетану" сабақтарының түрлеріне байланысты құрылымының өзгеретіндігін қарастырайық. Сабақтың құрылымы дегеніміз бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын және біріне-бірі бағынышты сабақтың бүкіл бөлімдерінің бірлігі. Ол құрылымның өзгеруі оқып үйренілетін материалдың мазмұнына, мақсаты мен міндетіне және оқушылардың біліктілігін ұйымдастырудың түріне байланысты. Сондықтан да әр сабақтың түріне қарай оның құрылымы өзгереді.
Кіріспе сабақ. Бұл сабақтың мақсаты – оқушылардың өмір тәжірибесіне не өткен сыныпта алған білімдеріне сүйеніп, коршаған ортадан берілетін білім жайында жалпы түсінік бере отырып, олардың осы пәнді оқуға қызығушылығын арттыру. Бұл пәнді оқып үйренудің әдіс-тәсілдерімен таныстыру. Пән бойынша сыныптан тыс жұмыстар болатынын айтып түсіндіру. Кіріспе сабақ жалпы пәнмен таныстыруға, кейде бір тараудың мазмұнымен таныстыруға да арналады. «Дүниетану» пәнінің ірі-ірі тарауларына байланысты кіріспе сабақ өткізген жөн. Мәселен, өсімдіктер, жануарлар, табиғат зоналары, адамның дене құрылысы т.б. тақырыптар бойынша кіріспе сабақ ұйымдастыру арқылы осы тараулардағы материалдардың ең негізгі арқауы неде, оны қалай оқып-үйренуге болады деген мәселелер қарастырылады. Мұндай сабақтар оқушылардың тарау материалын саналы ұғынуға дайындайды.
Сабақтың ең басында оқушылардың бұрыннан білетін ұғымдары мен түсініктерін анықтау үшін әңгімелесу әдісі қолданылады. Мұнда мұғалім оларды еркін қатыстыра отырып, қоршаған ортадан не білетіндерін анықтауға бағытталған сұрақтар мен тапсырмалар береді.
Аралас сабақ. «Дүниетану» пәнінен көбіне аралас сабақтар ұйымдастырылуы мүмкін. Себебі көптеген тақырыптар мазмұн жағынан бір-бірімен тығыз байланыста болады да, өткен тақырып бойынша білімді ойға түсіру негізінде барып жаңа ұғым беру іске асады. Мұндай жағдайда сабақтың құрылымының өзінше ерекшелігі бар.
1.Өткен мәтіннен алған ұғымды еске түсіру және тексеру. Ол бірнеше әдіспен орындалуы мүмкін. Егер өткен материал нақты объектілер мен құбылыстарға байланысты болса, оқушылар көрнекілікті қолдана отырып, көрсетіп, айқындап, оның қасиеті мен ерекшелігіне тоқталады. Мұндай жағдайда көрнекілік әдісі басым орын алады.
Егер, оқушылардың өткен тақырыптан меңгерген дағдылары мен біліктілігін байқау арқылы жаңа сабақтың тақырыбына көшу керек болса, мұғалім оқушыларға түрлі жаттығу жұмыстарын, тәжірибелер орындатады.
Оқушылардың өмір тәжірибесін өткен материалмен байланыстыра отырып еске түсіру. Мұнда көбіне кіріспе әңгіме әдісі басым болады да, мұғалім оқушыларға сұрақтар беріп, оған жауап алу жағына баса көңіл бөледі.
Жаңа тақырыпты хабарлап, оның мақсатымен, міндетімен таныстыру.
Жаңа тақырыпты оқып-үйрену. Бұл кезеңде мұғалімнін қолданатын әдісі материалдың мазмұнына қарай түрліше болуы мүмкін. Әрине мұғалімнің оқыту әдісі оқушылардың білім деңгейі мен олардың бұрыннан қалыптасқан дағдыларына тікелей байланысты. Жаңа тақырыпты түсіндіруде көрнекілік түрлерін пайдалану, тәжірибе жасау, бақылау нәтижелерін қолдану, әңгімелесу, түсіндіру әдістері кеңінен пайдаланылады. Тақырыпты толық меңгергеннен кейін міндетті түрде оқушылар қорытынды жасауға тиісті. Мәселен, «Су-еріткіш» тақырыбын суда еритін және ерімейтін заттарды пайдалана отырып тәжірибелер жасау, күнделікті өмір тәжірибесін еске түсіру арқылы менгергенен кейін оқушылар "Су- еріткіш, онда еритін және ерімейтін заттар бар. Судың еріткіштік қасиетін шаруашылықта және адам өмірінде жиі қолданады"- деген сияқты қортынды жасау дәрежесіне жетеді. Бұл қортындыларын нақты деректермен дәлелдейді.
Сабақтың қорытынды бөлімінде тақырыптың мазмұнына қарай, оқушылардың дағдыларын қалыптастыру мақсатымен түрлі жаттығулар орындату, дәптермен, өсімдік жыйынтығымен, түрлі жыйынтыктардың түрлерімен жұмыс істету мүмкіндіктері туады. Қортындылау кезінде тек негізгі түсініктер ғана тұжырымдатады.
Үйге берілетін тапсырма тек оқулықтағы материалды қайта оқып келумен шектелмей, оның ішіндегі атауларды дәптерге жазу, тапсырмаларды орындау, бақылау жүргізу, тәжірибе жасау сияқты жұмыс түрлерімен толық-тырылады. Аралас сабақтың тиімділігі оқушылардың білімінің жүйелілігіне әсер етуінде. Мұнда тақырып аралық сабақтастык арқылы білімнің бірізділігі жүзеге асады. Сонымен қатар оқушылардың білім көлемі мен дағдысы да кеңейе түседі және оны меңгеру сапасы арттады.