4.4 Ішкі кәрізді жобалаудың негіздері Біріккен немесе бөлінген кәріз жүйесін таңдау үшін ҚМжЕ – ден және технологиялық жобадан немесе лабораториялық анализдер қорытындысынан лас судың мөлшерін және сапасын жобалап анықтайды.
Алдымен өндірістік ластанған суды алдын – ала тазартатын жергілікті қондырғыларды жобалаудың және одан бағалы заттарды шығарып алудың мәнісінің бар – жоқтығын шешеді. Ластанған суды бірден қалалық кәріз торабына тастауға болмайды, өйткені ол торапты зақымдауы немесе қаланың тазалау ғимараттарының технологиялық режимін бұзуы мүмкін, сондықтан өндірістік ластанған суды алдын – ала өңдеудің қажеттілігін анықтайды.
Берілген мағлұматтарға байланысты қандай нақты қондырғылар жобалануы керектігін шешеді: нейтрализаторлар, орталатқыштар, керегелер, қоқсық және май ұстағыштар, тұндырғыштар, мұнай – май ұстағыштар, жылу ұстағыштар және т.б.(мысалы: қоғамдық тамақтану орындарында – ет, балық өңделгенде – майды; жеміс жуғанда – ласты ұстауға;автокөлік мекемелерінде – майды, бензинді, ласты; құрылыс индустрия зауыттарында – цементті, майды, және т.б.; коммуналдық мекемелерде – тасталған жылуды ұстауға ).
Сәулеттік шешімдерге және технологиялық жобалық материалдарға сүйене отырып ластанған су қабылдағыштардың орналасу орындарын белгілейді.
Тік құбырлардың санын азайту үшін және әкететін құбырларды қысқарту үшін қабылдағыштарды біріктіріп жобалайды және үйдің қабаттарында бір – бірінің астына орналастырған жөн.
Ластанған суды тасымалдау үшін үйге кәріз тораптарын құрастырады: біртекті – құбырдан, науадан немесе құбырлы және науалы бөлінген учаскесі бар - әртекті.
Кәрізлық құбырлы тораптар тікелей, қиылысқан, бөлінген және біріккен болады.
Тікелей тораптар әкететін құбырлардан және кәріздік тік құбырлардан тұрады, оның әр қайсысының далалық кәріз торабына тастайтын өз шығарулары бар.
Қиылысқан тораптарда бір жалпы шығаруға бірнеше тік құбырлар біріктірілген.
Бөлінген тораптарда шаруашылық – тұрмыстық суды бөлек және өндірістік ластанған суды бөлек әкетеді.
Егер шаруашылық – тұрмыстық және өндірістік суларды сапасына қарай біріктіріп тазалауға мүмкін болса, онда біріккен кәріздік тораптарды қолданады.
Ішкі кәріз тораптарын жобалағанда қабаттар жобасында 1:100 немесе 1:200 масштабта ластанған суды қабылдағыштардың, әкететін құбырлардың, тік құбырлардың, орналасу орындарын көрсетеді. Жертөленің жоспарында барлық кәріздік тік құбырлар және жинағыш құбырлар, ауланың кәріздік тораптарының бақылау құдықтарына дейінгі шығарулар көрсетіледі. Сонымен қатар жоспарда тазартқыштардың, ревизиялардың, жаппалардың (подвалда) орналасқан орны көрсетіледі.
Кәріз тораптарының барлық элементтерін қабаттардың жоспарында көрсету мүмкін емес, сондықтан ең алыс орналасқан тік құбырдың және шығарудың аксонометриялық схемасын немесе кескінін жасайды, онда айнала әр жазықтықта орналасқан басқа тік құбырларды көрсетеді. Барлық көлденең құбырларды, олардың әр учаске соңындағы белгілерін, ылдилығын және диаметрін көрсетуге ерекше көңіл бөледі.
Әкеткіш құбырларға ластанған су қабылдағышы бар гидрожаппалар жалғайды. Әкететін құбырлардың диаметрін, қабылдағыштардың шығаруларының диаметріне байланысты шамамен 50 немесе 100 мм қабылдайды. Әкететін құбырларды тік құбырға қарай бір шағын ылдилықпен жатқызады және оған үштік арқылы жалғайды. Бір қабаттағы әр пәтерде орналасқан санитарлық құрал – жабдықтарды бір әкететін құбырға жалғауға болмайды. Әкететін құбырларды еден астына жатқызады. Өндіріс орындарында құбырларды беті алынбалы плиталармен жабылған каналдарға жатқызуға болады. Тұрмыстық және өндірістік кәріздің әкететін құбырларында бітелуден сақтайтын учаске басындағы бұрылыстарда, судың жүру бағыты өзгеретін жерлерде тазалау қондырғылары немесе ревизиялар қарастырылуы керек. Көлденең учаскелерде тазартқыштар және ревизиялар орналасады. Төбенің астында орналасқан құбырларға ревизия орнына люкке немесе жоғарғы қабаттың еденіне ашық жұмысқа ыңғайлы жерге шығарылған тазартқыштар орнатады.
Егер тасымалданатын ластанған су атмосфераға зиянды газдарды және буларды бөліп шығармаса науалық кәріз торабын құрады. Науалар бетоннан, кірпіштен, керамикадан ені 20 см – ден кем емес пластмассадан шығарылады.
Науалардың өлшемдерін және ылдилықтарын ағыстың өзін - өзі тазарту жылдамдығына және толу дәрежесіне байланысты алынады. Науаның енін гидравликалық есеппен және конструктивті ойлаумен анықтайды.
Өндірістің ішкі әкететін құбырларымен нейтралды суларды тасымалдағанда бұрылыстарда, ылдилық және құбырлардың диаметрлері өзгерген жерлерде, тармақтарда бақылау құдықтарын орнатуға болады.
Тұрмыстық кәріз тораптарының үй подвалдарында бақылау құдықтарын орнатуға рұқсат етілмейді.
Үйдің подвалын су баспас үшін ондағы аулалық құдықтардың люктарының деңгейінен төмен орналасқан қабылдағыштардан шыққан ластанған суды кәріздегенде ерекше талаптар қойылады.
Қабылдағыштан ластанған суды әкететін құбырды жеке шығаруға жалғайды, ол жертөледегі құбырда орналасқан датчиктің импульсі арқылы автоматты басқарылатын электрленген өткізгіш жаппамен жабдықталған. Сонымен қатар автоматтандырылған диспетчер пункітіне немесе кезекшілер отыратын жерге авариялық жарықпен немесе дыбыспен сигнал беруді қарастыруы керек.
Үйлерде құбырларды жатқызуда ҚМжЕ 2.04.01-2006-тің арнайы талаптары қойылады. Құбырларды жатқызу подвалда, техникалық қабаттарда, монтаждық коридорларда, шахталарда, санитарлы – техникалық кабиналарда, қосымша және қосалқы бөлмелерде, цехтарда, астыртын жерлерде ашық түрде және блоктарда, панельдерде, жүйектерде, каналдарда, құрылыс конструкцияларында жабық түрде жүргізіледі. Тұрғын және қоғамдық үйлерде, асханаарда, қоймаларда т.б. жерлерде жабдықтар үстіне ілінетін құбырларды жатқызуға болмайды.
Үйлерді әрлеуге ерекше талаптар қойылса, ілінетін кәріз құбырларын қаптайды,бекітілген қораптар және төбелер орнатады.Судың өздігінен ағу режимін қамтамасыз етуде керекті ылдилықты сақтау үшін қабат арасы жабындағы әкету құбырларының ұзындығын 10 м-ден көп алмаған дұрыс.
Тік құбырлар барлық қабаттардан әкететін құбыр арқылы жиналған ластанған суды үйдің астыңғы бөлігіне тасымалдауға арналған.Оларды қабылдағыштардың ең көп орналасқан жеріне орнатады.Тік құбырлар диаметрі қосылған қабылдағыштар санынан, шығарудың тесігінің ең үлкен диаметрінен кем болмайтын құбырлардан жиналған болуы керек. Тік құбырларды монтажды шахталарда, кабиналарда, блоктарда, қабырға және бөлме арасындағы қабырға бұрышына жақын орналастырады.
Тік құбырларды бітелуден сақтау үшін екі қабаттан кейін үшінші қабатта еденнен 1 м биіктікте, сонымен қатар ең жоғарғы қабатта шығып тұратын құбыр астына және жертөледе міндетті түрде ревизиялар орнатады. Тік құбырларды жинағыш құбырларға және шығаруларға жалғауды 1350 -ті әкету немесе 900-ты ұзартылған әкету арқылы жүргізеді, сұйықтың жайімен тік ағыстан көлденең ағысқа өтуімен жүреді.
Кәрізлық торапты желдету үшін тік құбырдың жоғарғы жағын желдетуге қолданады, ол үйдің пайдаланбайтын шатырынан 0,3-0,5 м, ал пайдаланатын шатырдан 3 м шығып тұрады. Ол диаметрі тік құбырдың диаметрінен кем болмайтын шойын, асбестцементті, пластмассалы құбырлардан жасалуы мүмкін. Үйдің жабынының бүлінген жерін азайту үшін барлық тік құбырларды секциялық топқа біріктіреді.
Шығарулар лас суды тік құбырлардан үй сыртындағы аулалық кәріз торабына әкетеді. Бірнеше тік құбырларды және шығаруларды жинақтап тұратын жинағыш көлденең кәріздік құбырларды техникалық қабаттарда, жертөледе каналдарға (өтпейтін, жартылай өтетін және өтетін) орналастырады.
Шығарулар санын жинағыш көлденең құбырлардың ең аз ұзындығын және тазартудың ең аз вариантын таңдап, тік құбырлардың орналасуын ескере отырып анықтайды. Үйде барлық тік құбырлар қосылған бір бүйірлік шығару орнатқан дұрыс емес, өйткені пайдалануға бұндай жинағыш құбыр тиімсіз болады. Шығарудың тереңдігін жердің қату тереңдігінен 0,3 м жоғары қабылдайды, бірақ 0,7 м-ден кем болмауы керек.
Шығарудың тереңдігі сонымен қатар жертөледегі өзіне жалғанатын ластанған су қабылдағыштардың бар – жоқтығына байланысты болады. Шығаруларды үйдің бір жағына орналастырған дұрыс.
Шығаруларды 0,02-ден жоғары ылдилықпен, диаметрі 50 мм болғанда 8 м-ге дейінгі және диаметрі 100-150 мм болғанда 12-15 м-ге дейінгі ұзындықпен жатқызады. Шығарудың ұзындығы үйдің негіздігінен кем дегенде 3 метр жерде орналасқан бақылау құдығының өсіне дейінгі аралыққа тең болады.
Үйлерде кәріздік тораптарды ашық және жабық түрде жатқызады. Ашық түрде жатқызуды жертөледе, техникалық астыртын жерлерде, өндіріс цехтарында, коридорларда, биік үйлердің техникалық қабаттарында, қосалқы бөлмелерде, құрылыс конструкцияларына құбырларды бекіту арқылы пайдаланады: қабырғаға, төбеге, колоннаға, фермаға, сонымен қатар қатты тіреулерге. Тіреулердің орнына шығаруға қарай 0,02-ден кем болмайтын керекті ылдилықты қамтамасыз ететін құбыр жатқызатын негізі қатты қондырғы пайдалануға болады. Құбырларды бекіту үшін қамыттар, ілгектер, ілгіштер және 2 м-ге дейінгі аралықта орналасқан кронштейіндер пайдаланады.
Кәрізлық құбырларды жабық түрде жатқызуды құрылыс конструкцияларында, жерде және каналдарда (еден, жабынының астында), панельдерде, қабырға жүйектерінде, бекітілген төбеде, санитарлы-техникалық кабиналарда, монтаждау шахтасының штробтарында бекіту арқылы пайдаланады.
Пластмассалы, полиэтилен, винипласт құбырларды пайдаланғанда тік құбырларды орнату жабық түрде монтаждау шахталарында, қораптарда, каналдарда және қорғайтын конструкциялары жанбайтын материалдардан жасалған жерлерде жүргізіледі.
Тұрғын үйлердің ванналарда, жертөледе, шатырларда пластмассалы кәріз құбырларын ашық түрде жатқызуға рұқсат етілмейді.
Кәрізлық тік құбырларды жабық түрде орнатқанда ревизиялар орналасқан жерлерге өлшемі 0,3 х 0,4 м-ден кем болмайтын люктер қойылады.
Жергілікті арнайы қондырғыларды жобалауға өте ерекше көңіл бөлінеді (ластанған суды сору бекеттері, жинағыш қоймалар, қоқсық ұстағыштар, май ұстағыштар, мұнай-май ұстағыштар т.б.). Бұл қондырғылар орнатылған жерлерде жедету жүйесін, дыбыс изоляциясын, жарық беруді адын ала қарастырады.
Ішкі кәріз жобасында монтаждауға және дұрыс пайдалануға керекті барлық элементтер және бөлшектер көрсетілуі керек. Құрылыс-монтаж жұмыстарының өндірісі бойынша техникалық шешімнің ең тиімді экономикалық вариантын таңдап алу керек.
Үйдің жер астындағы кәріз тораптарын жобалағанда (жинағыш көлденең құбырларды, шығаруларды және аулалық тораптарды) техникалық шешімдердің ең тиімді экономикалық варианттарын талдап қарастырған жөн. Мысалы, профиль тұрғызғанда жердің бет-бедерін ескерген жөн. Жер жұмысының көлемін азайту үшін тораптың және құдықтардың минималдық тарту тереңдіктерін анықтау керек. Сызба жұмысында керекті деңгейлерді, диаметрлерді, ылдилықтарды, толу дәрежелерін, материалдарын, ластанған сулардың шығындарын көрсетеді. Ескертулер сызба жұмысында ең маңызды орын алады, соның ішінде сызбада көрсетілмеген түйіндердің, учаскелердің, монтаждау жұмыстарына қосымша көрсетулер, анықтамалар, ескертулер келтіріледі.