Бекіту сұрақтары:
Сталиннің жеке басқа табыну саясатының жүзеге асуы қандай қарқында жүрді
Сталинизм кезіндегі жаппай қуғын-сүргін саясатының зардаптары қандай
30-ші жылдардағы құрылған жазалау лагерлері
ТАҚЫРЫП 9. ҚАЗАҚСТАН ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДА (1941-1945 ЖЖ.)
Фашистік Германияның КСРО-ға шабуылы. Соғыстың басталуы, оның сипаты .
Қазақстан –біртұтас ұрыс лагерінің құрамдас бөлігі.
Соғыс жылдарындағы Қазақстан еңбекшілерінің еңбектегі ерліктері.
4. Қазақстандықтардың Мәскеу және Ленинград үшін шайқастардағы ерлігі.
1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия КСРО жеріне опасыздықпен шабуыл жасады. Гитлершіл Германия басшыларының негізгі мақсаттарының бірі кеңес елін “басқаруды жеңілдету” оны бөлшектеп тастау болатын. “Барбаросса” жоспарына сәйкес Қазақстан жері былайша бөлінуге тиіс болды: Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу “Гросстүркістан” құрамына, ал Батыс Қазақстан “Идель-Орал” мемлекетіне енетін болды.
КСРО-ға шабуыл жасар алдында фашистік Германия Кеңестер Одағының шекарасына техникамен толық қамтамасыз етіліп, жабдықталған әскерлерін шоғырландырды. КСРО-ға қарсы 5,5 млн. солдат пен офицерлерден тұратын құрлықтағы әскерлерін, 5 мың ұшақтары мен 3,5 мың танктерін соғысқа әзірлеп қойды. “Солтүстік”, “Орталық” және “Оңтүстік” деп аталатын үш әскери топ құрылды. Финляндияның аумағында екі фин және “Норвегия” неміс-фашист әскері орналасты. Шығыста милитаристік Жапония миллион адамнан тұратын Квантун әскерін шоғырландырды.
Соғыс жылдары Қазақстан Қызыл Әскердің ең озық бөлімшелері мен құрамалары жасақталған қуатты әскери лагерьге айналды. Соғыс жылдары республика аумағында 12 атқыштар дивизиясы, 4 атты әскерлер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы құрылып, майданға аттанды. Сонымен қатар әртүрлі әскер тобының 50 полкі мен батальондары жасақталды. Бұл 238-ші, 312-ші, 314-ші, 316-шы, 387-ші, 391-ші атқыштар дивизиясы еді. Оның ішінде республикадан бөлінген қаржы мен халықтың жинаған қаражаты есебінен құрылған қазақтың ұлттық үш атты әскер дивизиясы және атқыштар бригадасы болды.
Кеңес елінің басқада патриоттары секілді қазақстандықтар да басқыншыларға қарсы күреске шықты. Соғыс жылдары майдандағы армия қатарына 1096164 қазақстандық шақырылды. Арнайы құрылыстар бөліміне және еңбек майданына 670 мың адам жіберілді.
Тылда командалық кадрларды даярлау қарқынды жүргізілді: негізінен жау басып алған аудандар мен майдан шебінен көшірілген 27 әскери оқу орындары соғыс жылдары 16 мың офицер даярлады. 45 мыңнан астам қазақстандық жастар әскери училищелерге жіберілді.
Әскери шаруашылық жоспарға сай экономика соғыс бабына бейімделіп қайта құрылды. Қарағандыда жаңа кәсіпшілер мен шахталар, Жезді, Шығыс Қоңырат, Мырғалымсай, Найзатас кен орындарындағы құрылыстар қарқынды жүргізілді. Бірқатар кен байыту комбинаттарында, Ақтөбе ферросплав зауытында, Текелі және Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында атқарылатын жұмыстарға ерекше мән берілді.
1941-1942 жж. республикаға 220 зауыт, фабрика мен цехтар көшірілді. Өнеркәсіп кәсіпорындарынан эвакуациялау 1941 жылдың аяғы мен 1942 жылдың басында үздіксіз жүзеге асты. Азық-түлік өнеркәсібі саласынан 54, жеңіл және тоқыма өнеркәсібі саласынан 53 зауыт, фабрикалар көшірілді. Олардың ішінде Мәскеу облысынан Подольский механикалық зауыты, Ивантьев тоқыма өнеркәсібі, Реутов және Краснополянск жіп иіру фабрикалары, Калинин облысындағы Осташково қаласынан былғары зауыты, Киев аяқ киім фабрикасы, Володар атындағы “Большевичка Украины” тігін фабрикасы бар. Бұл кәсіпорындар негізінен Алматыда, Оралда, Петропавлда, Шымкентте, Семейде, Қарағандыда, Ақтөбеде орналасты. 1941-1945 жж. Қазақстанда эвакуацияланғандарын қоса есептегенде, 460 кәсіпорын жұмыс істеді. Республика 1942 жылы қорғасынның одақ бойынша өндірілетін мөлшерінің 85 пайызы, көмірдің 1/8, молибденнің 60 пайызы, висмуттың 65 пайызы, полиметалл кендерінің 9 пайызын берлі. Қарағанды шахтерлері соғыс жылдары 34 млн. тонна көмір өндірді, мұнай өндіру 39 пайызға өсті.
Жеңіске республиканың ауыл шаруашылығы еңбеккерлері де айтарлықтай үлес қосты. Қазақ КСР ауыл шаруашылығында еңбекке жарамдылар саны 1942 жылы 1939 жылғы санақпен салыстырғанда 600 мың адамға кеңіп кетті. Егін алқабы 1941 жылмен салыстырғанда 842 иың гектарға өсіп, КСРО бойынша астық алқабының өсуін 30 пайызын құрады.
Колхоздың шаруалары жоғары саналылықпен, ерен еңбек үлгісін, азаматтық қайсарлықты, мемлекеттің алға қойып отырған міндетін терең түсінетіндігін көрсетті. Мысалы, Ақтөбе облысындағы “Құрман” колхозының звено жетекшісі Ш.Берсиев тары өсіруден әлемдік рекордқа қол жеткізіп, әр гектардан 202 центнерден өнім алды. Ал Қызылорда облысындағы “Қызыл ту” колхозының звено жетекшісі Ы.Жақаев та күріш өсіріп әлемдік рекордқа қол жеткізіп, әр гектардан 172 центнерден айналдырды. Бүкіл ел бойынша Ким Ман Сам, А.Дацкая, Б.Сомжібекова, П.Н. Ангелина, А.Х. Жеребцов, И.Я. Кудлай, Р.И. Нежибовский, В.П. Кривич тәрізді еңбек озаттарының даңқы шықты. Соғыс жылдары Отанға 356,4 мың пұт астық, 241,2 мың тонна картоп, 734 мың тонна шикізат тапсырды. Қазақстанның малшылары Қызыл Әскерге 110 мың жылқы, ал жаудан босатылған аудандарға 17,5 мың ірі қара, 350 мың қой, 22 мың жылқы берді.
Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап барлық майданда кеңес әскерлері қатарында мыңдаған қазақстандық жауынгерлер фашистерге қарсы ерлікпен шайқасты. Брест қамалының қорғаушылары қазақстандық В.Фурсов, К.Тұрдиев, 204-ші зеңбіректі артиллерия полкінің комсоргі Ш.Чульторов соғыста асқан ерлік көрсетті. 316-шы атқыштар дивизиясы 1075-ші полктің 4-ші ротасындағы жиырма сегіз панфиловшылар ерлігі бүкіл әлемге белгілі, олар Дубосеково разьезінде немістердің 18 танкісін жойып, жауды шығысқа қарай жібермей қойды. Волоколам тасжолындағы шайқаста аға лейтенант Бауыржан Момышұлы полк командирі болып тағайындалды. Өкінішке орай, оған Кеңес Одағының Батыры тек 1990 жылы берілді. Мәскеу түбіндегі шайқаста Кеңес Одағының Батырлары Т.Тоқтаров, М.Ғабдуллин ерлік көрсетті. Автоматшы Р.Амангелдиев (Амангелді Имановтың баласы) күші тең емес шайқаста 13 фашистің көзін жойды.
Ұлы Отан соғысы тарихында Ленинградтың ерлік эпопеясының орны ерекше. Ленинградты қарғауға және блокаданы бұзуға Қазақстанда жасақталған 310-шы атқыштар, кейін 314-ші дивизия қатысты. Олар Ленинград облысының 22 елді мекендерін азат етуге қатысып, қоршауда қалған қаланың үлкен жермен байланысқа шығуына, “өмір жолын” салуға үлес қосты. Балтық флотында қазақстандық теңізші- кировшылар жаумен жан аямай соғысты, тек “Киров” крейсерінде 156 қазақстандық болды. Ленинград үшін шайқаста Кеңес Одағының Батыры С.Баймағамбетов ерлік көрсетті. Халық ақыны Ж.Жабаев “Ленинградтық өрендерім” атты жалынды өлеңін шығарды, бұл өлең үлкен плакаттарға басылып, қаланың көшелеріне ілінді.
Майдан шебінің Сталинградқа жақындауына байланысты 1942ж. тамызда Гурьев және Батыс Қазақстан облыстары соғыс жағдайына көшірілді. Қазақстанда жасақталған 27-ші, 72-ші, 73-ші гвардиялық атқыштар дивизиялары, 74-ші теңіз атқыштар бригадасы, 152-ші атқыштар бригадасы, 292-ші және 387-ші дивизиялар, 81-ші атты әскер дивизиясы , 129-шы минометшілер полкі, 156-шы жеке мото атқыштар батальоны қатысты. Кеңес Одағының Батыры Н.Әбдіров пен минометші К.Сыпатаев, лейтенант Г.Рамаев Еділдегі соғыста жандарын пида етті. Ұлы ақын Жамбылдың баласы Алғадай 7-ші гвардиялық атты әскер полкінде пулеметшілерді басқарып, Синельниково қаласының түбінде ерлікпен қаза тапты.
Курск түбіндегі, Украина, Белорусь, Прибалтика, Молдованы азат ету мен Еуропа елдерін фашистік басқыншылардан азат етудегі шайқастарда мыңдаған қазақстандықтар қаза тапты.
Гитлершіл басқыншыларға қарсы соғыста көрсеткен ерлігі үшін 500 қазақстандық-жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Осындай жоғары атақ Днепр үшін шайқаста 18 жасар Ж.Елеуісовке, қазақтың даңқты қыздары М.Мәметова мен Ә.Молдағұловаға берілді. Сондай-ақ ұшқыш-штурмандар Т.Бегельдинов, Л.И. Беда, И.Ф. Павлов т.б. Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
Ұлы Отан соғысы майдандарында Кеңес Қарулы Күштерінің жеңіске жетуіне елде қалған еңбекшілер жанқиярлық еңбегімен үлкен үлес қосты. Соғыстың алғашқы айларынан бастап экономиканы соғыс мүддесіне бейімдеп қайта құру, материалдық және адам ресурстарын қайта бөлу шаралары жүргізілді.
Майдан шебінен көшіп келген кәсіпорындарды орналастыруға республикада 2300 мың шаршы метр өндіріс аудандары босатылды. Олардың алып келген адамдарды Қазақстан еңбекшілері жақын бауырындай қабылдап, қамқорлыққа бөлеп, тұрғын үймен басқа да қажет нәрселермен қамтамасыз етті.
Республика өнеркәсібінде 1940ж. 158 мың адам жұмыс істесе, 1945ж. 255 мың жұмысшы болды. Олар соғыс жылдарында аянбай еңбек етті. Қазақстанды майданның сенімді тірегіне,елдің ең негізгі әскери-өнеркәсіп ошағына айналдырды. Соның арқасында республикада өнеркәсіп өнімдерін өндіру 1,5 есе артты. Электр энергиясын шығару 93 процентке өсті.
Қазақстанда 1941-1945жж. 460 зауыт, фабрика, рудник, шахта, жеке кәсіпорындар салынып іске қосылды. Олар соғыс қажетіне байланысты қару-жарақ, оқ-дәрі, ұрыс техникасын жасап, халық шаруашылығының сұранымына қарай көптеген жаңа өнімдерді шығаруды игерді.
Майданға аттанған жұмысшылардың орнын қарттар мен әйелдер, балалар басты. Шаруалар соғыстың жеңіспен аяқталуына барынша үлес қосты. Республиканың колхоз-совхоздарында жыл сайын 300 мыңға жуық қала халқы еңбек етті.
Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қоғамдық мал басының өсу жоспарлары ойдағыдай орындалып отырды. Қоғамдық мал басы республикада соғыс жылдарында 3 млн. басқа жуық өсті. Қазақстанның колхоздары мен совхоздары бұл тұста соғыстан бұрынғы бес жылмен салыстырғанда астықты-30,8 млн. пұт, етті –15,8 млн. пұт, картоп пен жемісті –14,4 млн. пұт, сүтті-3197 мың центнер, жүнді – 17,7 мың центнерге артық берді.
Жауды жеңуге республиканың зиялылары да өздерінің үлкен үлесін қосты. Олардың қатары еліміздің батыс аудандарынан уақытша көшіп келіп пана алған ғалым, жазушы, әртіс, ұстаз, дәрігерлермен т.б. толықтырылды.
Еліміздің шығыс аудандары мен Қазақстанның халық шаруашылығының түбегейлі мәселелерін зерттеп, соның негізінде жасалған ұсыныстарды іске асыруға академик В.Л. Комаров бастаған КСРО Ғылым академиясы комиссиясының қосқан үлесі айтарлықтай болды. Оның жұмысына Ғылым Академиясының Қазақ бөлімшесінің Президиумының төрағасы, көрнекті ғалым Қ.И. Сәтбаев басқарған республиканың жүзден аса ғалымдары қатысты. Олар қазба байлықтың көптеген жаңа орындарын ашты, оның майдан мүддесі үшін тез игерулеріне үлкен үлес қосты.
Ғалымдар, жоғары оқу орындарының ұстаздары, мектеп мұғалімдері және тағы басқалары халық арасындағы идеялық тәрбие саласында үлкен жұмыс жүргізді Денсаулық сақтау қызметкерлері қажырлылықпен еңбек етті. Соның арқасында емханаларда емдеуде болған жаралы жауынгерлерден 70 проценттен астамы қайтадан қатарға қосылды.
Осындай қиын-қыстау кезеңде қазақ совет әдебиетін дамытуға үлкен көңіл бөлінді. Соғыс кезінде А.Толстой айтқандай, кеңес поэзиясының алыбы Жамбылдың өлеңдері Отан қорғауға шақырған қаһарлы дауыл іспеттес болды. Оның “Ленинградтық өрендерім” атты өлеңінің өнегелік те, тәрбиелік те мәні зор еді. Майдангер ақын Қ.Аманжолов “Жеңістің дауыл мен оттың жыршысымын” деп орынды айтты. Н.Тихонов айтқандай, оның “Абдолла” поэмасы қазақ поэзасының інжу-маржаны болды. М.Әуезовтың соғыс кезінде “Абай” эпопеясының бірінші кітабын жазуы қазақ әдебиетінің әлемдік аяға шығуына көмектесті. Қазақ әдебиетімен бірге өнері де дамыды. Соғыстың үш жылы ішінде Қазақстан өнер шеберлері 20 мың спектакль мен концерттер көрсетті.
Республика еңбекшілері өздерінің жеке жинағынан майдан қорына 4,7 млрд. сом ақша берді. Сонымен қатар олар майдангерлерге 2 млн. астам жылы киім, 1600 вагон сыйлық жөнелтті. Республика еңбекшілері өздерінің жеке қаражаттарына “Қазақстан комсомолы”, “Қазақстан колхозшысы”, “Кеңестік Қазақстан”, “Түрксибші”, “Қарағанды шахтері”, “Қазақстан мұнайшысы”, “Қазақстан металлургі”, “Қазақстан пионері” атты танк легтері мен авиаэскадриялар жасақталды. Олүшін 480 млн. сом қаржы жиналды.
Республика еңбекшілері Ленинградты қорғаушыларға 400 вагон сыйлық жөнелтіп, жаудан тазартылған аудандардан көмегін аяған жоқ. Қазақстанда соғыс жылдары қорғаныстық маңызы бар ондаған кәсіпорындар өнім өндіруді арттырды. 1943ж. Ақтөбе перросплав зауыты іске қосылды.Шымкен дәрі-дәрмек зауыты шөптен дәрі шығаруды игерді. Жаңа рудниктер мен байыту фабрикалары салынып, қорғасын, мыс, қолайы, күміс, алтын шығару артты.
1949ж. темір жолда әскери жағдай енгізіліп, әскер тәртібіне көшу темір жол арқылы жүк, шикізат тасуды жақсартты. Ақмола – Қарталы жол бөлігі іске қосылды. Темір жолдағы жұмыстың көбін әйелдер атқарды.
Достарыңызбен бөлісу: |