Дәуренбек МӘжитов, Ұлттық банктің қолма-қол ақшамен жұмыс жасау департаменті директоры: Қажет болса, теңгедегі орысша жазуды алып тастау қолымызда тұр



Дата08.01.2017
өлшемі145,12 Kb.
#6502

Айқын :: №174 (1111)

17 қыркүйек 2008 жыл

Ақ сөйле










Дәуренбек МӘЖИТОВ,

Ұлттық банктің қолма-қол ақшамен жұмыс жасау департаменті директоры: Қажет болса, теңгедегі орысша жазуды алып тастау қолымызда тұр



Дәуренбек Мәжитұлы, қашанда тұңғыштың аты – тұңғыш. Алғашқы теңгені бүкіл қазақ жылы қабылдады. Қазақ ақсақалының тұңғыш теңгені қолына ұстап тұрып, «бұл күнге де жеттік-ау» деп кәдімгідей көзіне жас алып, аялай ұстағанын көзіммен көргенмін. Қазақ халқының төл валютасының дүниеге келуі экономикалық-саяси жағынан үлкен бетбұрыс болғанын қазір тарихтың өзі дәлелдеп отыр ғой.
– Өте дұрыс айтасыз. 1993 жылды еліміздің тәуелсіздігін айшықтайтын өте ерекше жыл деуге болады. Әрине, біз өз тәуелсіздігімізді оның алдында жариялаған болатынбыз. Саяси тұрғыдан алғандағы егемендігімізді алғанымызбен, ұлттық валютаны айналымға енгізу арқылы экономикалық тәуелсіздігімізге қол жеткіздік деген мәселенің басын ашып алған болатынбыз. Кезінде «неліктен біз екі жылдан соң ғана өз ақшамызды енгіздік» деген сұрақтар туындады. Бұл жағынан біздің өзгелерден кейінірек әрекет жасағанымызды көбі күні бүгінге дейін сынға алады. Менің ойымша, бұл өте дер кезінде жасалған әрекет болды. Өйткені біздің, әсіресе, Ресей мемлекетімен ақша, несие, жалпы, қаржы жүйеміз 70 жыл бойы бірге болып келген. Бұл байланысты бірден үзіп, өз ақшамызды енгізгенде де табатын пайдамыздың соншалықты болмайтынына кейінгі кезде біздің көзіміз жетті. Неге десеңіз, біз 1993 жылы айналымға өзіміздің теңгені шығарып, содан кейін 1994-95 жылдардағы еліміздегі ақшаның құнсыздануы, инфляцияның жоғары болуы, экономиканың құлдырауы біздің ақшамыздың құнын 1995-96-97 жылдары қаншама төмендеткенін білесіздер. Дер кезінде жасалған шаралардың, құқықтық реформалардың, экономиканы, қаржы, банк жүйесін ретке келтіретін заңдардың қабылдануының арқасында 1997-98 жылдардан бастап еліміздегі инфляцияның деңгейі төмендеп, экономикамыздың қалыпты жұмыс жасауына қол жеткізгеніміз рас. Сондықтан менің ойымша, уақыт жағынан да, тиісті геосаясат жағынан алып қарағанда да біздің теңгенің 1993 жылы қараша айында енгізілгені дұрыс деп есептеймін.
– Кеңес Одағы тарай салысымен өз валюталарын шығарған мемлекеттердің жағдайы қалай болды?
– 1991 жылы көптеген мемлекеттер, оның ішінде Балтық жағалауы мемлекеттері саяси егемендігін жариялады да, артынша ұлттық валютасын айналымға енгізді. Осы асығыстықтың салдарынан қаншама қиындықты бастан өткізді. Әлі күнге дейін ақша-несие жүйелері дамып кеткен түгі жоқ. Асығыстықпен жасалған шешімнің зардабы бұл елдердің қаржы жүйесінде әлі күнге дейін байқалады.
Ақшаны енгізу үшін қалыпты бір жағдай тууы керек. Мемлекеттің саяси және экономикалық тұрақтылығы болуы, оның бүкіл қаржы жүйелері бір қалыпты жұмыс жасап тұруы қажет. Сонда ғана өз ұлттық ақшамызды айырбас, төлем құралы ретінде, құн санын есептейтін құрал ретінде пайдалануға болады.
Теңгенің айналымға енгізілгеніне биыл он бес жыл болады. Осы уақыт аралығында теңгені айналымға енгізгеніміз дұрыс екендігі дәлелденді. Әрине, теңгенің құнсызданған кезі де болды, бірақ жоғарыда айтылған факторлардың арқасында қазір теңгенің тұрақтылығы дүниежүзіне белгілі.
Көршілес қырғыз, өзбек, орыс мемлекеттерінде де теңгеміздің айналымда жүргендігі, олардың біздің елге келіп ұлттық валютамыз – теңгемен сауда жасап кетіп жатқандығы теңгенің айырбас құралы ретінде өз жолын тапты деуге толық негіз бар.
– Мемлекетіміздің жеке төл валютасының болуы ел тәуелсіздігінің мығымдана түсуіне игі ықпалын тигізді ғой.
– Әрине, мемлекеттің жеке ұлттық валютасы болуы деген сөз – экономикалық жағынан үлкен жетістік деп есептеуге болады. Егер ұлттық валютаңыз болса, онда сіз басқа қаржы-есеп жүйесіне қарамайсыз. Өз ұлттық валютаңыздың бағамын өзге валюталарға қарап қойып аласыз да, соның арқасында өзіңіздің ұлттық ақша және несие саясатын жүргізе бересіз.
– Ешқандай мемлекеттің валютасына тәуелді болмайсыз.
– Ол – рас. Бірақ біздің ұлттық валютамыздың өзі валюталық құндылықтарға жатады. Егер басқа мемлекет сауда-саттық, инвестицияға шарт жасасатын болса немесе мәмілеге келсе, біздің ұлттық валютамыз халықаралық құндылық болып кетеді. Қазіргі кезде көптеген халықаралық экономикалық байланыстар шарты теңге арқылы жасалып та жатыр.
– Өзіңіз де білесіз, тұңғыш теңгенің дизайны ауысуына байланысты біраз дау туды. Оның үстіне 2000 теңгелік банкнотта қате кетіп, біраз ыңғайсыз жағдай қалыптасты. Сол қателік қашан түзетіледі?
– Адамдар бірінші шыққан валюта түрі, дизайны сол күйінде өмір бойы сақталады деп ойласа, қателеседі. Рас, төл валютаның шыққанын көріп қуанбаған адам жоқ. Ол дұрыс шығар. Ол кезде өзіміздің төл валютамыз болмады, тұңғыш ұлттық валютамыздың бетінде елге, жерге еңбегі сіңген, тарихымызда қалған қадірлі тұлғаларды көрсеткеніміз рас. Өмір деген бір орында тұрмайды. Әрине, даудың болғаны рас. Адам болғаннан кейін түрлі пікір айтылуы – заңдылық. Біз сол кезде айтылған сын-пікірлердің барлығын компьютерлік базаға сақтап қойдық. Теңге қазіргі дизайнмен де мәңгілік қалады деп айта алмаймыз. Алдағы уақытта да теңгенің дизайны өзгеретіндей жағдай болса, сол сын-ескертпе, пікірлердің барлығы да ескеріледі.
Сұрағыңыздың екінші бөлігіне келер болсақ, 2006 жылы айналымға енгізген осы күнгі қолданыстағы дизайндағы банкноттарда 2000 теңгеліктегі «Қазақстан Ұлттық банкі» деген сөздің орнына «Қазақстан Ұлттық банқі» болып кеткені рас. Бұл жайлы сол кездің өзінде айтылды. Бізде грамматикалық емес, орфографиялық қателік кетті. Кейбір мемлекетте, мысалы, жанымыздағы Арменияның өзінде атақты ақынының сөзін түгелдей дұрыс жазбаған екен. Сол ақшаның өзін армяндар отқа жаққан жоқ. «Иә, Арменияның ұлттық банкі осындай қателік кеткенін біледі, бірақ бұл валютаның бүкіл қорғаныс элементтері бар, валютаның дизайнына кеткен қателік ешқандай кедергі келтірген жоқ. Сондықтан Армения ұлттық банкі бұл валютаны төлем, айырбас құралы ретінде пайдаланады» деп халыққа жариялады. Ешқандай айқай-шу, түсініспеушілік болған жоқ. Ақша айналымға шығып кетті. Екінші рет басқан кезде бұл қателік түзетілді. Өзі қағаз ақшаның айналымдағы ғұмыры аса ұзақ емес. Әсіресе, біздің 200, 500 және 1000 теңгелік банкноттар 9 ай, әрі кетсе 1,5 жылдың ішінде ұстауға келмей қалады. Ал 2000, 5000 және 10 000 теңгеліктердің ғұмыры ұзақтау, 1,5-2 жылға барады. Әсіресе, 10 000 теңгеліктер біздің қазақтың менталитетіне байланысты ма, қор жинау функциясын атқарады да, айналымға көп шыға бермейді. Амандық болса, біздегі кеткен қателік орнына келеді. Одан бері бәленбай миллион данамен 2000 теңгеліктер шығарылып жатыр. Бірте-бірте бұрынғы қателік түзетіледі. 2000 теңгелік – айналымда өте көп жүретін номинал. Ол қор жинау функциясын атқармайды.
– Өзімізде Банкнот фабрикасы, Ақша сарайы бар. Біздің білуімізше, Банкнот фабрикасына кезінде қымбат құрал-жабдықтар сатып алынған екен. Соған қарамай, ақшаның шетелде басылуына не себеп?
– Ақшаның шетелде басылуы бір-ақ рет жүзеге асырылды. 2006 жылы жаңа үлгідегі қазіргі қолданыстағы банкноттарды шығарған кезде біз не үшін бұл қадамға бардық? Үш номинал шетелде шығарылды да, тираж жағынан ең көп және жиі қолданыстағы үш номинал өз Банкнот фабрикамызда шығарылды. Өйткені Ұлттық банктің банкнот фабрикасындағы құрал-жабдықтардың қуаты жетпейтін болды. Ақшаның дизайны ауысқанда оны шығарудың екі түрі бар. Біріншісі – біртіндеп шығару, ол кезде уақыты көбейіп кетеді де, әр жыл сайын айналымға түрлі-түсті өзге банкнот халықтың қолына тиіп отырады. Бұл ел арасында түсініспеушілік тудырады. Айналымда ескі 500 теңге де, жаңа 500 теңге де жүреді. Келесі жылы тағы да осылай болады.
– Мұндай жағдайда жаңа банкнотты халықтың қабылдауы да қиын болады ғой.
– Екінші жағынан, ақшаның ауысуы экономикалық жағынан тиімді болуы керек. Біртіндеп ауысқан теңге қолдан ақша жасаушыларға қолайлы. Ақшаның дизайны өзгергенін естіген, бірақ онымен таныс емес қарапайым көпшілік алданып қалуы мүмкін ғой. Ал бір кезекте алты номиналды бір-ақ шығаратын болса, қолдан ақша жасаушылар үлгермейді. Оның үстіне жаңа дизайндағы ақшаға халық бірден үйренеді. 9 айдың көлемінде ескі ақшаның 98 пайызы қайтып келді. Біз көп жағынан ұттық. Ақша айналымының каналдарында бірқалыпты жұмыс жасауына септігі тиді. Ауыстыруды кейінге соза беретін болсақ, ол көп жағынан кедергі келтіретін. Ақшаны шетелде шығаруымыздың себебі осы ғана, басқа ешқандай да бөтен ой жоқ. Ақшаны айналымға шығарғанда дүниежүзіне беделді ақша жасайтын фирмалардың көмегіне жүгінгеніміз рас. Бұдан ақшаның өзіндік құны өскен жоқ. Тек жаңа дизайнды өңдеп, енгізу, техника мен тетіктерге сәйкестендіру кезіндегі шығындар ғана өзіндік құнға барып жатты.
2007 жылдан бастап алты номиналымыздың бәрі өзіміздің Банкнот сарайында шығарылып жатыр.
– Ұлттық валютамыздың шетелде басылып шығуы экономикалық жағынан қауіпті емес пе?
– Дүниежүзінде 202-ден аса мемлекет бар. Ал 60-қа тарта мемлекеттің ғана Банкнот сарайы бар. Өзге мемлекеттің бәрі сол Банкнот сарайларына барып, өзге мемлекеттермен шарт жасасып, соның арқасында жұмыс жасайды. Мысалы, 6 миллион ғана халқы бар Қырғызстанға Банкнот сарайының керегі жоқ. Бұл экономикалық жағынан өте тиімсіз. Біздің 15 миллион халқымыздың өзіне ақша шығарудың бүкіл технологиялық процесін өзімізде атқару экономикамызға зиянын тигізеді. Неге десеңіз, ақша басу деген – өте қиын шаруа. Ақша басуға нағыз керемет технологиялар қолданылады. ТМД-ның ішінде де бес-алты-ақ мемлекеттің жеке Банкнот сарайы бар. Соның бірі – Қазақстан.
– Ұлттық валютада – теңгенің символы бар. Ол конкурс арқылы таңдалып алынды. Бірақ «теңге таңбасы жапон поштасының белгісі болып шықты» деген әңгімелер айтылды. Бір белгіні екі бірдей мемлекеттің пайдалануы халықаралық заңдылықтарға қайшы емес пе?
– Теңгенің символын таңдау үшін 2005 жылы үш-төрт ай бойы конкурс жарияладық. Сарапшылар да, біз де мұқият қарадық, ешқандай дереккөзде бұл таңба жапон поштасының бренді екендігі айтылмаған. Ұқсастық бола береді. Екі жапырақтың бір-біріне ұқсайтыны белгілі, бірақ нақты үңіліп қарағанда, олардың айырмашылығы бар екендігі байқалады. Ұлттық валютамыздың символының ешқандай оларға қатысы жоқ екендігі анықталды. Олар даулайтындай ақпарат та алмаған. Мысалы, алыстан да, жақыннан да қарағанда, теңгенің символы сол орнында қалуы керек. Сондықтан математикалық, геометриялық есеппен алғанда, біздің теңгенің таңбасы жапон поштасының таңбасымен сәйкес келмейді. Біздің бірінші жасаған эталон үлгімізге ешкімнің қатысы да, дауы да жоқ.
– БАҚ беттерінде осындай әңгіме туған кезде арнайы зерттеу жүргізілді ме?
– Әрине. Теңге таңбасының жеңімпаздарымен, онда төрешілік жасаған комиссия мүшелерімен бірге қайта қарап, техникалық сараптама нәтижесі бойынша ешқандай қайталау емес деп танылды. Форма жағынан ұқсастық болуы мүмкін, бірақ түр-түсі, геометриялық-математикалық есеп бойынша ешқандай ұқсастық жоқ деп танылды.
– Ұлттық валютаның жаңа дизайнға ауысуын бірінші кезекте қорғаныстық қабілетін арттыру көзделгені жайында талай рет айтылды. Дегенмен қай заманда да жалған ақша жасаушылар табылады. Қомақты көлемде жалған ақша жасаушылар кездесті ме?
– Ондай деректер бар. Осыдан 1-1,5 ай бұрын ҰҚК осындай деректі жариялады. Интернационалды топтан құралған алты адам қолға түсті. Үшеуі «Андор» деген баспаханада жұмыс істейтін болып шықты. Басқалары көмекшілер болған. Түн ішінде баспаханаға кіріп, солардың бояулары мен құрал-жабдықтарымен жұмыс жасаған. Осының алдында кездесіп жүрген жалған ақшалар көшіргіш ұйымдастыру техникалардың күшімен жасалған болса, кейінгі ұсталған топ кәсіби тұрғыдан техникаларды пайдалана бастаған. Бұл бізді өте қауіптендірді. ҰҚК Алматы департаментімен өте жиі хабарласып тұрамыз. Үнемі байланыста жұмыс істейміз. Біз мұндай қылмысты әшкерелегені үшін оларға үлкен алғысымызды айтамыз.
– Теңге мемлекеттік тілді неге мойындамайды? Осындай дау кезінде Үкіметке ақын Мұхтар Шаханов депутаттық сауал жолдауына дейін барды. Расында да, жаңа банкнотқа орыс тілін қосу қандай қажеттіліктен туындады?
– Бұл арада бір ғана мәселені ашып алуымыз керек. Қазақстан – дәл қазіргі кезде көпұлтты мемлекет. Мен Мұхтар Шаханов ағамызды аса қатты құрметтеймін. Талай рет пікірсайысқа да түстік. Бірақ ол кісі маған, мен ол кісіге тіл тигізіп, қатты кеткен кезіміз болған жоқ. Біз Амангелді Айталы, Бекболат Тілеухан, Мұхтар Шахановтарға «бұл деген қатып қалған өмірлік нәрсе емес» деп айттық. Амандық болса, Ұлттық валютамызда тек ана тілімізде жазылудың да уақыты келер. Дүниежүзіндегі 202 мемлекеттің 45-інде екіден төрт тілге дейін жазылған.
– Әңгіме мынада, біздің ең тұңғыш ұлттық валютамызда тек қазақ тілінде ғана жазылды да, енді келіп орыс тілінің қосылуы қалай?
– Жоға, жүз және екі жүз теңгеден басқа банкноттардың бәрінде де орысша сөз болды ғой. Осы уақытта 2003 жылдың 25 қыркүйегінде Қазақстан Президентінің бекіткен Жарлығына сәйкес барлық ұлттық валютамызды екі тілде басып шығарып жатырмыз.
Қажет болса, орысша жазуды алып тастау қолымызда тұр. Мен бұл жерден технологиялық, техникалық, экономикалық ештеңе көріп отырған жоқпын.
– Бұл жерде технологиялық, техникалық, экономикалық тұрғыдан ұтылмасақ та, мәселеге рухани тұрғыдан қарау керек шығар?
– Әрине, бар мәселе айналып келгенде рухани құндылыққа келіп тіреледі. Бұл тек қана ақшаға қатысты емес. Мұның бәрі келешекте болатын нәрсе.
Жоғарыда да айттым 45 мемлекет өзінің ұлттық валютасын екі тілден төрт тілге дейін жазады екен. Неге? Сол мемлекетте тұратын ұлттарға деген сыйластық, құрмет. Біз неге бұл жағын ескермеске? Үнемі «бәленбай концессиялық, көпұлтты мемлекетпіз» деп айтып жүреміз ғой. Ең бастысы, бұл экономикалық тұрғыдан бізге қиын болып тұрған мәселе емес.
– Теңгенің долларға шаққандағы бағамын Ұлттық банк күштеп ұстап отырғаны рас па?
– Бізде ай сайын бюллетень шығады. Қаржылық статистикаға қарағанда, біз қанша валюта сатып алдық, қанша саттық деген кесте шығарылады. Ұлттық банктің алдына қойған негізгі мақсаты – ең алдымен, еліміздегі бағаның тұрақтылығын ұстап тұру. Бұл арада ақша, несие жүйесінде айналымға сұраныстан жоғары ақшаның шығып кетпеуін қадағалау басты назарда. Сол үшін біз өзіміздің операцияларымызды жасаймыз. Бұл – бір мәселе. Ал инфляция, ақшаның құнсыздануы тек қана монетарлық тұрғыдан емес, оған бәленбай фактор әсер етеді. Қазір біз шығарып жатқан шикізаттарымыз – мұнай мен газдың бағасы өсіп тұрған кезде біз бағаны қалай ұстап тұрамыз? Баға бүкіл дүниежүзінде өсіп тұр. Сондықтан айналымға ақшаның көп түсуіне әсер етеді.
Екінші жағынан, әрине, Ұлттық банк өз операциялары арқылы айырбас бағамын ұстап тұруға ықпал жасайды. Бұл – Ұлттық банктің мемлекеттік орган ретінде атқаратын бірден-бір міндеті. Оны неге жоққа шығарамыз?
– Сіз экономистсіз. Талай жылдан бері еліміздің бас банкінде қызмет атқарып келесіз. Қазір біздің екінші деңгейлі коммерциялық банктердің біразының акцияларын шетелдік банктер сатып алып жатыр. Осы үрдіс қашанға дейін созылуы мүмкін? Бұл біздің экономикалық жағдайымыз үшін қауіпті емес пе?
– Екінші деңгейдегі банктердің акцияларын шетелдік банктердің сатып алуы – менің ойымша, дұрыс мәселе. Неге десеңіз, біздің республикада капиталы, активі жағынан үш-төрт ірі банк бар. Бірақ осы банктердің барлығының капиталын қосқанда Американың бір ғана банкінің капиталына, активіне жетпейді. Егер шетелдіктермен бірге жұмыс жасайтын болса, онда капиталы да, активі де көбеюі мүмкін. Екінші мәселе – біз он бес жыл бойы нарықтық қатынаста өмір сүріп келе жатырмыз, сол уақыттан бері нарық заңына бейімделген жаңа банк жүйесімен қызмет жасап келеміз. Ал шетелдерде бірнеше жүздеген жылдар бойы осы нарық заңы бойынша жұмыс істеп жатқан банктер бар. Экономист ретінде менің айтарым, қай банк келіп инвестиция жасады, өз үлесімізді қай банкке саттық, осыны үлкен сараптан өткізуіміз керек. «Аты бар да, заты жоқ» банктер шетелде де толып жатыр. Сондықтан біздің елімізге келіп жатқан банктер жүйесі қай жылдан бастап құрылған, инфрақұрылымы, қазіргі деңгейі қандай, осыған қарап біздің реттегіштер – Ұлттық банк, Қаржы нарығын бақылау және реттеу агенттігі жұмыс істеуге тиіс. Екінші жағынан, өз банктеріміз шетелдік банктермен қоян-қолтық жұмыс жасайтын болса, онда басқару жүйесінде, менеджменттерінде өте көп өзгеріс болады. Қарап отырсаңыздар, біздің банктердің бастықтары мен орта буын менеджерлерінің бәрі шетелде оқып, қызмет жасаған жоқ қой. Егер шетелдік банктер біздің банктердің активтерін сатып алып, бізде жұмыс істейтін болса, шетелдік банк жүйесінің жұмыс істеу тәсілін үйренеді. Бұл жағынан ұлттық кадрды, ұлттық банк жүйесін халықаралық банк жүйесіне, халықаралық менеджменттің дәрежесіне көтеруге өте игі әсер етер еді. Тек отандық банктердің акциясын сатып алғанда жасалған келісімшарт бойынша шетелдік банктер уәдесінде тұруы керек.
Бұл үрдіс дүниежүзінде болып жатыр. Дамудың бір түрі. Біздің өз банктеріміздің де шетелдерде жұмыс жасап жатқандары бар.
– Демек, қазіргі кездегі отандық банктердің ахуалын кері кету немесе күйреу емес, қайта гүлдену, алға қарай бір қадам болса да жылжу процесін басынан өткізіп жатыр деп айта аламыз ба?
– Әрине, біз осы тұрғыдан қарауымыз керек. Тек олар келген кезде келісімшартты дұрыстап жасауға тиіспіз. Біздің банктердің бәрі Ашық акционерлік қоғам болып құрылған. Әр банкіміздің бір бақылау акция пакеті өзімізде болғаны дұрыс деп есептейміз. Оны қадағалап отыру керек.


Қысқа да нұсқа
- Менің байқауымша, Сіз қазақы ортада тәрбиеленген сияқтысыз.
- Ол рас. Қазақша мектеп бітірдім. Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдадым.
- Мен сұқбаттасқалы келген кезімде радиодан қазақтың күйі күмбірлеп орындалып тұрды. Өзіңіздің де бойға біткен қандай да бір өнеріңіз бар ма?
- Мен домбыраны жақсы тартамын деп айта алмаймын. Бірақ домбыра шертпейтін қазақ жоқ қой. Аздап ән шырқайтыным бар. Отбасымызда тек қазақша сөйлесеміз. Зайыбым - дәрігер. Нұрлан және Нұржан атты екі ұлым бар.Үлкені заңгер, кішісі қаржыгер. Үлкен ұлымнан бір ұл, бір қыз – екі немерем бар.
- Немерелеріңізге уақыт бөлуге мүмкіндік бар ма?
- Олар Қарағандыда тұрады. Каникулдарында біздікінде болады. Өзіміз барып тұрамыз. Туған-туыс, дос-жаранның көбі Астана мен Қарағандыда. Қазақ айтпақшы «Бір тірлік, бір өлікте», яғни қуаныш пен қайғыда бір-біріміздің жанымыздан табыламыз.
- Бос уақытта немен айналысасыз?
- Өмір бойы спортпен шұғылданып келемін. 10 жылдан асты таңертең тұрғанда үстімнен екі шелек мұздай су құйып, 15-20 миут дене жаттығуларын жасамасам мен күні бойы сергек жүре алмаймын. Жолдастарыммен бильярд ойнаймын.
Сосын мен поэзияны жақсы көремін. Мұқағали Мақатаев, Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай, Мұхтар Шаханов, Дәуітәлі Стамбековтердің шығармашылығымен үнемі танысып отырамын. Олардың жарқ еткен жаңа шығармаларын іздеп жүріп оқимын.
Осы бір жерде мына бір жайт ойыма оралып отыр. Біз теңгенің жаңа дизайнына байланысты Мұхтар Шаханов ағамызбен біраз пікірсайысқа түскенімізді жоғарыда айттым, қалың оқырман бұл жайынан бұрыннан да хабардар болуы керек. Көктемде Мұхтар ағамыздың авторлық кешіне бардым. Үзілісте оқырмандарына қолтаңба беріп жатыр екен. Ту сыртынан барып тұрдым да, «Космополиттерге қолтаңба бересіз бе, әлде бермейсіз бе?» деп сұрадым. Ақын жалт қарап, «Әй, Алла, Дәуренбек, сенсің бе? Сен де келгенсің бе?» деп құшақтап, елдің көзінше бетімнен сүйіп жатыр. «Інім Дәуренбекке, ізгі тілекпен. Мұхтар Шаханов» деп қолтаңбасын берді.
- Негізі экономистер, банк қызметкерлері қаталдау, сұсты көрінеді. Сіз лирикаға жақын жан екенсіз.
- Өткен өміріме ризамын. Әке-шешеміз 10 бала тәрбиелеп өсірген қарапайым жандар болды. Балаларының бәрі өз қалауынша білім алып, мамандық иеленді. Әке-шешеміз «Ат атандырып, сүйек сындырма» деген сөзді жиі айтып отыратын. Осы күнге дейін бірге туған он бала бір-бірімізді сүйеп, қолдап отырамыз.

Сұхбаттасқан
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ






Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет