Диплом жұмысының көкейтестілігі



бет2/3
Дата31.12.2019
өлшемі435 Kb.
#55125
1   2   3

2-тарау. "Ұшқан ұя" романындағы образдар жүйесі
Бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп оның сәби шағынан бастап-ақ кейінгі өмірінің қалыптасу барысының алғашқы баспалдақтарын жасаған. Немесе өзі атап көрсеткендей:

«Тәрбие адам бойында жақсы мінез-құлық қалыптастырады... Балаға

адамның, азаматтың бойындағы барлық жақсы, асыл қасиеттер ананың ақ сүтімен бірге берілуі қажет. [17. 307]

Бауыржанның қанатын қатайтып, биікке самғаған қыран болуындағы отбасының әсері қандай, ол қандай жанұядан өркен жайды?

Ана сүтімен бірге бітетін қасиеттерге ол осы шығармасында зеректік, ойшылдық және сезімталдықты жатқызады. «Мұны адам сатып ала алмайды, егер жүрегінде осы қасиеттердің ұшқындары болса ғана өмір, қоршаған орта оны не ұлғайта түседі, не өшіреді» [17. 307]

Бауыржан ұясынан көрген - білген, алған өнеге - тәрбиесін жазудағы мақсатының өзі де сол өзі шыққан биігінің тәрбие нәтижесі ғана емес, сонымен қатар бүкілхалықтық салт - дәстүрден, ұлттық мінезден нәр алғандығын "Ұшқан ұя" шығармасында барынша ашып берген.

Жаңа дүниенің есігін ашқан нәрестеге шілдехана жасалатыны жарқын дәстүріміздің бірі. Сол шілдехана жас сәбиге өмірге жолдама іспеттес бата беріледі. Баламның келешегі батамен көгеріп, өркен жайсын дегені болса керек. Халқымызда «батамен ел көгерер» деген қасиетті сөз бар. Бұл қазақтың сонау салт - дәстүрмен біте қалыптасып, астасып келе жатқан мұрамыз десек те болар. Бауыржанға Имаш бабасы немересі дүниге келген күні былай бата берген екен:

Алатаудың қыраны мол еді -

Қырағы болсын, құлыным.

Қойнауы суға толы еді -

Бұлағы болсын, құлыным.

Елінің тілегі зор еді -

Шырағы болсын құлыным.

Ата тілегі он еді -

Құмары болсын құлыным.

Бұл жерде батырлар төрі еді -

Сыңары болсын құлыным.

Осы алғашқы Имаш бабасының Бауыржан Момышұлы өміріне өнеге болды. Шындығында, батырлық Бауыржан тәрбиесінің тал бесігінен бастау алды. Өзі еске алғандай, ол тәрбиелеген «даланың дархан балабақшасының» сыры мен мәні осыдан бастау алған еді.

Зейнеп Ахметова өз естелігінде былай дейді: «Ағыны жойқын тасқынды алақанмен сипап тоқтатуға бола ма?... Менің атам әділдік пен шындықтан сығылған алмас семсер болатын. Сезімтал жанды, өткір ойлы, табиғаты тәкаппар жаратылған өзгеше адам».

Б.Момышұлы әділдік пен шындықты сүйетіні "Ұшқан ұясында" да ерекше атап көрсетеді.

«Шаруамыз шап - шағын еді. Біздің үй іші қартайған Имаш бабамнан бастап, есін енді - енді біліп келе жатқан баласына дейін жеген нанын табан ақы, маңдай терімен тапқан. Ешкімді жалдамаған, ешкімге жалданбаған». Мұнда Бауыржан адал еңбекті сүйетіндігін көрсетіп отырған жоқ па.

Кубаға сапарының алдында еліне соққан Бауыржанға "Ұшқан ұяда" аталынатын Сыдық батырдың портретін жасап беріпті. Бауыржан қалтасынан ақша суырып Сыдық ат - тонын ала қашыпты. Бұған наразыланып, Баукең былай депті: «Адал дүниеге есеп керек. Еңбегіңді немесе өнеріңді орындау үшін ақыл - ойың, күшің, уақытыңды, яғни ғұмырыңның белгілі бір бөлігін жұмсайсың сарп етесің «Арзан өнердің қадірі жоқ». Сондықтан өнер мен еңбектің қасиет - қадірі артуы үшін қажет болса саудаласудан да тартынба».

Ұлы Абай да өзінің қара сөзінде «Ұялмас нәрседен ұялу жамандық, ұятсыздық» деген жоқ па? Ендеше адал еңбек пен ар саудасының арасы жер мен көктей емес пе?

Даланың кеңдігі, табиғат сұлулығы, балалықтың аңғалдығы, бәрі-бәрі баланың бойына сіңірілетін нәр болса керек. Бала ер жетер тұста әке әкенің, ана ананың міндетін атқарары сөзсіз Бауыржанға әкесі шыққан тегі, жеті атасын үйретуді парыз санаған. Онысы «жеті атасын білмеген жетесіз» болмасын дегені. Ал, әжесі болса, малдың «тілін» ұғуды үйреткен, жан - жануарлар туралы көп айтқан.

«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген ертегіні тыңдаған соң бала Бауыржан «...мен таңертең көз ашқаннан ел ұйқыға кеткенше қарлығаштың сайрауына сұқтанып, дос сезіммен қамқор болып жүретін болдым» дейді.

Бауыржан нәр алған тағы бір бұлақ имандылық, қазақ халқының даналығы, шешендік өнерге жүгінгендігі. Қазіргідей соты, қаралаушысы мен ақтаушысы жоқ заманда ел ішіндегі жер, жесір, құн дауын, екі ел арасындағы үлкен дау - жанжалдарды да билер екі - ақ ауыз сөзбен орнықты кесімін айтып, әділ шешіп отырған. Қазақ тарихында елдің елдігін, халықтың бірлігін, бүтіндігін көксеген елді адамгершілікке, адалдыққа үндеген, халқының мұң - мұқтажын көксеген азаматтар әр ауылдың, әр рудың өзінен - ақ шығып отырған. Салтымызға етене сіңісіп кеткен осы дау - дамай шешу мәселесі ауыл ақсақалдарының да қолынан келген. Мысалы, Жаңабай руынан шыққан Қабылбек пен Байтана руынан шыққан Текебайдың сайлауға түсіп бақталасуы. Сонда Қабылбек жағы Текебайды ұры деп, әділдігі жоқ парақор деп ұрлыққа арыз жазса керек. Осы себептен Текебайдың отыз жастағы үлкен ұлы Серкебай Қабылбектің қарсы алдында отырып, оны балағаттаса керек. Ал, Қабылбек болса жұмған аузын ашпапты. Жаңабайдың басқа ақсақалдары бұған наразы болып, намыстанып Қабылбекке айтқанда ол: «Опық жейтін сол Серкебайдың өзі болады, әлі» деп жауап беріпті. Текебайдың ұлы Серкебай мақтанып «Қабылбектің екі аяғын бір етікке тықтым» дегенін естіген әкесі баласының ақымақтығын бетіне басыпты. Өз қателігін екі күн өткен соң түсінген Серкебай әкесінің аяғына жығылып, ақыр соңында әкелі - балалы екеуі Қабылбекке келіп айыбын көтеріп кешірім сұрапты. Аттан түспей сөз тыңдаған Қабылбек аға алдындағы әдепсіздігінен ұялып үстіндегі зерлі шапанын жауыпты. Бұл жайында: «Дүниеден Текебай би де Қабылбек болыс өтті. Ал олардың аттандаулы - аламан тасыр өміріндегі бір парасатты сәт әлгі сол екеуінің де аттан түсіп бір - бірінен кешірім сұраған кезі екен» дейді. Осы секілді Қабаш оқиғасы да «малым жанымның садағасы, жаным малымның садағасы» деген қағиданы нұсқайды Қабаштың ағасы Бабаштың «арам ағайыннан адал малым артық» деп Қабашты елден аластауы қашанда ел тарихында көтерілмей қалған мәселе емес. Ел ішінің тыныштығын бұзбай, ымырасыздығын сақтаған қазақ халқы үшін ар мен намыстан биік ешнәрсе болмаған. Ары үшін бауыры Қабаштың басын қасқалап, елден қууы осының айғағы. Бауыржан бұл балалық шағындағы естіген оқиғаларды еске алуының да өзіндік себебі бар. «Өлімнен ұят күшті» деп санайтын қазақ халқының өшпес салтының бірі еді бұл.

Б.Момышұлы шығармада ауылдың нәрлі кештерін, ондағы ақыл-кеңестің ордасы болған жиылыс әңгімелерді сыр қып шертеді: «Ауылда бас қосып байыпты әңгіме айтар кештер көп болушы еді. Мал өрістен қайтқан соң, ымырт үйірілгенше бір төбенің басына шығып алып үлкендер шүйіркелесер еді. Ел жаңалығы, күнделікті тірлік қамы, ертеңгі күннің еншісі - бәрі-бәрі бас қосуда ортаға салынатын. Егер әңгіме арқауы созылмаса қариялар балуан күрес, жаяу жарыс, тартыспақ сияқты ойындар ұйымдастырылып, қызығына мәз болып отырар еді. Қараңғы қоюланып көз байланарда бәрі үйді - үйіне тарасатын» Бауыржан ауыл өмірінің кешкі тыныс - тіршілігін, қозғалысын еске алады.

Ел ішіне келетін ақындар ауыл адамдары үшін үлкен мереке іспеттес. Бұл ең сәтті, ең қызықты күн болып саналатын. Дүйім ел ақын түскен үйдің есік алдына жиналып, иін тіресіп тұратын. Үйге сыймағандары жабықтан сығалап, ал кейбіреулері ақынның үнін алыстан естігендеріне риза болып тарасатын. Адамның жан сарайын ашатын, рухани баюына жол сілтейтін осындай ғажап көріністер Баукең өзі еске алғандай: «Мен осынау халық қазыналарын алғаш рет ақындармен, көкем сияқты көзі ашық білімділерден сіңіргенмін. Солардан дәм татып солардан сусындағанмын».

Қазақтың салт - дәстүр, ата - мұраларынан нәр алған Бауыржаннан бір ұлттың болмысын көруге болады десек артық айтқандық емес. Ендеше ол алғаш сусындаған тәрбие мектебі - әжесі, әкесі, әпкелері және ауыл адамдары еді. Қазақша жыл қайыру, ертегі тыңдау, аңыз - әңгімелер үйрену - мұның бәрін Бауыржанға дейінгі қазақтың ұлы ақыны - Абайдың әжесінен алған тәрбиесін, Ұлы ғалым Шоқанның Айғанымнан алған тәрбиесін атауға болады. Шығыстың ғұлама ғалымы Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес тәрбие берілуі тиіс, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» - деген екен. Ал М.Жұмабаев: «Тәрбие - адам баласын кәмелет жасқа толып, өзіне - өзі қожа болғанша тиісті азық беріп өсіру» - деген екен. Бала тәрбиесі ана сүтімен басталып, бір нәрсенің бір нәрсеге ықпалы арқылы өмір бойы қалыптасатын күрделі құбылыс.

Әкеден елтанудың алғашқы сатысын жеті атаны үйренуді бастаған Баукең адамдардың сырт сұлулығын сақтаудың ең басты жолы қандасына үйленбеу деп түсіндіреді. Бұған дәлел, қазақ халқының жеті атаға жетпей қыз алыспау дәстүрі. Сол себептен сұлулықты ол табиғаттың төл туындысы деп түсіндіреді .

Қазақтың шешендік өнерін жоғары бағалаған Б.Момышұлы ұлттық мінезді бойына сіңірген ұлы адам, ұлы тұлға. Өркен жайған ортасы туралы: «Менің бірінші ұстазым, ненің жақсы, ненің жаман екендігін үйреткен профессорым, ақылшым - әжем. Әкем - дала интелегенті этнограф, тарихшы еді. Осы бірінші мектебім, бірінші университетім маған өшпес өнеге қалдырды» деуі өмірге жол сілтеген алғашқы құс жолы әкесі мен әжесі екендігін мойындағандық еді.

Қазақтың халық дәстүрін бойына сіңіріп батыр алған тәрбие мектебі міне осындай еді. Тәрбие ошағының өнегесі, берген тәлімі ұлттық салт-дәстүрге сай әже мен әке ықпалының әсері қазақ халқына Бауыржан сынды қаһарман, батыр ұлын әкелді.

Повестегі жыл қайыру қазақтың ой - санасындағы өте көне танымдарының қатарына жататын тарихи ұғым. Жыл санау немесе календар атаулының тегінде діни ұғым аралас жатса, жыл қайыру осыдан аман қалған халық календарының біріне жатады. Өйткені жыл қайырудың түп - төркіні 12 шоқ жұлдыз арқылы өтетін күн жолының жүрісіне негізделіп, Жетісу жеріндегі Іле дариясының бойында пайда болғаны, XI ғасырдағы ғұламалар И.Қашқари Ж.Баласағұн қолжазбаларынан мәлім болып отыр. Бұл еңбектерде айтылған кейбір тарихи деректердің негізгі әже айтатын ертегілердегі түркі тектес халықтарға тән жыл қайыру дәстүрін Ислам діні енісімен басқа да халықтық әдет - ғұрыптар секілді қатаң түрде қудаланып, қолданудан шығарып үлгерді.

Жыл қайыру, наурызнама, ислам діні әлсіз енген көшпелі қазақ тәрізді халықтар арасында ғана сақталып, оның бастапқы негізі әже айтқан аңыз - ертегілер арқылы ғана бізге жетті. Осы сияқты Қабаш тағдырына байланысты айтылатын қасқалау секілді әдет - ғұрыпты, тіпті қазіргі орта буын оқырманың өзі біле бермейтін әрі әдебиет бетінді тұңғыш суреттелгенін, тарихи танымдық нәрсе екенін М. Мырзаметұлы зерттеу еңбегінде ескертеді. [18. 226]

Повесте Зәпира, Зәуре, Үбиан тағдыры да қазақ аулына ене бастаған жаңалық тынысын танытқандай әсерге толы. Үш әйелдің үш түрлі тағдыры, салт - санадағы, әдет - ғұрыптағы еніп жатқан өзгерістер - заман ділгірлігі туғыза бастаған жаңа лепті сездіргендей. Зәпира сұлу - теңдігі үшін алысса да ескілік салттың тегеурінді шырмауынан шыға алмай, торға түсіп сүйер күш таппайды. Өйткені «қалың малдың қара күші, ескі әдет, тырнағы у болып жабысқан ру қатынасының ұзын қолы Зәпираның алқымына да бұғауын мықтап салып бұрап тастаған еді». Ал Зәуре Зәпира тағдырына ұрынса да, теңдігін қорғап, өмір бұғалығынан құтылып кетуіне жаңа заман тудырған әлеуметтік күштің лебі жатыр.

Бірге өскен әпкесі Үбиан тағдырын жазушының молырақ суреттеуінің себебі бар. Үбиан да ескі салт бойынша атастырылып қойылған. Қалыңдығы Мамытты көре салысымен - ақ айныған көңілі қаяулы қыз, мейірлі әже, есті әке арасында іштей тартыс белең ала бастайды. Есті әке қаншалықты сергек ойлы болса да ескі әдет - ғұрыптан шыға алмайды. Әке қарсылығын әже бұзғандай болғанымен негізгі түйіннің түп - төркіні жаңа заман әкелген әлеуметтік серпілісте жатқаны шығармада айқын танылып тұрады. Үбианың той жабдығы, құда түсу,

ұрын келу, қоштасу, қыз ұзату, беташар сияқты толып жатқан этнографиялық, этнопсихологиялық көріністің дүниетанымдық мәні зор нәрселер.

Үбиан өмірінің соңғы шағы жазушының «Музей aпa» әңгімесінде тұрмыс пен санадағы, психологиядағы өзгерістердің юмор - детальдар арқылы ашылады. Революцияға дейінгі дәуірде Абай шығармасының Түркістан өлкесінде таралып танылуы жөнінде нақтылы деректер кездесе бермейтін. Осы тұрғыда қарағанда автордың «Әкеміз көңілді кезінде бізге Абай жайлы айтушы еді. Абай бүкіл елдің арын қорғаған ақылды азамат, оған қоса асқан ақын. Оның өлеңін ел біткен жаттап, әнін бүкіл дала шырқайды», деп мәлімет беруінен ұлы ақын шығармаларының таралу, танылу өрісін танытатын аса құнды айғақты дерек деп тану керек. Б.Момышұлы - орысша, қазақша, екі тілде бірдей жазатын санаулы қаламгердің бірі. Гончаров семьясымен мойынсерік болып, сол үйде тұрып, орысша оқу жайында көп шындықтың бетін аша түскендей. Өйткені әуелде орысша оқыса, шоқынып кетер деген Момынқұл сияқты көкелерінің қарсылығын тіл білудегі қажеттіліктің өзі - ақ өзгертіп жібереді. Екі семья арасындағы үй - ішілік іліктестік, жас баланың Гончаров семьясына жатырқамай сыйысып, олардың тіл білуге жабыла кіріскен әрекеттері аса бір жылылық сезіммен суреттелуі де оқырман жанын достық сезімге бөлеп, тебіренте алған сәтті жайлар. Шығармада әйелдер образдар жиынтығымен қоса ер - азаматтар образдары көрініс тапқан. Мәселен Аққұл мен Момынқұл көкесі арасындағы белгілі бір байланыс екеуінің де атқа деген сүйіспеншілігінен, ат құмарлығынан туындаған секілді. Аққұл да, Момынқұл да өткірлігімен, жігерлігімен, күштілігімен, ептілігімен ерекше көзге түсіп, атсүйер қауымның өкілдері екенін таныта түскендей. Дегенмен осы образ арасындағы елеулі айырмашылық мынада секілді: Аққұл бір рудың ақылды көсемі, елге нұсқа болар ойлы азамат болса, ал Момынқұл керісінше Момыштың «тентек інісі», «әжесінің еркесі».

Меніңше Аққұл мен Момынқұл образдарын жиынтық образ деп қарастырсақ, онда Баукең өмір сүрген кезеңдегі қазақ қауымының бүкіл бейнесі көз алдымызға келері сөзсіз.

«Өз басыңнан өзің ырғи алмайсың» дейді халық. Жазушы да өзімде бардан асып ештеңе айта алмайды. Және ол шығармаларында өзінің адамгершілік, азаматтық тұлғасын бар мүмкіндігінше беруге ұмтылады. Момышұлы шығармаларында да сол Момышұлы күйінде көріне білді. Және оның шығармалары бастан - аяқ тек тамаша бір қасиетке - шындық атты ұлы сөзге тіреліп жатады. Иә, Момышұлы айтты, айтпады, бірақ оның өтірік айтып, сүрінген жері болған емес. Адамға деген қалтықсыз сүйіспеншілік оның бітім - болмысымен біте қайнасқан айрықша қасиеті болатын.



3-тарау. "Ұшқан ұя" шығармасында қазақ салт - дәстүрлерінің

көрінісі

Бала тәрбиесіне, жалпы адамның қалыптасу жолындағы тәрбиесіне терең мән беріп, оның сәтті қағидалыры мен ережесін жасаған халық -қазақ халқы. Оның балаға дүниеге келген күннен бастап берілетін тәрбие тәсілдері мен тәжірбиелері өте көп. Халықтың ғасырлар бойы жинаған мұрасы ұлттық тәрбие ісіндегі сәбилік кезінен біліп, ер жеткенге дейінгі салт - дәстүр, әдет - ғұрпымыз шығарма барысында бала Бауыржанның өсу деңгейімен беріліп отыр.

Перзенттің шыр етіп дүниеге келуі тек туған ата - анасының ғана емес, бүкіл ауылдың қуанышы болып есептеледі. Дүниеге келген сәбидің әкесінен «сүйінші» қуанышты хабарды жеткізу. Жеткізуші адам «сүйінші» деп сұрай келеді немесе эмоциясы арқылы, мәселен қуанышында шек болмай, я көзінен қуаныштың жасы ағып, жылап қалғыңыз келеді. Мұндайда қуанышты үй иесі қалағаныңды ал дейді, яки оған риза болатындай сыйлық ұсынады. Бұл шын қуануды, ризалықтың белгісі. Сүйінші сұрау және сүйіншіге берілетін нәрсенің дәстүр бойынша ерсілігі жоқ. Мәселен; «Аққұлдың немере інісі Дембай ұлды болғанда, іштегі әйелдің бірі, жүгіріп шығып «ұлды болдың сүйінші» дегенде Дембай әлгі әлгі әйелді қалбалақтап кеп құшақтап алыпты да мойнына асылып емірене егіліп жылапты. Көптен күткен қуанышын осылай жария еткен екен. [17. 176]

Перзенттің дүниеге келуі үлкен қуаныш, баланы халық артта қалған із дейді, баласыз үйді қу молаға теңеуі де сондықтан болса керек.

1910 жылдың, жиырма төртінші желтоқсанында Бауыржан сәби болып дүние есігін ашқанда, әкесі Әулие ата (қазіргі Тараз қаласы) шаһарында болса керек. Сәби жаңа өмірдің есігін ашып жатқанда арнайы сол ауылдың тұрғыны Байтоқ деген кісі сүйінші сұрап барған. Бауыржан ол туралы: «...әкем жатқан үйге кіріп келіп, бір ауыз сөз айтпастан жылай беріпті» дейді. Бір жаманат болған екен деп бәрі үрпиісіп қалғанда, жеңешесінің ұл тапқанын жеткізгенге ұқсайды. Қалай жеткізсе де Байтоққа сүйіншісін беріп аттандырады. Тегінде халқымыз жақсы хабар әкелген адамға сыйлық ұсынған. Онысы бұл жақсылық «ұзағынан сүйіндірсін» деген асыл ойдан туындаса керек.

Әкесі Әулие атадан оралған соң, ауыл аймақ құтты болсынға жиналып, шілдехана тойға ұласады. Кей жерлерде шілдехананы шілделік деп те атайды. Жаңа туған нәрестенің құрметіне жасалатын ойын - сауық той. Мұндай шілдеханаларға шақырумен де, шақырусыз да келе береді. Осында дүниеге келген сәбиге құтты болсын айтылады. Ол повесте былайша суреттелген:

- Баланың бауы берік болсын!

- Батыр бабасындай рухты болсын!

- Бәйдібектің әруағы қолдасын!

Құтты болсынның арты ұласып, жастар ойын - сауық құрап, той соңында қариялар нәрестеге бата берген.

Ақ тілеудің белгісі - бата. Ол кез - келген жерде айтыла бермейтін, адамның рухани дүниесіне әсер ететін қасиетті ұғым. Мұның бірнеше түрі бар.

1. Дастарханға берілетін бата.

2. Ер - азаматқа арналған бата.

3. Біреудің қайырымдылығы үшін ризашылық белгісі.

4. Дүниеге келген сәбиге берілетін бата.

5. Теріс бата.

Батаның тәрбиелік мәні зор. «Батамен ер көгерер жауынмен жер көгерер» деген сөз адамды ізгілікке, парасаттылыққа, мейірімділікке баулиды. Бата осы ұлы қасиеттерді тудырушы рухани мұраның бірі болып табылады. Бата көркем сөзбен, өлеңмен, шешендік тілмен, әсермен қол жайып айтылады. Батаны елге құрметті, өте сыйлы адамдар береді. Осындай жас сәбиге өркен жайсын, елдің қамын ойлар ер, халқы сүйген азамат болсын деген мақсатпен Имаш бабасы Бауыржанға берілген екі батасының да тәрбиелік - тәлімдік қуаты зор.

Құрық деп берсем құл болма

Шілік деп берсем шіл болма

Бәрінен де қарағым

Баяны жоқ ұл болма - дейді.

Ал шілдехана тойында берілген бата көпшіліктің арасында айтылады. Ол төмендегідей:

Алатаудың қыраны мол еді -

Қырағы болсын, құлыным.

Қойнауы суға толы еді -

Бұлағы болсын, құлыным.

Елінің тілегі зор еді -

Шырағы болсын құлыным.

Ата тілегі оң еді -

Құмары болсын құлыным.

Бұл жерде батырлар төрі еді -

Сыңары болсын құлыным.

Осы алғашқы бата, алғашқы өсиет бала өміріне өнеге болсын деген түсінікпен берілген, сол күні кешке бір мал сойылып, ауыл ақсақалдарының басын қайта қосыпты.

Осы бірер батаның өзінен - ақ көңіліне көп жайды түйіп, оның халық тіршілігіндегі, тұрмысындағы орны мен рухани салмағын толық түсінгендей боламыз. Мазмұны жағынан сан түрлі болып келетін бата-тілектер халық арасына кең тараған. Халық ақындарының белгілі бір өмір жайына, тіршілік сабағына ой тоқтатып, бата - тілек арнамағаны кемде-кем. Бата - тілекпен тамырлас, ойы өзектес өсиеттер де көркемдік, мазмұндық дүниелер. Өсиеттің өрісі кең, ойы терең, ашық - ажары астарлы және төгілме екпінде, ұзақтау болып келеді. Халық өсиетті ұлағатқа, ақыл-парасатқа балаған. Ал, бұның бәрі адам өміріне қажет өнеге жолы.

Тамырын тереңге жайып, біте қайнасқан халықтық салт - дәстүр мәңгі жасайды. Ол әр кезеңнің ыңғайына қарай өзгеріп, жаңарып, түрленіп, толыс заңды, бірақ қашанда халықтық сипатын сақтап қалары анық. Әр халық өнері мен мәдениетін, әдет - ғұрыпын бұзбай, сырлы күйінде сақтауға барынша құштарлық танытса, ол елдің ертеңін ойлағандық, кеңінен қамтып, кемел пішушілік.

Қазақ халқының салт - дәстүрі - сарқылмайтын кең секілді. Ол халықтың қасиетті мұраларына айналып, бізге асылдың сынығы болып жетті.

Халқымыздың салт - дәстүрлері мен әдет - ғұрыптар тек рухани, мәдени жағынан ғана емес, сонымен бірге жас ұрпақ адам тәрбиесіне де үлкен қызмет атқаратынын естен шығаруға болмайды. Ұлтымыздың осындай тәлім - тәрбиелік немесе сезімдік әдет - ғұрыптарының мәніне терең үңіліп қарап, сырын ашатын болсақ, одан өте көп ғибратты істерге қанық боламыз. Бұның халық педагогикасындағы, мәдениетіндегі, психологиясындағы көп салалы істің елеулі тармағы екеніне көз жеткіземіз. Сонда біздің ел - жұртымыз іспен, күшпен, ірі іс - қимылмен немесе пәтуалы сөзбен ғана емес, бет - пішінімен, дене қимылымен үнсіз

отырып - ақ ойды, пікірді айқын танытып істі бітіре салатын болған. Мұндай іс - қимылдарды қуану, ашу, қайғыру, дәмету, қарсылық, шошыну сәттеріне ыңғайын тауып пайдалануы да шеберлік пен сезімталдықты, ұғымдылықты, ұтқырлықты, тапқырлықты бейнелейді.

Мысалға, бар істі мақұлдау, қоштау, ризалық шарасына «бәрекелді» деп те, бас изеу, арқаға қағу арқылы да білдіріп келіседі. Бір іске құшырланғанда беріле кіріскенде алақанына түкіру, алақанын уқалау әдеттері де бар. Қатты қуанған адамды «бөркін аспанға атып қуанды», «төсін соғып» сайысқа шықты. Ашу кезінде еркектер өз маңдайларын өздері ұрады, жер тебеді, ал әйелдер болса шашын жұлады, әрі өлсе бетін тырнап жылау дәстүрлері бар.

Енді "Ұшқан ұя" повесіндегі салт - дәстүрлердің шығарманың өн бойында кездесуі, қолдануына жеке - жеке тоқталып өтсек.

Шашу - қуаныш айғағы ретінде жасалатын салтанатты дәстүр. Бала туғанда, келін түскенде, алыс сапардан көп күткен жолаушы келгенде, құда келгенде т.б.с.с. зор жақсылық, қуанышты күндерде әйелдер құрт -кәмпиттен, күміс тиыннан шашу шашады. Шашылған шашуды тойға қатысушылар теріп алып, ырым қылып, балаларына апарып береді. Шашуды қазақта тек әйелдер ғана шашады. Мысалы, «Тұс - тұстан құтты болсын айтуға келген адамдар мол жиналды... Сол бойы олар жұртқа бауырсақтан шашу шашып ерекше қуанысады». [16. 177]

Бесікке салу. «Әлди - әлди ақ бөпем, Ақ бесікке жат бөпем» (Бесік жыры) Бесік - қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі. Жаңа туған баланы бесікке салу да халқымыз үшін елеулі дәстүрдің бірі. Бесікке салу жолы үлкен, елдің тәрбиелі, өнегелі әжелерге, әйелдерге тапсырылады. Ол бесікті отпен аластап, тыштырма жасап алып, баланы бесікке бөлейді. Бесік үстіне жеті түрлі қадірлі таза заттар қойылады. Бесікке салған адамға бесікке салар, яғни кәделі сый беріледі. Осындай қуаныш үстінде бесік жыры айтылады. Бесік жырымен бірге сабақтас тағы бір дәстүрлі ән «Әлди әні». Әлди әні бесіктегі балаға да, бесіктегі емес балаға да айтылатын жыр. Бұл жыр повесте:

«Қызтумас апамның сүйегі әлдеқашан қурап кетті, ал әлди ән айтқан үн әлі тұр құлағымда....

- Балам менің қайда екен?

- Қыздарменен тауда екен.

- Тауда неғып жүр екен?

- Алма теріп жүр екен.

- Алмасынан қанеки?

- Жаңа теріп жүр екен.

- Қызыл алма қолында

- Қыз - бозбала соңында - деуші еді-ау» деп тебіренеді Баукең әжесінің жұмсақ алақанның жылуын сезінгендей. [16. 15]

Бала күнімде әжемнің шешем жұмысқа кеткен осындай әні осы тектес болып келуші еді. Әже біткеннің бәрі осындай әдемі жыр самалымен бала жанын тербеткенде, ал қазіргі күнде бұл әндердің айтылуы мен некен - саяқ шығар-ау шамасы.

Наурыз күні. Наурыз - ежелгі мәдениеті дамыған елдің бірі парсының «жаңа күн» деген сөзінен шыққаны белгілі. Бұл қазіргі күн бойынша наурыздың 22 жұлдызына сәйкес келеді. Қазақтар бұл күнді жаңа жыл, ырыс, береке, мереке, жыл басы деп есептейді. Ұлыстың ұлы күні жұрт жұмыс істемейді, сапарға шықпайды, іс тікпейді, басқа бір іс бастамайды, ешкімді ренжітпейді, ренжімейді, дауыс көтермейді, құрбан шалмайды, құран оқымайды. Бұл күні барлық даланы Қызыр ата аралайды. Наурыз мерекесі біздің халық мұсылман діні енбей тұрып қалыптасқан айтулы мерекелердің бірі. Баукең бұл жайлы: «Әр үйдің алдында үлкен қара қазан асылып, наурыз көженің иісі шығады. ЬІрыс алды, кеңшілік басы, молшылық жолы осы наурыз көжеден басталатындай, бұл күні еш әйел қазанына таршылық жасаған емес... Ел жаңа жылын, жарқын кезеңін осылайша ашық пейіл, ақжарқын көңілмен қарсы алады екен ғой» [16. 127]

Шындығында бұл күні қолы ашылмаған үйдің қатаймайтындығы, молшылық енбейтіндігі айтылады. Наурыз жыл басы болғандықтан бұл күнде әйелдер жағы қазанына таршылық жасамаса, ал ер - азаматтар тал егіп, арық тартқан, себебі, бұл күні еңбек еткен, қолын ашып, барын жайып салып, жұмыла кіріскен адам ғана бүкіл жыл бойы татулықта, бірлікте, молшылықта өмір сүреді деген түсініктен туған.

Базарлық - алыс сапарға, саяхатқа шыққан адамдар жерлестеріне, көрші - көлеңдеріне, сыйлас адамдарына, жас балаларға ірілі - ұсақты сыйлықтар әкеледі. Оны базарлық деп атайды. Бұл жақсы көрудің, сыйластықтың белгісі және ескерткіш ретінде қабылданады. Базарлық көбіне әке - шешенің, туған - туысқан тарапынан ғана емес, басқа да бөтен адамдар тарапынан да жасала береді. «...Біз танымайтын кісінің берген базарлығына мәз болып қозымызға қарай жүгірдік...». [16. 59]

Жеті ата «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» (мәтел) Әр адам өзінің атасын білуі көргенділік пен білімділігін, ата көргендігін танытады. Білмесе «жеті атасын білмейтін жетесіз» деп сөккен. Жеті атаны үйрету әр ата - ананың басты борышы. Бауыржан жеті атаны үйренуді «елтану мектебінің алғашқы сатылары» дейді. М.Мырзахметов: «Жеті атасын білмеген жетімдіктің белгісі» деген мақалға айрықша мән беретұғын. Өзінің бала - немерелеріне, тіпті бізге дейін, Дулатқа дейінгі бабаларымыздың тізімін жазып беріп, жаттап алуды ескертіп отыратын

Енді ойланып қарасам, орыстар арасында айтылатын «Иван безродный» дегені сияқты кейбір тексіз қазақ бола бастағандарды көріп, рухани мәңгүрттіктен сақтандырған ескертуі ме деп шамалаймын» [18. 209]

Ел аузында сақталып, би - шешендер, аузы дуалы қариялар арқылы бізге жеткен, әдет - ғұрып, caлт - сана, өткен тарих, көне шежіре жайында қазір де көптеген жазушы - ақындарымыз айналысады. Ұзақ жылдар бойы тоталитарлық жүйенің миымызға сіңіріліп келген тұрпайы ұғымының тұтқынынан шыға алмай, неге бұлай болған деп оның түпкі себебін біле алмай жүргенде Бауыржан сияқты шежірені қадірлей санасына сіңіре өскен батыр бабамыздың әңгімелері мен жазбалары тарих қойнауынан сыр шерткендей болды.

Қыз айттыру дәстүрі бізде осы күнге дейін сақталмаған. «Қыз айттырудың мұндай тәртібі Есім деген ханның бұйрығы бойынша орнаған көрінеді» (Ы.Алтынсарин) Лайықты деген адамдарына әдейі барып, балаларының болашағы туралы әңгіме қозғайды, өздерінің құда болу ниетін білдіреді. Мұны «қыз айттыру» дейді. Бұл жолдың да түрлі ереже, тәртіптері бар, егер балалар жас болса, тіпті іште жатса да ерте келісіп, сөз байласады. Мұндай адамдар көбінесе бір - бірін жақсы білетін адамдар, өте сыйлас кісілер арасында болады. Олар алдымен іште жатқан балаларынан (әрине бірі ұл бірі қыз болса) қосу туралы келіседі.

«Атастыру» деген осы. Кейде мұны «бел құда» дейді. Повесте бұл оқиға өрбісі Үбианмен тығыз байланысты қозғалады. «Үбиан жастайынан Шегір руын Жарылқап байдың Мамыт деген баласына атастырылған екен» [16. 70]

Атастырудың қалың қамытын бұзған жаңа заманмен бірге келген әйелдер теңсіздігі болатын.

Қыз бойжеткен, ұл ержеткен соң екі жасты қосу «құда түсу» арқылы жасалады. Қазақтың ертеден белгіленген заң бойынша жеті атадан бері қыз алыспайды. Некелік ережеде әйел күйеуінен 8 жас, еркек әйелден 25 жас үлкен болса қосылуға рұқсат етілмейді. Әрине, әмеңгерлі жолда бұл шектеуге қарамайтын жайлар да бола береді. «Қыз айттыру», «баталасу» жас отаудың беріктігінің, сенім мен сыйластығының негізін қалайды. Осындай жақсы салттарымыздың бірі «қыз көру». Салт бойынша белгілі кісілердің балалары немесе өнерпаз, сал - сері жігіттер өзіне лайық қыздарды ел ішінен өздері таңдаған. Кейде бұл салт «қыз таңдау» деп аталады. Қазақта «қызды кім көрмейді, қымызды кім ішпейді» деген мақал қыз іздеген жігіттерге жол ашады.

Қалың мал қызға берілетін көлемді дүние болып табылады. Бұрынғы қалыптасқан салт бойынша қазақта «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деп жайдан - жай айта салмаса керекті. Тіпті жағдай нашар, қалың мал беруге шамасы жоқ деген адамның өзі ырымын жасап, қызды алатын болған. Көбіне кедей жігіттер малының жоқтығынан, қолының қысқалығынан үйленбей ұзақ жүріп қалатын болған. Қыз ұзату тойының мерзімін құдалары екі жақтың келісе отырып, белгілейді. Қалың мал қазақта бұрыннан келе жатқан көне дәстүрлеріміздің бірі. Шығармада Мамытқа айттырылған Үбианның оны ұнатпаған соң әжесінің көмегімен әкенің шешімін қайтарып, бұрынғы алған қалың малын қайтармақшы болады.

Тойбастар. «Тойдың кешкі ойынын өлеңмен бастайды. Сонда айтылатын өлең тойбастар деп аталады» (А. Байтұрсынов) Тойдың сәні тойбастарды әнші не қыз бастайды. Баукеңнің «той дегенде қу бас та домалайды» дегені қазақтың ойын - сауыққа келгенде жиған - тергенін шашатынын, ешнәрсе аямайтындығын мысалға келтіргені. Повестің басында айтылатын кішкене жиын - той үстіндегі Момыш пен Қызтумас әже арасындағы қыз таңдау жолындағы қиыншылық, сұлу қыз іздестірген әженің уайымы белгілі, немерелерінің ішкі және сыртқы сұлулығы. Той бастарды бұрын елге ақындар мен әншілер бастаған. Мәселен Баймағанбет сұлтанның Ақыл деген қызы ұзатылғанда тойбастарды атақты Шернияз ақын бастаған. Осы секілді қыз ұзатылғанда қыздың көңілін аулау мақсатында бара жатқан жағында да осындай жақсы жағдайлар болатындығын өлеңмен айту жар - жар деп аталады. Сонымен бірге олар қыздың бақытты, абыройлы елге сыйлы болуына тілектестік білдіреді. Мұның бәрі өлеңмен айтылатындықтан «жар - жар» қызықты болып естіледі. «Жар - жар» негізінен ойын - күлкіге, әдет - ғұрыпқа, тәлім - тәрбиеге негізделеді. Ауыз әдебиетінде «жар - жар айтысы» оның жалғасы «Ау жар айтысы» бар. Оның бәрін тәрбие, әдеп мектебі деп түсіну керек. Суреткер туындыда Үбианның Абай аулына келін болып түсуін оған жар - жар айтып шығарып салуын көркемдікпен суреттеген.

Беташар жаңа түскен келінді бұл дәстүр жасалмай ешкім көре алмайды. Оны көру үшін беташар дәстүрі жасалады. Оған тойға жиналған туыс - туғандар тегіс қатынасады. Мұнда беташар жыры айтыла отырып, келінге оның атасы, енесі, оның басқа туыстары таныстырылып, келін оларға сәлем жасайды. Сәлем жасаған адамдар көрімдік береді. Беташар тойдың басы, әрі сәні жас келіннің жаңа өмірге бет алғанын білдіретін қызықты, салтанатты жақсы дәстүрлердің бірі. Жазушы Үбианның ұзатылуынан бастап, жат жұртқа келін болып түсуіне дейінгі аралықты бірнеше қазақтың салт - дәстүрлерімен бейнелеген. «Жұрт беташар мен некеқияр қызығын күтіп тағатсыз торуылдайды.» Неке қияр - дәстүр бойынша молданың бірін - біріне келісіммен үйленген екі жастың неке суын ішуі.

Мал шаруашылығымен айналысқан халық ғасырлар бойы қалыптасқан бай тәжірбиесі бар олар мал өрісін, тіршілік табиғатын, қадір-қасиетін әбден білген. Тіпті малдың айрықша қасиетін, ерекшелігін танитын Толыбай сынды сыншылар да шыққан. Сөйтіп халқымыз өздерінің тіршілік, шаруашылық өмірін осы мал өсірумен байланыстыра жасаған. Қазақ үшін ең құнды, қасиетті мал - жылқы. Айт, ас, тойларда аттың бас бәйгесіне мол дүние, жиһаз тігілетін болған. Жазушының жылқы малымен тығыз байланыстыра суреттеген дәстүрлерінің бірі - бәйге. Бәйге қазақ халқының ұлттық ойынының бірі, көп тараған. Спорттың бұл түрінің өзгеше бір ерекшелігі сол - жарыс тек жазық жерлерде ғана емес, ойлы - қырлы, жасанды, бегесінді жерлерде де өткізіледі. Жарыстың үлкен шаруашылық, тәрбиелік маңызы бар. Олай болатын себебі - жарысқа қосатын атты таңдап алып, оны баптап бәйгеге жаратуға дейінгі ұзақ мерзімге бәйге атына мініп шабатын бала үнемі басы қасында болып, бапкермен бірге еңбек етеді. Бәйге мен аламан бәйге табандылыққа, батырлыққа, тапқырлыққа үйрететін дәстүрлі ойын түрі. Үбианның ұзатылуымен тығыз байланысты көптеген дәстүрлер мен ырымдардың түрлерінің жасалуы, қолданыста болуы әрине салтқа саналы түрде қараудан туған. Шындығында салт - дәстүрдің берер тәлімі ұшан-теңіз. Мәселен, «Бәйге де аз емес еді. Шапан киіп, ат мініп, атлас орамал алып жатыр». [17. 364] Осы секілді дәстүрдің бірі - көкпар. Көкпарды жаппай тарту және дода тарту деп екі түрге бөлеміз. Жаппай тартуда жеке адамның қол қайратын, батылдығын, ептілігін, тақым күшін көрсетуге толық мүмкіндігі бар. Ойында жасқа шектеу қоймайды. Ал дода тартуда жүйелі және тұрақты тәртіп сақталмайды. Үлкен жікке бөлінген топтар тұтас сайысады. Осындай жағдайда көкпар кімнің қолында қалса сол иемденеді. Кейде мұны марта тарту деп те атайды. Көкпаршылар көкпарды көбінесе ру ақсақалдарының үйіне, балалы не баласы жоқ үйге әкеліп «көгерт, көгерт, көгерт» деп айқайлайтын болған. Үй иесі көкпаршының үстіне шапан жауып, бір байлам орамал ұсынатын болған. Повесте осы көрініс Аққұл бейнесі арқылы сомдалған. Ат пірі Аққұлдың соңғы демін өзінің Көкшолағымен бірге бітіріп, өзін сол атының терісіне орап көмуді аманат еткен Аққұл бейнесі жан тебірентерлік. Аттың құнын, бағасын білетін қазақтың қазағы осындай - ақ болар дерсің. Аққұлдың көкпар десе ішкен асын жерге қойып, арқасы қозып тұратұғын қасиеті бүкіл бір ұлтқа тән қасиет пе дерсің. Аққұлдың немере інісі Дембай ұлды болғанда Баукең: «Балаға үшінші күн толғанда Дембай көкпар берді» деп суреттеуі қазақ үйінің әр қуанышы дәстүрлі жолмен болғанын аңғартады.

Жасау. «Көрсін деп жиылған жұрт тамашасын, жасауын таудай қылып үйгізді енді» (Наурызбай - Қаншайым) Ұзатылған қызға берілетін дүние - мүлік. Халық қыздың жасауына аса зор көңіл бөліп, «жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді» деген. Ауқатты адамдар ақ отау тігіп ұзатқан. Жасауды қыздың еншісі десе де болады. Жасау дәстүрі повесте Үбианның ұзатылуымен тығыз байланысты. «Аттанар алдында әжем ауылдың қыз - келіншектерін, бар әйелдерді шақырып қыз жасауьн қызықтауға шақырды. Шығармалар жинағы. [17. 375]

Бауыржанның бір естеліктерінде қазақтардың күпісі мен шапаны, тоны, шалбары, тымағының, саптама етігінің де сыры көп дейді. Шынында әр киім еңбек етіп, өмір сүру жағдайына байланысты дүниеге келсе керек. Айталық қазақтар шапан мен тонның етегін кең, жеңін бір қарыс ұзын істейді. Мұның себебі қыста мал баққан қазақ жаңағы ұзын тонның етегімен тізесін қымтап, кез-келген аязда тоңбайды. «Етек жеңің кең болсын» деген сөз осыдан қалған дейді. Аты болдырап, не өзі шаршағанда, далаға қонып қала береді. Ал, жеңнің ұзын болуын қазақтардың жаугершілік заманда қолға қару ұстау үшін ойлап тапқан амалы. Қазақтар қолғап кимеген. Бұны халықтық тәжірбие, халық даналығы деп түсіндірген.

Жүз жыл жырлаған атақты Жамбыл ақынды қадірлеп, оны халық дәстүрін берік сақтайтындығы үшін де жақсы көріп, сыйлаған.

«Қазақтың 1000 әні» кітабының авторы А.В.Затаевичтің Роман Ролланмен достығын айта келіп, бірде оның қазақ халқының тамаша өнеріне табынғанын, мұндай бай қазынасы бар елді бірінші рет кездестірдім дегенін ол: «мәдениетті, білімді кісінің мойындауы» деп бұл берілген баға біздің халқымыздың құндылығының бағасы екендігін растайды. Ал, шешендік өнерді біздің халқымыздың қанымен біткен, дегенмен кейінгі кезде шешендік өнердің жоғалып бара жатқандығын айта келе, осы күнгі басшылардың қағазға қарап сөйлейтінін мінеген. Бұл біздің халыққа жат нәрсе деп қараған.



Каталог: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Ф 7 –007-02 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2013 -> Мазмұны Кіріспе–––––––––––––––––––––––– 3-9
2013 -> Мазмұны Кіріспе Тарау -I. Кеңестік шығармашылық интеллигенциясы калыптасуының бастапқы кезеңІ
2013 -> Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының
2013 -> Әл Фараби дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған. Ол данышпан философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші ақын, математик. Әл Фараби 870 ж
2013 -> Өмірбаяны ІІ негізгі бөлім
2013 -> Ф 15-07 Қазақстан Республикасының білім ЖӘне ғылым министрлігі
2013 -> Кіріспе. Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дипломдық жұмысының өзектілігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет