(Педагогические мастерские. Франция - Россия./ Под ред. Э. С. Соколовой. – М: Новая школа, 1997. - 128 С. - кітабы бойынша). Бұл құрылымда да сабақтың үш кезеңін анық көреміз: бірінші кезеңге «Индукция» әрекеттерін жатқызып, екінші кезең «Өзіндік инструкция» және «Әлеуметтік құрастыру» әрекеттерінен, ал үшінші кезең «Әлеуметтендіру», «Афишалау», «Қанағаттанбау» және «Рефлексия» әрекеттерінен тұрады деп ұйғаруға әбден болады.
Елімізде 1997 жылдан бастап дамып келе жатқан «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» (Reading and Writer for Critical Thinking) жобасы да сабақтың үш құрылымдық кезеңін ұстанады:
«Қызығушылықты ояту – Мағынаны ажырату – Ой-толғаныс».
Бұл құрылым ойлау процесінің қалайша өрбитіндігін сипаттап, әрбір оқушыны «өзінің курстастары және оқытушымен жүргізетін рефлексиялық диалогқа жұмылдыруды» көздейді (С.Мирсеитова, 2008, 116). Аталмыш жобада сабақтың әр кезеңінің ерекшеліктері мен мақсаттарын қалайша сипаттайтындығына тоқталып кетейік.
«Қызығушылықты ояту» кезеңінде (Еvocation) үйренушілер білім процесіне ниеттеледі, айрықша көңіл аударады, жаңа материалды игеруге ынталанады. Бұл кезеңде келесідей үш мақсат жүзеге асырылады:
1. Қарастырылатын тақырып бойынша үйренушілер бұрынғы білімдерін есіне түсіреді. Білім зерттеу − жаңаны ескімен байланыстыратын процесс, жаңа білім міндетті түрде қандай да бір жеке тәжірибе негізінде (бұрынғы білім) құралады. Өзінің жеке білімін еске түсіру арқылы үйренушілер белсенді түрде өздерінің білімін анықтап, оны талдайды және алдағы уақытта қарастырылатын жаңа мәліметтермен байланыстырады. Сол арқылы олар өз білімінде «бос орындардың» қалмауын қадағалап, білім игеру процесін бір сәтке де тоқтатпайды.
2. Оқушылар белсенді әрекеттерге жұмылдырылады.
Білім игеру – белсенді әрекет. Саналы білім алу үшін үйренушілер білім игеру процесіне белсенді түрде араласуы керек: ойлау, сөйлеу мен жазу арқылы өз білімдері мен түсініктерін өзгелерге жеткізе білуі керек.
3. Үйренудің мақсаттарын айқындау арқылы үйренушілер ойлау жұмысына ынталандырылады.
Шығармашылық белсенділікті көтеру үшін бұл кезеңде үйренушілерді зерттеу мақсаттарын айқындауға жұмылдыру керек. Өз мұқтаждарынан туындаған, өздері құрастырған мақсаттар үйренушілердің жаңа білімге деген ынталарын еш бәсеңсітпейді.
Ал оқушылардың жеке тәжірибесінен туындаған пікірлер әрқашанда сан алуан болып, сол арқылы оларды пікір алмасуға және пікірталасқа әкеледі. Өз кезегінде көзқарастардың мұндай қарама-қайшылығы әр үйренушіде түрлі сұрақтардың пайда болуына әкеледі. Ал бұл сұрақтарға жауап беру белсенді түрде жұмыс жасауға (ойлау, оқу, жазу, сөйлеу) ынталандырады.
«Мағынаны ажырату» кезеңі (Realization of meaning) жаңа материалды игеруде туындаған сұрақтарға үйренушілердің өз тәжірибелері тұрғысынан жауап беруімен ерекшеленеді.
Бұл кезеңде үйренушілер жаңа ақпаратпен немесе идеялармен тікелей қарым-қатынас жасап, оларды дербес түрде зерттейді, ізденеді.
Бұл кезеңнің басты мақсаттары келесідей:
1. Оқушыларды жаңа білім игеру жұмысына асқан құштарлықпен араластырып, олардың оқу процесіне деген қызығушылығын арттыру: сабақтың басқа кезеңдерімен салыстырғанда мұнда оқушылар мейлінше дербес болып, ұстаздың араласуын қажет етпей, өзіндік тұрғыдан әрекеттенеді. Олар үйренудің әртүрлі тиімді тәсілдерін қолдану арқылы белсенді танымдық жұмысқа кірісіп, жаңа білім туралы өзіндік түсінік және пікір қалыптастырады. Оқушылармұндай жұмысқа жұмылдырылмаса, зерттеудің мағынасы тіпті де жоғалып кетуі мүмкін.
2. Оқушылардың өзіндік пікір мен түсінігін қалыптастыруға ынталандыру.
Белсенді үйренушілер жаңа мәлімет жайлы өзіндік түсінік қалыптастырады. Қажет болған жағдайда олар оны қайта қарастырып, сұрақтар қойып, түсінбеген жерлерін анықтауға тырысады. Мұндай жағдайларда бәлсенді (пассив, ырқы кемшін) үйренушілердің өздері түсінбегенді қалдырып кетуі әбден ықтимал.
«Ой-толғаныс» кезеңінде (Reflection) үйренушілер жаңа мәліметтерді өздерінің бұрынғы білімдерімен (ұғымдарымен) салыстыра отырып өзгертеді.
Осы кезеңде олар сұрақтар, ұсыныстар, пікірталастар, зерттеулер арқылы бұрнағы түсініктерінің негізінде жаңа білім құрастырады.
Үйрену дегеніміз өзгеру және өзгерту деген сөз. Өзгеру жаңа түсініктің атаулары мен терминдері, жаңа әрекеттер, білімнің жаңа ахуалы мен жаңа сенімдер тұрғысында болуы мүмкін. Мұндай өзгерістер үйренушілердің бұрынғы білім негізінде жаңа түсінікті қалыптастыру жұмысына белсене араласқанда пайда болады.
Бұл кезеңде келесідей мақсаттарды ұстануға болады:
1. оқушылар өз ойлары мен түсініктерін өздері игерген мәліметтер арқылы жеткізеді.
Зерттеу және түсінік − өзіндік, дербес ұғымдар. Оқушылардың есінде өздерінің тәжірибесі, білімі, сөздері арқылы түсінгендері қалады. Жаңа түсінік тек осындай өзіндік контексте пайда болады.
2. оқушылар бір-бірімен ой бөліседі.
Пікірлесу арқылы үйренушілерде өзіндік пікірлердің пайда болуына ой талқыда келтірілген көзқарастардың әр түрлігі, сан алуандығы көп септігін тигізеді. Оқушылардың ой алмасуда әр түрлі пікірлерді келтіруі жаңа мәліметтің игерілуіне жол ашады (Дж.Стилл, К.Мередит, Ч.Темпл, С.Вальтер, 15-19).
Соңғы кездерде шетелде қарастырылған педагогикалық қарым-қатынас стилдерінің ішінде М.Тален ұсынған оқытушылардың кәсіби позицияларының типологиясы назар тоқтататындай.
1. «Сократ» моделі.
Мұндай ұстанымдағы оқытушы пікірталас пен пікірсайыстардың құптаушысы және өз сабақтарында оларды әдейі тудырушы. Оның сабақ беру әдісінде белгілі жүйе жоқтың қасы, өйткені ол оқу процесінде әрқашан да біреулермен пікірталаста болады. Оның шәкірттері өз позицияларын ұдайы нығайта отырып, оларды қорғай біледі.
2. «Топтық пікірталастың жетекшісі» моделі.
Ол оқу-тәрбиелік процестің басты мақсаты оқушылар арасындағы келісім мен ынтымақтастыққа жету деп есептейді. Ал өзін шәкірттерінің арасындағы келісімге келудібасты мақсат етеді, өйткені ол үшін пікірталас нәтижелерінен гөрі демократиялық ымыра мен бітімгершілік маңызды.
3. «Шебер» моделі.
Бұл ұстаз өз шәкірттеріне үлгі болуды қалайды. Оқушылар оның барлық әрекеттерін тек оқу процесінде ғана емес, сонымен бірге жалпы өмірге деген тұрғыдан бұлжытпай қайталауы керек.
4. «Генерал» моделі.
Қатаң талап қоюшы, қайткенмен де өзінің айтқанын орындатуға ұмтылады, өйткені өзінің сөзін әрқашанда дұрыс деп бағалайды. Оның ойынша, оқушы солдат тәрізді тек бұйрықтарға ғана бағынуы керек. М.Таленнің айтуы бойынша, мұғалімдердің бұл типі педагогикалық практикада басқаларға қарағанда анағұрлым жиі кездеседі.
5. «Менеджер» моделі.
Сыныптағы топтың тиімді жұмысынан құралған атмосферамен тікелей байланысты. Мұғалім оқушы тарапынан бастама мен өзіндік әрекеттерді барынша қуаттап отырады. Педагог әрбір оқушымен оның шешіп отырған проблема мағынасын талқылауға, оқушының әрекеттерін бақылап, оларға әділ баға беруге әзір.
6. «Жаттықтырушы» моделі.
Аудиториядағы қарым-қатынаста оқытушы мен оқушылар бір-біріне жақын екендігін әбден сезінетіндей. Оқушылар өздерін құдды бір команда ойыншылары ретінде сезінетіндей: мұнда жеке тұлғаның еш маңызы жоқ, өйткені олар тек бірлесіп қана көп шаруаны тындыра алады. Педагог мұнда ұжымдық ұмтылыстардың ұйытқысы рөлін орындайды. Ол үшін ең басты мәселе – аяққы нәтиже, табыс, жеңіс.
7. «Жол сілтеуші» немесе «Гид» моделі.
Бұл мұғалімнің «білмейтіні жер астында», ол – тірі энциклопедия тәріздес. Мұғалім өте байсалды, қысқа әрі дәл сөйлейді. Барлық сұрақтарға ол жауапты бере алады, тіпті оған қандай сұрақтардың да қойылатындығын біледі. Оның міні жоқ сияқты, сол себепті де ол көп жағдайда оқушыларға қызықсыз көрінеді.
Бақылау – қандай да бір жайттарды (фактілерді) анықтау үшін ақпаратты жинақтау құралы. Бақылау арқылы, мәселен, оқушылардың сабақта қалай жұмыс жасағандығын немесе сабақтың қалай өткендігі туралы ақпарат жинап, талдау жұмысын жүргізуге болады. Бұл үшін бақылау парақтарын қолданған тиімді. Сабаққа, жұмыс барысына өзгертулер енгізу мақсатында мұндай парақтарды бірлесе талқылап, олар бойынша қорытынды шығарып отыру керек.
Есеп беру – оқу процесінің динамикасын көрсету үшін оның әр кезеңінде оқушылар мен мұғалімнің өзінің жұмысы, бақылауы мен бағалауын жазбаша түрде келтіруі. Есеп беру үйренушілер мен оқытушылардың талаптарды қандай деңгейде орындағандығын көрсетіп, оқу процесін жоспарлауға өзгертулер енгізу мүмкіншілігін береді.
Сауалнама – берілген сұрақтарға жауап беру арқылы ақпарат жинақтау. Сауалнаманы алдын-ала құрастырып, респонденттерге таратып берген орынды. Мәселен, тоқсан басында оқушының мұқтаждары мен қызығушылығын анықтау үшін кіріспе сауалнамасын жүргізген орынды. Оқушылардың жауаптары пән мазмұнында қажетті өзгертулерді жасап, үйренушілердің танымдық деңгейін анықтауға септігін тигізеді.
Тоқсан аяғында оқушылардың кіріспе сауалнамасын қайтарып, оларға өздерінің мұқтаждары қаншалықты ескеріліп, өз білімдерінің қандай дәрежеде өскендігі туралы ой-толғаныс жұмысын жазуды тапсыруға болады (көбіне бұл әдіс мектеп-лицейлерде қолданылады).
Қорытынды жазу