Лингвомәдениеттану пәні 90-ыншы жылдардан бастап В.Н.Телия [2] мен В.В.Воробьевтің [23] бастауымен қалыптасты. В.Н.Телия: «Это та часть этнолингвистики, которая посвящена изучению и описанию корреспонденции языка и культуры в синхронном их взаимодействии» [2] дей келе, оның негізгі мақсаттары этнолингвистиканың Н.И.Толстой [24] ұсынған мақсаттарына сәйкес келетініне тоқталады.
Лингвомәдениеттанудың елтанудан және этнолигвистикадан өзіндік айырмашылықтары бар.
Біріншіден, тіл үйрету лингвомәдениеттану мен этнолингвистика пәндерінің мақсатына кірмейді. Мұнда ең бастысы, тіл мен мәдениеттің байланысы қарастырылады.
Екіншіден, лингвомәдениеттанудың зерттеу нысаны заттық және рухани мәдениеттің қазіргі ұлт қаңқасы ретінде көрінетін халықтық санада сақталған фразеологизмдердің түрлі дискурстық типтерде жүзеге асырылуын айқындау.
Үшіншіден, этнолингвистикалық бағыт фразеологизмдердің қалыптасуын тарихи реконструкциялау, яғни қалыптасуын тарихи диахрондық сипаттау болса, лингвомәдениеттану фразеологизмдердің қалыптасуын синхрондық талдаумен жүзеге асырады.
Сонымен, этнолингвистика мен лингвомәдениеттану мәдениет контекстіндегі фразеологизмдерді зерттеуде түрлі мақсаттары мен міндеттеріне қарай, алғашқысы екіншісінің негізгі фундаменті іспеттес болып танылады.
Лингвомәдениеттану бағытының талдауы этнолингвистика басшылыққа алатын методологиялық әдіс-тәсілдерімен тығыз байланысты. Алайда лингвомәдениеттану пәнінің ең басты мақсаты тіл мен мәдениеттің өзара байланысы мен арақатынасын қарастыру. Лингвомәдениеттану өткінші саяси жағдайларға тоқталмай, маңызды, ірі мәселелерге көңіл бөледі.
Жалпы, ұлттық деректерге сүйенетін лингвомәдениеттік талдау үшін мәдениет ұғымы ең негізгі болып табылатындықтан, ұлттық мәдени ерекшеліктерді қамтитын тұрақты тіркестерді талдап түсіндіруде осы мәдени негіздерге сүйену қажет. Өйткені тіліміздің көркем құралы болып табылатын тұрақты тіркестердің қай-қайсысының да пайда болуында терең тамырлы тарихы бар халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа мирас болған ежелгі мұралардың келбеті бары анық. Сондықтан В.Н.Телия лингвомәдени талдаудың барысында «возможно выявить, как воплощена культура в содержание фразеологизмов – идиом и фразеологических сочетаний. определить смысл их культурно-национальных коннотаций, благодаря которым фразеологизмы в процессах их употребления воспроизводят характерологические черты народного менталитета» [2] дейтіндей фразеологизмдер ұлт менталитетіне тән қасиеттерді анықтауда рухани мәдениеттің түп дерегі болмақ.
Бұл жаңа саланың объектісі лингвистика мен мәдениеттану сияқты екі ірі ғылымның тоғысуынан туындайды. Мұнда халықтың салт-дәстүр, аңыз-әңгіме, мифтерінде орын алатын тілдік бірліктер қарастырылады.
Сонымен, тіл – мәдениеттің феномені, ұлт мәдениетінің көрінісі. Ұлт өміріндегі күллі жағдайларды тіл қойма ретінде сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді. Лингвомәдениеттанудың зерттеу нысаны – ұлт тілінде сақталған халықтың басынан өткен тарихының көрінісі. Ол уақыт пен кеңістікке бағынбайды. Бұрынғы мәдени құндылықтармен таныса отырып, біз әр түрлі күй кешеміз. Сол кезеңге тап болғандай боламыз. Оған біз тек тіл арқылы талдаулардың нәтижесінде жетеміз [1].