1.4 Фразеологизмдер туралы түсінік
Тілдің лексикасында қаралатын лексикалық бірліктерден (жеке сөздерден) басқа тіл бірліктерінің тұрақты сөз тіркестері деп аталатын неғұрлым күрделі ерекше түрі қалыптасқан. Бұларды тіл білімінің фразеология саласы зерттейді. Фразеология термині (грек. рhrasis сөйлемше және logos – сөз, ілім сөздерінен шыққан) қазіргі тіл білімінде екі мағынада қолданылады. Бірінші, тілдің фразеологиялық құрамын зерттейтін саласы, екінші, белгілі бір тілдегі фразеологизмдердің жиынтығы дегенді білдіреді.
Осы күнгі тіл білімінде фразеологизм деген ұғым кең мағынада қолданылады. 1990 ж. шыққан «Лингвистикалық энциклопедиялық сөздікте» фразеологизмге мынадай анықтама берілген: «Фразеологизм дегеніміз формасы жағынан синтаксистік құрылымдармен ұқсас, бірақ олардай жалпы заңдылыққа сай сөйлеу кезінде жасалмай, даяр қалпында қайталап қолданылатын, семантикалық және лексика-грамматикалық құрамы тұрақты сөз тіркестер мен сөйлемшелер» [34]. Осы анықтамаға қарағанда фразеологизмдерге кең мағынада тілдегі мағына бірлігін сақтаған тұрақты сөз тіркестерінің барлық түрлері жатады. Олар тұрақты сөз тіркестерінің түрлері мен сөйлемшелер, коммуникативтік тұрақты қолданыстағы әр түрлі номинативтік бірліктер, қос сөздер мен қосарлы тіркестер, ресми іс-құжаттарындағы даяр сөз орамдары т.б. түрінде болуы мүмкін.
Фразеологизмдердің осы айтылған түрлерінің құрылымдық, мағыналық қолданымдық сипаты, лексикологияға қатысы бірыңғай емес. Сондықтан тәжірибе жүзінде фразеологизмдер тар және кең мағынада қарастырылады. Бұлайша бөліп қарастырудың мәні фразеологизмнің лексикалық бірлік ретінде танылатын атауыштық сөзбен мағыналық байланысына, сол арқылы лексикологиямен жақындасатынына негізделген.
Тар мағынадағы фразеологизмдерге кұрамы тұрақты, мағынасы біртұтас, даяр қалпында қолданылатын, лексикалық бірліктермен (атауыштық сөздермен) мағыналас, сырттай жай (еркін) сөздеріне ұқсас тұрақты сөз тіркестері мен сөйлемшелер жатады. Шынында, фразеологизмдерді сақтай отырып, сөз мағынасына жақын не парапар мағынаны білдіреді. (Мысалы: ұзақ түнді көзбен атқызды фразеологизмі — ұйықтамады, дүние салды — өлді, бетінен оты шықты — ұялды, мұрнына су жетпеді, мұрнынан шаншылды, мұршасы келмеді — жұмысбасты болды, ұзын арқан, кең тұсау — еркіндік, үн жоқ, түн жоқ — үндемеді дегенді білдіріп, өзара мағыналас болып түр.
Ал кең мағынадағы фразеологизмдерге жататын мақал-мәтелдер мен қанатты сөздердің, жаңылтпаштар мен жұмбақтардың, номинативтік (атауыштық) бірліктердің т.б. өздеріне тән лексика-грамматикалық, стильдік ерекшеліктері бар. Олар сөйлеу кезінде жасалмай, даяр қалпында қолданылатындығы, құрылымының тұрақтылығы жағынан ғана фразеологизмдерге жатқызылады, бірақ олардың мағынасы лексикалық бірлік ретінде сөздің беретін мағынасына балама, парапар емес, одан әлдеқайда кең. Мысалы, мақал-мәтелдер байымдау, түйіндеу, көбінесе бейнелі түрде астарлы мағынада жұмсалады. Мысалы: еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей, мың сіз-бізден бір шыж-быж, алыстан арқаланғанша, жақыннан дорбала т.б. мақал-мәтелдердің сипаты осындай [35].
Фразеологияның ажырамас функционалдық және семантикалық бөлігі ретінде сөз тіркестерін айта аламыз. Осы уақытқа дейін ағылшын фразеологиясы жөнінде толық ғылыми зерттеу аяқталмаған. Ағылшын және американдық лингвистер ережеге сай әр түрлі топтағы сөздерді, сөз тіркестерін және сөйлемдерді олардың шығу тегі, стилі, қолданылуы жайында мағлұматтар жинап қарастырған. Бұл бірліктер әдетте идиома ретінде сипатталады, бірақ, олар лингвистиканың жеке бөлімі немесе сөз тіркестерінің арнайы бөлімі ретінде қарастырылмаған [36].
Американдық және ағылшын тілінің дәстүрлі емес сөздіктерінде слэнгтер және идиомалар және анықтама кітапшаларында мақал мәтелдер, әр түрлі лексикалық бірліктер жиналғанымен, онда сөз тіркестері мен фразеологиялық бірліктерді бөліп көрсететін критерийлер сақталмаған. Бірақ, не себепті екені белгісіз, ағылшын тіліндегі фразеологиялық бірліктердің теориялық принциптері жайында ақпарат бірінші болып совет елінің сөздіктерінде кездеседі. Спецификалық топтағы фразалардың мағынасын көрсету үшін фразеологиялық бірліктер терминін совет лингвистері енгізген [37].
«Кэмбридж халықаларық идиомалар сөздігінде» ақпаратты қабылдау дағдыларын жетілдіру үшін идиомалық сөздердің маңыздылығы келесі сөйлеммен түсіндірген:
«Егер сіз идиомаларды түсініп дұрыс қолдана білсең тілді меңгеру дағдыларыңды жетілдіре аласың. Студенттердің идиомаларды меңгеру кезіндегі қиындықтары, ол құрамындағы сөздерге қарап мағынасын тура таба ала алмайтындығы. Сондай-ақ жай сөйлемдерге қарағанда идиомалардың мағынасы өзгермейтіндігі. Мысалы: look daggers at some one, look angrily at someone. Екі мысалдың мағынасы бірдей болғанымен, алғашқы мысал кейінгісіне қарағанда бейнелік мәнері жоғары» [38].
В.Н.Коллинз өзінің «Ағылшын идиомалары» атты кітабында: «Бүгінгі таңда идиомалар стандартты және ауыз-екі сөйлеу тілінде қолданатын қажетті элементтердің бірі және тілді байытады, көркемдік стиль береді» деп сипаттайды [39].
Достарыңызбен бөлісу: |