Дипломдық ЖҰмыс 5В011900 -шетел тілі: екі шетел тілі Шымкент, 2022 ф-19-01/02



бет11/39
Дата08.08.2022
өлшемі178,1 Kb.
#147994
түріДиплом
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   39
Байланысты:
работа

Фразеологизмдік мағына дегеніміз — құрамындағы сөздердің не жеке бір сыңарының лексикалық мағыналарының қайта жаңғыртылған жинақты мағынасы. Сол себепті фразеологизмдер семантикалық жағынан біртұтас тіл бірлігі ретінде қолданылады. Мысалы: ит арқасы қиян (өте алыс), қой аузынан шөп алмайды (момын), қойдан қоңыр (жуас), түйе үстінен сирақ үйтеді (икемсіз, епсіз адам туралы) сияқты фразеологизмдердің беретін тұтас мағыналары, олардың құрамындағы сөздердің лексикалық мағыналарынан мүлде бөлек мағыналар болып табылады. Тіпті фразеологизмдердің құрамындағы сөздердің лексикалық мағыналары анық байқалғанның өзінде, фразеологизмдердің мағыналары семантикалық біртұтастығынан айрылмайды. Мысалы: санын соғып қалды (өкінді), тамырына балта шапты (біржолата көзін жойды), ит өлген жер (өте алыс жер), жер жастанды (өлді), шай қайнатым уақыт (шай қайнайтын мезгіл), жауыр болды (мезі болды), жауырды жаба тоқыды (кемшілікті бүркеді, жасырды) сияқты фразеологизмдерде мағына тұтастығы сақталған.
Үшінші айырмашылығы — фразеологизмдердің даяр қалпында қолданылу тиянақтылығында. Оған негіз болған фразеологизмдердің жоғарыда айтылған құрылымдық тиянақтылығы мен мағына тұтастығы. Осы белгілердің сақталуы нәтижесінде фразеологизмдер даяр тұрақты тіркес сипатына ие болады. Фразеологизмдер сөйлеу кезінде, қарым-қатынас үстінде жасалынбайды, біртұтас тіл бірлігі ретінде даяр қалпында жұмсалады. Мысалы: сағы сынды, қырғиқабақ болды, жаман атты болды, арқаны кеңге салды, құлағын шулатты, құлағына ілмеді, көкірек керді, жер жастанды т.б. Сөйлеуші бұларды сөйлеу үстінде өздерінше өзгерте алмайды, олар осы қалпында адамдардың жадында сақталған, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп, даяр қалпында қайталанып отырады.
Ал еркін тіркестер керісінше сөйлеу кезінде, қарым-қатынас үстінде құрамындағы сөздердің өзара үйлесіп еркін тіркесуі арқылы жасалады. Еркін тіркестердің мағыналары құрамындағы сөздердің лексикалық мағыналарына тәуелді, яғни фразеологизмдердей қайта жаңғыртылған мағыналар емес. Мысалы: сулы жер, жалғыз бала, ауыл шаруашылығы, он мыңдаған, аталас рулар, шөп шапты, мал бақты, қызыға қарады, кайтып кетті, алқына бастады, сулығын шайнады, топ арасында т.б. еркін тіркестердің мағыналары құрамындағы сыңарларының лексикалық мағыналарынан туып тұр.
Төртінші айырмашылығы — фразеологизмдердің көпшілігіне мәнерлілік, айқындық, бейнелік қасиет тән екендігінде. Бұл қасиет фразеологизмдердің стилистикалық мәнін арттырады. Мысалы: қабағы кірбің тартты деген фразеологизмді оның баламалары болып табылатын ренжіді, жабырқады сөздерінің мағыналарымен салыстырсақ, фразеологизмдік тіркесте стилистикалық бояушылық, айшық, бейнелілік байқалады. Қара шаңырақ фразеологизмі нақты зат ұғымындағы шаңырақты, оның түсін білдіріп тұрған жоқ, одан әлдеқайда маңызды «бір әулеттің үлкен үйі, тәрбие алып ұшқан ұясы» деген мағынаны білдіріп тұр. Ту көтерді, төсек жаңғыртты, төсек тартты, тұсауын кесті, соры қайнады, шошқа тағаладың ба? т.б. фразеологизмдерде де стилистикалық айшық, бояу бар. Ал осы мысалдардың алғашқы екеуін "Солдат жерден құлаған туды көтерді", "төсекті қайта жаңғыртып салды" деген сөйлемдердегідей қолдансақ, онда олардың стилистикалық айшықты, бейнелік мәні жоқ, жай еркін тіркестер екені байқалады.
Бесінші айырмашылығы — еркін тіркестер бір тілден екінші тілге сөзбе-сөз аударуға көнеді. Мысалы: таулы жер «гористая местность», атақты жазушы «знаменитый писатель», тура нәтиже «непосредственный результат», діндар адам «правоверный человек», ретіне келтіру «привести в порядок», құрылыс алаңы «стройплощадка» т.б.
Ал фразеологизмдер әдетте бір тілден басқа тілге сөзбе-сөз аударуға көнбейді, оларды басқа тілдегі баламалары арқылы немесе фразеологиялық мағыналарын түсіндіру арқылы беруге болады. Мысалы: соры қайнау фразеологизмін орыс тіліне сөзбе-сөз аударсақ, кипеть его соли болып, фразеологиялық мағынасы жоғалады, сол себепті оны «потерпеть неудачу, страдать» деп, түсіндіріп беруге тура келеді. Сөге жамандама фразеологизмін орыс тіліне сөзбе-сөз аударсақ, «не говори плохого» деген жай тіркес шығады, соңдықтан оны орыс тіліндегі мағынасы соған жуық не поминай лихом деген фразеологизммен беруге болады.
Осы сияқты айырмашылықтарымен бірге фразеологизмдер мен еркін тіркестердің жақындасатын жағы да бар. Құрылымы сөйлемге ұқсас фразеологизмдердің құрамы формалды түрде еркін сөз тіркестерінен тұрады. Мысалы, мұртын балта шаппайды деген фразеологизм мұртын шаппайды, балта шаппайды деген екі еркін тіркестен, ай десе аузы бар, күн десе көзі бар төрт еркін тіркестен, бұлт үйірілді, апшысын қуырды, жүрек жалғады деген фразеологизмдердің әрқайсысы бір-бір еркін тіркестен жасалған. Бұлар фразеологизмдік сипат алғанда, өздерінің еркін тіркестік мағыналарынан айрылып, бейнелі фразеологизмдік мағыналарға ие болған. Сөйтіп, бұл арада еркін тіркестердің фразеологизмдерді жасайтын материал болып табылатынынын көреміз.
Фразеологизмдердің сөзбен жақындығы. Бұлардың жақындығын білдіретін мағыналары мен атқаратын қызметтеріндегі ұқсастықтан көруге болады. Сөздің фразеологизмге жақындығы екі жағдайда айқын байқалады. Бірінші, тілдегі әрбір дербес мағыналы сөз лексикалық бірлік ретінде жеке тұрып, белгілі бір ұғымды білдіріп, даяр қалпында қолданысқа түсіп отырады. Сөйлеу үстінде белгілі бір затты, құбылысты, әрекетті қалай атаймыз деп жатпаймыз, ұрпақтан-ұрпаққа белгілі даяр атаулармен атаймыз. Яғни еркін тіркес сияқты сөз атау ретінде сөйлеу кезінде, қарым-қатынас үстінде жасалмай, даяр қалпында жұмсалады.
Екінші, лексикалық бірлік ретінде сөз де фразеологизм тәрізді бір ұғымды білдіреді, яғни ұғымды білдіруі жағынан сөз бен фразеологизмнің арасында ұқсастық бар. Осы ұқсастық нәтижесінде фразеологизмдер лексикологиямен жакындасады. Мысалы: көзді ашып жұмғанша "тез, жылдам", су жүрек "қорқақ", ат үсті "үстірт, асығыс", ат ізін салмады "қашаспады", соқырға таяқ ұстатқандай "өте анық, айқын", мүйізі қарағайдай "мықты, жарамды", қара қылды қақ жарған "әділ", зықысы шықты "әбігерленді", жермен жексен етті "қырды, жойды" т.б. фразеологизмдер жеке сөздермен мағыналас болып, солардың ұғымында қолданылып тұр.
Сөйтіп, жоғары айтылғандардан фразеологизмдердің бір жағынан, еркін сөз тіркестерімен, екінші жағынан, сөзбен шектесіп жатқан екі жақты құбылыс екенін, екі жақтығын көреміз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   39




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет