Дипломдық ЖҰмыс «5В020500- «Филология»


Т.Әбдіков прозасындағы түс көру тәсілінің ерекшеліктері



бет10/12
Дата16.12.2022
өлшемі125,75 Kb.
#163032
түріДиплом
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
Байланысты:
stud.kz-92858

2.4 Т.Әбдіков прозасындағы түс көру тәсілінің ерекшеліктері
Қазақ прозасын зерттеп жүрген ғалым Г.Пірәлиева: «Жетпісінші жылдардың басы мен орта тұсында қазақ прозасында бір құбылыс әдеби жанрда бұрындары бола қоймаған тың көркемдік тәсілдер туа бастады. Мәселен, роман-монолог «Ақиқат пен аңыз» – Ә.Нұршайықов, әңгіме- түс көру «Оң қол» – Т.Әбдіков, повесть-новелла «Ақ ару-ана» – С.Санбаев және басқалар. Мұның бәрі қазақ сөз өнеріне өзіндік қолтаңбасымен, стильдік ерекшеліктерімен жаңаша леп әкелгендей еді", - деген пікір айтады. Расында да, Т.Әбдікұлы – қазақ әдебиетіне жаңа леп әкелген жазушы.
Әңгіме жазу – жүгі ауыр, өте қиын дүние. Он-он бес беттің ішіне мән-мағына өнеге, тәрбиенің барлығын қамту кез келген адамның қолынан келе бермес. Бұл жерде роман, поэма жазатындардың жұмысы оңай деуден аулақпыз. Әр жанрдың өз көтерер жүгі бар. Сонда да әңгіменің орны проза үшін ерекше.
Ж.Дәдебаевтың түске қатысты пікірі мынадай: «Қаламгер қай кейіпкерінің бейнесін жасамасын, ол сөзге сараң, автордың ішкі сезімін сездіре бермейтін салқынқанды. Кейіпкерлері тек өз табиғатына, дәрежесіне тән сөздерді сөйлеп оларды толғайды. Шағын әңгімеде шашырап жатқан ой, оңды-солды пайдаланған сөз жоқ. Әдеби шығармада кейіпкер болмысын кесектеп, ішкі жан сырын ашуда айрықша рөл атқаратын түс ішкі монолог ретінде көрініс тапқан. Әңгімені әсерлі етіп, оқиғаны қоюлатып отырған түс - автордың үлкен табысы» [36,77]. Түс – мифтің бір түрі. Саналы жаратылысқа тән қасиет болғандықтан, түс арқылы жазушы аз сөзге көп мән сыйдырады. Ж.Дәдебаевтың айтқан пікірі осыны меңзесе керек.
Т.Әбдіковтің «Оң қол» әңгімесінде бас кейіпкер Алма дейтін жас қыздың тағдыры баяндалады. Алманың басындағы жағдай медицинада бар ұғым. Ол медицина тілінде «тұлғаның екіге жарылуы» деп аталынса, әдебиеттануда ол «адам ішіндегі адам» деген тәсілмен көрініс табады. Қаламгер тұлғаның екіге жарылуын түсі арқылы бейнелеген. Негізінен бұл әңгімеде бақытсыз қыздың арғы аталарының бірі өзін-өзі өлтірмек болып, бірақ идея іске аспай қалған. Генетикалық кодқа жазылған өлім әңгімеде былай берілген: «Оң қол Алмаға тек қалың ұйқы құшағына енгенде шабуыл жасайды. Яғни өзіне қанша түсініксіз болғанмен, өзін-өзі өлтіру ниеті қыздың миында бар деген сөз. Бірақ ол ниет кімнің ниеті, қайдан келген. Алманың бүкіл өткен өмірін, мінез-құлқын, адамдармен қарым-қатынасын зерттей келіп, мұны өз басынан туған ниет деуге себеп таба алмадым. Бұл қалайда қанмен, тұқым қуалап келген ниет. Науқастың шешесі, иә әкесі, иә әкесінің әкесі бір кезде өзін-өзі өлтірмек болған. Енді олар әлдебір құпия заңдылықпен Алманың санасында тұрып, өзерін-өздері өлтіргілері келеді. Бірақ олардың өзері жоқ. Санасының иесі – қыз өлуге тиісті. Әлгі ниет қыздың организмі толық тыныштыққа енген кезде таңғажайып қатерлі рефлекс арқылы оянып, оң қолға сигнал береді. Ұстама үш-төрт күнде бір, кейде тіпті күн сайын болып тұрады. Алма үрей мен шала ұйқыдан мүлдемжүдеп кетті. Біз енді оң қолды кереуетке байлап тастайтын болдық. Бұл алғашқы кезде жақсы нәтиже берді. Алма бір аптадай тамаша ұйықтап жүрді. Бірақ оң қол басқа бір қулық ойлап тапты. Ол Алманың көзі ілінісімен байлаудан жұлқынып, дамылсыз ырғап, оята бастайды. Ұйқысыздықтан азап шеккен Алма галлюцинацияға ұшырады. Енді оң қолды байлаудан босатып, тек түнгі сағат үш пен бестің арасында бұрынғыша күзетіп отыратын болдық» [37, 327-328]. Алмаға шын адал ниетімен көмектескісі келген дәрігер жігіт, оның дертіне рухани көмек көрсетуді, оның жалғыздығын жойып серік болуды, тірек болуды көздейді. Шығармаға назар салсақ: «Дүниедегі ең қиын зат жалғыздық қой. Төңірегіңде іштегі қайғың мен қуанышыңды өзіңмен бөлісе алатын жан серік адамдар барда тірліктің де, өлімнің де бір мағынасы болуы хақ. Бұдан рас, өлімнің салмағы жеңілдеп кетпейді. Өлім қашан да қорқынышты. Бірақ сенің өлімнен қашып, тіршілікке ынтығуыңның өзі сол тіршіліктің мағынасы барын дәлелдейді. Ал жер бетінде бүкіл тіршілік атаулы жойылып, әлемде жалғыз қалған бір сәтіңді елестетіп көрші. Мұндайда өлім қорқынышты емес, керісінше, тірлігің қорқынышты болмақ. Алма бойындағы рухани жалғыздық та осыған ұқсас бірдеңе еді. Мен Алманың жалғыздықтан құлазыған көңіліне қалай да олай жалғыз қарасын болып енгім келді. Ойға алған мақсатыма берілгенім сонша, күн сайын түнгі кезекшілікті бір өзім атқарып жүрдім. Мен қатерлі ұстаманың қай мезгілде болатынын жақсы білетінмін, сондықтан дәл осы уақытта Алманың қасында болып, оң қолын бақылап, кейде тіпті тас қылып ұстап отыратынмын. Бірде ұйықтап жатқан Алманың жанында кітап оқып отырғанмын. Кенет төңіректе әлдебір қимылдың болғанын сездім де, басымды көтеріп алдым. Сол кезде мен оң қолдың кеуде бойымен алқымға қарай жылан секілді ақырын жылжып бара жатқанын көрдім. Бұл шынында да өте қорқынышты көрініс еді. Алманы оятып алмауға тырысып, барынша еппен қолды қыса ұстап, кереуетке бастым. Қол бір-екі жұлқынды да, қайтып қарсыласпады. Алма оянып кетті. Маған әлдекімді ажырата алмай отырғандай, түйіле қарап біраз жатты. Сосын жұп-жұмсақ алақанымен менің қолымды сипап жатып, қайтадан көзін жұмды. Бірақ көп ұзамай шошып оянды. Үрейлене шыңғырған Алманы әрең дегенде тоқтаттым.
- Не болды? Неге шошыдың?
- Түс көрдім, - деді ол дірілдеген үнмен.
- Қандай түс?..
- Қылғындырды... – деді даусы одан сайын дірілдеп.
Мен тіксініп қалдым. Егер оң қол түсінде қалғындыра бастаса, оған менің еш қайраным жоқ еді» [37, 329-330]. Оң қол енді басқаша қулыққа көшті. Өзінің мақсатын жүзеге асыра алмаған ол енді қыздың түсіне еніп, оны қылғындырып, үрейлендіре бастады. Оның бұл ауруына қолынан келгеннің бәрін жасауға дайын жігіттің еш шарасы жоқ еді. Тек қызды түнімен күзетіп, оң қол шабуыл жасар болса, оны ажырату ғана келер еді. Әңгіме соңына қарай жігіт бас дәрігерге қыздың оң қолының саусақтарын немесе толықтай алып тастауға ұсыныс жасайды. Әйтпесе, қыз өзін өлтіріп тынары кепілмін дейді. Иә, осы сөзді айтқанына жігіт өзін кінәлі сезінеді. Генетикалық ақпаратқа енген осы идея пәленбай ұрпақтан кейін қыздың жадында жаңғырып, ақыры жүзеге асып қыздың мерт болуымен аяқталады. Бұл әңгімедегі автор идеясы – жақсылық атаулымен қатар жүретін зұлымдық іс-әрекеттер мен жауыздықтың түп-тамыры, төркіні – ой мен соны іске асыратын қол. Жаман істің ойға келіп, бірақ іске аспаса да оның өзінен кейінгі болашағының генетикалық кодында сақталып, кесел болып жабысатынын автор осы әңгімесі арқылы жеткізіп отыр.
«Бассүйек» атты әңгімесінің желісі Хамит деген жас мүсінші-антропологтың мүсінді жасау кезіндегі ізденістері мен қиыншылықтары жайлы өрбиді. Хамитті атақты Герасимов сынды ғалым мақтап, оның дәрежесін өсірген болатын. Бірақ сол Хамит бүгін бір мүсін жасауда қатты қиналуда. Жасаған мүсініне достары жақсы баға бергенмен, халық бұл еңбекті мүлдем ұнатпайды. «Әсіресе, мүкіс құлағын қалқалап, түсінсін-түсінбесін қолын көлегейлеп қарап: «Қайдам, шырағым», - деп тұрған Мұқаш шалдың бейнесі көңілге қона кетті. Кенет қиқулана жымиып: - Мынау біздің милиция Оқап секілді екен, - деп болмаса: - Ал былтыр өлген әкесіне бухгалтер Ермек әшекейлеп күмбез орнатты көрдің бе? – деп, әлдекімдерді сықпырта боқтап отырған сахарға салып алғандай аппақ шалдың іші-тысы түгел танылғандай. Мүсінді ел көзіне - ортаға қойғанда күтпеген жағдай болды. Жиналған халық тас мүсінге аз-кем үнсіз қарап қалды да, артынша бәрі бірауыздан:
-... Жоқ, бұл Жаубөрі емес, Жаубөрі мұндай болуға тиісті емес, - деп шу ете қалды.
Хамит алғашында бұған қысыла қоймаған.
-Мен мұны тек антропологиялық өлшемдер мен математикалық дәлдікке сүйеніп жасадым, - деп дәлелдеді ол отырған жұртқа. – Мен көркемөнер мүсіншісі емеспін. Мен мүсінші-антропологпын. Сондықтан Жаубөрінің образын емес, антропологиялық пішінін ғана сақтауды мақсат еттім.
- Ұзын бойлы, көзілдірікті арық жігіт түрегеліп, Хамитқа тесіле қарады.
-Егер жирафтың мойнының ұзындығын алып тастаса, ол жираф болар ма еді? – деді көзін аудармай.
-Әрине, болмайды.
-Ендеше Жаубөрінің кескініндегі батырлықты алып тастаса, ол да Жаубөрі болмайды. Сізде солбырайған ауыз, мұрыннан басқа түк жоқ.
-Жоқ, мен антро... – деп Хамит бірдеңені дәлелдемек болса да, санасының түкпірінде өзінің бірдеңеге түсініп қалғанын сезе кетті.
Тіпті қайдағы бір студенттің:
-Батырдың қабағы төмен салбырамайды, шаншылып тік тұруға тиісті, - деген сөзінің де біртүрлі жаны бар секілді" [37, 318].Хамит сәтсіздігінен кейін бассүйекті апарып орнына қоймақ боп жүргенде, Жаубөріні түсінде көріп, бұл апарып тастау ойынан айниды. «Шым шытырық түс көрді.
Түсінде Индия ма, Африка ма, әйтеуір сыңсыған қалың орманның арасында жүр екен. Пальма ағаштарының басында маймылдар бір-біріне жаңғақ лақтырып ойнап жүр. Көздерінің қиығымен ымдап, Хамитті көрсетіп қояды. Хамит жіңішке соқпақпен ашық алаңға шыққанда төбесі көкке тірелген шағаладай аппақ, зәулім үйді көрді. Күн көзіне шағылысып, жалт-жұлт етеді.
«Япыр-ау, бұл қайдағы шаһар. Бұл жыныс орманда аңдар дүниесінен басқа ештеңе жоқ дейтіні қайда?"
Үй төбесінен бір жіңішке мұнара шығады. Мұнараның ұшар басында жерге секірердей екі қолын жайған Жаубөрінің ескерткіші төніп тұр. Ол да шағаладай аппақ. Шоқша сақалы бар, орақ мұрын. Көздері жылт-жылт етеді.
Осынау ғажайып көрініске есі шыға қайран қалған Хамит өне бойын бір беймағлұм сезім билеп, өксіп жылап жатыр.
–Неге жылайсың? – деп ақырады біреу ту сыртынан.
Жалт қараса, ертедегі рим әскерлерінше киініп, қолына қалқан ұстаған Жаубөрі екен. Шауып тастардай қылышын кезеп, тақап келеді.
– Неге жылайсың, иттің күшігі?
– Мынандай қиял жетпейтін ғажайып ұлылықтың бар екеніне қуанып жылаймын, тақсыр ием. Басқа ешқандай ойым жоқ, тақсыр ием, - деп Хамит жалбарынып, аяғына жығылады.
– Сен жылама, - дейді батыр, - саған мен бір құпия сыр айтайын. Мені жұрт орыстардың қолынан өлген деп жүр. Олай емес. Мені өлтірген – өз серілерімнің біреуі. Сен соны ізде. Сөйт, - дейді арқасынан қағып» [37, 321-322].
Кейіпкер де автордың өзі сияқты жоғары оқу орнын бітіріп, таңдаған мамандығының біршама мол мағлұмат алып, енді сол іштей жинақталған дайындықтарымен өз бетінше творчествалық еңбекке алғаш бой бұрған тұсы болуы керек. «Өзгені танығың келсе, өз ішіңе үңіл, өзіңді білгің келсе, басқаларды бақыла» деген Ә.Науаи сөздерін тілге тиек еткен. Түптеп келгенде, бұл өзін-өзі тану – өзін-өзі жазу. Яғни, мұнда автор кейіпкерінің жан дүниесін, сезім құбылыстарын үнемі іштей кеулеп, қадағалап, соны ашып көрсетеді.
Әңгімедегі бас кейіпкер Хамиттің жасаған атақты Жаубөрі батырдың мүсінінің сәтсіз шығуы, оны қарапайым халықтың қабылдамауы ойға қалдырады. Яғни туындының сәтті-сәтсіздігі мүсіншінің ішкі рухани байлығына байланысты екенін, мәселен Жаубөріні жасау қажет болса, алдымен Жаубөрінің тарихтағы алатын орнын, халқына қадірін, өмірін жақсылап зерттеу керек екенін, сонда ғана бірдеңе шығаруға болатынын ұғынады. Ойға алған ісін іске асырмақ болып, арнайы командировка алып, Ошақтыда тұратын Жаубөрінің руы «серілерге» барып, батырдың жүзін көріп қалған адам жоқ па деп сұрастырады. Ақыры тоқсан жетіге келген Мұқаш шал көрген екен деген сыбыс естіп, кездеспек болады. Бірақ қария Жаубөріні көрмедім, бірақ отырғанда адам бетіне тіктеп қарай алмайтын, жүзі суық болыпты деп шектеледі. Бұдан да түк шықпаған Хамит бір жыл маңдай терін сіңірген мүсінді қиратып тынады.
Осындай ой арпалысында, тоқырауда жүрген мүсіншінің түсіне Жаубөрі енеді. Түсінде Жаубөрінің алып мүсінін көреді. Шағаладай аппақ, шоқша сақалы, орақ мұрны бар. Хамит жылап жатыр еді, неге жылайсың деген дауыстан шошып кетті де, артына бұрылса рим әскерлерінше киінген Жаубөрінің өзін көреді. Ол Хамитке басу айтып, өз құпиясымен бөліседі. Өзін өлтірген қасындағы серілерінің біреуі екенін, соны іздеуді Хамитке тапсырады. Яғни бұл түс арқылы Хамитті ізденімпаздыққа шақырады. Әлемге әйгілі небір өнер туындылары еңбекқорлықтың, ізденімпаздықтың, асқан парасаттылықтыңарқасында ғана өмірге келмек дегенді меңзейді.
Жаубөрі батырдың мүсініне қайтып оралмайтынын білген Хамит бас сүйекті қайтадан қабіріне апарып көмуді жөн санайды. Ауа райының қолайсыздығынан Ошақтыдағы Мұқаш шалдың үйіне ат басын бұруға тура келеді. Ол үйде қонақ бола отырып Жаубөрінің «Жауға шабар» күйін, Мұқаш қарттан батырдың ерліктері жайында ұзақ әңгімелерді естіп ойға қалады. Мұқаш қарт: «Жаубөрі соңғы жорыққа шыққанда ағайындарын жинап алып айтқан екен: «Қалың қазақ тіріде қадірімді білмеп еді, өлген соң басыма күмбез орнатпаңдар» деп. Жарықтық, білген ғой осылай боларын. Бірақ солардың аруағын мұрат қып көтермеген адам қайда барып сұлтан болар дейсің... Әлі күнге қабірі Қалмаққырғандағы жалғыз төбеде шөп басып, иесіз жатыр. Ал былтыр өлген әкесіне бухгалтер Ермек әшекейлеп, күмбез орнатты. Көрдің бе?!» [37, 324]. Қартты ерлікке толы өмірі бар батырдың басына ескерткіш қойылмауы қынжылтады. Осы әңгімелерді естіген Хамит ойға шомды. Ертесіне қабір басына барады. «Қабірді ашу қиынға түскен жоқ. Жұмысшылар бір жарым метрдей тереңдікке жеткенде, Хамит өзге сүйектерді қорапқа салған күйінде қабірге түсірді де, бас сүйекті өзіне алып қалды. Өткен жолғыдай үйіріп, айналдырған жоқ. Сәби көтергендей қолы қалтырап, қаймыға ұстап, машинаға қарай жүрді. «Менің тұрғызған күмбезім енді осы болсын» деді ішінен күбірлеп. Әлдебір іске тас бекінген түрі бар»[37, 324]. Бұл әңгімеде түстің атқарар ролі өте зор. Жаубөрі батыр Хамиттің түсіне еніп, аян бергендей болды. Оның жұмысының алға басуына септігін тигізіп, көмек берді. Хамит бұл түске мән бермесе де, оның өміріне үлкен өзгеріс алып келгені сөзсіз еді. Бас кейіпкер үлкен бір іске бекінді. Өзінің осынша тарихтан бейхабар екеніне өкінді. Жазушы түстің құдіретін осылайша жеткізеді.
Т.Әбдіковтің түс көру тәсілін ерекше қырынан танытатын келесі шығармасы «Тозақ оттары жымыңдайды» повесі. Бұл шығармада араку тайпасының өмір сүрген кезеңі, өмір-тіршілігі баяндалады. Сол тайпадан қалған жалғыз тұяқ Киякудың тағдыры сөз етіледі. Киякудың бала күнінде көрген түсіне назар аударсақ: «Түсінде үйлену кәдесі қайта басталыпты. Жұрт улап-шулап, Сариге тағы да қолғап кигізіп жатыр. Кигізіп жатып бақсы: «Кисең болды, ештеңе демесең де рұқсат етеміз», - деп сыбырлап жатқанға ұқсайды. Осы кезде жұрт оттың басынан тұра қашады. Қолғап ішіндегі құмырсқалар Сариді шағып өлтіріпті. Шешесі шашын жайып, оттың басында жылап жатыр. Енді бірде қаптаған құмырсқалар бүкіл елді қуып жүр екен. Кенет Кумбаны талап жатқан құмырсқаларды көреді. Жүгіріп келіп, қолын ұсынады. Құмырсқалар Кумбаны тастай салып, оның қолына жабылады. Талап жатыр. Қолы ауырмайтын секілді. Тек домбығып, мұздап, үлкейіп барады. Кумбаға қарап, күліп қояды. «Ештеңе жоқ, күлуге болады екен ғой» деп ойлайды ішінен. «Жоқ, болмайды, саған болмайды» дейді бақсы бұған жүгіріп келіп. «Неге болмайды?» дейді Кияку кемсеңдеп. Кияку кемсеңдеп жатып оянып кетті» [38, 161]. Бұл ағасы Саридің жігіттер өз күштерін, өнерлерін көрсететін, үйлену кәдесін жасар кезіндегі ағасының күлкіге айналуы жанына батып, лашығына жылап келіп көзі ілініп кеткен кездегі көрген түсі еді. Бала көңілінің ағасына жаны ашуы, оған күлгендерге деген ашуы, наразылығы оның бойындағы жақсы қасиеттерін байқатады. Түсінде жанашыр бауырларына төнген қауіп алдағы оқыс жағдайдан хабар бергендей. Көсемнің қызы Кумбаны құмырсқалардың талап жатуы, оған Киякудың көмектесуі бала қиялдың болашақта іске асыратын, іске асырғысы келетін ерлік істеріне деген ұмтылыс секілді.
Шығарма соңында өз тайпасынан қалған жалғыз адамды таптым-ау дегенде, оның белгілі бір аурудан қайтыс болуы Киякудың яғни әйгілі дәрігер Эдуард Бейкердің жігері құм болған еді. «Бұл қалай?..» - дей берді доктор қолдары қалтырап.
Бағанағы өлшеусіз бақыт, үміт, қуаныш су сепкендей басылып, арқанмен құзға салбыраған адамның қолынан соңғы түйін шығып бара жатқан сәтіндей қатерлі үрей өне-бойын билеп барады. Ол тіпті әлдеқашан ұмыт болған, сонау балалық шағында алғаш тәуіптік сапарға аттанардағы әкесінің үйреткен емін де есіне түсірмек болып тырысты. Ақыры өзі ешқашан да көңіл аударып көрмеген, өзі одан гөрі мәндірек, күрделірек кеселге лайық көргендіктен, қажет қылмаған мынау беймәлім дертке әлемді дүркіреткен ғажайып данышпандығының да қажеті жоғын, бұған тек Ресифиде тұратын қатардағы дәрігердің ғана қажет екенін анық түсінді. Ол өзінің хал үстінде жатқан ауру шешесіне аптекадан тиісті дәрінің орнына мүлде қажеті жоқ, басқа, қымбат дәрілер алып келіп тұрған ақылсыз баланың күйіндей бір күйге түсті.
«Қазір аракуды сақтап қалу бір де бір көсемнің, бірде бір батырдың қолынан келмейді. Тек біздің қолымыздан келеді. Тек біз ғана сақтап қала алуымыз мүмкін» - деп еді әкесі.
Доктор жан-тәнімен беріліп, сол суреттерді тірілтіп, көз алдына әкелгісі келді. Әкесінің бет-пішіні бұлдырап, тақап келіп: «Ант бер, ант бер деймін!», - деп тұрған секілді. Мен араку тайпасынан шыққан ұлы Чоро баласы Кияку... – Доктор ақылынан алжасқандай өз-өзінен күбірлеп сөйлей берді.
Түн ортасы ауа араку тайпасынан қалған жалғыз индеец доктор Бейкердің алдында біржола көз жұмды.
-Бітті, бәрі де бітті... – дей берді доктор өліктің мұздай қолын тас қып ұстаған күйі. – Енді ешқандай мағына қалған жоқ... Түк қалған жоқ...Ең соңғы араку өлді... Бітті... Бәрі де бітті... бітті...
Бірақ ол араку тайпасының ең соңғы адамы өзі екенін аңғармады. Ол тіпті өзін адам қатарына санаған жоқ»[38, 201-201]. Аты әлемге танылған әйгілі доктор болса да, сол сәтте өз тайпасынан шыққан жалғыз адамды қатерлі аурудан, өлімнен арашалап қала алмады. Сонымен бәрі бітті, араку тайпасы бұл өмірден жойылды деп ойлады. Тіпті сол тайпадан шыққан өзін де адам қатарына, сол тайпаның соңғы жұрнағымын деп те ойламады, адам қатарына қоспады. Себебі, әкесінің жолын жалғап, адамдарға өмір сыйлағанымен, өз тегі араку тайпасын сақтап қала алмады. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген мақалдың түсінігін меңзейтіндей.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет