Қорытынды
Ірі талант иелерінің туындыларында мойындалып, әлемдік әдебиетте кеңінен қолданыла бастаған түс көру тәсілінің өзге әдеби тәсілдерге қарағанда көркемдік қуаты, көркемдік кеңістігі мен мүмкіндігі мол, кейіпкер психологиясын бейнелеуде спецификалық кең ауқымдылығы, мағыналық, эстетикалық, философиялық, психологиялық, символдық міндет-қызметі мен атқарар рөлі зор екендігі күмәнсіз.
Көркем әдебиеттегі түс көру, психологиялық талдау, кейіпкердің ішкі өміріне енудегі таптырмас бейнелеу құралы ғана емес, көркемдік-философиялық тұрғыдан өмірді тану, таразылау ретінде де қолданылады.
Түс көру арқылы поэтикалық тіл, нышандар мен құпия-белгілер, символдар, сезімнің бұлыңғыр сәттері, жарым-жартылай есті-ессіз күйлері, о дүние мен бұ дүние арасындағы не тірі емес, не өлі емес есалаң, түсініксіз екі әлем сезімдері сәтті суреттеледі.
Түс – көркем шығармада шартты нәрсе. Алайда ол шарттылық кейіпкердің характерлік және шығарманың жалпы мазмұн-мәнінің логикасына, сюжеттік стерженіне қайшы келмейді.
Негізі, бір қарағанда түс кейіпкер үшін кенет пайда болған сияқты, ал іс жүзінде ол міндетті түрде шығарманың көркемдік жаратылысынан табиғи түрде туындап, жасалған характерлердің ішкі логикасымен, сюжеттік механизмімен т.с. етене қабысып, сабақтасып жатады. Түс шығарманың негізгі ой-толғамын, мазмұнын тікелей немесе жанама түрде бейнелейді. Мұның өзі түс көру тәсілінің әдебиеттегі өзге әдеби құралдардан өзгешелігін, теңеуге келмейтін көркемдік көпқырлылығын танытады. Түске енген өмір кәдімгі өмірді ығыстырып, оны жаңаша түсініп және жаңаша бағалауға мәжбүр ететіндігі бұл тәсілдің адам тағдырын түбірінен өзгертудің, кейіпкер психологиясын терең ашудың таптырмайтын көркемдік кеңістігінің кілті екендігін дәлелдесе керек.
Ғасырлар бойы рухани санамыздың сызылмай, керісінше уақыт өте келе көркемдігі мен мазмұн-мәні, жанрлық, түрлік, стильдік, көркемдік ерекшеліктері айқындалып, байытылған, жаңартылған түс көру тәсілі М.Әуезов, Ж.Аймауытов, Ә.Кекілбаев, Ә.Нұрпейісов, О.Бөкей, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Т.Әбдіков т.б. секілді жазушылардың шығармаларында шеберлік шыңына жетіп, өз өрнегін сала білді. Қалай дегенде де өнер тәңірлерін ерекше тамсандырып, өзіне ынтықтыра түскен түс көру тәсілі өзінің таңғажайыптығымен, адам санасындағы психикалық сәттерді зергерлердей өте бір ұсақ өрнектермен әшекейлей білетін ерекшеліктерімен, астарлы ойды мың құбылтып жеткізе білетін спецификалық даралығымен, уақыт пен кеңістік категорияларына кең жол ашатындығымен, автордың ой-қиялын қалай құбылтамын, ойды қалай ойнатамын десе де еркіне көне беретін көркемдік қызметінің шексіздігімен, кеңдігімен, еркіндігімен, икемдігімен еріксіз назар аудартады.
Тарихи-әдеби және теориялық тұрғыдан түсті зерттеу, көркем шығармаларда қолданылған түс көру тәсілін талдау барысында көз жеткізер бір нәрсе – ауыз әдебиетінен бастап бүгінгі прозаға дейін түс көру тәсілі қолданылмаған бірде-бір әдеби туындыны кездестіру қиын. Осы аралықтағы шығармаларда түс бірде сарын, бірде көркемдік тәсіл ретінде кейіпкердің іс-әрекетін психологиялық тұрғыдан нанымды ету үшін, сондай-ақ әр кезеңнің өзіндік дүние танымына, көркемдік ойлау жүйесінің дүние тану дәрежесіне орай кейіпкерге фантастикалық, мистикалық, лирикалық, комедиялық немесе гротестік эффекті, акцент беруде оның көркемдік қызметін күшейту үшін қолданылған.
Көркем шығармада түс кейіпкердің іс-әрекетін психологиялық тұрғыдан нанымды әрі дәл беру үшін, әр кезеңнің өзіндік дүние танымына орай фантастикалық, мистикалық, лирикалық, комедиялық немесе гротестік эффекті, акцент береді. Жалпы түс көру тәсілі құпия қалтарысы мол ішкі жан дүниеге тереңдей еніп, кейіпкердің күрделі де жұмбақ табиғатын ашудағы, оқиға шешімін табудағы, жазушы шеберлігін танытудағы тиімді тәсіл.
Түс көрудің қосалқы компоненттері сандырақтау, елес, елестету, есеңгіреу, шатасу, галлюцинация, т.б. өң мен түс, өмір мен өлім аралығындағы жан азабын, шекаралық шақты бейнелейді.
Достарыңызбен бөлісу: |