Қалмаққырылған
Қалмаққырылған XVI ғасырда қазақ пен қалмақ жиі соғысқан екен. Содан Ақшимен тауының бергі жағында қалмақтар мен қазақтар, екі жұмадай ма, одан да көп уақыт па соғысады. Бір күні қалмақтар тау үстіне шығып, ағашты айналдырып белгі береді. Онысы екі жақ та демаламыз дегені. Содан бір күні таудың үстінен қара құс ұшады. Оны қалмақтар бүгін қазақ соғысады дегенге болжайды. Түні бойы ұйықтамай, соғысқа дайындалады. Ертеңгісінде соғыс басталып кетеді. Қазақ пен қалмақ бір-біріне тойтарыс бере алмайды.
Ақшимен таулары дөңгелене орналасқан. Ортасында 500 әскер сиярлықтай орын бар екен. Күн батыс жағынан ғана кіретін жол бар. Сол орында қалмақтың бес жүз қолы орналасыпты. Сол тауларды Малайсары батыр басқарған қазақтың қолы қоршап алып, қалмақтарды ешқайда қатынастырмай қояды. Қалмақтар таудың ішінде аштан қырылып өледі. «Қалмаққырылған» деп аталуы осыдан екен.
Үйгентас.
Талдықорған облысында Андреев ауданында «Үйген тас» жайлауы бар. Бұл таулардың былай аталу себебі: қазақ жеріне жоңғар шапқыншылығы кезінде, қалмақ әскерлері бір-бір тастан әкеліп үйген. Әскер санының көптігі сонша, үйілген тас тауға айналған. Соғыстан жеңілген қалмақ әскерінің тірі қалған адамдары, кері қайтқанда әрқайсысы бір-бір тастан ала кеткен. Қырылған адамның көптігі сонша, тау бастапқы қалпынан сәл ғана кішірейген. Содан «Үйген тас» атауы пайда болған.
Осы жоғарыда келтірілген топонимикалық аңыздарда тарихи, этномәдени ақиқаттың үзігі жатыр. Өткен тарихи кезеңдердің этнос өмірінде орын алған тарихи, этномәдени ақиқаттардың тілдік, мәтіндік бейнелері сөзде, мәтінде, суретте, оюда, бұйымда т.б. көптеген артефактілерде қалады. Осындай ментальді құрылымдардан тарихи, этникалық таным қалыптасады, тарихи жадқа еніп сақталады. Дүниенің тілдік бейнесі этностың ғасырлар бойы жинақтаған өмір тәжірибесі ретінде тарихи жадта есте сақталуы тиіс, себебі ұрпақаралық байланыс, рухани жалғастық онсыз өзінің болмысын, қызметін атқара алмайды. Осы тұжырымдамамыздың тұрғысынан қарайтын болсақ, топонимикалық аңыздардың кумулятивтік, яғни когнитивтік қызметі елеулі деп айтуымызға болады.
Ономастикалық мәтіндерді, соның ішінде топонимикалық аңыздарды, когнитивтік таңбалар жүйесі деп те қарастыруымызға болады. Жоғарыда келтірілген топонимикалық аңыздарда тек топонимикалық концептілер ғана емес, солармен қоса басқа бірнеше этномәдени, тарихи мазмұндағы концептілер бар. Сол концептілердің кешенді жиынтығы негізінде ғана дүниенің тілдік бейнесі жасалады. Әрине «ақиқат дүниенің бейнесі» (концептуалды бейне) және «дүниенің тілдік бейнесі» өзара сәйкес келмейді, себебі дүниенің тілдік бейнесі концептуалды бейненің тек тілдік көрінісі ғана болып табылады және оның фрагментті бөліктері, бейнелері түрлі тілдік мәтіндер арқылы да берілуі мүмкін. Концептілік құрылымдар тілдік бірліктер, тілдік мәтіндер арқылы объективтенеді, яғни вербалданады.
Топонимикалық аңыздардың екінші түрінде нақтылай тарихи ақиқат сыр шертпегенімен, этномәдени мазмұнды ақиқат сыр береді. Мәселен, Жорғабел жер атына байланысты аңызда тарихи шындыққа жақын оқиғалар баяндалған, ал құлан қамалдары, құлан қорықтары жөніндегі деректер ортағасырлық өмір шындығына жанасатын оқиғалар арқылы өрбиді.
«Баяғыда Ақтөбе деген шаһарда Махмұт деген хан билік жасап тұрыпты. Оның Жинар атты әйелі болыпты. Бір күні әйелі күйеуіне назданып: «Маған құланның еркегі мен ұрғашысын ұстатып, сыйға тартшы», - депті.
Махмұт хан құба жоннан бір еркек, бір ұрғашы екі құланды ұстатып, оларды жан-жағын қоршап, арнайылаған жерге жіберіп, әйелінің өтінішін орындапты. Бұл құландарды бір уәзір күтіп-бағатын болыпты, ал құландар қамауға жайылған жері «құлан қорық» деп аталыпты.
Қамаудағы құландар төлденіп, олардың саны көбейіп, қорыққа сыймай, бір күні дуалды үш жерден бұзып, құба жонға қашып кетіпті. Қорықшы Тулаға құлан үйірін тоқтата алмаған соң «Құландар қашып кетті, оларды ұстау мүмкін емес», - деп Махмұт ханға хабар береді. Хабарды естісімен Махмұт Байбаш деген жорғасына міне салып, бірнеше жігітпен құландардың артынан кетеді.
Бір кезеңнің үстінде құланға жетіп қалған Байбаш жорға болдырып құлайды да, зорығып өледі. Құландар сол бойда қашып кетеді. Ал, Махмұт ханның Байбаш жорғасы өлген кезең содан кейін «Жорғабел» атаныпты».
Топонимикалық аңыздарда вербалдік көріністі сипаттаған ономастикалық концептілер ұлттық ентаңбалы (этномаркерлі) болып келеді. Дүниенің ақиқат болмысы адам санасында этникалық бояусыз «фотографиялық» қалпында таңбаланбайды, міндетті түрде дүниенің бейнесі адамның когнитивтік өрісінде этномазмұнды етіп беріледі және көрсетіледі. Осындай заңдылық топонимикалық аңыздардың когнитивтік құрылымдарында да байқалады. Мысалы, «Қарағанды» атты топонимикалық аңыздың мазмұнды көрінісі этникалық, ұлттық бояуы бар нақыштармен өрнектелген.
Қарағанды
Баяғыда бір бай болыпты. Оның өзге малына қарағанда ұсақ тұяғы көп екен. Ішіндегі бір қара қойды қасиетті деп, отар-отар малының берекесі деп атайды екен. Бір күні мал өрістен қайтқанда, қора қойдың жоқ екені анықталады. Әккі қойшылар байға қойдың далада қоздап қалуы мүмкін екенін жеткізеді. Байдың жігіттері кешқұрым мезгілде отар жайылған орындарды сүзіп шығуға аттанады. Шамалы уақыттың ішінде қас қарайып кетеді. Ай сәулесінің жарығымен қарайып көрінген нәрселердің қайсысына барса да, барлығы қараған болып шыға береді. Әбден шаршаған жігіттердің бірі: «Қайда барсаң қараған, бұл өзі қарағанды жер екен», - деп кейіс білдіріпті. Сонан осы жердің аты Қарағанды атанып кетіпті [23, 107 б.].
Кейбір топонимикалық аңыздар прецедентті мәтіндерге жатады, себебі оның мазмұны жұртшылыққа кеңінен танымал болып келеді. Ал сол прецедентті топонимикалық мәтіндердегі кейіпкерлер есімдері, жер-су аттары ономастикалық прецедентті феномендерге жатады. Сөзіміз дәлелді болу үшін «Баянауыл» атты топонимкалық аңызды келтірейік.
Баянауыл
Бұрынғы өткен заманда байлығы мен аты әлемге жайылған Қарабай деген бай болыпты. Оның ай десе аузы, күн десе көзі бар Баян деген сұлу қызы болған екен. Әсемдігі, көріктілігі, алты алашқа толық тараған Баянды айттырып алғысы келетіндердің саны күн санап көбейе түскен екен. Бірақ Баян күйеу болғысы келген жігіттерді менсінбей, қайтара беріпті. Абыр-сабырдан мазасы кеткен Қарабай осындай істі өткізудің басқаша жолын қарастырады. Сөйтіп өзінің Аякөзден Түменге дейінгі аралықты алып жатқан жайлауының орта тұсы деп, тамаша жер жаннаты тәрізді өлкеге Баянның ауылын қоныстандырады. Сөйтіп енді келушілер осы ауылға келіп, атбасын тірейтін болған. Күнде ойын-сауық, қызық думан өткізіліп тұрыпты. Баянды көргісі келген бозбала жігіттер сол ауылды сұрастырып іздегенде «Баянның ауылы қайда? Баян ауыл қайда?» - деп сұрастырыпты. Сөйтіп, осы бір табиғаты көркем өлке «Баянауыл» атанып кетіпті [24,108 б.].
Қазақ ономастикалық концептілерінің мәтіндік вербалданған түрлері өте көп, солардың барлығы кешегі қазақ халқының когнитивтік өрісінде, тілдік санасында, тарихи жадында сақтаулы болған. Қасиетті де киелі «атамекен» ұғымына қатысты ой-толғауын Қашаған Күржіманұлы былай деп жыр еткен екен:
Жауларын жасқай ұрысып, Біртіндеп төмен жылысып, Үдере қазақ көшкенде, Үйсін, Дулат – Ұлы жүз, Мұнарланған тау бойы, Қаптата малын салған жер. Арғын, Қыпшақ, Жаппастар, Орта жерде Сыр бойы, Өзінің қалап қалған жер. Саланың бойы салқын деп, Күнелтсін ұрпақ, халқым деп Арқаның кең даласын, Жайлады қазақ баласы.
Сырдан төмен кең қоныс – Еділ, Жайық, Жем, Сағыз, Елек, Қобда саласын, Мекенденіп кетіпті, Кіші жүздің баласы.
Темірдің басы құба бел, Сол жақта қалды бөлініп, Еділдің басы – Мыңтөбе, Жайықтың басы – Орал тау, Електің басы – Есембай, Қобданың басы – Шоңмүрын, Жемнің басы – Мұғалжар, Қонысқа солай тараған. Елдің көбі қалды бер жақта, Азы өтті ар жаққа, Нарынның анау бойына, Ішкі ордаға – хан жаққа. Бұл қонысқа келгелі, Билердің жиып құралын, Әбілқайыр, Нұралы, Бөкей мен Жәңгір хан болған. Халықтың басы даң болған [25, 268 б.].
Қашаған Күржіманұлының осы жыр жолдарында қазақ халқының ұлан байтақ жерінде арыс, ұлыс, ру – ел болып қоныстанған кешегі өмірінің елестері берілген. Ел өмірі әрқашанда жер өмірімен, кеңістікпен, мидай дала, тау, өзен, сай-саламен тығыз байланыста, ажырамастай тұтастықта өткен.
Түрлі (антропонимиялық, топонимиялық, зоонимиялық, мифонимиялық т.б.) ономастикалық концептілердің тілдік мәтіндердегі вербалдануы (көрінісі) фольклорлық (соның ішінде эпостық, мифтік, топонимикалық аңыз, ертегілік т.б.) мәтіндер, көркем әдебиет мәтіндері (прозалық, поэзиялық шығармалар), ресми құжаттар тілі мәтіндері негізінде байқалады. Осы бағытта жүргізілетін ғылыми жүмыстардың көтерер жүгі мол, себебі бұл салада ізденістер әлі күні бүгінге дейін басталған жоқ деп айтуымызға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |