Таулар күйіп, тас жанған Алты жасар баланың Елпеңдеген зарына [20, 23 б.].
Ал бесіктегі Қобыландының сол кезіндегі өзгеше даралығы шешесінің сөзімен былай сипатталады:
Қабырғам жездей қайысқан Көтергенде бесікті [20, 68 б.].
«Алпамыс батырда» эпикалық батырды әлі туылмаған кезінде-ақ былай дәріптейді:
Атса мылтық өтпейді,
Шапса қылыш кеспейді [21, 231 б].
Он жасқа толған Алпамыс ойнап балаларды ұрса, олар өліп қала берген. Жылқы таңдауға барған Алпамыс Байшұбарды:
Ашуланып Алпамыс Құйрықтан ұстап лақтырды... [21, 242 б.].
Ал Қобыландының даусының өзі-ақ қалың жауды «қамыстай жапырады»:
Даусы жерді жарады,
Ертеңгі дауысы батырдың
Айшылық жерді алады [20, 192 б.].
Эпикалық батырлардың ашуы да, қаруы да, тұлпарларының шабысы да гиперболалық түрде суреттелген. Мысалы, Қобыланды батырдың ашуы былай сипатталады:
Қабағынан қар жауып, Кірпігіне мұз тоңып... [20, 48 б.].
Қобыландының алтын шар болат балдағы:
Қынаптан шықса қылт еткен, Тасқа салса лып еткен, Шүберектей қуырған, Қайтпасын деп тау-тастан Заһарға салып суарған, Балдағы алтын шар болат... [20, 66-67 б.].
Ал Алпамысқа қарсы жекпе-жекке шыққан Таймастың қаруы да гипербола түрінде суреттеледі:
Қолындағы күрдісі, Отыз батпан алмас ед. Қаһарланып сілтесе, Тау болса да қалмас ед [21, 76 б.].
Батырдың батырлық бейнесін сомдайтын ерекше қасиеттерінің бірі – оның тұлпары. Тұлпардың өзі, түр-сипаты, шабысына дейін ғажайып, гиперболалық түрде сипатталуы – ономастикалық (антропонимиялық, зоонимиялық) концептілердің эпос мәтіндерінде вербалдануының бір көрінісі деп те есептеуге болады. «Қобыланды батыр» жырында Тайбурыл бес жүз құлаш жазылып, асқар тау, айдын көл, мидай шөлдерден бір-ақ қарғып өтіп, кете береді:
Сонда Бурыл гуледі,
Табаны жерге тимеді.
Көлденең жатқан көк тасты
Тіктеп тиген тұяғы
Саз балшықтай иледі... [20, 76 б.].
Ер Тарғынның Тарлан аты айшылық жолды алты аттайды:
Көк айыл болып көпірсе,
Айшылықты алты аттауға ойлаған [21, 39 б.].
Жоғарыда келтірілген мысалдардан байқап отырғанымыздай эпикалық батырдың көркемдік және ментальді-когнитивтік бейнесін сомдап, суреттеуде поэтикалық тәсілдер, тілдік қолданыстар маңызды рөл атқарады және сол тілдік, көркемсөздік қолданыстар белгілі бір ономастикалық концептілердің мәтіндегі вербалдануы, тілдік (көркем сөйлеу тіліндегі) көріністері де болып келеді.
Ономастикалық концептілердің вербалдануы жеке сөз (антропоним, топоним, космоним, зооним т.б.) арқылы да іске асырылады және мәтін арқылы тілдік проекцияланған көрінісін береді. Ономастикалық концептінің мәтіндегі тілдік көрінісі дискурс ретінде қабылданады. Дискурста адамның таным моделі таңбаланса, сол таным моделінде жалқы есім маңызды және шешуші рөл атқарады. Осы маңызды рөл арқылы жалқы есімдер мәтін түзуші қызметін атқарады. Жалқы есімнің осындай когнитивтік сипаттары әсіресе тарихи және топонимикалық аңыз мәтіндерінде айқын байқалады.
Қазақ аңыздары тарихи және топонимикалық деп екіге бөлінеді [22, 25 б.]. Аңыздың осы екі түрінде де антропонимикалық және топонимикалық концептілер өздерінің когнитивтік семантикасын аңыздық мәтінде көрсеткен, яғни вербалданған, тілдік көрінісін берген. Жоғарыда атап өткендей тарихи және топонимикалық аңыздардың семантикалық және мәтіндік темірқазығы, орталықтары, түп өзектері топоним немесе антропоним болып келеді. Сол себепті С.Қасқабасовтың шартты түрде бірнеше топтарға бөлген тарихи аңыздардан (аңыздардың әр тобында) ономастикалық концептіні құрушы және мәтін түзуші тарихи антропонимдерді төмендегіше көрсетуге болады: Оғыз-қыпшақ заманынан елес беретін аңыздарда – Қорқыт, Ахмет Яссауи, Арыстан Алып т.б.; моңғол шапқыншылығы мен Алтын Орда кезіндегі оқиғалар жайындағы аңыздарда – Шынғысхан, Жошы, Тоқтамыс, Темір (Ақсақ Темір) т.б.; қазақ хандығы тұсындағы оқиғалар мен қайраткерлер туралы аңыздарда – Жәнібек, Асан қайғы, Жиренше т.б.; XVIII-XIX ғ. ұлт-азаттық көтеріліске байланысты туған аңыздарда – Сырым,, Исатай, Махамбет, Жанқожа т.б.
Осы тарихи антропонимдердің ономастикалық концептілерінің ментальді-когнитивтік мазмұны тарихи аңыздарда және олардан тыс мәтіндерде, санада, тарихи жадта сақталған, жинақталған деп айтуымызға болады. Сол ономастикалық концептілердің этномәдени, тарихи мазмұнын ашу, ғылыми тұрғыдан сипаттап беру когнитивтік ономастиканың негізгі мақсаттары мен міндеттері болып саналады.
Топонимикалық концептілердің мәтін түрінде вербалдануы топонимикалық аңыздар арқылы тілдік өз көрінісін бере отырып іске асады. «Қазақтың топонимикалық аңыздары екі түрлі болып келеді. Бірі – тарихи оқиғамен, дәлірек айтсақ қалмақтар мен қоқандықтарға қарсы соғыстармен байланысты болып келеді де, сол ұрыс болған жерлерді суреттеп, оқиғаны баяндайды. Топонимикалық аңыздың екінші түрінде жер-су, мекен атын нақты бір тарихи фактіге қатысы жоқ, бірақ жалпы шындыққа саятын оқиға арқылы баяндайтын, сондай-ақ белгілі бір жер-судың пайда болуын ешбір мифтік ұғымға байланыстырмай, бірақ қиялға негізделе әңгімелейтін шығармалар жатады.
Топонимикалық аңыздардың бірінші түріне төмендегі «Қалмаққырылған», «Үйген тас» аңыздарын жатқызуға болады:
Достарыңызбен бөлісу: |