Жұмыстың теориялық және практикалық маңызы. Зерттеудің негізгі ғылыми нәтижелері мен тұжырымдары қазақ тіліндегі жалқы есімдердің этнолингвистикалық, лингвомәдениеттанымдық аспектілерінде талдануы, сипатталуы мақсатында ономастикалық зерттеулердің теориясына маңызды үлес қосады. Жұмыстың ғылыми нәтижелерін Этнолингвистика, Ономастикасы, Лингвомәдениеттану пәндері бойынша элективті курстарды оқытуда, оқу құралдары мен оқулықтар жазу барысында да қолдануға болады.
Зерттеудің әдіс-тәсілдері. Зерттеу жұмыста сипаттамалы, типологиялық, тарихи-салыстырмалы, синхронды-салғастырмалы әдістер, сонымен қоса ғылыми алдаудың лексика-семантикалық, этнолингвистикалық лингвомәдениеттанымдық түрлері мен тәсілдері қолданылды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Диплом кіріспе, екі бөлім, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 Қазақ жалқы есімдерінің зерттелуі және ғылыми парадигмалар
1.1 Антропонимдердің этнолингвистикалық бағытта зерттелуі
Қазақстан ономастикасының тарихы мен дамуы оның теориялық негіздері мен ұстанымдарының, түрлі бағыттағы зерттеу қырларының (аспектілерінің) қалыптасуы және дамуы ерекшеліктерімен сипатталады. Сондықтан қазақ ономастикасының қалыптасуы мен дамуының кезеңдеріне тән жүргізілген ономастикалық зерттеулердің өз ерекшеліктері болуы заңды құбылыс. Мәселен, қазақ ономастикасының алғашқы қалыптасу кезеңінде ХХ ғ. 30-50 жылдары белгілі қазақ лингвистері А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, Ж.Досқараев, С.А.Аманжолов, А.Ысқақов, Ғ.Мұсабаев т.б. жеке топонимдер мен антропонимдерге этимологиялық этидтер жазды; қазақ тіліне арналған зерттеулерінде апеллятивтік лексика қатарында ономастикалық материалдар да зерттелінді.
Қазақ ономастикасының даму күйін сипаттайтын түрлі ғылыми-зерттеу парадигмалар лингвистикалық және жалпы гуманитарлық ғылымдар тарихымен тікелей және жанама байланысы бар, себебі кез келген ғылым саласы басқа салалармен (ғылымдармен) байланыса, сабақтаса дамиды. Осыған орай, айта кететініміз – қазақ тіл білімінің шеңберінде қалыптасқан отандық этнолингвистика мен лингвомәдениеттану ғылымдарының қазақ ономастикасына берер үлесі мол болды, соның нәтижесінде қазақ ономастикалық теориясының ғылыми-әдіснамалық «қоржыны» толықтай түсті де, сол аталмыш ғылымдар тоғысуының жемісі ретінде қазақ ономастикалық тіл білімінде этнолингвистикалық және лингвомәдениеттанымдық зерттеулер пайда болды.
1949 жылы қорғалған «Қазақ халықтық географиялық терминдер» атты Ғ.Қ.Қоңқашпаевтың кандидаттық диссертациясы география саласында қорғалды. Ол өз еңбегінде қазақ топонимдерінің құрамындағы географиялық терминдерге терең талдау жүргізгенімен, зерттеу сол кездердегі географиялық тақырыптардың біріне арналған еңбек деп есептелінді. Осы жәйт – сол кезеңде әлі де қазақ ономастикалық (соның ішінде топонимикалық) мектебінің, оның теориялық негіздері мен ұстанымдарының қалыптаспағанын көрсетіп отыр.
Ал қазақ ономастикасының қалыптасуы мен дамуының үш кезеңіне тән жалпы ономастикалық зерттеулердің басты ерекшеліктері төмендегідей:
1) негізінен антропонимдер мен топонимдер зерттелген;
2) антропонимдер мен топонимдердің этимологиясы, стратиграфиясы, құрылымдық-сөзжасамдық, лексика-семантикалық топтары қарастырылған;
3) Қазақстанның көптеген аймағы топонимиялық зерттеулермен қамтылды;
4) 90-шы жылдардан кейін аймақтық топонимия лексика-семантикалық, морфологиялық бағыттармен қатар этнолингвистикалық бағытта зерттеле бастады [1, 8-9 б.].
Қазақ жалқы есімдерiнің зерттелу тарихында ғылыми-теориялық және әдiснамалық негiздерге байланысты ономастикалық бiрлiктер әр түрлi аспектіде зерделендi. Белгiлi бір аспектiнi таңдау – ономастикалық материалдардың сипатына, зерттеушінің алдына қойған мақсаты мен міндеттеріне, белгiлi бір теориялық ұстанымдар мен тұжырымдарға байланысты және оларға тәуелдi болып келедi. Мәселен, қазақ ономастикасының даму барысындағы екiнші кезеңге тән зерттеулерде лексикографиялық, лексикологиялық, этнолингвистикалық аспектiлер орын алды. Осыған байланысты аталған кезеңде қазақ ономастика саласында бiрқатар топонимикалық, этимологиялық сөздіктер, этнолингвистикалық бағыттағы ономастикалық зерттеулер дүниеге келді.
Әлеуметтік мәні бар елеулi немесе түбегейлi өзгерiстер мен тарихи-лингвистикалық құбылыстар қазақ ономастикасының антропонимия мен топонимия салаларында әр түрлi кезеңдерде орын алған.
Мәселен, кеңес дәуiрiнде қазақ антропонимиясында төмендегiдей сипаттағы жаңа есiмдер пайда болды:
1) Орыс тiлiнен енген есiмдер (Вильтан, Вильжан, Зоя, Рая т.б.); 2)Орыс тiлi арқылы енген интернационалдық есiмдер (Марат, Спартак, Элмира, Клара, Роза т.б.); 3) КСРО халықтары тiлдерінен алынған есімдер (Жалил, Салават, Альфия, Карима, Зуһра т.б.); 5) қазақ сөздері негізінде пайда болған (Ауданбек, Кеңес, Бейбiткүл, Әсем т.б.) [2, 174 б.].
Т.Жанұзақовтың пайымдауынша, әлеуметтiк факторлардың ықпалымен (Ресеймен байланыс, Ресей құрамына ену) ХІХ ғасырда қазақтарда орыс фамилиясының тұлғасы (формасы) мен әкесi атының (отчество) аффикстерi қолданыла бастады. ХХ ғасырдың 30-жылдары фамилия мен әкесiнiң аты үш тағанды есiмдер формуласы негізінде КСРО-ның барлық азаматтары үшiн төлқұжат (паспорт) жүйесінің енгізілуіне байланысты ресми дәрежеге ие болды [2, 176 б.].
Г.Б. Мәдиева мен С.Қ. Иманбердиева қазақ жалқы есiмдерiнiң этнолингвистикалық табиғатын жалқы есiмдердiң модельдеу (сөзжасам тұрғысынан) құбылыстарымен қатар қарастырады.
Мәселен, ұзақ уақыт көшпелі өмiр кешкен қазақ халқы географиялық объектiлердi атау үшін төмендегіні білдіруші лексикалық бірліктер қолданған: табиғи обьектілерді жекелеуші (батпақ жерлер – саз, томар, былқылдақ, батпақ, ми); этнос атаулары – этнонимдер, ірі ру атаулары (мысалы: қалмақ, қазақ) және кіші ру атаулары (мысалы: түркі және монғол халықтарына тән) – генонимдер (мысалы: керей, уақ, матай, байыс); тұрмыс заттары (мысалы: кереге, қазан, сандық, қоржын); діни морфологиялық кейіпкерлер мен бейнелер (мысалы: шайтан, әулие, баба, ата); тарихи және тұрмыстық оқиғалар (мысалы: қалмаққырған, Қалмаққұлаған, Ордақорған, Тақиякеткен, Жындықатын бұлағы) т.б. [3, 240 б.].
Ұлттық ономастика этникалық мәдениеттің құрамдас бөлігі болып табылады, себебі онда этностың тарихы, салт-дәстүрі, наным-сенімі, шаруашылығы мен өмір болмысы жайында құнды мәліметтер берілген. Осы тұрғыдан қарағанда қазақ ономастикасының этномәдени дүниетанымдық табиғатын ашуда аса қажет бағыттардың бірегейлері – этнолингвистика және лингвомәдениеттанымдық зерттеу аспектілеріне негізделген ғылыми бағыттар.
Этностың шынайы бейнесі, болмысы, ономастикада жалқы есімдер құрамында, деңгейінде өз көрінісін берген болса, этнолингвистикада этномәдени белгілер жалпы есімдерде академик Ә.Қайдардың сөзімен айтсақ, «тіл әлемінде» сақталған. «Тіл әлемі» дегеніміз – этнос болмысына қатысты мыңдаған, тіпті миллиондаған мағыналық бірліктердің жиынтығы, синтезі.
Қазіргі таңда ғаламның тілдік бейнесінің тілдік мәселелері орыс тіл білімінде Ю.М.Караулов, А.А.Уфимцева, В.И.Постовалова, Е.С.Кубрякова, В.Н.Телия т.б. еңбектерінде қарастырылып жүр және қазақ тіл білімінде қарқынды түрде зерттеле бастады деп айтуымызға болады.
Жалқы есімдерді зерттейтін ғылымның пәнаралық байланысының, жылқы есімнің өзіне тән көпқырлы, көп мәнді табиғатының ғылыми потенциалдық мүмкіндіктеріне сай қазіргі ономастика ғылымында бірнеше зерттеу аспектілері бар. Аталған зерттеу аспектілерінің қазақ ономастика саласында қолданылуының белсенділігі әр түрлі деңгейде және де әр кезеңге тән өз ерекшеліктері бар. Мысалы, лексикологиялық және лексикографиялық аспектілер негізінен қазақ ономастикасының бірінші және екінші кезеңіне тән болған болса, қазіргі кезеңде осы аспектілер арқылы жүргізіліп отырған зерттеулердің белсенділігі аса жоғары емес. Керісінше, этнолингвистикалық, мәдениеттанымдық және когнитивтік аспектілер қазіргі кезеңде қазақ ономастикасында қарқынды түрде қолданылып отыр.
Аталған аспектілердің белсенділігі мен өнімділігі әрине жалпы әлемдік және отандық тіл білімінің даму деңгейіне, бағыт-бағдарына байланысты болып келеді. Қазіргі лингвистика ғылымы ұстанып отырған антропоөзектік бағыт адам факторымен тығыз байланыстағы лингвистикалық ғылымдардың дамуына, өркендеуіне үлкен ықпал етті. Антропоөзектік бағыттағы тіл білімінің алдына қойған негізгі мақсаты – тілдің барлық деңгейлерінде адам, этностың дүниетанымын, ерекшеліктерін, тіл мен діл, тіл мен сананың өзара байланысын және көрінісін зерттеу болып табылады.
Дербес ғылыми пән дәрежесінде қалыптасқан лингвомәдениеттану және ономастиканың теориялық арқауы мен зерттеу нысаны айтарлықтай жағдайда өзектес, тамырлас болып келеді. Сондай-ақ этнос болмысын танытатын тілдік дерек көздерінің бірі – ономастикалық бірліктер екенін ескерсек, ономастикамен сабақтас болып келетiн этнолингвистика екеніне көзiмiз жетедi.
Этнолингвистикамен сабақтас болып келетiн ғылымдарды академик Ә.Қайдар екiге бөледі: 1. Этнос тiлiне жалпы қатысы бар (мәселен, мәдениеттану, этнография, этнология, дидактика т.б.) ғылымдар; 2. Этнос тiлiнiнің тiлдiк табиғатын айқындауға тiкелей қатысты ғылымдар (мәселен, этимология, диалектология, ономастика, фразеология, паремиология, терминология, лексикографяя, социолингвистика, этнолингвистика, психолингвисика т.б.) [4, 304 б.].
Е.Ә. Керімбаевтiң пiкiрiнше: Қазақ жалқы есімдерін этномәдени аспектіде зерттеу қазақ ономастикасының этнографиялық, материалдық және рухани мәдениетпен кең әрі алуан түрлі байланыстарын ашып көрсетеді. Жалқы есiмдер семантикасында халықтардың жайғасқан орны мен этникалық құрамы туралы, ақпарат, материалды және рухани мәдениеті жөнінде деректер болуы, діни дүниетаным мен сенімдер, әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер және халықтың әлеуметтік өмірінің басқа салаларынан хабардар ететiн мәлiметтер орын алуы мүмкін [5, 61 б.].
Қазақ ономастикасының лингвокогнитивтік аспектілерін зерттеген ғалым Б.Тiлеубердиев: «Ғаламның ономастикалық (ұлттық) бейнесі» деп біз ономастикалық концептілердің жүйелі де кешенді жиынтығын атаймыз және ұлт танымының жалқы есімдер деңгейіндегі тілдік көрінісі деп түсінеміз. Ұлттың, адамның тіршілігі, өмірі, шаруашылығы, ой-санасы, эстетикалық талғамы, мифологиялық, дiни, этикалық ұғымдары, әлеуметтік тәжірибесi, тiл айнасында «яғни лексикада, фразеологияда – жалпы және жалқы есімдерде тайға таңба басқандай өз өшпес ізін қалдырады. Ол іздер тек тілдік іздер емес, ол іздер – сонымен қатар таным таңбалары» дейді [1, 195 б.].
Көрiп отырғанымыздай ғаламның (дүниенің) тіл бейнесі (суреті) мәселесі бойынша ономастика лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика (лингвоконцептория) ғылымдарымен ұштасады, үйлеседі.
Лингвомәдениеттанымдық мәні бар жалпы есімдер сияқты жалқы есімдер де өз деңгейінде ғаламның (дүниенің) тілдік бейнесін (суретін) жасай алады және де жалқы есімдердің ішінен бөлшектенетін өз категориялары (топонимия, антропонимия) шартты түрде жеке ғаламның тілдік бейнелерін құрай алады.
Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суретін салыстырмалы-салғастырмалы түрде зерттеген ғалым А.Ислам этнолингвистика мен лингвомәдениеттанудың өзіндік ерекшеліктерін атап өтсе, ал қазақ тіліндегі этнографизмдердің лингвомәдениеттанымдық мәнін қарастырған А.Қ.Сейілхан лингвомәдениеттану мен этнолингвистика ғылымдарының ұқсастығы мен ерекшеліктерін тұжырымдайды.
Академик Ә.Қайдардың қазақ этнолингвистикасының бүгінде өзіне тән ерекшеліктерін атайды.
Зерттеу нысаны жалпы алғанда бір болғандықтан «тіл мен мәдениеттің» өзара байланысын зерттеудегі аталмыш пәндердің кейбір теориялық қағидалары мен ұстанымдары, әдіс-тәсiлдерi біраз жағдайда ұқсас болып келеді.
Тiл мен мәдениет, тіл мен этнос сабақтастығы арқау болған этнолингвистика мен лингвомәдениеттану пәндерінің ғылыми-теориялық сипаты этнолингвистикалық және лингвомәдениеттанымдық бағыттағы қазақ ономастикасында жүргізілген зерттеулерде өз ықпалы мен әсері, көрінісі бар екені даусыз мәселе.
Қазақ антропонимиясының этнолингвистикалық сипатын айқындап зерттеу – қазақ халқының болмысын, басқа ұлттарға еш ұқсамайтын өзіндік келбетін тану болып табылады. Ұлттық болмысты антропонимия саласында таныту – этнолингвистика мен ономастика (антропонимика) ғылымдарының шекарасын кеңейте түседi.
Қазақ халқының кісі есімдері олардың наным-сенімдерімен, әдет-ғұрыптарымен байланысы жөнінде сонау ХІХ ғасырдың өзінде Шоқан Уалиханов былай деп жазған болатын: «Ырым, яғни әдет-ғұрып деп – алдын-ала бір нәрседен хабар беру тұрғысында орындалатын салтты айтады. Мәселен, ұлды болмай, үнемі қыз көретін ата-ана өзінің соңғы туылған қызына Ұлтуған деген есім береді, мұның өзі кейінгі перзентінің ұл болсын деген үміт-тілегінен туындайды».
Қазақ антропонимдерінің осындай этнолингвистикалық типтегі әйел кісi аттарына Т.Жанұзақов мынадай сипаттама бередi. «Мұндай түрдегі есімдер барлық түркі тілдерінде келесі нұсқаларда кең тараған: қазақша Тоқтасын, Тұрсын, Тоқтар, Тоқтамыс, Ұлтуар, түрікменше Турсун, Турды, Иетер (жетер), өзбекше Турсын, Тоқта. Егер отбасында бірнеше қыз дүниеге келіп, бірде-бір ұл тумаса, ең соңғы қызына ендігіде қыз туылмауы үшін Қызтумас деген есім беретін: құм Қыстаман – қызтумау немесе Улангерек – ұл керек, қырғызша Бурулгу – бұрылшы, Тоқтбубу – тоқта бибі т.т [2, 9-10 бб.].
Этнолингвистикалық сипаты бар, яғни болмысымен, рухани және материалдық тіршілігімен нағыз байланыстағы антропонимдердiң үлес салмағы, саны әр тарихи кезеңде біршама болса да өзгерiп тұрады. Әрине, негiзгi этнолингвистикалық антропонимиялық қор ғасырдан ғасырға мирас болып негізінен сақталып отырады, алайда кейбір тарихи идеологияға тәуелді, немесе сырттан келген «интернационалды», саяси мәні бар антропонимдердің саны күрт көбейіп кетеді. Солардың «көлеңкесінде» халық өмірінен, дүниетанымынан хабардар ететін этнолингвистикалық мәні, маңызы бар қазақ кiсi аттары көрiнбей, қалып қояды.
З. Жаңғабылова екi тiлдегi етістiк тұлғалы антропонимдердi екi топқа бөледі: 1) Әр түрлi адамдарға, әдет-ғұрыптарға байланысты қойылған етiстiк тұлғалы есімдер; 2) Төрт түлік малға және түрлi табиғат құбылысына байланысты қойылған етістік тұлғалы антропонимдер.
Әр түрлi адамдарға, әдет-ғұрыптарға байланысты қойылған етiстiк тұлғалы есімдер іштей тағы бірнеше топқа бөлінеді: көптен баласы болмай жүрген отбасында кездесетін антропонимдер: түрік тілінде Allahberdi, Qzledik, Seqindik, қазақ тілінде Қуандық, Сүйіндік, Сағындық т.б. Баласы тұрақтамай жүрген отбасында қойылатын есімдер: түрік тілінде Durdu, Dursun, қазақ тілінде Тұрсын, Қалсын т.б.; өлген баладан кейiн туылған балаға қойылатын есiмдер: түрiк тiлiнде: Basar, Dondu, қазақ тілінде Басар, Орынбасар т.т. Фольклорлық антропонимдер құрамында этнолингвистикалық типтерге жататын антропонимдерді көрсетуге болады. Мұндай жалқы есімдерге төмендегі эпикалық онимдерді жатқызуға болады: Бибібатима, Ілияс пайғамбар, Қияс пайғамбар, Ықылас атты Шәшті Әзіз, Мұхамбет, Қамбар, Дәуіт, Омар, Оспан, Әли т.б. [6, 11 б.].
Д.М.Керiмбаевтың зерттеуі бойынша байқағанымыз этнолингвистикалық мәнi мен сипаты бар антропонимдер әсiресе көптеп бақсы сарыны мәтіндерінде кездеседі. Мәселен, Қорқыт, Шүпірім, Уақ атасы ер Көкше, Сарыбай, Сарыш, Өтеулі, Көрпебай, Қарақожа, Абылай, Қазыбек, Торайғыр, Жағалбайлы, Түнғат, Қаракерей Қабанбай, Қондыбай, Таздың арғы атасы – Шойынқара, Қара, Сары, Қабан, Шойтабан, Қараман, Балқия, Жіпбике т.б. [7, 15 б.].
Этнос болмысының тағы бiр қырын паш ететiн қазақ антропонимдерінің бірегей бiр тобы әулиелерге және аруақтарға табыну культiмен байланысты болып келедi. Қазақ тiлiндегi сакральды атаулардың этнолингвистикалық сипатын зерттеген А.Е.Керімбаев бейнелерi исламның ертедегi тарихымен бiрiнші халифтерiмен, Мұхамед пайғамбардың мұрагер ізбасарларымен, олардың отбасы мүшелерімен байланысты болатын, бейнелері құраннан алынған киелі адамдардың есімдеріне қазақ сакральды лексикасында әулие мен пайғамбарлар: Дәуіт пайғамбар, Мұса пайғамбар, Бибіпатима (Бибатпа, Бибіпәтима), Ілияс, Әзірет Әлі, Омар, Оспан, Қамбар, Ысқақ баб, Арыстан баб, Садуақас ата (Саид Ибн Әбу Ваккас), Әбу Бәкір (Әбубәкір), Мұхаммед (Мұхамбет, Мақамбет, Маханбет, Мұхамет) және т.б. есімдерді жатқызады [5, 24 б.].
Қазақ дүниетанымында және әдет-ғұрыптарында әруақтарға сыйыну ерекше орын алатыны жөнінде Ш.Уәлиханов, С.Ақатай, Б.Сағындықұлы, С.Қондыбай т.б. өз еңбектерінде атап көрсетті. Әрбір қазақтың танымында күні бүгінге дейін әруақтар туралы ұғым-түсініктер, рухани құндылықтар жүйесінде елеулі орны бар екендігі баршамызға аян.
Қазақ антропонимдерінің этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеу о6ъектісінің бірі – араб текті кісі аттары. Ж.А. Ағабекова өз зерттеуiнде қазақ тiлiне араб есiмдерiнің енiп, қалыптасуының тарихи-мәдени, діни және этнолингвистикалық негіздерін, Алла және пайғамбарлар есімдерінің қазақ қауымына ену тарихын, қазақ қауымы қабылдап, қалыптастырған араб есімдерінің жіктемесін және олардың сіңісу заңдылықтарын арнайы түрде қарастырған.
«Алла сипаттарынан туындаған 99 есімнің әрқайсысына, жұмыста жеке-дара тоқталамыз», - деп көрсеткен Ж.А.Ағабекова, Авторефератта сол есімдердің 42-не түсінік берген. Тізімі ретінде атап шықсақ – олар: «Аллаһ // Алла // Алда» есімнен (Алла сипатынан) туындаған қазақ кісі аттары: Абдулла, Әбілдә, Әбділдә; Аллаберген, Алдаберген, Рахман, «Алланың есімімен жасалған қазақ есімдері Рақыман, Әбдірахман т.б. [8, 91 б.].
Сонымен, қазақ антропонимиясына араб тілінен (діни мәні бар) қосылған тағы бір тақырыптық этнолингвистикалық топ – пайғамбарлар есімдерінен туындаған қазақ есімдері. Бұл қазақ антропонимдерінің этнолингвистикалық сипаты олардың халық өмірімен, болмысымен, тұрмыс-тіршілігімен, ұлттық дүние-танымымен, рухани және материалдық мәдениетімен байланысты екендігін дәлелдейді.
Достарыңызбен бөлісу: |