1.2 Антропонимдердің лингвомәдениеттанымдық бағытта зерттелуі Қазақ ономастика ғылымында қазақ антропонимдерінің лингвомәдениеттанымдық сипаты арнайы түрде «Қазақ тіліндегі антропонимдердің лингвомәдени жүйесі» атты Ф.М.Әшімханованың кандидаттық диссертациясында, сондай-ақ Г.Ж.Снасапованың «Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» повесіндегі лингвомәдени бірліктер» тақырыбында жазылған диссертациясының бір тараушасында повестегі антропонимдер ономастикалық лингвокультурема ретінде зерделенді. А.Ислам «Ұлттық мәдениет контексінде дүниенің тілдік суреті» деп аталатын докторлық диссертациясының бір тараушасында қазақ антропонимдерінің ұлттық сипаты және олардың шетел тіліне аударылу мәселесі лингвомәдениеттанымдық тұрғыдан қарастырылған. Сондай-ақ қазақ топонимдер қатарына қазақ тіліндегі кісі аттарының номинативтік (атауыштық) қызметіндегі лингвомәдениеттанымдылық аспектілері Б.Тілеубердиевтің «Қазақ ономастикасының лингвоконцептологиялық негіздері» атты докторлық диссертациясының бір тараушасында зерттелген.
Ендігі кезекте осы жоғарыда аталған еңбектерде көрсетілген қазақ антропонимдерінің лингвомәдениеттанымдық сипаттары мен қырлары жөніндегі тұжырымдар мен байқауларға теориялық сараптама жасалды.
Қазіргі тіл біліміндегі лингвомәдениеттанымдық парадигма антропоөзектік ұстанымға сәйкес ұлт пен мәдениет, ұлт өкілдерінің дүниетанымы, дүниені танудағы тілдің рөлі және ұлттық мәдени құндылықтарын тілде сақтау сияқты маңызды мәселелерді шешуге бағытталған.
Е.Ә.Керімбаев қазақ тіліндегі онимиялық бірліктердің этностық төл мәдениетімен байланыстығы жөнінде және сол аспектіде қазақ жалқы есімдерін зерттеуге болатындығы жайында пікір айтты.
Г.Ж.Снасапова: «Қазақтардың балаға ат қоюында белгілі бір ырымдардың негіз болуы сөздің құдіретті күшіне сенуді көрсетеді. Жаманбала, Күшікбай, Сағал т.б. есімдер көз тимесін, балам аман болсын деген мәнді аңғартса, Тілеуімбет, Тілеміс, Тұрлыбек, Сағындық, Ұлпан т.б. лингвокультуремалардың прототипі ұл күту, бала тілеу тәрізді тілек мәнді семантиканы білдіретін антропонимдер; Артықбай, Бақберді, Қайыргелді, Несібелі т.б. жалқы есімдердің прототипі дүниеге келген балаға ат қою арқылы оған белгілі бір қасиеттерді дарыту дегенге меңзейді» [9, 22 б.].
Мәдени коннотация тілдік таңбада мәдениеттің белгісі (экспоненті) болып табылады. Жоғарыда келтірілген ономастикалық лингвокультуремалардың лингвомәдени коннотациялары қазақ халқының рухани мәдениетінен көрініс береді.
Сонымен қатар «рухани мәдениет үлгілері болып табылатын ұлттық ән-күй өнері мен ойын-сауық түрлерінің де дүниенің тілдік бейнесін жасаудағы орны ерекше.
Шығармада кездесетін «Сұлушаш», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш Баян сұлу», «Ер Тарғын», «Қалқаман-Мамыр», «Шәһімадан», «Бәдіғұл-Жамал», «Мұңлық-Зарлық», «Еңлік-Кебек» мәдени деректердің көзі, мәдени ескерткіш іспеттес лингвокультуремалар тілдік және мәдени субъектінің аялық білім құрылымына қатысты дүниелер» [9, 17 б.].
Осы келтірілген ономастикалық лингвокультуремалаар бір жағынан фольклорлық антропонимдерге жатса, екінші жағынан фольклорлық туындылардың аты (атаулары – фольклорлық поэтонимдер) болып келеді. Қалай дегенмен, осы лингвомәдени бірліктерді прецедентті феномендерге жатқызуға болады және соларды танып білуге аялық (фондық) білімнің мәні мен маңызы зор екені айқын.
Б.Тілеубердиев қазақ халқы есімдерінің номинативтік (атауыштық) қызметіндегі лингвомәдениеттанымдық аспектілерін тек қазақ антропонимдер материалдары негізінде ғана емес солармен бірге қазақ топонимдер материалдарына сүйене қарастырған. Зерттеушінің пікірінше: «Әр халықтың өзіндік қайталанбас ерекшеліктері, яғни ұлттық, этникалық реңк өзгешеліктері болатындығы белгілі. Ұлттық есімдер ұлттық мәдениет ерекшеліктерін білдіреді. Мұндағы бір есімдерде ұлттық-тарихи болмысы айқын көрінсе, ал басқаларында оның қарқыны нашар болады, алайда оны жасаған немесе қолданушы халықтың мәдениетімен байланысы жоқ есім табыла қоймайды. Ұлттық есімдерге мейлі антропоним, топоним, зоонимдер болсын олардың бойында алуан түрлі тарихи мәдени ақпарат қалыптасқан» [1, 42-43 бб.]. Антропоним мен топонимдерге лингвомәдениеттанымдық ақпараттар молынан шоғырланған. Осы құбылыстың негізгі екі себебі бар. Біріншісі – антрононимдер мен топонимдер адамның (этностық) сан қырлы, сан салалы өмірі және тіршілігімен тығыз байланыста пайда болып дамиды және қолданылады. Екінші себеп – антропонимдер мен топонимдердің, жалпы барлық жалқы есімдердің кумулятивтік (жинақтаушы, кодтаушы) қасиеті бар. Антропонимдер мен топонимдер кумулятивтік қызметі арқылы ғасырдан ғасырға өтіп, мәдени және рухани мұра ретінде ұзақ сақталады.