Шығындап шетел асып, тас маңдайы тақтайға тиіп жатқандар жайлы жазылып жатыр (Алматы ақшамы, 17.03.06) сөйлемі контаминация тәсілі арқылы жасалған. Мұнда нормалы қолданыстағы тас маңдай – сорлы, бақытсыз, маңдайы тасқа тиді – беті қайтты, тауы шағылды, қиыншылыққа тап болды мағынасында айтылып, олар бір сөйлем бойында берілген. Бірақ автор күткен әсірелілік өз мақсатына жете алмады. Ол қайталаудан қашқанмен де «тақтайға» сөзін жөнсіз қолданған, сол себепті қалыпты тіркесті бұзып қана қоймай, айтар ойын да әлсіретіп алғандай. Бұл жағдайда ФТ құрамы мақсатсыз өзгеріске түсіп тұр.
Фразеологиялық сөз оралымдарын жаңғырту, жоғарыда айтылғандай, белгілі бір уәжге (мотивке) негізделеді. Нормадан ауытқудың мұндай түрі көбіне стильдік мақсатқа тәуелді болады. Алайда сөз мәдениетін төмендететін жөнсіз ауытқулар қазіргі кезде басқалардан гөрі ең алдымен тілдің фразеология саласында жиі әрі көп кездеседі. Жөнсіз ауытқулардың типтерін анықтап, нақты себептерін ашып көрсетудің сөз мәдениеті үшін күресте айрықша мәні бар [22, 108 б.].
Осы қарастырып отырған нормадан ауытқу мәселесі – тіл мәдениетіне әкеліп тірейді. Бұл туралы Д. Әлкебаеваның «Қазақ тілінің прагмастилстикасы» атты еңбегінде: «Тілдік норма – тіл мәдениетінің қарастырылатын мәселесі. Тіл мәдениеті дегеніміз (тілді мәдениетті пайдалану) – қарым-қатынас ситуацияларында коммуникативтік қарым-қатынас жетістіктерін қамтамасыз ету үшін тілдік тәсілдерді дұрыс ұйымдастырып, тәртіпті әрі жүйелі қолдану.
Тіл мәдениеті тілдік норманың 3 түрін қамтиды. Олар:
тілдік норма (лексикалық, сөзжасамдық, грамматикалық, дыбыстану нормасы);
этика – сөз нормалары (сөйлеу этикасының ережелері);
коммуникативті норма (сөйлеу қарым-қатынасының тиімділік қағидалары)» [24, 38 б.] деп бөліп қарастырады.
Бірақ тілімізде нормадан мақсатты ауытқу құбылысы тағы бар. Ол сөйлеу тілінде де, жазба тілінде де көп кездеседі. Осы екі жағдайда да ФТ-ны белгілі бір мақсатқа негіздеп, стильдік тұрғыда трансформациялап қолданылатын тұстар бар.
Тұрақты тіркестер – әдеби тілдің ілгері даму барысында қалам қайраткерлерінің әрекеті арқылы жанданған әсем кестелер. Олар – сөз зергерлерінің ой-түйінін ықшамдап аңғартатын жинақылықтың үлгісін көрсететін көркемдік құрал. Тұрақты тіркесті қай жазушы болса да өз шығармасында қажетіне қарай қолданады [25, 67 б.].
Соңғы кезде фразеологизмдердің лексикалық құрамына қатысты ауытқулар, көркем шығарма тілінде жиі ұшырап жүр. Себебі, айтыла-айтыла әбден трафаретке айналған тіркестермен қатар ФТ құрамындағы кей сөздер архаизмге айналып отыр. Осыған байланысты мұндай фразеологиялық түйдектер қазіргі әдеби тілдің лексикалық жүйесіндегі нормалармен сәйкес келмей, оларға «қысым» жасайды. Осылайша ауызекі қолданыста да, жазба әдеби қолданысында да жаңа, тың окказионал фразеологиялық тіркестер пайда болады.
«Көркем әдебиет немесе баспасөз беттеріндегі авторлық қолданыс ыңғайындағы мысалдарға талдау жасағанда, кейбір жазушалар фразеологиялық тұлғаларды іріктеп қолдануға өзіндік әдіс-тәсіл шеберліктерін шыңдауға авторлық окказионал қолданыстарға жиі барады» [26, 134 б.]. Мысалы: ...Әбдірахман күні-түні һарам сарайдан шықпай, ертелі-кеш басына шарап төңкеріп, бүлініп жүр, әйтеуір (О. Сәрсенбаев, 15 б.). ‘Басына шарап төңкеру’ – өте көп мөлшерде арақ-шарап ішу деген мағынаны білдіреді.
Ақын Байбота Серікбаев бірде біраз сілтеңкіреп қойып, Алматының бір айықтырғышына түсіп қалады (Д. Тұрлыбек, 23 б.). ‘Сілтеңкіреп қою’ – көп мөлшерде арақ ішу мағынасында айтылады. Осы берілген мысалдарда қолданылған ОФТ-ның екеуі де қазіргі заман талабына сай пайда болған жаңа тіркес және екеуінің де беріп отырған мағынасы бір. Өкінішке орай жаңа заманмен бірге халықтық індетке айналған ішкілік те қоса келді. Осы көріністі бейнелі етіп беруде жазушы мен тілді тұтынушылар соны тіркес табу мақсатында түрлі тәсілдерге жүгініп, жаңа тіркес арқылы ойын әсерлі жеткізу мәселесін алға қою нәтижесінде ОФТ құбылысы жасалып отыр.
Жаңа тіркес, соны түйдек жасау үшін жазушылар нормадан ауытқып отырады. Жоғарыда айтқанымыздай, олардың бірі нормаға сәйкес келсе, енді бірі нормаға сай келмей, күңгірт болып шығады. Осыған байланысты академик Л.В. Щерба: «Әрине, нормадан ауытқымайтын автор болмайды. Сірә, ондайлар бола қалса, жұртты зеріктіріп, мезі етіп жібереді. Норманы сезіну түйсігі тәрбие көрген адам ғана жақсы жазушыда кездесетін нормадан жөнімен ауытқудың ғажаптығын сезіне алады», – десе [27, 10 б.], Г. Мұратова: «Нормадан ауытқу – фразеологияның мәнерлілігін одан сайын арттыра түсу үшін қолданылатын стильдік тәсілдің бірі» дегенді айтады [7, 106 б.].
Осы ретте автордың нормадан мақсатты ауытқуына мысал келтіре кеткенді жөн көрдік.
Біздің шал жынды екен, Атекеңді шайнап тастады: «Көптен бері ат ізін салмайтындай Тескентау асып кетіп пе едің», – деп бір ұрысты (Ж. Сабыржанұлы, 338 б.). ‘Шайнап тастау′ – қатты ұрысты, әбден ұрысты мағынасында берілген.
Қажетті мәліметтерді қойын дәптеріме түртіп алдым да, ертесіне жұмысқа келісімен кезекті нөмірге баратын мақаланы бұрқыратып жазып тастадым (Д. Тұрлыбек, 26 б.). ’ Бұрқыратып жазып тастау‘ – жылдам, тез жазу мағынасында қолданылған.
Одан соң құты толы шарапты төңкеріп тастады да, артынша шеңгелді қойдың мұздаған аппақ май құйрығына салды (Ә. Бостанов, 11 б.). Бір сөйлем шеңберінде екі окказионал тіркес бар. Біріншісі, төңкеріп тастау‘– тез ішу, сіміріп салу деген мағынада берілген.
Осы контекстегі «шайнап тастады», «бұрқыратып жазып тастау», «төңкеріп тастады», «шеңгелді салды» тіркестері сөйлемге ерекше экспрессивті-эмоционалды реңк беріп тұрған және ұтымды шыққан, нормадан мақсатты ауытқыған авторлық тың тіркестер.
«Жазушының қайсысына да қажетті ең басты талаптардың бірі сөз саптау тұрғысынан өзгеге ұқсамайтын ерекшелігінің болуы. Халық тілін байытуға классиктер ғана емес, жазушылықты мұрат еткен адамның қай-қайсысы да үлес қосуға тиіс. Оның аты – сөз қолдануда, жекелеген сөз жасауда, сөз мағынасын жіті аңғарып, жаңа қырымен пайдалануда өзіндік таңбасы болуы керек деген сөз» [28, 6 б.].
Кейде айтылар ойды, көңіл астарын жай ғана жеткізу жеткіліксіз болып жатады, осы тұста бейнелі сөзбен шыңдап, тыңдаушыға әсер қалдыру үшін, оны селт етікзу мақсытында тілде қалыптасқан «шаблондардан» бөлек эоциясы басым окказионалды ФТ-лар туып жатады.
Ғалым Н. Уәлиев: «Түптеп келгенде, бұл аталған құбылыстың бәрі де эстетикалық мақсатқа бағынған, нормадан жөнімен ауытқудың түрлері болды. Сөйтіп жөнімен ауытқудың өзі ұлттық көркемдік нормаға-субнормаға айналды. Мұндай құбылыстың әрине, тек ұлттық әдеби тілдің стильдік тармақтары айқын сараланған кезеңінде ғана мүмкін болатынын сөзсіз. Жалпыхалықтық тіл байлығын бұлайша шығармашылықпен игеру ұлттық сөз мәдениетін дамытудағы жаңа кезең болды» [22, 124 б.] деген тұжырым жасайды.
Қорыта келгенде айтарымыз, ФТ-ның жазушы зертханасында эстетикалық тұрғыдан контекске лайықты өңделіп, икемделіп қолданылуының өзінде үлкен стильдік мән бар. Нормалы ФТ-ның мазмұны мен формасына белгілі бір дәрежеде жаңа мән беретін, оқырманды жаңашылдығымен, экспрессиялығымен таңдандыратын нормадан мақсатты ауытқу түрлері қазіргі заман талабына сай әрі қажет дегіміз келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |