Диплом жұмысының құрылымы: Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 ОККАЗИОНАЛ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ КОММУНИКАТИВТІК
ПРАГМАТИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ
1.1 Окказионал фразеологизмдердің зерттелуі
Қазақ тілінің фразеологиялық жүйесін зерттеуге қатысты мәселелердің қатарынан жеке авторлық қолданыс негізінде қалыптасатын окказионал фразеологизмдер мәселесін қарастыру маңызды орын алады. Осыдан ақын-жазушылардың авторлық қолданысында жаңадан қалыптасқан тұрақты тіркестер ретінде қазақ тілінің фразеологизмі деп тануға және фразеологиялық сөздікке енгізуге бола ма деген заңды сұрақ туындайды.
Фразеологизм – әдеби тілден жігі ажырамас бір бөлігі. Сондықтан оның даму жолдарын зерттеудің өзі аса күрделі әрі жауапты. Ғалымдар фразеологизмдердің қазіргі даму кезеңіндегі фразеологиялық қоры мен оның арақатынасы проблемасы және фразеологиялық семантиканың дамуы, мәтіннің құрылымдық ерекшелігі ретіндегі фразеологизм сипатын, фразеологиялық тұлғаның (әрі қарай - ФТ) әр түрлі функционалдық стильде және әдеби жанрда жасалу ерекшелігі, фразеологизм объектілерін лингвистикалық пән ретінде зерттеу тәсілдерін айқындау туралы мәселелерге көп көңіл бөліп келеді. Фразеологизмдерді зерттеу барысында жеке-жеке компоненттердің функционалдық белгілері, семантикалық құрылымының ерекшелігі, сөз таптарына қатысы, этимологиясы, этнолингвистикалық сипатына қарай фразеологиялық тұлғалар мен олардың қалыптасуын сипаттайтын бірнеше бағыт анықталды.
Фразеологизмдердің лингвистикалық сала болып қалыптасуына орыс тілі ғылымында В.В. Виноградов көп ықпалын тигізді. Ол француз ғалымы Ш. Баллидың фразеологизмдер туралы ойларын негізге ала отырып, орыс тіл біліміндегі фразеологизмдерді: 1) фразеологиялық тұтастық; 2) фразеологиялық бірлік; 3) фразеологиялық тіркес деп үшке бөледі және оның құрамына мақал-мәтелдерді, термин сөздерді енгізбейді [3, 211 б.].
В.В. Виноградовтың классификациясына сүйене отырып, қазақ тіл білімі де қазақ тіліндегі фразеологизм түрлерін үш түрге: фразеологиялық тұтастық (идиом), фразеологиялық бірлік, фразеологиялық тізбектер деп бөлді. Осы ұғымдарға төртінші түрі етіп қосқан Н. Шанскийдің фразеологиялық түсінік (К. Аханов «сөйлемше» деп аударған, кейде «орамдар» деп те атайды) деген түріне қазақ зерттеушілерінің пікірі әр түрлі. І. Кеңесбаев фразеологияны тар ұғымда түсінуде мақал-мәтелдерді фразеологизмдерге қоспайды. Фразеологияның төртінші түрі фразеологиялық түсінікке мақал-мәтелдерді, нақыл сөздерді қосатын Р. Сәрсенбаевтың пікіріне қосылсақ, шынында да тілде бар құбылысты мақал-мәтелдердің фразеологиялық тұлғалардан елеулі айырмашылығын ескере отырып, біздіңше, тіліміздегі тұрақты сөз тіркестерінің құрамында, оның ішінде фразеологиялық түсінікке (выражение) қатысты етіп қарастырған жөн бе деп ойлаймыз [4, 20 б.].
Идиом тіркестердің компоненттері нық, бір-бірінен ажырамайтын, құрамындағы сөздер өз мағынасын жоғалтқан, тікелей аударуға келмейтін тілдік бірліктер болса, қос сөздің тіркесуінен жасалған еркін сөздер ФТ түрінде беріліп, фразеологиялық тізбек құрады, ал фразеологиялық бірлікте компоненттердің орын тәртібі қатаң сақталынып, еркін тіркестер ауыс мағынада қолданылады. Осы аталған фразеологизмдердің қай-қайсысын да өзгерту тілдік нормаға қайшы, дегенмен, стильдік мақсатта әсірелеу, бейнелеу, ерекше мән үстеу үшін өзгерістер болып жатады.
Тіл мен адамның бір-бірінсіз өмір сүруі мүмкін емес. Сондықтан біз тілді «тірі» құбылыс деп атауымызға әбден болады. Кез келген тірі нәрсе өседі, өнеді, сол сияқты тілде әрдайым даму, өну үстінде. Олай болса, тіл өмір сүруі барысында норма бойымен өте шықпайды, нағыз өмірдегідей қарама-қайшылықтарға да тап болады. Біз осы кереғар құбылыстарды қарастырмастан бұрын фразеологиялық вариант, фразеологиялық синоним және фразеологиялық окказионализмдердің аражігін ашып алғанды жөн көрдік.
Бұл туралы ғалым Г. Смағұлова: «Тілдің ішкі даму заңдылығында вариант бола беретін құбылыс. Варианттылық – тілдің тарихи дамуының жемісі. Сондықтан да вариант сөздер тілімізде белгілі кезеңге дейін уақытша да өмір сүруі мүмкін. Тілдік норма жағынан алсақ, сөйлеу тілінің нормасына қатысты. Ең соңында вариант сөздер тілдің стильдік аясында қарастырылады. Вариант сөздер сөйлеушінің еркіне қарай, саналы түрде емес, автоматты түрде (дағдылы) таңдалады және синонимдер сияқты ұдайы пайдаланылады. Қазақ тілінде варианттылық қатарды құрайтын сөздер екі немесе одан да көп кездесе береді. Фразеологизм құрамында да варианттылық қатар жиі ұшырасады. Мысалы: Түлкі бұлаңға салу /түсу/, түлкі бұлтаққа түсу /салу/; түлкі құйрыққа салу...» [4, 35 б.] деген пікірі бар. Осы пікірге сүйене отырып, біз фразеологиялық варианттардың (әрі қарай - ФВ ) мынадай ерекшеліктерін анықтадық:
1 ФВ тілдік нормаға жатады;
2 ФВ ауызекі сөйлеу тілінде жиі кездеседі;
3 ФВ-да лексика-грамматикалық мағына дәлдігі сақталады;
4 ФВ құрамында ауысқан сөздердің мағынасында эмоционалды-экспрессивті реңк өзгеріссіз болады.
Енді фразеологиялық синонимдер (әрі қарай -ФС) ерекшелігіне тоқталайық:
1 ФС компоненттері қайталанбайды;
2 ФС-лар да тілдік норма меншігіне енеді;
3 ФС компоненттерінің саны әр түрлі болып келеді және барлығы қосылып бір мағынаны үстейді;
4 ФС бейнелілікке құрылады.
Ал, ФТ негізінде жасалатын жаңа тіркестерді окказионал фразеологизмдер деп атаймыз. Окказионал фразеологизмдер фразеологиялық варианттар мен фразеологиялық синонимдерден өзгеше тың тіркес жасау үшін жеке автор қолданысында пайда болады. Олар басқалардан тосындылығымен, нормалы қолданысқа енуге талпынбайтындығымен, өміршең еместігімен және аса экспрессивтілігмен ерекшеленеді. Окказионал фразеологиялық тұлғалар (әрі қарай - ОФТ) жазба тіліне де, ауызекі сөйлеу тіліне де тән. ОФТ-да құрылымдық және семантикалық өзгерістер болады. Ал, ФВ-лар трансформацияланған фразеологизмдер, олардың құрылымдық өзгерістері мағыналық өзгеріске әкелмейді.
Ауызекі сөйлеу тілі арқылы ұрпақтан-ұрпаққа берілген фразеологизмдер қазіргі кезде жазба әдеби тілінің ең өнімді тәсілдерінің бірі. Осы орайда Р. Әміровтің: «Сөйлеу тілінде қалыптасқан фразеологизмдер, идиомалар және образды сөздердің көбі айтыла келе, жазба әдебиетіндегі көркемдік тәсілдердің ажырамас бөліктеріне айналған» деген пікіріне толық қосыламыз [5, 4 б.]. Дегенмен, сөйлеу тіліндегі фразеологизмдердің варианттары мен синонимдері өте көп. Бірақ автордың қолданысында пайда болған «су жаңа» тіркестер өз кезегінде тілдің көркеюіне көп себін тигізеді.
Ғалымдар (М. Балақаев, Е. Жанпейісов, М. Томанов, М. Манасбаев) тілімізде фразеологизмдерді қолданудың екі тәсілі бар екендігін айтқан:
1 Фразеологизмдердің жалпы халықтық формада қолданылуы.
2 Фразеологизмдердің өзгертіліп, авторлық өңдеумен қолданылуы [6, 124-127 бб.]. Осылардың екіншісін, авторлық қолданыстағы окказионал тіркестерді қарастыру қазіргі кезде өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Қазақ тіл білімінде окказионал фразеологизмдер туралы жазылған арнайы еңбек аз. Халықтық қолданыстағы фразеологиялық сөз тіркестерінің көркемдегіш-бейнелеуіш, образды қасиеттері зерттеулерде кеңірек қарастырылып жүрсе, фразеологизмдердің окказионалды стильдік қолданыстағы ғылыми талдау объектісіне айнала қойған жоқ [7, 103 б.]. Қазіргі қазақ тіліндегі фразеологиялық окказионализмге қатысты мәселелер ғылыми мақалалар мен ғылыми еңбектерде ішінара тек шолу ретінде ғана беріледі. Мәселен, Г. Мұратованың (1991), Л. Еспекованың (1998) кандидаттық диссертацияларында, Г.Смағұлованың (1996, 1998) еңбегінде сипаттамалы түрде ұсынылады.
Біздің зерттеу нысанымыз фразеологиялық окказионализмдердің жасалуына қатысты болғандықтан, қазіргі қазақ тіліндегі осы мәселенің көтерілу барысын, зерттеушілердің пікірлерін ескергенді жөн санаймыз. Мысалы, Г. Мұратова: «Фразеологиялық окказионализмдер – тілдік материалдар негізінде пайда болған жеке авторлық жаңа тың тіркестер, ал семантикалық окказионализмдер – қалыпты (узуал) сөздердің бұрынғы мағынасының аясы кеңейген, жаңаша мазмұнға иеленген сөздер», – деп жазды [7, 147 б.].
Авторлық жаңа қолданыстарға өзге зерттеушілер тарапынан берілген анықтамалар да әр түрлі. Х. Нұрмұханов: «Окказионалды деп өміршең емес, контексті қалауына орай тек бір ғана қолданымдық болып қызмет атқаратын сөздерді айтамыз», – десе [8, 112 б.], Қ. Қадырқұлов: «Окказионал жаңа сөздер дегеніміз – жаңа сөз қолданысқа көшудегі өтпелі кезеңге жататын сөздер», –деген тұжырым жасайды [9, 56 б.].
Ал зерттеуші А. Алдашева: «Окказионализмдер тобына авторы белгілі, жасалуы жағынан тосын, өзгеше контексте образдылық-көркемдеуіш қызмет атқаратын лексикалық бірліктерді жатқызамыз», – деп жазды [10, 82 б.]. Л. Еспекова: «Окказионализмдер дегеніміз – белгілі бір қаламгерге тән, тосыннан пайда болатын, тілдің сөз тудыру тәсілдеріне сәйкес те, сәйкессіз де жасалатын, контекст қалауына қарай қызмет атқаратын, әдеби тілімізге, сөздіктерге кіру қабілеті шектеулі үнемі жаңашылдығымен, экспрессивтілігімен ерекшеленетін бір қолданар сөздер», – деген анықтама береді [11, 32 б.].
Окказионализмдерді ғалымдар түрліше атайды:
Авторлық сөздер
Жеке сөздер
Жеке авторлық неологизмдер
Поэтикалық неологизмдер
Сурет 1 – Окказионализмдердің түрліше аталуы
Осы терминдердің арасындағы көбірек назар аудартатыны А. Аржанов [12, с. 20] ұсынған «эгологизм» термині («эго» - мен). Бұл термин субъективтік сөзжасамға тән екендігін көрсетеді. Осы эгологизм терминінің өзі де ұтымды жасалған окказионализм болып қала бермек. Біз өз жұмысымызда жоғарыдағы тұжырымдарды сұрыптай келе, белгілі бір контекс деңгейінде ғана пайда болатын бірқолданылар жеке авторлық тың тіркестерді окказионализм терминімен атағанды жөн көрдік.
Окказионализмдер жазушылардың, журналистердің, публицистердің және жалпы тілді тұтынушыларының тұрақты сөз оралымдарын өңдеп, құбылтып, контекске сай ФТ-ға өзгеше түр-сипат беріп, экспрессивтілігін күшейтуі, тың бағыт, жаңа мағына туындату мақсатында пайда болады. Жасалып отырған тілдік жаңалықтар жалпы қолданыстағы сөздерге қарағанда жаңашылдығымен ерекшеленеді.
Окказионализмдерге байланысты еңбектер неміс, ағылшын, француз, орыс тіл білімінде ертерек пайда болып, тереңірек зерттелген.
1921 жылы француз ғалымы Ш. Балли фразеологиялық топ пен сөз тіркестерінің қарама-қарсы екі түрін анықтады:
1) кездейсоқ, тұрақсыз сөздер тіркесі; мұндағы фраза мүшелері арасындағы байланыс бір мәрте қолданудан кейін ыдырап кетеді;
2) тұрақты фразеологиялық тіркестер немесе оралымдар; мұнда сөздер бір-бірімен тығыз байланысқа түсіп, тұтас тіркес ретінде толық мағына береді [13, 129 б.]. Ал, орыс және қазақ тіл білімінде ғалымдар пікірі әр түрлі. Олар авторлық қолданыстағы жаңа сөздерді үшке бөледі:
бірінші топқа авторлық жаңа қолданыстарды «потенциал сөздер» деп танитындар – Г. Винокур, А. Смирницкий, К. Левковская, И. Шанский;
екінші топқа авторлық жаңа қолданыстарды окказионал және потенциал сөздер деп жіктеушілер – И. Богданова, Е. Земская, Э. Ханпира, В. Лопатин, Х. Нұрмұханов, Р. Сыздықова, А. Алдашева, Г. Мұратова, Л. Еспекова;
үшінші топқа авторлық жаңа қолданыстарды тек «окказионализмдер» деп қарастыратындар – А. Лыкова, Н. Фельдман, Н. Шанский.
Біз осы аталған топтардың ішінде соңғы үшінші топтың жіктеуін қолдаймыз.
Окказионализмдер белгілі бір мәтінге ғана қызмет етеді және жалпы қолданысқа енуге, тілдік тұлғаға айналуға талпынбайды. Ал, жоғарыда қарастырылған потенциал сөздер болса, тілдік нормадан үміті барлар.
Сонымен, жалпы тідік қордағы фразеологизмдердің автор тарапынан өңделуінің, айтылар ойдың жаңаша кестеленуінің тамыры тереңде. Бұл мәселе кең ауқымда, жан-жақты зерттеуді талап етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |