1.3 Окказионалды фразеологизмдердің семантикалық құрылым ерекшеліктері
Окказионалды фразеологизм дегеніміз – эмотивті әсер берудегі тілдік тиімді тұлғалар. Олар өзінің тілдік тұлғаларымен деривациялық байланысқа түсетін ФТ трансформациялануының түрлі тәсілдері арқылы жасалады. Сөйлеу жүйесінде белсенді процесс атқаратын фразеологиялық тұлғалардың окказионалды пайда болу жолдары әрдайым ғалымдардың қызығушылығын туғызды. Бірқатар ғалымдардың еңбектерінде (Н.Ф. Алефриенко, В.Л. Архангельский, А.М. Бабкина, И.В. Дубинский, А.В. Жуков, В.П. Жуков, М.М. Копыленко, З.Д. Попова, А.В. Кунин, А.М. Мелерович, В.М. Мокиенко, В.Н. Телия, И.Ю. Третьякова және т.б.) ФТ окказионалды туындауының түрлі тәсілдері мен амалдары айқын сипатталған. Дегенмен фразеологиялық семантика мен құрылымдағы елеулі өзгеріске негізделетін окказионалды фразеологизм тұлғасы жеткілікті дәрежеде зерттелмеген. Көркем сөйлеу тілі жүйесіндегі фразеологизмдердің окказионалды жасалу жолдарын зерттеуге, трансформациялық процестердің сипатын, онымен бірге тілдік фразеологиялық тұлғалардың жасалу әлеуетін айқындауға көп көңіл бөлінбеді.
Тілді тұтынушылардың ауызша және жазбаша сөйлеу тіліндегі ФТ-ның окказионалды пайда болу барысында ең алдымен оның компоненттік құрамы саны мен сапасы жағынан мынадай өзгерістерге ұшырайды: компоненттері құрамы кеңейеді немесе тарылады, орындарын ауыстырады немесе бірігеді т.б. Кез келген ФТ-ның негізінде өзгерістерге бейімділік қасиеті бар. Бірақ фразеологизмдердің қайта жаңару әлеуеті әр түрлі және олар ФТ-ның құрылымдық-семантикалық ерекшеліктеріне де байланысты болады. ФТ-ның окказионалды әлеуетін анықтауда олардың ішкі формасының «сапасы» яғни, ФТ бейнелілігінің айқын – айқын еместігі, мағынасының негізділігі – негізсіздігі маңызды рөл атқарады.
Бірнеше сөз бірігіп бір ғана бейнелі мағына беретін тұрақты ФТ-лар өздерінің компоненттік құрамына жасалған түрлі әрекеттерді жылдам қабылдайды. Көбінесе компоненттер құрамын жиі өзгерту ФТ-ның бейнелілігін трансформациялау мақсатында іске асырылады.
Фразеологиялық тұлғалардың окказионалды трансформациялануы түрлі бағытта, түрлі дипазонда, түрлі дәрежедегі қиындықтар арқылы жасалады. Фразеологизмдердің іштей қайта жаңаруы ФТ бейнелілігінің өзектіленуіне және бейнелі тілдік ФТ-ның жаңа окказионалды ФТ-мен деривациялық байланыстарын қалыптастырады.
Фразеологиялық тұлғалардың окказионалды трансформациялануы барысында «жаңа» және «ескі» бейнелер, бейне детальдары өзектіленуі мүмкін. Фразеологизмдердің окказионалды жасалу жолдарының түрлі тәсілдерін қолдану образ бен мағына байланысының қалыптасқан сипаты және ФТ айқын образды негізі болған жеке элементтерді трансформациялау мүмкіндігімен жасалады. Айқындалған образды негіз компоненттік құрамды қысқарту тәсілі, тірек компоненті мен оның өзгеруі арқылы жасалатын окказионалды трансформацияның туындауына кедергі жасамайды.
Ғылыми әдебиетте бейнелілік туралы әр түрлі көзқарастар қалыптасқан. Бірқатар ғалымдар бейнелілік ФТ-ның екі жақты қабылдауы нәтижесінде жасалады деп тұжырымдайды: мағына және оның прототипі. Бейнелі мотивті ФТ ақпаратының екі түрі бар. Біріншісі – ФТ арқылы жасалған мағына мен ұғым, екіншісі – ФТ прототипі құрамында болатын семантикалық ақпарат. Ақпараттың осы екі түрінен жаңа, үшінші ақпарат туындайды, ол алдыңғы екеуінің елеулі белгілерімен бірігеді. А.В. Кунин, Ю.П. Солодуб, О.В. Латина осы көзқарасты ұстанады. Бейнеліліктің осы екі түрін ғалымдар әркелкі қабылдайды. Метафоралық мағына сөйлеуші мен тыңдаушының белгілі бір көңіл-күйіне қатысты эмотивтік сема арқылы жасалады деп тұжырымдайды. Бұл сема бастапқы ядролық, ал қалғандары әлсіз, көмескі семалар болып есептеледі.
Сонымен қатар, образдылық категориялық немесе фразеологиялық жеке түрлерінің ерекшілігі ретінде қабылдануы ықтимал. Бейнелі фразеологизмнің мағынасы фразеологизмнің ішкі формасы арқылы ашылады. Синхрондық аспектіде барлық фразеологиялық тұлғалардың «жанды» ішкі формалары болмайтындығы белгілі. Әйтсе де, орыс ғалымы Н.М. Шанский және Т.А. Бобровтың тұжырымдауынша, «в момент своего возникновения всякое наименование представляет собой явление или предмет как кусочек действительности обозначены через тот или иной признаки» [29, с. 80].
Сонымен, фразеологизмнің ассоциациялық-образды сипаты ішкі форма арқылы жасалады (А.Ф. Артемова, С.М. Прокопьева, В.Н. Телия, О.В. Латина), ФТ прототипінің мағынасы (А.В. Кунин, Д.В. Моргулис), сонымен бірге оған серіктес өзекті мағынамен қатар дербес, этимологиялық мағына болады (В.П. Жуков).
«Бейнелілік» және «ішкі форма» ұғымдары мазмұнындағы нақты айырмашылықтарына қарамастан, фразеологтар олардың ФТ мағынасын құрудағы елеулі рөлін байқайды.
Бейнеліліктің фразеологизмнің ішкі формасымен тығыз байлынысы. Ішкі форма ұлттық-мәдени дүниетаным негізін көрсетеді, сондықтан ол антропометрлік жолмен жасалған үлгі болып саналады. Осы жайт фрагмент түрінде лингво-мәдениеттану жалпылықтың тілдік сипатына енеді, ол субъектінің көңіл-күйі, ісі, аналогиялық жағдайын суреттеу үшін қолданылады. Дегенмен осы жайлардың жалпы сипаты оны тілдік ұйымның барлық мүшелеріне бірдей түсінікті етпейінше, таңбаға айналмайды. Осыған орай, фразеологиялық тұлғалар бейнелілік пен коннатацияны меңгереді.
Метафора – бейнелілік туындатудың ең ерекше тәсілі. Бейнеліліктің көмегімен зат пен құбылыстар туралы көрнекі сезімдік көзқарастар қалыптасады. ФТ денотациясының аясы антропологиялық болып келеді, өйткені фразеологиялық тұлғалардың арнайы денотаты жоқ, ол адам санасына енетін процестерді белгілейді. Факт, процесс барысы, олардың орналасу тәртібіне тікелей бақылау жасалмаған жағдайда, сөйлеуші коммуникациялық қызмет барысында оқиғалық-таңбалық немесе абстрактілі-дерексіз атаулардың осы ерекшеліктерін белгілеу қажеттілігін басқара отырып, зат әлемі аналогиясына назар аударады.
Кейбір ғалымдар, оның ішінде Ю.П. Солодуб (1984), В.Н. Телия (1996) фразеологиялық тұлғалар образдылығының ерекшеліктерін олардың материалдық негізімен байланыстыратындығын атап айтқанымыз жөн. ФТ дегеніміз – сөздер сәйкестігі, сондықтан да олар сөздермен салыстырғанда, образдың сөздік детализациясы мен экспликациясының елеулі мүмкіндіктерін меңгереді [30, 11 б.].
Фразеологиялық тұлғалардың ішкі формасы мәселесі әлі күнге дейін күрделі мәселе болып келеді. Бұл мәселе «ішкі форма» ұғымының өзі әр түрлі аталуына қарай туындап отыр.
Терминнің ғалымдар ұсынған нұсқасында (В.В. Виноградов, А.А. Потебня, А.В. Кунин, А.М. Мелерович, В.Н. Телия, Е.И. Диброва) ішкі форма туралы үш түрлі көзқарас бар. Ішкі форма дегеніміз:
1) ішкі образ;
2) фразеологизм семантикасының элементі;
3) ФТ жасалу әдісі.
А.В. Кунин: «Ішкі форма – бұл шартты атау. Негізінен, бұл форма емес, мағына компонентінің бірі болып саналады» [31, 147 б.]. Бұл оның мағынасының прототип мағынасымен деривациялық байланысқа түсуіне орай негізделген тілдік тұлғаның бейнелілігін дәлелдейді». Ол «мазмұнның жасалуы мен көріну тәсілі». Дегенмен, образ бен мағына тең ұғым емес, олар ойлаудың алуан түрімен байланысты, бұл тәсілдер белгілі бір процедуралар атқаруды білдіреді яғни, жалпы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды салыстыру немесе анықтау. Ішкі форманы А.А. Потебня да қарастырды: «Этимологиялық мағына да форма, тек ішкі... Ішкі форма да бейнелі діңгегі, оның белгілерінің бірі басқа қалған белгілерін басқарады» [32, 142 б.].
Алайда фразеологиялық тұлғалардың семантикасын зерттеуге арналған танымал ғалым-фразеологтардың еңбектерінде ішкі форма фразеологизм мағынасының бір бөлігі түрінде қарастырылады. А.М. Мелерович «ішкі форма... материалдық формада объектіленген деривациялық байланысы бар оның өзекті мағынасына сәйкес формаланған мәнді білдіреді», – дейді [33, 30 б.]. Бұл формаланған мән бастапқы этимологиялық мазмұны мен оның өзекті мағынасынан туындаған мәні аралығындағы қарым-қатынас сипаты туралы анықтама береді. Бірақ А.М. Мелерович ФТ мағынасының образды негізі мен ішкі формасын теңестірмейді.
Е.И. Диброва мотивациялық мағынадағы идиомалар ішкі форманы меңгеретіндігі туралы айтады. Оның пікірінше, ішкі форма бұл – сөз компоненттерінің шынайы мағынасының мөлшерінен шығатын фразеологиялық тұлғалардың алғашқы денотативті мағынасы» [34, 362 б.]. Осыдан, алғашқы денотативті мағына бұл – фразеологиялық тұлғаның емес, оның сыртқы формасының негізінде жатқан еркін сөз тіркесінің мағынасы деген қорытынды шығады.
Ішкі форма окказионалды фразеологизмнің мағынасын ұйымдастыру барысында маңызды рөл атқарады. Көбінесе идиомалық сипаттағы фразеологизмдер мен паремия окказионалды трансформацияға көп ұшырайды. Осыған орай, окказионалды фразеологиялық тұлғаның ішкі формасы фразеологиялық образбен байланысты болады, яғни ол өзі өзгере отырып, образға жаңа мағына үстейді.
Өзіндік ішкі формасы бар тілде бұрыннан қалыптасқан узуалды фразеологизмнен окказионалды фразеологизм туындайды. Бұл окказионалды фразеологизмдерден шығатын фраза туындатудың басты ерекшелігі болып табылады.
Окказионалды фразеологизмнің өзіндік ішкі формасы узуалды мағына мен окказионалды мағына арасындағы қарым-қатынастың нәтижесінде окказионалды фразеологиялық тұлғаның туындауына себепші болады. Фразеологиялық тұлғалардың түрлі окказионалдық трансформациялануын зерттеу окказионалды фразеологизмдердің ішкі формасының ерекшеліктерін айқындауға көп мүмкіндік береді. Окказионалды фразеологизм туындатудату процесіндегі тілдік образ, яғни ФТ тілдік мағынасының ішкі формасы өзектеледі, бұдан жаңа окказионалды фразеологиялық образ жасалады. Осылайша жаңа мағына бойынан узуалды фразеологиялық тұлға мағынасының элементтері көрініс табады; жаңа ішкі форма окказионалды фразеологиялық тұлға мағынасы элементтерінде тілдік фразеологиялық тұлға мағынасын басты объект етіп алады.
Фразеологиялық ішкі форма құрамына лексикалық компоненттермен ассоцияланатын бірқатар семантикалық элементтер кіреді. Дыбыстық форма компоненттеріне сәйкес фразеологизмнің ішкі формасының бөлінуі оның икемділігін, сонымен бірге белгілі бір жағдайдағы фразеологиялық мағынаның тұлғалық құрылымымен байланысты жиі түр өзгерту мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Ішкі форманың жекелеген элементтерін қолдану мәселесі фразеологиялық тұлғаның тірек компоненттерін бөлшектеу және оның окказионалды фразеологизм базасында жасалу барысында айқын байқалады.
Мысалы, Әттеген-ай, неге «болты босап» кете береді бұл, қылмысқа қарсы күрестің? 95-те, бүкілхалықтық референдум алдында ғой деймін, осылайша бір күшейтілген (Ж. Сабыржанұлы, 265 б.). Нормалы қолданыста буыны босады – күші кетті, әлсіреді деген мағынада адамға қатысты қолданылады. Осы фразеологиялық тұлғаның босады етістікті компонентінің бөлшектенуінен болты босады ’күші жоқ, сұйық, аяқсыз қалады′ деген мағынада айтылатын авторлық окказионализм жасалып отыр. ОФ әр компоненті фразеологиялық мағынаның қандай да бір бөлігін тұтынушы болып саналады. Бұл оралымның жалпы мағынасы лексикалық компоненттері арасында былайша бөлінеді: болты – ‘күші’, босады – ‘жоқ’.
Осылайша, ФТ-ның ішкі формасы трансформациялану арқылы ауызекі сөйлеу қолданысына әсер етеді.
Ауызекі сөйлеу тілінің сөз тіркестерін жасаудағы ерекшеліктері, ілгеріде айтқандай, екі себепке – сөзді үнемді, ықшам етіп құрау немесе эмоциялы етіп құрау талабына байланысты.
Ауызекі сөйлеуде тілдегі бар амалдарды ешқандай дайындықсыз әрекет үстінде пайдаланамыз. ФТ-ның ауызекі сөйлеу тілінде жиі өзгеріске түсіп отыратыны сондықтан. Әрине, мұнда автор белгілі бір мақсат-мүддеге сәйкес эмотивті етуге тырысып ФТ-ны ықшамдап немесе кеңейтіп жатады. Осыдан барып ФТ-ның тек ішкі формасы ғана емес, сонымен қатар сыртқы формасы да трансформацияланып өзгереді.
ФТ-ның ішкі формасы окказионалды трансформациялану барысында сөйлеу тіліне әсер етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |