ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ.............................................. 74
КІРІСПЕ
Тілдің даму барысында, оның ғылыми-теориялық принциптерін әр қырынан тану мақсатында соңғы уақытта тіл білімі саласындағы зерттеулер жаңаша бағытты, көзқарасты қалыптастырды. Осыған сәйкес зерттеушілер қазіргі тіл білімінде тілдің басқа салаларымен бірге фразеологизмдерді де әр қырынан қарастыра бастады.
Қазіргі қазақ тіліндегі фразеологиялық тұлғалардың жасалу жолдарын, оның семантикасын, құрылымын, құрамын, коммуникативтік-прагматикалық ерекшеліктерін зерттеу қызықты да өзекті мәселе. Осыған орай ғалымдар фразеологиялық тұлғалардың жасалу жолдарын көркем әдебиет мәтіндері арқылы зерттеуді ізгі жолға қойып отыр. Себебі ақын-жазушылардың шығармаларындағы пайда болып жатқан жаңа қолданыстардың тілді жаңа қырынан дамытудағы маңызы ерекше.
Қазақ тіл білімінде фразеологиялық тұлғалардың авторлық жеке қолданыстағы ерекшеліктері, лексика-семантикалық мәні туралы біршама теориялық пайымдаулар мен ғылыми көзқарастар айтылып жүргенімен, осы саладағы толыққанды зерттеулер әлі де болса жоқтың қасы.
Тіл білімінде окказионализмдер туралы көзқарас бұрыннан қалыптасқан, ал қазақ тіл білімінде жеке автордың қолданысындағы сөздер мен сөз тіркестері соңғы жылдары ғана зерттеле бастады.
ХХ ғасырдың ортасында-ақ орыс ғалымдары көркем мәтін авторының тілдік тұлғасы үйреншікті тіркестерден бөлек жаңаша қалыпта көрінетіндегі туралы айтып кеткен. Тіркес құрамындағы сөздердің орнын ауыстыру немесе оларды мағыналық, стильдік өзгерістерге ұшырату арқылы авторлар жаңа окказионал фразеологизмдер жасайды.
Окказионализм латынның «occasio» деген сөзінен шыққан, «кездейсоқ», «тосын» деген мағынаны білдіреді. Бұл терминді ең алғаш рет Н.И. Фельдман енгізген. Ғалым 1957 жылы «Вопросы языкознание» жинағының 4-ші санындағы «Окказиональные слова и лексикография» атты мақаласында жеке автордың қолданысында пайда болған сөздерді «окказионализмдер» деп атауды ұсынған еді, осыдан бастап тіл білімінде «окказионализмдер» деген термин қалыптасты [1]. Ал И.С. Ожеговтың «Словарь русского языка» сөздігінде окказионализмге мынадай анықтама берілген: «Окказиональный, - ая, -ое; Случайный, единичный. Окказиональные слова (индивидуальные неологизмы)» [2, с. 447].
Окказионализмдерге байланысты еңбектер неміс, ағылшын, француз, орыс тіл білімінде ертерек пайда болып, тереңірек зерттелген. Бұл мәселе әсіресе орыс тіл білімінде жан жақты зерттелген. Ол окказионализмдерге байланысты көптеген теориялық зерттеулер, ғылыми еңбектер, оқулықтар жазу нәтижесінде шешімін тауып отыр. Мәселен: В.В. Виноградов, А.В. Кунин, Л.И. Ройзензон, Л.И. Абрамец, М.А. Алексеенко, А.А. Потебня, Б.А. Ларин, Ф.И. Буслаев, В.Л. Архангельский, А.М. Бабкин, И.И. Чернышев, Н.М. Шанский, Н.Н. Амосова, А.Г. Лыков, В.В. Лопатин, Е.А. Земская, Э. Ханпира, Н.Я. Янко-
Триницкая, О.И. Александрова, Л.А. Шеляховская, Н.А. Богданов, М.А. Бакина, Б.А. Белова, В.Н. Хохлачева, В.В. Елисева және тағы да басқа ғалымдардың атын атауға негіз бар.
Қазіргі қазақ тіл білімінде жеке автордың қолданысында пайда болған окказионализмдерге байланысты жазылған еңбектер енді ғана қолға алынып келеді, фразеологиялық окказионализмдерге байланысты зерттеулер өте аз.
90-шы жылдардың ішінде окказионализмдерді зерттеп, біршама анықтама беріп, бірізді қалыпқа түсіріп жүрген қазақ зерттеушілерінің арасында Г. Мұратованың, Г. Турабаеваның, А. Алдашеваның, Х. Нұрмұхановтың, Қ. Қадырқұловтың, Г. Смағұлованың, Л. Еспекованың еңбектерін атауға болады. Ал окказионал фразеологизмге қатысты тұжырымдамаларды осы аталған ғалымдардың ішінде Л. Еспекованың «Қадыр Мырзалиев поэзиясындағы окказионализмдер», Г. Смағұлованың «Фразеологизмдердің варианттылығы», Г. Мұратованың «Қазақ көркем әдебиетіндегі окказионал сөздер», А. Алдашеваның «Қазіргі қазақ әдебиетіндегі жаңа қолданыстар», Қ. Қадырқұловтың «Қазіргі қазақ тіліндегі жаңа сөздер мен жаңа қолданыстар», Р. Сыздықтың «Тілдік норма және оның қалыптасуы», Х. Нұрмұхановтың «Сөз және оның контексте қолданылуы», Г. Турабаеваның «Окказиональные преобразование пословиц и поговорок в казахском языке» атты еңбектерінен тек шолу ретінде ғана кездестіре аламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |