Дипломдық жұмыс Көркем мәтінде окказионал фразеологизмдердің жасалуы мазмұНЫ


Екі немесе одан көп УФТ-ды біріктіру арқылы ОФТ жасау құбылысы



бет36/53
Дата10.05.2020
өлшемі0,61 Mb.
#66916
түріДиплом
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   53
Байланысты:
Көркем мәтінде окказионал фразеологизмдердің жасалуы

Екі немесе одан көп УФТ-ды біріктіру арқылы ОФТ жасау құбылысы. Қалыпты фразеологизмдердің лексикалық құрамына қатысты ауытқулар көркем шығарма тілінде өте жиі кездеседі. Сондай ауытқулардың бірі – екі немесе одан да көп қалыпты фразеологиялық тіркестерді біріктіру арқылы жасалған окказионал фразеологизмдер. Мағыналық үйлесім қуу, соны тіркес жасау көптеген жазушының алдына қойған міндеті, сондықтан олар кейде әбден қалыптасқан тұрақты сөз тіркестерін белгілі мақсатқа лайық өзгертіп те қолданады. Мұндай жағдайлар эмотивтік әсер туындатудың дербес тәсілдерінің бірі ғана. Мысалы: Тілдері кесілгендей ешбірі дыбыс шығармайды (О. Сәрсенбаев, 8 б.). Бұл сөйлем тілін кестісөзін тыйды, сөйлетпей тастады [44, 536 б.] және дымын шығармады – үндемеді, аузын ашпады [44, 153 б.] деген екі түрлі тұрақты тіркестің жанасуының нәтижесінде пайда болған тың қолданыс, бұл сөйлемнің астарлы мағынасынан бір емес бірнеше адамның тұжырымды пікір айтпағандығы көрсетілген.

Айтса айтқанындай, басқа біреудің жарты ауыз сөзі басынан асып кетсе кеңірдегінен ала түсетін, жел жағынан ешкім жүрмейтін Қарадәу өз әйелін жөнге сала алмай-ақ қойған (Ж. Ахмади, 126 б.). «Басынан сөз асырмайды» (ешкімді басындырмайды, ешкімге өз есесін жібермейді [44, 101 б.] тіркесі сөз сыналту арқылы жасалған, яғни оған «жарты ауыз» компоненті қосылған болса, инверсия әдісі арқылы фразеологизмнің құрамындағы сөздердің орны ауыстырылған; «жел жағынан жүргізбеді» - маңайына жақындатпады, шеніне жолатпады [44, 196 б.] деген екі түрлі қалыпты фразеологиялық тіркес бір сөйлем бойында жасалған.

Қазіргі кезде авторлардың мәтінге екі немесе одан да көп фразеологизмдер енгізуі және олардың өзара қарым-қатынасының болуы өзекті мәселелердің бірі және біз ондай жаңа авторлық тіркестерге көбірек көңіл аударуымыз қажет. Мәселен, А. Фюрстенберг «Екі фразеологизмнің жақындасуы туралы», Г.С. Покрасс «екі фразеологизмнің қақтығысуы (қарама-қайшылығы)», А.Ф. Богданова «бірнеше фразеологизмдердің қақтығысуы» туралы қарастырды. Біздің міндетіміз – эмотивтік әсер туындатып, фразеологизмдердің коннатативті семалармен берілген тілдік тұлғалардың жиі қолданылуымен ерекшеленетін фразеологизмдердің мәтінге енгізілуін қарастыру.

ФТ-ның өзектіленуінің осындай тәсілі жиі кездеседі. Егер плеоназмның қолданылуы арқылы фразеологизм нақтылауыш компоненттермен толықтырылса, мұнда окказионал сипат айқын байқалады, өйткені ФТ-ның құрамына сөз немесе сөз тіркесі автор қалауымен, стилистикалық, прагматикалық және басқа да тиімділікке қол жеткізу арқылы жасалады, ал жанасу тәсілінің қолданылуы ФТ-ның тақырыптық тұлға немесе себеп-салдарлық не толықтауыштық қарым-қатынасқа негізделген екі немесе одан да көп тұлғаларының контексте механикалық бірігуімен сипатталады.

И.В. Арнольд «Стилистика современного английского языка» атты еңбегінде эмоциялық лексика туралы айта келе, мәтінде «осындай сөздердің жиналып қалуы немесе жиі қайталануы олардың белгілі бір қалпын жасайды» [57, 107 б.]. Сондықтан мұндай тұлғаларды фразеологизмге жатқызуымызға болады, себебі олар жасалу жағына қарай образды әрі эмоциялық болып келеді. Осыған орай, мәтінде фразеологизмдердің «жинақталуы немесе жиі қайталануы» автордың сөз саптауы мен оқырман эмоциясына әсер етпеуі мүмкін емес, эмотивтік сезім мен эмоцияны ояту және оны білдіру процесін зерттеу аса қызықты мәселе. Осыдан фразеологизмдердің маңызды бөлігі – эмотивті әсерге әлеуетті бағытпен берілген тілдік тұлғалар деп қорытындылауымызға мүмкіндік бар. Егер автор мәтінді фразеологизмдермен байытса, онда оның эмотивті әсерге қол жеткізу мақсаты айқындала түседі.

Оқырманның эмотивтік әсер туғызуды мақсат ететін мәтіндермен салыстырғанда, эмотивтік бағыттағы сөйлеу мәтіндерінің құрамында фразеологизмдер басым қолданылады.

Эмотивтік сөйлеу мәтіндерінде «жалпы тілде жиі айтылатын» сипаты бар фразеологизмдер қолданылады, бұл ең алдымен, осыған ұқсас мәтіндердің кеңінен қолданылуына негізделген, бұл өз кезегінде тілді тұтынушылардың шеңберіне танымал болатын тілдік тұлғаларды қолдануды талап етеді: төбе шашы тік тұрды, мұрын ұшында т.б.

Мәтінді эмотивтік бағыттағы фразеологизмдермен байыту әр түрлі тәсілдер арқылы жасалады: бір жағдайда олар эмотивтік бағалауды білдіретін, образды ассоциациялық ая жасаса, келесі жағдайда кейіпкердің немесе оқиғаның эмотивтік қалпын айқын көрсетуді мақсат етеді. Мысалы: Бұндағылар қызыл ауыз сөзқұмарлар емес (Ж. Ахмади, 14 б.). Қызыл ауыз – көп сөйлейтін мылжың [44, 370 б.]; сөз құмарсөзшең, мылжың деген мағынаны білдіретін бұл тіркес ҚТФС-ға енбегенімен, жалпытілдік қолданыста қабылданған және қарастырып отырған сөйлем аясында «сөзқұмар» деп біріктіріліп жазылған.

- Ол жағына қам жеме, інішек, өзің де сақ бол. Сенен гөрі ит көйлекті бұрын тоздырдым ғой, білімім кем болғанымен, қыл көпірден қисаймай өтуді білемін (О. Бөкеев, 204 б.). Қыл көпір – діни ұғымда ақыр заман, қиямет-қайым деген мағынада айтылады [44, 373 б.] және «қыл көпір» тіркесіне қисаймай өту тіркесі қосылған, ит көйлекті бұрын тоздырған – жасы аздап үлкен деген мағынада әзіл ретінде айтылады [44, 237 б.]; қисайып қалды – қыңырланды; өліп қалды [44, 338 б.] узуал фразеологизмі жазушы тарапынан өзгеріске ұшырап, тек «қисайып» сөзі ғана қалдырылып, «қалды» етістігі «өту» етістігімен ауыстырылған.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   53




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет