Бірде бие, бірде түйе, қаламының желі бар журналистерді түртпектетпесе іші ауыратын редактор. Қасымға шүйіліп, бөлім меңгерушілігінен де алып тастайды (Д. Тұрлыбек, 43 б.). Бұл сөйлемде УФТ-ға жаңа экспрессивті мән беру мақсатында үш түрлі қалыпты фразеологизм біріктірілген. 1) Бірде бие, бірде түйе тұлғасы ҚТФС-ға енбегенмен әдеби тіл нормасына енген тұрақты тіркес, сөзінде тұрмайтын екі жүзді адам деген мағынада берілген; 2) Қаламының желі бар – жазғыш, шығарма шебері [44, 310 б.]; 3) іші ауырды – өкінді, іші ашыды [44, 584 б.] деген мағынаны білдіреді. Бірақ берілген мысалға назар сала қарайтын болсақ, алғашқы екі фразеологиялық тұлға өзінің лексикалық құрылымында берілген, ал соңғы үшінші «іші ауырды» тіркесінің сөйлемдегі лексикалық мағынасы нормалы тіркестен өзгеше «тиіспесе отыра алмайтын адам» деген мағынаны білдіреді, яғни жазушы мұнда фразеологизмдерді басқаша етіп жаңғырту мақсатында омонимия құбылысына жүгінген.
Жоғарыда келтірілген мысалымызда сөйлем үш түрлі фразеологизм арқылы жасалған болса, келесі мысалда біз төрт түрлі қалыпты тіркестер арқылы жасалған окказионал сипатына ие сөйлемге тоқталамыз.
Тек Дегіш емес, осында тұрған алтын бастылар да, бақа бастылар да қолдарын бауырына алып, ішімдегіні тап дегендей тым-тырыс отыра қалды. (К. Әмірбек, 19 б.). Сөздікте «алтын басты еркек»– ер азамат, жігіт, ақылды [44, 38 б.] деген мағынаны береді, ал біз қарастырып отырған контексті автор былайша түрлендіреді: 1) тіркестен «еркек» сөзі түсіріледі; 2) «алтын бастылар да, бақа бастылар да» деп бірыңғай мүше жасау арқылы плеоназм әдісін пайдаланылады; 3) «қолдарын бауырына алды» тіркесі узуал формадағы «аяқ-қолын бауырына алды» – аман-сау босанған әйел туралы айтылады [44, 79 б.] деген қалыпты мағынасынан өзгеше және құрамындағы «аяқ-қолы» сөзі эллипсиске түскен. «Қолдарын бауырына алды» тұлғасы қол қусырды, қолдарын көкірек тұсына жиды деген мағынада айтылған; 4) ішімдегіні тап қалыпты тіркесі – не ойлағанымды тап, тым-тырыс отыру – тыныш отыру, тыныш бола қалу деген мағынада беріліп, сөйлемде пысықтауыш реңкіне еніп тұр.
«Бір басқа бір көз жетеді» депті. Көзін, құлағын, сол секілді керекті мүшелерін құрбан етіп жүріп шолақ белсенді болған кезде ғой үстімізден арыз, мойнымыздан қарыз түсірмей жүргені (О. Әубәкіров, 45 б.).
Шолақ белсенді тіркесі ҚТФС-ға енбеген, бірақ тілдік норма қатарына қосылып, «пысықай қызметкер» деген мағынаны білдіреді; ал үстімізден арыз, мойнымыздан қарыз түсірмей тіркесі екі түрлі қалыпты фразеологизмнің бірігуі арқылы жасалған: 1) үстінен арыз түсіру – шағымдану, біреудің үстінен арыз жазу; 2) мойнына түсті – айыпкер, жауапкер болды [44, 393 б.] тұлғасы құрамына сыналатын сөз ендіру, яғни дистакт, плеоназм амалдарын қолдану нәтижесінде мойнына қарыз түсті (ілінді, мінді) деген тіркесі пайда болып, жалпы тілдік нормалы айналымға еніп кетеді.
Бала шағында байқамағанымен, есейе келе бұл тұрмыстың кермек дәмін үй ішімен бөле татқан Нұрмағамбет ауыр тұрмысты жеңілдетуге көмегін қалай тигізуді білмей жүр еді, әкесіне күйген қаладан жұмыс табылған соң, ерді де кетті (С. Мұқанов, 102 б.). Тұрмыстың кермек дәмі окказионал сипаттағы тіркес. Қос фразеологизмнің жанасуы арқасында жасалған. «Тұрмысы нашар» (жағдайы төмен, әл-ауқаты нашар) қалыпты тіркесі мен кермектің ащы дәмі аузынан кетпеу (өмірдің қиыншылығын көру) деген мағынаны білдіріп, эмотивтік тіркес туындату мақсатында фразеологизмнің лексикалық құрылымын өзгеріске ұшыратып, эллипсис амалының қолданылуының нәтижесінде сөйлемде ащы; дәмі аузынан кетпеген компоненттері түсіріліп берілген. Осы сөйлем бойында тоғысқан фразеологизмдердің бірі – тұрмысты жеңілдету (жағдайын жақсарту) деген мағынасында айтылады.
- Болды, болды, жарқындарым. Жалғыз Аққозы ғана емес, менің кілемімнің астынан су жүгіртіп, байымның басын уландырған сендер екенсіңдер демей не дейін! (Ж. Ахмади, 94 б.). Мұнда да тұрақты тіркестер өзара тоғысқан. 1) астынан су шыққандай – өте жағдайсыз, тым ыңғайсыз жағдайда қалды [ҚТФС, 54 б.]; 2) ши жүгірту – араға от салды [44, 566 б.]. Мұнда ши зат есімі кілем сөзімен алмастырылса, шыққандай етістігін екінші тіркестегі жүгірту етістігімен ауыстырған. Соның негізінде пайда болған кілемінің астынан су жүгірту ОФТС біріккен қос ФТ-дан гөрі нақтырақ мәнге ие болған. Бұл сөйлемнің басын уландырған деген келесі компоненті қалыпты формадағы фразеологизмнің етістігін басқа сөзбен алмастыру негізінде басын айналдырды тұлғасынан басын уландыру экспрессивті мәнге ие окказионал тіркес жасалынып отыр.
«Отан» десе, балпанақтай болмыс-бітімімен С. Терещенко, һәм халықтың қамын емес, нанын жеп, қанын ішкен шенеуніктер, билік басындағылар келеді көз алдымызға! (Ж. Сабыржанұлы, 240 б.). Бұл сөйлемдегі ФТ - халықтың қамын емес, нанын жеу - сөздікте қамын жеу – қамқорына алды, жағдайын ойластырды деген мағынада беріліп, оппозитивтік мағынада сөз сыналту арқылы көрініс тапқан. Қанын ішу [44, 319 б.] – жалмады, өлтірді, басын жұтты. Әр түрлі мағынаны білдіретін осы тіркестер дыбыс үйлесімділігіне қарай шоғырландырылып, бір мағынаны білдіріп тұр.
Қонақ мынаның сөзінен кір сабынды езіп ішкендей беті қайтып, күнделікті тіршілігіне кірісті (О.Әубәкіров, 16 б.). Беті қайту – көңілі қалды, тауы шағылды, қарқыны басылды [44, 116 б.]; тіршілігіне кірісу – күнделікті тірлігін жасау, өмір сүру деген мағынаны білдіреді. ҚТФС-ға енбегенмен жалпы тілдік қолданыс аясында бар.
Берілген осы мысалдардың мәтінінің тақырыптық жағынан алғанда өзара байланысты тұлғалармен толықтырылуы және олардың орналасуы эмотивтік әсер алуға мүмкіндік береді.
- Уай, жарандар! Өзі білер жақсылар сөйлеп отырғанда мен не айтам. Кінәлінің тілі қысқа, тілім қырқылып отыр! Бүгін менің басыма «қазы сол қолда, пышақ оң қолда» дейтін күн туып отыр! (Ж. Ахмади, 25 б.). Бұл мысалдағы фразеологизм тілі қысқа– еркі жоқ [44, 535 б.] және тілі қырқылу – сөйлей алмай отырмын деген мағынада айтылады, сөздікте жоқ, қалыпты формадағы тілін кесу – сөйлетпей қойды; ойына, пікіріне тыйым салды [44, 535 б.] мағынасында беріледі. Тілін кесу узуал тұлғасының етістік компоненті субституцияға ұшырап кесу-қырқылу деп ауыстырылған.
Эмотивтік әсер туындату мақсатында көркем мәтіндерді фразеологиялық тұлғалармен толықтыру дербес тәсіл болып саналмайды. Әдетте экспрессивті әсер туғызу фразеологиялық тұлғалармен толықтырғаннан кейін ғана олардың біреуі арқылы өзектіленуі күшейе түседі (бұл субституция немесе екі жақты өзектілену).
Дегенмен, құрамында фразеологизмі бар және ФТ-cы жоқ кез келген мәтіндерді салыстырмалы түрде талдаудың нәтижесінде мынадай қорытындыға келеміз: мәтіндерді фразеологизмдермен толықтыру эмотивтік әсер туындатып қана қоймайды сонымен қатар, олар ФТ-ларға түрлі амал-әдістерді қолдану арқасында жаңа ғажайып тіркестердің өмірге келуіне мүмкіндік жасайды.
Осындай тәсілдер арқылы фразеолгизмдерге «сынақ» жасау, толықтыру көптеген жағдайда фразеологиялық тұлғаның семантикасының өзгеруімен тікелей байланысты болады. Бұл тәсіл біз талдап отырған басқа да түрлі амалдар арқылы жасалады.
Достарыңызбен бөлісу: |