Дипломдық жұмыс Көркем мәтінде окказионал фразеологизмдердің жасалуы мазмұНЫ


Нақты ФТ үлгісінде жасалған парадигматикалық окказионалды синонимдік қатар



бет39/53
Дата10.05.2020
өлшемі0,61 Mb.
#66916
түріДиплом
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   53
Байланысты:
Көркем мәтінде окказионал фразеологизмдердің жасалуы

2.6 Нақты ФТ үлгісінде жасалған парадигматикалық окказионалды синонимдік қатар

Жеке авторлық қолданыс негізінде туындаған окказионал фразеологиялық тұлғаларды жасаудың келесі түрі ФТ-лар үлгісінде жасалған парадигматикалық окказионалды синонимдік қатар түзейтін ОФТ-лар.



Бұл мәселені орыс тіл білімінде А.М. Мелерович пен В.М. Мокиенко ФТ негізінде жасалған окказионалды сөздер және окказионалды фразеологизмдер деп екіге бөліп қарастырады [58, 27 б.]. Ал, қазақ тіл білімінде Г. Мұратова: «Окказионал фразеологизмдер – лексикада бар нақты фразеологиялық тіркестер үлгісінде, структуралық құрылысы мен құрамы сол типте, семантикасы бүтін бітімді, тіркес компоненттерінің келтірінді, бейнелі мағынасынан туындайды. Ақын-жазушы стиліне тән ерекшеліктің бірі – бұрыннан бар белгілі сөз тіркестерінің үлгісімен өзінің жеке қолданыстағы жаңа сөз орамдарын жасау» [7, 116 б.] десе, ғалым Г. Смағұлова: «Жазушылардың ғалымдарға, публицистерге қарағанда лексика мен фразеологизмдерді өз шығармаларында таңдап, сұрыптап қолдануда еркін, әрі мүмкіндігі мол. Тіпті қарапайым сөйлеу иелерінен олардың таңдаулары асып түседі. Қарапайым ауызекі сөйлеушілердің бар амал-тәсілі тек сол өз сатысында ғана қолданыста жүреді. Мұндай еркіндік пен мүмкіндіктің көрінісі – бұрыннан қалыптасқан фразеологизмдерді өзінше творчестволықпен өңдеу, қабілетіне, біліміне қарай қолданысқа түсіру» [26, 134 б.] деген пікір айтады. Мысалы: Бүлдіргенім көп еді, соның қайсысынан бастасам екен деп отырдым да, осы маңызды-ау деген біреуінің бауырын жарқ еткіздім (Т. Әлімбек, 333 б.). Осындағы ′бауырын жарқ еткізу’ (хабардар ету, жайып салу) окказионалды тіркесі узуал қолданыстағы «шетін шығарды (көрсетті)» ептеп сездірді, жеткізді [44, 565 б.]; «жайып салды» бар білгенін түгел айтып берді, мәселемен таныстырды, хабардар етті [44, 176 б.] деген ФТ үлгісінде жасалып, окказионалды парадигмалық синонимдік қатар түзеп отыр.

Біле білсең, ол қызыл тілмен тікеннен гүл шығарып, зәһардан бал шығарып отырған жоқ па. Ол сен құсап «би екеу болса, дау төртеу» болғызғалы отырған жоқ (Ж. Ахмади, 41 б.). ’Тікеннен гүл шығарып, зәһардан бал шығару′ (айласын қулықпен шебер асыру). Нормалы қолданыстағы мынадай ФТ-мен сәйкес келеді: «бит терісінен (қабығынан) биялай тоқу»өте шебер, қу; «жұмыртқадан жүн қырқу» айласын жұрттан асырған, жоқ жерден үнем тапқан; «айласын (амалын) асыру» әдісі артып түсті; ретін келтірді; жөнін тапты.

Қыз оған: «Не алып барады? Ұйқыңызды қандырыңыз, таң атпай тапырақтағаныңыз не? Лилия бос емес. Кешке қарай мүмкіндік болады деген. Ал кешке дейін ат шаптырым жер, қарап жатып қартаюға болмайды (О. Әубәкіров, 11 б.). ’Қарап жатып қартаюға болмайды‘ (шарасыздық танытуға болмайды); «амалы болмады (құрыды, таусылды)» қолдарынан ештеңе келмей қалды [44, 40 б.]; «шарасы жоқ» басқа амал-айла қалмады деген мағынада [44, 559 б.].

Айтқандай, «Даттағы» кейбір орысша мақалалардағы қазақтық мүддеге қайшы пікірлерді көргенде жүзім ыситын... (Ж. Сабыржанұлы, 231 б.). ’Жүзім ыситын′ (ұялу, қызару); «бетінен оты шықты» қызарды, қатты қысылды, ұялды» [44, 118 б.]; «бет моншағы үзілді» ұялды, батылы бармады [44, 114 б.].

«Жолдас Қолпашов, мына баланың ізінен ақша іздеп жүрсіз бе?» – деп, салған бетте бүріп тастадыңыз. Ол бәтеңкесінің басымен сөйлесті (Ж. Сабыржанұлы, 337 б.). ’Бәтеңкесінің басымен сөйлесті‘ (жерге; төмен қарады); «жанарымен жер шұқылады» төмен қарады, ұялды деген мағынада айтылады; «басы салбырады» еңсесі түсті [44, 104 б.]; «басын төмен салды» бетіне қарай алмады, жерге қарап қалды [44, 103 б.]; «бас терісі салбырады» – ұнжарғасы түсті [44, 98 б.].



Қазақ теледидары мен радиосында қатардағы шығармашы қызметкердің лауазымы редактор деп аталады. Редактор деп қампайтып айтқаны болмаса, редакцияда алатын орны газет тілшісінің дәрежесімен тең (Д. Тұрлыбек, 33 б.). ’Қампайтып айту′ (көпіртіп айту); «ауыз толтырып айту» лепіртіп айту; «көпіртіп сөйледі» өсіре айтты [44, 282 б.]; «түймедейді түйедей қылды» өсіртіп айту [44, 526 б.].

Бұл ойдан кейін, оның басындағы ой өрті лаулап, есінен тіпті тандырып жіберді... (С. Мұқанов, 95 б.). ’Ой өрті лаулап, есінен тіпті тандырып жіберді‘ (санасын жаулады, уайымдады); «ойы онға, санасы санға бөлінді» – не істерін білмей дел-сал болды [44, 413 б.]; «санамен сарғайды» – қайғылы ой азабына түсті [44, 452 б.].

Көкшіл көзді, жез мұртты Жұмаштың ешкімге зияны жоқ, былайша айтқанда жаман жігіт емес. Бірақ кейде сүтке ептеп су қосып жіберетіні бар (Ж. Ахмади, 52 б.). ’Сүтке су қосу′ (өтірік айту, өтірік қосып сөйлеу); «өтірікті судай сапырды» – жалған сөзді есе сөйледі [44, 438 б.]; «өтірікпен ауыздандыру» – жалған айту [44, 438 б.]; «ақсақты тыңдай, өтірікті шындай қылды»; «өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай қылды» – жалған сөзге сендірді, иландырды [44, 438 б.].

Өзі асырап өсірген жиен баласының кіріп келе жатқанын бұлдырлау сезінген қалпында ой тұмшалаған шытыныңқы қабақ, қысыңқы көзбен ұшырады. Ойға шомып түйілген сығырайыңқы көзін ашық есіктен сонау алыстағы қалың бұйрат жаққа салған (Ж. Ахмади, 4 б.). ’Шытыныңқы қабақ, қысыңқы көзбен ұшырады‘ (қабақ шыта қарсы алды); «қабағы тырысқан» – кейпі келіспеген, көңілсіз [44, 300 б.]; «қабағы салық (жабыңқы, түйіліңкі)» – көңілінің қошы жоқ, ренішті [44, 300]; «қабағына қырау қатты» – тұнжырады, түнерді [44, 300 б.]. Аты шулы Сартай Омаровтың Амангелді ауданын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, мұрнынан ақсары бас құрт ыршып тұрған кезі еді ол! (О. Әубәкіров, 24 б.). ’Мұрнынан ақсары бас құрт ыршу′ (ешкімді менсінбеді); «танауын керу» – көкірегін көтеру; «көкірегіне нан пісу» – кеудесін керді [44, 271 б.]; «мұрнын көкке көтерді; мұрнын шүйірді» – паңсыды, өзін басқадан артық санады, тәкаппарланды [44, 396 б.]; «мұрнынан есек құрт түсіп қапты» – байыды, паңданды [44, 395 б.]; «мұрнымен көк шәй ішу» – көкірегіне нан пісу дегенді білдіретін ОФ бар.

Қысқасы, қайқыбас шалға ала жаздай кемпірін көрсетпей көгенде қалдырамын. Кісінің кемпірін алып кету қалай екен, көрсін бәлем (Ғ. Қабышев, 125 б.). ’Көгенде қалдырамын‘ (қапыда қалдырамын); «жер сипату» – қапыда қалу; «жер қаптырды»; «жер соқтырды»; «мұзға отырғызды» – алдап соқты; «қап» дегізді [44, 200 б.];



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   53




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет