Жүсіп Баласағұн шығармаларының қоғамдағы орны
«Құтты біліктің» ең басты ерекшелігі-түркі халықтарының әдеби жәдігері болып табылатындығында және түркі жазба әдебиетінің бастауы болуында. Бұған қоса, орта ғасырда түркілердің бір мәдениеттен екінші мәдениетке көшуі, жалғыз Орта Азияда ғана емес, әлемде үлкен саяси-әлеуметтік, мәдени-экономикалық өзгерістердің болып жатқан кезеңде жазылуында. «Құтты білік», «Диуани Лұғат ат-Түрк», «Диуаны хикмет» т.б. ортағасырлық жазба ескерткіштері түркі мәдениетінің өркендеген шағында туындаған шығармалар болып табылады.
Сонымен «Құтты білік» дастанының даңқы дүниенің әр бұрышына тарап, Шын, Машын, күллі Шығыс елі кітапқа ат қоюмен өз тілдеріне аударады. Дастанның бәйіттерінен «Құтты біліктің» халық тәліміне айналғаны анық байқалады. Дастан авторы:
Ат қойғанмен бұрын әр ел тіліне,
Жақын күллі адамзаттың діліне (30-бәйіт)
дейді. Мұндағы «әр ел тілі», «адамзат ділі» сөз тіркестері халық дүниетанымын қалыптастыратын факторлар. Сондықтан қарахандар қоғамына арналған кітапты басқа тілге аударғанда сол халықтың ұлттық ерекшеліктері, әдептері ескеріледі. Мұны «ел рәсіміне бәйім» деген ойы дәлелдеп тұр.
Дастанға берілген атаулар оның кең ауқымын, қоғамдағы мәнін одан әрі жоғарылата түсті. Ұлы түркі ғұламаның еңбегі біздің заманымыздың, әсіресе X-XII ғасырдың әйгілі ғалымдарының назарын аударды: Г.Вамбери, В.Радлов, Р.Арат, К. Каримов, В. Томсен, «Бақыт әкелуші білім», «Бақыт сыйлайтын білім», «Адам бақытты ететін білім», «Бақыт ғылымы», «Бақытты ететін өнер». Ғалым Е.Н. Крымский украин тілінде «Блаженное знание» деп аударады [8.29]. Белгілі ірі ғалым С.Е. Малов 1880-1957 жж. Кітап атаулының екі вариантын ұсынды: «Книга счастья» и «Осчастливливающее управление». Өйткені, оның пікірінше, «бил» деген ұғым екі мағынаны білдіреді-«знать» и «управлять». Сондықтан «билиг» деген атаудың осы екі оймен қолданылғаны айтылады. Бірақ, кейіннен, С. Малов (өкінішке орай, А.Кононовтың айтуынша) дастанның орыс тіліндегі аудармасының дәстүрлі вариантымен келісіп, оны қабылдады [9.96].
«Құтты білік» дастанын аударған Асқар Егеубаев өз пікірін былай жеткізеді: «Ендігі бір керемет-Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі». Оқыған сайын қарапайым даналығымен таңдандырып, үйіре беретін, халықтың елдігін, өнері мен сезім кереметін ұғындыра түсетін осы ұлы жазудың қасиетті түркі мәдениетінің, оның ішінде қазақ жерінде осыдан он ғасыр бұрын ғұмыр кешкен бабамыздың ұлылығын, даналығын, сана-сезім, салт-дәстүріміздің ата тегін қолмен қойғандай айқын меңзеп беретіндігі» [10.9].
1-кесте
Шығыс елін қызықтырған «Құтты біліктің» түрлі атауларын келесі суреттен көруге болады:
Тұрандықтар:
«Құт білігі»
Ирандықтар:
«Шахнама»
Баласағұн
«Қутадғу билиг»
Шығыста:
«Зейнату үмәра»
Машынлықтар: «Әнису мәлік»
Шынлықтар:
«Әдәбу мүлік»
«Құтты білік» дастанының бізге дейін сақталып келген үш нұсқасы бар. Біріншісі-Вена нұсқасы. Оны ұйғыр әрпімен көшіріп алынғандығына байланысты кейде Герат, Ауғанстан нұсқасы деп те атайды. Осы қолжазба туралы бірінші лебіз білдірген австрия ғалымы А.П.Хаммер-Пург-Шталь (1774-1856) болса, француз ғалымы А.П.Жоберт (1779-1847) [11.67] осы қолжазбамен танысып, «Азиятану» журналында 1825 жылы дастанның кейбір тарауларын француз тіліне аударып, тұңғыш мақала жариялайды. Осы кезең, XIX ғасырдың басы, «Құтты білік» дастанының ғылыми айналымға қосылған уақыты болып есептеледі.
«Құтты білік» дастанын арнайы зерттеген түрколог ғалымдар Г. Вамбери, В.В.Радловтар еді. Венгер ғалымы Г.Вамбери 1870 жылы латын транскрипциясымен дастанды жариялап, ол туралы ғылыми түсініктер, талдаулар, болжамдар айтып, оны түгелге жуық неміс тіліне аударған. Ал, академик В.В.Радлов Вена нұсқасының толық мәтінін қалпына келтіріп, 1891 ж.көшірмесін (факсимилиесін) жариялайды [12], Мұның екіншісі-араб әрпімен көшірілген Каир нұсқасы. Ол 1896 жылы Каир кітапханасынан табылған. Осы нұсқадан көшіріліп алынған қолжазбаның бір данасы Ресей Ғылым Академиясының Шығыстану институтының Санкт-Петербург бөлімшесінде сақтаулы тұр. Үшіншісі-ең толығы, 1913 жылы Өзбекстанның Наманған қаласынан табылған. Араб әрпімен көшірілген бұл қолжазба бүгінде Өзбекстан Ғылым академиясының Шығыстану институтында сақталуда. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанының бүгінге жеткен тарихи түпнұсқалары 2-кестеде көрсетілген.
Достарыңызбен бөлісу: |