Ұлы Хажиб өзіне ақыл−кеңес береді
Білік біліп−төрден орын аларсың,
Білік білсең− күшті, берік адамсың.
Біліксіз тіл, жүрек неге жарасын,
Жанды судай біліктен күш табасың.
Қанша білсең, ізден тағы, тағы да,
Білікті адам жетер тілек, бағына.
Білік−түпсіз, шетсіз−шексіз бір теңіз,
Қанша сімір, сарқылмайды,білсеңіз!
Біліммен ер басын алып жүреді,
Ал, білімсіз басын оққа тігеді!
(Білімменен басыңды алып жүрерсің,
Ал, білімсіз өзін қорлар,білерсің!)
Білім алып, биіктей бер, адам бол,
Ел ішінде мал атанған надан мол.
Білікті бір ойдан, мұңнан арылмас,
Біліксіз құр ыржақтаудан жаңылмас!
Сабыр етсе білікті, ойы жетектеп,
Тұрмас надан тар ешкідей секектеп... [35.114]
Жүсіп Баласағұн шежіреге, шындыққа, қайырымдылыққа үлкен мән берді. Ол «Егер қыз бен ұл тусаң, онда өзің тәрбиеле», «Жаман мінезді бала жақсы адамдарға қауіпті» деген. Жүсіп Баласағұн шығармаларының негізгі мотиві− ержүректік, қайырымдылық, ата−ананы құрметтеу, керек болса олар үшін жанын қию, ата−ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі. Жеткіншектердің дүниетанымдық көзқарастарының дамып, жетілуіне ғұлама ойшыл Ж.Баласағұн шығармаларынң маңызы ерекше. Ол өзінің әлемге әйгілі «Құтты білік» еңбегінде (27-бәйіт):
Ақылы болса, пайдасын ер көп көрер,
Білім білсе, әзиз тірлік өткерер!−
деп адам баласы үшін ең қажеттісі білім, ақыл екендігін ескертуімен бірге:
Білім−байлық, азаймас һәм жоғалмас,
Ұры, қары қол жеткізіп ала алмас!...
Ақыл, сенім анттасқан нақ жолдасың,
Білім, сенген мейірімді қандасың...
Ақыл керек, білім таңдап аларға
Білім керек, іске жақсы қарарға,−
деп олардың қасиеттеріне, өмірдегі пайдасына тоқталады, өзінің де ғылым−білімнің саласында көп ізденгенін айтады.
Қол ұсынып, білім іздеп терледім,
Сөзді сөзге өріп, тізіп зерледім.
Түркі сөзін үркек тағы киіктей,
Қолға үйретіп, қамап,ерік бермедім,−деп алға қойған мақсатқа жету үшін көп еңбектеніп, іздену керектігін өзіне үлгі ете отырып, ескертеді. «Білім ең алдымен жарлы−жақыбайларға берілу керек» деген ой айтады.
Баласағұнның бала тәрбиесіне байланысты ата−аналарға берген ақыл−кеңестері де үлгі боларлықтай.
Мәселен, ғұлама ойшыл ата−ананың басты парызы:
баланың дұрыс тәрбиеленуі мен білім алуына көңіл бөлу;
балаға шаңырақ иесі, бабалар ісін жалғастырушы екендігін ұғындыру;
баланы аруақтарды ардақтауға, ата−баба дәстүрін сақтауға, құрметтеуге, ұрпақтан ұрпаққа көздің қарашығындай жеткізе білуге баулу;
балаға өзінің мінез−құлық этикасымен үлгі болу;
балаға әділетті, қайырымды болу;
өзінен туған балаға тәрбиені өзі беруі («Ай маңдайлы ұл−қыз туса алдыңда, үйіңде өсір, бөтен жерде қалдырма»);
баланы жас кезінен өнерге үйрету, еңбекке араластыру;
баланы тәрбиелеп, оқыту барысында мінезін қалыптастыруға көңіл бөлу;
баланың тәні мен жанының жақсы жетілуіне назар аудару;
балаға өмірдің әрбір сағатын санаулы екенін, сол себепті оны дұрыс өткізу қажеттігін ескерту(«Кешкен тірлік өте зая берер келгісіз, қалған өмір қанша екені белгісіз. Қалған күнді текке зая кетірме, елімді ибадат қып бекін де»).
Ғұламаның әрбір қоғамдық топтағы адамдар арасындағы қарым−қатынасқа, олардың айналысатын қызметі мен іс−әрекеттеріне берген сипаттамасы да тәлім - тәрбиелік бағытты меңзейді.
Мысалы:
Ғалым, дана болмағанда жаһанда
Жерде игілік өнбес еді қашанда,
Білімдері шырақ болды халыққа,
Түн жолы да адастырмас, жарықта...
Олармен араласып, сыйлас бол.
Немесе
Тағы да топ диқандардың әулеті,
Ең керекті жұрт ол, биік дәулеті
Қатынасып, ыңғайыңды бергейсің.
Ас тағамнан еш кемшілік көрмейсің.
.......
Бұл адамдар құтты жандар пайдалы,
Ей, өркенді ер, араласқан жайдары.
Қолөнерші қолдарында түрлі өнер,
Қол өнерін пайдаланып күн көрер
Бұлар да бір ең қажетті кісілер,
Жақын жүргін, көп−көп пайда түсірер,−
деген өлең жолдары ғалым, дана адамдардың білім−ілімінің, ақыл−ой көзқарастарының дихандар мен малшылардың дене еңбектерінің, қолөнершілердің ғажайып зергерлік, сәндік−қолданбалы өнерінің өзіндік ерекшелігін, адам өмірі үшін олардың қажеттілігін суреттеп, мазмұндау арқылы жеткіншектерді осы еңбек адамдарын сыйлап, құрметтеуге шақырады. Баласағұн адамның бойындағы адамгершілік асыл қасиеттерді (қайырымдылық, әділеттілік, шыншылдық, парасаттылық) жоғары бағалайды. Жеткіншектерге:
Әділет−құт, құт құрығы−кішілік,
Әділеттің заты−тұнған кісілік,−
деп түсіндіреді. [36.39-42]
«Құтты білік» дастанында Жүсіп Баласағұн қарахандар дәуіріне тән халық тәлім-тәрбиесінің тарихи, халықтық, табиғилық, мәдени принциптеріне негізделеді. Сондай-ақ ғұлама жүйелілік, адамның жас және дара ерекшеліктерін ескеру принциптеріне сүйене отырып, тәрбие факторларын: табиғат, еңбек, сөз, еңбек, қарым-қатынас, дін деп айқындайды.
Принцип (латын сөзі)-басшылыққа алатын идея, негізгі талап, қағида. «Құтты білік» дастанында принциптер педагогиканың тәлім - тәрбиелік мазмұнын, құрылымын, әдістерін, тәрбие үрдісінің мақсаты мен заңдылықтарына сай анықтайтын қағидалар жүйесі. Принциптер нақтылы, тарихи әлеуметтік жағдайларға байланысты. Қоғамның тәрбиеге қойылатын талаптары өзгеріп отырғандықтан, кейбір принциптер ескіріп, кейбіреулері жаңадан пайда болады.
Халық адамды адамгершілікке, имандылыққа, еңбекке тәрбиелеуде әр түрлі әдіс-тәсілдер қолданып отырған.
Тәрбие әдісі (гректің «методос»-«жол» деген сөз)- бұл адамзат тәжірибесінде тәрбиеге қойылған мақсатқа жеткізу үшін пайдаланатын жол, тәсіл тәрбиелеу саласына, еркіне, сезіміне, іс-әрекетіне әсер ету шаралары болып табылады [37.35]
«Құтты білік» дастанында түсіндіру, жеткізу, үлгі, бата беру, бұйрық, пікір алысу әдістері назар аудартады. Мысалы, Айтолды жай әңгіме әдісін қолданып, ұлы Өгдүлміштің адамгершілік қасиеттерін дамытуға тырысады.
Халық тәліміндегі көптеген мақал-мәтілдер, өсиет әңгімелер арқылы өмірдің шын мән-мағынасын түсіндіреді. Бұған халық тәлімімен ұштасатын өсиет сөздері дәлел: Ұлы әкенің арқасында жаралар, Ұлына: ізгілік-күш, ізгілікте-ырысың: Жақсылық ет, есерліктен безгейсің. Жаманнан без, қор қылады басыңды: Аулақ жүргін ұяты жоқ пендеден; Сабырлы бол, сабыр бастар мұратқа: Айтолды: «Аталы сөз, ақылымды жеткіздім, Түйіп іске, іске, ізгі тірлік өткізгін» (1314-бәйіт),-деп балаға берген өсиетін қорытындылайды.
Достарыңызбен бөлісу: |